(жазушы, ғалым, абайтануш һәм алаштанушы
Тұрсын Жұртбай 70 жаста)
Қазір де, өткен ғасырда да мықты жазушылар мен ғалымдар өте көп шықты, аяқ алып жүргісіз. Бірақ жақсы шығарма жазғанымен қу өмірде хамелеондай мың құбылып жүргендері қанша ма? Көпке топырақ шашудан аулақпыз ұстанымы берік, адамдық пен ұлттық идеяны темірқазық ретінде өздеріне мақсат етіп алған жақсылар да өте көп. Бүгін солардың бірі әрі біріегейі қарымды қаламгер, ғибаратты ғалым, әлеуетті абайтанушы, айбарлы алаштанушы, болымысы бөлек, жаратылысы тым ерек тұлға - Тұрсын Жұртбай хақында аз-кем әңгіме айтпақпыз.
Тұрсын аға жеңіл, жепірме яки жалтақой, рухани өлі қаламгерлердің қатарынан емес. Қайта ғасыр бұрын жанған Абай сәулесінің, Абайдың толық адам консепциясын бойына сіңірген, Шәкәрімнің ар ілімін, Әлиханның «халыққа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қағидасын алпыс екі тамырының әрбір саласына дейін сіңірген қаны қазақ, ұраны Алаш, ұстанымы әділдік пен жолы ақиқаттан тұратын кісілігі артық кісі.
Қаны қазақ дегеніміз көнеден сабақтасып келе жатқан тектілік қасиетін ешқандай нәрсеге айырбастамағаны дүниенің төрт бұрышындағы қазақ мәселесінде белсенді айналысуы, тіпті іргемізде тұрған ҚХР астанасы Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университіне арнай шақырумен жылына бірқанша мәрте қазақ студенттеріне дәріс оқуының өзі қандай ерлік!
Оң мен солын танымаған бөтен елде бөтен идеяны бойларына сіңіріп сана-сезімідері жіпсіз байланған жаңа заманның жастарымен сөйлесудің өзі қандай қиын бұл заманда? Адамның өзі уланса дәрі-дәрмегіңді яки басқада ем-домыңды жасап бетін бері қаратарсың, ал идеясы, санасы уланса ше? Арғы беттегі қазақтардың салт-дәстүрге берік екені бесенеден белгілі бірақ бүгінгі ұрпақты сыртқы дүниеден оқшау ұстап қалу мүмкін емес, жалпылама айтудан аулақпын «елім-жерім, ата- жұртым дәм тартса барамыз, келеміз» деп жүргені қанша ма? Бәрі сондай анталап тұр ма? Жоқ, себебі біз рухани байлықпен материялдық байлықты айырбастап жібердік өкініштісі сол. Осыдан бірқанша жыл бұрын лек-легімен келген жастармен ағалармен жолығып пікір алмасқанымда көбінің айтатыны Тұрсын ағаның көрігінен балқып шыққаны. Ұлттық идеяның кәусәр бұлағы Абайдан бастау алып Алаш идеясын түп-төркініне дейін бойлатқаны, «Тәулсіздік деген ұғымның өте қастерлі екенін сезіндірді» дейді олар Тұрсын Құдакелдіұлының әңгімесінен көп нәрсеге қанығып. Соның әсерінен «ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деп елге қаншама жас оралып ғылымда, өнерде, жеке кәсіппен ата жұрттарында табан ет маңдай терлерін төгіп қызмет қылып жатыр. Қатқан жүректі жібітудың өзі сананы серпілтіп, идеясын туралаудың, алыста жүрген домалақтардың елге оралуының өзі Тұрсын ағаның еліне жасап жатқан ұшан-теңіз еңбегінің бір бөлігі ғана. Бұл істің де «Ұлтым-жұртым, елім» деген азамат үшін ауыр дүние емес екенін ойлай беріңіз.
Ұраны Алаш дейтініміз қызыл империяның жазықсыздан-жазықсыз жала жауып бірін елден аластатып итжекенге айдаса, екінші бірін сұм саясаттың кесірінен өлім жазасына үкім етіп, жаназалары суық қарумен шығарылды. Аттарын да, заттарын да жер бетінен аластаған Алаш ардақтыларын ақтау, тасада қалған шығармаларын қайта тірілту үшін архив- мұрағаттарында таңнан кешке дейін кірпік ілместен тапжылмай құнды деректердің көзін де ашып тереңіне бойлады. Пендешілікке салынған кейбір жұмыр басты пенделердің өнбойымен сана-сезімдерін көлегейлеп тастаған соқыр идеологияның кесірінен қаншама еңбегі еш кетті. Бірақ оған жасымады, құламады, жығылмады, бойын тіктеп қайта тұрды, Алаш жолында кіммен кездеспеді, кіммен керілдеспеді. Әттең, жол кесушілер Алаш зиялыларының болат өзегін үзе алмаған еді.
Ұстанымы әділдік дейтініміз ағамыздың адамдық болымысы, мінезі мен портретіне қарап тау сияқты көрінеді. Содан да болар ағамыздың тау тұлғалы тұлғалар туралы жазған естеліктері мен эсселерінде бір ауыз артық сөз байқамайсыз. Асыра сілтемейді, жер-жебіріне де жетіп төмендетпейді. Бұл да тау тұлғалы азаматқа тән қасиет шығар.
Жолы ақиқат дейтініміз адам ретінде де, ғылым жолында жүрген ширек ғасырда ғалым яки жазушы ретінде де ақиқатын айырбастамағаны. Ол Осы қасиеттерін тізбелеп отырып ерекше тұлғалы Тұрсын Жұртбайды құрметтеуге лайық екенін ұғасың. Мерейлі жетпіс жасы құтты болсып, Алашына аянбай қызмет етіп жүре берсін!
Ақжол ҚАДЫЛБЕКҰЛЫ,
Семей қаласындағы облыстық
тарихи-өлкетану музейінің маманы