* * *
Күлімдеген қара көздер қалалық,
Көп қарайсың көрген сайын қадалып.
Қарағаның қандай жақсы, қарағым,
Қандай тұнық сырға толы жанарың!
Жанап мені өткеніңде жымиып,
Жалт қараймын, көп қараймын қиылып.
Күлімдеген қара көздер сүзіле
Жаутаңдатты-ау, жаутаңдатты-ау ізіне.
Күлімдеген қара көздер қалалық,
Көңіліңде жақсы бір ой бары анық.
Сыр ашарда батылырақ болайын,
Қарай берші, қарай берші қадалып.
ЖОҚ ҚАЗІР
Қызық қуған қызыр күнім жоқ қазір,
Қызға ұсынған қызыл гүлім жоқ қазір.
Таңды таңға ұластырып ұзартпай,
Тарқамайтын қызулығым жоқ қазір.
Ақ боранмен алысу да жоқ қазір,
Жүйрік желмен жарысу да жоқ қазір.
Бұлт қабақты түйілтіп кеп қалатын,
Алақұйын зәр-ашу да жоқ қазір.
Дос болмаққа ергіш көңіл жоқ қазір,
Қас болмаққа көнгіш көңіл жоқ қазір.
Адалдықты аңғалдыққа апарған,
Бала көңіл, сенгіш көңіл жоқ қазір.
Кейбір дауыс ізгі хорда жоқ қазір,
Кейбір атау сөздік қорда жоқ қазір.
Соның бәрін елемейтін, қыңбайтын
Жастық шіркін біздің қолда жоқ қазір.
МӘМБЕТОВТЕР
Талайлардың фамилиясы – Мәмбетов,
Жүр өмірде жайраң қағып, әндетіп.
Біреулері көк орманды көбейтіп,
Келе жатыр кең даланы сәнді етіп.
Біреулері баптап тары, күрішті,
Біреулері қайнатады құрышты.
Енді бірі қала орнатып, үй салып,
Жанарынан жақсылық боп нұр ұшты.
Бір Мәмбетов жаудыраған жас әлі,
Аяғын да апыл-тапыл басады.
Бірақ ертең қосу үшін үлесін
Мәмбетовтер шежіресін ашады.
Бір Мәмбетов көзіндей боп көненің,
Аймалайды арман еткен өренін.
Бір Мәмбетов сахнада саңқылдап,
Бір Мәмбетов жазып жатыр өлеңін.
Біз әйтеуір қалыспаймыз басқадан,
Жалғасады кәрі қадам, жас қадам.
Бір Мәмбетов асуы хақ асудан,
Бір Мәмбетов болса егер де аспаған…
Мәмбетовтер ырза қылып өр елін,
Еселейді еңбегі мен өнерін…
Мың Мәмбетов мәртебесін мадақтап,
Бір Мәмбетов жаза берер өлеңін.
ӨГЕЙ ШЕШЕ
Анам жоқ! Қалдым жетім, жас моншақтап,
Он төрттен жаңа ғана асқан шақта-ақ.
Көп өтті көңілсіз күн керуені,
Кенет кірдің cен үйге жасқаншақтап.
Жатырқап сонда саған кілт қарадым,
Жабылған болар жайсыз бұлт-қабағым.
Үндемей қалғанымды көрсе-дағы,
Жанына үңілмеді жұрт баланың.
Дөңбекшіп көз ілмедім түніменен,
Жетті деп «Өгей шеше күні» деген.
Елестеп туған анам жарқын жүзі,
Қалықтап кетпей қойды үні менен.
Сәл ұйықтап қалған екем таң алдында,
Ояттың «бар, – деп, – Ізтай, сабағыңа!»
Дір етті алғаш сонда бала жүрек,
Бір сезім жалт еткендей жанарыңда.
Сан рет шұғыла шашып шығыс таңы,
Апталар айды қуып жылыстады.
Шешіліп сөйлеспестен жүрдік ұзақ,
Әке де аңдамады жұмыстағы.
Ұмытпан інім мені шақырғанын,
Жығылып, жасын төгіп жатыр жаным.
Есімде сен де сол сәт жетіп келіп:
«Апыр-ай, қарағым!» деп аһ ұрғаның.
Мен үнсіз екеуіңе қарап едім,
Тұрғызып, жұққан шаңын қаға бердің.
Сипадың маңдайынан еркелетіп,
Сонда алғаш келді сені ана дегім...
Есімде алыс жолға аттанғаным,
Онда да саған сырды ақтармадым.
Өз анам өскенімді көрмеді-ау деп,
Жанымда жабырқаулы жатты арманым.
Жасырды көз жасымды алагеуім,
Бір сүйіп маңдайымнан қала бердің.
Мен кеттім, ізіме үнсіз тұрдың қарап,
Сонда алғаш іштей сені ана дедім.
Аузынан жырып алып сары шалдың,
Барыңды маған сақтап, маған салдың.
Сағынып жүрдім сені, өзім сезбей,
Жаныңа тез жетуді сан аңсадым.
Өзіңмен көрісуге құмарландым.
Бітердей көңілдегі бір арманым.
Сағынған жас жүректің жалынымен
Сонда алғаш «Анажан!» деп жыр арнадым...
Қуандың өскеніне талабымның,
Қуандым, құрбылардай аналы ұлмын.
Бір ыстық дәстүрі ғой туған жұрттың,
Баламды бауырыңа алып бала қылдың.
Жан анам көз жұмса да ерте менің,
Құрбымның қатарына сен теңедің.
Сен-дағы өз анамсың, өгей емес,
Келеді кеш болса да еркелегім.
* * *
Мен туыппын ақпандатқан боранда,
Кiм бiледi, бәлкiм, әлде содан ба,
Ала құйын мiнезiм бар ашулы,
Қапелiмде басылам ба, болам ба?!
Өстiм еркiн ақ боранмен алысып,
Балалығым беттерiне қар ысып,
Асау тайды алғаш ұстап мiнгенде-ақ,
Асау желмен кете бердiм жарысып.
Сол бетiммен өмiрiңе енiп ем,
Тыныштығың бұзылды бiр менiмен.
Күштi едi ғой мендегi зор махаббат,
Қуат алдың өзiң соның лебiнен.
Сүйе алмадың кей ашуды кешiре,
Қоштас күлiп, қамығасың несiне.
Бұрқ-сарқ еткен ақ боранды күн болса,
Алғайсың тек сонда менi есiңе.
МЕҢ
Ақ тамақтың астындағы қара мең,
Жүрегiмдi дiр еткiздiң, қарап ем.
Дiр еткiздiң шытырадай қара мең,
Өзiң ендi таба қойшы маған ем.
Көңiлiмнен еш кетпейтiн қара мең,
Өзгелерде кездеспейтiн дара мең.
Керек етсең, түгел менi алар ең,
Керегiңе мен түгелдей жарар ем.
* * *
Сенi ұмытқым келдi шын, сенi ұмытқым,
Сенен келген шипасыз шердi ұмытқым.
Бiрақ, еркем, елестеп ертелi-кеш,
Есiмдi алып ерiксiз, менi құрттың.
Қос жанарың қимастық қалайды бiр,
«Ұмытпа» деп қиылып қарайды кiл.
Өзiм бiлмей елжiреп кетем сонда,
Айналама толады арайлы нұр.
Өткен күндер ойға кеп оралады,
Құр қоламта сезiмнен шоқ алады.
Көңiл байғұс қайтадан құйқылжиды,
Сабыр шiркiн бу болып жоғалады.
Жалынына шарпылып сағыныштың,
Келер сенi, ойпыр-ай, тағы құшқым...
Басылмайды қалайша бұл ықылас,
Жас баладай қалайша алып-ұштым?
Сенi, әйтеуiр, келемiн ұмыта алмай,
Айналдырып алдамшы үмiт арбай.
Сенен, жұрттан мұңымды жасырсам да,
Өзiмдi өзiм, өлдiм-ау, суыта алмай.
* * *
«Өзiң ең жан-жүректi ұғып алар,
Өзгеше мұңы да бар, сыры да бар.
Қасымда жоқсың қазiр, қашықтасың,
Күтемiн күнде асығып жылы хабар.
Тырс етсе, терезеге үңiлемiн,
Жанымның жеттiң бе деп бiлiп емiн.
Самал жел сипап өтсе, жалт қараймын,
Алғандай ақ бетiмнен сүйiп ерiн.
Түндерде түсiме енiп, қысып алып,
Армансыз аймалайсың құшырланып.
Өңiмде өкiнтесiң бiр көрiнбей,
Бiлмеймiн, кермек көңiл тұшыр нағып.
Құрттың-ау құр жүйкенi құмар етiп,
Барады байыз болмай, шыдам кетiп...»
Қайран хат елжiретiп ет жүректi,
Ескiрмес бiр елеске тұрам елтiп.
* * *
Жабығып жүрген шағымда
Жарқ етiп сенен хат келдi.
Жылуын құйып жаныма
Жаныңды бiрге ап келдi.
Сағынып жүрген сөзiмдi
Сағынып сен де айтыпсың.
Жалыны болған сезiмдi
Жүрегi құрғыр қайта ұқсын!
Асылым өзiң екенсiң,
Алыста жүрiп шын бiлдiм.
Асылы болып кетерсiң
Азғантай ғана ғұмырдың.
Күтерi жалғыз сен дермiн,
Көңiлiм ләззат тiлесе.
Хат емес, өзiң келгенiң
Жақсы едi-ау маған мың есе.