…Жазбамызды Ізтайдан емес, ізден бастауымыздың себебі жоқ емес. Бір ағам айтқан «ақын болу мода болып кетті» деген сөзді оқығанда, аққу-ақындыққа тіл тиіп кеткендей күй кешкем. Бірақ қазіргі қазақ поэзиясын сүзіп шығып, оның ар жағында Астанада отырып алып шалажансар бірдеңеден кітап шығаратын кей орта буын «ақындардың» шатпағын шарлап… сән болып кеткен Сөзге шынымен жаным ашыды.
Біздің Алғадан шыққан қазаққа белгілі адамдар аз емес, тек зерттелмей, зерделенбей жатқаны болмаса…
Қолыма кездейсоқ түскен Ізтай Мәмбетовтің өз қолы тиген, өзі жазған он үш пәпкі… Ізтайға тек менің ғана емес, күллі қазақтың құлқының осы уақытқа дейін аз болғаны таңғалдырды. Сол он үш пәпкі Ізтайдың Қазаққа, қазақ әдебиетіне қалдырған ізіндей әсер етті. Уақыт-құдірет өшіре алмайтын Із…
Ізтайдың өзін аса білмесе де, күллі қазақ «Күлімдеген қара көздер қалалығын» шырқайтынын білем. Сол «Қара көз» тін болған Ізтай поэзиясы туралы көп айтылды, көп жазылды. Бірақ Ізтай Мәмбетовтің жеке өмірі, адами болмысы туралы аса көп мағлұмат жоқ. Қолыма түскен дүниелерін оқып отырып, осы бір олқы тұсты толтыратын біраз дүние таптым.
Бірінші орынға қоятын Ізтайдың сыршыл, ойлы, қара сөзден қазан қайнатқан ақындығын былай қойғанда, көңілімізді бірден аударғаны — аудармашылығы. Араб, молдаван, хинди… тағы басқа халықтардан аударған дүниелерін тізе берсек, бет жетпейді. Аудармашылығына бос «алақайламай», орыстың Константин Симоновының әйгілі «Жди меня, и я вернусь» дейтін өлеңінің аудармасын ұсынып отырмын. Орысша мәтін мынау:
Жди меня, и я вернусь.
Только очень жди,
Жди, когда наводят грусть
Желтые дожди,
Жди, когда снега метут,
Жди, когда жара,
Жди, когда других не ждут,
Позабыв вчера.
Жди, когда из дальних мест
Писем не придет,
Жди, когда уж надоест
Всем, кто вместе ждет.
Жди меня, и я вернусь,
Не желай добра
Всем, кто знает наизусть,
Что забыть пора.
Пусть поверят сын и мать
В то, что нет меня,
Пусть друзья устанут ждать,
Сядут у огня,
Выпьют горькое вино
На помин души…
Жди. И с ними заодно
Выпить не спеши.
Жди меня, и я вернусь,
Всем смертям назло.
Кто не ждал меня,
тот пусть Скажет:
— Повезло.
Не понять, не ждавшим им,
Как среди огня
Ожиданием своим
Ты спасла меня.
Как я выжил, будем знать
Только мы с тобой,—
Просто ты умела ждать,
Как никто другой.
Осы өлеңді Ізтай қазақы сарынға, қазақы икемге салып былай құйқылжытып жіберіпті:
Күт мені сен, ораламын,
Күте бер, тек, налыма.
Күте бер сен қара жауын
Мұң құйғанда жаныңа.
Күт, борасын соққан кезде
Күт, жазғы күн жанғанда.
Күткейсің сен, тоспай өзге
Кей жан ұмыт қалғанда.
Күте бер сен, жерден жырақ,
Келмесе де хат-хабар.
Күте бер сен, күтіп ұзақ,
Жалықса да басқалар.
Күт мені сен, ораламын,
Сумаңдаған жат шығып
Күтпе, десе, оған, жаным
Тілеме түк жақсылық.
Мейлі, балам, анам сеніп,
Мені өлді деп ойласын
Мейлі достар саған келіп
Көңіл айтсын сонда шын.
Ішсін мейлі ащы шарап
Мені достар жадына ап
Бірге олармен ішпе бірақ
Болсын таза жаның ақ.
Күт мені сен, мен оралам
Қасақана өлімге.
Мені күтпей қойған адам
— Озды-ау, — десін — өмірден.
Күтпеген жан нені білген:
Жалақтаған жалында
Күткен адал көңіліңмен
Жүрдің қорғап жанымда.
Қалдым қалай өзім өлмей-
Екеумізге ол анық-ақ:
Жалықпадың өзгелердей
Күте білді жаның ақ…
Әрине, сараптама жасайтын әдебиет сыншысы емеспін, бірақ қарапайым оқырман ретінде аударманың дәлдігі мен сөз ойнатуы селт еткізді. «Күту» мен «тосу» дейтін синонимдердің орынды қолданылуы, «қасақана өлімге» деген тіркестер көкірегі ояу адамды бейжай қалдырмасы анық. Бұл тек бір Симоновтан ғана мысал. Есенин, Байрон, Лермонтов, Гейне тәрізді классиктерден аударған дүниелерін қызыққан оқырман тауып алар…
Екінші бір көңіл аударғанымыз — ақынның сол өзі араласқан ортадағы әдеби әлемге әппақ көңілмен алаңдап, әріптестерінің жылт еткен жақсы дүниесіне сөз арнап отырғаны.
Қазына–пәпкелерден көп нәрсе таптым, бір ерекше әсер еткені — Қайнекей Жармағанбетов пен Аманжол Шамкенов туралы пікірлері.
Атақты Пушкиннің өзі П.Ершовтың «Конек-горбуногын» оқыған соң, «Енді менің бұл жанрда еңбек етуім ретсіз» деп қаламын сиясауыттан алып қойғанын кітап оқитын адам біледі. Сол ертегіні қазақ әдебиетінің тағы бір сирек еске алынатын тұлғасы Қайнекей Жармағанбетов тәржімалапты. Тәржімалағанда қалай! «Тұлпар тай — сұңқар тай» деп аударған! Осы қазақы аудармаға Ізтай бас иеді. «Түпнұсқаның интонациясын, өлеңдік өлшемін берік сақтауға, жеке сөздердің, сұраулардың баламаларын дәл табуға, оқиға желісін жатық баяндауға тырысқан. Шығарманың қазақша атауы «Тұлпар тай — сұңқар тай» аталуы орынды болғанын ескерген жөн» деп келеді де, «Конек-горбуноктың» бәрімізге таныс мына тұсын әдемі келтіреді:
Баспалдаққа шұғыл шықты
Жұлқи тартты шығыршықты.
Есікті кеп ұрды қатты
Шатыр сонда діріл қақты.
Әріптесінің Ершов ертегісін қазақша сөйлеткенін барынша айта келіп, «қазақ оқырмандарына кешіктірмей жеткізуміз керек» деп ұсыныс тастайды. Расында, Ізтайдың араласуымен «Тұлпар тай — сұңқар тай» қазаққа жол тартады. Бірінің бетін бірі жыртып, әлемжеліде «жан алысып, жан берісіп» жататын қазіргі ақын- жазушыларға әдемі сабақ емес пе, қалай ойлайсыз?
Лирикасының дені сәтсіз махаббат тақырыбына арналған немістің Гейнесін де кітап оқитын адам біледі. Әртүрлі аудармада, әрине. Ал сол Гейнені қазақша сөйлеткен Аманжол Шамкенов ағамыздың аудармасының тамырын Ізтай тап басыпты. «Ұлы ақын туындыларымен мен де таныспын, көптеп болмағанмен ептеп аударғаным да бар. Содан болса керек, ақынның лирикасы қазақша жеке кітап болып шықаннына ерекше қуандым. Әрі оның А.Шамкенов сияқты сөздік қоры мол, тілі жатық лирик ақынның аудармасы арқылы жарық көргені көңіл толтырды» дей келеді де, салмақты сараптама жасайды. Бір қызығы, әлгі әкесінің атын «ұмытып кете беретін» ақын ағамыз жайлы «Шамкенов аудармалары шетінен шикі» деген сізге айтарым» дей келіп… «… өз басым ізгі мақсат, жазушыға лайық жанашырлық аңғара алмадым. Мақала тек «жамандау керек» деген кесапат ойдан туған. Сіз осы Аманжол аудармасын орыс тілінен аударылғанын оқып отырсыз ба, әлде тіке немісшеден алып отырсыз ба? Немісше біледі екенсіз ғой» деп әдемі қалжыңмен түйреп өтеді. Тағы бір үлгі алатын тұс. «Жазушы – ақынға лайық жанашырлық» қазір бар ма өзі бізде?
Жазатын, айтатын дүние көп, уақыт пен газет беті тарлық қылады. Ізтайдың қарапайым адами болмысы ашылмай жатқанын жоғарыда айтқам. Қолжазбаларын ақтарып отырып… оны да сомдағандай болдым.
Тентек адам болған деседі көзін көргендер. «Тентек» болғанда… өтірік, жағымпаздық, жақаурату деген дүниелерді түсінбей өткен сияқты. Сол мінезінен шығар, дипломында барлық сабақтан «бес» те, қазақ тілінен «үш». Сол «үш» қойған адам Ізтайдың қазақ әдебиетінде ізгі де ірі ізі қалатынын білмеген шығар…
Ізтайдың өзім қиялымда сомдаған Тұлғасы тіпті биіктеп бара жатыр. Қуандық Шаңғытбаев Ізтайға берген кітабына мынадай қолтаңба қалдырыпты: «Бауырым, серігім, шынайы туғаным Із-ағаға шынайы жүректен». Біреуі Өреліде-Қарабұтақта, біреуі Сөреліде-Табанталда туған Қуандық пен Ізтай туыс та, туған да емес, ал арадағы адами сыйластық қандай, ә?
Сол шәлкес Шаңғытбаев Омар Хайямның өзі аударған кітабын сыйға тартып, тағы былай жазады: «Изтаюшке моему, подомному мне и самому Омару». Дені сау адам әзілдің астарын түсінсе керек, Пайғамбар ақынның Ізтайды әлемдік Хайямға теңеп отырғаны тегін емес қой…
Ал мына бір шаржды қазақ әдебиетіне орасан үлес қосқан, қазақ боп кете жаздаған Дмитрий Снегин салыпты. Жазуын қараңыз, «Із-ағаң слушает». Алғаның елеусіздеу Табанталынан шығып, әлем әдебиетін қазақшалаған, «ақпандатқан боранда» туып, өмірден арқырап өткен Ізтай Әлемді тыңдап отырғандай…
Баспаханаға кіретін пропуск, Азия, Африка жазушыларының конференциясына берілген жолдама, «Жұлдыз» журналының поэзия бөлімін басқарған кезіндегі қызметтік куәлігі, іссапар қағазы… зерттейтін дүние шаш-етектен. Нөпір қағаздың ортасында отырып, мына бір хатты көзім шалды. 1956 жыл белгіленіпті. Мені елеңдеткені — хат Ленинградтан. «Құрметті Ізтай аға! Революция бесігі Ленинград қаласынан Балтық флотының «Эсминец» сүңгуір қайығының матросы Мұхтар Сақтапов сәлем жолдайды» деп басталған жып-жылы хат, әрі қарай қазақ әдебиеті тақырыбына ауысады. «1955 жылы Қызылордада жас әдебиетшілер кеңесі өтіп, оған Сырбай Мәуленов келді. Бір-екі өлеңімді ұнатып, әдебиет бетіне ұсынды. Жақында Ленинградта «День поэзии» өтті. С.Давыдов, М.Дудик деген ақындармен кездестім. Бұл күн мен үшін ең бақытты күн болды» деп жазады.
Сүңгуір қайықтан «увольнениеге» шыққан болса керек, хат Санкт-Петербургтің Герцен атындағы кітапханасынан жазылыпты. Қайда екен қазір, сол матрос?
…Ізтайдан қалған қолжазба көп, жарияланғаны бар, жарияланбағаны бар. Ізтай тойына орай жарияланбаған дүниелерін жарыққа шығарамыз ба деп талпынып жатырмыз. Бюджеттен ақша табылса…
…Ізтай әлемі- жап-жарық, жып-жылы. Ізтайдың «Күлімдеген қара көздер қалалығын» шырқайтын қазақ Ізтай жайлы көбірек білсін деп бірдеңе шимайладық. Ізтай жүрегін түсіну үшін «Өгей шешемені» оқу керек. Әлем әдебиетінде де, орыс әдебиетінде де «мачеха», «өгей» деген сұп-суық ұғымға Ізтай Мейірім әкелді. Бұл — әдебиеттегі революция! «Өгей шешемені» оқиық:
Анам жоқ! Қалдым жетім, жас моншақтап,
Он төрттен жаңа ғана асқан шақта-ақ.
Көп өтті көңілсіз күн керуені,
Кенет кірдің cен үйге жасқаншақтап.
Жатырқап сонда саған кілт қарадым,
Жабылған болар жайсыз бұлт-қабағым.
Үндемей қалғанымды көрсе-дағы,
Жанына үңілмеді жұрт баланың.
Төңбекшіп көз ілмедім түніменен,
Жетті деп «Өгей шеше күні» деген.
Елестеп туған анам жарқын жүзі,
Қалықтап кетпей қойды үні менен.
Сәл ұйықтап қалған екем таң алдында,
Ояттың «бар, — деп, —
Ізтай, сабағыңа!»
Дір етті алғаш сонда бала жүрек,
Бір сезім жалт еткендей жанарыңда.
Сан рет шұғыла шашып шығыс таңы,
Апталар айды қуып жылыстады.
Шешіліп сөйлеспестен жүрдік ұзақ,
Әке де аңдамады жұмыстағы.
Ұмытпан інім мені шақырғаны,
Жығылып, жасын төгіп жатыр жаным.
Есімде сен де сол сәт жетіп келіп:
«Апыр-ай, қарағым!» деп аһ ұрғаның.
Мен үнсіз екеуіңе қарап едім,
Тұрғызып, жұққан шаңын қаға бердің.
Сипадың маңдайынан еркелетіп,
Сонда алғаш келді сені ана дегім…
Есімде алыс жолға аттанғаным,
Онда да саған сырды ақтармадым.
Өз анам өскенімді көрмеді-ау деп,
Жанымда жабырқаулы жатты арманым.
Жасырды көз жасымды алагеуім,
Бір сүйіп маңдайымнан қала бердің.
Мен кеттім, ізіме үнсіз тұрдың қарап,
Сонда алғаш іштей сені ана дедім.
Аузынан жырып алып сары шалдың,
Барыңды маған сақтап, маған салдың.
Сағынып жүрдім сені, өзім сезбей,
Жаныңа тез жетуді сан аңсадым.
Өзіңмен көрісуге құмарландым.
Бітердей көңілдегі бар арманым.
Сағынған жас жүректің жалынымен
Сонда алғаш «Анажан!» деп жыр арнадым…
Қуандың өскеніне талабымның,
Қуандым, құрбылардай аналы ұлмын.
Бір ыстық дәстүрі ғой туған жұрттың,
Баламды бауырыңа алып бала қылдың.
Жан анам көз жұмса да ерте менің,
Құрбымның қатарына сен теңедің.
Сен-дағы өз анамсың, өгей емес,
Келеді кеш болса да еркелегім.
Ендігі тілек: жас буын үшін, келер ұрпақ үшін Ізтай өгей боп қалмаса екен. Ізтайдың ізі өшпеуі тиіс…
P.S. Ізтай туралы осы мақала жазылғанда, мақалада айтылған бозбала Мұхтар Сақтапов жайлы «Қайда екен, сол матрос?» дегенбіз. Сол бозбала, қазіргі ақсақал Қызылорданың Сырдария ауданынан табылды. Жасы үлкейгенмен «Ақтөбе» газетіне сұхбат беруге келісті. Бірақ Ізтайдың өзіне жазған жауабы сақталмапты…