2581

СЕН ҚАНДАЙ ТӘТТІ ЕДІҢ, ӨМІР!

Мизам ұшып, мия басы сарғайып қалған шақ. Арық-атыздың ­айналасына бекінген нәршіл нудан өзге өсімдік дүниесі түгелдей күздің ыңғайына көніп үлгерген. Тамырын тереңге жіберген жантақ пен қарасораның өзі бойындағы сөл-шырынынан айырылып, бозаң тарта бастапты. Көктің алды боп қылтиып, елден бұрын еңкейетін мысықмұрт тарақбоздың тіпті сабағына дейін семіп, қаудырлап қалғаны байқалады. Жол бойында бірін-бірі жетектескендей тырмыса тығыз өскен жатаған жыңғылдардың да күлтеленген ұштары күлгіндене құлпырып, көз қытықтайды. Арғы жиектегі алқапта бастарына ақ шаршыны төрт бұрышынан түйіп байлаған үш жігіт орылған жүгерінің паясын баулап, буып жатыр. Тек күннің ыстық лебіне ынтық мақта жарықтық қана бауырындағы көсек арасынан ақ ұлпа ағараңдаса да, жазғы бояуын бергісі келмей, жасыл реңі қошқылдана қарауытады. Дегенмен, тіршілік заңына бағынбайтын құдірет бар ма, көп ұзамай осы бір ең ұзақ жасайтын дақылдың да жапырақтары езілген көкнәрдің түсіндей күреңіте құбылып, қурай бастары анық.

Жетісайға кеп түсе сала ауылға тура баратын такси жалдап, тас жолмен тағатсыздана тартып келемін. Көңіл аударар көрініс аулап, төңірекке қанша қарағыштасам да, кеуде тұсымды кемірген уайымның уыты тарқар емес. «Расында да, өмір заңы бәрімізге де ортақ-ау, – деймін іштей. – Тәңір бұйрығы қашанда талқыланбайды, қабылданады. «Құдайсыз қурай да сынбайды» деуші еді әжем. Қурайдың қашан сынары, кімнің қашан өлері – жалғыз Аллаға ғана аян. Жазмыштан озмыш жоқ». Бірақ мұнартқан мұң тұманының арасынан әлдебір үміт ұшқыны жел өтіндегі от тәрізді өлеусірей жылтылдап, жабырқау жаныма жұбаныш іздейді.

«Әжең әл үстінде жатыр. Тез жет!» деген әкемнің қоңырауынан соң, жедел жиналып, жолға шыққам. «Біз қайтеміз?» деген сауалды жанарымен ұқтырған жарым мен балаларыма: «Әуелі өзім барып, анықтайын. Сосын бір хабарын жеткізермін. Кім біледі, мүмкін, бұл жолы да Жасаған Ием жар болып, жазылып кетер?» деп жайбарақат жауап беруге тырыссам да, ауылға алай-түлей көңіл-күймен аттанғам. «Бұл жолы да…» деген себебім: әжем бұған дейін де бірер мәрте қатты науқастанып, төсек тартып жатты, алайда Алланың мейірім-шапағаты түсіп, дәрігерлердің де емі шипа болып, аяғынан тік тұрып кеткен еді.

Әжем биыл тоқсанның төртеуіне келді. Қайбір жылы, тура тоқсанға толарда, арғы-бергі ағайын-туғанның бәрін жиып, дүрілдетіп той жасамақ едік, ойламаған жерден өзі қарсы шықты. «Немене, алжыған кемпірді ортаға алып, шыр айнала билейтін шырша қылайын деп пе едіңдер? Қалталарыңа сыймай бара жатқан ақшаларың болса, бала-шағаларыңның қызығына бұйырсын. Тілімді ғана безеп, әйтеуір тірі отырғаным болмаса, мен енді бұ дүниенің адамы емеспін. Той-пойларың өздеріңе!» деп шат-шәлекейі шыққан. «Әжелерің тойда өзімен шүйіркелесіп отыратын кіләстастары қалмаған соң, кергиді де…» деп кеңк-кеңк күлген көрші Сейітжаппар шалды да жетістірген жоқ. «Жүзге қараған мен түгілім, сексенге келгенше селкілдеп матасекілден түспейтін сен сорлының да қажасатын қатарың қалмады! Неменеңе жетісіп күлесің?» деп, бәріміздің ішек-сілемізді қатырған. Бірақ біз, аста-төк қып аса шашылмасақ та, екі-үш шөбересінің сүндет тойын қосақтап, етжақын елдің басын қосқан болатынбыз.

Неге екенін кім білсін, әжем он шақты немересінің ішінен – мені, ал жиырмаға жуық шөбересінің арасынан – марқұм үлкен ағам Нұркеннің ұлы Ұланды айрық­ша жақсы көретін. Қай кезде де жылы-жұмсағын біздің аузымызға тосатын, зерлі қамзолының білегімізге дейін бойлап кететін терең қалтасынан табылар тәттінің де түр-түрін, өзгелерден жасырып, екеумізге беретін… Алматыдан бері шығарда Ұланға қоңырау шалғам. «Билет таппай, Астананың әуежайында аласұрып жүрмін, – деді ол ызалы үнмен. – Бірақ, саспаңыз, сайтанға мініп ұшсам да, әйтеуір жетемін!».

Мен кіріп келгенде, ауызғы үйге жинал­ған бір қауым ел азанғы дастарқаннан әлі тұра қоймаған екен.

– Келдің бе, күнім? – деп шешем құшақ­тап, маңдайымнан сүйді. Өңі сынық болса да, өз ұлын көргеніне ерекше қуанышты еке­нін жанарының жарқылы жасыра алмай тұр.

Ағаларым, әпкелерім, жезделерім, жеңгелерім, басқа да ағайын-туыс, көрші-қолаң түгел қауқылдасып қалды. Жағалай қол бере амандасып шығып, төрдегі әкемнің тұсына келгенде, ол кісі сәл ығысыңқырап, жанынан орын ұсынды. Тізе бүгіп жатып:

– Әжем қалай? – дедім көкейімдегі күмән әлі басылмай.

– Құдайға шүкір, бүгін тәуірлеу, – деді әкем. – Екі күннен бері есі кіресілі-шығасылы болып, қайта-қайта талықсып кете берген соң, қапыда қалмасын деп бәріңе хабар бергенбіз. Молдекеңе де «осында бола тұрыңыз» деп, қолқа салдық.

Әкемнің ар жағында қолындағы тәспісін термелеп, көзін шарт жұма бас шұлғып отырған Мүтәліп молдаға мен сонда ғана назар сала қараппын.

– Тамағынан қара судан басқа ештеңе өтпей, бәрімізді әбден шошытып еді, бүгін таң ата тілге келді. Біздің қиыла қинауымызбен бір пиала тауық сорпасын ішіп, сүтке шыланған үзім нан жеп, әлгінде ғана ұйықтап кетті. Оянған соң кірерсің, жарай ма? – деді шешем маған мейірлене қарап.

– Алматылық мырзаағаны жанындай жақсы көріп, аузынан еш тастамайтын, енді баласы келген соң басын көтеретін шығар. Мұндай қуаныштың әсерінен ұлы енем тез жазылып кетуші еді ғой, – деді шай құйып отырған Анаргүл жеңешем. Осы көшенің басында тұратын Сердеш дейтін аталас ағайынымыздың әйелі. Әжем алдыңғы жылы ма, одан арғы жылы ма, әйтеуір бір қатты ауырып, қайта тұрғанында, хал сұраған жұртқа: «Е, ол кемпір атсаң да өлмес» дегенін естіп, өзін жақтырмай қалғанмын. Жаныма жағатын сөз айтқанымен, бұ жолы да елп ете түспей, естімеген адамша отыра бердім.

Кенет есік шалқасынан ашылды да, ентіге басып Ұлан кіріп келді. Әбден шаршағаны уайым меңдеген жүзінен, ұйқы көрмей қызарған көзінен байқалып-ақ тұр.

– Дәу әжем аман ба? – деді ол, әй жоқ, шәй жоқ. Шөберелері әжемді осылай атайтын. Қабағы қаусырылып, танауы делдиіп кетіпті. Өзімен амандасып, ахуал сұрасып жатқан елдің сөзін еш естімейтіндей. «Аман, аман, кел, жоғары шық» дескен дауыстар құлағына мүлде жетпейтіндей. – Қайда дәу әжем?! – Үні жарықшақтана шыққан Ұлан шыдай алмай, жылап жіберсін! Жол бойы кеудесінде қыстыққан өксік лықсып келіп, шығар тұсын енді тапқандай, қасына келген шешемнің омырауына бетін басып солқылдайды.

– Қой, айналайын, қоя ғой енді…

– Дәу әжең тірі, шырағым, қорықпа!

– Е, байғұс бала, уайымдаған ғой, қайтсін…

– Уайымдамағанда… осы кемпірдің ете­гіне оратылып жүріп ержетті емес пе бәрі?

– Үйге кіріп келгенде бір қора адамды көріп, шошып кеткен ғой, сірә.

– Өзімізде де ес жоқ, өртке жиналғандай топтанып алыппыз.

– Үйбай, мен тұрайын, балалар отырсын, жолдан шаршап келді ғой…

Жұрт жарыса басу айтып, жамырай жағдайды түсіндіріп, гуілдесіп кетті. Әпкелерімнің көздері жасаурап, қосыла жылауға шақ қалып еді:

– Жә, болды, жаман ырым бастамаңдар, түге! – деп Мүтәліп молда тыйып тастады. – Бейтаптың беті бері қараған сықылды ғой, беталды шулай бермеңдер. Лайым, пәруардігәр пендесінің көрер жарығын ұзарта түссін! Отырыңдар, қане, мінәжат қылайық.

Дұға оқылып, бата жасалған соң, жинал­­ған­дардың біразы шаруа қамымен үйді-үйіне тарады да, алыстан келген біз үшін дастарқан үсті қайта реттеліп, шай жаңа­ланды.

 

***

 

Осы жасқа жеткенінше Зияда әжемнің көрмеген қиыншылығы жоқ шығар, сірә. ХХ ғасырда елдің басынан қаншама қасірет өтті, соның бәрінің көзі тірі куәгері – менің әжем. Ес біліп, етек жаба бастаған өрімдей өспірім шағында аштан қырылған адамдардың ақсөңке сүйегіне сүрініп жүріп, жас жүрегі шайлықты. «Бізді аман алып қалған Айдаркөлдің майда шабақ балығы ғой, әйтпесе талғажау етерлік түк таппай тырапай асқан әлгі сорлылардан жанымыз артық болды деймісің» деп еске алатын кейде өзі.

Бой жете бастаған кезеңі ел ішіндегі игі жақсыны ит сала іздеп ұстайтын сүргін заманға тап келді. Осы өңірдің өнер қуған талапты жасына сабақ үйретіп, сауатын ашқан Сабыржан ағатайы да нақақтан-нақақ қамауға алынып, ақыры із-түзсіз жоғалды. Көзі ашық, көкірегі ояу білімқұмар сырбаз жігітке «әлдебір құпия ұйымға қатысы бар» деген айып тағылыпты. Байғұстың артында тым болмаса тұқымын жалғар тұяқ та қалмады. Бұлар көз жасын көл қылып жүріп қаншама сұрау салды, заман түзелгендей болғасын заң орындарына арыз жөнелтіп, ары да бері іздетті – еш нәтиже шыққан жоқ: әрі меңіреу, әрі мешкей қоғам арыстай азаматты бітеу жұта салғандай, жұрнағын да таптырмады.

Әжем Сүлеймен атаммен отау құрып, екеуі жұбайлық өмірдің үш жылын артқа тастағанда, соғыс деген сұрапыл сойқан шықты. Әскерге жарамды еркек кіндіктінің қатарында атам да қанқасап майданға аттанып кете барыпты. Арада бір жыл өтер-өтпесте «Жауынгер Сүлеймен ­Ыбы­раев Смоленск түбіндегі фашистермен кескілескен айқаста ерлікпен қаза тапты» деген қара қағаз келген. 22 жасында-ақ ер-азаматынан айырылған, Айы тұтылып, Күні көлегейленген әжемнің қолында үш жасар ұлы – біздің әкеміз Жанысбай ғана қалған. Бүгінгінің жығылса болды, қайта тұруы қиын боркемік босбелбеулері мұндай қиыншылықтың біріне де шыдамас па еді, кім білсін, ал жайнап жүрер жас ғұмырының қызығы келте үзілген Зияда әжем сонда да мойымаған, бармақтай баласын арқасына таңып алып, елмен бірге еңбек еткен. Бұрынғы адамдардың сүйегі асыл ма, қайраты басым ба, әлде рухы мықты ма, әйтеуір тар заманның талай қыспағына төзіп, көзінің қарашығындай жалғызын бағып-қағып, аман-есен жетілдірді. Енді, міне, немере-шөбере сүйіп, үбірлі-шүбірлі үлкен әулеттің бас иесі болып отыр.

Тағдыр тауқыметін көп тартқан, бір үзім нанның қадірін біліп өскен әжем бізді де әр бұйымға, әр тиынға ұқыппен қарауға, үнемдеп жұмсауға тәрбиеледі. Ысырапшылдықты ынсапсыздық деп ұқты, уақ-түйек дүниеліктің өзін күтіп ұстамай, рәсуа қылғанымызды байқаса, біз тұрмақ, пайғамбар жасынан әлдеқашан асып кеткен әке-шешемізге де кәдімгідей ұрсып тастайтын. Кейде сандықты ашып немесе үлкен ағаш шкафтағы мүлік-мүкәмалды ақтарып-төңкеріп отырып, өзінен-өзі бұрқылдайтын.

– Мыналар мен әкелгенде он екі еді, сына-сына үшеуі қалыпты, – дейтін сыртында оюы бар, сыры кете бастаса да сыны кетпеген көк тостағандарды ұстап отырып. – Сынбай, аман қалғанының өзін той-томалақ болса таратып жібереді. Сосын таппай отырғандары сол, орнын сипап. Елге берген затын есепке алып, түгендеп отырмай ма адам деген? Мына күміс қасықтардың да бес-алтауы-ақ қалыпты. Түнеукүні тура осындай үш-төрт қасықты мектептің қарсысындағы қара қатынның үйінен көрдім. Құдай біледі деп айтайын, сол – осы үйден кеткен дүние. «Ұят қой» деп үндемедім, жұрттың пысық қатыны болса, бет бақтырмай дәлелдеп, бір-бірлеп санап, сөмкесіне салып алар еді. Өзгеге есесін жіберіп, елпекбай боп жүретін – тек біздің үй ғана.

Содан соң ерігіп жүрген екі-үшеуімізді шақырып алып, астындағы кілемді әңгіме қылатын.

– Мынаны қайбір жылы, тауығы түскір кепеге сыймай кептеліп жататын молшылық кезде, Күлғайша саудагерге үш жүз тұқым өткізіп жүріп, аттай қалап сатып алғанмын. Дуалға ілетін дүниені табанымен таптайтын заман болды ғой қазір. – «Баяғы әуеніне қайта басты ма?» деп өзара ымдаса теріс бұрылып күле бастағанымызды байқап қалып: – Әй, неменеге күлесіңдер? – дейтін одан әрі өршелене түсіп. – Сенбесеңдер, анау сақау Мырзаханнан сұраңдар, үйге дейін сол көтерісіп келген. О несі-ей! Өздерің «ойпыр-ай, түтін түтетіп отырған отанымыз еді-ау» деп, осы отауға тым болмаса сынық ине әкелуді білмейсіңдер, бірдеңе айтсақ, сықсыңдап күлесіңдер тағы. Қайта үйдегі дүниені елге түгел таратып беріп тынарсыңдар мына түрлеріңмен. Жерік қатын құсап түске дейін ұйықтасаңдар, иә, біреу бірдеме әкеп берер. Тырбанып, тірлік қылмайсыңдар ма онан да. «Аспаннан киіз жауса, сорлыға ұлтарақ та тимептінің» керін келтірмей. Өй, шілдеде итке көлеңке бермейтін кержалқаулар өңшең.

Таң қараңғысында-ақ тұрып алатын құс ұйқылы әжемнің әлгі «түске дейіні» – азанғы жеті. Сол уақыт­қа дейін ешкім оянбаса: «Ай-жай боп кетті ғой, бұ не жатыс, түге! Бұл үйде маған шай бе­ретін адам бар ма, жоқ па?» деп таяғын ты­қыл­датып, әрлі-берлі жүре бастайды. Амал жоқ, бәріміздің де тұруымызға тура келеді.

Уәжден ұтылғанымды мойындаған менің қолыма балтаны алып, әлгі қураған қу ағашқа қарай беттей беруден өзге амалым қалмаған-ды…

Құданың құдіреті, тоқсанның төртеуіне шықты дедім ғой, әжем сонда да жадынан еш жаңылып көрген емес. Рас, кейінгі жылдары көзіне көзәйнек киіп, таяққа сүйеніп жүретін болды, бірақ сөзден ешкімге есесін жібермейді, құлағы да айдаладағы дың еткен дыбыстың өзін қағып алады.

Әнебір жылы ауылға бір қызметтес жолдасымды ертіп келгенмін. Шайдан кейін бір шаруамен сыртқа шығып кетіп едім, бөлмеде екеуі оңаша қалған соң, әжем әлгі жігіттен:

– Қай баласың, қарағым? – деп жөн сұрапты.

Бұ кісінің жас шамасынан хабардар досым «кәрі адамның құлағы ауырлау келуші еді ғой» деген долбармен әжеме қарай еңкейіңкірей түсіп:

– Атым – Нұрғали, Алматыда немереңіз Әлкенмен бірге жұмыс істеймін! – депті бар даусымен айғайлап.

– Жақсы, айналайын, – дейді әжем әлгінің сонша жан дауысы шыққанына түсінбей, таңдана қарап қойып. – Ауыл қайдан?

– Шымкенттің ар жағында Түлкібас деген аудан бар! – дейді анау тағы да аттан салғандай үйді басына көтеріп. – Сол жердің баласымын!

«Байғұстың сөзі қалай, өзі қалай?» деген сыңайда сынай барлаған әжем енді оған:

– Есендік білісіп, ел сұрасқанның айыбы жоқ шығар, шырағым, руың кім? – деген сауал қояды.

– Дулаттың ішінде жаныспын, әже! – дейді Нұрғали «естімей қала ма?» дегендей ерекше екпінмен.

– Е, құда бала екенсің ғой, төрем.

Осы сәтте даладан «Дәрет алатын құман қайда?» деген әкемнің даусы естіледі. Сонда әжемнің үйде отырып-ақ оған:

– Құдай-ай, тұр ғой ошақтың ар жағында! Неғып көзінің алдындағыны көрмейді осылар? – деп жайбарақат жауап бергенін көрген Нұрғали бағанадан бері бекерге бақырғанына ұялып, далаға қашып шыққан еді…

 

***

 

Күзгі жайма-шуақ күннің жадырай ойнақшыған сәулесі терезе тұсынан жоғары өрлеп, үй ішінде қою көлеңке орнаған шақта түкпірдегі бөлмеден шешем шықты да:

– Әжелерің оянды. Кіріп, сәлем беріңдер, – деді бізге.

Күні бойы күтіп отырғанымыз осы сөз болса да, неге екенін қайдам, Ұлан екеуміз сәл іркіліңкіреп қалдық та, артынша атып түрегеліп, асыға адымдап, іркес-тіркес ішке ендік.

Әжемді төр жақтағы ағаш төсекке жатқызған екен. Жастығын биіктетіп қойғанымен, басын көтермей, бетін бері бұра сұлқ жатыр. Жағы әбден суалып, көзі шүңірейіп, иығы қушиып, тіптен жүдеп кетіпті. Алдымен жақындаған менің бетімді әлсіз қолдарымен сипап өтіп, өзіне тарта еңкейтті де, кеберсіген ернімен маңдайымнан өпті. Әлдене деп күбірледі, бірақ үні анық шықпады. Тек «айналайын» деген сөзін ғана ұғып қалдым. Сосын Ұланды қапсыра құшақтап сүйді, жанына отырғызып, шашынан сипады. Қолынан тас қып ұстап алыпты, еш жібергісі жоқ. Бізбен бірге кірген әке-шешем кино көргендей үн-түнсіз тесіле қарап қалыпты.

Кенет Ұлан саңқылдап сөйлеп қоя берді.

– Мұныңыз не, дәу әже-ау? – деді ол жорта өкпелеген адамша өзімсіне сөйлеп. – Көрмеген азабыңыз аз, соның бәріне шыдап-шыдап келіп, нағыз шырқар шағыңызда ұшып түскеніңіз қалай? Немерелеріңізді бағып-қақтыңыз, шөберелеріңіздің қы­зығын көріп келесіз, енді шөпшекке жете бергенде, шөгіп қалғаныңызға жол болсын? Әлде сондай бір қуаныштың барын сізге ешкім айтпады ма?

Мұндай жаңалықтан мүлде бейхабар біз бір-бірімізге таңдана қарастық та қойдық.

– Иә, біздің үйдегі шөбере келініңіздің аяғы ауыр, – деді Ұлан үзілген сөзін жалғап. – Құдай қаласа, сол кішкентайымызды да өз қолыңызбен бесікке саласыз әлі. Естіп жатырсыз ба, дәу әже? Оған дейін сізді, қанша асығыспын десеңіз де, ешқайда жібермейміз, әуре болмаңыз!

Ұланның кейінгі сөзіне біз еріксіз елжірей езу тарттық. Тіпті әжемнің өзі де күлгендей болды. Әлде кемсеңдеді ме…

Сәл беті бері қарағандай көрінсе де, кәрі адамның енді қаншаға шыдары беймәлім еді. Біз сыртқа әу бастағы уайымымыз толық тарамай, торығып шықтық. Әпкелерім әжемнің көрпе-жаймасы мен киімін ауыс­тырып, ретке келтіру үшін ішке кіріп кетті.

– Бір есептен, кәрілік те әбден меңдеді, екінші жағынан, кейінгі уақытта әжең дәрісін ішуді мүлде қойды, – деді әкем біз әулідегі биік тапшанға барып жайғасқанда. – «Ішпеймін» дейді. «Апа-ау, ішпесеңіз болмайды, ауырып қаласыз ғой» десем, «ауыр­сам ауырайын, сөйтіп, өлейін» дейді. «Бұ Құдай менің бар-жоғымды ұмытып кетті ме, немене?» деп зарланатынын қайтерсің.

Кенет үй жақтан бір шу шыққандай болды. Іштегілер әлденеге дабырласып кеткен сияқты. Ой шіркін қандай жүйрік, жүрегіміз зырқ етіп, қайдағы қиырды шарлап кетті. «Шынымен-ақ… біткені ме?». Жоқ, Айнагүл әпкемнің екі езуі екі құлағында, үйден күлімдеп шығып келеді.

– Не болды? – деппіз үшеуіміз бірдей жамырап.

– Үйбай-ау, әжем күшейіп жатыр, – деді ол күліп. – «Қане, дәблениемді өлшең­дер, дәрімді тауып беріңдер, бүгіннен бас­тап тұрақты ішемін» дейді. Ертең айнып қалмай, осы сөзінде тұрса жақсы болар еді. Соған шуылдасып, мәз болып жатырмыз. Мен қазір стетоскоп пен тонометрді әкелейін.

– О, Жаратқан, жаббар ием, өзің жар бола гөр! – деді әкем күбірлеп. Бәріміз де әрі қуанысып, әрі таңғалысып, дуылдасып кеттік.

Кешқұрым бір оңашаланғанда, Ұланнан:

– Бүгін кіл ізгі хабарлардың күні болғай, лайым. Келіннің аяғы ауыр ма еді шынымен? – деп сұрадым.

– Жоқ, әзірге ондай жаңалық болмай тұр, – деді ол зорлана күлімсіреп. – Бірақ дәу әжеме дәл солай айтуды жөн санадым. Әрбір күні кешіккен ажалды күту азабына айнала бастаған, арманы таусылған адамның ахуалы қиын ғой. Ондай жан қашанда өзін қайтадан өмір сүруге құлшындыратын, тірліктің әр сәтінен мән іздеуге ұмтылдыратын мейірлі үмітке зәру. Тіршіліктен түңілген, фәни жалғаннан гөрі бақи дүниені көбірек ойлауға көшкен дәу әжеме де сондай бір сілкініс керек. «Алдында алынбаған тағы бір белестің шақырып тұрғанын сезінсін, соған талпыну арқылы өміріне жаңа мазмұн енсін» деп ойладым.

Жалған сөйлеуге қашанда жаным қас болса да, бауырымның бұл уәжіне қарсы ештеңе айта алмадым.

 

***

 

Шынында да, Ұланның «жаңалығы» әжеме жақсы әсер етті. Ертеңінде-ақ ол келіндеріне келесі тапсырмасын жүктеп: «Асқазанға жеңіл, ауызға салса еритін былбыраған шәуле істеп беріңдер маған!» деді. Бұйрық, әрине, табан астында, тап сол мезетте орындалды. Дәрісін уақытынан сәл кешіктіріп берген кіші келіні ақыры ұрыс естіп тынды. Таңертең және кешкілік таяғына сүйеніп, таза ауада – бау ішінде сейілдеуді әдетке айналдырды.

Мұнысымен қоймай, әжем біз қайтар күні «түскі асты көппен бірге ішемін» деп қиғылық салды. Екі жағынан екі жеңгем қолтықтай сүйемелдеп әкеліп, ауызғы үйдегі даладай дастарқанның төріне жайғастырды. Көрпені қалыңдап салып, жан-жағына жастықты үйіп тастады.

– Құдайға шүкір, үрім-бұтақ, зәу-затымның алдында еңсемді көтеріп отырар ахуалым бар әзірге! – деді өзі төрт көзіміз түгелдей дерлік жиналған біздің әрқай­сымызға көз тоқтата асықпай қарап шығып.

Дастарқанға әжем тәуір көретін ас атаулы түгел қойылыпты. Шайдың сәнін кіргізер науат, күнжит, пәруарда, мәмпәси секілді тәттілердің де түр-түрі самсап тұр. Бәріміз де ас ішіп отырғандаймыз, бірақ бүкіл назарымыз төрдегі шүйкедей ғана қара кемпірде: сол әлдене жеп әлденсе, сол шай ішіп терлесе, соның дерті жазылып, денсаулығы түзелсе… сонда біздің де жағдайымыз жақсы болып, ешқандай жау ала алмайтын тәрізді.

Осы кезде көрші Сейітжаппар шал кіріп келді.

– Ассалаумағалейкү-ү-үм! – деп соза жалпы көпшілікпен амандасып алды да, төрдегі әжеме көзі түсіп кетіп: – Ойбо-о-ой, жеңешемнің жағдайы жақсы ғой, жүдә! – деді таңданысын жасыра алмай. Сосын төрге таман жайғасып отырып жатып: – Халін біле кетейін деп кіріп едім, – деді, біреу одан «сіз неғып жүрсіз?» деп сұрағандай.

– «Өліп қалды ма, жоқ па, соны көруге келдім» деп шыныңды айта берсеңші онан да, – деді әжем үнемі осы шалды сөзбен шымши беретін мінезіне басып. – Текке әуре болма, менен оңайлықпен құтылмассың. Азанда әлгі молданы да қайтарып жібердім, «мен әзірге өлмеймін, ештеңеден дәмеленбе, қайқай үйіңе!» деп… Қалт-құлт еткен түрің жаман екен, менің жаназамды күтемін деп, ана жаққа алдымен сен аттанып кетіп жүрме!

Сейітжаппар шал су ішкен тауықша аспанға қарап күлетін әдетімен шалқалай ха-ха-халап алды да:

– Ойпырым-ай, балалары келгеннен кейін мына кемпір әбден құтырайын деген екен, шетімізден қыра ма, қайтеді? – деді. – Сенен құтылғанда жерім кеңіп, жетісер деймісің мені? Жүре бер осылай арамызда. Анда-санда сөзбен арбасып отыратын адам бізге де керек.

Қариялардың зілсіз қалжыңы мерейі­мізді өсіріп, онсыз да көтеріңкі көңіл-күйімізді одан бетер әуелетіп, марқайтып тастады.

– Татар дәм, талқан-наным әлі таусылмағанға ұқсайды, шырақтарым! – деді әжем дастарқан жиылар сәтте. – Тірліктен безінгенім бекершілік екен. Бала-шағаңның ортасында осылай шүйіркелесіп отырудың өзі де бір ғанибет-ау, шіркін. Осы күнге жеткізген Алла Тағаламның мейіріміне мың мәрте шүкіршілік! Мен енді ешқайда асықпаймын. Астанадағы шөбере келінімнің аман-сау босанып, аяқ-қолын бауырына алуын тілеп, Жаратқанға жалбарынам да отырам бұдан былай. Құдай ғұмыр берсе, сол шөпшегімді көрмей көрге кірмеспін. Сол періштені бесікке өз қолыммен бөлесем болды, басқа мақсат-мұратым жоқ. Бәріміздің сол тойға есен жетуімізді нәсіп етсін, иншалла! Әумин!

– Әумин!

– Айтқаныңыз келсін!

– Жүз жасаңыз, әже!

– Әй, тоқсан беске кеп қалды ғой, сонда, немене, енді бес-ақ жыл жасай ма?

– Ойбуй… жүз он жасасын!

– Алла ниетіңізге жеткізсін!

Бет сипап, бата жасасқан жұрт әжемнің сөзін жамырай қоштасып, жадырай күлісіп, орындарынан тұра бастады. Ұланға қарап едім, назарын төмен салған күйі ойланып отырып қалыпты.

 

***

 

Алланың әмірі адамның арман-аңсарымен әрдайым сәйкесе беруші ме еді. Әжем шөбере келінінің жалған жүктілігіне нанып, әр таңды үкілі үмітпен атырып, тағы жеті ай ғана өмір сүрді. Ол кісі қайтқанда, «Апы-ай, бұрын қаншама азап тартса да, өмірінің ақырғы кезеңінде еш ауырмай-сырқамай, шаршамай-шалдықпай, жарқылдап өмір сүрді-ау, жарықтық!» деп ел ерекше ықыласпен еске алып, таңға­лы­сып жүрді. Әжемді жанарынан үміт сәулесі ойнап, жүзінен өмірге құштарлық лебі есер сондай жарқын күйге түсірген – арбай шақырған арман, қол бұлғай жетелеген болашақ бақыт екенін біз ғана білетін едік.

Әуелде әншейін айта салғанымен, періштенің құлағына шалынса керек, Ұланның тісінен әлгі сөз еріксіз шығып кеткеніне екі айдай болған шамада, Астанадағы шөбере келіннің бойына бала бітіпті. Алайда амал нешік, әжем шөпшегінің жарық дүниеге келгенін көріп үлгермеді. «Әй, келіннің денсаулығы дұрыс па екен? Уақыты таяған жоқ па? Менің жаман есебімше, босанар сәті боп қалды-ау, хабарын білсеңдерші!» деп қайта-қайта сұрап жүріп… бір-ақ күнде ана дүниеге көшті де кетті. «Бала-шағам мені онсыз да аз баққан жоқ қой, оларға ары қарай азар сала бергенім жарамас» дегендей, «Мазам болыңқырамай тұр, сәл мызғып алайыншы» депті де, ұйықтап жатқан жерінен сол күйі оянбай қалыпты. Жарықтық түс көрді ме екен-ай? Бәлкім, түсінде бүкіл әулетімен әжік-күжік әңгімелесіп, шөпшегін бесікке бөлеп, елдің «құтты болсынына» елжірей қуанып, «е, Алла Тағала, енді аманат-жаныңды ала берсең де разымын!» деп көңілі орнығып, жаны жай тауып, мәңгі ұйқыға кете берген шығар…

Тоқсан бес – әжемнің жасайын деген жасы емес еді. Намаз оқыған­да, бата бергенде, дұға қайырғанда үнемі үрім-бұтағына, жалпы жастарға амандық, абырой, ұзақ ғұмыр сұрап, қашанда «құдіреті күшті Құдай, алсаң – балалардың алдында ал, солардың соңында қалдырып, қайғы-қасірет шектіре көрме!» деп отыратын. Егер бар құдірет өзінің қолында болса, ұзақ ғұмырын орда бұзар жасында-ақ о дүниелік болған тұңғыш немересіне және екі күннің бірінде қыршынынан қиылып жатқан қаршадай балаларға ойланбастан үлестіріп берер еді – мен бұған кәміл сенемін! Алайда бұл ғаламда өмір заңына қарсы тұрар күш жоқ қой. Қурайдың қашан сынары, кімнің қашан өлері – жалғыз Аллаға ғана аян.

«Балаң болса – бағаң өседі, қызың болса – қадірің артады, немере көрсең – несібең молаяды» деуші еді әжем. Шөбере-шөпшек сүйген үбірлі-шүбірлі қариялар мен кейуаналардың сый-құрмет, сыбаға-үлесі тіптен бөлек шығар онда. «Адам ғұмырының мәні – ұрпағында» деген сөздің ақиқат болғаны ғой. Татар дәміңді тәтті ететін де, сүрер дәуреніңнің сәнін келтіретін де – перзент қызығы екен-ау.

Әжем қайтыс болғанда, сан жылдар саялаған алып бәйтерегіміз құлап, тағдырдың бұрқасын дауылы мен өкпек желінің жалаңаш өтінде жалғыз қалғандай, қорғансыз күй кештік. Әсіресе, Ұланды сабырға шақыру қиын болды, ешбір басу айтуға көнбей, ебіл-дебілі шығып, егіле жылады. Кейін Астанада қатар қызмет ететін жолдас-жоралары жұбатпақ ниетпен: «Әй, асарын асап, жасарын жасаған әжеңде де арман жоқ шығар? Екінің бірі тоқсан беске келіп жатыр ма? Ол кісінің өлімі – қайта той емес пе? Сәл ертерек естігенімізде, арнайы ансамбль алып барып, дүрілдетіп шығарып салар едік қой!» деп қалжыңдаған екен, мұндай ойынды көтере алмаған Ұлан өкпелеп, олармен бірнеше күн сөйлеспей қойыпты.

Ауыл сыртындағы көне қорымның шетін ала томпайған жаңа моланың жас топырағы дегдіп, жанына құлпытас қойылған күні дүниеге іңгәлап сәби келді. Ұлан мамыр айының нақ ортасында туған қызының есімін Көркем деп қойды. Бұл – жер-әлем жасарып-жаңарып, көк дүрк көтеріліп, дала түгел жасыл жазираға айналған, расында да, көркем мезгіл еді. Арық-атызға сылдырай су жүгіріп, былтыр егістік ортасында қарақшы шоқпытын киіп тұрған қаданың өзі көгеріп-көктеп, қыбырлап-жыбырлаған жәндік атау­лы жаппай тіріліп, құс біткен қызығымен арбар жарық жалғанға мадақ-жырын арнап, қай­наған тіршіліктің қанбазары қайтадан қыза түсті.

Өмір жалғаса берді…