ЕЛДОС ТОҚТАРБАЙ: ӘДЕБИЕТТІ ЖАНЫ ТАЗА АДАМДАР ЖАСАУЫ КЕРЕК

 

– Елдос, биыл қазақ руханияты үшін айтулы оқиғалар болды. Бір ғана әдебиеттің үш бәйтерегінің мерейтойын алайық. Бұл өзің сияқты жас әдебиетшіге үлкен қуаныш сыйлады деп ойлаймын. Өйткені, өзіңді жаңа көзқарастағы  ғалым, шынайы ілиястанушы деп білеміз. Жалпы, Ілияс мұраларына қызығушылық неден басталды?

– Ілияс, Мұқағали жырларымен бала кезімнен таныспын ғой. Мен сол Ілияс туған Ақсу-Қапалдың топырағында ойнап өскен баламын. Тау баласы болған соң, тау мінезді Ілияс ақынның поэзиясына сонау оқушы кезімнен бері ынтықпын. Ілияс – ұлттық рухы күшті ақын. Оның поэтикалық тілі, образды һәм мінезді сөзі – бала Елдосты өзіне ғашық қылған құдірет  пе деп ойлаймын. Ілияс туралы 2011-2012 жылдан бері тұрақты жазып, хал-қадари ілиястану ғылымымен шұғылданып келемін. 2013 жылы Құлагердің 120 жылдық мерейтойы аясында Талдықорғанда республикалық студент жастардың фестивалі өтті. Фестивальге біз де қатысып, «Ғылыми жоба» номинациясы бойынша бағымызды сынадық. «Ілияс Жансүгірұлының өмір жолына қатысты кейбір мәселелер: өскен ортасы, отбасы, ұрпақтары» тақырыбында соны зерттеу жазып, жүлделі орынды иелендім. Сол кезде маған белгілі ілиястанушылар профессор Ләззат Әділбекова мен профессор Қарлығаш Сарбасовалар сәттілік тілеп, осы саладағы ізденісімді жалғастыра бер деп бағыт берді. Сол бір мерейлі сәт есіме түсіп отыр. Міне, содан бері шама-шарқымыз жеткенше әдебиеттану ғылымы аясында еңбектеніп келеміз. Әдебиеттің теориялық, методологиялық бағытынан бөлек ілиястану, сәкентану, бейімбеттану салаларында, сосын алаштану, барлыбектану салаларында да қалам тартып жүргеніміз көпке белгілі.

Рас, биылғы жыл ілиястану саласы үшін зор мүмкіндік туғызған ерекше жыл болды. Ақын ақталғаннан кейін, тура 61 жылдан кейін (1958 жылдың 12 сәуірінде ақталған) Мәскеу, Петербор кітапханалары мен архивтерінен ақынның 18 кітабы мен 73 құжаты табылды. Бұл – тұлғатану ғылымы үшін, қазақ мәдениеті мен руханияты үшін орасан зор жаңалық! Біз сол Ілияс мұрасын түгендеу, жинастыру мақсатымен арнайы ұйымдастырылған ғылыми-танымдық экспедиция құрамында болып, осындай тарихи сәттің бел ортасында жүрдік.

Ілияс Жансүгірұлының өмір жолы мен әдеби-мәдени, қоғамдық-саяси қызметін, шығармашылығын жаңаша көзқараспен зерттеуге ниеттеніп жүрмін. «Ілияс – мәңгілік сағыныш» деген филологиялық эсселер жинағын жазу жұмысымен отырмын. Бұл жинақ Тәуелсіздік көзімен жазылып отырғанымен ерекшеленеді. Жинақта совет дәуіріндегі Ілиясты тану, зерттеу мәселесі жан-жақты сөз болады. Жинақтап айтсам, бұл еңбегім ақын мұрасын жаңаша зерделеуге қосылар үлес  болады деп сенемін.

 

– Жетісудан басталған «Ілияс ізімен...» атты ғылыми экспедиция орыс жерінен олжалы қайтқанын жұрт біледі. Осы жайында аз-кем айта кетсең...

– Бұл экспедицияны ұйымдастырған белгілі ақын, қоғам қайраткері Ғабит Тұрсынбайұлы ағамыз. Алматы облысы әкімінің қолдауымен, Қазақстан Халқы Ассамблеясының мұрындық болуымен Ойтоған-Мәскеу-Петербор бағытында жүзеге асырылды. Дер кезінде ұйымдастырылған, сәтті шыққан, нәтижесі бар ауқымды жұмыс болды. Экспедицияның ғылыми құрамы Ресейдің мемлекеттік архивінде, ӘӨА архивтерінде және орыстың Ұлттық кітапханасы, Мемлекеттік кітапханасының сирек қолжазбалар мен кітаптар бөлімінде, М. Горькийдің әдеби-мемориалдық музейінің қорымен жүйелі жұмыс істеді. Бұйырса, сол табылған жаңа деректер мен кітаптарды жеке кітап ретінде құрастырып, баспаға өткізейік деп отырмыз. «Өлген – тіріліп, өшкен – жанды» деген осы. Ілияс аға «Халық жауы» болып тұтқындалғанда, туған еліндегі «шаш ал десе, бас алатын» әсіребелсенділер келешекті, арғы-бергіні ойламай, «Ілияс Жансүгіров шығармаларын жариялауға, насихаттауға тыйым салу және шығармаларын құрту, өртеу» туралы қаулы қабылдаған. Қаулы 1937 жылдың 12 тамызы күні шыққан және сол күні-ақ орындалған-ды. Міне, сол қасіретті қаулыдан соң, Қазақстандағы Ілиясқа тиесілі әдеби-мәдени мұралар туралап, қайшыға түсіп, қиылып, ақырында өртеліп кеткен. Ұзақ жылдары бойы жоғалған, өртелген дүние болып саналатын жауһарлар араға 61 жыл салып, туған жұртымен қайта қауышып отыр. Қазақстанда емес, қызыл биліктің орталық қаласынан табылды. Қайран қаласың! Қайран қалмасқа шараң жоқ. Осы оқиға ащы болса да бүгінгі бізге, кейінгі үмітті буынға сабақ болуы керек. Әйтпесе Мәскеуден келіп, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі Ілияс мұрасын, Алаш мұрасын ешкім қасақана өртемеген. Осындай тарихты тануға, өткенді зерделеуге арналған ғылыми экспедициялар жиі-жиі ұйымдастырылса, төл тарихымыз жаңа дерек, мәліметпен толығып, рухани қормалымыз биіктей түсер еді.

 

 

– Ғылымға тым жас кезіңнен аяқ басқаның байқалады. Сенің замандастарың қызық қуып жүргенде, сен уақытыңның көбін архивте өткізіп алған жоқсың ба? Бұған өкінбейсің бе?

– Сөзіңіз рас, ғылым жолына ерте түскен сияқтымын. Мектеп оқушысы кезінде сынып жетекшім, ұстазым Қарлығаш Байтоғымованың бағыт-бағдар көрсетуімен ауыл тарихын зерттеуге ден қойдым. Ауыл тарихына деген аңсарлы қызығушылығым бүткіл ел, жалпы қазақ тарихымен байланыстырып жіберді. Алғаш рет 17 жасымда архивке кіріппін. Міне, содан бері он жылға жуық уақыт ішінде алыс-жақын шет елдің архивтері мен елдегі қазына толы мекемелердің табалдырығын тоздырдым. Қазір жеке қорымда менің алдағы отыз-қырық жылыма емін-еркін жететін дерек, қазына бар екен. Алла Тағала әуелі денсаулық, ғұмыр берсе, қара тырнағымнан әл кеткенше, осы тапқан, жинаған деректерді халықтың кәдесіне жаратуға дайынмын. Көз майымды тауысып, жүрегімді жұқартып алдым демесем, басқа өкініш жоқ. Талант деген – Жаратушы тарапынан берілген несие болса, оның өтемі осы шаң басқан мұрағатқа кіру екен. Маңдайыма жазылған миссия осы болған соң, бұны өмірлік ісім деп түсіндім. Ал, қызық қуып, асыр салып жүру қолдан келеді ғой, бірақ Мұхтар аға Мағауин сықылды өзімді «соңғы қазақпын!» деп санап, бар қызықтан, қызыл-жасылды жылтырақ әлемнен тежедім. Имандай шыным – осы. Жазушының басты мұраты – әр күнін, әр сәтін тиімді пайдалану, жүйелі жұмыс істеп, өнімді жазу ғана.

Өзім де қазір студенттерге дәріс беріп, ізденуші жастарды тәрбиелеп жүрмін. Оларды ғылыммен шұғылдануға ынтықтырамын. Біздің тарихымызда түгенделмеген мұра, айтылмаған сөз көп. Советтік кезеңнің бұрмаланған оқиғаларын шынайы ашып жазу керек. Беймәлім тұлға қаншама! Санасаңыз саусағыңыз жетпейді. Сол тұлғалар өз зерттеушісін күтіп-ақ тұр. Шаң-тозаңның арасынан аршып алу керек.

 

 – Үміт күттіретін прозашысың. Әрі әдебиет сыншысысың. Бұл екеуінің басы бір адамның бойында қалай тоғысады екен? Жалпы, қазір не жазып жүрсің?

 – Қазақ әдебиетінің немесе әлем әдебиетінің арғы-бергі тарихына көз жүгіртсеңіз, өлең жазып та, сын айтып та я болмаса қарасөзбен проза жазып та бір бүтін болған қаламгерлер өте көп. Мысалы, қазіргі уақытта арамызда жүрген Мұхтар Мағауин, Бексұлтан Нұржекеұлы, Құлбек Ергөбек, Бекен Ыбырайым сынды алдыңғы толқындар әдебиеттің барлық жанрына жемісті еңбек еткен қалам қайраткерлері. Біз, алғаш қолға қалам алып, өлең жазудан шығармашылық жолды бастағанда, ұлы атам – Тоқтарбай Аққұлұлының аманатты сөзін қаламгерлік серт деп ұққан едік. Аманат арқалап, жазу жолына, әдебиет ісіне, ғылым әлеміне келдік. Осы күнге дейін жазып келгеніміз – сары ауыз балапанның алғашқы қадамындай ғана балауса қаламның өрнектері. Ендігі кезең – жігіт жасынан асқан, ақыл тоқтатып, жүрек сөзін кемелдікке жалғаған шағымның арнасы. Таңдайыма тәтті сөз түссе, оны елімнің игілігінен аянып қалар жерім жоқ. Прозашы болып, қарасөзбен совет заманында ұлтымның тартқан мехнатын жазу – өмірлік мұрат, перзенттік міндет. Жұрт мені көбіне зерттеуші деп біледі, солай танитын сияқты. Әдебиеттану - мамандығым болған соң, негізгі қызметім деп ұғамын. Ал, жазушылық жол, жазушы атану үшін еңбектену керек, өзімді-өзім үнемі қамшылап, мұратыма жеткізуім керек.

Бұйыртса, алдағы бір-екі жылда оқырман жұрт, әдебиеттегі тілекші аға-апайларым мүлде басқа Елдос Тоқтарбайды көреді деп ойлаймын. Бұл жазушылық өнерге біржола ден қойған, тарихи тақырыпты өмірлік мұратына айналдырған, өзінің тақырыбы мен стилін қалыптастырған жас қаламның жүрек сөзі болмақшы. Әдеби сынға, әдеби процесске белсене араласу, диагноз қою, болжам жасау –  оқыған-тоқыған мамандығымның атқарар жұмысы.

Қазіргі күні балалар әдебиетіне арнап біраз жаңа хикаят, ертегі жазып, жас достарыма ұсынсам деп отырмын. Сын саласында мерзімді басылым, медиакеңістік, радио, телеарна болсын айтып та, жазып та жүрмін. Бұл бағыттағы ізденісімді алдағы күндері де жалғастырамын деген ойым бар.

 

– Осы бізде әдеби ортада сынды қабылдау мәдениеті бар ма? Оны қалыптастыру үшін не істеуге болады?

 – Былтырғы 2018 жылы, эстет қаламгер Асқар Сүлейменовтің рухына арнап «Әдебиеттегі мәдениет» деген көлемді этюд жаздым. Сол еңбегімде әдеби ортаның сын қабылдау деңгейі, әдеби сынның миссиясы мен міндеті, функциясы туралы, сосын қазіргі қазақ әдеби процестің даму перспективасы мен тенденциясы жайында біраз ой топшылаппын. Анық байқағаным: әдеби-мәдени, ғылыми ортаның өкілдері деп жүрген зиялыларымыздың өзі бірін-бірі оқымайтын, жаңа туынды туралы жақ ашпайтын сараңға айналды. Бала көңілді халықты сұлу сөзбен сылап-сипауды әбден меңгерген қаламгерлер бәрін бүлдіріп болған. Іші тар, қызғаншақ ортаның бір әдеті – үндемей ғана құтылу. Осы үнсіздіктен, оқыса да оқымаған адамның кейпіне енген атағы дардай әдеби ортаның екіжүзділігінен  қаншама талантты асылдар баз кешіп, тауқымет тартып, ішқұса боп, өмірден өтті.  Солай...  

Баяғыда «Әдебиет – ардың ісі» деген сөз болатын-ды. Әдебиетті жаны таза кісілер жасағанда ғана қоғамда ізгілік пен мәдениет орнайды. Онсыз бәрі бекер сияқты. Әркім өзінен бастағаны дұрыс.

 

Әлеуметтік желідегі жазбаларыңда әділетсіздік үшін күйіп, әдеби шараларға байланысты жиі сын айтасың. Мұны орта қалай қабылдайды? Ал өзіңе айтылған сынға төзімдісің бе?

 Бүгінде әлеуметтік желінің рөлі сұмдық, қауқары бар. Рас, Facebook желісіндегі жеке парақшамда жиі-жиі сын жазып отырамын. Қоғамға ой салу, жаманнан жирену керек екенін ескерту мақсатында. Қазақстандағы әдеби байқаулардың бәрі қазір рулық, жершілдік, жікшілдік ауруынан алысқа ұзамай тұр. Мүшәйра мен әдеби байқаудан көп нәрсе жоқ. Бірақ содан өскен, дамыған әдебиет бар ма? Белгілі бір топ қалыптасқан, үнемі сол топтың сойылын сойып, «ағалап», «жағалап» жүргендер тұғырдан шығып, марапаттан марапатқа қол жеткізіп жатыр. Жоқ, қарсы емеспін, алсын, жетсін. Бірақ, сол жүлде алғыш қыз-жігіттердің ендігі сәтте шын әдебиеттің хал-ахуалын ойлайтын кез жетпеді ме? Әдебиетке өлшем болып, өздерін рулық, жіктік ұғымның көсеміне айналдырған үлкендер әбден маңайын бүлдіріп бітті. Ашық айтсаң – өкпелеп, реніш артады. Соған қарсы тұрар күш бола ма екен? Рушылдық психологиядан арылмайынша,  біз біртұтас ұлт, мүддесі бір ел бола алмаймыз.

      Сын – шын болса, өсіретін жанашыр ниетті болса, қабылдап, соған иланамын. Өзім де сын айтып, әділін тура айтуға дағдыланған соң, ашық сынға қарсы емеспін. Сын – қайрақ. Ол мінезіңді жанып, кемшілігіңді түзейді. Сыннан қорқу – осалдық, мойынсыну – парасаттылық.

 

– Адамның руханиятқа қызмет етуі, мемлекетшіл болуы тегіне, өскен ортасы, білім алған ордасы, ұстаздарына да байланысты ғой. Жетістікке жеткенде, даңқ биігіне шыққанда Елдостың ойына не оралады екен?

– Жетісудың Көксуында туған ұлдың маңдайына нағашы жұрты – Қапал-Арасан баурайында өсіп, Ақсу топырағында ер жету жазылған екен. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» демекші, біздің бойымыздағы асыл қасиет сол – нағашы жұртымнан дарыған-ды. Үлкен атам, осы күні мен оның атын тегім ретінде жаздырып алған – Тоқтарбай ақсақал баталы сөзді, иманды, көкірегі толы қазына кісі болған екен. Нағашы әжемнің де сүйегіне сөз қоныпты. Анам да өлең жазып, ой толғайтын, сөздің төркінін, табиғатын түсінетін жан. Бала кезімнен мені үй іші «жазушы» деп санап, «журналист» болғанымды қалайтын. Үйдегілердің алқауымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журфагына тапсырған едім, бірақ, өмірімнің компусы 180 градусқа өзгеріп, сонау шалғайдағы Торғай өлкесіне аттандым да кеттім. Аядай ғана Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы пединститутта оқып, сол қарашаңырақтың түлегі болдым.

Арқалық – менің бағыма жазылған қала. Менің жүрегіме өшпес із қалдырған, қаламымды қатайтқан, өмірлік арман-мұратымды бағыттап, көзқарасымды кеңейтіп, дүниетанымымды қалыптастырған қасиетті жер. Сол ұлт ұясы болған Торғай топырағында оқып, Алаштың ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Нәзипа Құлжановалардың рухынан тағылым алып, қамқор ұстазым, туған әкемнің орнын басқан айтыскер ақын, профессор Айбек Қалиевтің ғылыми мектебінен шыңдалып, Алаш жолына түскенімді абырой санаймын. Мен оқыған Арқалық пединституты – Қазақстандағы педагогикалық оқу орындарының ішіндегі білікті кадр, сапалы маман даярлап отырған жоғары мектеп. Осы оқу ордасында оқығанымда доцент Ардақ Абдуллина, профессор Гүлбаршын Конкина, марқұм ыбырайтанушы Роза Халыққызы сынды ұстаздардың жақсылығын, тәлімін көп көрдім. Сөздің шынын айтсам, Арқалық та, Арқалық пединституты да Жетісудан оқу іздеп келген ұлдың мәртебесін асырып, беделін арттырды. Болашақ әдебиеттанушы, сыншы ретіндегі қабырғамның негізі сонда қаланды. Осы оқу ордасының баспаханасынан 2013 жылы алғашқы зерттеу еңбегім – «Қайраткер, ғалым, қаламгер Ахмет Байтұрсынұлының әдеби мұрасы»  (Доцент А. Абдуллинамен авторлық бірлікте), сосын 2015 жылы «Мен де АрқМПИ түлегімін...» деп аталған публицистикалық және әдеби толғаныстарым жеке кітап болып институт ректоры профессор С. Қуанышбековтың қолдауымен шығып еді.

Жалпы, мен Жетісудан Арқалыққа барғанда алдымда бір ғана мақсат болды. Ол – 1 курстың соңына дейін осы топырақтың тарихын, әдебиетін, мәдениетін тегіс білу, тұлғаларын тану, ау-жайын ұғыну. Сол мұратыма жеттім. Қазыналы Торғайдың тарихына ынтызарлық көзбен қарағанымда, «балам» деп бауырына қымсынбай басқан-ды. Сондықтан студенттік жылдар – оқуға, ізденуге берілген жауапкершілігі мол кезең.

Сосын анық бір байқағаным: адамның білім алуына университеттің беделі өлшем де, көрсеткіш те бола алмайды екен. Адамның өзіне, ізденісіне байланысты. Біз оқыған АрқМПИ оқу орны – тұйық қаладағы жалғыз жоғары оқу орны еді. Сол оқу ордасында алған білімім мен жинаған тәжірибем ұлттық университетті бітірген таныстарымның білімінен бір елі кем емес екеніне сендім.

 

- Рахмет, Елдос. Өркенің өссін!

Сұхбаттасқан Гүлжан Амангелдіқызы