ДАНИЯР САЛАМАТ. КЕЛІНШЕК ПЕН ШАЛ

Сұқ саусағына ине тығып алды.
Ашуы лықсып, буырқанып, лап етіп шекесін қысты. Шалдың ары бұрылып, кетіп бара жатқандағы қалпы көз алдына келді бірден. Қушиған жауырыны, еңкіш тұрпаты. Қарсы бет­тен мол құйыл­ған жарық оның басын орап жұтып, мұның көзін қарықтырған. Қабырғасы ыржаңдап, тозып, ақ ұлпа қабыршықтар түтеленген арқа терісі босай түскен болар деп ойлаған бұл.
Әлгінде ғой, бұған жейдесін әкеліп берген. Жапсырма қалтасында саусақ сиятындай тесік пайда болған екен. Соны тікпекші болыпты. Көзілдірігін таба алмай бұған сүйреп келгені екен. Бұл қайбір тігінші. Сұқ саусағына ине пісіп алып соны сығымдай ұстап сазарып отыр енді. Инені өзі отырған төсегіне тастай салған. Қара жібінің құйрығы иретіліп жатыр жалтылдап. Күтіп.
Инемен адам өлтіруге бола ма екен деп ойлады бұл. Лап етіп көтерілген ұшпа ашумен қабат­таса келген ой.
Келіншек қара құйрығы иретіліп, жылтырап жатқан инені шымшып алды да, сол қолының сұқ саусағына ілді. Сөйт­ті де саусағын айналдыра қысып, инені орап тастады. Бас бармағымен жіптің ұшын буналып, буылтықтана тырсылдаған саусағының бауырына жапсырып қыса қойды. Ақырын орынынан тұрды. Жан-жағына қарап, сипақтап аз тұрды да, ауызғы бөлмеге бет­теді. Сұқ саусағы жансызданып, суып бара жатқандай.
Шал алаңсыз ас үйдің кранының алдында теріс қарап тұр екен. Қолын жуып жатыр бипаздап. Келіншек оның қолын қолжуғышқа емес, асүйдің кранның астына жуатынын бұрыннан жақтырмайтын. Тіпті зығырданы қайнаушы еді, бірақ тіс жарып, ол қылығы жөнінде ләм демеген.
Келіншек шалды ту сыртынан құшақтады. Шал қос шынтағын керіп, қорбия қалды:
– Не болды?
Кергуін. Келіншек кідірген жоқ, қапелімде оң қолының шынашағымен жүрек тұсын бағамдап үлгеріп, қолындағы инесін шалдың қабырғасының арасына енгізіп жіберді де, қолын тез тартып ала қойды. Жіп саусағын сыра тарқатылды. Шал шоршып кет­ті де, бүктетіле құлады. Ағы аз, сұйық, ұзын шашы желп етіп, шүйдесімен жалтарып үлгермеген мұның маңдайын жанап өт­ті.
Келіншек арықша еді. Қуыршақтай ғана-тын. Толып кетуден қат­ты қорқатын келіншек. Шал жатын бөлмесіне кішкене таразы алдырған. Бұл күніне бір-екі рет соның үстіне шығып-түсіп кетеді. Сол замат­та салмақ жинап алғанына сенбесе де сөйтеді. Әдет. Шал қалыптастырған ғадет. Ол қорқынышты емес. Қорқыныштысы – шал таразыны бұзылып қалды деп бір күні күресінге шығарып тастай ма деген ой.
Келіншек және түннен қорқады.
Шал жатын бөлмеде шалқасынан түсіп, телефонын қарап жатқан. Шал және газет оқиды. Жұмасына бір рет көлденең көшеге шығып сондағы газет киоскісінен қобыратып бір құшақ газет сатып әкеледі. Сосын оқиды. Шай ішіп отырып та оқиды. Балконның жақтауына сүйеніп тұрып та оқиды. Жатып та оқиды. Кейде шай үстінде шал оқып жатып, газетін төмен түсіріп бұған бажырая қарайтын. Келіншек қорқақтай, қинала күлімсірейтін сонда:
– Не болды?
Шал кірпік қақпай бұған қадалады:
– «Қазқармет­ті» жекеге ала салуым керек еді, әкиң…
– Ол не?
– Ол – атаңның басы!
Жынды. Шал газетін қайыра қолына алады.
Келіншектің ашуы лықсып кеп шекесін тебеді. Бірдеңе дегісі келеді-ақ, бірақ шал бетін алабажақ газетімен бүркеп алады ондайда, өзін әзер тежейді бұл. Тежемегенде не істей алады? Осы шал жынды. Түсінбеген соң сұрайды да енді? Сұрап білмей ме «Қазқармет» деген бәленің не екенін?
Шал жатын бөлмеде шалқасынан түсіп телефон қарап жатқан. Айқайлап мұны шақырды:
– Қуыршақ!
Еркелеткен түрі. Жақсы көрген түрі.
– Ау?
– Бері кел!
Бұл ұшып жетеді:
– Ау?
– Мысығыңды сау… Кел мұнда…
Жынды шал. Сөзін қара. Аяқ астынан бұзылады осылай.
Шал аяғын қостөсектен салбыратып отыр екен. Аяқ ұшына төртбұрышты кішкене таразыны тақап қойыпты:
– Семірдің-ау…
– Кім мен бе?
– Енді мен емес шығармын.
Шал осы сөзді айт­қанда дауысында ерекше мақтаныш тұрады. Оны бұл сан қайталаған. Иә, шал арық болатын, денесінде қырым артық еті жоқ еді. Иығы қушиып, кеудесі ішіне кіріп тұрады. Мойны қатпарланып, тарамыстары сыртқа керіп, терісі қызылшақа бір реңде жүретін еді. Кейде жүнін жұлған тауықтың мойнын елестететін. Шалдың бойын тіреп тұратын артық ет­тің жоқтығынан ба деп ойлайды бұл, сәл еңкіш-тін.
Шал сәнді киінгенді жақсы көреді. Базарға жалғыз барып қызылды-жасылды түрлі киімдер алып келетін. Сосын үйдегі кісі бойы айнаның алдында әлгі киімдерін кезек киіп, ұзақ ойқастап жүретін. Сирек шашын ары-бері сілкілеп, мазасы кететін.
Сол кез­де келіншек сырт­тай бақылап отырады. Ауық-ауық мақтау сөздерін де айтып отырады. Шал еңкіш бойын жазып, жаңа киімімен әрі-бері жүреді. Құж табан жаңа топлиы үйдің паркет еденін сыра соққылайды. Келіншек мақтайды. Шал келесі киімін кию үшін үстіндегі алқызыл кеудешесін шешкенде, келіншек оның олақтың сылағындай салбыраған кеудесін, шалбарланған кәрі терілі қарнын көріп қалады.
Шал аяқ ұшына төртбұрышты кішкене таразыны тақап қойыпты:
– Тұр мұнда!
Келіншек басқа сөзге келместен аяғындағы жеңіл тәпішкесін шешіп, таразының үстіне шықты. Шал теріс қарап тұрған келіншектің бөксесінің тасасынан мойнын созып, таразының жылтылдай ауысып жатқан сандарына қарады:
– Семіріп кетіпсің?
– Қалай?
– Солай!
– «Елу бес» деп тұр ғой!
Шал шарт кетеді:
– Айтпадым ба, таразы бұзылған деп… Семіргенсің…
– Семірмедім…
– Міне, мында қара…
Шал алдында таразының үстінде теріс қарап тұрған келіншектің етегін сәл көтеріп, қылтасынан уыстай шымшиды:
– Міне, мынау екі жарылып тұрмау керек!
Келіншектің дауысы жыламсырай шығады:
– Қайсы… Екі жарылып тұрған жоқ қой… Салмағым елу бес келі, көп пе?
Шал әлі де таразының үстінде аяғының астындағы жылтыраған «сипырлардан» айырылғысы келмей тұрған келіншекті шынтағымен итерді:
– Таразы бұзылған….
Келіншек кішкене төртбұрышты таразыдан түсуге мәжбүр.
Келіншек және түннен қорқады.
Кеш түссе шал қаракөлеңке жатын бөлмеде өзінің аяқ тұсындағы шағын кебежені ашып, ішінен әлдебір қызыл жапсырамасы бар құтыны алады. Сосын сол құтының түбінде жабысып тұратын ағаш қасығын алып, құтының ішіндегі қоймалжыңды асықпай, баптанып отырып араластырады. Араластыра бастағаннан жұтына бастайды. Сосын оны әлгі ағаш қасығымен іліп алып асап жібереді де бұған қарайды. Бұл бір стакан жылы су ұсынуы керек сол сәт­те.
Бүгін келіншекке бір ой келген. Шал бұрын қуатын көбейту үшін «виагра» ішетін. Кейінгі кез осы қызыл жапсырмасы бар құтыдағы қоймалжыңға құмар болды. Қатырма қағазға жапсырылған сопақша, көкшіл түсті әлгі дәрісі асүйдегі шкафтың жоғарғы қатарында ұмыт қалған. Келіншек оның бір талын қатырма қағаздың бауырынан босатып алып, кішкене тәрелкеге шай қасықпен тұқыртып отырып ұнтақтады. Сопақша дәрі бұлтылдап әрі-бері қашқанымен келіншек құтқармады, түгел үгітіп болып, сопақша сусынға арналған ыдысқа төкті. Көкшіл ұнтақ ыдыстың қабырғасын тозаңдатып жалап барып түбіне жайыла қалды. Оған аз үңіліп отырды сосын. Аз көрінді. Тағы бір дәріні қағазынан босатып алды. Оны жан-жағына жалтақтай отырып, асығыс үкті. Шал қоймалжыңын ағаш қасықпен араластырып отырған ол кез­де. Келіншек газда тұрған шәйнекті алып, әлгі ұнтақ шөккен ыдысқа су құйды. Шәйнек толық суып үлгермеген екен, ыдысты қысқан сол алақанына жылу жүгірді.
Қоймалжыңын ұрт­тап, ұрты томпиып отырған шалға келіншек ыдысындағы сәл көкшіл ұнтақ арпалысқан жылы суын ұсынды. Шал кідірген жоқ, стақанның белуарынан келген суды сіміріп салды.
Шал сосын төсегіне шалқалап жатып шешіне бастайды. Жеңіл футболкасын сыпырады әуелі. Сосын жауырынын мамық төсекке тіреп, бөксесін көтеріп, спорт­тық шалбарын шешеді. Онымен бірге лыпасы қоса кетеді. Олардың басын ажыратып жатпастан қасындағы кебежеге лақтыра салады. Онысы сыпырылып жерге құлайды. Шалға ол ұнамайды. Лыпасы бауырында кеткен шалбарды қабырғасы ыржаңдап тұрып келеді де, қайыра екі бүктеп, жайғастырып төсегіне бұрылады. Төсегіне барып сұлап түскенше келіншектің көңілінде шалдың тозған жалаңаш тәніндегі олақтың сылақтары іркілдеп тұрады…
Шал қасына келіп, шалқалай жатқан келіншекке сөз де арнамай, көңіл де аудармай аз жат­ты. Тұт жалаңаш. Сосын қырынан аударылып, одан төмен ысырылып, келіншектің белуарына кет­ті.
Шалдың мұрты әуелі кіндік тұсын түрткіледі. Сосын қиялап санына барды, тізе айналып шапқа өт­ті.
Келіншек тістеніп жатыр. Қос жұдырығына жайманы жұмарлап қысып алды. Мұрты түрпідей еді шалдың. Шал көп темекі тартады. Темекінің түтінін ішіне сорып, сыздықтата ­қа­­­­­й­­ы­­ра сыртқа босатқанда тікенек мұрт талдарының арасын сыздықтаған түтін аралап бара жатқанын бұл көретін… Мүмкін солай сезінетін… Неге сүзгі болмаған, неге батпаған мұрт еді бұл деп ойлаушы еді келіншек… Сол мұрт шабын сызып өрлеп келеді. Өрлеп келіп суатқа тоқтағандай кідірді.
Келіншек астындағы ақ жайманы тартып, жұдырығына бір орап алды. Ақ жайма тартқан қолы жамбасын екі жақтап қысты. Жұдырығы батып барады жамбасына.
Шалдың мұрты мойынын қажап жатқан бұл кез­де. Бұл оның демін жұтпау үшін басын қырын бұрып, көзін жұмып алды. Шалдың мұрты бірде – мойнына, бірде – иығына қадалады. Бір кез­де самайына барып үйкелген мұрт қат­ты жабысты да, ажырап кет­ті.
Шал қайқая беріп, дем жетпегендей ауызын әңірейте ашты да сылқ түсті.
Қимылсыз қалды шал.
Келіншек үстіне ит­тің терісі құлағандай тыжырынып, жансыз шалдың денесін үстінен аударып тастады.
Ертесі келіншек базарға шықты. Таразы сатып алмақ. Тура осындай кішірек тек салмағын қадағалап отыратын. Үйдегідей. Бірақ қытайдікін емес, сапалысын. Батыс елдердің бірінің шығарғанын алмақ. Орыстікі де керек емес. Олар таразы шығара ма екен өзі? Сенім жоқ.
Бұл базар баяғыда құйтақандай болатын. Қазір кеңейген. Тіпті шеті мен шегін бағамдап болмайды. Мына қатардың аяғына жеткен соң темір шарбаққа тірелетінсің бұрын. Қазір сол шарбақтың қаңқасы ғана бар, ортасын сойдақтатып, шарбақ талдарын қалай болса солай қисайтып, ашып тастаған. «Одан да шарбақты түгел алып тастасашы, мына араның сиқын кетірмей», – деп ойланасың еріксіз. Ар жағы бір-біріне иық тірей орналасқан жыпырлаған тұрғын үйлер еді. Енді олардың да арасына сауда қатары сыналап базарға сіңіп кетіпті…
Келіншек әйтеуір бір қатарға түсті. Шамалап жүріп келеді. Ләпкелерінде теріс қарап, әлденеге айналып тұрған сатушылар бұл жақындағанда бері айналып, жүзіне үміт­тене қарайды:
– Не іздедіңіз?
Келіншек жауап бермесе, көңілі қалатындай көреді олардың:
– Таразы…
– Таразы?
Сатушы жақтырмай теріс айналады, келіншектің көңілі қалады демейді.
Келесі сатушы да үміт­ті:
– Не іздедіңіз?
– Таразы…
Сатушы жақтырмай қалады:
– Немене?
Келіншек:
– Таразы…
Сатушы қолын бірақ сілтейді. Келіншекке наразы. Мұндағы бар зат­ты іздемей, таразы дей ме, құлаққа кірмейтін бірдеңе іздеп жүргеніне наразы.
Келіншекке ол аян. Сұраған – өздері, сөздерін жауапсыз қалдырғысы келмеген – бұл. Болмаса, бұл олардың жүйкесіне тигеніне қысылып та келеді. Осы қатардың аяқ жағында көр-жер сатылуға тиіс, сонда болуы керек таразы.
Келіншек іздеген таразысын ол жерден таппады. Ол жерде тек мұның жатын бөлмесінде тұрғандай, арзан таразылар сатылады екен. Көптің жол сілтеуімен базардан қиыс, оқшаулау тұрған әйнек үйден тапты қымбат таразы. Бауырында бедерленген «иизи» жазуы жарқырайды.
Сатушы сұңғақ бойлы, құс мұрын, арықша жігіт екен, немқұрайды орнынан тұрып, жеңіл таразының сыртындағы жылтырағын үнсіз сыпыра бастады. Қысқалау алдырған сәл толқынды көмір қара шашын солға қарай жылмита тарап алыпты. Шашының ары қайырылған шекарасы ағарып, айқын көрінеді, сірә жіңішкелеп қырып қойған-ау. Келіншек ақшасын төлеп болған соң, жігітке қиыла қарайды:
– Дұрыс жұмыс істей ме?
– Немене?
– Таразыны айтам…
– Өлшеніп көресіз бе?
– Көрейін.
Сұңғақ бойлы, сымбат­ты жігіт таразыны келіншектің қолынан алып, аз шұқылады да, жерге қойды:
– Шығыңыз? Айтпақшы, салма­ғыңыз неше?
Келіншек аз мүдіріп, сенімсіз жауап берді:
– Елу… елу бес…
Сымбат­ты жігіт мұның бетіне аз қарап тұрды да, қабағын түйді. Қою қастарының арасынан қос сызық пайда болды:
– Елу… бес?
– Иә…
– Келіңіз.
Келіншек сындырып алмайын дегендей ақырын оң аяғын қойып, сәл салмақтап тұрды да, сол аяғын еппен жиып, таразыға шықты. Таразының бүйіріндегі әйнекшеде жасыл сандар сапырылыса жөнелді де, «елу бес» деген санға тоқтады.
Жігіт­тің қабағы жазылып сала берді:
– Иә, елу бес екен!
Келіншек білінер-білінбес күрсінді де, таразыдан түсті.
Шал үйде пайда болған жаңа, сапалы таразыға мүлде мән бермеді. Келіншек ескі таразыны былай ысырып, орнына жылтыраған, жаңа мүсіндегі жаңа таразыны жайғастырып жатқанда да мойын бұрып, назар тоқтатқанымен, ләм деп ауызын ашқан жоқ.
Келіншек ескі таразыны көргісі жоқ. Оны бір жаққа жоғалту керек. Үйде тұрса, қай жерге тықса да көкірегінде күдік болып, кілкіп тұратынын сезді. Сол себепті көзін құртқаны дұрыс. Лақтырып жіберуі керек. Келіншек таразыны біраздан соң қоқысқа апарып тастармын деп шешті. Көңілі әлденені қалайды. Нені екен? Таппады. Сол себепті шай ішем деп шешті келіншек.
Таразыны көтеріп апарып, әзірге тоңазытқыштың үстіне апарып қойды. Келіншектің бойы кішкентай. Өзі қуыршақтай. Таразыны басынан асыра әрең көтерді де, тоңазытқыштың төбесіне іліктірді әйтеуір.
Көңілі көтеріліп қалғандай ма? Ыңылдап ән айтып жүріп, шай жасады. Сосын шалды шақырды шайға. Шалдың орны тоңазытқыштың бауырында еді. Тоңазытқышқа арқасын тіреп отыратын. Бергі бүйірінен ас үстелі қысып тұратын еді.
Шал шайға келді. Үстінде футболка. Бұтында – шеңіл шолақ шалбар. Кейде ши бұты бүгіліп, осы шолақ шалбармен сыртқа шығып келеді. Бұл шолақ шалбар шалға тіпті де жараспайтын еді. Көкшіл тартқан жіңішке тамырлар аралаған тозаңды балтыры, шіркін, көрінбей шалбар жасырып тұрсашы деп ойлайтын бұл. Шал олай ойламайды. Сол себепті де сирағы сидиып, қорбитып шолақ дамбал киеді.
Шал тоңазытқыштың бүйіріне арқасын сүйей отырды. Қобыратып газетін сүйрей келген. Оны үстелдің шетіндегі алма толы шұңғылдау ыдыстың үстіне жайып қойды. Сосын ұмсынып келіншек ұсынған шәшкесін ала бергенде, бағанадан үнсіз тұрған тоңазытқыш дүр сілкінді. Шәшкесін іліп, орындығына құйрығын нығырлай берген еді шал. Биік тоңазытқыштың үстінде әзер ілініп тұрған кішкене таразы тайып кет­ті де, бар салмағымен төмен зулап кеп, шалдың төбесіне сарт ете қалды. Шалдың мойны қалақтай еді. Иегі кегжең ет­ті де, маңдайын ас үстеліне соқты. Таразы аунап ары кет­ті.
Келіншек мелшиіп отыр. Шайым суып қалды-ау деп ойлады сосын.
Шалдың мойны бұралып, шүйдесі бері қарап ас үстеліне жатып қалған. Ас үстеліндегі төгілген шайға қара қошқыл қан қатарласып, сүйкене жылжиды бірге.
…Шал жатын бөлмеде шалқасынан жатыр. Ұйықтап кеткен тәрізді. Кеудесі ақырын көтеріліп, басылады. Бетін жаялықтай қарала газетпен жауып алған. Газет­тің бүктеу тұсынан шашырай қашқан шашы сығалайды.
Шал бес жыл бұрын зейнетке шыққанын айта кетейік және…