ШОЙБЕК ОРЫНБАЙ. БАҚИДҮНИЕДЕН СОҒЫЛҒАН ТЕЛЕФОН

Таулы өңірдің суық сұсы бойларына сіңіп кетсе де үшеудің көңілі алаң. Бұршақтан бұққан торғайдай бұқпантайлап, әлденеден сескенеді. Бұлар шикіөкпе жандар емес, адам қанын көрген, өлімді көзалдынан өткерген. Соған қарамай, жүрек құрғыр тым секемшіл, тым үркек. Соның әсерінен кеуделерінде аздаған діріл бар. Әйтсе де онысын бір-біріне сездіргісі келмейді. Бұрын қауашақ бастарына дәл осындай қорқыныш сезімі ұялап көрмепті. Осы ретте, тап осы тапсырманы орындауға аттанарда үшеуі де ажал туралы мүлдем басқаша ойлады. Бойларын үрей биледі. Мына жарық дүниенің қасиетін енді сезінгендей, енді ғана түсінгендей, енді білгендей. Ет пен сүйектен жаралған, екі аяқты пенде болған соң осы да... Әсте өлім шіркін, түптің түбінде бір қорқытары анық. Сол қорқыныштың бүгінге дөп келгенін қарашы...

Күзгі салқын жел аңғарларды қуалай соғып, үрей шақырып, ысқыра уілдейді. Осы сәтті пайдаланған үшеу – дұшмандардың тасаланған  орындарын қолдарындағы картаға белгілеп әуре. Тапсырманы мүлтіксіз орындауы керек. Бұйрық солай.

Бұлардың араларындағы командирі жиырма екі жастағы лейтенант – Ермахан Зұлпықаров. Сержант, тәжік жігіті Камилдин Сержияпов болса енді ғана жиырмаға толған. Өмірдің ащы-тұщысын көбірек көргені прапорщик – Әлхан Беркінбеков. Екеуінен әлдеқайда ересек. Дегенмен оның да көңілі алай-дүлей. Әйткенмен, «Біз Кеңестер Одағының жауынгеріміз» деген асқақ сезім бойларына ептеп күш-қуат беріп тұр. Үшеуі де сұңғақ әрі мығым денелі. Оқ пен оттың өтіне төселіп қалғандар.

Лейтенант дүрбісін кілт төмен түсіріп, Камилдинге бұйыра сөйледі.

— Сержант, байқадың ба, қарсы алдымыздағы шоқының бел ортасында әлдеқандай үңгірлердің белгісі бар секілді. Мұқият белгілеп ал! Бізге берілген арнайы тапсырманың өзі дұшманның жасырын орындарын дәл анықтау екенін ұмытпа.

Құп болады!

— Прапорщик Беркінбеков, анау қойтасқа қарай еңбектеңіз. Ол арадан аңғарды мұқият бақылауымыз керек. Сақтық қажет, бір-бірлеп барамыз.

Сержант командирінің бұйрығын ұғынып, жасырынған жерінен әрі қарай шалқалай аунап түсті де, жер бауырлап, қойтасты бетке ала еңбектеді. Сәлден соң прапорщиктің өзі екінші тұстан домалай аударылып, ол да еңкейген күйі ентелей жөнелді. Сержанттың қимылын бақылап: «Қап, мынаны-ай, көзге ілігіп қалмаса жарар еді» деп күбір етті.

Кезек лейтенанттың өзіне келген. Ол картасын тері планшетке мұқият орап салып, айналасын тағы бір шолып, сол жақ тұстан етпеттей сырғып, серіктеріне қарай аса сақтықпен жыланша сырғып жылжыды. Осы сәт: «Аман қайтар ма, екенбіз» деді ішкі бір дауыс, әлдеқандай бір түйсік. Лезде солай ойлап, маңдай тұсынан кездескен сандықтай дәу тасты айналып өте бергенде, жүрек құрғыр, әлденеге зырқ етті. Кенет... құлақ тұндырып әлдене гүрс-гүрс жарылды. Жарылыстың екпінімен Ермахан кескен теректей шалқасынан сұлап түсті. Серейген күйде не болғанын түсіне алмады... Денесі селкілдеп, тітіркенді. Көз алдын қызыл-жасыл жарқыл басты... Жанұшырып: «Оһ! – деген өз дауысын естімеді де. Тосыннан болған гүрсілге жалт қарасқан екі серігі селт етіп, оның минаға ұрынғанын анық байқады. Бұрқ етіп шаң көтерілді.

— Оһ, жалған-ай! Қырсық басты-ау! – деп ұмтыла берген Камилдинді прапорщик аяғынан тартып, жалп еткізіп жерге құлатты.

Жат, жылдам! Ажалыңа асықпа. Лейтенанттан айырылдық, біржола... Оның өзіне...

— Камилдин оған бажырая қарады.

 — Не дедіңіз? Не айтпақшы болдыңыз? Жап-жас қой, ол... жап-жас...

Неге екенін өзі де білмейді, лейтанантты прапорщиктің суқаны сүйе бермейтін. Оның әлгінде минаға ұрынғанын тез аңғарып: «Оның өзіне сол керек» дей жаздады. Сөйтті де тілін тістей қойды. «Сержантқа да сыр білдірмеу керек, әрине».

— Бұл оған тура келген ажал ғой. Бізге де Құдайдың өзі сол ажалды жібергенше асықпайық та, сержант.

Бұлардың тіл қатысуы тым қысқа болды. Соны күткендей екеуі тасаланған қойтастың маңайына оқ жаңбырша жауып кетті. Дұшмандардың кіжінген дауыстары да құлақ түбінен естіліп жатты. Мұндайда кім қарап тұрсын... беталды бей-берекет атыс басталды. Бірақ, ол көпке ұзамай, аяқ астынан сопаң етіп пайда болған, аузы-басын орамалмен орағандар екеуін орындарынан тапжылтпай басып қалып, оп-оңай қолға түсірді. Бойды үрей билеп алған соң жөнді қарсылық көрсету де мүмкін емес еді... 

***

Қолға түскен тұтқындарды екіге бөліп жіберген-тін.

Дұшмандар алдымен бет-әлпетіне қарап, түп-төркіні нәсілдес екенін байқап, Камилдин Сержияповты құйтырқы сауалдың астына алған.

Қай мұсылмансың?

Тәжікпін.

Е, онда қандасым екенсің. Шиітпіз ғой. Ал, анау минаға ұрынғаны ше?

Қазақ.

— Е, ондай жұрт біздің елде де бар. Өздері ауып келген мұнда, еліне сыймай... орыстан қашып... Ол қазағың немене, командирлерің бе?

Иә, солай.

 Сенің жаныңдағы ше?

— Ол да қазақ.

— Немене, елдеріңде қазақ көп пе?

— Бұрын көп болған деседі. Қазір анау айтқан көп емес. Біразы орыстанып кеткен, қазақша білмейді.

— Өзің тәжікше білесің бе?

— Шүкір, аздап білемін.

— Неге олай?

— Жетім өстім. Балалар үйінде тек орысша оқыдым.

— Ім... Орыстың елінде ешкімің жоқ екен ғой.

— Неге бұлай сөйлейсің? Тәжіктердің де отаны сонда. Бірақ, туған-туыс, бауырларымның жоғы рас. Тағдырым солай...

— Бәрібір ол орыстың елі. Бәрін солар билеп тұр. Олар кәпірлер. Сендерді де кәпірге айналдырды. Сен мұсылманмын дейсің. Өзің мұсылманның қанын төгіп жүрсің. Мұның қалай? Бұл кешірілмес күнә, Алла алдында.

— Сендер де бізді өлтіріп жатырсыңдар. Және қатігездікпен өлтіресіңдер. Алланың алдында сендер де күнаһарсыңдар ғой.

— Біз өлтірсек басқыншыларды өлтіріп, кек қайтарып жүрміз. Кіндік қанымыз тамған туған жерімізді, өскен елімізді қорғап жүрміз. Отанымызды жаттың аяғына таптатқымыз келмейді. Сен ше, Отаның болса неге сонда жүрмейсің?  Бәрің кәпірге айналып бара жатырсыңдар. Алланы ауызға өтірік аласыңдар. Оданда мұсылмандықты қорғамайсыңдар ма, бірігіп. Сондай қасиетті істің орнына өзің секілді басқа мқсылмандардың жеріне кеп басқыншылық жасайсыңдар.

— Біз Отан алдындағы борышымызды өтеп жүрміз.

— Басқаның Отанын жаулап ал деп сендерді өлімге жұмсайтын қандай Отан ол? Нағыз отаншыл болсаң өз Отаныңды қорға, басқаның Отанын жаулама. Өз үйіңді, апа, қарындасыңды қорға. Мұнда, өзіңе жат елде кімді қорғап жүрсің?

Камилдин үндей алмай, іштей булықты. Сөзге басқа бір ауғандық араласты.

— Амирдин, ол сенің қандасың ғой. Онымен жылырақ сөйлес, сонда түсінеді, Алла алдындағы күнәсін. Мүмкін Құдайдың жаратқан бір пендесі ретінде ойланар.

— Онда мұны бүгін тамақтандырып, оңаша күзетейін. Демалсын. Өзіне өзі келсін. Сонан соң сөйлесерміз.

Екеуі кетіп бара жатып, өзара күбірлесті.

— Жетім өскені рас болса, өзімізге қарай икемдеп көрейік. Біздің іске ол жақта өскен адам керек-ақ. Шаруамыздың дөңгелеп жүруіне пайдасы көп тиеді.

Сержант олардың күбір-сыбырын естімеді, әрине.

***

Ертеңіне Камилдин мен Амирдин еркінірек сөйлесті.

— Саған қандасым болған соң жаным ашып отыр. Алдыңда екі таңдау. Бірі – өлім, бірі -- өмір. Өлімді таңдасаң, сені қандай азап күтіп тұрғанын өзің түсінесің. Адам түгіл, тірі тіршілік иесіне бермесін оны. Ауғандықтар ашынған халық. Аямайды. Өмірді таңдасаң,  сені аман жіберумен бірге, ептеп көмектесеміз, мүмкіндікке қарай. Ал, мүмкіндігіміз ұшан-теңіз болмаса да бір басыңа жетерлік. Шалқып жүріп, жалғанды жалпағынан басып өмір сүруіңе ықпал етеміз, бауырым.

— Қалайша? Мен сендердің жауыңмын ғой.

— Болғансың, жауымыз. Бірақ, біз, қай мұсылман бауырымыз қатесін мойындаса, күнәсін кешіруге бармыз. Біз де ет пен сүйектен жаралған жанбыз. Аллаға шүкір, пайғамбардың үмбетіміз.

Камилдин ойланып қалды. Ойы сан-саққа жүгірді. Іштей өзіне-өзі күбірледі. «Өмірде осы жасқа келгенше не көрдім? Екі жыл бойы кім үшін от пен оқтың өтінде жүрдім. Лейтенант қой жақсы жігіт еді, минаға ұрынып күлпаршасы шықты. Прапорщик те о дүниелік болып кеткен шығар-ау. Ендігі кезек менікі. Шынымен-ақ...»

Камилдин Амирдинге қарсы сауал тастады.

— Сонда мен өзімізге қарсы соғысуым керек пе?

— Жоға, оның бізге не керегі бар. Өзіміз соғысамыз, шиітпіз ғой. Сені аман-есен босатып жібереміз. Еліңе барасың. «Әскердегі уақытым әні-міні біткелі тұр» деген өзің ғой. Үй-ішіңмен қауыш. Біз сені құрқол жібермейміз. Қаражат береміз, қомақтырақ етіп. Әрине, ептеп біздің аздаған тапсырмамызды орындасаң болғаны.

— Мен Отаныма сатқындық жасай алмаймын.

— Сатқындық жаса деген кім бар саған? Жорамалымызша көп қзамай соғыс та аяқталады. Сендердің Горбачев деген патшаларың солай етпек көрінеді. Міне, сол кездері біз сенің өз еліңде жақсы өмір сүруіңе көмектесеміз.

— Түсінсем бұйырмасын, ол қандай көмек? Неғылған батпан құйрық, айдалада жатқан.

— Сен өмір сүргің келсе мұқият тыңда. Аман-есен полкіңе қайтуың да мүмкін. Көңілің қаласа осында қалуыңа да болады. Қағай көріп шетке қақпаймыз. Бірақ, бізге сенің аман-есен туған жеріңе оралғаның жақсы. Еліңе барған соң бізден хабар болады. Бұл жақта жүріп-ақ сендердің жағдайларыңды жасай аламыз. Мұсылман баласы бір-бірімізді қолтықтан алып, демегеніміз жөн.

— Сендер дегені тағы кім? Прапорщик тірі ме?

— Иә, әзірге тірі. Онымен сен сөйлесесің. Өмір сүргісі келсе сенімен бірге Отанына қайтады. Ал, егер... Оны өзі шешеді...

— Уәде бере алмаймын. Көнбеуі мүмкін.

— Көнбесе, өз обалы өзіне. Біздің жігіттір үшін «Аллаһу акбар!» деп, былай тамақтың астынан қыр еткізіп бауыздай салу түкке тұрмайды. Үйренген кәсіптері.

Амирдин қолындағы қанжармен өз тамағына жақындатпай орып көрсетті.

Міне, былай. Сонан соңғы кезек өзіңе қайта келеді. Әлі терең ойлануға, біздің ұсынысымызды таңдауға уақытың бар.

Камилдин басын қос алақанымен баса ұстап, мәңгірген күйі отырып қалды. Көз алдына бауыздалған прапорщик елестеді. Жаны түршікті. «Не істеу керек? Шыр айналған, неткен түсініксіз жарық дүние, бұл. Қасарысса өмірмен қоштасары хақ. Шіркін, өмір-ай! Бір күн болса да жарық дүниеге не жетсін. Кейінгісін көре жатар. Прапорщикке жолығып, сөйлескен жөн болар. Бәлкім, екеуі бір жерде болса, қашып шығудың сәті түсер. Үмітсіз шайтын, біреуден гөрі екеудің айласы басым емес пе?»

Ол айқай салды.

Мен прапорщикпен сөйлесіп көрейін.

***

Прапорщик пен Камилдин кездескен сәтте бір-біріне таңдана қарасты.

— Сержияпов, сен тірі ме едің?

— Әзірге тіріміз ғой, прапорщик жолдас.

— Бұлардан аман құтылуымыз неғайбыл шығар.

— Кім білген, тағдырымызға жазғанын көреміз де.

Прапорщик Әлхан Беркінбеков күрсініп сала берді.

— Жолдас прапорщик, сіз неше жастасыз?

— Отыз сегіздемін биыл, әскери келісім-шартым осы жылы бітіп те қалып еді. Қарғыс атқыр Ауғанда үшінші жылы жүрмін. Тәжіріибелі әскерлер керек деп осында алып келді. Елде екі ұл, бір қызым, әйелім жүр екі көздері төрт болып. Әлі жас қой, көре алмаймын-ау оларды. Әйелім отыз екіге енді шықты. Кештеу үйленіп едім. Бұл тағдырды қойсайшы, мың бұрылым ғой...

— Ал, мен жетім өскенмін. Әке-шешемнің кім екенін де білмеймін. Тастандымын.

Екеуі де үнсіз қалды. Қабақтарының астынан бір-біріне барлай қарайды. Бойларында бір-біріне деген сенімсіздік бар.

Әлхан ойланды: «Сенбе жұртқа...» деп кім айтып еді, осы. Е, Абай дананың сөзі емес пе? Неге олай деді екен. Ешкімге сенбей өмір сүру дегенің... Жалған-ай! Шынымен-ақ, жалған екен-ау. Бұрын қалай оны ойламағанмын... Мына тәжік жігіті ол сөзді естімеген шығыр».

Камилдин тартыншақтап сөз бастады.

— Олар маған, сізбен тілдес деді.

— Немене, олармен тіл табысқанбысың?!

— Жоқ-ә, сізбен сөйлеспей олардың айтқанына көнбейтінімді білдірдім.

— Сонда не дейді? Айтқандарына көнсек тірі қалдырмақ па?

— Солай деп жатыр. «Тағдырларыңды өздерің таңдаңдар. Полктеріңе аман-есен қайтарамыз» дейді. Бірақ, кейінірек, елге оралған соң  бұлардың адамы бізді өздері іздеп табатын көрінеді.

— Сонда қалай, бұлардың құрығы ұзын болғаны ма? Мүмкін емес... Жоқ, жоқ... Бұлай болуы, тіптен, мүмкін емес.

Үстеріне осы кезде сап етіп Амирдин кіріп келді. Мырс етіп, миығынан күлді де, қайтадан зілдене сөйледі. Осы араның мырзасы да, биі де өзі секілді, өзіне-өзі сондай сенімді.

— Неге мүмкін емес, әбден мүмкін жағдай. Қазір қаруларыңды түгел қайтарамыз. Бірақ, оқсыз, әрине. Біраз жерге дейін біздің жігіттер шығарып салады. Бостандықтасыңдар, боссыңдар... Біле жүріңдер, сендердің адамдарыңды, әсіресе, бастықтарыңды біз бес саусағымдай жақсы білеміз. Сендерге сенуі қиын, олардың. Тексереді, тергейді. Біз арқылы барған соң ондай жағдайдан құтыласыңдар, елдеріңе дін аман барасыңдар. Содан кейін сендерді біздің адамдар іздеп табады. Оған сенімдіміз.

Прапорщик пен сержант ләм-мим деген жоқ. Жақ ашпады. Екеуі де терең ойға батқан еді. Қандай шешім қабылдарын білмей, дал болды.                                                

***

Түн жарым. Төңірек көзге түртсе көрінбес тасқараңғы. Өздерін аман-сау жібергеніне күдіктене қараған екеу  кеш батқаннан бері алқына басып, жүгіріп келеді. Жан тәтті-ау, құрғыр, тым тәтті... Тағы үш-төрт шақырымнан соң полк орналасқан жерге жетіп те қалады. «Тәңірім соған жеткізсе екен. Бұларда содан басқа ой жоқ.

Жырадан шыға бергендерінде жон арқадан:

Тоқта! Қозғалмаңдар! – деген бұйрықты дауыс естілді. –Қаруларыңды тастаңдар! Қолдарыңды желкелеріңе ұстаңдар!

Автоматының құлағын қайырған адам екеуінің алдына талтайып, тұра қалды. Бұлар оны дауысынан жазбай таныды. Батальон командирі – майор Карповтың нақ өзі.

Жолдас майор, бұл бізбіз – Беркінбеков пен Сержияпов.

Көріп тұрмын. Лейтенант Зұлпықаров қайда?

Ол минаға ұрынып қалып, опат болды.

Анау сәл үнсіздіктен кейін:

Бір аптадан бері сендер қайда жүрсіңдер? – деп дүңк етті. – Лейтенанттың денесін опат болған жерде тастап кеттіңдер ме?!

Дауысы тым қатқыл.

Бізді дұшмандар қапыда ұстап алды.

Імм, солай деңдер, олардан қалай аман құтылдыңдар? Он екі мүшелерің сап-сау секілді. Қалай ғана олар мейірімді бола қалған, өзі?!

Қайдан білейік, өздері босатты, әйтеуір.

Не оттап тұрсыңдар, өзі?! Түсіңдер алдыма! Айтатын ертегілеріңе сенгелі тұрған мен емес. Сендерді өз қолыммен ерекше бөлімнің жігіттеріне тапсырмасам болмас. Дұшманмен қалай уәделескендеріңді солар анықтар. Мен басқарған батальоннан сатқын шықпап еді, абыройымды төгетін болдыңдар, тышқақ немелер.

Жолдас майор, біз сатқын емеспіз. Дұшманмен де ешқандай келісімге келмедік.

— Сенбеймін. Бұл жерде бір түйткіл бар, әсте.

— Сіз бізге сеніңіз, жолдас майор.

— Бұл маймөңкелеріңнен түк шықпас. Өз қолыммен тапсырамын ерекше бөлімге. Олар біледі, сендерді қалай сайратып, қалай сөйлетуды...

— Жолдас майор, бізге сенбесеңіз сынауыңызға болады. Тапсырма беріңіз, орындауға әзірміз.

— Тапқан екенсің, ашықауыз ақымақты. Дұшмандарға қарай қайта қашып кетпек ойларың іске аспайды. Кәне, тізерлеңдер!

Екеуі лаж жоқ тізерледі. Еріксіз бір-біріне қарады. Жүздерінде «енді не істейміз?» деген  ой бар. Майор болса жон арқаларында автоматын кезенген күйі талтайып тұр.

— Мен сендерге сенгенмен басқалар сенбейді. Сендер ғой, әлгіндей деп күйсеп тұрсыңдар. Ең болмаса лейтенанттың да мәйіті жоқ. Денесі болса басқаша амалын ойластырар едік.

— Біз сізге шындықты айттық, жолдас майор.

— Сол шындықтарың қисынға келмей тұр. Жаным ашиды екеуіңе. Қалай етсек екен-а. Мұндайда ойың да пышырап кетеді. Е, айтпақшы, сендер көнсеңдер, бір жолы бар. «Жау қолына түстік» деп айтпауларың керек. Яғни, тапсырманы орындау барысында дұшмандардың қоршауында қаласыңдар. Көп күн тау ішінде атысып, жауға алдырмай жүресіңдер. Арпалысып жүріп, алысқа ұзап кетесіңдер, әрине. Лейтенант жараланады. Тастамайсыңдар. Қоршаудан сытылып шығасыңдар. Олар соңдарыңа түседі. Жолда лейтенант қайтыс болады. Оның денесін жау қолында қалдырғыларың келмейді. Әупірімдеп, арпалысып жүріп, біздің батальон орналасқан жерге жетесіңдер. Маған бәрін баяндайсыңдар. Лейтенанттың денесі бұзылып, иістеніп бара жатқандықтан бірден цинк табытқа салып, шегелеп тастаймыз. Полк командиріне мән-жайды өзім баяндаймын, тәптіштеп түсіндіремін. Сөйтіп, батальонның абыройын сақтап қаламыз.

— Жолдас майор, бос табыттан біреулер сезіктеніп қалмай ма? – деп прапорщик үрейлене сұрады.

— Ол жағынан қам жемеңдер. Ішіне бірдеңелерді салып, шегелеп тастармыз. Өзі бар ғой, сендердің бақтарың бар екен. Жолдарың болып, жанымда ешкім жоқ кезде кездестіңдер. Қасымда басқа біреулер болған жағдайда менің сендерге көмектесуім екіталай еді. Басымды бәлеге шатып нем бар. Лажсыз ерекше бөлімдегі жігіттердің қолына табыстар едім. Осы жақсылығымды ұмытпаңдар, мен де сендерді екінші рет аямаймын.

Прапорщик Беркінбеков пен сержант Сержияповтың батальон командирінің айтқанына көнбеске лажы жоқ еді. Екеуі де ауыр күрсініп:

— Біз келістік, жолдас майор! – десті.                                            

***

Бәрі де майор Карповтың ойлағанындай болды. Полк командирі мән-жайды анықтап білген соң батальон командиріне ары қарай не істеу керектігін бұйырды.

— Лейтенанттың мәйітін жау қолында қалдырмағандары ерлік екен, майор. Өйткені, Зұлпықаровтың іздеп-сұрайтындары бар. Табытты оның еліне өзің бастап алып барасың. Беркінбеков пен Сержияповтың да әскери қызметінің мерзімі бітуге таяп қалды. Сол екеуін жаныңа ертерсің. Қаруласын жерлеген соң елдеріне қайта берер. Құжаттарды дайындаңдар. Ертең полк жауынгерлері лейтенантпен ресми түрде қоштасқан соң сендерді самолетке шығарып салармыз.

                                                     

***

Минаға ұрынған лейтенантқа дұшмандар қарайлаған жоқ. Құрт-құмырысқаның несібесіне жаратылған жанмен әуре болып қажеті қанша? Екеуін тірідей қолға түсірген соң соны қанағат тұтып, топтары орналасқан жерге төтелей басып жүріп кеткен.

Ертеңіне ғана көкнәрі жинауға келген екі кісі өлім халіндегі жаралының үстінен шықты. Мұндай жағдайды жиі көріп жүргендіктен олар онша асып-саспады. Біреуі жаралының кеудесіне қолын қойып байқап еді, жаны бар тәрізді.

— Мұсылман баласы секілді. Тірідей ит-құсқа жем болмасын, қышлаққа ала кетейік. Өле қалса амал жоқ, сонда жерлей салармыз. Сауабы тиеді.                                      

***

Қышлаққа әкелген соң да лейтенант бірнеше күн ес-түссіз жатты. Бірақ, кеудесінде жаны бар, әйтеуір. Осында бір тәуіп бар еді, сол келіп: «Бұл да бір Құдайдың пендесі ғой» деп, жаны ашып, емдей бастады. Басындағы өте ұсақ мина жарықшақтарын отқа қыздырған өткір пышақпен тіліп, қыстырғышпен қысып алып тастады. Лейтенант болса Құдай деген тәуіптің кім екенін білген де жоқ. Тіпті, ол есінде де қалмады. Өйткені, елес бір дүние еді.

***

Ташкент маңайындағы әскери аэдромда әдеттегідей абыр-сабыр басылмады. Ұшақтан түсе берген майор Карповты аэродром бастығының өзі жалпақтап, құрақ ұшып қарсы алды. Екеуі әскери тәртіппен сәлемдесті.

— Сіздің жүгігіңіздің нөмірі «Арнайы – 200» бе?

— Иә, көмектесіп жіберіңіздер. Табыт Шымкентке жеткізілуі керек. Бұл арадан қанша шақырым өзі.

— Жүз шақырымнан сәл асады.

— Онда бізге жарамды көлік керек екен ғой. Және мынада көрсетілген мекен-жай бойынша қала басшыларына алдын ала хабарласуымыз қажет.

— Алдын ала айтылып па еді, оларға?

— Айтылған. Енді қай уақытта баратынымызды нақты жеткізбесек болмас. Ол жақта жерлеу рәсімі дұрыс ұйымдастырылғаны жөн. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерді әкеле жатырмыз ғой.

— Түсінікті. Бәлкім, бұл мәселелер реттелгенше тамақтанып аларсыздар.

— Пейіліңізге рахмет! Мұндайда өңештен тамақ өтуші ме еді. Реті келсе тезірек жолға шыққанымыз мақұл.                                                 

***

Шымкент ол кезде жолдары ойдым-ойдым, қоқысы көбірек қала-тын. Соған қарамай мұндағы тіршілік қым-қуыт, қызу еді. Міне, сондай қарбалас тарлау көшедегі бесқабатты үй алдында тағы басталды.

Сыртта жүз қаралы адам топталып тұр. Күбір-күбір әңгіме.

— Алла басқа салмасын. Ата-анасына өте ауыр болды...

Ауған соғысының құрбанын жерлеуге қала басшылығынан да біраз лауазымды адамдар келген. Майор Карпов олардан лейтенант Ермахан Зұлпықараовтың туған-туыстары туралы егжей-тегжейлі сұрастырып білді.

— Екеуі де зейнеткер. Анасы алпысқа келген, әкесі алпыс алты жаста. Алты-жеті перзенті шетінен шетіней беріп, ең кенжесі ғана аман-есен өскен. Мұнысының жағдайы енді былай болып тұр. Қиын... Аса қиын жағдай... түсінгенге.

— Өте ауыр. Бәріміздің де қабырғамызға батады. Оған амал қанша, тағдыр солай.

— Жерлеу барысында қаралы митнг өткіземіз. Сіз оның ерлігі туралы  қысқа баяндайсыз, біз оны есте қалдыру жөніндегі шараларды естіртеміз.

Әңгіме арасында бұлардың қасына егде кісі келіп, лейтенанттың әке-шешесінің өтінішін жеткізді.

— Олар табытты ашып, балаларының бет-әлпетін соңғы рет көргісі келеді.

— Олай болмайды, -- деді майор шошып кетіп, -- мәйіттің табытқа салынғанына бірнеше күн өтіп кетті. Оның үстіне ол жақта ауа райы ыстық болды. Қырсыққанда самолетті екі тәулік күттік. Тоңазытқыш дегенің атымен жоқ ол жерде.

— Е, түсінікті, -- деді егде кісі.

— Сіз өзіңіз барып мән-жайды түсіндірсеңізші, -- деді майор қала басшылығынан келген өкілге.

Өкіл пәтерге кіріп, өң-түссіз отырған екі бейбаққа алдымен біраз жұбатулар айтты.

— Құдайдың басқа салғанына көнесіздер де. Ұлдарыңыз ерлікпен қаза болыпты. Халықтың перзенті болып қалады енді. Сіздер өтінген соң мүмкін болса табыттың қақпағын ашар едік қой. Бірақ, бұл кісілердің айтқанын түсіндіңіз ғой, деймін.

Екі мұңлық есеңкіреген күйі бастарын шұлғи берді.

— Не жаздық саған, Құдайым-ау?!

Көп ұзамай мола басында қаралы митингі ұйымдастырылып, жерлеу рәсімі басталды. Бұл шара кезінде қаладағы сауда мекемесінің басшысы Нағым Әләйдаров ерекше көзге түсті. Жасы отызға таяп қалғанмен, ол әлі бойдақ болатын. Бірақ, өте беделді, өте абыройлы.

—  Ініміз ерлік көрсетті, -- деді ол қара көзілдірігін түзеп қойып, -- оның есімін есте қалдыруды қала басшылығы біздің мекемеге жүктеп отыр. Ермаханның қабірінің басына мәрмәр тастан ескерткіш орнатып, ерлігі туралы қысқаша жазып қоямыз. Ол оқыған мектепте оның атындағы сынып болады. Оған барлық материалдық көмекті аямаймыз. Тұрған үйіне де мәрмәр тасқа ойып жазып, белгі тақта қоямыз. Жыл сайын оны еске алу үшін мектепаралық спорт жарыстарын өткізіп тұруды қолға аламыз. Оның да қаржылық мәселесін біздің мекеме мойнына алады. Мұның бәрін, әрине, біздің ержүрек бауырымыз Ермахан білмейді де, көрмейді де, дегенмен оның рухы сезеді. Кейінгі ұрпақ оны өнеге тұтады. Жастар оның рухына тағзым етіп, өмір жолына қарап бой түзейді. Қош бол, батыр бауырым!

Сөз кезегі майор Карповқа келді. Ол толқып тұрып сөйледі.

—  Сен біздің арамыздағы ең батыл, Отанын сүйген нағыз патриот едің. Арманшыл болатынсың. Бірақ, тағдыр сені сол армандарыңа жеткізбеді. Жас күйіңде, арманшыл күйіңде біздің жүрегімізде қалдың. Елің де сенің қадіріңді біледі. Сені ұмытпайтынына, сені мақтан тұтатынына сеніп тұрмыз. Бақұл бол, қаһарман жауынгер!

Жерлеу аяқталған соң майор Карпов пен оның серіктерінің қасына түрлері қатыңқылау үш адам келді.

— Сіздерді күтіп, тамақтандырып, жолға шығарып салу бізге жүктелген еді, -- деді олар.

Майор Карпов оларға мән-жайды түсіндірді.

— Менің уақытым тығыз. Көлік барда тез әскери аэродромға жетуім керек. Прапорщик пен сержант сіздермен болады, әрине. Лейтенанттың қаруластарына құрмет көрсететіндеріңізге кәміл сенемін. Ауғанстандағы армия басшыларына жеткіземін бұл қонақжай пейілдеріңізді. Рахмет сіздерге!                                                

***

Оңаша үй. Кең бөлме. Ауғаннан қайтып оралған екеуді құдаларындай күтіп, қаланы аралатып, Ермахан оқыған мектеппен таныстырып, ең соңында осында ертіп әкелген. Бірақ, ол екеуі соңғы қонақ күту кәдесін түсінген жоқ. Лажсыз істің соңын күтті. Көңілдері әлденеге алаңдаулы...

Сау етіп бес-алты адам бөлмеге кіріп келді. Бет-әлпеттері біртүрлі суық. Қабақтары қатыңқы. Өңдері өліктей суық. Тістеніп айтқан сөздері ызғарлы. Соны сезген екеуінің көңілдеріне әп-сәтте күдік ұялады. Ауғанда жүріп дұшман қолына түскен кездегі Амирдин айтқан сөзді еске алысты. «Біздің адамдар сендерді өздері іздеп табады деп еді-ау. Мыналар солар сияқты».

— Өтірік аңқаусымаңдар. Табыттың ішінде алтын және басқа асыл заттар барын бұл жақтағы біз білгенде, алып келген сендер қалай білмей қалдыңдар? Қыңқ етсеңдер, шаруаларың бітті дей беріңдер. «Саудагер» сендерді ішкі істер қызметкерлерінің  қолына табыстайды. Халдерің өте мүшкіл.

— Біз ештеңені білмейміз.Табыттың ішіндегі затты тек майор Карпов қана біледі. Бізге көрсеткен емес.

— Майорды ауызға алатын болсаңдар ажалдарың ішкі істер бөліміне жетпей жатып-ақ ертерек келетінін түсінбей отырсыңдар ма? Сот-медициналық сараптамада «Есірткіні мөлшерден артық көп пайдаланыпты» деген диагноз бар. Жоқ, әлде, оны да түсінбейсіңдер ме? Дым білмес, мақау емес шығарсыңдар.

Екеуінің де түрі күн жеп оңған шүберектей боп-боз. Мыналардың қақпанына мықтап түскенін іштері анық сезіп отыр. Прапорщик әрі-бері қипақтап, келісімге келетін сыңай танытты. Есіне әйелі мен балалары оралды. «Солар болмағанда ғой, қасарысып-ақ бағар еді».

— Бізге қандай талап қоясыңдар?

— Ешқандай талабымыз жоқ. Өйткені, сендер енді бізбен бірге жұмыс істейсіңдер. «Саудагер» солай деп айтты. Алғашқы үлестеріңді алып, елдеріңе қайтасыңдар.

— Ол кім? Біздің еркімсіз сыртымыздан қалайша билік жүргізеді? Қандай үлес? Бізге ондай үлестің қажеті қанша?

— Оның кім екенін сендерге білудің мүлдем қажеті жоқ. Сендер түгіл оны майордың өзі де білмейді. Білетіндерің, есте ұстайтындарың – оның құрығы өте ұзын. Қыңқ еттің бе, қураған қажетсіз бұтақтай қырқып тастай салады. Енді жаңадан қалана бастаған «Есірткі сүрлеуіндегі» басты фигуралардың бірі. Ал, сендер бізді танып білсеңдер, соның өзі жеткілікті, өмір сүрулерің үшін... Үлестеріңді ғой, сөзсіз аласыңдар. Еңбектерің еш кетпейді. Азды-көпті еңбек сіңірдіңдер. Бұл жағына келгенде «Саудагер» әділ. Қара қылды қақ жара алады десек те болады. Бұл жағына қам жемеңдер дедім ғой.

— Сонда не істеуіміз керек?

— Әп, бәрекелді! Бұл басқа әңгіме. Айтайын, не істейтіндеріңді... Ертең түн жарымда қабірді ашып, табыттағы қымбат бағалы заттарды аламыз, бұйыртса. Қабірді қайта қалпына келтіреміз, ешкім күдіктенбес үшін... Өйткені, қабірге қойылатын ескерткіш мүсін де даяр болып қалады, көп ұзамай... Сендер ол жағына алаңдамай-ақ елдеріңе кетесіңдер. Сен Тәжікстанда, сен өзіңнің Алматыңда «Саудагердің» көзі мен құлағы боласыңдар. Қорықпай-ақ қойыңдар, ол жерлерде сендерден басқа курьерлер жеткілікті. Біраздан бері қызмет етіп жүр, олар. Солармен бірге жұмыс істейсіңдер. Білмегендеріңді үйренесіңдер... Өздерің секілді мықты жігіттер керек, біздің бұл іске... Несі бар, шалқып өмір сүресіңдер, бұдан былай. Тек істеріңе адал болуларың керек-ақ. Онсыз болмайды. Сәл бүлдіріп алдың ба, өзіңнен гөр. Маңдайыңнан сипамайды, бала емессің... Бұл сондай орта. Орта болғанда да қаңғырған қалта қағарлар мен сумақайлардың ортасы емес бұл. Үлкен-үлкен, күрделі мәселелерді шеше алатын адамдар бар, мұнда. Сендерді де, басқаларды да қорғай алады, егер қанатының астына алса...

Ұзын бойлы біреуі ойланып тұрды да жан қалтасынан бір бума ақша шығарды. Оны прапорщиктің алдына тастай салды.

— Сен, прапорщик, әйел, бала-шағаң бар адамсың. Мына ақшаны ал да үйіңе қарай жолға шық. Ойың әсте бұзылмасын. Сенің басқан әрбір қадамыңды біз біліп отырамыз. Ешқайда бұлтарып кете алмайсың, қашып құтыла да алмайсың. Алматыдағы біздің жігіттер керек кезіңде өздері іздеп табады. Түсінікті ме?

Прапорщик лажсыз басын изеді. Ал, анау ежірейген күйі Камалдинге қарады.

— Сен, бізбен бірге бір-екі күн бола тұрасың.

— Бәрібір сендерге көмектесе алмаймын...

— Оны уақыт көрсетеді. Көмектеспей қайда барасың?! Көмектесіп жүргеніңді сезбей отырмысың? Көмектесесің тағы... Жан керек болса...

Камилдиннің жүрегі зырқ етті. «Қайран жан, тәттісің-ау».                                              

***

Сауда мекемесінің ғимараты қала орталығына таяу орналасқан болатын. Оның басшысы Нағым Әләйдаров жасы отызға ілінсе де әлі үйленбеген. Келісті-ақ жігіт. Тұрмыс жағдайы да көп адамнан ілгері. Ол өзінің отбасы мәселесінде кешеуілдеп қалғанын кейде қызмет бабына байланыстырып, кейде көңіліне ұнайтын бойжеткеннің кездеспей жүргеніне теліп қояды. Әйтсе де оның талғампаз жүрегі өзіне хатшы болып жұмыс істейтін Әсемге құлаған-ды.

Жоғары оқу орнында сырттай оқитын қыздың бұл араға қызметке келгеніне жарты жыл болып қалды. Бастық Нағым оны әзірге сырттай бақылап, кейде ашық жанашырлық танытып жүрген. Дегенмен бастық пен хатшы қыздың арасындағы байланыс -- сыпайылық қарым-қатынастан әрі аспаған. Ойламаған жерден олардың арасындағы осы байланыс басқаша өрбіп жүре берді. Ермахан Зұлпықараовты есте қалдыру жөніндегі қаулы мен оған бөлінетін қаржылық құжаттарды компьютерде қағазға басып отырған Әсемнің қайта-қайта жанарына жас үйіріліп, қыстыға жылап отырғанын байқап қалған Нағымның көңілі әлденеге селт етіп, оны өзіне шақырды.

— Саған не болған? Жыламсырап отырсың ғой?

Хатшы қыз теріс айнала беріп, көз жасына ерік берді. Екі иығы әлсін-әлсін дірілдейді. Нағым орнынан тұрып келіп, оның иығына алақанын жеңіл ғана салып, жұбату сөз айтты.

— Қой жылама! Сені кім ренжітті?

Қыз өксіп тұрып:

— Ешкім ренжіткен жоқ, аға, мен өзім... – деп теріс айнала берді.

— Әлде, бір қолайсыз жағдайға тап болдың ба? Шыныңды айта бер, мүмкін болса көмектесейін.

— Жоқ, бұл ретте сіз маған көмектесе алмайсыз... Ешкім көмектесе алмайды...

— Неге? Бәлкім, менің қолымнан келетін іс шығар.

— Аға, сіз өте кішіпейіл, жақсы адамсыз. Ермаханның рухын тірілтіп жатқаныңыз үшін сізге рахметтен басқа не айтайын...

— Ермахан деймісің? Мына Ауған жерінде қайтыс болған Зұлпықаровты айтамысың? Ол кімің еді?

Салқынқанды Нағымның өңінде аздап өзгеріс пайда болды. Бірақ, онысын өксіп тұрған Әсем байқаған жоқ.

— Біз ол екеуміз уәделескен едік, аға. Арманымыз орындалмады.

— Кешір, Әсем! Мен бұл жағдайдан бейхабармын. Ермахан нағыз жігіт екен. Оған көзіміз анық жетіп отыр. Сондықтан оны кейінгілерге үлгі-өнеге ету біздің парызымыз. Ал, сен болған іске бекем бол! Тағдыры солай екен, оған амал бар ма? Енді бұдан былай оны есте қалдыру туралы шаралардың басы-қасында екеуміз бірге жүреміз.

Қыз үндемеді.

— Келістік пе? – деп сұрады Нағым одан.

— Рахмет, аға! Менің қолымнан не келер дейсіз. Сіз болмасаңыз...

— Бұлай деме, сенің де бірталай көмегің қажет болады, бұл істе. Өйткені, сен Ермаханды жақсы білесің ғой. Мен оны көрген емеспін, тек соңғы кездегі азды-көпті естуім бойынша ғана білемін. Сен өксігіңді бас та, әлгі құжаттарды дайындап әкеле ғой. Екеуміз біраз мәселені талқылап алайық.

Хатшы қыз бастығының тапсырмасын орындап, оның бөлмесіне қайта келді. Қолында қағаздар, жүзіндегі мұң әлі сейілмеген.

— Әсем, сен Ермаханның әке-шешесін білетін шығарсың?

— Иә. Ол кісілерден күнделікті хабар алып тұрамын. Олар да мені біледі. Ермаханмен бір сыныпта оқыдым ғой.

— Е, солай ма еді? Саған қарағанда оның әке-шешесіне өте қиын. Сен әлі жассың, шыдарсың-ау, ал, олар жер ортасына келіп қалған адамдар. Ауыр, өте ауыр. Тірі қалған жалғыз перзенттері екен ғой.

— Олар бұл қайғыны көтере алмайтын секілді, байқауымша...

— Қайғы дерті оларды ауруға ұшыратуы мүмкін. Соның алдын алуымыз керек. Менің бір дәрігер жолдасым бар. Жақсы маман. Сонымен сөйлесейін. Ертең оны әлгі кісілерге ертіп бар. Денсаулықтарын тексеріп тұрсын. Қажет болса дәрі-дәрмегіне қаржыны өзім беріп тұрамын.

Қыз мақұл дегендей басын изеді.

— Саған айттым ғой, бұл істе маған көмегің көп тиеді деп.

— Рахмет, аға! Қайғыдан қан жұтып отырған адамдарға көмектесуіміз керек.

***

— Е, ананы қара, Советтің солдаты тіріліпті, -- деді шикіл сары бала қасындағы тырық қараға.

— Әкем айтады, оның есі ауысып, меңіреу болып қалған деп.

— Өздеріне сол керек. Біздің қышлаққа келіп несі бар. Мылтық атуды үйренсем мен де бір-екеуін жайратар ем.

Екі бала саусақтарын қайта-қайта шошайтып, қолға түскен тұтқынды нұқып көрсеткенімен, ол бұларға мән берер емес. Таулы аймақтағы қышлақ тұрғындары арасындағы бөтен адам осы ғана. Бұл өлім аузында жатқан кезінде мейірімді жандарға тап болған Ермахан еді.

Жаралы лейтенанттың беті бері қараған секілді. Аяғынан тұрды. Тамақ ішеді. Бірақ, меңіреу. Адаммен жөндеп тілдесе алмайды. Өз бетінше сандырақтайды. Міне, арадан екі-үш ай өтіп кетті. Қыс түсті. Бұл болса жұқа әскери гимнастеркамен жүр. Үйден сыртқа да шыға бермейді. Сол баяғы меңіреу қалпы.

Екі бала мұны әңгіме еткен күнгі түн ішінде Кеңестер Одағының әскерлері қышлақты қоршап алды. Атыс басталды. Сүт пісірімдей уақыттан соң лейтенант жатқан үйге оншақты жауынгер сау етіп, автоматтарын кезеніп кіріп келді. Үйдегілердің ешқайсысында қару жоқ еді. Қолдарын көтеріп тұра қалды. Қоржын тамның кіре беріс тар дәлізінде меңіреу лейтенант отыр. Оның ешкіммен ісі жоқ.

— Сен кімсің? Қолға түскен тұтқынбысың?

Анау жауап қайтармады. Әлдене  деп түсініксіз күңк етіп, қолын сермеді.

— Әй, абайлаңдар? Сақал-шашы қауғадай ғой. Өтірік жынданған дұшман болып жүрмесін. Тұла бойын тексеріп көріңдер.

Жауынгердің біреуі лейтенанттың тұла бойын тінткілеп түк таппады. Ауғандардың біреуі орысша ежіктей сөйлеп, мән-жайды түсіндірді.

— Сендердің адамдарың. Минаға ұрынып, есінен алжасқан. Біз емдеп, жарақатынан жазып алдық.

— Бұны неге өлтіріп тастамадыңдар?

— Түріне қарасаңшы, мұсылман баласы ғой. Оның үстіне ешкімге зияны жоқ болған соң жүре берсін дедік. Өзіміз бейбіт өмір сүріп жатқан адамдармыз.

— Әй, қайдам?! Сендерге сену қиын. Есектеріңнің ер-тоқымы арасына қару тығып алып жүре бересіңдер, иықтарыңа орақтарыңды асып алып...

— Бейбіт жүрген бізде нелерің бар. Одан да мына адамдарыңды алып кетіп, емдемейсіңдер ме? Бәрі де Алланың қолында, мүмкін жазылып кетер.

Сөзге осы топтың командирі, аға лейтенант Мальцев араласты.

— Біздің әскерлер елге қайтып жатыр. Сен бізбен бірге жүр, -- деді ол лейтенантқа.

Лейтенант аңырайып тұрды да, бірдеңе деп күбірлеп, бұлардың соңынан ерді.               

***

Ташкент маңындағы әскери госпиталь Ауған жеріндегі соғыста жараланғандарды емдейтін. Мұндағылар талай өндірдің өлімі мен мүгедек болып қалғанын көріп, соған еттері әбден үйреніп кеткен. Сондықтан олар қатты жарылыстан есте сақтау қабілетін жоғалтқан Ермаханға анау айтқан көңіл бөлмеді. Әскери дәрігерлер меңіреу лейтенантты әрі тексеріп, бері тексеріп «еске алу қабілетін жоғалтқан» деп тапты. Аты-жөнін де айтпайды. Құжаттары жоқ. Түр-түсіне қарағанда азият нәсілінен секілді.

Бұл жігітті осында алып келіп табыстаған аға лейтенант Мальцев ғана шыр-пыры шығып, оған жаны ашып жүрді. Өзі москвалық болатын.

— Мен мұны Москваға өзіммен бірге ала кетсем қайтеді, -- деді ол дәрігерлерге, -- ондағы госпитальда сіздерге қарағанда емдеудің мүмкіндіктері мол ғой.

— Біз келістік. Құжаттарды дайындайық, -- деді бас дәрігер сөзге келместен. Құтылғанына қуанатын секілді.

Шешім солай болды.                                       

***

Москвадағы әскери госпитальда меңіреу лейтенантты дәрігерлер жан сала емдеді. Оның хал-күйінен аға лейтенант Мальцев жиі-жиі хабар алып тұрды. Ол келген сайын лейтенант оған тесіле қарап қалады. Бірақ, жөнді сөз айтып сөйлеспейді.

— Бұл кім? – деп сұрады дәрігер.

— Анығын айтсам, білмеймін кім екенін. Мұның туған-туыстарын іздеп табу да қиын.

— Е, түсінікті. Онда біз босқа әуреленбеуіміз керек. Жергілікті жындыханаға өткізгеннен басқа амал жоқ.

— Өте аянышты. Әлі жап-жас. Басқа амал жоқ деңіз.

— Иә, біз қолдан келгеннің бәрін жасап бақтық. Мұны ұзақ жылдар бойы госпитальда ұстап тұра алмаймыз. Бізде жындыларды емдемейді.

Аға лейтенант өкіне-өкіне бұл шешіммен келісті.

***

Жындыханада тіршілік кешетіндердің бір-бірімен шаруасы жоқ. Әркім өзінше, өз қиялымен, бірде есерсоқ, бірде қалыпты жағдайға түсіп, өмір сүреді.

Осылай үш жыл зымырап өте шықты. Дегенмен мұндағы ақ желең кигендердің адам сенгісіз төзімділігіне таң қалмасқа болмайтын еді. Олар әрбір емделушіге жанашырлықпен қарайтын. Меңіреу жігіттің бойынан әлдеқандай өзгерісті байқаған дәрігерлер дереу бұл жаңалықты осы саланың профессорына қуана жеткізді. Ол өз тұжырымын жасады.

— Оны ол арадан алып кетіп, емдеу керек. Егер оны маған берсеңіздер, екі жылда дертінен құлан-таза арылтамын. Айықтыруға болады... Оның үстіне ғылыми зерттеуім толыға түседі.

— Келістік, -- деді бас дәрігер қуанып, -- біздегілердің көбісі ауруынан жазылмайтындар. Оған обал, аяп жүрміз. Әлі жас жігіт. Шамалауымша жиырма беске де жетпеген болуы керек.

— Барлық құжаттарды реттеп беріңіздер. Мен оны өз емханамда емдеймін. Жағдайы жақсара түссе үйімде ұстармын. Жас келіп қалды. Жалғыз басты адаммын. Маған да қолқанат керек-ақ. Саяжайдың, үйдің жұмыстарына көмектеседі. Тірі адамның шаруасы бар ғой, әйтеуір.                                                 

***

Уақытқа Тәңірден басқа кімнің билігі жүрген. Сөйтіп, арадан тағы да төрт жыл зымырап өте шықты. Құдай жар болып, Ермаханның еске алу қабілеті толық қалпына келіп, денсаулығы жақсарған. Профессордан сұрап, күнделікті газет-журнал ақтарып, теледидарды үзбей көріп жүріп, қоғамдағы өзгерістердің бәрінен хабардар болды. Минаға түскеннен кейінгі оқиғалар мүлдем есінде жоқ. Көз алдынан еміс-еміс сәлделі біреулер келеді. Ақсары өңді аға лейтенанттың бұлыңғыр бейнесі елестейді. Бар болғаны сол ғана. Советтер Одағы тарап кетіпті. Адам сенгісіз жағдай. Бірде бір құжаты жоқ бұған Москвада жүріп-тұру да қиынға айналды. Құжаттың түбіртегі тек туып-өскен жері – Шымкенттен ғана табылады. Оған жету қазірге қиындау. Өйткені, Қазақстан болса өз алдына жеке мемлекет. Мұнда мұның жағдайына бас ауыртатын адам жоқ. Есессіне құқық қорғау органдарының адамдары бұған елден кету туралы бірнеше рет ескерту жасады. Солай болған соң ол профессормен ақылдасты.

— Біліп жүрген шығарсыз, маған енді Москвада қалуға болмайтын секілді. Сізге зияным тиіп кетуі де мүмкін.

— Түсінемін сені, Ермахан, түсінемін. Қалай болғанда да, әйтеуір, еліңе қайтуың керек қой. Бірақ, құжатсыз жолға шығу да қиын қазір. Былай етейік. Осында бір досымның ұлы мықты жерде қызмет істейді. Соған айтып «Құжаттары жоғалған, өзі Қазақстанның азаматы» деген анықтама алдырып берейін. Соны пайдаланып, поезға отырғызып жіберсем, еліңе барарсың. Ары қарай жағдайыңды реттеп аларсың, азаматсың ғой».

— Сізге алғысым шексіз. Мені өмірге қайта әкелдіңіз. Жасаған жақсылығыңызға қалай қарымта қайтарарымды да білмеймін. Әкемдей болдыңыз. Елден мені іздеп ешкім келе қоймас. Қайда жүргенімді білмейді. Бәлкім, өлдіге санап қойған шығар. Әке-шешеме жазған хаттарыма жауап та болмады. Түсіне алмай дал болып жүрмін.

— Оқасы жоқ. Мен ғалым-дәрігер ретіндегі парызымды өтедім. Төрт жыл ішінде сен өз баламдай болып кеттің. Енді сенің аман-сау жүргеніңді ғана тілеймін.

— Сіздей адамдар өмірде көп болса ғой, шіркін.

— Олай деме, жақсы адамдар көп. Бүкіл қоғамды сол қарапайым ғана жақсы адамдар ұстап тұр.

— Сіз, бәрібір, ерекше жаратылған адамсыз.

— Жә, көп сөзді қойып, іске кірісейік.

 ...Екі-үш күннен соң Ермаханның қолына мөр басылған анықтама қағаз тиді. «Жолым болғай» деп қуанды ол. Профессор екеуі теміржол вокзалына келді. Анықтаманы көрсетіп жүріп, билет алды. Енді екеуі бірін-бірі қимай кафенің ашық алаңында кофе ішіп, әңгімелесіп отыр. Осы кезде Красноярскіден жолаушы поезы келіп тоқтады.Жолаушылардың назары солай қарай ауған. Оның арнайы жасақталған вагонынан түскен біреуді күтіп алушылар көп еді. Әлгі адам аса беделді болса керек, жұртпен жүре амандасып, ұзындығы алты-жеті метрлік лимузинге барып мінді. Алды-артында қорғаушы машина. Ермахан оған ұзақ тесіле қарады.

— Немене, біздің бизнесменнің жүріс-тұрысына таңғалып отырмысың? – деді профессор.

— Бұл кім өзі?

— Аты-жөніне көп мән берген емеспін. Білетінім, аса ірі бизнесмен. Көкөніс базасы, мейрамхана, бірнеше қонақүйлері бар көрінеді. Бұл жерде ғана емес, Санк-Петербургта, Красноярскіде, Самарада, тағы басқа қалаларда сауда орындары бар деседі, білетіндер. Жүрісін көрдің ғой, тым ірі.

— Аса белгілі адам екен ғой, -- деді Ермахан ұзап бара жатқан лимузинге көз тастап. Іштей «тап өзі» деп ойлады.

— Иә, кейбіреулердің мұрнынан құрт түсіп жүр ғой, қазіргі заманда.

***

Поезд бірқалыпты ыңырана жүйткіп келеді. Ермахан купедегі серіктерімен жұғысып кете алмай дәлізге шығып, терезеден сыртқа қарап тұр. Әрі-бері өтіп жатқан адамдардың арасында бірен-саран азиялықтар да бар. Кенет оның жанары өзі құралыптас қазақ жігітке түсті. Таныс бейне көзіне оттай басылды. «Е, е, мен оны танып тұрмын». Ол мұның жанынан ешкімге назар салмай өте шықты. «Мынау Есімжан ғой. Тап соның өзі. Мені байқамады».

Ермахан оның соңынан жайлап ере түсті. Екеуі бір мектептің түлегі. Есімжан Көбеков бұдан екі сынып жоғары оқыған. Дегенмен бірін-бірі жақсы таниды. Екеуі де оқушы кездерінде спортпен шұғылданғандықтан түрлі жарыстарға бірге баратын. Ол бұдан екі жас болса да үлкендігін байқатып, бұған қамқорлығын көрсетіп жүретін. Қазір соның бәрі есіне түсіп, тап қазір онымен қалай тілдесуді ойлап келеді.

Есімжан мейрамхана-вагонға кіріп, шеткеректегі үстел басына жайғасты. Ермахан оның аңысын аңдап қарсы қатардағы үстелдің біріне барып отырды. Ескі танысын сәл әріректен бақылап, қайта-қайта қарағаштап отыр. Бұл қазір болатын кездесудің сәтін ойлап, өзін-өзі сабырға шақырып, тамаққа және сусынға тапсырыс берді. Өйткені, Есімжан қалың ойға беріліп, ешкімге назарын салар емес. Даяшы алдына барған кезде ғана селт етіп, ол да тағамға тапсырыс берді.

Олар тамақтанып болғанша жарты сағаттай уақыт өтті. Есептесіп орнынан тұра берген Есімжан қарсы алдында өзіне тесірейе қараған жігітке көзі түсіп, аңтарыла қарады. Екеуі де бір-біріне не дерін білмей бір сәт тұрып қалды. Сөйте тұра жақындаса келе құшақтаса кетті.

— Апырау, сен... сен...

— Иә, бұл менмін.

— Есімжан-ау, сен мұнда қайдан жүрсің?

— Өңім бе, түсім бе? Мені қойшы, мен тірімін ғой... Ал, сен?... Сені біз жерлеп едік қой... Шынымен Ермаханбысың өзі?

— Иә, Ермаханмын. Жерлегені несі? Түсінсем бұйырмасын... Тірі жүрген мені қалай жерлегенсіңдер?

— Қайдан білейін? Ауғанстанда ерлікпен қаза тапты деп... Содан табытыңды үш адам алып келіп... Улап-шулап жерледік... Кәдімгі қаза болғандарды жерлеген секілді...

— Япырай, тағы түсінсем бұйырсын... Қалай болған өзі?

Есімжан сасқалақтап қалды.

— Дабырлап кеттік-ау, Ермахан. Жүр тамбурға шығып оңаша сөйлесейікші. Өңім бе, түсім бе, ажырата алмай тұрмын.

— Мен де солай... Ештеңені ұғар емеспін.

Екеуі бір-бірінің қолдарын қайта-қайта қысып, тамбурға шықты. Сөйтіп, бұлар тағы дамыл таппай біреуі сұрақ, екіншісі жауап беріп, керісінше анаусы сұрап, екіншісі жауап беріп, дабырласты да қалды.

Әңгімелері енді ғана біртіндеп бір жүйеге келе бастағандай.

— Жөндеп түсіндірші, мені қалай жерледіңдер?

— Қалай болушы еді. Қала басшыларына алдын ала сенің қаза болғаның жөнінде хабар келген. Мәйіт салған табытты қай күні апаратынын да айтқан. Олар сенің әке-шешеңе аналар келетін күні ғана қаралы хабарды жеткізген. Қарақұрым жұрт жиналып, күтіп алды. Мен де соның ішінде болдым.

— Сонда мені ерлікпен қаза болды деп хабарлаған ғой?...

— Тоқтай тұр, мен айтып болайын. Сонымен не керек, сен жатқан табытты аштырмады. Әкелгендер үзілді-кесілді қарсы болды. Мәйіттің мұнда жатқанына он күннен асып кетті деген соң аштыруға ешкімнің батылы бармады. Сөйтіп, митинг өткізіп, жерледік. Қабіріңнің  басына көп ұзамай ескерткіш орнатылды. Біз оқыған мектепте сенің атыңдағы сынып бар, жеті жылдан бері. Ал, сен болсаң әлі тірі жүр екенсің, бұл қалай?

— Қалай екенін өзім де анық біле бермеймін. Арнайы тапсырмамен шыққанбыз. Прапорщик Әлхан Беркінбеков, тәжік жігіті – сержант Камилдин Сержияпов және мен. Ол екеуіне қажетті бұйрықты беріп, өзім орын ауыстыру үшін еңбектеп бара жатқанмын. Әлдене гүрс етті де, көзімнің алды жарқ етті. Одан кейінгі дүние бұлыңғыр... Ақшыл тұманның арасында, көкте қалықтап жүргендеймін. Кейін денем ауырсынғандай түйілді... Одан соң тамақ жейтінімді білемін. Өңкей бөтен, танымайтын, сақалды адамдардың арасында жүрдім. Олардың сөзін ұға қоймаймын. Бір аға лейтенанттың жүзі бұлыңғырлау болса да әлі күнге көзіме елестейді. Не керек, есімді жиып, қалыпқа келгеніме бір жарым жыл ғана. Москвада бір ғалым-дәрігердің үйінде жүр екенмін. Сол мені науқасымнан құлан-таза айықтырып, адам қатарына қосты. Бүгін мені поезға өзі шығарып салды. Ондай адамдар өмірде сирек кездеседі. Мен үйге бірнеше рет хат жаздым. Ешкім жауап бермеді. Айтшы, олар аман-сау ма?

Бұл сұраққа Есімжан жауап бермей, мүдіріп қалды. Өңі сәл өзгеріп, қипақтады.

— Сен қипақтама. Мен бәрібір шындықты білуім керек қой.

— Қалай айтсам екен. Ол кісілер қайғыға шыдай алмады... Сол жылы, сені жерлеген соң алты айға жетер-жетпес екеуі де о дүниелік болды. Сенің қабіріңе жақын жерге жерледік екеуін де.

Ермаханның көзіне жас үйіріліп, теңселіп тұрып қалды.

— Болған іске бекем бол, Ермахан!

— Бәсе, неге олар менің хатыма жауап жазбады десем...

Тағы да үнсіздік орнады.

— Екеуі қалай бірден бақилық болған...

— Иә, аралары бір-ақ жұма болды.

— Олар қартайып, қолымен жер тіреп қалған жаста емес еді ғой... Анам алпыста, әкем алпыс алтыда болатын, сол жылдары.

— Оларға сенің жалған қазаң шындық болып түйілді емес пе? Сол жағы ауыр соқты білем... Әйтпесе, бір дәрігер қамқорлығына алып, қараудай қарады-ақ. Бәрібір болмады.

— Қандай дәрігер ол?

— Жылы жүзді адам. Сенің есіміңді есте қалдыруға көмек берген Нағым Әләйдаров деген азамат бар. Оны сен танымайсың. Бұрын сауда мекемесін басқарған. Қазір ірі бизнесмен. Әлгі дәрігерді сол жалдаған секілді. Ал, анау дәрігер сенің әке-шешеңді жерлеуге белсене атсалысты. Әрине, әлгі Нағым арқылы. Қазір сенің үйіңде сол дәрігер тұрады.

— Түсініксіз... Әке-шешемді ажалдан арашалап алып қала алмайды да үйін иемденеді. Түсініксіз...

— Үй иесіз қалған соң қала басшылары солай шешкен шығар.

— Бәрі де менің үшті-күйлі жоғалып кетуімнен болып тұр ғой.

— Иә, бәрі соған байланысты. Мен өзім сенің тірі екеніңе әлі сеніңкірей алмай тұрмын...

— Жарайды, -- деді Ермахан тағы толқып, көзіне жас алып, -- мен де қазір біртүрлі күй кешіп тұрмын. Әлі түстің кезі ғой. Кішкене демалайын. Кешке мейрамхана-вагонға кел. Ойымызды топтап, жүйелі әңгімелесейік.

***

Кешкі ас үстіндегі әңгіме де пышырап кете берді.

— Есімжан, сен мұнда не себепті жүргеніңді айтпадың ғой.  

— Тыңда мен жүйелеп айтайын. Мектепті бітірген жылы ішкі істер қызметкерлерін дайындайтын мектепке оқуға түскенмін. Оны бітірген соң қызметімді өзіміздің Шымкентте бастадым. Сенің табытыңды әкелетін жылы ғой. Содан қазір сыбайлас жемқорлық пен есірткіге қарсы күрес бөлімінде істеймін. Шенім – капитан. Бұл жаққа интерпол арқылы арнайы тапсырмамен келгенмін. Сенен басқа адам болса мұнымды айтпас едім. Саған айтуға тура келіп тұр.

— Неге маған ғана айтуың керек?

— Сенің тірі жүргенің маған ой салды. Мұнда бір шикілік бар. Бұл істе бізге көмегің қажет. Сенің жалған қазаңның бір шетінен қылмыстың ізі қылт етіп шықпасын.

— Менің қолымнан не келеді? Қалай көмектесемін?

— Сөзді бөле бермей, тыңдашы. Бәрін түсіндіремін, қазір. Сонымен біз «Есірткі сүрлеуінің» ізіне түскенбіз. Москвада бәрін басқарып отырған біреуі бар секілді. Сол арадан біраз қалаларға ары қарай тарайды. Соның ізін кесу мақсатында келіп едім, сәті түспеді. Күдікті адам, аса ірі бизнесмен екен. Красноярскіге кетіп қалыпты. Екі апта босқа жатып, оны көре алмай қайтып барамын.

— Ол кім екен?

— Бұрынғы әскери адам секілді. Мұнда көкөніс базасы, мейрамхана, тағы басқа сауда орындары бар деседі.

— Әскери адам деймісің?

— Иә, қазірше анықтағанымыз солай.

— Сен көрмеген адамды поезға мінер кезде мен көрдім. Красноярскге қатынайтын поездан түсті. Оның көкөніс базасының директоры екенін маған профессор айтты.

— Аты-жөні кім екен, оның?

— Профессордан сұрап едім, база директорының аты-жөнін білмеді.

— Ойланатын мәселе.

— Ондай аса танымал адамды жамандыққа қалай қиясың? Сенгім келмейді-ақ, -- деп Ермахан өңі өзгеріп, басын ұстай алды.

— «Адам аласы – ішінде», Ермахан. Сені түсініп отырмын. Бәрі де анықталады. Міне, көрдің бе, осы мәселенің өзінде сенің көмегіңе зәру екенімізді ұғын. «Есірткі сүрлеуін» сүріп тастамасақ, талай өмірді бұралаңға салады. Оған жол бермеуіміз керек. Жарайды, бұл мәселе шешілер. Ал, сенің жалған қазаң мені басқа ойға жетелеп отыр...

***

Шымкент полицейлері «Есірткі сүрлеуімен» бас қатырып жүргенде мұның үстіне о дүниелік болған Ермахан Зұлпықаровтың ісі келіп араласты. Бәрі ойланып қалды. Жалған қаза мен «Есірткі сүрлеуінің» арасында әлдеқандай байланыс болуы мүмкін деген күдік қылт етті. Бірақ, бұл күдікті Ермаханға сездірмеуге тырысты.

— Капитан Көбеков, сенің жаңалығың бізді тереңірек ойлануға мәжбүр етіп отыр. Алдымен ешкімге білдірмей қабірді ашуымыз керек. Табыт жайында ма? Соны білуіміз қажет, -- деді подполковник Сары Мұқатов.

— Мен де солай ойлаймын, Сары Әлімұлы. Бұл іске Ермахан Зұлпықаровты да қатыстырғанымыз жөн шығар.

— Дұрыс айтасың. Қаруластарының арасында қылмыскерлер бар екеніне көзі жете түссін. Бірақ, оның өзін бақылауда ұстау қажет. Кім біледі, сыры бізге әлі жұмбақтау. Сендерге ескертерім – «Капуста» операциясын біз сөзсіз жалғастыратын боламыз, қателеспеген секілдіміз. Оның үстіне мұны генаралдың тікелей өзі бақылап отыр.

— Ертеңіне подполковникке алғашқы істің нәтижесі хабарланды.

— Сары Әлімұлы, табыт орнында екен. Бірақ, қақпағы ашылған. Ішінде адам сүйегі бар болып шықты. Толық күйінде прокуратура арқылы эксгумация жасау үшін сот-медициналық сараптамаға жібердік.

— Бұл енді біз күтпеген жағдай. Әлгі прапорщик пен тәжік жігітіне іздеу салынды ма?

— Иә, Ермаханның білетін деректері бойынша іздестіруге жібердік. Әлхан Беркінбеков Алматыдан ғой. Оның дерегі бүгін-ертең болып қалар. Ал, Сержияповты іздестіру созылады. Туған-туыстары жоқ, балалар үйінде тәрбиеленген жігіт екен.

— Ештеңе етпес. Бұл істе бізге интерполдағы жігіттер көмектеседі. Генералға бұл мәселені қазір-ақ айтамын.                                                   

***

Ермахан бұлан-талан ашуланды.

— Мен осылай, көртышқан секілді үйде тығылып отыра беремін бе? Кітап оқу мен теледидар көру әбден жалықтырып бітті. Өскен үйімді көрейін, ең болмаса сыртынан. Еліме келіп тұрып, сыртқа шыға алмау – қорлықтың қорлығы екен. Әке-шешемнің де қабірін түн жамылып барып көрдім.   

— Сен бізді түсін. Біреу-жарым таныстарың көріп қалып, танып қойса, жұрт гу ете қалмай ма? Өлген адам тірі жүрсе қалай гулемесін? Қазіргі журналистер ондайды қалт жібермейді. Бәрі шетінен сенцасия іздегіш. Онда біздің операциямыздың күл-талқаны шығады. Өзіңе де қауіпті.

— Маған жандарың ашымай-ақ қойсын. Өліп-тірілген адаммын. Ешқандай қауіптен қорқа қоймаспын. Ал, сендердің операцияларыңа түкіргенім бар ма?

— Олай деме, десентшы мырза. Елге қызмет етесің әлі. Өмірдің мәні сонда.

— Рас, өмір сүргім келеді. Тығылып отырғым жоқ. Бірнәрсе ойлап тапсаңдаршы, мен үшін.

— Тоқтай тұр. Сені мұндағылардың көрмегеніне тоғыз жыл болыпты. Он жетіңде кеттің әскери училищеге, содан енді оралып отырсың. Былай етейін, подполковникпен ақылдасып, бәлкім, басыңа парик кигізіп, жапсырма мұрт жапсырып, қара көзілдірікпен көзіңді көлегейлеп, оқта-текте сыртқа шығуыңа мүмкіндік жасайық.

— Подполковникпен ақылдаспасаң болмай ма?  Кім ол өзі, сыртымнан байлап-тұсап отырған?

— Ол да Ауғанстанда соғысқан. Бірақ, сенен он жылдай бұрын, алғашқы лекпен барған. Сен көргенді ол да көрген.

— Жарайды, ертерек ақылдасшы.

***

Түрін сәл өзгертіңкіреп алған Ермаханға сыртқа шығуына рұқсат етілуімен қатар алғашқы тапсырма да берілді.

— Сен пәтеріңді иемденіп алған дәрігерді сырттай бақылауың керек. Өйткені, ол сені көрмеген, танымайды,  -- деді Есімжан оған. – Ол қазір шағын емхана ашып алыпты. Бірақ, жұмысында сирек болады. Үш көмекшісі бар екен, солар мануалды емдеумен айналысатын көрінеді. Шымкент есіңнен шыға қоймаған шығар. Емхананың мекен-жайы мына қағазда жазылған.

— Капитан, бұл тапсырмаңды жас бала да орындай алады ғой, -- деді Ермахан көңілденіп.

— Аса жауапты тапсырма екенін ұмытпа.

— Құп болады, капитан мырза.

— Әзіл өз жөнімен, Ермахан. Сәттілік тілеймін.

***

Подполковник Сары Мұқатов соңғы мәліметтерді тыңдап, «Капуста» операциясының созылып бара жатқанына алаңдаушылығын сездірді.

— Соңғы күндері не анықталды?

— Прапорщиктің қазіргі мекен-жайы анықталды. Ол үш жылдан бері Жетісай өңірінде тұрады. Капуста өсірумен айналысады. Өнімін ешқашан Қазақстан базарларында сатқан емес. Тек қана Ресейге асырады, тікелей Москваға.

— Түсінікті. «Капуста» операциясының бір шеті қылтиды. Ал, Сержияпов жөнінде не дерек бар?

— Ол әскерге Душанбе қаласында алынған. Содан қайтып оралмаған. Жалпы Тәжікстан аумағында тіркелмеген секілді.

— Бұл жөнінде кімде қандай ой бар?

— Табыттағы сүйек қаңқасы сонікі ме деп ойлаймын, Сары Әлімұлы. Өйткені, сүйектерде сараптаушылардың айтуынша оқтың ізі жоқ. Буындырылып өлтірілуі мүмкін. Эксгумация әлі толық аяқталған жоқ. Егер бет-әлпетін анықтай алсақ, жоба суреттен Сержияповты Ермахан тани алады.

— Иә, болжамың шындыққа жақындайды. Басқа қандай жорамал бар?

—  Осы жорамалды ғана ұстанып отырмыз, -- деп капитан Көбеков тұжырымды сөзін айтты.

***

Ермахан өз үйін көргенде қатты толқыды. Жас шағында осы аулада ойнап өсті. Аздаған өзгерісті де байқады. Қазір мұның танитындары жоқтың қасы. Кіріп-шығып жатқандардың көбі бейтаныс. Кәрілер о дүниелік болған. Жастар тұрғылықты жерін ауыстырған.

Бұлардың пәтерін иемденген дәрігер сырт көзге салмақты, сыпайы адам секілді. Байқағаны – үйінен ерте шығып кетіп, кеш оралады. «Бұл адамнан Есімжан неге күдіктенді екен?» Соның әсері ме, мұның өз бойында да оған деген әлдеқандай күдік пайда болған. «Біздің үйді қалай иемденіп алды екен?» Сол оймен бүгін, міне, дәрігердің офисі алдында аңдып отыр. Қабылуда болып, оның өзіне көрінетінін айтқан. Әлгінде ғана жұмыс орнына бас сұққан ол жарты сағат қана аялдап, бұдан ғафу етуін өтініп, әлдеқайда асығыс шығып бара жатты.

Ермахан такси жалдап оның машинасының соңына түсті. Дәрігер мінген машина Шымкенттің «Шапағат» мөлтек ауданындағы биік қорғанмен қоршалған үйге келіп тірелді. Ермахан сырттай бақылап, тасаланды. Дәрігер іште көп кідірген жоқ. Шықты да машинасына отырып, келген жолымен кері қайтты.

Ермахан ешкім күдіктенбес үшін жалдаған таксиін қайтарып жібергеніне өкінді. Енді лаж жоқ басқа көшеге шығуға ыңғайлана бергенде әлгі үйдің алдына «Джип» машинасының келіп тоқтағанын байқады. Тез басқа шешімге келіп, орнынан қозғалмай бақылауға тура келді. Кенет ол өз көзіне өзі сенбей аңтарыла тұрып қалды. «Джиптан» төрт-бес жастардағы ер баланың қолынан ұстап Әсем түсіп келе жатыр еді.

— Мынау Әсем ғой... Әсем... – деп күбірледі ол. Сол күйі тасадан шығып бері қарай жүргенін өзі де байқамады. Ойы астаң-кестең.

— Мама, мына көзілдірікті аға сенен неге көзін алмайды? – деді бала сақылдай күліп.

— Бала ғой, мұның сөзіне мән бермеңіз, -- деген Әсем қақпаны ашып, ішке ене берді.

Ермахан аңырайып, сол жақындап барған күйі, орнынан қозғалмай тұрып қалды. Сонан соң:

— Танымады, -- деп күбірледі.

***

Ермахан мен капитан Көбековтың оңаша сөйлесуі жиіледі.

— Сонымен әлгі дәрігер анау Нағым Әләйдаровтың үйінде көп кідірмеді дейсің ғой.

— Иә, солай болды.

— Сенің  тағы бірдеңелерді айтқың кеп отыр ғой.

— Есімжан, шыныңды айтшы, сен оның әйелін танисың ба?

— Әрине, танимын. Сен де танисың. Өзіңнің сыныптасың Әсем соның әйелі.

Ермахан ауыр күрсінді.

— Ол маған сыныптас қана емес...

— Не дейсің? Сен екеуіңнің араңда қимастық сезім болып па еді?

— Солай болған, Есімжан. Ол кездері сен Қарағандыда оқитынсың. Біз бір-бірімізді сүйетін едік. Оны көргелі сол сезім қайта оянып кеткендей...

— Түсінем... түсінем... Бірақ, ол армандарың мүлдем келмеске кетті емес пе? Оның жары, баласы бар.

— Сол Нағым дегенің кім өзі?

— Қазірге атақты бизнесмен. Сенің  бұрынғы қамқоршың. Әрине, сені танымайды. Жерлегенін біледі, аты-жөніңді біледі.

— Өзің ойланшы, мен енді не істеуім керек? Әсеммен қалай тілдесем?

— Мүлдем тілдесуге болмайды. Сенің тірі екеніңді Нағым білсе, біздің операция сезіліп қалуы мүмкін және өзіңе қауіпті.

— Қалайша? Оның не қатысы бар?

— Мен олай ойламаймын. Дәрігер мен оның әлдеқандай үзілмес байланысы бар ма, бар. Ал, дәрігердің әлдеқандай үзілмес байланысы бар ма, бар. Ал, дәрігердің әлдеқандай қылмысқа қатысы барын сезгендейміз.

— Демек, Нағым...

— Бұл жағы бұлыңғыр. Сондықтан саған сабыр сақтап, бұрынғы ғашығыңды тыныш қоюыңа тура келеді. Айтпақшы, подполковник  сені өзіне шақырған. Көрген-білгеніңді оған да баяндарсың.

***

Подполковник Мұқатов Ермаханды оңаша қабылдады. Орнынан тұрып келіп, мұның қолын алды.

— Қалай, ауған соғысының ардагері? Көңіл-күйің жақсы ма?

— Көңіл-күйдің несін сұрайсыз, подполковник мырза. Сол жағы жетісіп тұрған жоқ. Оны өзіңіз де білесіз.

— Тым жүнжіме, Ермахан. Біз екеуміз оқ пен оттың өтінде болған адамдармыз. Сондықтан бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Сәл сабыр ет, бәрі де реттеледі. Реттейміз әлі. Тек бір-бірімізден көмегімізді аямауымыз керек. Өзіңмен жүздескеніме қуаныштымын.

— Рахмет. Әйтсе де елге келгенім маған ауыр соғып тұр.

— Түсінеміз бәрін... Көнуге тура келеді. Бізге ренжіме. Жұмысымыз солай. Сен туралы әзірге капитан Көбеков екеумізден басқа ешкім білмейді. Білмеуі де керек.

— Мен де түсінгендеймін. Дегенмен маған бәрібір ауыр тиіп тұр.

— Қазір эмоцияға берілетін кез емес, Ермахан. Дәрігер сенің бақылауыңда болады. Ол соңғы кездері іздеп-сұрары жоқ тағы бір қартты қамқорлыққа алыпты. Қарт оны өзінің мұрагері етіп, бәрін заңдастырып қойыпты. Дәрігердің не ойластырып жүргенін кім білген?

Подполковник осылай деп аз-кем ойланып отырды да суырмасынан қалта телефонын алып Ермаханға ұсынды.

— Мұнда Көбеков екеуміздің телефон нөмірлеріміз жазулы. Сенікін біз де білеміз. Пайдалан. Басқалармен сөйлесудің қажеті жоқ.

— Өйткені, мен жерленген адаммын ғой.

Подполковник Ермаханның емеурінді тез түсінгенін ұғынып, басын шайқады да әңгімесін басқа арнаға бұрып жіберді.

— Айтпақшы, мына суретке қарашы. Сержияповқа келе ме, кескін-келбеті.

Ермахан суретті қолына алып қарады да тез жауап қайтарды.

— Айнымаған өзі...

— Демек, қаруласың қылмыскердің қолынан қаза тапқан. Табыттағы сүйек соныкі. Ол қылмыскерлермен ауыз жаласуға көнбеген. Қайран, ауған соғысының жауынгері қапыда кеткен шығар, сірә. Ал, прапорщик тірі секілді. Немен айналысатыны жақын арада белгілі болады. Сен тапсырмаңды орындауды жалғыстыр, лейтенант мырза, -- деді подполковник орнынан тұрып жатып..

***

Ермахан шалқасынан жатып қалың қиялға берілсін кеп. «Апырау, мұнша азаптанармын деп ойлаппын ба? Өзім тірі өлікпін. Жерлеп қойыпты. Әке-шешем де әлдебір сұрқияның құрбаны болған секілді. Әсемнің жүрісі анау. Мені ертерек ұмытқан тәрізді. Қайтсін енді, заты әйел ғой. Камилдин байқұс та аңдысқан дұшманның оғынан аман келіп, қайдағы біреулердің қолынан қаза тапқан. Прапорщик неге оны ажалдан аман алып қалуға әрекеттенбеген? Тіптен түсініксіз. Түсіну қиын мұны. Жұмбақ көп, шешімі жоқ. Ауғанстанда жүргенде ғой, өмір мен өлімнің арасында бірге болды. Қоян-қолтық араласты. Бірде бұларға арнайы тапсырма берілді. Мұның қарамағындағы бес десантшы тау аңғарындағы дұшмандар жасырынған үңгірлерді анықтап, соңынан мина қойып, жарып тастаулары керек еді. Әдетте дұшмандар бетпе-бет келіп соғысқан емес. Олар азғана топпен тұтқиылдан шабуыл жасайды да зым-зия жоқ болады. Суға батып жерге сіңгендей әрекет етеді олар. Соны ескерген бұлар тапсырманы орындауға кірісіп кеп кеткен. Камилдин Сержияпов мұндайда тым батыл қимылдаушы еді. Үш-төрт үңгір табылып, оларда жасырылған оқ-дәрі, қарулар бар екені анықталды. Енді үңгірлердің әрқайсысына бірнеше минадан қойылып, жаруға әзірленіп жатқан. Кенет әлдеқайдан пайда бола кеткен дұшмандар автоматтан оқ жаудырып, атыс басталды да кетті. Бесеудің біреуі ә дегеннен оққа ұшты да, екіншісі жақын маңға түсіп жарылған гранатадан жараланды. Бұл тез бұйрық берді.

— Сержияпов, жаралыны тасаға қарай сүйре! Сен Григорьев, сол жаққа сақ бол, оқ жаудырып дұшмандардың жолын жап. Мен оң жақтағыларды тежей тұрайын. Оққа ұшқан солдаттың да денесін мұнда қалдырмауымыз керек. Сақ қимылдап, атысыңдар!

Атыс көпке ұзамады. Дұшмандардың соғыс тәсілінің өзі солай. Мұнымен қоса бұларға көмек келіп үлгірген-тін. Сонда Сержияповтың әбжілдігіне таң қалған. Жауып тұрған оқтан сескенбеген ол жолдасын өз денесімен көлегейлей отырып, таса жерге апарып жасырған. Сөйтіп, алғыс алған жауынгер болатын. Енді міне, сондай қайсар азамат қайдағы бір қанішерлердің қолынан қаза болғаны белгілі болды. Ондай оңбағандарды құрықтауға бұл сөзсіз араласуы қажет. Сонда ғана қаруласының кегі қайтады.

Түн бойы Ауғандағы кейбір соғыс оқиғаларының елесі маза бермеген Ермахан таңға жуық шаршап барып көз іліндірді.

***

Қала тұрғындарының мекен-жай жазылған анықтамалық кітапты сатып алған Ермахан одан Нағым Әләйдаровтың үй телефонын оңай іздеп тапты. Содан әрі ойланды, бері ойланды. Үй ішінде теңселіп, әрі-бері жүрді. Мұндай іске подполковник Мұқатовтың ескертпесі бойынша қалталы телефонды пайдалануға болмайды. Сөйтіп, көшеге шықты. Жақын маңдағы таксафонға барды. Тағы ойланды. Ақыры шыдай алмады. Телефон тұтқасын көтерді де жаттап алған сандарды терді. Арғы жақтағы тұтқаны біреу көтерді. Әйелдің дауысы.

— Алло, саламатсыз ба? Бұл кім екен?

— Үй қызметшісімін.

— Әсемді телефонға шақырып жібере аласыз ба?

— Кім деп айтайын?

— Сыныптас жолдасы едім.

— Қазір, кішкене күтіңіз.

Біраздан соң арғы жақтан Әсемнің дауысы естілді.

— Бұл қайсың? Менімен сыныптастар көптен бері хабарласпап еді.

Ермахан жауап бермей тұрып қалды.

— Алло, әзілді қойып сөйлесеңші. Біз мектепте жүрген жоқпыз ғой.

— Әсем, саламатсың ба? Мен сенің дауысыңды танып тұрмын.

— Сенің дауысың да маған таныс. Бірақ, дәл анықтап ажырата алмай тұрмын.

— Есіңнен шыға бастаған екенмін ғой. Мен – Ермаханмын.

— Кім дейсің? Қалай Ермахансың?

— Иә, мен – Ермаханмын. Дауысымды әлі де ажырата алмай тұрсың ба?

— Мынау не дейді? Шынында дауысың ұқсайды. Бүйтіп әзілдеспе. Одан мен айырылғалы қашан?

— Айырылғаның рас. Бірақ, мен тірімін.

— Не дейсің? Тірімін дейді... Өлген адам...

— Әсем, қорықпа. Бұл елес емес, әзіл де емес. Мен шынымен Ермаханмын. Тірі екенім де рас.

Сол-ақ екен, анау жақтағы телефон тұтқасы сылдыр қағып жерге түсті.

— Алло, Әсем... Әсем... Қорықпа, есіңді жи...

Телефон байланысы қайта жалғаспады.

***

Бұл кезде Нағым Әләйдаровтың үйінде абыр-сабыр тосын оқиға басталған. Қызметші әйел басын ұстап теңселіп тұрған Әсемді сүйей берді. Оны жұмсақ креслоға отырғыза салып, жүгіріп барып графиннен әшекейлі бокалға су құйып әкелді. Суды қақала-шашала жұтқан Әсем әлі өзіне-өзі келе алмай отыр. Өңі боп-боз. Жұмыс бөлмесінде отырған Нағым да жетті үрейленіп.

— Саған не болды, жаным? Өңің боп-боз ғой. Телефон соққан кім? Неге сонша қорықтың?

Әсем әлі өзіне-өзі келе алар емес.

— Ер-ер-махан тірі ек-ен...

— Есіңнен алжасқанбысың? Оның сүйегі қурайтын уақыт болды емес пе? Есіңді жи! Одан да кім телефон соққанын айт маған. Көрсетейін мен оған, жұртты қалай үрейлендіру керек екенін.

— О-оның өзі телефон соқты қаз-ір ға-на... Ермаханның өзі.

— Есіңді жисайшы. О дүниеден де телефон соғады ма? Есерсоқ таныстарыңның бірі әзілдеп жатқан шығар.

— Жоқ, соның өзі. Дауысынан таныдым.

Нағым Әләйдаров ойланып қалды.

— Жарайды, дәрігер шақырайық па?

— Қажеті жоқ...

— Сөйтші, жаным. Қайдағы жоқ бірдеңені айтып зәремізді алдың ғой. Біреулердің сандырақ әзіліне сене берме.             

***

Ермахан Әсемді қайта мазалаған жоқ. Есесіне дәрігерді жіті бақылады. Ол Нағымның үйіне жиі соғып тұрады екен. Сол кездері Әсемнің сұлбасын алыстан бірнеше рет байқады. Байқаған сайын жүрек құрғыр атқақтап тулайды. Бірақ, сабыр сақтады. Бәрібір тағаты ұзаққа жетпеді. Шыдай алмай бір парақ қағазға ірі әріппен анық етіп қысқа хат жазды.

«Әсем! Мен сені сыртыңнан көптен бері торуылдап, көріп жүрмін. Әнеукүні телефон соққан да менмін. Сол кезде айтқанымдай тірі қалғаным да рас. Алла жар болып, елге жақында оралдым. Егер осы хатты саған біреуден беріп жібере алсам, онда көп өтпей өзіңе телефон соғамын. Өткендегідей үрей шақырып қорықпа, сөйлесейік. Сен менің жүрегімді мәңгі жаулаған жансың.

Сенің бұрынғы Ермаханың».

Содан бері бұл хат оның төсқалтасында сақтаулы. Қазір де орталық әмбебап сауда орталығының жанынан өтіп бара жатып төс қалтасын сипап қойды. Аздап шөл қысқан соң сусын сататын дүңгіршекке бұрыла беріп еді, көзіне сұрғұлт «Джип» оттай басылды. Осы машина көбіне Әсем мен оның баласын алып жүретін.

Ермахан жан-жағына алақтап, бұрынғы сүйіктісін іздеді. Әне, ол сауда орталығының есігі алдында бір танысымен шүйіркелесіп тұр. Алған заттарын машинаның шофері «Джипке» қарай әкеле жатыр. «Иә, сәт! – деп ойлады Ермахан, -- мына хатты табыстаудың реті келген секілді».

Ол анадайда балмұздақ жеп тұрған баланы өзіне ымдап шақырды.

— Мә, мынаған тағы бір балмұздақ алып жейсің, -- деп алдымен оған бес жүз теңгелікті берді. – Ал, қазір анау көгілдір көйлектегі тәтеге мына қағазды апарып бер.

Бала жылдам басып жөнеле бергенде бұл жуан ағаштың тасасына барып тұра қалды. Баланы сыртынан қадағалады. Ол қателеспеді, тура Әсемге барып қағазды берді. «Кім берді?» деп сұраған болуы керек, бала бұрылып, қолын шошайтты. Әйел бала көрсеткен жақтан ешкімді байқамаған соң, қағазға үңілді. Сөйтті де жылдам басып бері қарай жүрді. Ермахан теріс айналып, ол арадан тез кетіп қалды.

Тап сол күні жігіт өте ұстамдылық танытып, бұрынғы сүйіктісіне хабарласпады. Тек ертеңіне ғана таксофонға барып, Әсемге телефон соқты.

— Алло, Әсембісің? Қал-күйің қалай? Мен Ермаханмын ғой.

— Ермахан, саламатсың ба?! Кешелі бері дегбірсізденіп, сенің қоңыру соғуыңды күттім. Әлі де сенбей тұрғанмен, сенің қолтаңбаң көзіме оттай басылды. Ол қолтаңбаны әлі ұмытқан жоқпын. Шынымен сен тірі қалғанбысың?

— Әсем, бізге кездесіп сөйлесу керек. Менің тірі жүргенімді өзіңнен басқа ешкім білмегені жөн.

— Сенімен кездесуге қалай барамын? Күйеуім өте танымал адам. Балам бар. Оның үстіне әруақпен кездесуге қорқамын.

— Қорықпа. Әруақ емеспін, кәдімгі Ермаханмын. Күйеуіңнің білмегені жақсы. Сенің өміріңе кедергі болғым жоқ. Тек жолығып, сөйлескім келеді. Бұрынғы күндерді еске алсақ, соның өзі жетіп жатыр. Сенің бақытты тіршілігіңді бұзбауға уәде берейін. Тек бір рет кездесіп сөйлесейікші.

— Мен әлі де өзіме келе алмай жүрмін. Сәл пұрсат бер. Ойланайын... Ертең қайта телефон соқшы.

— Жарайды, келістік. Жақсылап ойлан. Әруақ емес екеніме сен.

***

Әсем күні бойы жатын бөлмесінен шықпай, сүлесоқ күй кешті. Ол қалың ойдың құшағында қалған еді. «Бұл дүние не болып кетті, өзі. Ермахан шынымен тірі болғаны ма? Түсініксіз. Дауыс нақ соның дауысы. Оның үнін бұл әлі ұмыта қойған жоқ қой. Бір-біріне деген алғашқы сезім қалай оянып еді, өзі. Иә, бұлар мектепті бітіргеннен кейін соңғы қоштасу кешін де өткізді. Бірақ, Ермахан бұған жүрекжарды сөзін ол күні де айтпады. Биледі. Ойнады. Күлді. Ашық сырласпады. Тек қана үйге шығарып салып тұрып:

— Бүгін жақсылап демалып, ертең Машатқа барып серуен құрсақ қайтеді, -- деді Ермахан.

Бұл одан басқа сөз күткен. Сүйіспеншілік туралы әңгіме естігісі келген. Бірақ, Ермахан ештеңеге асығар емес. Аса сабырлы.

— Жарайды, -- деді бұл, -- енді біз арман қуып жан-жаққа кетеміз ғой. Бұл серуеніміз соңғысы болар.

— Оны уақыт көрсетеді, -- деп Ермахан бұрылып жүре берді.

Машаттың көрікті табиғаты аясында болған оңаша серуен екеуінің де көңілінде тұнып тұрған тұнық сезімді шайқап жіберген-ді. Ермахан арманы мен бар сырын ақтарып салды.

— Мен әке-шешемнің жалғыз перзентімін, -- деді ол.

— Білем.

— Білсең сол. Менің алдымдағы ұл-қыздары жасқа толмай жатып шетіней беріпті. Солай аға-әпкесізбін. Сондықтан әке-шешем менің көп балалы болғанымды қалайды.

— Кім ол, саған көп бала тауып беретін?

— Сенсің... Өзіңді сүйем, Әсем!

Абдырап қалған қыз:

— Мен саған ондай уәде бере алмаймын, -- деді бұртиып.

— Неге? Ойыңда басқа біреу бар ма?

— Жоқ. Мен сені ұнатам көптен бері... Бірақ, көп балалы болу деген қиын ғой...

— Қиын түгі де жоқ. Мені шын сүйсең өзі-ақ солай болады. Бірақ, оған сәл ертелеу, -- деп жігіт қызды құшақтай алды.

— Қызықсың, Ермахан. Өзің маған қиын талап қоясың да аяқ астынан одан өзің бас тартасың. Мұныңды қалай түсінеміз?

— Өйткені, мен жақында Алматыға оқуға кетемін, әскери училищеге... Офицер болып, елге қызмет етемін. Бәлкім, болашақта генерал болатын шығармын.

— Ой, арманшылым-ай. Арманың тым биік. Менімше, сен ойлаған арманыңа жетпей тынбайсың. Ойға алғаныңды орындамай қоймайтын мінезің ұнайды маған. Әйтсе де тым асыңқырап, мақтанып қойдың.

— Сен мені түсінетініңе сенемін, Әсем. Солай, сен маған көп бала тауып беруің керек. Бір бөлімше... Түсінемісің, бір бөлімше...

— Әй, ұятсызым-ай. Әзірге сабыр ет, -- деп қыз оның бетінен сәл ғана сипай шапалағымен ұрған болды. –Өзің айтқандай оны уақыт көрсетеді.

Екеуі солай тіл табысып еді.

 ***

 Подполковник Мұқатов жедел топты тез шақырып, тапсырма берді.

— Капитан Көбеков пен Ермахан Зұлпықаров бүгіннен қалмай Москваға самолетпен ұшып барасыңдар. Капуста тиелген бес «КамАЗ» Жетісайдан бүгін түнделетіп шығады. Арасында біздің адам бар. Мүмкіндігіне қарай сендермен хабарласып тұрады. Интерполдың жігіттері сендерге көмектеседі.

Подполковник сәлден кейін Көбеков пен Ермаханның алдына екі суретті тастай салды.

— Мынау Москвадағы база директорының суреті. Ал, екіншісі – Әлхан Беркінбеков. Оны сен жақсы танисың, Ермахан.

Ермахан болса, бірінші суретке үңіле түсті.

— Немене, мұны да танып тұрсың ба?

— Менің батальон командирім – майор Карповқа ұқсайды екен.

— Карпов деймісің? Мұның да аты-жөні – Юрий Семенович Карпов.

— Иә, Юрий Семенович қой бұл.

Осы арада Көбеков киіп кетті.

— Тоқта, тоқта... Сен не деп тұрсың, өзі. Сенің табытыңды әкелгендерді де бір майор басқарып келіп еді. Қасында прапорщик пен сержант болды. Ал, мен олардың түсін түстеп қалыппын. Маған ол кезде адамдарды түстеп қалудың қажеті жоқ еді.

— Мәссаған, керек болса! – деген подполковник енді Ермаханға қосымша тапсырма берді.

— Демек, Карпов пен Әлхан Беркінбековты жазбай танитын сен ғанасың. Сенің тірі қалғаныңды білсе, олар сөз жоқ көзіңді құртуды ойлайды. Сондықтан өзің сақ болуың керек. Ал, сен болсаң бізсіз басқа әрекеттер жасап жүрсің.

Ермахан сасып қалды. Сәл қипақтаңқырап тұрды да шындықты айтты.

— Мен Әсеммен сөйлесіп, бүгін кездесетін жерді белгілеуіміз керек еді.

— Соның қажеті бар ма?

— Мен оны сүйемін. Оның үстіне дәрігер мен Нағымның байланысы туралы сұрап білмеймін бе.

— Әсем күйеуінің істеріне араласуы мүмкін емес. Нағым сырын алдыратын адамға ұқсамайды. Бірақ, Беркінбеков пен Карпов тұтқындалған соң Әләйдаровтың да бұлыңғыр істері оп-оңай ашылатын секілді.

— Әсемге уәде беріп қойдым ғой, -- деді Ермахан.

— Олай болса, тап қазір осы арадан хабарлас. Біз де тыңдап көрейік. Не істеу керегін содан соң ақылдасамыз. Кездесетін уақытты, әрине, Москва сапарынан кейінге қалдырасың.

Ермахан қосымша тыңдағышы бар аппаратқа барып, Әсем үйінің телефон нөмірін терді.

— Алло, бұл мен ғой, Ермаханмын.

— Саламатсың ба, айтатыныңды айта бер.

— Кездесу мәселесін келісеміз деп едік қой.

— Иә, иә... Оның сәті түскелі тұр. Күйеуім осы жұма күні шетелге іссапармен жүргелі жатыр. Сен мені түсін, менде бөтен ой жоқ. Оның көзіне шөп салмаймын. Өзіңмен кездесудегі мақсат – әңгімелесіп, өткенді еске алу ғана. Сенбіге, түс кезінде «Жерұйық» мейрамханасының оңаша кабинкасына алдын ала тапсырыс беремін. Соған дейін шыдайтын шығарсың...

— Әрине, сен не айтсаң да құлдық демеске лажым жоқ.

— Олай болса, әзірге сау бол! Кездесуге дейін мені мазаламай-ақ қой. Өз ойыммен өзім болайын.

— Жарайды, Әсем, мұныңа да көндік. Сенбі күні түс кезінде уәделі жерде боламын.

Ермахан телефон тұтқасын қойып, подполковникке қарап еді, анау терең ойға батқан екен.

***

Әсем әлдекіммен сөйлесіп тұрғанда Нағым өзінің жұмыс бөлмесінде отырып параллель жалғанған телефонның тұтқасынан барлық әңгімені есітіп отырған. Оның өңі бір бозарып, бір қызарып, шыдай алмай бөлме ішін кезіп кетті. Ернін тістеледі. Сөйтті де қалта телефонын алып, нөкерлерінің біріне қоңыраулатты.

— Сен маған керексің, тезірек келіп кетші.

Көп ұзамай оның алдында дәрігер тұр еді.

— Францияға Москва арқылы алынған билетті сенбі күнге ауыстыру керек.

— Ол күні Москваға самолет ұшпайды. Тек қана жексенбіде таңғы бесте ғана ұша аласыз.

— Жарайды, соған ал. Басқа тапсырманы кезінде өзім ескертіп, айтармын.

Әсем күйеуінің бұл құпия әрекетінен хабарсыз-тын.

***

Москвадағы интерполдың қызметкерлері капитан Көбеков пен Ермаханды жылы қарсы алды.

— Сіздердің бастықтарыңыз менің ескі танысым. Екеуміз Ауғанстанда қарулас болдық. Ол менен бірер жыл бұрын қызмет етті, -- деп майор Мальцев ағынан жарылды.

— Мына жігіт те Ауған соғысының ардагері, -- деп таныстырды Көбеков.

Ол Ермаханға қарап көзін қысты да:

— Біздің жаңа қызметкер, -- деп қосып қойды.

— Дұрыс, Ауған соғысын көрген жігіттерге сенім артуға болады, -- деген Мальцев, сәл кідіріп тұрды да: -- Рас, арасында шіріген жұмыртқалар да кездеседі, -- деп салды.

Оның кімдерді меңзегенін Ермахан мен Көбеков те түсінді. Кенет майор Мальцев Ермаханға тесіле қарап қалды да:

— Апырай, Ауған соғысында болдым дейсің. Мен өзі сені танитын секілдімін, -- деп тағы да шұқшия түсті.

— Мен де бұлыңғыр елесті көз алдыма келтіріп тұрмын, майор мырза.

— Сен өзі есіңнен айырылып, меңіреу болып, осы Москваның жындыханасында емделмедің бе?

— Солай болған. Бір профессор мені өмірге қайта әкелді.

— Тұра тұр. Ауғандардың арасында жүргенің есте ме?

— Ол да бұлыңғыр елес.

— Тап солай. Сен сол меңіреу лейтенантсың. Сені мен алдымен Ташкенттегі госпитальға алып келгенмін. Кейін Москваға жеткіздім. Сөйтіп, жындыханадан бір-ақ шыққансың. Аты-жөніңді біле алмағанмын. Солайша сенен көз жазып қалғанмын.

— Сіз ол кезде аға лейтенант па едіңіз?

— Солай еді... Енді сені анық таныдым. Сол меңіреу лейтенант сенсің, бауырым.

Екеуі құшақтаса кетті. Мәре-сәре күй кешіп, мәз болысты.

— Білесің ғой, қайта тірілген лейтенант, біз әлі өзіміздің кім екенімізді танытамыз. Көрсін, білсін кейбіреулер Ауғанда от пен оқтың өтінде болғандардың кім екенін?

— Сіздің адамгершілік қасиетіңіз мол екен, майор.

— Ауған соғысын көргендердің көпшілігі солай, лейтенант.

— Сіз секілді батыл да батыр жандар әлі адамзаттың  тыныш өмір сүруі үшін талай ерліктер жасайды.

— Сенің де қатарымызда болғаның қандай жақсы, лейтенант. Өйткені, сен де Ауған соғысының ардагерісің ғой.

Мына екеуінің табысқанына риза болып тұрған Көбеков:

— Ал, екі қарулас, тапсырманы ұмытпайық, -- деді күліп.

Майор Мальцев Ермаханның иығына қолын артқан күйі тапсырманың мән-жайын ары қарай түсіндіре бастады.

— Сонымен капуста артылған «КамАЗ»--дар ертең түн жарымы ауа Москваның түбіндегі көкөніс базасына жетеді екен ғой. Сіздің адамдар хабарласты ма, капитан.

— Иә, олар ешқандай кедергісіз келе жатыр. Біздің адамның айтуынша керекті жүк үшінші «КамАЗ»-да. Келген соң ол базадағы бөлек қоймаға түсіріледі.

— Сонда олар капустаны тіліп, арасына героин салып қойған ба?

— Жоқ, капуста бүтін. Тілінбеген. Бірақ, арасында героин бар.

— Сонда қалай?

— Біздің адамның айтуынша капуста өсіп, орауға  әрекеттенген кезде пакеттегі героинді әлгі орайтын жапырақтың арасына салады. Сөйтіп, күнделікті сол жерге минералды қоспасы бар судан тамызып отырады. Ол капустаның тығыз әрі тез орауына әсер етеді. Ал, капустаның ішіндегі героиннің исін иттер де ала алмайды.

— Бұдан былай капуста өсірілетін танаптарды жиі бақылауға тура келеді екен ғой.

— Сондай жиі бақылаудың нәтижесі ғой, бұл. Біз оларды сол жерде құрықтамақ едік. Подполковник «Есірткі сүрлеуін» Москвада да жою керек деген соң екі жарым ай шыдап бақтық.

— Түсінікті. «Капуста» операциясын қалай аяқтау жөніндегі біздің қимыл-әрекетіміздің жоспарын ұғып алыңыздар, -- деген майор шартты түрде жасалған картаны үстелге жайды. – База мына жерде. Менімше «КамАЗ»-дар қалаға кірмей сыртқы жолмен өтеді. Демек, олар базаның орман жақтағы сүрлеу жолымен келіп, артқы жақтағы арнайы қақпадан енеді. Бізге көмектесетін арнаулы бөлімшенің жігіттері де сол арада жасырынады. Енді ары қарай тыңдаңдар. Базада біздің адам бір айдан бері жұмыс істеуде. Соның айтуынша базадағы түсіру-арту жұмыстарына көбіне арзанқол жұмысшылар пайдаланылады екен. Сол күні, әрине, біраз жұмысшыны сырттан әкелетін көрінеді. Өздерінің арнайы автобусы бар. Қырғызстан мен Өзбекстаннан келгендер мұндай жұмысқа өте ынталы. Сіздер қазірден бастап солардың арасына барасыздар. Не десек те азият екендіктеріңіздің пайдасы осы арада тигелі тұр.

Көбеков пен Ермахан бір-біріне қарады.

— Сіздерге солардың арасында уақытша жүру үшін Өзбекстанның азаматы ретінде құжат дайындалған. Капустаны тезірек қоймаларға жайғастыруға көмектесу керек қой, -- деп езу тартты майор.

***

База директоры ептеп мазасызданды. Шыдай алмай қоймалар жақты шолуға шықты. Жүкті тез түсіріп алу үшін әкелінген арзанқол жұмысшылар автобустың ішінде қалғып-мүлгіп отыр. Сол кезде күзетшілердің бастығы бұған жүгіріп келді.

— Қазақстаннан капуста артқан «КамАЗ»-дар келіп қалды. Бары-жоғы бес-ақ машина.

— Қазірге соның өзі жетеді. Кідіртпей тез ішке кіргізіңдер. Жарты сағаттан соң олар келген ізімен тез кері тайып тұратын болсын.

— Жарайды, бастық мырза.

Машиналар база қақпасынан енді ене бергенде база директорының ұялы қалта телефоны әлдеқандай әуенмен музыкалатып қоя берді. Ол асығыс телефон түймесін басты.

— Мен тыңдап тұрмын. Саудагермісің?

— Иә, мен -- Саудагермін. Жүк жетті ме?

— Қақпадан енді кірді. Өздеріңде басқа қандай жаңалық бар?

— Ермахан Зұлпықаровты қонаққа шақырдым. Алдағы сенбі күні. Соған байланысты сенімен кездесу күні өзгертілді. Мен Францияға жексенбі күні ұшамын. Сен мені сол жақта күтіп алатын боласың. Мен барғанша бірер күн шыдарсың.

— Қонақты өзінің моласына жерлерсіңдер, амалын тауып. Біржола із кесілсін.

— Айтпақшы, сенің сүйікті прапорщигің ойыннан шыққысы келетін секілді. Абайласын, жақсылап ескерт. Анау сержанттың кейпін киіп жүрмесін.

— Жарайды. Сау бол! Францияда кездескенше!

Бұл кезде жүктер түсіріле бастады. Төрт машина бір қоймаға, үшінші кірген «КамАЗ» бөлініп алынып, жеке қоймаға кіргізілді. Оны түсіруге бөлінгендердің ішінде Ермахан бар болатын. Есімжан басқа қоймаға кетті.

База директоры екі қорғаушысын ертіп келіп, жеке қойманың есігін ашқызды. Ермахан көрген бойда оны жазбай таныды. Бұрынғы батольон командирі -- майор Карповтың нақ өзі. Ал, «КамАЗ» шоферінің жанында прапорщик Әлхан Беркінбеков отыр еді. Екеуі қол алысып, сәлемдесті. Жағдай сұраса бастады.

— Юрий Семенович, денсаулығыңыз қалай?

— Бәрі жақсы, Әлхан. Өзің қалайсың? Әйелің, бала-шағаң аман ба?

— Ұл-қыздарым есейіп қалды. Бірі бойжетті, бірі ержетті дегендей. Солардың қамы ғой. Қатарынан кем болмасын деп...

Ермаханның мыналарды тап сол арада атып тастағысы келді. «Мына құзғындардың жемтік үстінде табыса кеткендерін қарашы». «Іш қазандай қайнайды...». Бірақ, ешқандай артық қимыл жасамауға бұйрық алған. Ол «арнайы қызмет бөлімінің қызметкерлері қайда?» деп ойлап үлгіргенше олар да сау етіп, біреулері биік қабырғалардан қарғып, біреулері қойма төбесінен топ-топ етіп, жерге секіріп-секіріп түсті.

— Ешкім орындарынан қозғалмасын! Әйтпесе, қару қолданамыз! – деп ескерткен арнайы бөлім қызметкерлері әй-шәйға қарамай бас салды. Қимылдары ерен. Опыр-топыр басталды. Әлдекім жарықты сөндіріп үлгерді. Осы сәтті пайдаланған Карпов тасалау жерге қарай жылыстап бара жатты. Соны байқаған Ермахан арлан көрген бөрібасардай тұра атылды. Мұны көрген Карпов жанталасып жанқалтасындағы пистолетті алғанымен сақтандырғышты ашып үлгірмеді. Қатты екпінмен атылып келген жігіт оны кеудесімен жапыра соғып, жерге құлатып, үстінен тыпыр еткізбей басып қалды. Жарық қайта жанғанда байқағаны пистолет анадайға ұшып кетіпті. Арнай қызмет бөлімінің бір сарбазы қаруын кезеніп бұлардың үстінен төніп тұр екен.

— Қарсыласудың қажеті жоқ! – деді әлгі қару кезенген.

Бұл араға көп өтпей интерполдың қызметкерлері де жетті.

— Мына екеуін әзірге менің кабинетіме апарыңдар, -- деді майор Мальцев Карпов пен Беркінбековті нұсқап. –Жалпы бұл операция туралы ешкімге ештеңе айтылмасын. Әсіресе, теледидар мен газет-журналдың тілшілерінен сақ болыңдар.

***

Мальцевтің кабинетінде Карпов пен Беркінбеков Ермаханмен кездесті.

— Сенің көзіңді құрта алмаған екен ғой, анау сұмырай «Саудагер!» -- деді Карпов әлдекімге кіжіне сөйлеп. –Қатты қауіптеніп едім, шүкір, аман екенсің.

Ал, Беркінбеков болса лейтенантты көріп, көзі шарасынан шыға аң-таң. Тек басын шайқай береді.

— Иә, қаруластар, сендер тоғыз жылдан кейін кездесіп отырсыңдар ғой, -- деді Мальцев.

Ермахан өзін-өзі ұстай алмай қалды. Шалт бұрыла беріп, бір теуіп Беркінбековті бүк түсірді.

— Бұл Камилдин үшін!

— Бұлай етуге болмайды, лейтенант, -- деді Мальцев араша түсіп. –Заң тәртібімен хаттама толтырайық. Сендерді «тезірек сомолетке отырғыз» деп асықтырып жатыр ондағы бастықтарың. Операция әлі толық аяқталмаған көрінеді.

***

Шымкенттің тарлау көшесінің бірінде орналасқан «Жерұйық» мейрамханасына келген Әсем ештеңеден алаңсыз еді. Әйтсе де жүрегі сәл алабұртып, алдын ала тапсырыс берген оңаша кабинкаға жайғасты. Көңілі байыз таппай, әрнәрсені бір ойлап отыр. «Ермаханның түр-түсі өзгеріп кеткен шығар. Арадан біраз жыл өтті ғой. Қазір бір-бірін көргенде қандай күйде болады? Оны көрмегелі арадан тоғыз жылдай уақыт өтіпті. Әнеукүні телефонмен сөйлескенде дауысы өзгермегенін сезді. Дегенмен түр-түсі аздап та болса өзгерген шығар. Ең соңғы рет бұлар Алматыда кездескен. Кездескен де қоштасқан. Сол күні әскери училище курсанттарының иығына лейтенанттық шен тағып, бір-екі күн демалыс берген. Содан соң әскери бөлімдерге жіберілмек. Кімнің қайда жіберілетінін жас офицерлер білмейтін.

Әсем мен Ермахан осындай қоштасу сәтінде бірге болуды қалады. Қолтықтаса жүріп қала аралап, күнді серуендеумен өткізді. Саябақтың адам аяғы сиректеу жерінде отырып, ұзақ сырласқан.

— Сен мені тағы біраз күтуіңе тура келеді, -- деді Ермахан. – Келер жылы қызметтік демалысымды алысымен елге кеп, үйлену тойымызды жасаймыз. Соған дейін күтесің бе, Әсемтай?!

— Әрине, күтем, жаным. Бұған дейін де күттім ғой. Бірақ, мынау соңғы жыл тым ұзақ болатын секілді, маған.

— Ұзақ болмайды. Саған жиі-жиі хат жазамын.

— Иә, иә... Ол хаттарыңды мен қайта-қайта оқимын. Әр хатқа сөзсіз жауап жазамын. Сен де оны қайта-қайта оқы. Жарай ма?

— Келістік. Дегенмен саған айтар тағы бір өтінішім бар. Сен ғой сырттай оқып, әке-шешеңе көмектесіп жүрсің. Мен өйте алмадым, жәрдемім тимеді, оларға. Сенен сұранарым сол, біздің үйге де барып тұр. Менің әке-шешем қуанып қалсын, болашақ келіндерін көріп. Олар сені, сен оларды танисың ғой.

— Айтқаныңыз орындалады, болашақ генерал!

— Солай болсын, сүйіктім менің...

— Құп болады, генералым менің....

Екеуі емірене аймаласып, қимай қоштасып еді, сонда. Сол қоштасу міне, ұзақ жылға созылды. Ермахан «қайтыс болды» деп естігенде бұл мең-зең күй кешкен. Сенбейін десе әкелген табытын көрді, жұрттың оны жерлеуге алып кеткенін көрді... Әйтеуір, мұны сол мең-зең, әрі-сәрі күйден арылтқан Нағым еді. Ермаханның үйіне жиі барып жүрген бұған дәрігер ағаны қосып жіберді. Ол да бір мың болғыр азамат екен. Ерінбей-жалықпай, күн демей, түн демей келіп-кетіп тұратын. Көмегін аямады. Ем-домын үзбеді. Соған риза болған ол кісілер мұның көзінше дәрігерге:

— Әсем қарағымды тағдыр бізге келін болып түсуге жаздырмады. Сен бір инабатты адам екенсің, біздің сенен басқа сүйенер жанымыз жоқ. Сенеріміз де сен. Біз ертеңді күн олай-бұлай боп кетсек, Ермахан өскен үй иесіз қалмаса екен. Еңбегің сіңіп жүр ғой, айналайын, мұрагеріміз бол, -- деп құжаттарды реттестіріп, қолдарын қойып берген.

Ал, Нағым бұған ұзақ уақыт сөз салып жүрді. Жабырқаған кезде жұбатты. Қиналған кезде қасынан табылды. Өзін нағыз ер-азаматша ұстай білді. Сөйтіп, дегеніне көндіріп тынды, ақыры. Өткенде Ермаханның тірі екенін естігенде де өзін сондай салмақты ұстады.

— Оны шын сүйетініңді білгенмін. Мені ше? Мені де сүйдің бе? – деді Нағым.

— Мен тағдыр тәлкегіне ұрынған сұңқарды екінші бір қыранға айырбастаған едім. Сүрінгенде сен қайта сүйедің. Саған адал жар болып қаламын. Ұлымызды азамат етіп тәрбиелеймін, -- деген Әсем тоқып кетіп.

Сөйте тұра бүгін Ермаханмен жасырын оңаша кездесуге келіп отырғанына өзіне-өзі таң қалды. «Сезім құрғыр кейде ақылға жүгіне бермейді ғой».

Уақыт өтпеді. Тағатсызданды. Сөйтіп отырғанда кенеттен сыртта опыр-топыр болып кетті. «Не болды екен?» деп үрейленген ол сыртқа шықты. Шықты да аң-таң боп, сілейіп тұрып қалды. «Мұнысы несі... Мұнысы несі?» деп күбірлей берді. Біреулер мұның күйеуі мен дәрігерді және екі қорғаушысын қолдарын арттарына қайырып, кісендеп жатыр екен. Әсемнің онсыз да мұңлы жанары бұлдырап, жүрегі шаншып, қабырғаға сүйеніп, одан ақырын сырғап барып, еденге жүрелей отырып қалды...

***

Ол аурухана төсегінде  есін жиғанда қасында Ермахан отыр еді.

— Мені таныдың ба? – деді ол, жайбарақат қана.

Әсем үнсіз басын изеді. Әлдене деп кемсеңдеді де қайтадан талықсып кетті.

— Әсем! Әсем! – деп айқайлап жіберді Ермахан. Жетіп келген кезекші дәрігер науқастың жанынан жігітті  тез шығарып жіберді.

— Сіз, тым ерте келіп қойдыңыз. Оны мазалауға болмайды.

***

Подполковник Мұқатов Ермаханға құжаттарын беріп жатып:

— Өз үйіңе барып тұра беруіңе болады, -- деді. – Барлық құжаттарың дұрыс реттелді. Дәрігер Нағымның адамы екенін білесің. Ол сенің әке-шешеңе денсаулығына кері әсер ететін дәрі-дәрмек екен. Тезірек үйді иелену үшін. Әлгі дәрі-дәрмектердің құрамында есірткі болған.

— Оңбағандарды өз қолыммен буындырып өлтірсем ғой.

— Сот шешеді, барлық мәселені. «Саудагер» екеуінің мойнында талай адамның қаны бар секілді.

— Кім ол, «Саудагер» деген?!

— Ол сенің жалған жанашырың – Нағым Әләйдаров.

— Қайран Әсем! Шұбар жыланның қойнында жаттың-ау, -- деді ауыр күрсініп.

— Айтпақшы, лейтенант, бір айдан соң бір жылдық оқуға барасың. Бізбен бірге қызмет етуге қалай қарайсың?

— Менің басқа барар жерім жоқ.

— Келістік. Бірер апта жақсылап демал.

Осы кезде есіктен майор шеніндегі Есімжан Көбеков кіріп келе жатты.

***

Әуежайдағы үшеудің біреуі жан-жағына жиі қарағыштай берді. Серіктері оның көңілін аулап, әңгімеге тартты.

— Мальцев телефон соқты, -- деді подполковник, -- сенің бізбен жұмыс істейтініңді есітіп қуанып қалды. Жалпы біз, Ауған соғысын көргендер, ешкімнің алдында ұялмайтын болуымыз керек.

— Дұрыс айтасыз, Сары Әлімұлы, -- деген Ермахан әлденеге бәрібір алаңдап тұр.

— Самолет ұшатын уақыт та сырғап жетті. Ол серіктерімен қоштасып, амалсыз ұшақ алаңына қарай аяңдады. Бұл кезде екінші қабаттағы терезеден мұның сыртынан бақылай қарап, қасында баласы бар Әсем тұр еді. Ол іштей күбірледі. «Пәк махаббатымыздың алдында сен де, мен де кінәлі емеспіз, Ермахан. Бәріне кінәлі Ауған соғысы... Түсінесің ғой, оны сен. Енді мен қиялымда сен үшін, жарық дүниеде балам үшін өмір сүремін. Қош бол, сұңқарым!»

Кішкене ұлы оның жеңінен тартты.

— Мама, ол аға —  батыр адам ба?

— Иә, балам, сол ағаңа тартып өс!