ҚУАНЫШ ДӘЛЕЙ. ТІЛЕУБЕК БАТЫСТЫҢ БІР ӨЛЕҢІ ТУРАЛЫ

 

 

ӨТКЕНДІ ІЗДЕУ НЕМЕСЕ САНАҒА ҚАЙТА ОРАЛА БАСТАҒАН ҒАЙЫП БОЛҒАН ҒАСЫР
(Тілеубек Батыстың бір өлеңі туралы)

Өнердің өткені - тарих, бүгіні - ізденіс пен еңбек, келешегі - үміт. Өнер де егіс дақылдары сияқты, құнарлы атызы, майталман диханы, қолайлы құрал - жабдықтары болса, өнім де мол, онан алар қуаныш пен игілік те телегей теңіздей.
«Ең әуелі сөз жаратылған», - дейді киелі кітаптардың бірінде. Өнердің ең бастауы болған сөз патшалығы әдебиет те үздіксіз өсу мен кемелдену арқылы бұл ғасырда үлкен биіктікке көтерілді. Тұтас әлем әдебиетінің ең бір ғажайып үлгілерінің топтамасын оқып шығу керек болса, ол бүгін де бір адамның тұтас ғұмыры жетпес көлемге жеткен.
Жә, оны да қоя тұрсақ, қазақ әдебиеті, соның ішінде бүгінгісі туралы аз-кем сөз қозғасақ…
Бүгін дегенде біздің бүйрегіміз бұрыла беретіні де көбінде жастар жағы болмақ, өйткені, жастар кешегі ұлы Мағжан «сенген», қазіргі ізденіс пен жаңалықтың алдыңғы шебінде жалындап келе жатқан, ескі мен күйреу алдында тұрған қатып-семіп қалған қасаң идеяларды бұзып-жарып, оның үстіне өз сарайларын салып жатқан биік сападағы жаңа буын.
Ендігі тартыс ескі мен жаңа, көргенінен жазбайтын, шеңберден шықпай үйреніп қалған «ұя бұзбас» маубас идеяларға сүйенгендер мен өнерді мәңгі өзгеріс үстінде сезінетін, керексіз деп қабылдаған нәрсесін сүйретіп жүк ретінде арқалап жүргісі келмей тастай салатын, не нәрсеге де батыл кірісетін жалынды, лаулап тұрған ойлардың тартысы.
Әзір де қазақ әдебиетінде мұндай жастар өте мол. Қай-қайсысымен пікірлессең де мол білімнің, орамды ойлардың, тың көзқарастардың олармен әлдеқашан бірігіп кеткенін байқайсың. Ал, жазғандары бұрынғыдан мүлдем бөлек. Еркін, батыл, төңкерісшіл.
Және қатарлары да күн өткен сайын молайып, айтарлары да тереңдеп кемелденіп келеді. Батысшыл жаңа әдебиеттің бұрын тек формасын қабылдап, өлі еліктеумен бастаған бұл топ қазір оны ұлттық рухтың өткені мен бүгінін бойына сіңірген, жоғалтқан әлденелерімізді ақырындап тапқан қалыпта өз әлемдерін жасап келе жатыр. Ең басты қуантатын және оны сезініп дәріптейтін жері де осы. Әйтпесе, құрғақ форма, жансыз еліктеу, әрине, өнер емес, жай ғана қайталау, маймылдық мимика.
Міне, сол қуатты іні-қарындастарымыздың алдыңғы қатарында келе жатқан мықты ақын бауырымыздың бірі - Тілеубек Батыс.


Тілеубектің өлеңдері көбінде философия мен психикалық иірімдердің қабаттасуымен, өткен мен бүгіннің санадағы салмағының парқымен және сол екі мезеттің бір-біріне өте шығуымен құнды. Әрбір өлең жолдары алыстан орайласа, жақындаса келіп үлкен иірім жасап, философияның тереңдігінде дамылдап тұрады да, психиканың ұсақ соқпақтарын қосып алып, алыс көкжиекке сіңіп кете барады. Онда біз баратын, сіз баратын, оның да барғысы келетін үлкен кеңістіктің жатқанын жүрегіміз шым-шымдап сезеді.
Мәселен, «Шексіздік түсі» өлеңін алайық, бұл өлең тек қара өлеңмен сусындаған, батыстың модернистік және басқа да ағымдарымен таныс емес оқырманға сандырақ ретінде көрінуі мүмкін.
Бірақ, есті оқырман үшін бұл әдепкі жай, қазақы болмыс пен рух, саясат пен азғындату және азғындаудың әсерінен біртіндеп көмескіленіп бара жатқан бұл шақта күнде сезініп жүрген қасіреті мен уайымы екенін саналы жүрек бірден сезінеді.
«Қыстаудағы үй» - байырғы тұрмыс дағдысы мен жаңа қоғамдық мәдениеттің ықпалына ұшыраса да әлі қырына қылау түсірмеген ескілік, «аттың айылын босатуды ұмыту» - осы ескіліктен кетіп бара жатқан және ескілікке анда-санда соғып тұратын өткенді ұмыту, өткенді жоғалта бастау.
«Жылқы көзіндегі үміт» - әлі өзгеру мен құбылудың уысына түсе қоймаған, ежелгі көшпелі өмірдің жусан иісі бұрқыраған сәби санасындағы әлдеқашан кетіп қалған бағзы күндерге оралуға талпынған ақжарма үміт те, «сенің көзіңдегі аяныш» - ол үміттің жылдардың ақ тұмандарында адасып кеткен жол екенін, оның бұл күмәнді сапардан әзірше орала қоймайтынын білетін көңілдің мүсіркеуі.
Ұлтты сақтап қалу мен жоғалту - біздің қазіргі күндегі ең басты проблемамыз, бірақ, ол үміт пен күдіктің ортасындағы жалында жанталасып жатқан нәресте, әсіресе, бір елдерде…
«Қабағыңдағы жарияланбаған жарлыққа бағынып…» - біздің ұлтта заң ретінде жарияланбаса да, мораль ретінде үнемі айтылмаса да, бабаларымыздан бері үнсіз ғана рухымызда сақталып, жатталып қалған, көкірек тақтамызға жазылған, тек жадымызда ғана бар түрлі шектеулердің ежелдің ен күнінен келе жатқанын өткенмен рухы жалғасқан жандардың барлығы дерлік біледі. Сол мың жылдықтардың өзегінде бізді от пен судан, жоғалу мен азғындаудан сақтап келген көп жәдігер ақырындап бойымыздан өшіп барады. Жай ғана айтсақ, біз ненің қате, ненің дұрыс екенін ата- апаларымыздың, әкелер мен аналарымыздың ым-ишарасымен-ақ ұғынып өскен балалар едік.
Қарапайым мысал, көшеде ойнап жүрген топ балалар едік дейік, әлден уақытта жанымыздан әлдебір жұмысына кетіп бара жатқан не қайтып оралған әкеміз не шешеміз бізге көзінің қырымен бір қарайды, болды, жалғасты ойнау керек пе, үйге қайту керек пе, бірден түсінеміз. Немесе үйге қонақ келді, оны қарсы алулардың көп сатысы тағы да ым-ишарамен өтеді. Атын байлау, үйге бастау, қолға су құю, атын қою және әкелу т.б.
Бұлардың бәрі біз көріп қалған жаңағы «ата жанарындағы
жарияланбаған жарлықтардың» ең қарапайым үзіктері ғана. Әйтпесе, біздің бабаларымыз ұлы жорықтардан бастап күнделікті жай өмірдің әрбір сатысына дейінгі қимыл-әрекеттердің барлығын осындай «жарлықтарға » сіңіріп жіберіп отырған. Үлкен кеңестер үстінде де көп сөз айтылмайтын- тұғын, ел бастаған ерлер бір-бірін қас-қабағынан-ақ түсініп, ауқымды жұмыстар дабырасыз шешілетін еді. (Мүмкін, бұл сатқындық пен жансыздардан сақтану жағында да орасан роль атқарған...)
Біз жоғалтқан рухын іздеп жүрген елміз, соңғы бірнеше ғасыр бойында бодандықтың еңсені басқан зілі мен темір шынжырдың суық үні жіліншігімізді қарып, жүрегімізді әбден шайлықтырып тастаған. Бүгінгі тәуелсіз елде отырып, өз еркіндігіміз бен экономикалық дербестігімізді жетімдікте әлі күнге ұстап отырғанымыз соның (рухани құлдықтың) заңды жалғасы.
Ұлттың өзін іздеуі бүгін ғана басталған үрдіс емес, алдыңғы буын аз да болса атсалысқан үлкен арна. Ал, бүгінгі жас ақындардың бұл жақтағы ізденісі өте күшті. Әдебиеттегі енді қалыптасып келе жатқан жаңа бояу бағзы ғасырлардың қара бояуларының көлеңкесінде қалған қазақы реңдерімізді жаңа тәсілдермен суырып алып, өзінше бір жаңа кеңістікте тотықұстай түрленсе, ол өнердегі жетістіктің өз ұлттық ерекшелігі болмақ. «Іздеген табады» - табамыз, әрине. Бабаларымыздың жады өздері өмір сүрген Орта Азия аумағында қонатын бәйтерек іздеп қалқып ұшып жүр, ол бәйтерек - осы өткеніне өлердей ғашық Тілеубек қатарлы көп жас буынның мың бұтақты абзал жүрегі мен өнерге өлердей ғашық ынталары болмақ.
Өткенмен біз де енді ым-ишара және сана тілімен сөйлесеміз. Еш ұлт пен ұлыста болмаған өнердің үлкен мұғжизалары қалыптасып, даналық пен жаңалықтың алтын әріппен жазылған маңдайшалығы бар мектептер осында бой көтеретініне сеніміміз кәміл. Себебі біздің және кейінгі үздік буынның өткенге рухы жалғасып жатыр. Тілеубекше айтсақ, «менің санамнан шыққан әрбір үн сенің жүрегіңе көшеді».

Қуаныш Дәлей, ақын