(«Қараңғы түнде тау қалғып»)
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал ғып
Түн басады салбырап.
Шақ шығармас жол-дағы,
Сілкіне алмас жапырақ.
Тыншығарсың сен-дағы
Сабыр қылсаң азырақ.
...Мәңгіліктің өз тынысындай сарылған алуан сырлы, түн сарынды тыныштық музыкасы келгендей құлаққа. Күңіренген көп үн, жұмбақ күймен өлең әуендетіп тұр. Гетенің «Жолаушының түнгі жырынан» жасаған Лермонтовтың еркін аудармасына 90 композитор музыка жазыпты. Қазақ үшін тоқсанға татитын сазды да өзі шығарған — Абай.
Кемерсіз кеңістікке ауыр қанаттарын салбырата төніп, мамырлай бөккен салқар түн санаңда ұлы тыныштықтың, қарабарқын шексіз байырқаның бейнесі болып тіріледі...
Ойшылға дүниенің басқа дыбысынан гөрі, үнсіздіктің тілі түсініктірек, тынымның бағасы артығырақ. Тау – үнсіз. Дала – жым-жырт. Жол — сұлық. Жапырақ—қыбырсыз. Сен де сондай бір тынымнан дәмелісің... Табиғат пен адамның талықсыған осы тыныштығы – Мәңгіліктің ұлан дамыл, меңіреу үнсіздігіне ұласардай... Мәңгіліктің түпсіз шыңырау, мылқау құрдымына жұтылардай...
***
«Лермонтов не только любит слушать звуки, "Но он умеет слушать и тишину так, как никто другой до него в русской поэзии не умел. Припомним «Горные вершины», и «Выхожу один я на дорогу» –деп жазыпты кезінде белгілі лермонтовтанушы И. Розанов..
Горные вершины
Спят во тьме ночной,
Тихие долины
Полны свежей мглой;
Не пылит дорога,
Не дрожат листы....
Подожди немного
Отдохнешь и ты.
Шынында, мұндағы тыныштықтың бейнесі — тұтас. Тіпті, дыбыс, есіту мағынасын беретін бір де бір сөз кезікпейді. Лермонтовтың тыныштығында жарықшақ жоқ. «Түпнұсқа» Гетенің «үнсіздігі» де дәл мұндай қапысыз емес. Г. Бельгер жасаған жолма-жол аудармадан қазақшаласақ, Гетеден «Ағаш басын шалған еміс-еміс лепті сезесің». Ал, Абайда, (алғашқы шумақта) әлі толық орнығып бітпеген тыныштықтың құлаққа естілмес, түйсік қана сезер сарқынды сарыны бар. Үш ақынның да (Гете — Лермонтов — Абай)« мәтіндерін салыстыра отырып осы өлеңге тамаша талдау жасаған Герольд Бельгер Абайдағы «Сілкіне алмас жапырақ» деген жолдың орнына бала күннен өз құлағына сіңісті болған «Сыбдырламас жапырақ» деген вариантын қолданады. Және бұл екеуінің арасында «принципті айырмашылық жоқ» екенін де ескертеді. Біздіңше, принципті айырмашылық, дегенмен, бар. Лермонтовта есіту мағынасын беретін сөздер (әдетте еліктеуіш түбірлер және содан туындайтын сөздер) жоқ екенін айттық. Абайда да солай. Үп еткен әлсіз самалдың әрең білінер лебі болмаса, Гетеде де тыныштық, тініне селкеу түспеген. Мәселен, Лермонтов «не шелестят» демейді – «не дрожат» дейді. Өйткені, шелест – сыбдыр, дыбыстың атауы. Атау тұлғадағы қалпында-ақ, «естіліп» тұр. Дрожать (дірілдеу, қалтырау, Абайда: сілкіну) — қимыл-қозғалыс көрінісі. Рас, жеке сөйлем контексінде, айталық, «сыбдырламас» сөзі де — жапырақта дыбыс болмайтын, желсіз, үнсіз тыныштықты білдіріп тұр. Бірақ, түбір сөздің (сыбдыр) өз семантикасында; акустикалық бейнесінде «дыбыс» бар. Негізінен алғанда, Гетеде де – ал Лермонтов пен Абайда тұтасымен – жалпы тыныштық күйі, тыным рухы интонация, ырғақ, әуез құбылысымен ғана емес, семантикалық аясында шу, дабыра, дыбыс мағынасы жоқ «үнсіз» сөздермен де берілген. Есіту мағынасын беретін сөздер бейне (түн, тыныштық) тұтастығына сызат түсіреді. Өлең мәтініндегі сөздер фонетикалық құрамы, семантикалық нақты мағыналары бойынша іріктеліп, тыныштық музыкасынан шашау шықпас бояулармен қанықтырылғандай әсер қалдырады. Сондықтан, «сілкіне алмас» пен «сыбдырламастың» жеке сөйлем контексіндегі мағыналарында айтарлықтай алшақтық болмағанмен, дәл осы өлеңде, «Қараңғы түнде тау қалғыптағы» тыныштық күйінің тұтастығы тұрғысынан келгенде, принципті айырмашылық бар. Сөз тұлғасындағы білінер-білінбес, бір қарағанға, ескерусіз мағыналық реңктерді ескеріп, саналы түрде қолдану бар. Дәл сондықтан да Гетеде құстар үнсіз (құс сайрамайды емес), Лермонтовта жапырақ дірілдемейді, (не шелестят емес), Абайдағы жапырақ сілкіне алмайды («сыбдырламас» болуы мүмкін емес). «Жолаушының түнгі жырымдағы» осы тыныштықты тырс еткен дыбыс, үн атаулыдан «тазартып», зар күйіне жеткізгендердің бірі — В. Брюсов («В листве, в долинах — Ни одной — Не дрогнет черты»).
Лермонтов Гете өлеңінің сөздерін емес, стилін, интонациясын, музыкасын аударған дейді Г. Бельгер. «Қараңғы түнде тау қалғыптың» Лермонтов мәтініне қатысы да сол дәрежеде. «Стилі, интонациясы, музыкасы» дегенді, бір сөзбен, өлеңнің рухы деп ұқсақ, үш ақынға ортақ бұл рух — түн бояуына қаныққан Тыныштық тынысынан аңғарылады. Бұл рух — үш ақынның да ұстанған ортақ поэтикалық бейнелеу принципінен танылады: түнгі тыныштық дүниесі «дыбыссыз» бейнелермен берілген.
«Қараңғы түнде тау қалғыпты» жазғанда, Абай Лермонтов нұсқасын («Из Гете») негізге алғандықтан, бұдан арғы әңгімемізді екеуінің жоғарыда келтірілген өлең мәтіндерін салыстыра отырып сабақтайық. Лермонтов субъектісінің назары, яғни, өлеңнің кеңістіктік құрылымы «вертикальды» деуге болады. Абайда, керісінше, «горизонтальды» көру басым. Лермонтовта тау шыңдарынан («горные вершины») назар бірден стектегі аңғарларға ауысады. Бәлкім, орыс ақынының көз алдында етегінде қысаң шатқал, тар аңғарлары мол ақ ала бас Кавказ таулары тұрған болар. (Кавказ тақырыбына Лермонтов салған суреттерді еске түсіріңіз). Абайдағы сурет Арқаның аласа қоңыр тауларын, жалпақ жазығын нұсқалайды. Қарауытқан аласа таулардан (шыңдардан емес) көлбей еңістеген назарды көсілген күңгірт дала ескерусіз іліп әкетіп, бірте-бірте ұйыған қою ымырттың түнек қойнауына ұластырып жібереді. Алыстағы тау кемерімен шектелген кеңістік бері жылжыған назармен бірге қаусырылып келіп, нар иесі — субъектінің («сен» («мен») өзіне кеп тұйықталады. Лермонтовта бір мезгілдегі күй, жалғыз сәттегі сурет: «Горные вершины — Спят во тьме ночной; Тихие долины —Полны свежей мглой; Не пылит дорога — Не дрожат листы...» Осынын бәрі табиғаттың мезгілдік бір нүктедегі көрінісі. Тау шыңдары ұйықтап жатыр. Сонымен бір мезгілде етектегі алқап, аңғарлар жаңа ғана ұйыған қоңырсалқын қою түн қараңғылығына бөккен («Полны свежей мглой»).Дәл сол минутта жол да шан шығармай, жапырақ та сілкінбей тынып тұр. Абай нұсқасында мұндай статикалық күй, бір сәттегі тұтастық жоқ.
Қараңғы түнде тау қалғып,
Ұйқыға кетер балбырап.
Даланы жым-жырт дел-сал ғып
Түн басады салбырап
Тау қалғып барады, бірте-бірте балбырап ұйқыға кетпек. Етістік-баяндауыштарға назар аударыңыз: қалғып, ұйқыға кетер, түн басады — бәрі де келер шақтағы аяқталмаған, тиянақталмаған қалып-күйді білдіреді. Тауды иықтаған ауыр түн салбырай төніп, даланы да бірте-бірте меңдемек. Абайдың түні кеңістікті біртіндеп толтырып салмақпен жайылады. Осы бейнедегі марғау қозғалыстан тұңғиық түннің меңіреу сарыны, тыныштықтың үнсіз уілі, «шаршаған» табиғаттың күрсінген дыбыссыз демі сезілгендей. Өлең ағысында кеңістікке тұтаса қаптап, баяу жайылып дендеп келе жатқан байтақ түннің өз деміндей салмақпен толқындаған самарқау ырғақ бар. Өлең мәтініндегі дауысты, дауыссыз дыбыстардың құрамы да тіршілік пен табиғаттың осындай бір тынымына, тыныштық күйіне меңзегендей
Абайда біртіндеп қоюлаған түн бояуымен бірге көк пен жерді айқара, салқар даланы бауырлай жылжыған уақыт қозғалысы сұлық жатқан жолға, қыбырсыз тынған жапыраққа жетіп тоқыраған. Лермонтов өлеңінің басында-ақ тиянақталған уақыт Абайда:
Шан шығармас жол-дағы
Сілкіне алмас жапырақ, -
деген жолдарда ғана орнық, тұрақ табады. Лермонтовтар табиғат, түн, тыныштық суретіне Абай кеңістіктік-көлемдік, уақыттық-қозғалыстық перспектива қосады. Үнсіз уілдеген меңіреу сарынмен кеңістікті кернеп келе жатқан Тыныштық бірте-бірте байырқа тауып, өзінің ең шырқау нүктесіне — дыбыс, қозғалыс атаулы сап тынған толық тыншу күйіне жетті. Лермонтовта — кеңістіктік сурет. Уақыт —«жоқ». Дәлірек айтқанда, іркіліп, тоқтап тұрған нақ осы шақ бар. Абайда — уақыттық-кеңістіктік картина. Бұл картинадағы уақыт диапазоны болжаулы келер шақ (-ар, -ер, ма-с) пен ауыспалы осы шақ аралығында ауытқиды.
Лермонтовтың түні мен тыныштығы — бояуы әбден кепкен полотнодай біржола орнығып, тұрлау тапқан көрініс. Жоғарыда айтқан «ағаш басын шалған еміс-еміс желдің білінер-білінбес лебі» болмаса, түпнұсқада да (Гетеде) солай. Абайдың түні «шаң шығармас жолға» жеткенше бояуы әлі қанығып болмаған, жарық пен түнектің «ұзақ, дауы» (Дулат) мұқым шешіліп бітпеген күйде. Түн реңі енді-енді толығып, көк пен жердің арасы түпсіз қара мұхит болып міне-міне тұтаспақ. Тиянағына толық жетіп тыншықпаған, тоқтаусыз ағын бейнелі түн. Полотноға көшіруге болмайтын ағын бейнелі уақыт. Тау қалғығаннан бастап, жол шаң шығармай сулап, жапырақ сілкіне алмай тынғанша жүретін процесті бояу, қылқалам бере алмайды. Лермонтовта — сурет. Абайда –қозғалыстағы сурет.
Гете мен Лермонтовта — бейнеленген табиғат, түн көрінісі мен жан-дүниедегі толғаныс күйінің жалғыз сәт, бір мезетке байласқан тұтастығы бар. Өлеңдегі «оқиға» (көрініс, тебіреніс) — Жалғыз нүктеде тоқыраған нақ осы шақта беріледі. Бояулардың, күйлердің дамуы, алмасуы жоқ. Алдыңғы алты жол — бір мезетте алынған көрініс, соңғы екі жол да — сол сәтте айтылған сөз (ой). Осы қозғалыссыз күйлердің өз ішінде үздіксіз уақыт бар. Бірақ, бұл — жалпы өлеңнің сыртқы «оқиғалық» шеңберімен (дәлірек айтқанда, нүктесімен) дөп түскен, тапжылмай бір орында, көп күй, мол сырмен толқып-тебіренген нақ, осы шақтың үздіксіздігі. Таудан «Сенге» жылжыған назарға ғана табиғаттағы уақыт ұйыған түннің бояуы болып іркіліп қалғандай.
Абайдың бояулары қанығып, сарындары алмасып бітпеген түнінде, толық, орнығып үлгермеген тыныштығында ағысы әлі сарқылып болмаған уақыт бар. Гете мен Лермонтовта кеңістік қиғаш вертикаль бойымен «қусырылып» келіп, «сенге» түйіседі. Абай кеңістігі «сенге» жеткенше көлбеу-горизонталь бағытпен «тарылады». Неміс ақынының вертикалі орыс ақынынан да гөрі тіктеу. Гете бұл өлеңді Кихельхан тауының басындағы құжыраның ағаш қабырғасына жазған. Сондықтан да назар шыңдардың үстінен қарайды: «Над всеми вершинами покой» (Г. Бельгердің жолма-жол аудармасы бойынша). Лермонтов тау шындарының өзінен бастап кетеді («Горные вершины — Спят во тьме ночной»), Абайдағы назар — алыстаған сайын майда толқындарға айналып, жалпақ жазықпен ұласып кеткелі тұрған аласа қоңыр тауларға тірелгені күмәнсіз. Алдыңғы екі ақындағы сияқты Абайда да кеңістік ауқымы мен уақыт көлемнің қарым-қатынасында өзара сәйкестік бар. Гете мен Лермонтовта — вертикаль кеңістікпен «сен» деген нүктеге қадалған дәл осы мезет, дәл қазіргі шақ, Абайда — белгісіз, бейтарап уақыт: қазір-қазір емес, енді болатын, немесе, әйтеуір бір болатын, болуға тиіс, не болмаса, тіпті... күнде болатын нәрсе («оқиға»), Тау қалғып [кетер)]—«қалғыды» емес. Түн басады—«түн басты» емес. Шаң шығармас пен сілкіне алмастың да болжалды келер шақтық мағынасы айқын.
Лермонтовтағы уақыт құрылымы екі қабаттан тұрады. Назардағы —«сен»-нен өзге дүниедегі (табиғат, кеңістіктегі) және «сен»нің өзіндегі уақыт. Екеуінде де нақ осы шақ «тоқтап тұр». Бірақ осы екі мезеттік «қабатта» жіксіз қабысу, тұтасу әлі жоқ.
Ұйықтап жатқан, тынып жатқан әлем мен «сеннің» тынымы біріне бірі сіңіп, біржола ұласып кете қоймаған. («Подожди немного»), Абайда, керісінше, сыртқы әлем мен «сен» –нің (немесе, екінші жақтағы «меннің») анық тыншу табар сәтінде бірлік бар. Абай кеңістігінде әлі тиянақ таппаған уақыт қозғалысы сезіледі. Түн бояуы толық жайылмаған, тыныштық толық орнамаған. Сондықтан, жол шаң шығармай, жапырақ сілкіне алмай тынғанша, саған да азырақ сабыр қылу керек. Түн мен тыныштық кемеліне келгенде, сен де тыншығасың. Яғни, Лермонтовтағы біртұтас күйдің қосымша детальдарындай жол мен жапырақ, Абайда – толық тыншығудың алдындағы сілтідей тынған өліара мезет, аралық сәт. Дәл осы арадан табиғат күйі адамның аңсарына ауысады: ғаламдағы тыныштық пенденің тынымына ұласады. Шартты рай формасындағы «сабыр қылсаңның» болжалды келер шақта тұрған етістіктермен байланысы енді-енді байырқа таппақ түн тыныштығы мен пенденің аңсаулы дамыл сәтінің уақыт тұрғысынан толық сәйкестігіне меңзейді.
Сонымен, «Тыншығарсың сен-дағы — Сабыр қылсаң азырақ». Ұйқыға батқан байтақ дүниедегі тыныштық әлдиі, дұғадай ұйытып, тылсымдай тербеген үнсіздіктің аңыраған ауыр, күңіренген дыбыссыз сарыны осындай бір жан дамылына шақырса керек-ті. Табиғат пен адам ұлы байырқа, тұңғиық тынымда қайта табысты... Осы арада тоқтайсың... Бұл қай тыным? Күнделікті тәтті ұйқы ма, жоқ, біржола тыншығу ма? Таң атқанша ма, мәңгілік пе?
* * *
Осы өлеңді оқығанда, еске түсіргенде, біз әрдайым өлеңнің өзінде жоқ бір терең мағыналар туралы ойлаймыз. Және ол мағына сөзсіз бар деп білеміз. Жалпы шынайы өнер туындысының жалғыз ғана сырмен шектелмей, алуан түрлі мәніс-мағынамен құбылатыны белгілі. Көрінген суреттің бояуынан, айтылған сөздің астарынан сарқылмас мағыналар өрістеп жататын құбылыс — ұлы шығармалардың үлесі. Бұл —«Қараңғы түнде тау қалғыптың» да маңдайына жазылған тағдыр. Өлеңде бейнеленген табиғат тынымын өзекті пенденің әйтеуір бір өлетін ақиқатына меңзеу деп жорисың. Лермонтовтағы «отдохнешь» пен Абайдағы «тыншығарсыңда» сол бейнелі бір терең трагизм жатқандай. Жан-дүниең санасыз түйсікпен қабылдауға бейім бұл сырды, «ғылыми» түрде түсіндіру, белгілі дәрежеде, әурешілік болмақ. Дегенмен, өлең құрылымындағы осы түйсікке түрткі боларлық белгілерді қарастырып көрейік.
Алдыңғы алты жолда ақын түнгі табиғат пен тыныштықтың бейнесін жасайды. Соңғы екі жол назар иесінің өзіне (не белгісіз, бейтарап «сен»–ге — жалпы адамға) қатысты сыр. Жаңағы алты жолдың әрқайсысы поэтикалық тұтас образдың (түн, тыныштық) шеңберінде тығыз тіркесіп, сатылай жылжыған метафоралық байланыстар тізбегінен турады: тау қалғиды, балбырайды, ұйқыға кетеді; дел-сал даланы салбырап түн басады; жол шаң шығармайды, жапырақ сілкіне алмайды — бәрі де адамға топ әрекет, қимыл, күй, халді білдіретін метафоралық етістіктер. Ал адамға қарата айтылған соңғы екі жолда мұндай айқын балама бейнелер жоқ — адамды «адамдандыру» қажетсіз. Алдыңғы жолдарда барынша «адамдандырылған» табиғат, мезгіл, кеңістік құбылыстары соңғы, түйінді екі жолдағы адамға қатысты күйге табиғи ұласады. Біртұтас тыныштық гармониясында тұтасып, өлең мазмұнының терең қабаттарын қамтыған потенциалды мағыналық оппозиция осылай айқындалады: табиғат — адам. Гетелік танымда, адам — табиғатпен тамырлас, тектес құбылыс. Ол да табиғаттың бір объектісі, табиғаттыңең биік жаратындысы. Адам ойы — табиғаттың өзін-өзі тану құралы. Сондықтан «Жолаушының түнгі жырындағы» түнгі табиғатты көруші назарды, ғалам тыныштығын сезінуші түйсікті — табиғаттың өз рухы деп тануға болады. Сол рух өз объектісі — адамға да сондай бір тынымды уәде етеді. Бірақ, барша ғаламдағы барақат, байыз, гармония пенденің жан дүниесін әлі толық баурап үлгерген жоқ. Өзін өзі көріп, барлап-бақылап, түйсініп тұрған рух ұйқыға кеткен адамның санасымен бірге өшпек, тынбақ. Адамның табиғат туралы ойы табиғаттағы өзін өзі танушы рух болып өзіне объект ретінде, екінші жақтағы есімдік арқылы («сен») «тіл қатады». Табиғат пен адам тынымының тұтасар сәтінде осы екі стихияның гармониялық үйлесімін парықтаған сол рух қана ояу. Екі тынымның мезгіл жөнінен сәл сәйкеспеген аралығында сол рух тұр. Табиғаттың мәңгілігімен салыстырғанда — қас-қағым сәттік рух. Өзекті жанға өлшеп қана берген саналы тіршілік.
Гете бойынша, табиғат үшін өткен мен болашақ жоқ, табиғат үшін бәрі — дәл қазіргі мезет, нақ осы шақ. Табиғат үшін сол нақ, осы шақтың өзі — шексіздік, мәңгілік. Гетеше, адамның табиғат уысынан шығып кетуге ерік-дәрмені жоқ, ол бізді сұраусыз, ескертусіз шалқар иіріміне тартып әкетеді де, қашан қалжырап, қарманудан қалғанша сол қайнаған құрдымда шырқ үйіріліп айнала бермекпіз. Табиғат жақсылық, жамандық дегенді білмейді. Бірақ ол өмірден, жақсылық-жамандықтан қажыған пенденің шаршаулы тәніне — тыным, күйзелген жанына — пана, сая тауып бере алады... «Жолаушының түнгі жыры» жазылған тұстағы ұлы ақынның жалпы көңіл-күйі, алып ойының аңсары осы аңғарда еді.
Гетенің сегіз жолдық кішкентай шедеврінде «бар табиғат, күллі әлем сиып тұр» – деп жазады Гете шығармашылығының әйгілі білгірі А. Аникст. Ал, сол табиғат пен әлемде (гетеше: мәңгілікте) уыздай ұйып, сілтідей тынған ұлан дамыл, түпсіз тынымның астарында, арғы терең қабатында не бар? Біздіңше, адам жанының сол мәңгілікпен мәмілесі бар. Адамдағы сәттік ғұмырдың табиғаттағы шексіздікке әлдебір тежеусіз, күштеусіз, ырықсыз ымырамен ұласуы бар. Жеке (адам) мен жалпының (табиғат) гармониялық тынымда соңғы табысуы бар.
Тыным тілеуші пенденің аңсарын аялаған ғаламдық, мәңгілік Тыныштықтың тұңғиық сазы мен сарыны санаңда үнсіз бебеулеген үздіксіз зарық болып сарнайды.
Өлеңдегі уақыт тыншып, тоқтап тұр. «Тоқтаған» уақыт — өткен шақты да, болашақты да білмейтін табиғаттың нақ осы шағы, күңіреніп-күйзелген болжаусыз, болмыссыз тыныштығы. Яғни, Мәңгілігі. Сен де тынығасың. Сол тыныштыққа, мәңгілікке — табиғатқа сіңесің.
Өлең мәтініндегі және бір болжаулы мағыналық полюстер жұбының — мәңгілік — қас-қағым (сәт) қарым-қатынасының поэтикалық өріс, кернеуі адам мен табиғаттың, сана мен стихияның осы мәмілесіне сарқып, шешім табады. Бұл — шаршап, сарқылған пенденің ғаламдық тынымда өмірмен, болмыспен қайта толығуы, немесе, сол тынымға сіңіп жоғалуы. Мезі тіршіліктен, өмір құмарынан азат болуы...
Ұйқы мен өлім ежелден шендестіріледі. «Илиадада» ұйқы — өлімнің ағайыны аталады. «Ұйықтаған да — бір, өлген де бір» деген сөз қазақта да бар. Өткен ғасырдағы европа, орыс романтиктерінде түн мен ұйқы сондай символдық мәнге не. Қай елдің поэзиясында болсын, мұндай поэтикалық тұспал-бейне қазір әбден үйреншікті (мысалы, «Бір күні кетсем ұйықтап оянбаспын»— Қасым Аманжолов). Лермонтовтағы түнгі ұйқы, аңсарлы тынымды үнсіз тербеткен тыныштықты да осы бейне-тұспал аясында қабылдауға бейілсің. Орыс ақынының дауыл мен дамыл арасында шарқ ұрған лирикалық тұлғасының тіршілік пен ғаламнан әрдайым тыныштық, тыным, толас іздеген көңіл-күйі Гете өлеңінің рухымен толық үйлеседі.
Лермонтов туындысына («Из Гете») көзқарас әртүрлі. В. Жирмунский, А. Федоров сияқты зерттеушілер оны төлтума шығарма деп таниды — Гете өлеңі тек түрткі есебінде. Биді біреулері (мәселен, Б. Эйхенбаум, В. Брюсов) анық аударма деп санайды. Шындығында, бастапқы және соңғы екі жол болмаса, Лермонтов мәтіні түпнұсқамен дөп түспейді. «Горные вершины»-ды, белгілі дәрежеде, Гете тақырыбына еркін толғаныс деп те қарауға болады. Мұндағы тыным мен ұйқыны әлемдік әдеби және философиялық үрдіс рухында мәңгілік тыншу, өлім деп ұғуға негіз әлдеқайда күштірек. Лермонтовтағы түн мен тыныштықтың символдық мәні айқынырақ. Гетеде жоқ қосымша нақты деталь — бейнелермен («Не пылит дорога — Не дрожат листы») тіршіліктің трагедиялық сөнуіне, өмір құмарының, ерік пен тілектің біржола өшуіне поэтикалық тура тұспал жасалады. Сөйтіп, неміс ақынының нұсқасындағы пантеистік мұң Лермонтовта жеке адам ғұмырының терең трагизміне дейін өрістейді.
Өз кезегінде, «Қараңғы түнде тау қалғыптың» да Гете, Лермонтов мәтініне тәуелсіз мағыналық рең, сипаттары бар. Бұл, ең алдымен, өлеңдегі уақыт межесіне қатысты айырмашылықтардан көрінеді. Гете мен Лермонтовта психологиялық параллелизм — айырым уақытты (разновременный): табиғатта толық тыныштық орнаған, адамның тұспалды тынымы — әлі күтулі. Тыныштықтың меңіреу симфониясы сәлден соң өз салтанатын күңіренген соңғы аккордпен біржола баянды қылмақ... Ішін тартып тынған қара түнек тұңғиық —сол сәттің аңсарымен, ең ақырғы жұбаныштың зарығымен тіршілік пен шудың құлақта қалған көмескі шыңылы болып сыңсып тұр. Дәл қазір, нақ осы шақта. Абайдың уақытында мұндай айқын меже жоқ. «Қараңғы түнде тау қалғыптың» құрылымдық бөліктерінде — метафоралық жүйеде толық шендестірілген табиғат пен адам күйінде — мағыналық-бейнелік қана емес, уақыт қатынасы жөнінен де тең тұрғылық, тең құқықтық бар. Табиғат пен адам тынымы — бір. «Сабыр қылсаң азырақ»— деген меже екеуіне де ортақ: ерте ме, кеш пе, бүгін бе, ертең бе, жоқ, жалпы бір болуға тиіс пе — әйтеуір осы сәт келер («сабыр қылсаң азырақ»), табиғаттағы дымы құрып тынған қозғалыс, талмаусырап сөнген дыбыс, салығып шөккен түнмен бірге сен де шөгесің, сөнесің — тыншығасың. Тау ұйқыға кетер, даланы түн басады, жол шаң шығармас, жапырақ сілкіне алмас, сен де тыншығарсың... «Сабыр қылсаң азырақ»—осы етістіктердің мағынасындағы болжалды уақытқа тиесілі меңземе. Оның, жоғарыда айттық, табиғат пен адамға қатысы — тең, ортақ.
Тыныштықтың құлаққа естілмес, көңілге ғана айқын көмескі сазы, күңіренген күнгірт сарыны Лермонтовта да, Абайда да мол. Сарылған үнсіздіктің үні, болжаусыз кеңістіктің тыныс-демі, ауқым-айдыны өлеңдегі дауысты дыбыстардың әуенінен сезілгендей. Орыс ақынындағы о, ы мен қазақша мәтіндегі басым а, ы тыныштық үні мен кеңістік құрылымының екі өлеңдегі ұқсастығында, айырмашылығын да танытады. Бұл дыбыстар сол үзілмей аңыраған шексіз сарын, түнгі кеңістікті құпия аңсармен үнсіз арбаған, тылсымдай тербеген тұңғиық әуеннің акустикалық бейнесі. Лермонтовтағы ең мол ұшырасатын дауысты о — ы ұйқыдағы әлем, тынымдағы табиғаттың өз сазындай. Сондай-ақ шектеулі кеңістіктің вертикальды құрылымына нұсқағандай. Абайдағы жазық дала, мол кеңістік аңыраған ашық а-мен бейне табады.
Зерттеушілер Лермонтовтың музыкаға өте бейім, өзі – жақсы суретші болғанмен, жан дүниесі дыбысқа, сазға бояудан да гөрі сезімтал болғанын айтады. Оған дейін орыс поэзиясында, жалпы, дыбыс, ән, әуен туралы өлең де аз болған. Қазақ поэзиясында да Абайға дейін солай. Абайдың ән-күй әсемдігін, мағына-мәнін толғаған өлеңдерінен Лермонтовтың кейбір сарындарды айнытпай танып алуға болады. Мәселен, Лермонтовтың «Звуки» өлеңі мен Абайдың «Құлақтан кіріп бойды аларының» бейнелік-тақырыптық сабақтастығы дау тудырмайды.
Екі ақынның музыкаға деген ерекше зейін-ықыласы өлеңдерінің тақырып, бейне жүйесінен ғана емес, дыбыстық-әуендік түзілімінен де жақсы байқалады. Әуен үйлесіміне қапысыз сезгір түйсікті, дыбыстық бейненің: поэтикалық тұтас мазмұнмен байланыс-бірлігі талданып отырған өлең мәтіндерінен анық көруге болады. Абай Лермонтов туындысының рухын, стиль тұтастығын толық сақтаған.
* * *
Енді, »Қараңғы түнде тау қалғыпты» және бір оқы мән-мағынасын қайта бір парықтап көрейікші. Әлде жұбату, әлде мұң — өлеңде жақын тұрған бір байыз, тынымның бары айтылады. Тура мағынасына шақсақ, кәдімгі толас, күнделікті дамыл сияқты. Оқырман бұл сәтті — мәңгілік тыным, дем үзілер, дәм таусылар сағатқа балайтын мағына өлең мәтінінен тікелей көрінбейді. Абайда — әсіресе. Өлең суретінде — түн тұңғиығында дамылдап жатқан тіршілік бар. Ұйқыға кетердегі тау тіршілікпен балбырайды. Қарауыта көлбеген жым-жырт далада дел-сал тіршілік бар. Шаңы шықпай аңырған шаршаулы жолда, тәмам тыным, орасан дамылдың мастығы буынына түсіп қалжыраған ағаштардың қыбырсыз тынған жапырағында тынысын тереңге жіберіп тіршілік үнсіз ұйып тұр. Таудың ұйқылы сарыны, тыныштықтың түйсігіңде күңіренген тылсым музыкасы... Бәрі тіршілікпен тыныстайды. Түнгі ғаламның самарқау, құпия ырғақтары дамылдағы жүректің соғысындай баяу ғана, тіршілікпен толқындайды... Осы «тіршіліктің» бәрін тікелей әкеп «өлімге» киліктіру, композиция логикасына, жалпы бейнелік-мағыналық, тұтас құрылымға қайшы болар еді. Өлеңнің тура мағынасы, композиция, бейне қисыны жанды табиғаттағы («адамдандырылған») дамыл мен тірі адамның тынымын берілген контексте теңдікте (адекватты) қарауға меңзейді. Бұл — уақыт пен кеңістіктегі, яғни барлықтағы, болмыстағы тыным. Тірі тыныштық. Мәңгі жоқтықтың қап-қара құрдым түнегі емес. Өлеңде ғарыш әлемі көрсетілмесе де, осы түнді, ең алдымен, Тіршіліктің, жарық дүниенің жұлдызды түні деп қабылдайсың. Өлінің тыныштығы емес, осы барақат, тыным — қажыған пендесіне Тәңірінің қылған рақымы деп білесің.
Өлеңнің «үстіңгі» қабатындағы астарлы байланыс, психологиялық параллелизм — ой-сезім, аңсар-зауқыңды алдымен осы аңғарға бұрады. Салбырап түн басқан табиғаттың тыншу күйі шалдыққан, шарасыз жұмыр бастының әйтеуір бір тынымнан дәметкен түйінді сырына ишара болып өріледі. Дүниенің күндізгі жарығынан, қым-қуат шуы, қарбалас-әбігерінен, қуаныштан, ызадан, күлкіден, қайғыдан қажыған пенденің үздігіп жеткен дамыл сәті күннің аптабы, желдің аңызағынан кеберсіп көні қатқан, шаңытып шаршаған даланың түнгі қоңыр-салқын тыныштықта тыныс тауып, жым-жырт, дел-сал болып созыла солықтап жатқан қалпымен астастырылады. Дегенмен, осы өлең мазмұнын, табиғат — адам мағыналық оппозициясының шешімін, неге мәңгілік пен мезет, өмір мен өлім мәселелерінің аясынан іздеуге бейімбіз? Және бұған Абай мәтіні көбірек негіз беретіні қалай?
Жоғарыда түн, ұйқы, тыныштық сөздерінің әлемдік әдеби және философиялық дәстүрдегі символдық мән-мағынасы туралы айттық. Өлеңнің ішкі композициялық құрылымында теңдестірілген табиғат пен адам тынымы өзінің онтологиялық мағынасында тең емес. Табиғаттың мәңгілігінің жанында адам өмірі — қас қағым ғана. Мәңгілікпен шендестірілген қас-қағым — жоққа тән. Осының бәрі өлең интонациясымен, дыбыстық бейне, әуендермен тұтасып, поэтикалық суггестия (көркемдік әртүрлі тәсілдермен мәтіннен тыс астыртын мағыналарды сездіру, меңзеу) тудырған. Абайда бұл «тыншығарсың» етістігімен тіпті күшейе түскен. «Отдохнешь»-қа нақ балама — демаласың, тынығарсың, дамылдайсың. «Тыншығарсыңның» экспрессиясы күштірек, ауыспалы мағынаға (кең тұрғыда — метафораға) көшерлік мүмкіндігі де молырақ. Қазақ оқырманы үшін бұл сөздің семантикалық реңі метафоралық қолданыстағы өзге синонимдерінен гөрі, мәңгілік тыным (өлім, жоқтық) мағынасын айқынырақ беруге тиіс.
Табиғат пен адамды тұтастырып жатқан метафоралық көпірлер өлең мазмұнының «астыңғы» шыңырау қабатында пенде ғұмырының өтпелілігін, ақиқат өлімді, жаратылыс-болмыстың соңғы даналығын мойындаған орасан метафоралық тұспалға ұласады. Бұл —«Дүние өтер-кетер баяны жоқ» деген бейтарап, үйреншікті шындық та емес, «Дүние, мен қайтейін жалғаныңды» дейтін таптаурын өкініш те емес — өткінші ғұмырдың Мәңгілікпен осы мәмілесіне парасатты пенденің ойшыл мұң, философиялық сабырмен жүгінуі.
Сонымен, «Тыншығарсың»...— дейді Абай. Егізқабат, қосастар арнада сабырмен толқып, толқындары алмасып, ағысқа ағыс жалғай, тереңге тереңін төсей қозғалған мағыналық ағындар осы «тыншығарсыңда» тоғысып, тұңғиығы шымырлаған түпсіз телегейге айналады.
«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан —«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі»,— дейді Абай. Яғни, тән («менікі») шіриді, жоғалады, жан, рух («мен») –мәңгі. Абайлық осы таным аңғарынан келсек, адам мен табиғаттың мезгіл мен кеңістік шындығында талығып жеткен осы тынымы — тіршілік, болмыс қамытынан, тән құрсауынан құтылған азат рух, өлмес жанның мәңгілігіне — түпкі Ақиқатқа ұласпақ.
«Өлім барда қорлық жоқ»,— дейді Абай.
«Қараңғы түнде тау қалғыптағы» тынымнан дәмелі пәнилік — әлдебір жақсылықтан да үміткер сияқты...
Әйтеуір осы тынымда бір құтқарғыш күш бардай...
Түн қойнында бебеулеген тұмса күй, тынық зар — қажыған пендесіне Тәңірі қылған рақымның хабаршысындай...