Qalamger.kz әдеби-танымдық порталы күні кеше ғана зерделі оқырманға Еділбек Дүйсеннің жаңа кітабы шыққанын сүйіншілеген болатын. Қарымды қаламгер Дидар Амантай жазған кітаптың алғысөзін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
КӨЛІК БАҒЫТТАРЫ немесе Еділбектің құстары
(Еділбек Дүйсеннің “Қалалық құстар” атты жыр топтамасы туралы)
Сын/Эссе
Тіл – таза қалпында жыр!
Мартин Хайдеггер
Қала құстарға толы. Шаһардың бір белгісі – түрлі маршруттар бойынша жылжыған, баяу қозғалып келе жатқан қоғамдық көліктер көптігі. Биыл қыс ұзақ, бірақ, көктемнің лебі білінеді, заңғар үйлер шатырынан қар кетіп, қарайып төбесі көрінеді, маусым райын, түсін аңғардық, көшеден, кісіден, көліктен қуанышты күй, шат көңіл сезіледі, бұл өзі – бақыт уақыты, шаттық мезгілі, автомобильдер көбейе бастаған апақ-сапақ.
Күн жұқарып, ай толып, аяздың беті қайтты, қарағайлар шарт сынып, қайыңдарды қақ айырған суық, ұзап бара жатқан қыстың ақпан кештерінің бірінде, елгезек бауырым Еділбек іңірлетіп телефон шалды.
Ту сыртынан Каспий толқыды. Шалқып жатқан теңіз жарықтық ақ көбік шашып жағаны ұрады. Еділбектің бақыты, біз ой кешіп жүрміз, ол толқын кешіп жүр. Көңіл күйін тауып, уайым-қайғысын жырға айналдырады:
Уыз самал есіп тұрды аңқыған (“Каспий. Қызыл іңір”)
Жақсы өлең. Нұр-Сұлтан қаласында жарық көргелі жатқан “Қалалық құстар” атты кітабына енген туынды. Немесе, “Күнделіктен” көшірілген жыры – поэзияның асқақ биігі – оқып көріңіз...
Өртенбей, сынған шырпыдай,
Аяқсыз қашқан өткен күн...
Ғажап! Нағыз өлең. Образ қандай кесек. Театрға, киноға, анимациялық фильмдерге бергісіз сурет. Сюжетке сұранып тұрған штрих. Төмендегі мына бір дүниесі де ден қойған тәжірибелі сыншыны, әдебиет, сөз өнеріне тойған, суыған майталман оқырманды селт еткізері сөзсіз.
Терезенің маңдайынан жел өбіп,
Кәрі сағат қағады үнсіз таңдайын (“Түн. Меланхолия”, (Диптих)
Жалпы, ақын ерекшелігі – жалаң сөз емес, тың образбен жаңаша ой қорыту, байлам айту. Бейнелер арқылы сөйлеу. Ұйқас – бірінші шарт емес, бірінші шарт – образ.
Бір шығармасында:
Жанымның үндері жазылды ерінде,
Жүрек бетінде жорғалай...
Байғұс әжемнің әжімдеріндей
Менің ғұмырымның жолдар-ай,
деп жазады. Бұл енді жаңа сөз емес, жиі қолданылатын эпитет, бірақ соңында қандай метафора (!) келтіріледі:
Бұйығы тартқан бұйра құмдардан,
Бұлаң жол іздеп адасар
Мың жылдар өмір сүрген Шығыстың жұмбақ шаһарлары қымтанып жатқан оазистер көз алдына елестейді, ақындық қиял алысқа арбайды, жер мойны қашықтан шыққан сауда керуені, салқар көшті алдынан субұрқақтар атқылап, хауыздар шүпілдеп күтіп тұрады. Еділбек шөлдің қасиетін жақсы біледі, сырына да, қадіріне де ерте жеткен, шежіресіне қанық, соқтықпалы соқпақсыз жолына жетік. Ығысып, сырғып, аунап бара жатқан шағылдар, сырттан келген қыр адамын оңай адастырады, шөлдің әмірі де, өмірі де ерекше, уақыты да бөлек, дауысы да басқа. Шын уақыт – шөлде. Шындық іздеп шөлдегендер ақиқатын шөл даладан тауып қайтады.
Шөл біртіндеп шөлейт аймаққа ұласады. Құм таулар әлемді басып, шаһарларға тақап, жылжып келеді. Қауіптің үлкені. Қырдан келген сүрлеу құмға жетіп үзіледі. Ақын осыны меңзеп отыр. Суда қайықтың, құмда көліктің ізі жоқ. Шөл далада көшіп бара жатқан сені әуеге шымылдықтай көлденең тартып сағымдар ғана есіне алады.
Қазір жағдай өзгерді. Ғаламторда адам жоғалмайды, әлеужеліде кісі өлмейді. Іргесіз құмда елестер көшіп-қонып, қоныстанып жүреді.
Еділбек үздік ақын, еркін поэзия қайраткері болса да, ел мұраты, ұлт мүддесіне келгенде кідіріп, кібіртіктеп қала алмайды. Эстетикалық ізденістері әлеуметтік мәселелерді күн тәртібіне көтереді. Ашық емес, оның мәтіндері – жабық. Айтары – астарда. Тұспалдап жеткізеді.
Ай қадаған басына
Күбірлейді кіл қорым
Немесе, соңы:
Шұрық тесік жейдесі
Ол дегенің – қоғамның бояу аққан бейнесі,деп “Құлазиды”. Түсінікті ме, бізге де – түсінікті.
Қоңыр ойдан тін таратқан қоңыраулы жыр-кеуде,
Тәңірінің нұрлы жүзін көретұғын күндерге
Әулиелік пішінімен аяқ басты
Біз пақыр
Зағип жанның аяғындай ғұмыр кешіп жүргенде... деген жырын қазақтың көрнекті қаламгері Әбіш Кекілбайұлы қазасына арнайды.
Еділбек Абзал Сүлейменге:
Сенің бұл хәліңді қалайша түсінсін
Мұқтаждық көрмеген Құдайлар... дейді «Жазу не жазбау керектігі жайлы жазу» өлеңінде.
Мұнарасын тұман қамаған мешіт,
Пәрәнжі киген қарындасымдай, меңді.
Бір кездердегі нәп-нәзік үміт
Бүтін шыдам кейпіне көшіп,
Үнсіздік шеңберінде өлді... (“1782 км”).
Әлі есімде...
Жел үйірген қоқыс ішінен ұшқан тарғыл шүберек
Ауыл үстін айналып жүріп
кетеуі кеткен ескі бағанаға ілінді.
«Ұйқысырау» өлеңі – бұл шағын шығармада – қызыл идеология тарихы аллегориялық тұрғыда әңгімеленеді. Тәмсіл формасында. Қызыл жалаудың қазаққа қатысы жоқ еді, кездейсоқ келді. Маңдайының соры бес елі халық. Табындырды, қабындырды – іс насырға шапты. Жетпіс үш жыл ұйқылы-ояу күн кешті. Тарихтың соңы, қорытынды:
Терезе түбінде азан даусы ұйып тұр,
Иə, əлбетте!
Естімек үшін терезе ашуға ұмтыламын,
Сайтан алғыр!
Ылғи да құдайсыз кітаптарға сүрініп кетемін.
Келесі туындылары: «Дала» – кемел үлгі, «Күмән» – терең.
Ымырт қараңғысында бақ ішіне аттадым
аттады менімен бірге
адасқан қара күшік
«Түс. Ұмыту», «Қайталану» атты өлеңдері де тамаша. Төмендегі мына бір өлеңін тұтас бергенді жөн көрдім.
Жарығым...
Мен, бір күні
Естеліктерімді босағаға жерлеп,
Ырымдарым мен тыйымдарымды босағаға жерлеп,
Үміттерім мен күдіктерімді босағаға жерлеп,
Ойым құсеттенген күйде,
Уақыттың гүлдегенін күтіп
Табалдырықта отырсам...
Сан мың тәртіптен
бейберекеттіліктің туатынын болжап,
Жаңашылдықтың ескі қоғамда өзін жоғалтатынын болжап,
Дірдек қаққан сәуірдің бұрымын,
толассыз
өріп-жазып...
...өріп-жазып
Табалдырықта отырсам...
Түннің жеті пердесінен өткен,
Жердің жеті қабатынан жеткен
Бір үн «Сен біржола жаратылғансың» десе...
Құдайдан ұмытуын сұраған,
Санамның ол жаққа аяқ баспауын сұраған
Күнәмнің
босағаның іргесінен өсіп шыққанын көрсең...
Не ойлайтының ауыр, жарығым!
Не істейтінім қызық, жарығым!
«Тұман мен жаңбыр ішіндегі мен», «Сүркейлі түс», «Жетім» туындылары да – үздік үлгілер.
Кітап соңына аудармаларын тіркепті. Бұл тәржімелер өз поэзиясына жарық түсіріп тұрған тәрізді. Шығармашылығының кілті. Бар жұмбақтың шешімі. Көркемдік методының теориясы, философиясы, негіздемесі. Автордың мұратынан, талғамынан хабар береді: М.В. Льоса, Г.Г. Маркес: Латын Америкасындағы роман туралы диалог (1968 жыл), М.А. Астуриас: Латын Америкасы романы – дәуірлер куәсі, М.В.Льоса: Роман техникасындағы үш тәсіл, Х.Л. Борхес, А. Каррисо, Р. Бартоломью: Әдебиеттің міндеттері құпиялықпен бүркеулі, И. Бродский, О. Пас, Дж. Аарон: Поэзия екі жағдайда ғана тірі, О. Памук: Оларды менің сайтаным ғана алаңдатады, О. Памук: Марио Варгас Льоса және үшінші әлем елдерінің әдебиеті, О. Памук: Салман Рушди. «Әзәзілдің әуендері» және қаламгер еркіндігі, М.В. Льоса: Толстой дәрістері, Г.Г. Маркес: Бұл адам өз ажалынан өлді, Г.Г. Маркес: Күнәсіз соната.
Сонымен... тауысып оқып, кітап қаһармандарын бір-бірінен айыра алмадық: қалалық құстар жайлы туынды ма, қалаға бауыр басып қыстап қалған құстар туралы жазбалар ма, әлде ұшып келіп жатқан жыл құстары хақындағы шығармалар ма, әйтеуір құс қалаға, біз – соны жырлаған еркін поэзияға байландық, қала ішімен шыны қабырғалы аялдамалардан аялдамаларға қатынап, жол жағалап келе жатқан көліктер алдын ала бекітілген белгілі бір бағыттар бойынша ғана қозғалады, ал қала құстарының ешкімге бағынбайтын өз маршруты бар.
Қар сөгіліп, жер дегдіп, көктем келді, ағайын. Сәуір туды. Қала құстарға толы.
07.02.2021
Дидар Амантай
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері