АҚЕДІЛ ТОЙШАНҰЛЫ. МАҒАУИННІҢ ЖАҢА ПРОЗАСЫНЫҢ АЛТЫН ӨЗЕГІ

Мәселенің мән-жайы

Қазіргі биік өреге, озық мәдениетке  жеткен қазақ прозасының халық мұрасымен байланысын айқындау күрделі шаруа. Олай болатыны -  ең бергісін айтқанда,  көркем прозадағы тілдің өзі халық тілінен ажырап, жазушының стильдік тезіне түсіп, әбден ұстарып, оралым-өрнегі өзгеріп, жаңа тынысы ашылады. Бұл орайда «Тіл әрқашан қырналып, мінеліп, өңделіп отыруға тиіс. Бұл үшін ол халықтан жазушы мен филологқа өтіп, ал олардың қалам тезінен шыққан соң, халықтың өзіне қайта келіп, жалпы халықтық игілікке айналуы керек» деген  В.Гумбольдт пікірін есте ұстаған жөн. Екіншіден фольклорлық сюжеттер, сарындар, бейнелер прозаға сол қалпында тасымалданбайды, оны дарынды жазушы әбден өңдеп, өз шығармасының көркемдік-эстетикалық  талаптарына бағындырып қолданады. Үшіншіден халық қазынасындағы эпикалық уақыт пен кеңістік прозада  реалды-тұрмыстық өлшемге көшіріледі. Эпос пен ертекте кеңістік пен уақыт міндетті түрде бақытты түйінмен, яғни тұйықталып  аяқталса, көркем прозада бұлай болу -  қарабайырлық, қарадүрсіндік   саналатындықтан шығарма тосын да шытырман жайтпен тәмамдалады. Фольклордың қызметі атам заманда орныққан халық санасындағы  таным мен образдарды қадағалау, ұрпаққа ұластыру,  бұлжытпай орындату болғандықтан ол бір ғана қайталау (ескіні дәріптеу) әдісін қолданады, ал әдебиеттің міндеті жаңа қаһармандар мен бейнелерді жасау болғандықтан ол даралау, оқшаулау (тыңға түрен салу) тәсілдерін кәдеге жаратады.  Осы тұрғыдан қазақ әдебиетінің классигі, ұлт рухының көшбасшысы М.Мағауиннің шығармашылық болмысын, әсемдік әлемін арнайы зерттеу - өзекті де қажетті мәселе.

Батырлық дәуірдегі  аңшы-мерген типінің прозаға оралуы

Әр бір шығарма жазған  сайын тыңға түрен салып, оқшау болмыс-бітімімен оқырманды қайран қалдырып, көркемдік көкжиегін кеңіте түсетін көрнекті жазушы М.Мағауиннің «Шақан-Шері» романы сырттай қарағанда фольклордан ұзақ тұрған сияқты. Романда Іле өзені бойындағы жолбарыспен жекпе-жекке шығып, тұқымын құртқанға дейін барған  ержүрек аңшы Шақанның өмірі суреттеледі. Әйелі мен баласын жолбарыс жегендіктен одан өмірбақи кек алуға бел буған аңшы ақырында жолбарыс атаулыға тажалдай төнеді. Жазушы қазақтың ежелгі аңшылық өнерін этнографиялық дәлдікпен суреттеп отырғаны айқын сезіледі. Алайда бұл сыртқы қаңқа,  шын мәнісінде шығарманың өзегі  фольклорлық санамен  тұтастықта өрілгенін білуге болады. Өйткені, жолбарыс аулау, жолбарысқа жекпе-жекке шығу - ол  батырлық  дәуірді елестетіп, оқырманды       бабалардың уақытымен бірден тоғыстырады. Шақан-Шері образы ертегі мен көне эпостағы қамысты көл мен шөл даланы жеке дара кезіп жүретін аңшы-мерген типін  еске түсіреді. Романның эпилогын оқығаннан кейін-ақ оқырманның зердесіне «Қамбар батыр» жырындағы мынадай көріністер еріксіз оралады:  

«Ажал жетпей жан шықпас,
Тәуекелге бел байлап,
Пешенемді сынадым», -
Бұл сөзді айтып ер Қамбар,
Шерінің барды қасына...
Сол уақытта жолбарыс,
Түгінің бәрін жатқызды...
Бүркіттей жазып тырнағын,
Тұлпарға барып асылды...
Қамбар да қайтпай ұмтылып,
Құйрығынан көтеріп,
Айналдырып басынан,
Лақтырып жіберіп,
Қырық қадам жерден асырды.

Рас, Шақан эпостағы көзсіз батыр емес, қорқыныш сезімі бар кәдімгі ет жүректі адам, өйткені қазіргі прозаның міндеті адам жанындағы психологиялық толқынды  шынайы суреттеу ғой. Қырық жігітті аңшылықа баулып жүрген кәнігі қарт аңшы Құба-мерген жолбарысты атқан кезде  алғаш рет жыртқышты көріп абдыраған Шақан мылтығының  білтесін тұтатып та үлгере алмай қалады.
«Шақан буын-буыны әлсіз дірілдеп, жерге түсті. Сол кезде ғана көрді. Жүндікер аттың асты көл-көсір, сап-сары: жолбарыс шапқан кезде шүмегі ағытылып кеткен екен. «Менің өзім де бұтыма жіберіп қоя жаздадым», - деп ойлады Шақан».   
Демек, Шақан мінсіз эпикалық кейіпкер емес, ол жолбарыс аулау өнеріне бірте-бірте машығып, ақыры кек жолында жүрек жұтқан көзсіз батырға айналады.
Көнетоз жолбарыс жақы жамылып жүретін аңшы Құба-мергеннің есімінің өзі көне түрік заманының белгі-бедері секілді. Ол Шақан бастаған қырық жігітті жолбарысқа бастап барғанда жастардың намысын ояту үшін мынадай әңгіме айтады:
«Жолбарыс аулау - қазақтың ата дәстүрі, машықты өнері , - деген ашық аспан астында, алаулы от басында ет жеп, сорпа ішілгеннен соңғы әңгіме-кеңесте Құба-мерген. - Төріне тарғыл жолбарыс ілінбеген үйде найза ұстар ұл тумайды деген бабаларымыз. Ол заманда ұзын аққан Сыр-Дария, қамысты қалың Шу бойы қаптаған қалың жыртқыш екен. Ал Іленің етегінде жыпырлап жүрсе керек. Шұбар шері, тіпті, аң қағып Алатаудың сай-саласына шығып кететін. Күні кеше ғана анау заңғардан - Жасыл көлден балалы жолбарысты өз көзіммен көрдім. Е-е, ол да бір дәурен екен. Жолбарыстың жүрегін жеп, толғағы тарқаған ана мың сан жаудан қайтпайтын қара болат батыр турады екен. Қазіргі қатын немене... тұз, құрт, ашыған көже...Соны көре тұра кейінгі балаға жасықсың, жамансың деп кінә қоямыз».
Міне, бұл келте әңгіме арқылы жазушы оқырманды бірден эпикалық салқар дәуірмен ұшастырады да  оның демі романдағы сюжеттік оқиғаның өрбу барысында (оған қатыссыз болса да)    ұдайы  сана түкпірінде ұшқын береді де отырады. Иә, Шақан қолына ысты Рысбек ұста соққан білтелі қара мылтық  пен ақ найза ұстап жүрген қарапайым аңшы. Бірақ оны жолбарыспен шайқасқанда жеңіске үндейтін күш - бабалар ерлігі мен ұрпағының қан қарызы - кек.   Шақан-Шері образы  Қамбар батыр, кейінгі Саурық батырдың заңды жалғасы секілді суреттеледі.
Жолбарыстың тырнағы тиіп жараланған бозбала бейнесі  былайша сомдалады:
«Бірақ  өңі боп-боз еді. Зорлана жымиды. - Екпіні сондай қатты екен.  Жылдамдығын айтсаңшы. Найзаны кезеп те үлгермедім... -  Атым ат-ақ еді, -  деді жігіт бұрынғыдан әрмен бозарып. - Қамбардың қара қасқасындай...Жігіттің белін шешіп жібергенде жұрт тегіс ах ұрды. Қызыл қанға боялған күдері шалбардың ауы дал-дұл, жігіттің жамбас тұсы алақандай қызыл қошқыл жара».
Міне, бұл эпизод арқылы жазушы әдейі Қамбар батырды еске салады.
Қолына  ақ найза ұстап жолбарыспен жекпе-жекке шыққан батыр аңшының ерлік тұлғасы романда шебер сомдалады. Түптеп келгенде, ол жолбарыспен, айдаһармен сайысатын фольклордағы аңшы-мергеннің қазіргі романда басқа сипатта жаңғырған жаңа түрі деуге болады. Аңның перісі жолбарыс пен адамның шерісі Шақан өшігіп арпалысады, нәтижесінде сақарада қидаласқан екі мықтының бірі  - қазақ қалып, жолбарыс мүлде жойылғаны тұспалданады. Сонымен, жазушы бабалар ерлігі тек ертекте ғана емес, кейінгі қазақтың қанында, тұрмыс-тіршілігінде нақтылы жалғасын тапқанын көне құндылықтармен  астастыра үндестікте  дәлелдеп, жолбарыспен жекпе-жекке шыққан ер жүрек халық ешкімнің алдында тізе бүкпейді деген ишара жасайды.  

 

Теңдессіз сұлу мүсіннің бүтінделуі

М.Мағауиннің «Қыпшақ аруы» хикаятында  ХІ ғасырдан бүгінге дейінгі өнер адамының  (Қыпшақ ханы Көбектің бәдізші ұлы Саржан, оның бүгінгі жалғасы мүсінші Көбеков Саржан)  қилы тағдыры арқылы ұлтымыздың тарихы, саяси өмірі, мәдениетінің көкейкесті мәселесі қозғалады. Хикаятта ХІ-ХХІ ғасыр аралығындағы оқиғалар, яғни мың жылдық шегіндегі ел өміріндегі елеулі бел-белестер қамтылады. Автор хронологиялық  аса ауқымды дәуірді қамту үшін мифопоэтикалық символдарды сәтті қолданып, нәтижеге жеткені көрінеді. Хикаятта Кеңестік кезеңде өмір сүрген дарынды мүсінші Саржан тылсым жағдайда бүгінгі өмірден жоғалып, өзінің түпкі бейнесі қыпшақ ханы Көбектің ұлы бәдізші Саржанның     дәуіріне өте алады. Осылайша  замандар мен дәуірлер, өткен мен бүгін, тірі мен өлі, аруақ пен адамдар өзара тоғысып, тілдесіп, алмасып жатады. Уақыт пен кеңістікке бағынбау, ғаламдарды еркін шарлау, кедергілерді  елемеу -мифопоэтикалық танымның  төл белгісі. Олай болса М.Мағауин бұл шығармасында реалистік стильден саналы түрде  алшақтап, керісінше фольклорлық танымға табан тіреген деп түйін жасауға әбден негіз бар.  
Зерттеушілердің айтуынша, мистикалық әуенмен  әрленген бұл шығарма бүгінгі постмодернистік әдебиеттің бағыт-бағдарынан хабар бергендей (Ұлттық рухтың оралуы // Әдебиет айдыны. 09.06.2005.).  
Дәстүрлі танымда тірі адамның мүсінін қашауға, суретін салуға тыйым салынады, өйткені бабаларымыз адамның жаны сол бейнелерге көшіп кетеді деп сенген. Түрік халықтары адам өлген соң оның бейнесін елестетіп қуыршақ жасаған, мүсін қашаған, кейіннен тұл орнатқан, ондай нысандарға аруақ (онгон) деп табынатын болған.
Хикаяның басында жазушы революция ерлерін сомдап тоқырай бастаған мүсінші досына С.А.Половцеваның «Қыпшақ тас мүсіндері» деген альбомын тарту етеді. Мүсінші ризалық білдіріп,  жазушы досының мүсінін қашағысы келеді. Оған кейіпкер былай деп жауап береді:
«-  Болмайды , -  дедім , Саржанның шынымен айтып тұрғанына көзім жетіп. - Мен тәңіріге, аруаққа және тылсымға сенетін кісімін. Жадағай, жалғыз-ақ өлшемдегі фотосурет емес, басыңның, бар бітіміңнің  нақпа-нақ көшірмесі  - қолдан жасалған сыңарың... Мүмкін, шайтан қонар. Ең қорқыныштысы  - менің жаным өзімді тастап, сол мүсінге көшіп кететін шығар. Түгел болмаса да, тең жарым, бөлшек бітісімен.... Рақмет, әуре болмай-ақ қой, -  дедім»
Бұл эпизодты хикаяттағы мифологиялық сананың құлақкүйі деуге болады. Саржан альбомды ақтарып отырып, қыпшақ аруының тас мүсініне тап болады, оған ғашық болып қалады. Ол мүсін орналасқан Украинаның Херсон өңіріне сапар шегеді, музейлерді аралайды, балбалдармен сырласады, қыпшақ тарихына қатысты еңбектермен жіті танысады. Ақыры тас мүсіндегі қыздың аты Айсұлу бегім (ХІ ғасырдағы жары), өзінің бір кездегі қыпшақ ордасындағы мүсінші Көбек ұғлы Саржан екенін сезінеді. Саржан бұл сырды жазушы досына айтқанда ол бастабында өнер иесінің фантазиялық қиялы екен деп ойлайды, бірақ совет  мүсіншісі үкімет басшысынан екі метрден  екі көкшіл мәрмар тас алып, ежелгі мүсіндерді (Айсұлу мен өзін) қашап, оларға тіпті жан бітіргісі келеді. Бұл іске Айсұлу бегім аян беру арқылы қолдау көрсеткен соң Саржан іске шұғыл кіріседі. Мүсін жасалып болғанша Саржан екі дүниенің ортасында жүреді, бұрынғы бабалардың әлеміне барып, саяхаттап келіп отырады. Межелі мерзімге жеткенде досын шақырып, мүсіндерге жан кіргізу рәсімін жасайды. Мынадай арбау сөз айтады: «Уа, тәңірім! Қуат бер, құтын қайтар, жан бер!».
Ежелгі түріктер жанды құт деп  те атайды, демек жазушы  магиялық ескі үлгіге де иек артады. Сонымен, Саржанның жаны өзі қалыптаған  тасқа айналып, ол 1173 жылға қайтадан өтіп кетеді де,   өнер иесінің  қала көшелеріне тұрғызған мүсіндері, тіпті энциклопедиядағы өмірбаяны да қырық күннің ішінде  тылсым жағдайда жоғалады. Жазушы  бұнда қырық күнді бекер алып отырған жоқ, өйткені дәстүрлі түсінікте адамның рухы қырық күнде арғы дүниеге өтіп үлгереді ғой. Саржанның музейге аманаттап тапсырған  мүсіндері түнде қимылдап, қозғалады. Әрине, бұл эпизодта хикаялық сарын бар, ақыры екі мүсін де қол ұстасып, ежелгі қыпшақ ғаламына қарай беттеп,  зым-зия жоғалып кетеді.  Қысқасы, «басқа бір кеңістік,  басқа бір өлшемге» өтіп, көзден таса болған мүсінші 2004 жылы 19 қазан күні жазушының ұялы байланысына хабарласады. Сөйтсе, Саржан еліміздің алыс бір түкпірінде ауылда сурет пәнінен сабақ береді екен, Айсұлу ханым екеуі арғы қыпшақ әлемінен 1986 жылы көктемде оралған көрінеді, қыздары да бар, аты Айбике. Саржан досына «Халқымның қасиетін әйгіледім. Таспен бедерленген тарихын жасадым... Бақытты болдық, Айсұлу екеуіміз. Екі жалғанның да қызығын көрдік... Қозы мен Баян тәңіріден құшақтары жазылмас үш күндік ғұмыр сұраған екен. Ал, біз, міне, отыз...  жоқ, тура қырық төрт жыл! Бұдан асқан қандай бақыт, қандай мерей, мәртебе болуы мүмкін!? », -   дейді.

Баянға, Қозыкемен обал қылды,
Өлтірген Қозыкені Қодар құлды.
Қозыкеге үш күндік өмір тілеп,
Құдайға сұлу Баян бек зар қылды.

Үш күндік Қозыкеге өмір берді,
Армансыз үш күн, үш түн дәурен сүрді.
Үш күні уағыдалы өткеннен соң,
Құдайдың аманатын қайтып ерді.

Жазушы эпикалық санадағы осы сарынды әдейі еске салады. Бір сөзбен айтқанда, автор фольклорлық үлгілерді молынан пайдалана отырып, мүсіншіні (әрине, оқырманды да) сонау өткен ғасырларға бабалар дәуіріне  шарлата алады, әрі нақтылы деректерді, тіпті библиографиялық мәліметтерді  ұсына отырып бүгінгі өнер адамының (мүсінші мен жазушының ) нәзік болмысын, талайлы тағдырын, ұлттық рухты оралту жолындағы күресін, бұл жолда жасалған әр түрлі көлделең кедергілерді  шынайы суреттейді.  Хикаятта автор ежелгі қыпшақтың сынған мүсінін бүтіндеуді мақсат қылған өнерпаздың жанкешті өмірін суреттей отырып, қазіргі қазақтың толымды кескін-келбеті, ірі түр-тұлғасы бабалар мұратымен үндескенде түгенделеді деген ойды ишаралайды.  
Бүгінгі қоғамның нақтылы тыныс-тіршілігі, жазушы М.Мағауиннің өмірбаяндық деректерінен үзіктер (Мәселен, «Айсұлу... әй, иә, Бақытжамал, яғни Бақыт-сұлу ыдыс-аяғын жуып-шайып, балалардың ертеңгі киім-кешегін ыңғайлап, күнделікті күйбең шаруасына жегілген. Мен тағы да кабинетіме кіріп, оңашаландым») оқиғаға мейлінше шыншыл сипат беруге көмектессе, мифопоэтикалық айшықтар бүгінгі ұрпақты бабалар дәуірімен табыстырып, жас буынның зердесінде ұлы қыпшақтың рәміздері жалғаса беретінін дәйектейді. Жазушының бас кейіпкер Саржан мүсіншіні ауыл мектебіне мұғалім етіп қайта оралтуы - тәуелсіздіктен кейін  ұлттық құндылықтар тегеурінді күшке айналғанын тұспалдайтын ишара. Шынтуайтында, сонау сақ-хунну, көне түрік таңба-символдары  егеменді еліміздің рухани-саяси өмірінде шешуші мәнге ие болып отырғаны шындық. Мәселен, Күлтегін ескерткішінің Астанаға оралуы да бүгінгі күнгі елеулі оқиға. Байырғы архетиптер, рәміздер ұрпақ жадында осылайша оянғандықтан қазіргі жас ұрпақтың өкілдері өткен бабалардың қаһармандық дәуірімен өзін табиғи жалғастықта, үндестікте сезіне алады. Сол себептен де арғы ғасырларға ұшқыр қиялмен саяхаттай да алады, демек бүгінгі кішкентай Саржандар мектеп партасынан да табылары хақ. Хикаятта қыпшақ ғаламынан қайта оралған Саржан Көбеков өз қызы Айбике  туралы «Биыл он сегізге шықты, облыстық педагогика институтында оқиды», - деп нақтылы мәлімет беруі өткен мен бүгіннің қоғамда орын алып отырған сабақтастығын танытқандай.
«Ертең із-түзсіз жоғаламыз. Ертең болмаса, келер жыл, келесі ғасыр, бір заман - беймәлім ықылымда.
Барлық ғұмыр ғана емес, сол ғұмырды бағыштаған  барлық ісіміз - елеске айналады.
Қуатты қиялмен бұл дүниеге қайтадан шақыра алатын бір ұрпағың табылмаса», - дейді жазушы.
«Қыпшақ аруы» хикаятында мифопоэтикалық әрлеулер көркемдік құрал ретінде шынымен мол қолданылғандықтан (Расында бұл туынды жазушы М.Мағауиннің жеке шығармашылығында ғана емес,  қазақ әдебиетінде мүлде тосын,  соны стильдің басы болғандықтан да) сырттай қараған жанға шығарма тылсым рай танытады.  Бірақ шығармада бүгінгі күнгі тұрмыс-тіршілік деректермен суреттеліп,  қоғамдық-рухани өміріміздегі  әдепкі істер айна-қатесіз әшкереленіп отырады (Мәселен, бір ғана деталь, телефон соққан  біреу: - Мақауин деген жазушы сен боласың ба? ,- дейді. Оған жазушы: - Адам естімеген мақауды іздейтін сенің өзің қай мақұлықсың?, - дейді дік етіп). Осындай себептерге де байланысты шығарма шынайы, шыншыл сипатта.

 

Шерлі шежіре

М.Мағауиннің жаңа бағыттағы прозасының ішіндегі елеулі бір шығарма - «Кесік бас - тірі тұлып» хикаяты.  Бұл шығармада Моңғолиядағы қазақтар тарихында «Жа-лама айдаған жылдар» деп белгіленген қанды оқиға  суреттеледі. Астраханда 1860 туған ұлты  қалмақ, Ресей азаматы  Далама Дамбийжанцан Амурсанаевтың  (жергілікті қазақтар оны Жалама деп атаған, М.Мағауин Жа-лама деп жазады, біз автордың жазуы бойынша бердік)  Моңғолия қазақтарына салған ойран-лаңы, қасіретті  зобалаңы  хикаятта кеңінен көрініс табады. Атап айтар болсақ, қалмақ Жа-лама моңғол қазақтарын қазіргі Баян-Өлгей жерінен қудалап, көшіруге әрекет жасап, елді қорлап, будда дініне шоқындыру, ату-шабу зұлматын жүргізгені тарихтан белгілі. Тіпті, ол Ақынбек деген азаматты көнбегені үшін жазалап, тірідей сойып, тұлыбына шөп тығып, бас имеген қайсар қазақтарды қорқытпақ болған. Ақынбек зәңгі -  (болыс) Тоққұл қажының ұлы. Жа-ламаға қарсы шыққан асыл ер ұсталғанда 34 жаста болса керек, оған үш әскерді өлтірген деген айып тағылыпты. Баласының  жанын қалдыруды сұрап, анасы Қалампыр  Жа-ламаға қалы кілем, қара атан, күміс жамбы тарту ұсынған. Емексіткен сөзбен шығарып салған Жа-лама күзде азаматтың түбіне жетіп тынса керек. Қалампыр ананың жоқтауында:
Үкілі балақ, сексен шоқ,
Ұстауға кетті келген жоқ.
Атан да түйе, ат тарттым,
Сонда да кәпір берген жоқ, -
 
деген жолдар бар.
Жа-лама  өзін  жергілікті аңқау моңғол малшы-араттарына «Мен сендерді манж-қытай бодандығынан азат еткелі келген әйгілі сардар Әмірсананың қайта тірілген бейнесімін, киелі аруағымын» деп таныстырып, сол кезеңдегі Моңғолия билеушілерінен айлакерлікпен  қолдау да табады (Бурдуков А.В. Хуучин ба шинэ Монголд. Улаанбаатар, 1987. 66 х). Жа-лама 1912 жылы 8 тамызда батыс Моңғолияның Қобда шаһарын манж-қытай билеушілерінен азат ету соғысына қолбасшы Магсаржав, Дамдинсүрэндермен бірге қатынасады.  Бұл оқиғадан кейін қос түйелі диуана кейпінде келген Жа-ламаның беделі күннен-күнге артып, ақыры дөрбет, ұранқай, торғауыт, қазақтардың басын қосып, Моңғолияның батысында жеке дара хандық орнату саясатын жүргізеді. Осы мақсатына орай қазақтарды қазіргі қонысынан түп қопарып, моңғолдар мығым отырған Өріктікөл, Хандағатай, Торхунагқа (Дөрбет Далайхан еліне) қарай үркітіп айдайды. (Өріктікөлге айдалып жеткен ел Көрімбай, Шонжай батырлардың басқаруымен бір түнде 33 жендетті өлтіріп, Ресейге ауа көшеді.  Жа-лама басқа жақта болғандықтан өлмей қалады. Ресей Қошағаш жеріндегі қандастарын  уақытша паналаған босқындар  патша үкіметіне қорғауға алуды сұрап, Жа-ламаның қылмысын әшкерелеген арыз жолдайды. Нәтижесінде Жа-лама 1914 жылы 8-ақпан күні  Петербург билеушілерінің өкімімен ұсталып, Ресей абақтысына қамалады. Ресейге босқан ел туралы «Қазақ» газетіне 1913 жылы А.Байтұрсынұлы «Орыс «мейірманшылығы»» деген мақала жазып, араша сұрайды, дабыл қағады.  Демек, Жа-ламаның жазалануына думадағы мұсылман, қазақ  депутаттар да әсер еткен, бұл мәселеге бас-көз боп А.Байтұрсынұлы да үлес қосқан деуге негіз бар. Қараңыз: А.Байтұрсынұлы. Орыс «мейірманшылығы» // Байтұрсынұлы А. Көп томдық шығармалар жинағы. Т.5. Алматы, 2006. 232-б.; Қайратұлы Б. Кесік бас һәм тірі тұлып хикаясы // www. jasgazag.kz)  Дамбийжанцан Амурсанаевты зерттеушілер жай бір жалаңаяқ диуана емес, Ресейдің кәсіби жансызы еді деген де пікір білдіреді.   
Осы трагедиялы оқиғаларды М.Мағауин биік көркемдік деңгейде, қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат тарихындағы қасірет, адамшылыққа қарсы жасалған қылмысты қимыл ретінде жанайқаймен бейнелей білген.
"Кесік бас - тірі тұлып" деген шығарманың атының өзінен фольклорлық белгі-бедер менмұндалап тұр. Себебі, шығыс халықтарының сөз мұрасында кесік бас, кесік қол әйел образы тұрақты кездеседі. Мәселен, қазақта "Қу бас", "Киелі бас сүйек" "Мұстақым"деген ертектерде тылсым кереметке ие  өлі бастың шытырман  өмір тарихы баяндалады. Бірақ жазушы хикаятта бейнелеген "кесік бас" ертегідегідей кереметке ие беймәлім бас емес, ол - Ресейдің кунсткамера музейінде сақталып тұрған формалинге матырылығын қанішер қалмақ Жа-ламаның басы, ал "тірі тұлып" ол -   Чехиядағы музейде сақталған қазақ ақсүйегі Ақынбек марқұмның терісі екен. Ертектерде "қубас" тіріліп, өз тарихын баяндайды, немесе сол бас сүйектегі сырлы жазу шындыққа айналады. Хикаятта керісінше автор  «кесік  бас» пен «тірі тұлыптың» тағдырын өзі суреттейді. Шығарманың алдымен аты, одан кейін ішіндегі шытырман хикаяттық сарындар фольклорлық үлгі-бедерді көрсетіп тұр.
М.Мағауин бұл шығармасында мифтің тірілуін, қазақтың емес,  нақтырақ айтқанда моңғол малшы-араттарының арасында айтылатын  «Әмірсананың қайта тірілетіндігі»  туралы мифтің өмірге оралуын таңбалайды. Тегінде, әйгілі сардар Әмірсана (кезінде Абылайханға келіп паналайтын Жоңғария қолбасшысы) манж-цин әскерінен жеңіліп Орысқа қарай бас сауғалап аттанарда еліне «Мен күндердің бір күнінде қайта келіп сендерді шүршіт-қытайдан азат етем!», -  деп серт берген деседі. Халықтың  санасында батырдың осы серті ұзақ сақталғаны сондай, дөрбеттер орыс саудагері В.В.Бурдуковқа кездескенде «Әмірсана қашан келеді? Бізді қашан қытай езгісінен құтқарады? Ол туралы хабар-ошар бар ма?», -   деп үнемі сұрайтын болған. Бұндай ұғымға жеткізуші тағы бір себеп, будда дінінің түсінігінде аруақты ерлер басқа адамның кейпінде өмірге қайтадан туып, қасиетті әулие - Құбылған  болып жаратыла алады деген наным да бар. Моңғолияға ақ түйелі диуана кейпінде келген Жа-лама халықтың осы пәк сеніміне дап-дайын қожа бола қалады. Бір сөзбен айтқанда, ол халық зердесіндегі Әмірсана туралы мифті қайта тірілткен бейне екені даусыз. Хикаятта қайта тірілген Әмірсана бейнесін жазушы былайша өрнектейді:
«Өзін баяғы Әмірсана ханның қайта тірілген әзиз тұлғасы - құбұлған деп жариялаған, қос өркеші баладай ақ атанға мінген жұмбақ лама сәске түс, сауда әбден қызған, у-ду, ашық-жайсаң бір күні дәл осы базарға келіп кіруі тиіс еді...
-   Әмірсана... - деген тұншығыңқы үн естілді топ ортасынан.
-    Әмірсана...Әмірсана... - десті тағы бір дауыстар.
Дауысқа дабыр қосылды, дабыр-гуілге, гуіл- жаппай ұранға айналды...
- Уа, халқым! - деген, күмбірлеген үн естілді биіктен. - Дәл таптыңдар. Сонымен қатар, нақпа-нақ емес. Әмірсана қайтып оралды. Ол рас. Бірақ өзі емес. Жаңғырып, жаралған тірі кейпі. Құбұлған! Мен - Жа-лама, Тибетте, Лхасадағы Далай-ламаның өзінен бата алған, Мәңгілік өмір дарағының қасиетті жапырағын жеген Жа-лама, сол Әмірсананың туған шөбересі болам! Иә, мен құбұлған Әмірсана!»   
Аңқау елге арамза молда дегендей ақыры Қобда қаласын манж-қытайдан азат еткеннен кейін Жа-ламаның атақ-абыройы артып, ол батыс өлкенің жарты патшасына айналады. Қазақтарды қырып-жойып ішкері қоныс аудартып, көнбеген Ақынбектің терісін тірідей сойып, тұлып жасайды. Бұл оқиғаның куәгері халық ақыны Нәжікеш Таңқайұлы былай деп жырлайды:

Жайладық жаз маусымда Олоннуурға,
Ләшкердің өкімімен бардық зорға.
Сойғызып Ақынбекті бітеу тұлып,
Құтылмас әбден түстік темір торға.

Жа-ламаның үйінен адамның тері тұлыбын көзімен көрген орыс саудагері В.В.Бурдуков одан: «Бұл не үшін керек?», -  деп сұрағанда, ол шімірікпестен: «Бұл маған діни рәсім жасағанда қажет», - деп жауап берген екен. Бұл дерек хикаятта былайша көрініс табады:
- Тамаша тері , - деді, құрбандығының қақыраған даусынан күш алып, қасапшының айрықша шеберлігіне риза болып, мерейі көтеріліп тұрған Жа-лама. - Арық та емес, семіз де емес. Тамаша тері...
Жаңа ғана құрметті тұтқынға бажайлап ұғындырған. Әуелі арқа терің сыпырылады. Қасиетті дабылды қаптау үшін. Содан соң қалған терің... Не үшін екенін айтқан. Тұлұп! Бізше тұлұн. Сендердің жайнамаз сияқты. Құдіретті сары діннің өзгеше рәсіміне орай, өз құдайымыз - шын құдайға мүнәжат еткен, атаулы, айрықша, күндерде алдыма төсеймін, сенің әдемілеп иленген мүбәрак теріңді»  
Әмірсананың қайта тірілуі туралы аңыздау ұлт азаттығын аңсаған  халықтық миф болса, бұл адам баласына жат зұлымдық түсінік Жа-ламаның сырқат  санасынан туған өзгеше жыртқыштық әрекет болса керек. Жаны шығуға айналғанда шәйіт Ақынбек қанішерді қарғап көз жұмады:
«Жа-лама! Қарғыс атсын сені! Басың найзаға шаншылсын! Етіңді ит жесін! Екі жалғанда тыным таппа! Тұрағың тозақтың төрінен болсын!» 
Бұл қарғыс айна-қатесіз орындалғаны хикаяттың соңында көрініс табады. Иә, Моңғолияның революциялық қызыл өкіметінің көсемі Д.Сүхбаатардың бұйрығымен Нанзад батыр, Дугаржав, Даш  бастаған топ бүлікшіл қаныпезер Жа-ламаны  бекінісіне шеберлікпен еніп, атып өлтіреді.
Осы тарихтың көркем жаңғырығы хикаятта нанымды суреттеледі. Жауынгер Дашы атып өлтірілген Жа-ламаның басын кесіп ап, оның тәнін итке жегізеді де,  кесік бастың бұзылмай сақталуын ойластырады. Сол кезде Жа-ламада құлдықта арып-ашып жүрген қазақтың екі шалы оған кездесіп, ақыл кеңес береді.
«Екі ақсақал әрі абыржып, әрі таңырқап азғана отырды да, зұлымдыққа орай жаза ғой деп тоқтаған. Ақыры күтпеген кеңес шығарды. Аз-мұз тұз сіңіп, біршама сорғығаннан кейін, басты сексеуілдің түтінімен ыстау керек еді. Қазақтың шалдары басқаша қисын тапты. Торсық, торсық бар ғой. Қымыз ашытатын. Моңғолдың емес, қазақтың торсығы. Сондай болуы керек деп ұғындырды. Иә, талай көрген -   әбден ысталған теріден тігеді екен. Мына Жа-ламаның басы сол торсықтай болып ысталса қандай жақсы...Дашының көңіліне қона кетті»
Астрахань қалмағы Жа-лама ата-баба кегі үшін қазақтың қыр соңына түссе, алаштың қарапайым екі қариясы оның басын баппен ыстап кек қайтарғаны тұспалданады. Кесік бас «жүз жыл көрмеде тұрса да бұзылмастай» ысталып болған соң Жа-лама туралы жалпақ моңғол жұртына  таралған аңыз-лақаптың  соңына нүкте қойылады. Яғни, хикаяттың басында жанданған миф енді «өледі». Ол былайша көрініс табады:
«Жа-ламаның тұздалған, ысталған, қазақтың көн торсығындай қатып- семген кесік басы найзаға шаншылды. Орталық революциялық өкімет алдамшы лама, қанышер қарақшының шынымен өлгенін, енді қайтып оралмасын, ешқандай бүлік, толқуға жол жоқ екенін, жаңа, қызыл діннің күш-құдіретін әйгілеу үшін сырттан келген сенімді қалмақ шеріктерінен арнайы жасақ құрып, найза ұшына бекітілген басты жаңғырған, жаңарған ұлыстың барлық аймағында отырған еңбекші халыққа көрсетіп шығу туралы жарлық берді.
Жа-лама өліпті! Басы найзаға шаншылып ел аралап жүр!..»
Сонымен, хикаяда 1912 жылы Ақынбек айтқан қарғыс  1922 жылы  орындалып, Жа-ламаның етін ит жеп,  басы найзаға да шаншылады. Қарғыста қапысыз  айтылғандай «жаны да екі дүниеде тыныш таппағаны»  былайша бейнеленеді:
«ХХ, қатыгез, темір ғасыр дүниеге әкелген әщады құбыжықтар әулетінің бірегейі ғана емес, ең алғашқы ірі тұлғасыЖа-ламаның қанға тоймаған жаралы жаны күні бүгінге дейін тыным тапқан жоқ, өзінің кесік басын күзетіп, Ленинград-Петербургта әлі жүр деседі. Жылына бір рет -  өзі аңдаусыз, оқыс қазаға ұшыраған қаңтар айының он жетісі күні, кешкі алакөлеңкеде, Кунсткамераның астыңғы, қоймалы бөлігінде елес-сүлдесі көзге көрінеді, қақпағы жарылып сынған шыны текше ішінде, сасық формалинге сусындап жатқан өзінің кесік басына телміре қарап, үнсіз, тілсіз, сөлбірейіп азғана тұрады, содан соң ғайыпқа айналады, бірақ ешқайда кеткен жоқ. Кунсткамераның ішінде болмаса, сыртында, тақау төңіректе, қайткенде де өзін өлім жазасына кескен осы ежелгі шаһардың бір жерінде жүр деседі».
Жазушы «Кесік басқа ақы берсе де жуымас едім. Тірі тұлұпты сұрап жүріп, өз көзіммен көрдім...Тірі тұлұптың бүгінгі ұрпағы ретінде», - дейді осы күнгі Прагадағы кеңістікке қайта оралып. Хикаяның соңында жазушы адамға жасалған қиянат адамзатқа ортақ екенін сездіріп, талай зобалаңды бастан кешкен қазақтың сыртқы терісі сойылса да ішкі жүрегі, өр рухы  қалпында қала бергенін әйгілеп, алаш ұрпағын қайсарлыққа үндейді, ерекше философиялық түйін жасайды:
«Теріміз тірідей сыпырылды. Сүйегіміз ғана қалған. Құры жан діңкелеп, қу сүйек саудырап, бүгінгі күнге жетіппіз. Зарығасың, қамығасың, бірақ тәуба айтпасқа тағы амалың жоқ...Тері - сыртқы кеп. Халықтың өзі емес, жамылғысы, ауыспалы киімі. Тарихтың ұзақ жолында тағы бір өзгеріппіз. Сүйек бүтін. Жара жазылады. Әйткенмен...әуелгі, тума кебімді ұмыта алмайды екем. Қуанышты да, қайғыны да. Неше мың жылдық ғұмырымның жарым сағат, жарты минутын».    

 

Екіге жарылу: ертегілік сарын мен бүгінгі шындықтың түйілісі

М.Мағауиннің қоғамдық санаға дүмпу туғызған   келесі бір романы  - «Жармақ». «Жармақта» Қазақстанның қазіргі қоғамдық-саяси өміріндегі шешімін таппаған келелі мәселелер сөз болады. Бұнда бас кейіпкер екіге жарылған - Қазыбеков Мұрат ұлттық рухтың жоқшысы кедей тарихшы, ал оның жарты бөлшегі Қазыбеков Марат керісінше дәулетті бизнесмен, биліктегі элита.
Тегінде, бір адамның екіге жарылу сарыны қазақ ертегілерінде  кездесетін сарын. Мәселен, «Бақтыбай би» деген ертекте бұндай оқиға былайша көрініс табады: «Өз елінің биінің жалғыз ұлы бар екен, ол келіншегін төркіндетіп келе жатса, бұларға жолдан бір сайтан келіп қосылып алыпты. Әлден уақытта келіншек байқап қараса, күйеуі екеу болып қалыпты. Бір-бірінен титтей де айырмасы жоқ. Келіншек кайсысы өзінің күйеуі екенін айыра алмапты. Сол жағындағысын «өз күйеуім» дейін десе, оң жағындағысы да өз күйеуі сияқты. Оң жағындағысын «өз күйеуім» дейін десе, сол жағындағысы да өз күйеуі сияқты. Сөйтіп, келіншек қайсысысын «өз күйеуім» дерін біле алмай, екі жағына жалтақ-жалтақ қараумен жүре беріпті. Ал өңі-түсі айырғысыз би ұлы мен сайтан жол-жөнекей келіншекке таласып керісумен болыпты». Ақыры өз күйеуін тани алмай есі шыққан келіншекті бала би Бақтыбай құтқарады, ол екеуін жарыстырып, «Озғаның құмыраға келіп кіресің, қалғаныңды қылышпен шауып өлтірем», - деп үкім шығарады. Нәтижесінде шайтан озып келеді де құмыраға қамалады (Ертегілер. Т.3. Алматы, 1988. 180-183-б).
Романда бұндай жағдаят былайша көрініс табады: «Балжанның өңі бұзылып кетті. Иегіне дейін көміліп, көрпе астына тығылған. «Сен...сен... - дейді дір-дір етіп. - Сен... екеу екенсің ғой!» «Балжан, Балжан... қорықпа, бұл мен ғой!», - дейді тіпті де мен емес, тек маған егіздің сыңарындай ұқсайтын біреу».
Міне, университетті үздік бітірген дарынды тарихшы жас ғалымның бір өзі тылсым жағдайда  екіге бөлініп, бірі жан жолында, бірі тән жолында қызмет ететін жолайрыққа түскен сәті. Жазушы, бұл шығармасында да мифопоэтикалық қолданыстарға сү    йеніп, оны көркемдік тәсіл ретінде қолданады. Бір адам келесі адамның сыңары, бөлшегі ретінде бейнеленеді, кейіпкер белгілі бір  кеңістіктен келесі мекенге кедергісіз өтіп отырады. Бірақ бұның бәрі шығарманы шытырман оқиғалы, қызықты болдыру үшін қолданылған әдістер, шын мәнісінде романда қазіргі қазақ қоғамындағы бай мен кедейдің, рухани құндылық пен материалдық игіліктің, халық пен биліктің арасы алшақтап, екіге жарылып кеткендігі суреттеледі.
«Бір бүтін - қос жармақ. Анау, кеткен жармағым алғашқы қадамынан бастап, маған тиеселі бар игілікке ие болған. Әуелі жүрек емес, есеппен қосылған сұлу жар, оған жалғас молшылық өмір, барақат тіршілік... Берік, нақты бағдар - бар болып, бай болып, тыныштықта дәурен сүру  - басқа ниет, пиғылдан ада. Ал мұндағы жармақ - құр кеуде ғана. Рас, терең білім, ұлттық таным, бірақ соған орай қажымас қайрат, қайыспас жігер жоқ».   
Сонымен, жаңа қазақ сенатор Марат Бейсенұлы  «Ақырзаман адамы. Қазақ ақырзаманының. Бүкіл дүниеден түңілген - ештеңеден тайынбайды, иман, ұяттан ада -  ешкімге сенбейді, сөйте тұра өмірге өте құштар. Оның ұғымындағы өмір - билік пен байлық»
Бизнесмен Марат Бейсенұлы өз сыңары Мұратқа ақша төлеп, ежелгі қыпшақ ұлысы туралы көлемді кітап та жаздырады.  Оны өз атынан шығарғысы келіп, барымталап алады, байлыққа мас болған жаңа қазақ сенатор болып сайланған соң сыңарын, яғни қара халықты жәбірлеумен айналысады. Бұған төзбеген зиялы Мұрат оны өлтірудің тәсілін табады, себебі тарихшы Мұрат өзіне қол жұмсаса, оның жаны бір  жармағы сол сәтте көз жұматынын түсінеді. Марат Бейсенұлы парламентте «Қазақстан: демография және иммиграция»  деген тақырыпта ұлтсыздану ұранын көтеріп жатқанда оның сыңары Мұрат қол тұзаққа асыла қалады, сол сәтте сенатордың  да тілі күрмеліп, буынып, жаһаннамға қабат аттанады.
Бір қызығы, Мұраттың жаны ұшып, аспанның екінші қатына көтерілгенде сыңарының жаны келіп, оған қосыла кетеді. Бұл да байырғы танымның белгісі.  «Енді ғарасат майданында бірге жауап береміз, екі кісі, екі ғұмыр емес, бір кісі, бір ғұмыр ретінде. Мен ғана. Жалғыз өзім» , - деп толғанады зиялы Мұрат Бейсенұлының рухы. 
Қорыта айтқанда, жазушы қазақ қоғамында орын алып отырған  жаңа қазақ пен ескі қазақтың арасындағы қайшылықты, дүбәра-дүрегейлер мен ұлт зиялыларының ортасында өріс алған жікті шеберлікпен  суреттеген. Бұл кесел тереңдей берсе, ұлт тұтастығына нұқсан келетіндігіне көз жеткізіп, дабыл қаққан. Қазақстандағы саяси - әлеуметтік  өмірді деректі толғаммен өре суреттеген шыншыл шығармаға мифопоэтикалық бояулар сәуле түсіріп, романның композициялық құрылымын күрделендіріп тұр деуге негіз бар.

 

Байырғы мифологиялық хикаяның жаңғырығы

М.Мағауин «Қуыршақ» деген әңгімесіне қазіргі ел ішінде айтылатын жансорғыш (вампир)  әйел туралы хикаяны (демонологияны) арқау етеді. Әңгіменің бас кейіпкері Құрман білімдар студент, ал оның ғашығы Алматылық Қуыршақ  (фамилиясы Орманбетова) лақапты қыз. Екеуі Алматыда би кешінде танысады, бір-біріне ессіз ғашық болады, бірақ жігіт кезіккен сайын әлсіреп, керісінше қыз құлпыра береді. Ақыры Құрман оқуын Новосибирскіге ауыстырып, қыздан қашып құтылады. Бірақ қыз Құрманмен қоштасарда оған қуыршақ сыйлайды. Енді Құрманды сол қуыршақ мазалайды, тұсына іліп қойса, жан бітіп, түнде оны құшақтап сүйеді. Әбден үрейленген Құрман оны Семейде  жерошақта лаулап жатқан отқа өртейді. Сол кезде қуыршақ жылайды. Ақыры Құрман жігіт ағасы болған шағында Алматыда қызбен кездеседі. Қыз кенет «...махаббат өртеніп кеткен. Менің аяқ-қолымды байлап, аямай отқа салдың емес пе?», - дейді. Жігіт аң-таң қалады. Бұл жолы да әрі-сәрі күйге түсіп,  әйелден қашып құтылғандай болады. Құрман балалы-шағалы боп, әбден қартайып шал болғанда тағы да Қуыршақ қыз түсіне еніп,  мазасын ала бастайды, оны  жазушы досына  сыр бөлісіп айтады. Әңгіменің аяғында қыздың елесі  Құрманның түсіне қайтадан еніп, биге шақырғанда, ол қорқыныштан жүрегі жарылып өледі.
Міне, бұл әңгімеде жазушы қазіргі қалалықтар айтатын демонологиялық сарынды (постфольклор) кәдеге жаратады. Бұл әңгімеде фольклордағы хикая жанрының шарттары (деректілік-нанымдылық, оқиғаның қараңғы түнде орын алуы, елес, түс т.б.) түгел сақталған. Жазушы қалалық өмірді, мәселен фабрикада өндірілген қуыршақтың тірілуін, жансорғыш әйелдің әрекетін, одан физиктің қорқуын суреттеуі - былайғы көзге қазақы негізден алшақ секілді көрінеді.  Бірақ қазақ ертегілерінде еркектерді дуалап итке, торғайға, есекке айналдырып әуре ететін сиқыршы әйелдердің небір бейнесі мол кездеседі. Жазушы Қуыршақ қыз деп шартты атаған сұлудың фамилиясы -  Орманбетова. Ал, қазақта «Орманбет би» деген ертек  бар, онда бидің сұлу тоқалы адамдарды хайуанатқа айналдырып, сиқыршылықпен айналысады (Орманбет би // ӘӨИ Қолжазба қоры. 123-бума, 5 дәптер).
Ертекте «сойып, төстігін қарып жегелі  отырған маралға жан бітіп тіріліп, аңшыға "Менің жәйімді Орманбет биден сұра",- деп секіріп-секіріп жоқ болады.
Аңшы жігіт Орманбет бидің соңынан іздеп бармақшы болады. Ақыры Орманбет бидің жаңа отауын табады. Отауға кіріп барса, бір әйел тұрыпты да: "Сен Орманбет биді іздейсің ғой",- деп бір жүгенді қағып қалып: "Қаратөбет бол",- деген екен, әлгі аңшы ит болып шаба жоғалыпты, бірақ, санасы өзгермейді».
Демек, жазушы сана түкпіріндегі осы ертегілік-хикаялық сарынды да әңгімесіне астыртын қиуластырып отыр деп айта аламыз.

Түйін

Әйгілі жазушы М.Мағауиннің тәуелсіздік жылдарда жазған жаңа тұрпаттағы  шығармалары көркемдік әлемді игерудің тың арнасын қалыптастырып, ұлттық рухты сілкіндіретін өзгеше дүбірлі құбылысқа айналып отыр. Әлемдік әдебиетке түрік рухының тыныс-демін әкелген классик жазушының әсіресе соңғы кезде жазған кезкелген шығармасы формалық тұрғыдан мүлде күрделі, әдіс-тәсілі тосын. Әйткенмен бұл туындылардың арғы қатпарында, терең діңінде халық мұрасының құнарлы да айшықты белгілері мол болғандықтан оқырманды тылсым табиғатымен қызықтырып баурап алады.
Ең негізгі бір ерекшелік - бұл шығармалар  ақиқатпен  әдіптеліп, шындықпен суарылған. Сол себептен де ХХІ ғасырдағы деректілік пен нақпа-нақ ақпаратты талап ететін жаңа буын оқырманның сұранысына жауап беріп отыр.
Аталған шығармаларда қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси келеңсіз құбылыстар, атап айтқанда ұлттық құндылықтардың аяқасты болуы, тасбауырлық пен имансыздық, биліктегі шонжарлардың алаяқтығы, жаңа буын байлардың ана тілінен, ата ділінен жерінуі, қара халықтың дәрменсіз пұшайман халі, ата-баба тарихына жасалып жатқан қиянаттар, бір сөзбен айтқанда  тәуелсіз жас мемлекеттің  бүгіні мен болашағына  кедергі келтіретін алуан түрлі кеселдер бүкпесіз сыналады. Бірақ бүгінгі өмір-тіршілігіміздің күндерегі секілді шыншыл реңдегі бұл шығармалар фольклорлық айшықты бояулармен шебер әрленіп, постмодернистік стильмен әшекейленгендіктен оқырманды мүлде беймәлім көркемдік әлемге жетелеп, ғажайып тылсым сырларға саяхат жасата алады.