ӨЛІП ТЕ КӨРГЕНМІН


Мектепті күміс медальға тәмамдап келіп, ҚазМу-ға құжат тапсырып, алғашқы екі пәннен «бес» те «төрт» алған мені Ұлы Отан соғысынан контузия алып келген қайдағы бір ақшақұмар тарихшы  тарих пәнінен «құлатты» да жіберді. Балапанды санайтын мезгілде ауылда бас қосқанымызда сыныптастарымыздың арасында жоғары оқу орнын жағалағандар мол болғанымен, табан тіреп қалғандары бірлі-жарым ғана екен. Ауылымыздың  баяғы қара шаңына қамалдық. Сегіз сағаттық жұмыстан кейін кинотеатр мен Мәдениет үйінің айналасында табысамыз. Кім қай қалаға, қандай оқуға барып, қалай «сүрініп» қайтты деп күбірлесіп жүргенімізде күз де өте шығыпты. «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау танымас тірі жанды» (Абай) мезгіл келгенде біздің жақта күн 45 градусқа дейін суытып, тентек аяз мұрын мен құлақты «шымшылап ойнайды». Соған да қарамастан өздерімізше серілік  құрып селтеңдейміз. Баста түрулі құндыз малақай, үстіде тиін терісінен жасалып, ақ жібек матамен қапталған жағалы, қысқа тон. Борбайда қылтасы тар, балағы далақтаған шалбар, аяқта қой терісінен аудандағы тұрмыстық комбинатқа тапсырыспен тіктірген биік өкшелі,  үшкір тұмсықты, қысқа қонышты етік. Мойында үш рет оралған екі шеті шашақты жұмсақ ақ шарф.

Мектеп қабырғасында жүргенде Ұзын­тұра, Борсық, Шиборбай атанған біз­дер қа­шан да бірге жүреміз. Борсық та, Ұзын­тұра да төбелеске жақындау, айна­ла­сын­да­ғыларды қағып-соғып, пәле іздеңкіреп жү­реді. Сондықтан өңгелер біздерден бой­ларын аулақтау салады.

Күндіз-түні маңынан жұрт арылмайтын кинотеатрдың алдында жолықтық. Клас­тас қылымкөздер де төбе көрсеткен. Мә­дениет үйінде өтетін жергілікті көр­кемөнерпаздардың концертіне бардық. Жүргізуші  әзілкеш домалақ қара жұрттың ішек-сілесін қатырды. Май жағып қой­ған­дай жылтырайтын оның беті ешқашан «күл­ген» емес. Өзгелер оған дән риза. Қолы же­тетіндердің той-томалағын да сол бас­қа­рады. Жындысу жарысынан да ешкімге есе жібермейді. Көрермендер концерттен көңілді тарасты. Қайсыбіреулер қара до­ма­лақтың айтқан анекдоттарын жарыса қай­таласып, мәз болысып барады. Біз ор­та­лық күрежолға шығып алып, ауылдың кі­реберіс жағындағы ауылшаруашылығы ма­мандарын дайындайтын училищеге қа­рай тарттық. Ондағы сауық кеші ұзаққа со­зылады. Келсек, қара домалақ осында жүр. Жиналғандарды аузына қаратып үл­гірген. Бірақ кеш тез аяқталды. Жетекшісі ертең жолсапарға шықпақ екен. Таздың ба­сындай жалтыраған көк мұз басқан күре жол­ға қайта табан іліктіргенімізде Ұзын­тұра мен Борсық менің мойнымдағы шар­фым­ның екі жақ ұшына жармаса қатар сыр­ғанауға кірісті.

– Тынысым тарылып барады, қойың­дар­шы! – дегенімді құлақтарына қыс­ты­рар емес. Сәл жөткіріне қырыл­да­дым. Де­нем өрт шарпығандай қызып, біреу­лер қы­тық­тағандай сәл күлім­де­генімді білемін… Сілейіп барып құ­лап­­пын. Күлегеш артын көрсетеді де­мек­­ші, екеуі алғаш­қыда екі қолымнан тарта сүй­релеген ғой. Былқ-сылқ дене ши­ра­маған. Қа­раңғылау жердегі күртік қар үстіне  сұлатып салып ша­палақ­та­ған. Жан кірмеген. Ойыннан шыққан от енді өздерін «өртей» бастағ­ан.

– Енді не істейміз? – деп сасқалақ­таса сы­бырласады. Арлы-берлі өтіп жат­қан­дар­ға аяқ шалысып ойнап жүрген сыңай та­нытады.  Көтеріп үйге алып ба­райық десе, әкемнің қаһарынан қорқады. Темірші жездемдікіне апарса, әрине, те­уіп-теуіп те­зектерін шығарып жібереді. Те­телес ағайым іссапарда екенін өздері бі­леді. Кө­шеде қалдырып кетейік десе, үшеуміздің бір­ге жүргенімізді танитын­дар­дың бірі көр­ген, содан жасқанса керек.

– Ешкім жоқ қараңғыда қалай құты­ла­мыз? – деседі. Ұзынтұраға шолақ ақыл кір­се керек. Күре жолдың ауылға кіреберіс жа­ғында тұрғындардың үй жанындағы бақ­шалықтарын суаратын арықтың  суды арғы бетке өткізетін бетондалған жерасты труба-көпірі бар. Соған апарып жасырайық дей­ді ғой. Борсық:

– Табылған ақыл болды, – деп қуанады. Со­дан екеуі «өлі денені» иықтарына салып алып, үй-үйдің қараңғы, қалқа  жақтары­мен бұқ­пантайлай жөнеледі. Терлеп-тепшіп, жанұ­шыра жетсе, осыған дейін соққан қар­лы борандар оның екі жағын да тұм­шалап, бітеп тастаған екен. Денелілеу Бор­сыққа мені арқалатып қойып, Ұзын­тұра труба-көпірді үңгуге кіріседі ғой. Он саусағының көбелерін жырмалата жүріп, адам бойы сиярдай жерін аршиды. Бұлар арлы-берлі  жұлқылап жүргенде жұмсақ шарф  босаңсып, мойынның күретамырына  қан жүгірсе керек, Борсықтың арқасында тұ­рып, екі аяғымды қатар серпіппім. Екі аяқ Борсықтың қос тірсегіне тиіп, шал­қалай құлапты. «Өлген адам» тепкенінен қорықса керек, орнынан тұра қашпақшы болған оны Ұзынтұра қапсыра құшақтай ұстап, әзер тоқтатыпты. Мен ұйқыдан оян­ғандай басымды көтерсем, екеуінде де өң-түс жоқ, сұп-сұр. Әрине, «кісі өлтірген» адамдарда не өң қалсын! Денелері қалш-қалш етеді. Мені сілейте құлатқаннан кейін қайта жан кіргенше арада отыз бес, қырық минут өткен…

– Ой-б-бай! Тірісің бе? – деп құшақ­тай­ды мені екеуі, көздеріндегі сораларын сы­ғымдап. Труба-көпір аршыған Ұзын­тұраның үсті-басы алқам-салқам, су-су, астын былғап та алған ба, кім біліпті.

– Қо-қой, үйіне жеткізейік, – деді Ұзын­тұра. Екеуі екі қолтығымнан алып, де­дектете жөнелді. Бұрын үйдің қақпасы ал­дынан қоштасатын достарым, бүгін та­балдырықтан аттатып, қол берісті.

Ертеңінде кешкісін болған жайды күл­кімен көмкере жыр ғып отырып,  сынып­тас­тарға садақаға жеті шелпек орнына жеті «пи­рожки» таратылып, жеті  шампан атыл­ды.

Міне, мен осылай «өліп» те көр­ген­мін…

 

 

Еркін ЖАППАСҰЛЫ.