ҚАНАҒАТ ӘБІЛҚАЙЫР. ТІЛ

Әйелім телеарнада істейді. Сіздер оның сөзін түсінесіздер ме, білмеймін, өзім о баста «Осы не айтты?» деп, аң-таң болып жүрдім. Кеше екеуміз жап-жақсы шәй ішіп отырғанбыз. Несиенің зары ойыма түсіп кетіп:

- Осы біздің кредит қашан бітетін еді? – дедім. Сөйтсем:

- Үстіміздегі жылдың аяғында – дейді. «Дұрыс түсінбей қалдым ба?» деп қайта сұрадым.

- Үс-ті-міз-де-гі!

- Сонда ол қай жыл?

- Биыл! Биыл бітеді. Не болған саған?

Күйіп кеттім.

- Оны үстімізге шығармай-ақ, биыл деп айтсаң болмай ма? Сонда өткен жылды не дейсіңдер? Ол да үстімізде ме, әлде астымызда қалды ма?

Жоқ, рас, телевизорды қосып қалсаңыз немесе газет-жорналды ашып қалсаңыз: «Үстіміздегі жылы түсім мол болды, үстіміздегі жылы өйтті-бүйтті» дейді. Сосын, «Болып табылады», «Келуде, баруда», «Дей тұрғанмен», «ой-пікірмен бөлісті», «жұмыс жасайды», «қол жетімді» «жіберіп алмаңыздар», тағы басқа толып жатқан сөздері бар. Сонда бір жерге қонаққа барсаң, «Мынау біздің үйдегі келініңіз болып табылады» дейсіз бе? Әлде, досыңа «Моншаға барасың ба?» десең, ол саған «Бағасы қол жетімді ме?» дей ме? Кино немесе концерт көрсетерде «Осыны жіберіп алмаңыз!» дейтіндері бар. «Жіберіп қоймаңыз» деген сияқты естіледі құрғыр... Сонымен... а, кешіріңіздер, әйелім қоңыраулатып жатыр. Қазір...

- Сізді мұқият тыңдап тұрмын...

- Әкесі, сіз кешігу үстіндесіз...

- Ой, мені қойшы, өзің жылжымайтын мүліктесің бе?

- Иә, көтерме және бөлшек сауда орталығына барып, қазір ғана жылжымайтын мүлікке кірдім. Барлық жерде аспан асты елінің заттары...

- Кімнің заттары?

- Ой, бәрі Қытайдың заты деймін! Ал, өзің қайда болып табыласың?

- Мен мына құрып кеткір жылжитын мүлік жылжымай қалып, соны шұқылап жатырмын.

- Қонақтар дер кезінде тиісті орыннан табылып, сен өкінішке орай кешігіп жүрме.

- Олар нешеде келеді деп жоспарланып отыр?

- Кешкі алтыға келеді деп күтілуде!

- Не істеуде?

- Күтілуде!

- Ой, қой, мынауың артықтау емес пе?

- Қай жері артықтау? Телевизордан күнде «күтілуде», «жоспарлануда» деп айтып жүрміз ғой.

- Е, бопты, күтіле берсін. Онда мен де барудамын.

- Айта кету керек, ақыры бәрі келеді ғой деп, бүгінгі күн тәртібіне Бәтіштерді де енгіздім...

- Ойбай, ол бізге кім болып табылады?

- Туу, сен-ақ ұмытасың да қаласың. Ол ана құдаңның туған қарындасы болып табылады ғой.

- А, құдаша деші?.. Дейтұрғанмен ол...

- Иә, иә, құдаша! Ешқандай дейтұрғанмен емес!

- Е, бопты. Мен де жылжу үстіндемін сізге қарай...

- Әй, әкесі, асықпай абайлап жүр. Жолда жол-көлік апаты орын алмасын!

- Дәл осыны айтпашы, бәйбіше.

- Әкесі, ау, әкесі, айтпақшы, жол-жөнекей бір мөшек қара алтын ала салшы...

- Не ала сал?

- Қара алтын, яғни, көмір ала сал деймін. Монша жаққанға...

- А, иә. Құрсын, шатасып біттік қой. Осы журналистер біртүрлі, қара халық біртүрлі сөйлегенді қашан қоямыз а?..