Жәркен Бөдешұлы: Өлеңімді ұрлағандарды да кешіріп жүрмін...
Фото: massaget.kz
Фото: massaget.kz

Жәркен аға, сізді сұқбатқа шақырғанымызға біраз уақыт болды. Денсаулығыңыз сыр беріп жүргенін айтып, әрең келістіңіз. Әңгімемізді жүрек пен көңілдің жайынан, денсаулығыңыздан бастайықшы...

-Денсаулығым жаман емес, бірақ ауа-райына байланысты сыр беріп қалады. Күнделікті өмірдегі әртүрлі жайттарға да жүрек шіркін шым етпей қоймайды ғой.  Қазір бүкіл дүниежүзінде табиғат өзгеріп жатыр. Бірде жауын, бірде дауыл дегендей. Алматының өзі бірде ысып, бірде суып кетеді. Маған ауа жетпейді. Күн ысыса қиналып қаламын. Жазушылар Одағында көп жылдан бері әдеби кеңесшімін. Қазір Одақтағы жұмыстарымды үйден бітіріп беріп жүрмін.

 

-Жақында Махамбет сыйлығының иегері атандыңыз. Сыйлық алғанда қандай сезімде болдыңыз?

-Бұрын да сыйлық алып жүрміз ғой, кереметтей де беріліп кеткем жоқ. Бір айтатыным Махамбеттің сыйлығына өз-өзімді ұсынғаным жоқ. Үйде жүрсем Жазушылар Одағынан «Сізге сыйлық беріп жатырмыз, келіп қайтсаңыз» деп телефон соқты. Сөйтіп, медаль кеудеме өзі келіп қонды. Мені қуантқаны сол сыйлықты тағайындап, қарастыратын адамдардың  шығармашылығымды оқығаны, Махамбетке арнаған поэмамның, өлең-жырымның бар екенін білгені.

-Соңғы жылдары шығармашылығыңызда қандай жетістіктер болды? Жіпке тізіп көресіз бе?

-Өндіртіп көп жаздым дей алмаймын, аз дүние жазбағаным да анық. Мен жылқыны жақсы көремін. Жалпы қазақ халқы жылқы мінезді халық қой. «Жылқы кісінейді» деген кітабымды аяқтадым. «Аңырақай бекетіндегі ой» деп аталатын поэма жазып, шайқас тарихын өлеңмен тарқаттым. Аңырақайдың тарихын зерттеушілерді оқыдым, өзімше зерттедім. Уақыт ұзарып, заман күрделенген сайын өлең қысқара түседі, ықшамдалады екен. Есесіне мазмұн тереңдей түседі. Демек, поэзия біржола ықшамдылыққа бет бұрады. Қазір мен көбінесе оқимын. Қазақ әдебиетімен қатар орыс әдебиетіне, шетел әдебиетіне көбірек үңілемін. Өлең деген дүние кейде ойламаған жерден келіп қалып «қысатыны» бар. Ондайда 10 шумаққа дейін ойымда сақтай аламын.

 

Математикалық дәлдікпен өлең құрағанды қою керек..

 

-Әдебиетке алғаш қадам басқан кезіңізде кімдердің аялы алақанын көрдіңіз?

-Ғафу Қайырбеков, Фариза Оңғарсынова, Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов, Төлен Әбдіков, Жұмекен Нәжімеденовтер маған жақсы көзқараспен қарады. Араларында менің өлеңдерімнің газет-журналдарда жариялануына, жеке кітап болып шығуына бір кісідей атсалысқандары да бар. «Жұлдызға орнын ай бермес» атты кітабым алғаш жарық көргенде қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденовке алып бардым. Ол кезде жастаумын, әрине. Жұмекен ағамыз мені бұрыннан оқып жүретінін айтып, баладай қуанды. Кітабымды ең бірінші өзіне әкеліп тұрғанымды жақсы қабылдады. Менің жұмыссыз жүргенімді білген бойда Тахауи Ахтановқа: «Ахмет Байтұрсыновтың төте жазу емлесін жақсы білетін інім бар еді», – деп телефон шалды. Сөйтіп жұмысқа тұрып, төте жазумен жазылған газет-журнал, кітаптардың біразын қазіргі жазуымыз кириллицаға көшірдік.  Мағжан  Жұмабаев секілді ұлы ақындардың кейбір шығармалары арабша басылған да қазақтың әліпбиіне аударылмаған екен. Менің атқарған үлкен жұмысымның бірі Мағжандай ақындарымыздың шығармаларын қазақ әліпбиіне келтіру болды.

 

-Өзіңіз айтпақшы, арғы тауға – асу, бергі тауға – белес болар жастасыз. Ізіңізден ерген інілеріңіздің, жастардың қалам сілтесіне көңіліңіз тола ма қазір?Артыңызға қарағанда ақын боп кім көрінеді?

-Жақсы жазып жүрген 3-4 жігіт бар. Бірақ тап қазір олардың есімін айтпаймын. Осындай сауалдар маған өте ауыр тиеді. Бірінің атын атасаң, екіншісінің көңілі қалады. Биылғы Жастар жылында жастарға еркіндік беру керек деп ойлаймын. Тек айтарым қазіргі жастарға көп оқу қажет. Кейбір жігіттер алдымен ұйқасты тауып алады. Соған сай математикалық дәлдікпен өлең құрап шығады. Өлеңді математикаға айналдырып қажеті жоқ. Математикалық дәлдікпен өлең құрағанды қою керек.

 

-Соңғы уақытта оқыған сүбелі дүниеңіз?

-– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты ақ өлеңмен жазылған мәңгілік жыр іспетті мақаласын оқығанымда қатты тебірендім. Осы бағдарламалық мақаланың Отан үшін, тарих үшін керек екенін зерделей білуіміз қажет. «Егеменнің» басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің Елбасы мақаласын зерделей жазған «Тарихи сананың жаңғыруы» деген үлкен мақаласынан Тұңғыш Президентіміздің тарихи санаға сілкініс әкелген дәйекті деректері мен мәйекті мазмұны үйлескен мақаласы түркі әлемі үшін де байламды сөз, бәтуалы бағдар екенін ұғынуға болады. Қабдеш Жұмаділов Президентпен кездескенде нақтылы ойлар, ұсыныстарын жеткізді. Жастар үлкендердің осындай сүбелі әңгімелерінен азық алса екен деймін.

 

-Аға, өзіңіздің осы кезге дейін жазған өлең-жырыңызды бас-аяғын жинақтаса неше том болады?

-Қазақтың маңдайалды жазушыларының бірі Төлен Әбдіктің бір сөзіне қатты нанамын. «Қандай ақын, қандай жазушы болсын түбінде бір томға ғана топтанады» деп еді Төлен. Менің қазірге дейін оншақты кітабым шықты. Егер жазғандарымды таңдап, талдап отырып сұрыптасам, бар жазғаным сыптығыр бір томға саяды. Қалың он томдық қойғанша сапалы бір том беру пайдалырақ. Осы уақытқа дейін менің таңдамалым шыққан жоқ. Екі томдық таңдамалым дайын, Мәдениет және спорт министрлігінде жатыр.Тек жарық көруі алдағы күндердің еншісінде боп тұр.  

 

Поэзия түсінген адамның бәрінің туысы...

 

-«Жалғыз» деген поэмаңызда «Жалғыздық Құдайдан кейін ақынға ғана жарасады» дейсіз. Жалғыз қалғанда үнемі не туралы ойланасыз? Жалғыздықтан қорқасыз ба жалпы?

-Жалғыздық барлық адамның басында бар қиын нәрсе. Мен елге барғанда, сыртқа шыққанда жанымда жақсы жолдас болғанын қалаймын. Мұным сол жалғыздықтан қорыққандықтан болса керек.

 

-Өзіңіз туралы «Періштедей мен бір таза шайырмын, Күн аптабы, Ай нұрына шайындым» деп жазасыз. Сізді білетіндер баладай аңғалдығыңызды айтып, тазалығыңызға тәнті боп жүреді. Өмірдің сан тарау жолдарында ақ адал осы мінезіңізді қалай сақтадыңыз?

-Құдай қалай жаратты, солай өмір сүріп келе жатырмын. Өтірік айтқан, біреуге жалынған және өзгеге жәбір көрсеткен кісі емеспін. Менің өлеңдерімнің кейбір жерлерін жол-жолымен «ұрлап», өзінің өлеңі етіп көрсетіп жүргендер бар. Оны білсем де «бұл менің өлеңім еді» демедім. Мұны әлгі адамның қаламына менің жазғандарымның тигізген әсері деп қана түсінемін және ол ақынға еш кек сақтамаймын. Өзім кейде ағыл да тегіл сөйлеп кетемін. Енді бірде өз-өзіммен қаламын. Кейде адамда бәрінен шаршау болады екен. Одан құтқаратын тек қана поэзия. Поэзия түсінген адамның бәрінің туысы.

 

-Сіз қоғамдық мәселелерде көп үн қата бермейсіз. Өлеңіңізді жазып, өзіңізше еркін жүргенді ұнататындай көрінесіз. Бұл табиғатыңыздан ба, әлде «тек жүрген тоқ жүреді» деген ұстанымнан ба?

-Өлеңдерімде қоғам туралы, дәл осы заман туралы айттым, айтпай қойғаным жоқ. Қандай уақытта нендей жағдай болып жатыр, халықтың тұрмысы қалай, осының бәрі жазған өлеңдерімде бар.

 

Бір өлеңім өзіме «бойсұнбады»...

 

-«Артыма қарағанда қуанышым аз, уайым-қайғы, қиял көп екен» депсіз алдыңғы сұқбаттарыңызда. Өмірде нені көп қиялдадыңыз?

-Адамның жасы келген сайын қиялы көбейеді екен. Жас кездегі не түрлі бастан өткен қиыншылықтар көкейіңе үймелеп кетеді. Оның соңы келіп өлеңге айналады. Мен Тарбағатай тауының Жайыр деген жерінде тудым. Сол Жайырдың тарихы арқылы қазақтың арғы-бергі тарихын шамам жеткенше жырладым. Сонау Шығыс Түркістанның шекарасынан қалай өткенім,  Жоңғар  Алатауының «арқар аспас қиын асуын» қалай жаяу кешкенім күн сайын көз алдыма келеді де тұрады. Елге келгенде біз шекараны бұзып өттік қой. Шекараға дейін атпен келдік. Қар қалың болды да, ат жүре алмады.  Шекараға жеткенде астымыздағы атты қоя бердік те, өзіміз жаяу жалпыладық. Шекарадан өткен соң да көрген құқайымыз аз болған жоқ. Жанымдағылардың әрқайсысын туыстары күтіп алып жатты. Араларында менің туысым жоқ. Сонда осы Жетісуда туып-өсіп 70-ші жылдары елге келген Жабақ деген кісі бар екен. Сол кісі мені Көкшетаудағы бір қой бағатын малшыға аманаттап тапсырды. Қой бағып жүріп қарап жүрмей өлең шығарамын.

«Қой бағып жүр дегенше, ой бағып жүр дегейсің.

Қойны-қонышын өлеңге қойма ғып жүр дегейсің.

Қойға кетті дегенше, ойға кетті дегейсің.

Өлең деген бір елге тойға кетті дегейсің», – деп келетін бала күнгі

жазған осы өлеңімді 5-6 кітабым жарыққа шыққанша ешбір жинаққа енгізгенім жоқ. Бірақ осы өлеңім өзіме бойсұнбады. «Жұлдызтас» атты жинағыма еніп кетті. Сөйтсем ол өзің сияқты қыз-жігіттер жатқа оқитын мықты өлең екен. О бастан Құдайдың маған берген бір-ақ нәрсесі болды. Ол – талант. Мен  өмір бойы талантымды ортайтып алмау үшін күрес жасадым.

 

-Өлең жайлы кіммен ашылып сөйлесесіз?

-Өлең жайлы сөйлесетін мен құралыптас ешкім қалған жоқ. Көбі о дүниеге кетіп қалды. Ішкі жан-дүниеммен, өзіммен өзім қалып, оқыған-тоқығандарыммен сырласамын.

 

Түсімде ылғи көшіп жүремін...

-Қаламгердің қадірін арттыратын не нәрсе, қадірін қашыратын не нәрсе?

-Шындықтың бетіне тура қарап, шындықты айта білсе, қаламгердің қадірі асқақтай береді.  Ал шындыққа өтірік қосып, өлеңсымақ жазатындар бүгін бар да, ертең жоқ.

 

-Соңғы уақытта не туралы көп ойланасыз?

-Тәуелсіздік жайлы. Тәуелсіздік – біздің аласармас туымыз, тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай. Тәуелсіздік барда ғана қазақ бар.

 

-Сіз жылдың қай мезгілінде өндіртіп жазасыз?-

-Өлеңді арнайы отырып алып жазбаймын. Ана үйден мына үйге «қыдырып» жүріп жазамын.  Соңында жақсы шыққан өлеңдерімді ғана екшеп, тиістісін қалдырамын. Мен көктемнен гөрі күзді жақсы көремін.  Тағы бір қызығы түс көремін ғой, түсімде ылғи көшіп жүремін. Үнемі бір жақтан екінші жаққа бағыт алып, көшіп бара жатамын.

 

Сұхбаттасқан Қарлыға ИБРАГИМОВА

Сұхбатты көшіріп басуға тыйым салынады

Суреттер massaget.kz сайтынан алынды