ЖҰМАТАЙ ОСПАНҰЛЫ. ӨМІР САХНАСЫНДА ӘРКІМ ӨЗ ОБРАЗЫН СОМДАЙДЫ...

 

 Сізбен сұхбаттасуға келе жатқанда ойыма ең бірінші актер Жұматай түсті. Бәлкім сол кездегі Жұматай есімде қатты сақталып қалса керек. Сөзімнің әлқиссасын сол арнаға бұрайын, айтыңызшы театрдан кету қиын болмады ма?..                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                          

 Жалпы түрлі кездесулер мен сұхбаттарда ең әуелі алдымнан шығатын сұрақ осы. Мен де жауап беруден жалыққан емеспін. Тамашаның тарланы, әкемтеатрдың саңлағы марқұм Құдайберген Сұлтанбаев ағамыздың бір жылдары депутат болғаны есіңізде шығар? Мәжіліс депутаттарының кезекті бір жиынында Құдайберген ағамызды көрген Елбасы «біздің арамызда әртіс те бар екен ғой», – деп әзілдепті. Сол кездегі ел Президентінің сөзіне әзілмен жауап берген ағамыз: «Бұл жерде бәріміз де әртіспіз. Менің ерекшелігім, мен – дипломы бар әртіспін», – депті. Бұл әңгіме ел аузына тарап кеткелі қашан? Сол ағамыз айтқандай адамзат баласының бәрі өмір сахнасында өз образын сомдап жүрген бір-бір актер ғой. Дегенмен, өнер сахнасы мен өмір сахнасының айырмашылығы бар екені түйсігі бар кез келген адамға мәлім. Өнер сахнасында ойнаған роліңнің бағасын көзіңнің тірісінде, көрерменнің алдында, ел-жұрттың арасында біле аласың. Қойылымның соңында сахна шымылдығы жабылғаннан кейін көрерменнің қошеметімен қайта ашылады. Құшақ-құшақ гүл шоқтары ұсынылып, зал тола адам құлақ тұндыра қол соғып, қошемет көрсетеді. Театр сахнасында еңбек жолын бастаған адам ретінде айтсам, актер үшін ең бақытты сәттің бірі осы. Ал осындай елдің алғысын алып, қошеметіне бөленетін сахнаны тастап кету әрине, алғашында оңай бола қойған жоқ. Әкемтеатрда «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды», – деген қойылым болған. Сол сияқты театрда жүрген әртісті, қызықты да тартысты журналистиканың даңғылына салып жібергенде «Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлынымның?!» кебін кигендей күй кешкенім рас. Екеуі де шығармашылық әлемі, руханияттың ошағы болғанымен қазанына салатын сыбағасы бөлек екенін сезінгенде болашағыма алаңдап қалғанымды несіне жасырайын. Мені журналистикаға алып келген қазіргі бас редакторым Әміре Әрін ағам болса, бүгінгі орынбасарлыққа дейінгі жолымда шыңдап, қыр-сырын үйретіп, маманына айналдырған осы «Жетісу» газетінде табан аудармай отыз жылдан аса еңбек еткен, құрметті демалыстағы ұстазым Жанкүміс Жәмеңке еді. Редакцияға келген күні Әміре ағам (ол кезде орынбасар болатын): «Жұматай, бұл газетте актер деген дипломы бар екі журналиспіз. Мен де кезінде Әуезов тетары жанынан ашылған студияны бітіріп, Арқалық театрында актер болған қазақпын», – деп саңқылдай сөйлеп, жарқылдай күліп, мені қанаттандырып қойды. Келесі күні Жанкүміс Жәмеңкенің алдына бір жұмыспен кіріп барып «тәте» деп бастай бергенім сол еді: «Әй, гастрольшик, екінші рет тәте дегеніңді естиін сол күні театрыңа қайтасың. Маған «Жәке» десең болды», – деп қатулы қабағымен бір қарады. Тетардағы режиссердің талабы да, қабағы да, ашуы да, мысты басуы да бұл ортаға мүлдем ұқсамайды. Шынымен алаңдай бастадым. Бір күні «театрыңа қайқай» десе не бетіммен барам? Адам бәріне үйренеді. Арада апта өтпей жатып, газеттің өміріне де бейімделе бастадым. Содан бері де аттай тулап, оқтай зулап он бес жыл өте шығыпты. 

 

    Сахнаны сағынатын кездеріңіз бола ма?

 

 Мазам кетіп алаңдап, көңілім құлазып, аңсарым ауып сағынған емеспін. Неге десеңіз, менің жүрген жерімнің бәрі сахна. Іссапармен аудандарға шығып, елдімекендерде кездесулер өткіземіз. Сондай кезде домбырамды өзіммен бірге ала жүремін. Әкімі бар, басшылары бар саяси жиынның шеңберін бұзып, онсыз да жиналыстан шаршап жүрген жандардың көңілін басқа арнаға бұрып, әнімді салып, өлеңімді оқып, арасында әзілімді айтып, отырған қауымды бір серпілтіп аламын. Кейде домбыраның бар жоғына да қарамаймын. Сол саяси мінберде тұрып-ақ шырқай жөнелемін. Менің бұл әрекетім олар үшін тосын жағдай болғандықтан, қызық көрінсе керек, оның үстіне шаршаған көңілдерін әнмен көтеріп жібергенде өздері де әннің қайырмасына қосылып, шапалақ ұрып, жиналыста емес, құдды бір концертте отырғандай күй кешеді. Актер болғанымның бір пайдасы осы. Осылайша жүрген жерімді театр сахнасына айналдырып жіберемін, содан болса керек, жоғарыда айтқанымдай театрды аңсарым ауа сағынбайды екенмін. Қазіргі таңда обылстық Бикен Римова атындағы драма театрда қосымша әдебиет меңгерушісі болып жүргендіктен, әртістермен де жиі араласып, театр сахнасындағы барлық қойылымдарды көріп, ішкі әлеміне еніп кеткендіктен сол баяғы театрда жүргендеймін.

 

 Ақын Жұматай, актер Жұматай.... Қайсысы жаныңызға жақын?

 

 Ақын Жұматай жақын... Дегенмен,  өлеңді актерлік шеберлікпен кез келген жиындар мен мерекелік сәттерде оқитынымды ескерсем, екеуі бірін бірі толықтырып тұрады-ау.

– Қайбір жылы өзіңіз еңбек еткен театр сахнасында шығармашылық кешіңізді өткізген едіңіз. Зал тола халықтың қошеметіне бөленгеніңізге  куә болдық. Театрдағы көрерменіңіз бен ақындық әлемдегі оқырманыңызбен қауышпағалы қанша болды?

 

  Жалпы, қазіргі таңда өзімді журналистика саласына арнап келемін десем де болады. Ақындықты машық етіп, әдебиетке жаңалық әкеліп, қазақтың қара өлеңін жаңаша бір деңгейге көтеріп тастадым деп айта алмаймын. Бірақ, өлеңмен сырласып тұратыным рас. Сырласыма айналған жырымды көпшілікпен бөлісу мақсатында театр сахнасында екі рет, Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында бір рет кешімді өткіздім. Соңғысы, яғни, Мәдениет сарайындағы кешім ақылы болды. Бұл өлеңімді саудалап, ақша табу емес. Алланың берген мүмкіндігін пайдаланып, қолымнан келгенше қайырымдылық жасап, туғаннан ауыр сырқатқа ұшыраған балаға жәрдемдестік. Жалпы, бұл жерде мен тек ұйымдастырушы ғанамын. Билетті сатып алған көрермен. Яғни, қайырымдылықты жасаған солар. Мен тек ұйытқы болдым. Есесіне өлеңімді оқып, әнімді салып, жоғарыда айтқанымдай театрға деген сағынышымды басып, бір жасап қалдым.

 

Қайырымдылық кешін өткізу туралы біреу ой салды ма, әлде өз жүрегіңіздің қалауы ма?

 

 Әрине, қайырымдылық жасау қазақтың қанында бар қасиет. Сол қанда бар дүние жүрекке жеткенде адам өзінен өзі айналасына жақсылық жасауға құмартып тұрады. Оның үстіне Талдықорғанда тұратын өнер саласындағы және басқа да аға-інілерімнің басын қосып, «Жетісу шапағаты» деген қайырымдылық қорын құрғанбыз. Ақылдаса келе сол қордың тізгінін маған ұстатты. Осы қор жұмысын бастағалы бері қолымыздан келгенше қайырымдылықтың сан түрін жасап келеміз. «Бүйтіп жатырмын, сүйтіп жатырмын» деп мақтанға беріліп, сауабымнан да айырылғым келмейді. Мұнда да мен тек ұйымдастырушымын. Қайырымдылықты сол жүрегі иманмен нұрланған, байлығын жүрегіне байламай, алақанында ұстап үйренген атымтай жомарт жандар мен әр жасаған жақсылығының қайтарымы Алладан болатынын білетін дос-жарандарым жасап жүр. «Мектепке жол» акциясы, түрлі мерекелік күндерде, рамазан айында, айт мерекелерінде, балалар күнінде шамамыз келгенше қайырымдылық шара өткіземіз. Жоғарыда айтқан шығармашылық кеш бірлесе атқарған жұмысымыздың жемісі. Бір кештен түскен 800 мыңнан астам қаржының бір тиынына дейін қалдырмай, қалың көрерменнің алдында мұқтаж ананың қолына ұстаттық. Шариғатта «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» деген қағида бар. Яғни, жақсылық жасадың ба, жар салма. Менің ашық айтып отырғанымды мақтан үшін жасалмаған дүние болғандықтан қасиетті Құран Кәрімнің Бақара сүресіндегі: «Қайыр-садақаны жария түрде берсеңдер қандай жақсы! Ал егер ешкімге көрсетпей, жоқ-жітіктерге жасырын түрде берсеңдер, бұл өздерің үшін қайырлы болмақ. Алла сол арқылы біраз күнәларыңды кешеді. Алла не істеп, не қойып жатқандарыңнан толық хабардар», – деген 271-ші аятындағы бірінші жолға амал деп қабылдаған дұрыс шығар. Мұндай ашық жасалған қайырымдылықтың астарында басқаға үлгі болсақ деген риясыз ой жатыр.

 

 

 Журналист болғаннан кейін қоғамдағы кез келген іс-әрекет сізге де өз әсерін тигізетіні рас. Еліміздің ертеңі жайлы ойлағанда сізді не сүйіндіреді, не күйіндіреді?

 

   «Жетісу шапағаты» қоғамдық қорымен қайырымдылық жасағанда аяғына тартса басына жетпей, басына тартса сирағы көрініп отыратын отбасылар біз жасаған аз ғана көмекке риза болып, шүкір айтып, «біз де осылай қалмаспыз, қатарларыңызға қосылармыз», – деп барға ырза, жоққа сабыр қылып жатады. Тіпті, бірер отбасы есін жиып, етегін жауып, ендігі жерде шамасы келгенше біздің қатарымызға қосылып, қайырымдылыққа үлес қосып жатады. Сондағы түйгенім қайырымдылық жасау үшін бай болу міндет емес екен.

Ал енді күйіндіретін нәрсе де аз болмай тұр ғой мына қоғамда. Соның бір бағытын ғана айтайын ол – жемқорлықтың шектен шыққандығы. Бұрын аталарымыз «пара бергенше, бара бер» дейтін. Қазіргі ұран «бара бергенше, пара бер»! Ұсталып, ұятқа батып жүргендер қаншама?! Соны естіп, көріп, біліп отырып, екінші бір жерден «пара бергені үшін, жемқорлыққа қатысы бар болғаны үшін» деп тұтқындалуда. Одан жемқорлық азайып, парақорлық тыйылып жатқаны шамалы. «Дәніккеннен – құныққан жаман» дегенді атам жиі айтушы еді. Қоғам дамуына бірден бір тұсау болып, адымымызды аштырмай тұрған осы – жемқорлық. Тағы бір жанды ауыртатын дүние – алауыздық. Алауыздық болғанда жалпы еліміз емес, қазақтың алауыздығы асқынып бара жатқандай көрінеді. Егер тарихтан сабақ алатын болсақ, қазақ қай кезде жеңіліс тапты – түбіне үңілсеңіз алауыздыққа жол берген кезде. Қай уақытта жеңіске жетті – ауызбірлігі тастай берік болған сәтте. Жаугершілік заманында да сол. Ақ патшаны дәуірінде де осы. Орыстың Ильминский деген экспедитор ғалымы қазақ даласын біраз зерттейді. Сол кездегі экспедитор дегеніміз анығын айтқанда тыңшылық екен ғой. Қазақ даласындағы уақыты аяқталғаннан кейін еліне оралып, Екатерина екіншіге: «Қазақ деген халықты соғысып жеңу мүмкін емес. Олардың қыздарының өзі ат үстінде садақ тартып, қылыш ойнатуды шебер меңгерген. Бірақ сол далада сексеуіл деген ағаш өседі. Ол ағашты басқа нәрсемен сындырғаннан көрі біріне бірін ұрса, тез сынады. Қазақтың мінезі дәл осы сексеуіл ағашындай екен. Оларды осы саясатпен ғана жеңуге болады», – деген мағынада мәлімдеме жасаған. Ғасырлар өтсе де сол алауыздықтан арыла алмай келеміз, тіпті, асқындырып алғандаймыз. «Руға тегімізді танып, түбімізді білу үшін, сол арқылы бірігу үшін бөлінеміз» дейміз де бөлшектенуге дайын тұрамыз. Аталарымыз «бөлінгенді бөрі алар, жарылғанды жау алар» деп бірлікті аманаттаса, қасиетті кітабымыз Құранда «бөлінбеңдер, әлсірейсіңдер» деп бірлікте өмір сүруді міндеттейді. Қазіргі менің ұстанымым ақын Сабыр Адай айтқандай «Әр қазақ, менің жалғызым»!

– Ағынан жарыла айтқан әңгімеңізге рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін.

 

Сұхбаттасқан Гүлжан АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ