ҚУАТ АДИС: БИЫЛ БАЛАЛАРҒА БЕРЕТІН БАЗАРЛЫҒЫМ БАР

 – Бала Қуат пен бүгінгі сіз өлең арнап, толғанып, көңілінен шықсам деп жүрген балалардың артықшылығы мен кемшілігі қандай деп ойлайсыз?

        – Біз өткен ғасырдағы қазақ балалар әдебиеті мен қазіргі балалар әдебиетін мазмұны жағынан салыстырып қарар болсақ, біздің балалар әдебиетінің жемісті үйіп-төгіп берген кезеңі сол өткен ғасырдың алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдары болған сияқты. Оған енді Кеңес дәуіріндегі идеологияның ықпалы да болған шығар. Бірақ, бәрібір сол кездегі балалар әдебиеті екі-үш буын ұрпақты тәрбиелеп, толық адам қылып қалыптастырып шығарды ғой. Бұл енді біз бүгін ондай әдебиет жасай алмаймыз деген сөз емес. Алдымыздағы ағалар дәстүрін қайта жаңғыртып, жандандыруға болады. Тек балаға бірдеңе берейікші деген таза ниет керек. Сосын мемлекет мейірленіп балалар әдебиетінің басынан бір сипауы керек болып тұр ғой. Яғни барлығы қаржыға тірелетіні белгілі. Әйтпесе, бойындағы барын сарқып беріп, тіпті әлі күнге дейін балалар үшін көз майын тауысып жүрген көзі тірі алдыңғы буын ағаларымызды айтпағанда, балалар әдебиетіне қалам тартып жүрген біздің замандастарымыз және бізден кейінгі іні-қарындастарымыз бар, Құдайға шүкір!                

         Бүгінгі балалардың біздің буыннан артықшылығы да, кемшілігі де бар. Адам заманымен бірге жасайды, жаңарады. Мысалы, мен және менің замандастарым өткен ғасырдың ортасынан ауа өмірге келген ұрпақтың өкілдеріміз. Біздің балалық шағымызда тым болмаса компьютер болған жоқ. Ол кезде қаланың баласының балалығы қалай өткенін білмеймін, әйтеуір, біз үйіміздегі ақ қара түсті жыпылықтап тұратын теледидардан ара-тұра уақытымен берілетін ертегі, мультфильм көретінбіз. Оның өзі орысша. Тек кейіпкерлердің қимылынан не жайында екенін жобалаймыз. Содан кейінгі уақытың бос. Не істейсің? Далаға ойнайсың. Қыс болса дөң басынан сырғанақ тебесің, қолдан мұз айдынын жасап алып хоккей ойнайсың, жаз болса, доп қуалайсың, ләңгі тебесің, есекке мінесің және тағы сондай ойынның түрі көп. Кішкентай болсақ та ата-анамыз бізге жауапкершілік жүктейтін. Отын жарамыз, су тасимыз, қораны тазалап, малды жайғаймыз. Ол кездегі балалардың бір-біріне деген бауырмалдығы бөлек еді. Мейірімді, көпшіл болатын. Қолындағысын қасындағы балалармен бөлісетін. Сосын біз ересектердің алдағанына сенетінбіз, жылай қалсақ жұбатқанға көнетінбіз. Менің қатарларымның көбі сол бала кезді бүгін еске алғанда "біз нағыз аңқау болған екенбіз ғой" деп күледі. Меніңше, ол аңқаулық емес. Әрі-беріден соң балалардың туа бітті мінезі де емес, отбасының, қоғамның талап-тәрбиесімен қалыптасқан әдептілік, кішіпейілдік шығар деп ойлаймын. Мысалға, сол заманның балалары шаңырағына қонақ келгенін қалап, тіпті соны тілеп жүретін. Үйіне келген қонақты, әсіресе, сол кісілердің өзі құралпы балалары болса, ата-анасы арқылы қолқа салдырып қонып кетуін өтініп, жібергісі келмейтін. Біздің артықшылығымыз да осында шығар. Ал, бүгінгі балалардың бізден артықшылығы көп, әрине. Қазіргі 5 жас пен 10 жас аралығындағы балалардың өзі көп нәрсені біледі. Тіпті, ата-анасының білмейтінін біледі. Өйткені, олар өз заманының өкілдері. Ақпараттық технологияның жемісі – технократ ұрпақ қалыптастырды. Ал, енді бүгінгі балалардың кемшілігі қандай десек: қол еңбегіне икемсіз, жүйкесі жұқарған, физикалық тұрғыдан әлжуаз, дене қимылы жоқ, табиғи түйсігі әлсіз, танымы таяз, жүрексіз, тасбауырлау болып өсіп келеді. Қазіргі балалар өзінің түпкі негізін ұмытты. Табиғаттан тамыры ажырап қалды. Жасандылыққа бой алдырып бара жатыр. Өйткені, олар виртуалды әлемге кіріп кетті. Оның үстіне былтырдан бері карантиндік шектеулерге байланысты барлық балалар үй жағдайында қашықтан оқып келеді. Айналасын, өзі өмір сүріп жатқан қоршаған ортаны, тұмса табиғатты көзбен емес, манитор арқылы көреді. Гүлдің жұпар иісін сезбейді, аң-құстардың ғажап дауысын естімейді. Бұның соңы балалардың жүрегін қатайтып, мейірімсіздікке, қатігездікке алып келеді. Мәселен, біз кішкентай күнімізде Жақан Смақовтың:

Шыр-шыр еткен торғайды,

Қорғамасақ болмайды.

Кіп-кішкентай торғайлар,

Ағашатрды қорғайды.

 

Таспен атып торғайды,

Ұя бұзған оңбайды.

Құс өкпелеп кетеді,

Бақшамызға қонбайды.

         Бар болғаны екі-ақ шумақ өлең. Тілге жеңіл әрі әсерлі. Баланың жадында тез жатталып қалады. Адам баласы табиғатты қорғау керектігін, кіп-кішкентай торғайдың өзі адамға сая болатын ағаштарды зиянкестерден қорғайтынын, сол үшін оларға қамқор болу керек екенін айтып тұр. Қазіргі қаланың баласы түгіл, ауылдың балаларының құстарға қолдан ұя жасап, тал басына іліп жатқанын көрмейміз. Ата-анаға, бауырларыңа, айналаңа қамқор болу сол бала кездегі құстарға, табиғатқа қамқор болудан басталмай ма?! Бала жүрегіндегі мейірім сол кезде оянады. Ал, біз бүгін тек қарттар үйі көбейгенін айтып дабыл қағумен шектеліп отырмыз. Қайырымсыз, мейірімсіз ұрпақ өсіп келе жатса, қарттар үйі көбеймей қайтеді?! Тағы бір мысал, біз мектеп оқулығынан Қадыр Мырза Әлінің "Қызыл кітабын» жаттадық. Онда да ол жоғары сыныптың оқулығында болды-ау. Әйтеуір, менің алдымдағы әпкеммен бірге жарыса жаттағаным есімде. Тебіренбеу мүмкін емес енді. Сенсеңіз бар ғой, сол шығараманы оқыған соң рогатканы тастадым. Торғай атпайтын болдым. Оның алдында да қарық қылып атқаным шамалы еді. Демек, өлең балаға әсер етті. Мейірімін оятты. Табиғатты, аң-құсты қорғауды үйретті. Қазақ үшін ғана емес, бүкіл адамзат баласы үшін дәл қазір жұмыр жерді сақтап қалу үлкен проблемаға айналып отыр ғой. Сондықтан біздің жас ұрпаққа жазған дүниелеріміздің барлығы ең алдымен адамшылыққа тәрбиелеуге негізделу керек деп ойлаймын. Заманға ыңғайлаймыз деп жазған ертегімізді, әңгімелерімізді, өлеңдерімізді тым жұмбаздап, қатайтып алмау керек сияқты.

        Мен қазір көбіне ауыл, табиғат тақырыбына жазып жүрмін. Оны қалада өскен бала да, далада өскен бала да жатырқамайды. Ата-бабамыздың мекені болған жайлауды, ондағы қым-қуыт тіршілікті, төрт-түлікті тек ауыл баласы ғана танып, білуі керек пе? Сосын біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыздағы ерекшеліктер, оның жас ұрпақтың тәрбиесіне қажетті тұстарын, сонымен бірге қазір мұражайға қоюға шақ қалған халқымыз тұрмыста қолданған заттарын да қал-қадірімше өлеңге қосып, балаларға таныстыру мақсатында жазып келе жатырмын. Мәселен, «Бәсіре», «Қамшы», «Бесік», «Жайлау», «Киіз үй» және басқа да осындай өлеңдер бар. Балалардың қабылдауы жаман емес. Мектептер кездесуге жиі шақырады. Сонда балалар осы өлеңдерді көп оқиды. Қала мектептерінің оқушылары «Төрт түліктің төлдері» деген өлеңімнен көрініс қойды. Демек, жоғарыда айтқанымдай, қала балаларының өзіне бұл тақырып жат емес.

       Балалар әдебиетінің негізгі мақсаты да халқымыздың бойындағы қасиетін айшықтап көрсетіп, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларымызды дәріптеп және сол арқылы жас ұрпақтың бойынан еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық бағытта тәрбиелеу ғой. Қадыр ақын бір өлеңінде: "Өмір сүру жеңілдеп бірте-бірте, адам болу қиындап бара жатыр" дейді. Рас қой. Адам баласының тұрмысы жеңілдеген сайын қимыл-қозғалыс та азая береді. Қазір барлық саланың жұмысын толықтай сандық жүйеге тапсырдық. Дамыған елдерде үлкен зауыттар мен фабрикалардың өзінде роботтар жұмыс істейді. Қазір қала түгіл ауыл балаларының өзі отын жарып, су тасымайды, қора тазаламайды. Үйіне су кіріп тұр, үйі газбен жылиды. Қорасында малы жоқ, болғанмен оны сырттағы фазендаға апарып тастайды. Сосын ауыл баласы қазір тым болмаса ұлттық спорттық ойындарды да білмейді. Асық атпайды, ләңгі теппейді. Таңнан кешке дейін гаждеттерге үңіліп отырады. Өсіп, жетіліп келе жатқан жас ағзаға дене белсенділігі керек, таза ауа қажет. Осы балалардың қимыл-қозғалысының шектелуі олардың бойындағы түрлі аурулар тудырып жатыр. Сондықтан біз балалар әдебиеті арқылы баланы тек әдептілікке, тәртіпке шақырып, мінез-құлқын тәрбиелеп қана қоймай, денсаулығын күтуге, көңіл бөлуге үйретуіміз керек. Яғни бірінші – денсаулығын қадағалау, екінші – тәрбие беру, үшінші – заманға сай білім, ғылым үйрету. 

        – 2021 жылы «Балалар мен жасөспірімдер әдебиетін қолдау жылы» деп жарияланғаны белгілі. Атқарылып жатқан және атқарылатын шаруалардан хабардарсыз. Осы жылы ақын ретінде балаларға қандай сыйыңыз бар?

         – Менің балалар әдебиетіне келгеніме көп бола қойған жоқ. Сондықтан әлі мардымды ештеңе жаза қойған жоқпын. Десе де осы атаулы жылы балаларға тамшыдай болса да базарлық беруге тырысып жатырмын. Қоржынымдағы өлеңдер бір кітап болып қалады. Оның ішінде бұрын жазылған және жаңа өлеңдерім де бар. Бұрын жазылған деп отырғаным, осыдан үш жыл бұрын жергілікті демеушілердің қолдауымен «Кемпірқосақ» атты кітабым шықты. Оның таралымы аз болды. Шынын айтқанда, бір ауданның оқырмандарынан ауыспай қалды. Енді биылғы атаулы жылы жазып жүрген дүниелеріміз кітап болып шығып, еліміздің түкпір-түкпіріндегі балғын оқырмандардың қолына тиеді деген үміт бар.

        – Қазіргі балалардың талғамы мүлдем басқа, бұрынғы авторлардың шығармаларын оқымайды дегенге сенесіз бе? Бүгінгі балаларды көркем әдебиетке қалай тарта аламыз, оларды елітіп, баурап алатындай не жазуға болады?

       – Осы нәрсеге түсінбеймін. Бұрынғы біз оқыған кез-келген кітап ең алдымен баланың тәрбиесіне қызмет ететін. Яғни жақсы болуға, көпшіл болуға, бауырмал болуға, шыншыл болуға, қысқасы, адамгершілікке тәрбиелейтін еді. Кез-келген кітаптың оқиғасы, ондағы кейіпкерлердің іс-әрекеттерінің түйіні – жаманнан бойыңды аулақ салып, жақсыға жанасып жүр дегенді айтатын. Енді қараңызшы, осындай адами қасиеттерді бүгінгі балалар оқып, үйренбеуі керек пе? Заман өзгергенімен, технология қанша жерден шарықтап дамығанымен, адамзаттың ақыл-ойы толысқанымен, адамның жаратылысы өзгермейді, бұрынғыдай өмірге келеді, бұрынғыдай өмірден өтеді. Жаратылысы өзгермесе, оның бойындағы қасиеттер де өзгермейді, әсіресе, қазақ қоғамындағы туыстық байланыс, адами қарым-қатынас сол күйінде қалады. Тіпті біз соны сақтап қалуға тиіспіз. Ана тілімізді, ділімізді, ұлтымызды сақтап қалу жолындағы жанталас не үшін болып жатыр? Міне, сол күрес жолындағы біздің сүйенішіміз де, таянышымыз да осы қазақ балалар әдебиеті болуы керек деп ойлаймын. Бұрынғы авторларды бүгінгі балалар оқымайды дегеннен тағы да сөз шығады. Мысалы, өткен ғасырдың  ортасынан ауғанда адамзат баласы үшін ғылымда үлкен төңкеріс болды. Кеңес одағы ғарышқа адам ұшырды. Бұл дамып кеткен Американың өзін таңқалдырған және қызғандыраған ғылымдағы үлкен жетістік еді. Жаңа технологиялық өркениет адам баласының сол ғарышты бағындыруынан басталды. «Кім болам?» деген шығармаға ойланбастан «Ғарышкер болам» деп жауап беретін балалар көбейді. Бірақ, сол уақыттардың өзінде балалар әдеби көркем шығармалармен тәрбиеленді. Мысалға сол кезде ауылдағы бізден бірнеше жас үлкен ағаларымыздың ұшақ құрастырып немесе зымыран жасап шығарып, оны елсіз айдалаға апарып сынақтан өткізгенін талай мәрте көрдік, куә болдық. Сол кезде олар небәрі 5-6 класс оқитын балалар тұғын. Ол ғылымға деген қызығушылық еді ғой. Ал, қазір ауыл баласы түгіл, қала баласында ғылымға деген сондай қызығушылық, жаңашылдыққа талпыныс бар ма? Біздің «бұлардың заманы басқа, талабы басқа» деп жүрген бүгінгі балалар жаңа технологияның тұтынушысы деңгейінде ғана. Менің білуімше, бірнеше жылдан бері мектептерде информатика, робототехника деген қосымша пәндер өтіп келеді. Нәтижесі қайда?  «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елде білім алып келіп жатқан жастарымыз қаншама. Солардың біреуі шет елден бірдеңе үйреніп келіп, елімізге соның игілгін көрсетіп отыр ма? Иновациялық жобаларды іске асырып жатыр ма? Жоқ. Осы күні біз пайдаланып жүрген замануи технологиялардың біреуі елімізде жасалмайды. Жасалмақ түгіл, құрастырылмайды. Сөйте тұра «ой, қазір балалардың ойлауы бөлек, олардың сұранысын қанағаттандыруымыз керек» дегенді көп айтамыз. Онымен қоймай оларға сабағына, қажеттілігіне пайдалансын, үйренсін деп  гаджеттер мен телфонның жаңа шыққан сан алуан түрін сатып алып береміз. Енді біреудің ойлап тауып, құрастырып, ішіне бағдарлама енгізіп, алдына дайындап берген дүниесін үйренбесе не болғаны балаларымыздың. Шет елдерде біздің қолымызда отырған дүниелерді мектеп оқушылары құрастыратын көрінеді ғой. Қазақтың балалары ғылымнан кенже қалған деп отырғаным жоқ. Есте сақтау қабілетімен, ақыл-ойымен, білімімен әлемді таңғалдырған балаларымыз шығып жүр, шүкір. Тек біз бала талғамына сай көркем әдбиетті жасауымыз керек дегенде, ең алдымен ұлттық бағыттағы тәрбиеге, қазақы болмысының қалыптасуына мән беріп, ұлттық құндылықтарымызды көбірек дәріптеуіміз керек екенін айтқым келіп отыр. Содан соң барып жалпы адмазаттық құндылықтарға, әлемдік өркениетке бейімдей беруге болады. Өркениетті ел екен деп біз таңдай қағып жүрген Еуропаның көп бөлгінде бүгінде тек адам құқығы заңмен қорғалады демесеңіз, ұлттық құндылық, отбасылық құндылық, ер баланың намысы, қыз баланың ары дегеннің құны бес тиын болып қалды...

       – Осы күнге дейін ақын-жазушылар мемлекеттен қолдау күтіп келді. Дәл қазір мемлекетке қарап қажет емес, нарықтық заманда жазған-сызғаны, көркем шығармасы жазушыны өзі асырау керек деген жастардың шоғыры қалыптасты. Жап-жақсы пайда да тауып жатыр. Жаңашылдыққа бейімделуге дайынсыз ба?

     – Жаңа да айтып кеттім ғой. Мен дәл осы балалар әдебиетіне көп дүние жазғаным жоқ. Қай мамандықтың иесі де жасаған еңбегінің ақысын алуы керек шығар. Ол қол еңбегі болсын, ой еңбегі болсын, бәрібір. Біздің елімізде бұрыннан да жазушыны жазғаны асырап келді ғой. Бірақ, ол жүйелі түрде жұмыс істеді. Жазушының шығармасын жарыққа шығаруды да, оны оқырманға таныстырып, насихаттап, тарату да, қаламақы төлеу де Жазушылар одағы тарапынан іске асатын. Қазір жеке кітап шығарып, әжептәуір пайда көріп отырғандар бар екен ғой. Бірақ, қазір жазушы жазған шығармасын  өзі шығарып, өзі насихаттап, өзі сатып отыр ғой. Шет елдердің тәжірибесін алғанымызбен әлі де оған үйрене алмай жатқан секілдіміз. Ол үшін жазушы мен баспагер одақтасып, соған қалыптасуы керек шығар. Мен осыдан үш жыл бұрын шыққан «Кемпірқосақ» атты кітабымды сатылымға шығармай, балабақшалар мен бастауыш сыныптарға жеткенінше тегін таратып бердім. Балаларға арнап жазған соң, саудалағым келмеді. Сол кітапты басқа өңірлерден де сұрағандар көп болды. Олардың көбі балабақша тәрбиешілері мен мұғалімдер және ата-аналар. Бірақ, менде артық кітап қалмады. Сосын амал жоқ, жазған дүниелерім жатып қалмасын, қал-қадірінше жас ұрпақтың қажетіне жарасын деген оймен ара-тұра Фейзбук әлеуметтік желісіне салып отырамын. Пайдаланушылар көп. Әсіресе, елміздің түкпір-түкпірінде тұратын ата-аналар рахметін айтып жатады. Тіпті көбісі балаларының, немерелерінің тақылдап айтып тұрған бейнежазбасын да жібереді. Жазғаның жас ұрпақтың тәрбиесіне титімдей болса да үлес қосып жатса, ақынға одан артық бақыт бар ма?! «Балдырған», «Мөлдір бұлақ», «Айгөлек», «Айтшы, әжетай» деген республикалық балалар журналдары және бірнеше сайттар мен әдеби порталдар жариялап келеді. Бірақ, ол басылымдар барлық баланың қолына тие бермейді. Кім білсін, алдағы уақытта жазған дүниелерімізге сұраныс болып жатса, баспалардан ұсыныс түсіп жатса, неге жаңашылдыққа бейімделмеске?!

      – Бір сөзіңізде рухани ортадан алыс жүрмін деп қалдыңыз. Менің ойымша әлем сіздің алақаныңызда планшеттің ішіне сиып кетті. Алтынсариннің сөзімен айтсақ «Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар аламыз». Шіркін, Алматы немесе Елордада тұрсам, шығармашылықпен бұдан да жақсы айналысар едім дегендей өкініштер жоқ па?

       – Әрине, жазатын адам күй талғамайды. Бірақ шығармашылық адамдарына ең алдымен керегі бір ауыз жылы сөз ғой. Олардың жазатын қолы емес, жүрегі. Сондықтан жылы сөздің өзі жүректі жібітеді. Өзіңіз де білесіз, қазір ауылдық жерлердегі ақын-жазушылар көп жерде елеусіз қалып жатады. Ал, енді сол шығармашылық ортада жүргеннің пайдасы өз замандастарыңмен көзбе-көз отырып пікірлесесің, әңгімелесесің, ойдан ой туады, қазіргі әдебиетке не керек екенін түйсінесің, ең бастысы, аз да болса, сол ағаларыңның артында, інілеріңнің алдында, замандастарыңның қатарында өзіңнің қалам ұстап, әдебиетке үлес қосып жүргеніңді сезінесің. Енді мен ауылда тұрамын деп жазбай қалуға қақым жоқ. Алматы мен Елордаға өзіміз жетпесек те, өлеңіміз жетсе дейміз. Жаза береміз. Үлкен ортада жүрмедім деген ондай үлкен өкініш жоқ.

Сұхбаттасқан: Ербол Бейілхан