–Шәмшия апай, сіз өлеңді төгілтіп, құйылтып жазасыз, құдды ұзақ шабысқа бет қойған Құлагер іспетті жүйткитіндейсіз. Белгілі ақынсыз ғой, бірақ, өзіңіздің бойыңыздан жыраулық қасиетті аңғарасыз ба?
–Әрине. Мен ауыз әдебиетінен сусындаған ақынмын. Кешегі Мөңке, Қашаған, Нұртуған, бертіндегі Сүйінбай, Жамбыл бабаларымның рухани жұрағатымын. Ауыз әдебиеті – бастау-бұлағым. Алғаш тамсаған тамшым. Алғашқы тамшы санама түгел сіңген болуы керек. Әр қаламгер өзінің қаншалықты және қанша шабатынын өзі іштей білуге тиіс. Жыраулық - үлкен қасиет. Ал оны заманауи өмір ырғағымен жаңаша құбылту одан да үлкен қасиет. Өлең жазу үстінде көбіне өзімді тежеп отырамын. Ол да керек нәрсе. Өнер деген - алапат от. Отқа түсіп өртеніп кеткен өнер иелері баршылық.
–Өлең сізге қай кезде қонды? Әдебиет айдынында «ақынсың» деп, алғаш ақ батасын берген кім еді?
–Өлеңнің киесі 13 жасымда қонды. Бәлкім, одан да ертерек... кім білсін? Жалпы өлеңім газетке шығып, ақын ретінде танылғаным 13 жасымнан басталады. "Ақынсың" деп алғаш ақ батасын бергендер көп-ақ . Сыныптас бала достарым, ұстаздарым, ауылдастарым. "Сені ауылдастар үлкен ақын болады деп айтты" - анашымның осылай деп қуанып, үйге маңдайы жарқырап кіретінін сан рет көрдім. Қазақта ақын жеткілікті. Солардың ішінде ерте танылған, ерекше құрметтелген және шабысынан танбаған қаламгерлердің бірімін. Көпшілік "Үлкен ақынсың" деп жатады. Дене өлшемім аса үлкен емес, тұрымтайдай ғана тұрқым бар. Менің түсінігімде үлкен жүректі ақын ғана үлкен ақын бола алады. Жүрегімнің өлшемінен де хабарсызбын . Тек оның үнемі соғып тұратынын ғана білемін.
–Өлеңдеріңізде туған жер туралы да жиі толғанасыз. Қазақ үшін кіндік кескен жердің жөні бөлек...
–Кіндігім кесілген жер Шымкенттің маңайындағы Қасқасу мекені. Қызылорда-Сыр өңірі – арғы ата-бабаларым мен әке-шешемнің отаны. Оңтүстік Қазақстаннан ата-анам 1962-1963 жылдары тарихи қала Қазалыға қайта оралды. Хрущевтің кезеңі болатын. 5 жасымда әріп таныдым. Газеттердің бетін шұқылап, А точка, С точка, Хрущев деп оқып отыратыным есімде қалыпты. Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхозда мектепке бардым. 7-сыныптан соң Қазалы стансасына көштік. Тасқа әріппен түскен өмірбаянымда туған жерім Қызылорда облысы болып жазылды да, солай, өңделмеген күйі кетті. Оған өкінішім жоқ. Өйткені жалпы алғанда мен қазақ ақынымын ғой . Бал дәурен балалығымның ізі қалған өлкеме барып тұрамын. Туған жерге деген сағыныш, махаббат – өшпейтұғын мәңгілік сезім. Өскен өлкемді жырлау – перзенттік әрі қаламгерлік борышым. Туған жермен кіндігім бір. Оның үзілуі қиын әрі мүмкін емес.
–Поэзия әлемінде идеалыңыз болды ма? Өлең өлкесіндегі өзіндік ұстанымыңыз қандай?
–Поэзия әлемінде идеалым жоқ. Ешкімді зор тұтқан емеспін және қор тұтқан да емеспін. Менің идеалым – анамның тілі, қазақтың сөзі. Ол ән сияқты айтылады. Өнерде ұстанымым жоқ. Себебі шер тарқату үшін ғана жазамын. Өмір де, өнер де – қозғалыс. Әр жылдарда, әр мезгілде, қоғамдық формацияларда ойым, пікірім өзгеріп отырады. Ұстанымсыз, интуициямен ғана өмір сүрем. Интуициям мені ешқашан алдап көрген емес.
–"Өң мен түс", "Жоғалмаған желкен" және тағы да бірнеше кітаптың авторысыз. Биылғы жылы "Алаш" сыйлығын қай туындыңыз бойынша алдыңыз?
–Бірнеше кітаптың... қатарында "Махаббат кітабы", "Гүлдегенде алма ағашы", "Кездесу", "Қайта оралған көктем", "Шаңқай түс", "Темір үйдің тұрғыны", "Дәлила" секілді кітаптар да бар. Мұқабасына дейін дайындалып, парақтары қатталып тұрған қолжазба кітаптар тобын қоспағанда. Алаш сыйлығы "Өң мен түс" атты кітабыма берілді. Бұл кітап Еуропада, технологиясы мінсіз баспаханада жарық көрді. Және өмірімді 360 °-қа өзгертіп жіберді. Бәлкім, тағдырымды да. Ал Халықаралық Алаш сыйлығына келер болсақ, ол маған кеш берілген, оның үстіне мардымсыз дүние. Сыйлық дегеннен гөрі материалдық көмек деуге келеді. 60-тан асқан қартаң өнер иелеріне емес, жасөспірімдерге, жастарға, студенттерге берілсе, орынды болар еді. Сыйлықты алуын алғанмен, іс жүзінде жарты жылдан соң ғана қолымызға тиді. Оның үстіне, алтын күлшенің шеті тістеліп те үлгерген. "Шүкір, тәуба, жоқтан жақсы" тәріздес жұбату сөздер өнер адамына тек қана зиян тигізеді. Себебі менің әдебиет саласына сіңірген еңбегім, құдай берген қасиет Алаш сыйлығынан жоғары. Аллаға шүкір, ешкімге, еш нәрсеге өкпем жоқ. Маған тиісті әдеби марапаттар мен сыйлықтар кеңістікте дайындалып жатыр. Бұйырғаны мезгілінде қолға тиер.
–Оқырманға ой салуды көздеген өлеңдеріңіз бар ма? Жалпы, өлеңдеріңіздің миссиясы қандай деп ойлайсыз?
–Оқырманға ой салып тұрған дүниені көздеп, нысана етіп нем бар? Әдебиеттің, жалпы өнердің мақсаты тірі пендені аяғына тік бастыру ғой. Руханиятсыз жан – жарымжан, мүгедек адам. Оларға қол ұшын созу керек. Сыртқы байлық Сенім бере алмайды. Ішкі кемел дүние сөнбейтін, сөндіруге келмейтін шалқыған жалын. Өлеңнің миссиясы мейірім мен махаббат. Және құштарлық.
–Ақынға мұң серік екені рас, мынау жалған дүниеде жаныңызды не құлазытады?
–Мұң тірі пенденің бәріне тән. Мені құлазытатын бір-ақ нәрсе бар – пендешілік. Пендешілік дегеніміз – рухани криминал. Ол заңмен жазаланбайды. Кеңістіктің, Жаратушы иемнің ол дүниеде де, бұл дүниеде де тәртібіне мойынсұнады. Мұңның өзі де бірнеше түрге бөлінбей ме? Менікі – "светлая печаль".
–Қазір көп ақындар кітаптарын сатып, маркетингпен айналысып жүр. Сіз мұндай әрекетті құптайсыз ба?
–Маркетинг әдісі заманауи өмірімізге енген жаңаша құбылыс. Әрине, құптаймын. Ол Қаламгердің бейнетін сәл де болса жеңілдететін саты. Өкінішке орай, біз, Қазақстан санды техникадан көп кешеуілдеп қалдық. Мәселен, Ресей бізден көп ілгері. Біраз бағдарламаларын Қазақстанға сатып жатыр оқыту әдісімен. Англия маркетинг сатылымды роботтар арқылы жүргізеді. Ол бағдарламада бос сөз жоқ. Санаулы сөйлем. Кітаптың сатылған және түскен ақшаның саны. Одан қаламгерге түскен пайыз рояльти деп аталады. Шындығында өлең жанры үлкен аудиторияға арналмаған. Оны шағын топ қана түсініп оқиды. Әйтсе де сол шағын топ үлкен аудиторияның міндеті мен жауапкершілігін өз мойнына жүктей алған. Сол үшін "Қаламгер" сайты арқылы поэзия оқырмандарына шынайы алғысымды жеткізгім келеді.
–Қазіргі қаламгерлер өздерін қоғамға "керексіз" сезінеді деген қаншалықты рас? Қазіргі қоғам поэзияны керек ете ме?
–Қаламгерлер қай қоғамға да керек. Тілсіз, үнсіз қоғам, даму формациясы болмайды. Соңғы 30 жылда үкімет қаламақы төлеуді тоқтатты. Ақын-жазушылардың біразы дағдарысқа түсті, рас. Әдебиет – билік үшін аса қауіпті құрал. Әсіресе поэзия тұнып тұрған оппозиция. Оппозиция әрқашан да қолайлы бола бермейді. Соңғы жылдары ғана әдебиет төңірегінде Үкіметтің түрлі қаулы-қарарлары шығып, өз басым "мұрнымнан шаншылдым". Жыл аяғына дейін жететін тірлік көп. Арасында жақсы, сапалы демалысқа уақыт пен мүмкіндік табамын деген үміттемін.
–Өзіңіз сүйіп оқитын өз өлеңдеріңізді атап кетсеңіз...
–Өз өлеңдерімді оқысам, дем алып, тыңайып қаламын. Бәрін емес, біреуін ғана : Ғаламат
Аппақ таңның атқандығы ғаламат,
Қызғылт кештің батқандығы ғаламат.
Бауыры аппақ қарлығаштың аспанда
Қанаттарын қаққандығы ғаламат.
Жапырақтың күзгі өлеңі ғаламат,
Достарыңның іздегені ғаламат.
Қарсы алдыңнан кездескен бір баланың
Жолды кеспей, "Сіз" дегені ғаламат.
Әкешіңе табынғаның ғаламат,
Анашыңды сағынғаның ғаламат.
Балдан тәтті балашыңды айналып,
Жан жарыңа бағынғаның ғаламат.
Көңіліңнің толғандығы ғаламат,
Елдің аман болғандығы ғаламат.
Бәрінен де бақыт құсы айналып,
Басыңа кеп қонғандығы ғаламат.
–Қазақ өлеңінің болашағын қалай елестетер едіңіз? Бұл кезең біздің әдебиеттегі «жолайырық» кезеңі екені рас. Алдағы уақытта әдебиетімізді қандай жанрлар дамытады деп ойлайсыз?
–Қазақ өлеңінің болашағы идеология мен қоғамдық формацияға байланысты ілгері-кейінді өзгеріп отырады. Жаңа сөз тіркестері пайда болады. Ескі сөздердің біразы тұтынудан шығады. Жадымыздан өшкен небір архаизм сөздер тіріле бастайды. Өлеңді жеке алып қарамағанның өзінде ұлтымыз қай кезде де жолайрықта күн кешіп келеді. Сталиннің тұсындағы қанды құйын, Хрущевтің кезеңіндегі жүгеріден нан жеген "ауылшаруашылық" дағдарыс, Брежнев заманындағы ымырашылдық, Горбачевтің "қайта өрлеуі" адами сананы тығырыққа тіреді. Әдебиет, оның ішінде өлеңді алып қарайтын болсақ, ол ешқандай науқанға қосылмайтын, билікке бағынбайтын, қамытқа мойнын сұқпайтын, тоқырауға тоқтамайтын автономиялық процесс. Әдебиет жанрларды дамытпайды, керісінше жанрлар әдебиетті дамытады. Рас, бізде әдеби жанрлар өте аз. Есесіне поэзияның белі бекем. Драматургия бар, аз-кем фантастика, проза. Соңғы 30 жылдықта әдебиеттің жанры дамымақ түгілі, бір тиын қаламақы алмайтын қаламгерлердің жағдайы төмендеді. Түрлі себептермен қынадай қырылған қазақтың басым көпшілігі қаламгерлер қатарынан. Жазушы мен оқырман байланысы мүлдем үзілді. Соңғы кезеңдегі әлеуметтік желілердің пайда болуы руханиятымызға жаңа серпіліс тудырды. Жаңадан қаулап өскен жас таланттар тобы әлеуметтік желі арқылы оқырманына бір табан жақындай түсті. Десек те интернет-әдебиет кітаптай қайдан болсын, санаға тұрақтамайды. Интернет бар болғаны ақпарат көзі ғана. Ол ұлттың рухани болмысын қалыптастыра алмайды. Алдағы уақытта әдебиетті қандай жанрлар дамытатыны қаламгердің қуатына байланысты. Ең басты жанр өлең десек, ол тақтан түспек емес. Өлең – қазақтың жаны.
–Әңгімеңізге көп рақмет!
Qalamger.kz