САЯ ҚАСЫМБЕК: «ДРАМАТУРГИЯСЫЗ – ТЕАТР МҮГЕДЕККЕ АЙНАЛАДЫ»

-Елімізде жыл сайын ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы «Бір ел – бір кітап» жобасын өткізіліп келеді. Биыл осы жоба аясында жалпыхалықтық оқуға драматургия жанры бойынша сіздің «Жанталас» атты туындыңыз көпшілікке ұсынылды. Ең алдымен туындыңыздың жыл кітабы аталуымен құттықтаймыз! Бұл кітаптың жобаға таңдалып алу себебі неде деп ойлайсыз? Жалпы «Жанталас» оқырмандарға қандай ой сала алады?

-«Жанталас» – пьесалар жиынтығы. Ішінде бірнеше пьесаларым бар. Басты тақырыппен аталған пьесам – қазақтың соңғы шейт болған ханы Кенесары жайындағы тарихи драманы 2003 жылы Түркістан сазды-драма театрында Қазақстанның халық артисі Р.Сейтметов сахналаған болатын. Театр сыншыларының сүзгісінен өтіп, көрерменнің қошеметіне ие болған пьесамның атымен 2 томдық жинағымды атаған болатынмын. Бұл кітабымның таңдауға тап болуының басты себебі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай алғаш рет "Бір кітап - бір ел" акциясына драматургия жанрының енгеніне байланысты болар. 2020 жылы Қазақстан Театр сыншылар қоғамының саралауымен еліміздегі театрларда сұранысқа ие 15 драматургтің қатарында болғаным да ықпал етсе керек.

 

-Академик, тарихшы Әлкей Марғұлан өзінің ұстазы жайлы естелігінде Мұхтар Әуезовтың Ленинград драма-театрында болатын спектакльдерге үнемі барып отыратынын және бір көрген қойылымын бірнеше қайтара көретінін байқағанын айтады. Жазушының дәл осы әрекетінің астарында Әуезовтың Еуропалық озық драматургияны қазақ даласына әкелуге деген мақсатының болғандығын байқаймыз. Сіздің ше Әуезов өз мақсатына жете алды ма?

-Драматургиясы әлі қалыптаспаған кезде ресей театрының драматургиялық қойылымды жүзеге асыру процессін зерттеуінде мән болоды ғой. Қазақ драматургиясының інжу-маржанына айналған "Еңлік-Кебек" пен "Қарагөз", "Айман-Шолпан" арқылы М.Әуезов діттеген мақсатына жетті деп ойлаймын.

 

-Көрерменнің деңгейі көгілдір экранмен ғана шектеліп қалғанын білеміз. Әйтсе де, сол теледидарға телмірген көпшілікті мәдениеттің биік ошағы театрға қайтадан бет бұрғызу үшін не істеуге болады?

-Театр өнерінің қазақ топырағында пайда болғанына енді ғасыр толғалы отыр. Қай кезде, қандай да бір қоғам болмасын, театр – бекзат талғамның шоғырланатын орны. Солай болып қала бермек. Парасаты жетілген адамның театрды өзі іздейтініне кәміл сенемін. Күштеп ештеңені еге алмайсыз. 

 

-Сіз үшін театр мен шынайы өмірдің айырмашылығы қандай?

-Өнер мен өмірді бірдей алуға, бірдей бағалауға болмайды. Қатерлі десем жаңылмаспын. Өмір – өз тағдырың. Театр – өмірдегі қалтарыстардың ұлғайтылған айнасы.

 

-Бір ғасырда бір-ақ рет дүниеге келетін драматургтер қатарына кімдерді жатқызар едіңіз?

-Шекспир, М.Әуезов, М.Байджиев, Гоголь, Островский.

-Белгілі профессор, театр сыншысы Бағыбек Құндақбаев бір сұхбатында: «Жақсы шығарманы сахнаға алып шығатын драматургтердің, режиссерлердің басын қосып, олардың шығармаларын талқылап, сыннан өткізіп отыратын бір ұйым қажет. Бүгінде жас драматургтер аз, жастар театрға келіңкіремейді. Қазіргі кезде театр сахналарынан қоғамның талабына жауап беретін пьесаларды көре алмауымыздың басты себебі - драматургияға дұрыс көңіл бөлінбеуінде», - деген еді. Осы пікірмен қаншалықты келісесіз?

 

-Екі сұрақ егіздей екен, ортақ жауап берейін. Театр – қазақтың тарихын, сөз мәйегін сақтап қалатын киелі орын. Драматургиясыз – театр мүгедекке айналады. Соңғы кезде шетел драматургтерінің дүниесін көбірек қояды. Неге десеңіз, қаламақы төлеудің керегі жоқ. Драматургия – өте ауыр жанр. Бір жарым сағат бойы көрерменді уысынан шығармайтын пьеса жазу үшін драматургтің қаламы қаншалық қарымды болуы керек?! Кемсіткенім емес, екінің – бірі проза жазуына болады. Ал, драматургияға жанкешті ғана барады. Прозаны ұнамаса сөреге ысыра саласыз. Пьеса сахнаға шығу үшін – әлгі ертегідегі Мақта қыз бен мысықтың күйін кешесің. Жазғаның өз көрерменіне жету үшін не деген қалтарыстан өтуі керек десеңізші? Соған шыдағаны драматургияда қалады. Ал, жастарды қаржылай қолдап отырмаса, қазақ драматургиясының театрға баратын жолы жабылады. Драматургтің отбасы, өмір сүруге деген қажеттілігі бар. Шаштараз екеш – шаштараз да ешкімнің шашын тегін қырықпайды. Неге драматургтің еңбегін бағалап, қаламақы төлемеске?

 

-Иә, сөзіңіздің жаны бар. Бірақ заман ағымы ма әлде адами құндылықтың құлдырауы ма белгісіз, қазіргі театр және кино саласында төбе көрсетіп жүрген біраз ағаларымыз өзі режиссер, өзі актер, өзі жазушы, өзі драматург болып өзге әріптестерінің шығуына мүмкіндік бермей жүр. Сонымен қатар олар осы әрекеттері жоғарыдан бөлінген ақшаны бөліскілері келмей өзіне ғана алып қалудың амалы сияқты көрінеді. Бұл мәселе жайында қандай ойдасыз?

-Бәрі үшін жауап бере алмаймын. Адам – құпия ғұмыр ғой? Сұрағыңызға нақтылы жауап беру қиын. Себебі, шын талантқа оңы-солы бірдей боп, бәрін бір өзі игеріп кетуі әбден мүмкін. Кейі, ақшаны бөліске салмай, өзі алғысы келуі де мүмкін. Бірақ, олар санаулы. Тап солар өмірге ескек бола алмайды.

 

-Сіздің өнерде де, өмірде де өзіндік оқырмандарыңыз қалыптасқаны көз қуантады. Әсіресе, фейзбук парақшаңыздағы қыз-келіншектерге үй жағдайында жасауға болатын пайдалы кеңестеріңізбен бөлісіп жатасыз. Кеңестеріңізді қалт жібермей оқитындардың қатарында өзім де бармын. Әлеуметтік желіде жариялаған бір жазбаңызда «Әйел азса – қоғамның тозғаны» деген едіңіз. Сіздің ше қазіргі қазақ әйелінің қоғамдағы орны қандай? Еркек пен әйел құқығы тең деп ұрандатып жүрген жас келіндерге деген көзқарасыңыз туралы айта кетсеңіз?

 

-Әрнәрсенің орнымен болғанын қалаймын. Күйеуі ынжық боп, отбасын асырау үшін еркекше нан табуға мәжбүр болған қыз-келіншектерді не деп ғайбаттауға болады... Олар – тіршілік кемесіне жармасып жүргендер ғой? Ал, жөнсіз килігіп, тәккәппарлықпен еркекке жол бергісі келмейтіндер – көкейі соқыр пенделер. Сондайлардың жөнсіз алға түскеннен еркек ысырылып, отбасы мен қоғамдағы орнынан айрылып, "Еркек" ұғымы жарымжан мүгедекке айналды. Отбасының басым көбінде еркектен гөрі әйел табысты көп тапқан соң, шешуші сөзді әйелдің айтуы – қасырет.

-Ойыңызда осы туралы қалам тербесем деп жүрген идея, сюжетіңіз бар ма? 

-Өте көп. Уақытым жетсе деп қана армандаймын.

 

-Қай істің болмасын өзіндік қиыншылығы мен машақаты бары белгілі. Десек те, әр адам өзінің сүйікті ісімен айналысқанда ғана жаны рахат табады ғой. Ал сізді қай жұмысыңыз көбірек рахатқа бөлейді? Театр режиссері ретіндегі жұмысыңыз ба әлде драматург болу ма?

-Әлбетте, драматургия!

 

-Бүгінде ізіңізді басып, өкшелеп келе жатқан жас драматургтер ретінде кімдерді айта алар едіңіз?

-Соңғы кезде Айдана Аламан, Мұратхан Қолғанат, Жәнібек Әликен, Рахат Әлишер, Әннес Бағдат секілді жастар мықты көтеріліп келе жатқаны өте қуантады.

 

-Сіздің көзқарасыңыздағы өнерге деген махаббат?

-Қалам түртпеген күніңді "құрдымға кеткендей" сезінсең, жазған сайын келесі жазатыныңа жанталассаң – текке жүрмегенің.

 

-Өнер жолын енді бастап жатқан жас таланттарды тәрбиелеуде өз шеберханаңыз бар ма?

-Шеберханам жоқ. Сұрап жатса, бар білгеніммен бөлісемін.

 

-Адамның жаны азығы неде деп ойлайсыз?

-Әр атқан таңға қуанып, ешкімнен – ештеңені қызғанбау. Жаратқанның бергеніне шүкір деп, барын қанағат тұту.

 

Әңгімелескен

Назерке Серікқызы