Сәуле ОТАРБАЕВА. БҰЛДЫРАП ҚАЛДЫ БИІК БЕЛ...

«Мұртаза көкем – шал бала, Мағауин – бай бала, Тарази – жаны жас бала, Шаханов – қоғамға қас бала, Сүлейменов – саяси сахнаның баласы, Нұрпейісов – ойыншықтары көп бала. Ал біз ойыншықтары жоқ балалармыз ғой», – деп үнемі балалығын аңсап жүретін бала көңіл, дана мінез жазушы Рахымжан Отарбаевтың арамыздан аттанғанына да екі жылдан асыпты. Жазушының жары Сәуле Отарбаева бізге берген сұхбатында жазушының жан сыры, біз білмейтін қырлары, артында қалған мұрасы туралы әңгімелеп берді.

Ой аралын жасап алмаса, құсадан өліп кетер ме еді?..

 

– Біздің көптеген жазушыларымыз әдебиетке өлеңмен келген. Ал Рахымжан аға ше?

– Сен хабарласқан кезде  карантиндік  үзілісті пайдаланып Жансая қарындасың екеуміз ағаңның архивін реттеп жатқанбыз.  Сенің сұрағыңа жауап бер дегендей қолыма Атырау облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің 1979  жылғы саны түсті. Ағаңның «Киіктер» атты өлеңі басылыпты.

«Жазира жондар күнсіген, 

Айнала тегіс саздау қыр. 

Қуғыншы көріп, тынысы кең,

Киіктер бауырын жазды-ау бір.

 

Бұлдырап қалды биік бел,

Бет бұрған жағы алыс тым.

Кестірмес алдын киіктер,

Қымбаты-ай, шіркін, намыстың», –

деп келетін жолдарда ағаңның мінезі көрініп тұр! Бұл өлеңінің кезінде Т.Молдағалиев басшылық еткен «Жалын» журналында жарық көріп, соңы қандай мәселеге айналғанын сұхбатында ағаң өзі айтты да. Иә, Рахымжан үлкен әдебиетке өлеңмен келген. Көптеген жинақтарға шығып, студент кезінен ақын боп көрініп, жас ақындардың Республикалық форумына да қатысқан. Бірақ кейін өлең жазбай кетті, өлеңнен мүлде қол үзіп қалды деуге де болмайды. Поэзия оның үлкен әдебиетке кірер баспалдағы іспеттес. «Жалында» жүрген кезінде  «Бауырлас елдер ақындарынан» рубрикасына чуваш, ноғай, қырғыз, орыс, белорус, татар, қарашай ақындарының өлеңдерін аударып, таныс адамдарының атынан беріп отырған. Қолжазбалары үйде сақтаулы. 2000 жылы «Бейбарыс баба» толғауын жазды. Ол ел ішіне кең таралды. Қазір отбасымен Түркияда тұратын үлкен өнерпаз Майя Исмаилова орындап жүр. Жақында тағы бір толғауы жарияланып қалады деп күтіп отырмын. Бішкекте елшілікте жүрген кезімізде жазылған. Көпшілік үшін бұл жаңалық болмақшы. Жалпы, ағаң кәсіби ақындықты тастап кеткенімен, қазақ өлеңінің құрылысын, ұлттық поэзиямыздың ерекшелігін жақсы білетін, шын өлеңді танитын көкірек көзі ояу болды. Қазақтың қара өлеңін жаны сүйді. Көп ақындарды, жырау, жыршыларды жатқа білетін.

– «Жас кезімде жеке арал жасап алып, сол жерде өмір сүрдім», – депті бір сөзінде. Бұл сонда мұңның аралы ма?

– Адамның жас кезі дегеніміз жасөспірім, жеткіншек шағы ғой. Жоқ, ол сұхбаттарында бала кезін айтқан. Төрт жасында анасынан айырылу оңай ма? Ағаңның балалығы бақытсыз өтті десем, күпірлік айтқандай болармын. Ол әже махаббатын, ата махаббатын сезініп, мейірімге шомылып өскен, бірақ «Шәмен апам суға кеткен күн есімде. Үйге жүгіріп кіріп көрпеге басымды тығып алып «өтірік, өтірік» деп жатқанымды білемін», – дейтін. Сөйткен сәби жүрегі балалығын  «анам келеді» деп өзін-өзі алдарқатумен,  күтумен, қиялында тірілтумен өткізсе, қайтіп арал жасап алмасын?! Артынан ерген інісі Бекежан да анасы жоқтықтан шетінеп кетеді. «Мен мектептен келгенде құйттай қарындасым Раиса  алдымнан жүгіріп шығып, алақанындағы затын басқалардан  жасырып беретін. Сөйтсем, алақанында аппақ жуа жатады,  қолына түскені ғой көкемнің», – деп айтып отырушы еді. Раиса қарындасынан да бүлдіршін кезінде айырылып қалған. Осындай балалықты  басынан өткерген адам, оңаша ой аралын жасап алып, сол әлемде  анасымен, інісімен, қарындасымен, қиялдағы достарымен өмір сүрмесе, құсадан өліп кетер ме еді?! Сол аралдағы өмірі оның мұңға толы  балалығын құраса да, қиялының ұшқыр, қаламының қуатты, мінезінің кейде томаға тұйық, кейде тік те тентек боп қалыптасуына әсер еткені сөзсіз. Қазір жас әдебиетшілер «Рахымжантануға» бет бұрып жатса, оны танып, білуді осы балалығынан бастау керек деп ойлаймын. Жеңгең де ағаңның кейбір азаматтық тентектіктеріне, еркеліктеріне  Шәмен апаның, қарындасының көзімен қарайтын кейде.  Балалықта алмаған махаббатты, жылылықты мен беруге тиісті сияқтандым.  Көзі тірісінде әзілдеп: «Мен сенің үлкен балаңмын», – дейтіні де сондықтан шығар... Қазір жаһандану деп ұлттық мінезіміздің, ұлттық қадір-қалпымыз бен құндылықтарымыздың  өзгеріп бара жатқаны өкінішті. Қазақ әйелін ері түсінбеуі мүмкін шығар, ал қазақ әйелінің  азаматын  қандай жағдайда да түсінетін өресі болуы керек. Дүние төңкеріліп кетсе де, қазақ әйелінің асыл әже, ардақты аналардан дарыған осы бір  мінезін жоғалтпағанын  қалар едім.  Сенің мына сұрағың  ағаңның жан-дүниесін ашып көрсетуге ұмтылған сұрақ болып көрінді. Сұрақтан ауытқып кетіп жатсам, оқырман айыпқа бұйырмас.

 

 «Бас» романын саралау үшін сапалылау бас керек

 

– Ол кісінің жазу стилінен Жүсіпбек Аймауыттың, Ғабит Мүсіреповтің, Шыңғыс Айтматовтың стилі байқалады. Осы кісілерді ұстаз тұтқан ба?

– Өзің әр түрлі қоғамдағы  үш  түрлі жазушының атын атапсың. Иә, ағаңды әр түрлі қаламгерлермен салыстырып, ұқсатып жатады. Смағұл Елубайдың  «Рахымжан Отарбаев – Ғабит Мүсірепов жолын жалғастырған бірден бір жазушы», – дегені де бар. Кесіп айтқан баға секілді сезілер, дегенмен мен Рахымжан сен айтқан жазушыларды әдебиетте ұстаз  тұтты деп айта алмаймын. Шығармашылықтарын құрметтеген, бағалаған шығар. Өзінің:  «Ешкімге табынбадым», – дегені де бар. Дей тұрғанмен, Әбіш Кекілбаевтың шұрайлы тіліне тәнті   еді. Рас, Әбдіжамил Нұрпейісовты үлгі тұтты. Қай жағынан? Өз-өзіне деген талапшылдығын, әр сөзге қатты мән беретінін, еңбекқорлығын, табандылығын қатты сыйлайтын.

– Ағамыздың кезінде бір газетке: «Мұстафа Шоқай сатқын», – деп жазғанын естіп едік, осы жәйт туралы өкінішін сізге айтушы ма еді?

 – Оны қайдан естідің? Мен бұны сенің аузыңнан естіп отырмын. Тарихты бір тарихшыдай білетін Рахымжанның олай айтуы мүмкін емес. Айтпаған адамда өкініш те болмайды. Ондай сөзді айтқан да, жазған да жоқ. Мүмкін, Жәңгір бабамыз туралы жазғанымен шатастырып жүрген болар біреулер. Иә, ол жас кезінде Жәңгір хан туралы жазып бастаған. «Сатқын» деген сөз жоқ, бірақ. Тағы да Рахымжанның өз сөзіне жүгінейін: «Жәңгір хан туралы еңбегімді бастап, ағаларымның жазғаны бар, Махамбет бабамыздың өлең жолдары бар, өзге ойға жетелейтін. «Хан емессің, қасқырсың» деп оқытты ғой  бізді әдебиет оқулығы. Сол екпінмен бастап, архив қопарып кеп қалсам, адасқан екенмін. Жәңгірдің қазаққа жасамаған жақсылығы жоқ екен. Қазақта алғаш мектеп ашқан, аптека ашқан, базар ашқан, обсерватория ашқан, бақ отырғызған т.с. Содан қолжазбамды өз қолыммен құрттым». Ағаң, міне, осылай деді. Ол біреу туралы қалт сөз айтса, әйеліне өкінішін айтып отыратын қазақ емес қой, көкем-ау. Жарты әлемге жария ғып кешірім сұрайды ғой. Әрі ол адам Мұстафа Шоқайдай қайраткеріміз болса. Сонымен, Жәңгір хан  туралы әңгімені аяқтасақ, кейін «Жәңгір хан» деген үлкен еңбек жазды. Қолжазбасы үйде сақтаулы.

– «Бас» романын жақында қайтадан оқып шықтым. Сәтті шыққан туынды. Әсіресе оқиға құрауы, оны алып шығуы,  кейіпкер бейнелері ұнады. Бұл роман шындыққа қаншалықты жақын?

– «Бас» – Рахымжанның жазушы ретіндегі махаббатына  айналған тақырыпқа құрылған. Махамбет бабасы, ұлт көсемдері, тарих... сүйіп жазған тақырыптары мұнда да арқау етілген. Шығарманың тағдыры қиындау, қызықтау басталды. Қазақтың баспалары баса алмады, бірақ орыс, қытай, әзірбайжан, моңғол, түрік тілдеріне тез аударылып, тез басылып шықты. Бірде Баян Өлгейдің радиосынан арнайы хабар ұйымдастырылды. Сонда: «Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романын саралау үшін сапалылау бас керек», – дейді тілші. Сол радиоға берген сұхбатында: «Жәңгір жөнінде де, Махамбет жөнінде де пьесам бар. Бірі – «Жәңгір хан», екіншісі  «Бас» деп аталады», – деген еді ағаң.   Неміс тіліндегі нұсқасын өзі дайындап кеткенімен, баспадан шыққанын көріп үлгермеді. Биыл ғана Берлиннің «Дагиели» баспасынан жарық көрді. Және бұл – немісше қос томдығының бірінші кітабы. Бұл орайда Еуропа қазақ қоғамының басшысы Сүлеймен Шадһам дейтін адал, ақыреттік досымызға, жұбайы   Динайға алғысымыз шексіз. Қырғыз, ағылшын, украин, француз тіліндегі «Басы» басылып үлгермей қалды. Бұл бізге аманат енді. Қазақ тіліндегі «Басын» ағаңның жылына орай Қазақстаннан  шығардық.  Қысқаша алғысөзімде: «Ұзақ толғатқан, үлкен ізденісті, дайындықты талап еткен шығармасы еді. Тарихи дәлдігі де, көркемдік бағасы да жоғары», – деп жазғам. Сол сөзімді қайталап айтқым келеді.

... «Сөз сандығына» салып қоятын

 

– Жазушы үшін әрбір сәтті шыққан туындысы оқырманға жетсе,  соның өзі үлкен жеңіс. Ол кісі бір туындысына нүкте қойғанда қандай көңіл-күйде болушы еді?

– Дұрыс айтасың. Әр шығармасының оқырманға жеткенін, сәтті шыққанын қай жазушы қаламасын. Алдымен айтқым келетіні – Рахымжан ағаң әр  жазуына ұзақ, тиянақты дайындалатын. Мәліметтер жинап, нақты тарихи детальдар іздеп қана қоймай, іштей толғатып жүрген тақырыбына керекті сөз тіркестерін, теңеулерін, керек десең, қысқа-қысқа диалогтар мен   қазақтың кейбір ырымдарын, мақал-мәтелдерін де тізіп дайындалатын. Оны  шығармасын жазу кезінде пайдаланбауы да  мүмкін. Тың тіркестер мен өзі ойлап тапқан теңеулерді болашақ басқа бір шығармасына керек деп « сөз сандығына» салып қояды. «Шығарма жазғандағы азабыңды  нүктесін қойғандағы рахатың  жуып кетеді», – деп айтып отырушы еді. Жазып бітіргенде, «жан бергенге жәй берген» деп аздап үзіліс жасайды. Баласын ертіп бильярдқа кетуі мүмкін, үйге бажа-балдыздарын шақырып түннің бір уағына дейін карта ойнап, жас баладай у-шу боп, әзілдесіп, тынығуы да мүмкін. Сүт қатқан шәй ішіп, ет асатынбыз, әйтеуір үй ішінде бір мереке болушы еді. Ол жазу жазғанда аяқтың ұшымен жүрген балалары да қонақтардың қолына су құйып, дастарханға қызмет етіп жүреді. Әрбір жаңа шығармасына дүниеге сәби келгендей қуанатын. Іштей «Жолың ақ болсын!» – деп тілек тілейтін.   

– Мұстафа Шоқайды, Сұлтан Бейбарысты да ең алғаш сахнаға алып шыққан Рахымжан ағамыз еді. Ол кісі неліктен тарихи тұлғаларға жақын болды?

– Рахымжан ағаң тек бұл екі тұлғамызды ғана емес, асылдар бейнесін құрайтын тұтас бір әлем жасап кетті ғой драматургияда.  Көбінің дерлік бейнесін сахнаға алғаш әкелген де ағаң десем, артық айтқандық емес. «Жәңгір хан», «Сырым батыр», «Ғабит», Махамбет батыр туралы «Бас», Сәкен Сейфуллин туралы «Мен Сізді сатқан жоқпын»,  «Нарком Жүргенов», «Фариза мен Мұқағали», «Әміре», «Абай-сот» сияқты ұлт қайраткерлерінің бейнесін жасады. Асанәлі Әшімов айтпақшы, «Ол драматургиядан терең хабары бар талантты драматург еді». «Неге тарихи тұлғаларға жақын болды?» дейсің ғой, оның қазақтың тарихын жақсы көрген, жақсы білген тұлға екендігін ұмытпалық. Жаңағы мен айтқан пьесалардың ішінде бір де бір деталь драматург қиялынан тумаған. Былайша айтқанда, тарихи фактілерге негізделген деректі дүниелер. Сол ұлттық тарих сахнаға шықса деді, ал сахна тәрбие құралы ғой, ұлтты, жастарды тәрбиелесем деді. Өскелең ұрпақ өз тарихымызды ұмытпаса, білсе, үйренсе, үлгі алса, бой түзесе деді. Ол жазған тұлғалардың барлығы ұлт өмірінде із қалдырған, қазақ үшін күрескен аяулы адамдар болғандықтан,  солардың бейнесі арқылы төл тарихымызды сахналап кетті. Ағаңның тұлғаларға етене жақындығының басты себебі – төл тарихын сүйгендігі.

– Рахымжан аға тапсырыпспен жазушы ма еді?

– Рас, кейбір пьесалары тапсырыспен жазылған, бірақ қалам ақысынан бас тартып: «Әруақ ризалығы үшін», – дейтін. Әруағына сыйынып, қолдау сұрайтын. Кейде: «Мамасы, бауырсақ пісіріп жіберші», – дейтін.

– Екі бірдей жанрда, яғни проза мен драматургияда қатар жұмыс істеу ол кісіге қиын болған жоқ па?

– Қиын болған жоқ деп ойлаймын, себебі ол не жазса да, жүрегінің қалауымен, жақсы көріп жазды. Әрине, көп еңбек еткен саласы – проза. Драматургияға кейін, 90-жылдары келді, бірақ бұл жанрды өте жақсы көрді. «Сенің кітабыңды бір уақытта 500-600 адам оқымайды, ал сахналаған пьесаңды соншама көрермен бір мезетте көретіні өзгеше сезімге бөлейді», – дейтін. Кейбір тақырыпты драматургияда да жазды, прозада да жазды. Мысалы, «Бас» романымен қатар, «Бас» пьесасын жазды және бір тақырыпты екі жанрда  қалай жазғанын оқырманы, көрермені жақсы  біледі. Жанкештілікпен жұмыс жасаған ағаң  екі жанрда да артына асыл мұра тастап кетті.  Шығармаларын еліміздің барлық театры,  сонымен қатар шетел театрлары жиі сахналады. Асаналі ағамыздың: «Мәдениетімізге де, әдебиетімізге де теңдей еңбек сіңірген бірегей жазушы драматургіміз», – деп айтуы да тектен-текке емес шығар.

– Жазудан шаршағанда қалай демалатын еді?

– Жалпы, жазудан шаршасын, жұмыстан шаршасын, көпшілік жиналатын улы-шулы ортаны көбіне жақтырмайтын. Оңашалықты жақсы көретін  және  санаулы ғана кіршіксіз араласатын адамдары, ауылдастары бар-тын.  Солармен дастархан басында әңгіме-дүкен құрып, аздап карта ойнап, бильярдқа барып демалатын. Жоғарыда айтқанымдай,  баласы екеуі жиі бильярдқа баратын, ол жердегі демалыстың мақсаты – баласымен  сырласу, әкелі-балалы болып әңгіме айту  деген  жөн шығар. Өздерінің кейде  бізден жасырған құпия жоспарлары да болатын. Қазір біз бір-бірімізбен көп сөйлеспейміз де ғой өзі. Әрі Рахымжандай адамда бала-шағасына уақыт қала бермейтін. Адамдар қалдырмайтын. Өзі кеткеннен кейін, мен қазір солай сезінемін. Ермерей кейін әңгіме арасында айтып қалып жүр оны. Оның ұлының жүрегіндегі, көңіліндегі орны өте биік. Ағаң жазудың өзін демалыс деп қабылдайтын кейде.  Жазудың өзінен де ол  рухани қуаныш, ләззат алатын. Шаршаса да, тек қолын суытып тастап қана кететін, бірақ басы ойдан, жоспардан еш босаған емес деп ойлаймын. Тіпті, демалысқа барған жерлерде де жазуын тастамайтын.

Жол ұзақ, жоспар көп

 

– Ағамыздың шығармалары шет тілдеріне аударылып  жатыр, ол жақтағы оқырмандардың бағасы қалай?

– Шетелдерде, Еуропада – Қазақстандағыдай емес, оларда еңбек басқаша бағаланады. Соның ішінде ой еңбегі, шығармашылық еңбек те. Меніңше, солардікі дұрыс. Мысалы, біздегі ақын-жазушылар әлі де болса мемлекетке қарайды, кітаптарының мемлекеттік тапсырыспен шыққанын қалайды. Ал шетелдегілер ұнаса – аударады, сосын әдемілеп жарнамалайды, керемет етіп тұсаукесерін жасайды да, аз ғана тиражбен шығарады. Кітабың өтсе, тағы шығарады. Өтпесе – өкпең жоқ. Ағаңның кітабын Бейжін осылай үсті-үстіне басып шығарды. Түркиядағы баспадағы кісілер: «Алғашқы 500 кітап үш күнде өтіп кетті», – деп қуанып хабарласып, олар да қос томдығын бірнеше рет басты. Мәскеу де дүркін-дүркін шығарып жатыр. Рахымжан өмірден өткен соң, Мәскеудің «Восточный экспресс» баспасы екі томдығын шығарды. Бізге телефон шалып, тұсаукесеріне шақырды. Ермерей барып келді. Әкесімен араласқан, сыйласқан барлық аудармашы, редактор, баспагер достары қарсы алып, жақсы сыйлапты, елге есейіп оралды. Қазір Еуропада шығарманы алдымен интернет желісіне салу, ол жерде оқылымы көп болып, кітапқа сұраныс түсіп жатса ғана баспадан шығару үрдісі еніп жатыр екен. Ол да таланттыны танудың бір жолы шығар. Алайда, біз, қолымызға  кітап етіп ұстамасақ, көңіліміз көншімейтін халықпыз ғой. Рахымжан ағаңның шығармаларын да осындай заманауи талаппен таратып көреміз бе деген ойымыз бар. Әзірге тек келіссөздер басталып жатыр. Жазушының мұрасын сақтау, насихаттау, зерттеу, тарату мақсатында «Рахымжан Отарбаевтың Руханият қорын» құрғанымыздан көпшілік хабардар. Өзі дүниеден өткен соң, елге жетпей қалған әзірбайжан тіліндегі «Бас» кітабын  елге алдыртудамыз.  Қырғыз ағайындармен де аударма жөнінде әзірге ауызша  келісіп қойдық. Өзі дайындап кеткен қырғызша «Башын» да жариялатпақпыз. Бұл жолда мақсатымыз айқын. Тек, қаражат пен төзім, уақыт қана керек. Рахымжан Отарбаев өз биігін жасап кеткен адам ғой, кімге ұсынсақ та қабылдап жатыр. Біз ұсынған әр шығармаға Рахымжанның ғана  шығармасы деп қарамаймыз, халықаралық, әлемдік деңгейге  тең  қазақ прозасын дәріптеуші екенімізді жақсы түсінеміз. Артылған жүк пен жауапкершілікті жақсы сезінудеміз. Жазушының қалың оқырманы қазақтың ішінде екенін де білемін. Қазір  толықтырылған «Көрген-баққанын» баспаға дайындап жатырмын. Сұраушы көп. Сондай ақ, «Биографиялық библиографиясын» жасап жатырмын.   Жол ұзақ, жоспар көп, тек Алла маған соны жүзеге асыруға мұрсат  бергей... Сен сұрағыңда «шетел оқырманы қалай қабылдап жатыр?» депсің, анадай сұрыптау, анадай талаптан кейін оларға тек талантты қаламгер шығармасы ғана барса, сол оқырманның талғамын, деңгейін мемлекеттік қалыптасқан жүйе қалыптастырады емес пе?! Әдебиетші, аудармашы, қысқасы,  кәсіби мамандардың сүзгісінен өткен шығарма оқырманын бей-жай қалдырмаса керек...

Рахымжанның Жаһангирі өсіп келеді

 

– «Адам ұрпағымен мың жасайды ғой», ағаның ұрпақтары қай салада жұмыс істейді? Әке аманатын қалай орындап жатыр?

– Алла ағаң екеуімізге төрт бала берді. Қазақ бала санын айтпаушы еді... Құдай көп көрмесін. Ағаң сұхбаттарында «жалғызым» деп жиі айтатын ұлымыз Ермерей – мемлекеттік қызметкер. Магистратураны да осы салада бітірді. Дегенмен, әкесіне өзім жәй маман боп бастап, тәжірибе жинап  жұмыс жасаймын деп жұмысқа кіруін кіргенмен, әкесі бар кезде: «Папа, менің қолым емес екен, мен ойлағандай орта емес екен», – деп ол қызметін  тастап  кетті. Өзінің жеке жұмысын бастағысы келіп, дайындалып жүргенде папасы кетіп қалып, есеңгіреп қалдық. Қазірше отбасылық кәсіпте жүр. Үш қарындасының, отбасымыздың үлкені боп  жауапкершілік арқалап қалды ғой. Әке мұрасының да жоқтаушысы.

Рахымжан «Үш көкем» деген үш қызымыздың үлкені Қаракөз Евразия университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің проза жанры бойынша жүлдегері. Мәскеуден алғашқы шағын кітабы шыққан прозашы. Жақында ғана Прага қаласынан экономика мамандығы бойынша MBA дипломын алды. Қазір сол жерде қызметте, ағаң «қаламымды ұстап қалар» деп үміт артқан ұрпағы. Жансаямыз да Прагада.  ІІ курс студенті. Болашақ экономика маманы. Әкесінің бүкіл жазған-сызғанының реттеушісі, үлкен тәртіп пен жауапкершілік иесі. Өзі «Кенжебикем» деп қатты еркелетіп өсірген Айжамалы Атырау университетінің журналистика факультетінің студенті.  «Әке балаға сыншы»  дейді, ағаң да өз балапандарына бағыт-бағдар беріп, болашақтарына жол салып кетті. Олар оны өте жақсы сезінеді. Әке аманатын, әке абыройын қатты қадірлейді. Мен де қазақ әйелінің мінезімен оларды  «әкені ойла, әкені сыйла» деп өсіруге тырысқанмын.  Балаларымызға  ризамыз. Оларды  Рахымжан екеумізге берген Аллаға ризамын. Балаларымыз әкелерінің екінші ғұмыры өздеріне де байланысты екенін, әке мұрасының ұлтқа қызмет ете беруі де өздеріне аманат екенін өте жақсы түсінеді. Бәріміз бірге осы мақсатқа жұмыстанып жатырмыз. Ол жұмыс тоқтамайды да. Себебі Жаһангирі, Рахымжанның Жаһангирі өсіп келеді.

 

P.S. Жазушының жарымен әңгімелесіп болып, оны қағаз бетіне түсірген соң, ал кеп тақырып іздейін. Әрине, Сәуле жеңгенің әсерлі сөздері мен толғамды ойларының бірін сұхбаттың тақырыбы етіп алуыма әбден болатын еді. Бірақ саңлақ қаламгердің киіктер туралы өлеңіндегі мына бір жол: «Бұлдырап қалды биік бел» ойыма орала берді. Бұлдырап қалған сол биік бел киіктерден ғана емес, қазақ әдебиетінде шоқтығы биік қаламгер Рахымжан Отарбаевтан да қалғандай көрінді...

Сұхбаттасқан Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

"Қазақ әдебиеті"