Оңаш МӘЖИТОВА: ӨНЕР – АДАМДЫ АДАМНАН ДАРАЛАЙДЫ, БИІКТЕТЕДІ

Оңаш Маратқызы, сіздің есіміңіздіалғаш естігенде қандай мағынаны білдіретін сөз екен депойланып қалған  едім. Әкеңіз қазаққа белгілі қаламгер Марат Мәжитов екенін білеміз. Атыңызды әкеңіз қойған болуы керек?

-Иә,Мара... Менің есімімді атам қойған болатын.Мағынасы да бар.Өмір жолың оң ашылсын дегенді білдіреді. Содан Оңаш болғанмын ғой. Сәби шағым Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы селосында өтті. Руым сонау Мұрат Мөңкеұлы жырлап кеткен Беріштің Жаңбыршысымын. Алты жасыма дейін сол ауылда өстім. Әкем Марат Мәжитов жазушы-журналист, Әл-Фараби атындағы ҚМҰУ-нің журналистика факультетін бітіріп, Алматы қаласындағы сол кездегі «Мәдениет және тұрмыс» журналына жұмысқа тұрып,отбасын ауылдан көшіріп алды. Алты жастан бастап алматылық болдым. Балалық шақ әсем қала Алматыда өтті. Жеті жасымда Алматы қаласының №12 қазақ орта мектебінің табалдырығын аттадым. Балалық шақты мен аса ыстық сезіммен еске аламын. Жазғы демалыстар ауылда,ата-әже қолында өтетін. «Көк қақпалы үй» деген әңгімемде сол балалық күндерді әңгімелеп бергенмін. Ата-анадан жақсы тәрбие алдық, еңбекқор болуға үйрендік. Бойымдағы тұрақтылық,орнықтылық,тік мінезділік пен ойыңды бүкпей айту- анадан. Ал әкеден қолыма қалам ұстауым- басты қасиеттердің бірі.

Көбелек қуып,гүл теріп өтті өмір,

Сәби шақта болатын бәрі мөлдір.

Анаң мен әкең болса қасыңда,

Сол екен ғой бізге шат ғұмыр.

 

Балалықтың бал дәурені бақытты,

Өтіп кетті,неге сонша асықты?

Шуағы күннің,нәрі гүлдің азық боп,

Бой жеттік біз, ұшырып желге бантикті,-деп еске аламын.

 Өсіп-өнген ортам әдеби орта болды. Әке достары, қаламдастары елімізге танымал тұлғалар болатын. Сағат Әшімбаев, Камал Смайлов,Оралхан Бөкей, Берқайыр Аманшин, Зейнолла Қабдолов,Тұрысбек Сәукетаев т.б. көптеген ақын-жазушылар, журналистер анамның жайылған ақ дастарханына жағалай отырып, небір әңгіменің басын қозғап, сұлу сөздің майын тамызатын. Мен болсам, төр бөлме мен ас үйдің арасындағы бұрышқа отыра қалып, әңгімелерін тыңдаушы едім.Филологияға ден қоюым да осы ағалардың арқасы еді. Ал университет қабырғасындағы ортам да осал болмады. Мен оқыған ҚазҰМУ-дің филология факультетінде өзіммен қатар елімізге танымал ақын-жазушылардың балалары оқыды. Атап айтсам, Жұмекен Нәжимеденовтің қызы-Саида, Қыдырбек Сегізбаевтың қызы-Қарлығаш, Төлен Әбдіктің ұлы-Дархан,Нұрлан Оразалинің қызы-Эльмира, Күләш Ахметова мен Қайырбек Асановтың қызы-Жазира, актриса Гүлжамал Қазақбаеваның қызы-Ләззат т.б. Бүгінде сол оқу ордасының ғалым-ұстаздары,курстастарым Самал Дәрібаев, Ләйлә Мұсалиева абыроймен қызмет жасап жүр. Білесіз бе Мара, дарынды жанның баласы да дарынды болады екен. Олар да өмірден өз орындарын тауып, еліне қызмет етіп жүрген белгілі жандар. Осы күнге дейін арамыз суымай, жан дос болып Саида, Қарлығашпен,Самалмен, Ләйламен  бірге келеміз. Осы тұста мен ұстаздарым туралы сөздің ең асылымен алғысымды айтқым келеді.Уақыт өте келе өзің білім алған ұстаздарың көз алдыңда асқар таудай биіктей береді екен. Біздің ұрпақ бақытты. Себебі біз Зейнолла Қабдолов, Алтай Аманжолов, Тұрсынбек Кәкішев, Ханғали Сүйіншәлиев, Мырзатай Серғалиев, Жанғара Дәдебаев, Хасан Кәрімов, Сапархан Мырзабеков, Сейділдә Ордабаев, Мархабат Томанов, Алма Қыраубаева, Бақытжан Майтанов, Зейнол Бисенғалиев, Шәкір Ыбраевтан білім алу, дәрісін тыңдау бақыты бұйырды. Мен үшін бұл үлкен мақтаныш! «Ұстазы жақсының –ұстанымы жақсы» деген бар ғой.Бұл жандар менің білім алып, рухани қалыптасуыма зор үлес қосқан жандар. Бүгінгі білімді мен жамандаудан аулақпын. Дегенмен біз алған білімнің айдыны тұнық,өрісі кең, шексіз еді. Асыл ұстаздарыма әлі күнге басымды иіп,алғысымды айтамын. Бүгінде дені о дүниелік болды ол ұстаздарымның. Барына ғұмыр,жоғына иман тілеймін. Әр ұстазымның өмірден озғанын естігенде, туғаның кеткендей қайғырасың. Өйткені, ұстазбен өміріңнің ең алтын шағы өтті, анаңдай-әкеңдей болды.Сенің қалыптасуыңа үлес қосты.Олар біліммен қоса, өмірді адал сүруді, кәсібіңе адал болуды үйреткен екен. Ол жандарды ұмыту -ұстаз деген ұлы ұғымды ұмытумен тең болар.Өзім де шәкірттеріме сол ұстаздарымнан алған білім шырағын өшірмей, бойларына дарытуға тырысып келдім.

-Жүрек қылын шертер өлеңдеріңіз сағынышқа толы, әрі өте мұңлы. Оқыған адамды еріксіз ойландырып, өз тұңғиығына үйіріп әкетеді. Бірақ, сіз өмірде өте көңілді, достары көп, өмірге құштар жансыз.Бір адамның бойындағы ішкі және сыртқы мінез болмысының қарама-қайшылығын қалай түсіндіресіз?

-Жалпы поэзия сенің бар болмысыңды жалаңаштайтын,сыр қалдырмайтын,сыр сандықтағы сенің ең іңкәр сезімдеріңді паш ететін өнер.Өлең- сенің өзің,айнаң. Маған Олжас Сүлейменов ағамыздың «Өлең-өзіңе жазған хаттарың»деген сөздері ұнайды.Ол рас. Ең алдымен өлеңді өзің үшін жазасың. Мен басымдағы қуанышымды, мұңымды өлең арқылы, әңгімелерім арқылы шығарамын.Сосын ол оқырманға ұнап жатса, оның жан-дүниесіне сәйкес келіп жатса, ол енді өнерде бағыңның жанғаны, қаламыңның адамзатқа қызмет жасағаны.Өзім осылай ғана түсінемін. Адамға өмір аз өлшенген,өкінішті... Бірақ ұзартатын артыңда қалған жырларың, жалпы өнерің болмақ.Өнер-адамды адамнан даралайды,биіктетеді.

Менің ішкі дүнием мен сыртқы болмысымның қарама-қайшы тұстары болуы мүмкін. Өйткені, жан-дүниеңдегі сырды жасырасың. Ол «жүрек түбінде жатып, шер толқытса» ғана сыртқа шығады. Иә,өмірде көңілді болуға тырысамын. Себебі, сенің шешілмеген мәселелерің,сенің қиындығың ешкімге керегі жоқ. Сен айналаңа көңілді, жарқырағын жан ретінде керексің. Адаммен араласқанда оған тек үміт пен сенім сыйлағым келеді.Мен өмірде позитивті адаммын. Ал өлеңдерім мұңды. Өйткені, мен өмірде ашық айта алмаған дүниелерімді өлеңге артам. Менің өмірім ешкімдікінен артық та емес, кемде емес. Бір басыма мұңым мен өкініштерім жетеді.Соның бәрін мен шығармашылығым арқылы сыртқа шығарамын. Жалпы ақын жаны мұңнан тұрады.Мұңсыз ақын болмайды. Ақын жанын сезім көбірек мазалайды.Сезім-ақынның басты құралы.

-Қазақтың классик ақыны Төлеген Айбергенов:

«Ақын боп өмір кешiру оңай деймісің, қарағым,
Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның», - деп жырлап кетіп еді. Бүгінгі ақын жастар «сыздаған барлық жараның аузында» жүр деп айта аламыз ба?

-Әр кезеңнің өз ақыны туады. Қоғам қандай болса, ақыны сондай деп ойлаймын. Қоғамдағы кемшілік тұстарды айтыс ақындары жақсы жеткізіп жатады. Ал жазба ақындар көбіне лирик болады ғой. Жас ақындарға келсек,отты ауыз-орақ тілді ақындар аз. Жас ақындардың қаламынан  патриоттық  сезімді оятатын жырлар көп шықса деген тілек. Көбіне сол лирикалық тақырыптардан аса алмай жатады. Жас ақын жігіттер мен қыздарды әсіресе әлеуметтік желіден көп оқимын.  

-Өлең жазып қана қоймай, прозаға да қалам тербей бастадыңыз. Қалам ұстау қиын ба? Әлде қалам ұштау қиын ба?

-Жалпы қалам ұстау оғай шаруа емес. Оған қаншама ми,ой,уақыт кетеді. Шаытты сәттерді күтесің. Сосын жазып отырған дүниеңе өзің жүз пайыз сенімді болуың керек. Шынайылық содан туындайды.

Менің поэзия мен қоса прозаға да қызығушылығым күннен күнге арта бастады. Содан әңгімені әлеуметтік желіге көп жазатын болдым. Себебі, іздеп,сұрап оқитын оқырмандарым бар. Негізі кітапханада оқылмай қалған әңгімелерді оқырман осы әлеуметтік желіде, инстаграм парақашасында көп оқиды. Жалпы  көркем шығармаға осылай болса  да құмарлық артуда. Әсіресе арулар қауымы менің әңгімелерімді жақсы көреді. Жалпы әйел тағдыры мені қатты толғандырады. Осы тақырыпқа арналған елу шақты әңгімем бар. Әйел тағдыры әрқашан ауыр ғой. Көп нәрсе отбасында әйелге байланысты. Менің кейіпкерлерімнің өмірі қиын болғанымен соңын  позитивті аяқтаймын. Үміт сыйлаймын. Болашаққа деген сенім мен үміт болмаса, әңгіме өте ауыр болады. Оқырманның көңіл-күйі түсіп, түңіле бастайды. Сондай да әйелге жігер, күш құятын шығарма болу керек. Менің оқырмандарым өзіммен ілесіп  оқып, талдап, жазылған шығармаға өздерінің ой-пікірлерін қалдырып отырыды. «Жылдар жаңғырығы», «Күзгі бақ», «Жәмилә», «Раушан гүлдер», «Бір түп жусан» т.б. шығармаларым оқырманның көңілінен шығып,алғысын алдым.

-Қазіргі ақын-жазушылардың ішінен кімдерді оқисыз, киімдерді талант деп бағалайсыз?

-Мен мамандығым да, жан қалауым да осы әдебиет саласы болғандықтан, көштен қалып қоймауға тырсамын. Жаңа дүниелерді оқимын.Өзге де елдің әдебиетін де оқуды ұмытпаймын. Өйткені, олардың ойлау жүйесі мен өрісі басқа. Әсіресе жапон әдебиеті қатты ұнайды. Жалпы бүкіл қазақ,орыс,шет ел классиктерін оқып шықтым десем артық болмас.Себебі, білімнің іргестасын сол қарашаңырақ университетте қаладым.Классиктерді оқу ол жерде міндет болатын.Бұл сенің кәсібің деп үйретті ұстаздарымыз. Бүгінгі таңда әнші көп, психолог көп, ақын көп.  Ақындар әртүрлі болады ғой. Біз әр ақынның ерекшелігін іздейміз. Бір ақынның тілі шұрайлы,бір ақынның ой терең,біреуде көркемдік аз т.т. Біреу қарапайым жазса,біреу астарлы жазады. Қанша ақын бар,сонша ерекшелік бар.Сәнді ақындар бар,көп көріне бермейтін ақындар бар.Мысалы әлеуметтік желіде парқашасы жоқ, аға буын ақын ағаларымыз бар. Ақындардың барлығын оқуға тырысамын. Үлкен буын,кіші буын көп қой. Оңайгүл Тұржан , Нәзира Бердалы, Қалқаман Сарин, Ерлан Жүніс, Бауыржан Қарағызұлы,Серікзат Дүйсенғазы,Серік Сейтман т.б.  Еске түсікендері бұл. Жалпы ақынның көп болғаны жақсы. Өйткені, адам жанының бірден-бір емшісі ақындар,олардың туындылары екенін ұмытпайық.

-Менің білуімше, сіз  шәкірттері де, достары да көп жансыз...

-Мен жалпы ЖОО ұстазымын. Соңғы кезде аудармашылықпен айналысып жүрмін. Шығармашылықпен студент шақтан айналысамын. «Сағыныш сазы», «Астана аспаны», «Көктемдегі мөлдір мұң» атты жинақтарым бар. Ақтөбе, Атырау қалаларында шығармашылық кештерім өтті. Жуырда Астана қаласында өтпек. Дайындық үстіндеміз. Иә,шәкірт көп,достарым да көп. Мен өмірімде болған ауыр жағдайларды осы өнеріммен, шәкірттеріммен,достарыммен толтырып, жеңілдетіп,осы жандар арқылы жанымды жадыратып жүрген жанмын. Шәкірттерімді қатты жақсы көремін. Қолдан келген көмекті ешқашан аяп қалған емеспін.Олардың өсуіне баспалдақ болсам деймін. Өзімнің асыл ұстаздарымнан алған тәлім-тәрбиемді жас буынға беру міндетім. Ал дос деген өміріңнің сәні ғой. Досқа адалдық-рухқа адалдық деген екен. Досың адал болсын десең,алдымен өзің адал бол дер едім. Достықтан пайда көрсем деп тұруға болмайды. Шынайы  дос көңілі онсыз да жомарт болады. Ұсынғанын алу керек. Қазіргі  өмірдегі,өнердегі  ортама, достарыма ризамын. Ғұмырды бірге сүріп, аман-есен, күліп-ойнап жүре берейік деген тілегім бар.

-Сіз  бүгінгі таңда әндердің сөзін жазып жүрген белгілі ақындардың бірісіз...

-Иә,бүгінгі таңда бірнеше әнге сөз жазылды. Азамат Сағат деген шәкіртіммен біраз ән туды. «Әкеме», «Көремін сені түсімде», «Сағыныш сазы», «Алма ағашы гүлдегенде» деген әндер бар.  

-Отбасыңыздағы қос құлыныңыздың жазушылыққа немесе ақындыққа жақындығы бар ма?

-Егіз қыздарым өсіп келеді. Иә,өнерлері бар бойларында. Зарина көркем суретпен графика,фотоға түсірумен көптен айналысады. Болашақта жеке көрмемді көрсетсем  деген ойы бар.Мінезі де өнерге жақын. Үнемі ізденіс үстінде жүреді. Оқып жатқан мамандығы –дизайн. Ал Кәмила  ағылшын тілін өзі меңгеріп алды.Өте салмақты,істеген ісіне тиянақты қыз. Халықаралық қатынас факультетінде оқиды.Ақын-жазушылық жоқ деп айтсам,шатасуым мүмкін ғой. Өйткені,  ақындық,жазушылық өнері болса бойында ол қалайда шығыды. Ерте ме,кеш пе... Ата-ана баласын мақтағанды жақсы көреді ғой. Жалпы мен қыздарыма көп сөйлеп бастарын ауыртпауға тырысамын,өз жүріс-тұрысыммен,өзім араласып жүрген ортаммен үлгі болуға тырысамын. Осы екі ай мен күнім аман болып,әкесі көрмеген қызығын  туған-туыс, достарыммен бөлісетін күн туса екен деген үлкен арманым бар. Жарым біраз жыл бұрын бұл дүниеден өткен. Жүректегі мұң мен сағыныштың жеңілдеуіне айнала ағайын, достар, сосын ең жақын «түн құрбым» деп атаймын, өлең деген киелі өнердің көмегі тиіуде.Өзім үйдің үлкенімін. Өзімнен кейін екі бауырым бар.Аман-есен,өмірден өз жолдарын  тауып,балалы-шағалы болып отыр. Ата-анамыз ортамызда. Бізді ешкімнен кем қылмай өсіріп,оқытып,ортаға қосты. Тек бір өкінішім бар...Ол жан-жарымның дүниеден озғаны болмаса,бәріне шүкіршілік етемін. Бір кем дүнием осы менің...

-Әңгімеңізге рақмет!


Сұхбаттасқан Мара КЕЛЕС