-Біз филфакқа жаңа түскенде «Жас алашты» бәрі оқитын, «Жас алаш» сынаған әкімдер орнынан кететін, кетпесе де беделі ортайыңқырап қалатын, дәл сол уақытта «Жас алаш» халықтың рухын жанып, жаңа, тәуелсіз мемлекеттің азаматы ретінде мәдениетін көтеруіне әсер етіп, әркім өзі үшін тырбанатын жаңа заманға көзін ашыңқырап, жақсылыққа жақындатып, ұлттық намысын шарболаттай қайрап, жастық жігермен, ыстық қайратпен қызмет етті, сондықтан да оқырмандардың бұл газетке деген ықыласы теңіздей еді. Енді сұрақ: әр жерде кездесулерде жүресіз, осыған ұқсас сұрақтар да қойылатын шығар, мысалы, ертеңгі қазақ журналистикасы қандай болуы керек, қазақ қоғамы оны қандай ракурсте көреді, газеттердің беделін дәл сол кездегідей көтеруге бола ма дегенге ойланып көрдіңіз бе?
-«Жас Алаш» журналистердің ұстаханасы болатын. Осы газетте 6 жыл жұмыс істеу бақыты бұйырды. Студент кезімнен жақсы таныс ұжым. Қазақ Ұлттық университетінде оқып жүрген шақта төрт жыл қатарынан өндірістік практикадан өткен жерім. Сейдахмет Бердіқұлов басшылық еткен кезеңде «Жас алашта» корректор қызметін атқарған едік. «Жас Алаш» газетінде өткен жылдарымды әркез сағына еске аламын. Кілең «сен тұр, мен атайын» деген жастар жиналды. Сөз семсерін алдаспандай жарқылдатқандар да солар. Ол заманда қазіргідей интернет жоқ: «Жас Алаш» ақпаратттық кеңістікте осы күнгі фейсбуктің орнын толтырған тәрізді; нарық экономикасына көшу, өтпелі кезеңнің өткір проблемалары, қазақтың ұлттық намысын ояту, жаңа заманға бейімдеу тұрғысында талай нәрсе жазылды, талай мәселе көтерілді; сол кездегі қазақ қауымы «Жас Алашты» жата жастана оқыды, әр нөмірін «қашан келеді» деп асыға күтті, бір сөзбен айтқанда, халықтық басылым болды.
Қазір «қазақ журналистикасы қандай болуы керек» деп ойлансақ, барлық мәселе сөз бостандығына келіп тіреледі. Сөзі бостан елдің – өзі бостан! Осы қағидат орныққан жағдайда ғана газеттердің, жалпы БАҚ атаулының беделі көтеріледі. Бұл – бір. Екінші нәрсе – қазақ журналистикасы технология жағынан жетілді: қазір журналист үшін не керектің бәрі бар – диктафон, фото және бейне жазба жасау мүмкіндігі орасан, жаңа медиа журналистердің оң жамбасына орайымен келе қалды; әйтсе де елдік және мемлекеттік мәселелердің жеткілікті дәрежеде шешілмей жатқанын бәріміз білеміз; құрылғы жаңарғанымен бұрынғы ұлттық мәселелердің басым бөлігі күн тәртібінен түскен жоқ. Менің жеке пікірім: ендігі журналистика көпсөзділіктен ада, нақты, негізінен ойға құрылған арнада ағыс табуы тиіс сияқты. Анатолий Аграновский деген кісінің «хорошо пишет тот, кто хорошо думает» деген бір сөзі бар. Сондықтан газеттердің бұрынғы ақпараттық бағыты өзгереді, оның орнын танымдық, талдамалы дүниелер басады, ағартушылық бағыт сақталады деп ойлаймын.
-«Егемендік лебі – ел мен жер», «Мың құмырсқа және біз», «Біз кімнен кембіз», «Қазақтың қызы», «Елес пен белес» деп кете беретін публицистикалық жинақтардың бәрінде осы ұлттық сананы ояту, қазақ журналистикасын көтеру, елге қызмет ету, қазақтың келешекті жатырқамай, бейқамдықтан арылып, сілкініп, жаңа қоғам құруға ниет білдіруі сияқты мәселелерді көтердіңіз, айттыңыз. Енді соңғыда сізді жазушы ретінде де таныдық. «Аждаһа» дейтін романыңыз «Алтын қаламның» миллион теңгелік жүлдесін алды. Енді осы туралы айтсаңыз, мұндай шығарма жазу туралы ой қашан, қайдан келді?
-Газеттің күн сайынғы мың сан қара шаруасы көркем әдебиетке ойысуға мүмкіндік бере бермейді. «Жаңбыр-жаңбырдың» арасымен жазуға тура келеді. Журналистикадан қол қалт етіп босай қалғанда әңгіме, пьеса, киносценарий жазуға ыңғайланатын шақ болады. Сондай бір кезеңде «фантастикалық детектив» жанрында бірде-бір дүние жоқтығына назар ауған. «Алтын қалам» бәйгесі де «Аждаһа» деген роман жазуыма түрткі болды. Негізгі сюжет сұлбасы көптен басымда жүрген, екі жүз беттік романды бас-аяғы 21 күнде жазып тастаппын. «Бәйге ала қояды» деп ойлаған да, күткен де жоқпын. Бар ойым «фантастикалық детектив» жанрына бір шығарма арнау, осы бір тың салаға түрен түсіру болды.
-Сіз қатысқан «Сыр-сұхбат» хабарын көрдік, 7 кластан бастап санағанда оқығаным үш мың кітап дедіңіз. Негізі өзіңізге қатты әсер ететін қай жазушы?
-Кітап оқығанды жаным қалайды. Кезінде талғамай оқыдық. Қолға түскен кітапты «кеміріп» тастау бір міндет сияқты болды. Оның үстіне бірге оқыған курстастарымның бәрі оқымысты болса, олар сен оқымаған бір кітап туралы баяндап тұрса, қатардан қалып қойғандай әсерде болатын едік; қашан сол кітапты тауып оқығанша, қатарластарымызға рухани жағынан теңелгенше бойымызға ас батпайтын. Оралхан Бөкей, Бердібек Соқпақбаев, Мағзом Сүндетов шығармалары социалистік реализменен ерекшеленіп тұратын, бозбала және студенттік шақта қатты әсер еткен жазушылардың алдыңғы легінде Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин, Ілия Есенберлин және Мұхтар Мағауин туындылары тұр. Сосын жанымнан бір елі қалдырмай оқитын кітабым – Абайдың «Қарасөздері». Абайды әр он жыл сайын оқыған адам өзінің мұңын табады. Ал күнде болмаса да апта сайын қайталап оқып тұрсаңыз, жаныңыз жүдемейді.
-Оқушы кезіңізде өлең жазыпсыз, қазір де кейде өлең жазғыңыз келмей ме? Бүгінгі өлеңге көңілі толмайтындар бар екен, жылаңқы, бір-бірінен аумайды деген пікірер айтылып қалады, сіздің ойыңызша өлең қандай да бір параметрлерге жауап беруі керек пе?Мысалы, бүгінгі заманға азаматтық поэзия, рухты көтеретін өлеңдер керек дейді біреулер, сіздің қандай өлең оқығыңыз келеді, әлде классикадан артығы жоқ деп қана отырасыз ба?
-Мектепте жүргенде әркімнің де өлеңге таласы болады. Талпынасың. Оны-мұны жазған боласың. Жас кезде адамның бойында түрлі қабілет болады. Өлең жазуға деген талпыныс та солай. Поэзияда азаматтық ұстаным басым тұруы тиіс деп есептеймін. Өзіңіз айтқандай, «Жылауық, жылаңқы өлеңдер» не береді? Онсыз да тірлік ауыр. Сондықтан қуатты жырлар көбірек керек тәрізді.Поэзия деген – тұтас бір әлем. Бұл әлемге екінің бірі кіре алмайды. Ентелеп кіргенмен, сол поэзия есігінен сығалап, төрге оза алмай қалатын ақын көп. Ақынның азаматтық ұстанымы алға шығуы тиіс деп есептеймін. Өз басым өлең оқи алмайтын адамдардың қатарында сияқтымын, яғни іздеп оқымаймын, қолға іліккенін ғана оқимын.
-Ертеректе жазған «Емханадағы екеу» деген шағын әңгімеде діни әрі психологиялық еңбектерде айтылатын ой бар. Аурухана төсегіндегі екі адам өмірді екі түрлі көреді, су қараңғы болса да өмірдің жарқын жақтарын, жарық сәулесін көруге талпынған адам мен өзінің жолының болмағанына басқаны кінәлауға бейім, пессимистік көзқарастағы адамның әрекеті арқылы бәрі де дүниені қабылдауыңа байланысты деген тәмсіл айтылады. Осыны жазуға бірдеңе әсер етті ме сізге?
-Айналадағы дүниені әркім әртүрлі қабылдайды. Мәселен, бір ағаш өсіп тұр делік. Біреулер «бұл ағаштан не пайда: не жеміс бермейді, не отынға жарамайды» деп ойлауы мүмкін. Екінші біреулер «жеміс бермсесе де елге көлеңке болады, саясына отырып, дем алуға болады» дейтіні анық. Әр адам – бір әлем. Екі адамның бір жағдайда, аурухана төсегінде жатқандағы дүниені көруі, қабылдауы, түсінуі екі түрлі. Осы ситуация қызық көрінді. Сосын жаздым. Бізге мына өмірді, тіршілікті, жаратылысты, содан туындайтын адамның іс-әрекеттерін түсіну, қабылдау қиын. Қабылдай білу керек. Сонда бәрі өз орнына келеді.
-Оралхан Бөкей туралы жазған дүниеңіз жүрекке жетті, Жазушының тебіреніп тұрып «Шұға десе Шұға еді ау...» деп Бейімбет шығармасын, бұл да бір бабамыздың мазары ғой деп Тәж-Махалда күңіреніп тұрып сүре оқығанын өте әсерлі жеткіздіңіз. Осы жазғаныңызды ұзақ уақыт ойлап жүрдім, суреткердің нәзік жанын, асқан сезімталдығын беруде өзіңіздің түйсігіңізді қосып, өте мұқият болғаныңыз, соған бір жауапкершілікпен қарағаныңыз, шеберлігіңіз көрінгеннен шығар. Келешекте нәзік сезімталдықпен, қаламның қуатымен қай қаламгер немесе қайраткер туралы жазбақ ойыңыз бар?
-Оралхан Бөкеймен Үндістанға бірге бардық. Сапар көрнекті қаламгердің қазасымен түйінделді. Бұл туралы «Асау жүрек, аяғын шалыс басқан» дейтін естелігімде жаздым. Ор-Ағаңның сол сапардағы жүріс-тұрысы, айтқан сөздері мен ойлары көкейімде сақталып қалды. Шерхан Мұртаза ағамыздың қарамағында жұмыс істедім. Павлодарда жүрген жерімнен республикалық газетке шақырып алды, үлкен сенім көрсетті. Редакторлық тағылымын көрдім. Сырт көзге сұсты көрінгенімен өз ұлтын сүюге келгенде жүрегі жұмсақ кісі еді. Сол сияқты Ержұман Смайыл ағамыздың шәкірті болдық. Алдағы уақытта осындай азаматтар туралы «Жолыққан жандар» деген жинақ әзірлемек ойым бар.
-Осыншама қыруар тірлік, газет жұмысы, елдік мәселелерге ой жіберу, соны оқырманға сыналап жеткізу міндеті бар, одан бөлек қазақтың тойы мен қонақтығы да жетеді, қат-қабат шаруалардың арасында шығармашылықпен айналысуға қалай уақыт табасыз? Бәріне үлгерудің құпиясын айтсаңыз.
-Негізінен жоспарсыз жұмыс істейтіндердің санатына жататын шығармын. Өйткені, әлгі «Еженедельник» дейтін кітапша бар: сонда сіздің не істейтініңізді, кіммен хабарласатыныңызды, күнделікті істердің жоба-нобайының бәрі тізіліп тұр; өкінішке қарай өмірі осыны дұрыс пайдаланып көрмеппін, жазудың бәрі күн сайын шығатын газет тірлігінің арасында, бір кісі келіп, бір кісі келіп жатқанда, немесе ел аяғы басылған түнгі уақытта жазылады. Алаңсыз жағдайда жұмыс істеп көрмеппін. Ылғи қарбалас. Соның салдарынан «Бәріне үлгермей жүрген» жайым бар қайта.
-Баяғыда «Қазақ әдебиетінде» қаламгерлердің сүйікті ісі, хоббиі туралы айдар болатын, бізге де сіздің хоббиіңіз қызық болып тұр.
-«Хобби» дегенде реті келсе атқа мінгенді, көбінесе жаяу сейілдегенді, ара-тұра бильярд ойнағанды ұнатамын. Ең жақсы көретінім – кітап оқу. Студент кезімнен қалыптасқан дағдым бар еді: айына төрт кітап оқу деген. Қазір көз нашарлады, соның себебінен көп оқи алмаймын. Сол жағы қиын...
-«Ана тілінде» ертеректе шыққан Сұлтанәлі Балғабаевтың, кейін баспасөзде Дәурен Қуаттың жазған мақалаларын оқыдық, екеуі де сіздің кәсіби шеберлігіңізді ашып жазды. Сіз ешуақытта басқа салаға бару туралы ойлап көрмедіңіз бе?
-Ұста болғым келеді!
-Жақында Нұртөре-Жүсіп деген сәби дүниеге келіпті, ырымшыл халық үміт етеді, бұл енді елдің құрметі. Сіз қандай сезімде болдыңыз?
-Бәріміз де пендеміз: кей кезде шаршайтын, жалығатын, қамығатын кездер де болады; сондайда елдің ықыласы, құрметі қуат береді – Оралхан Бөкейдің 70 жылдығында тойға келген қалың адамның арасынан бір жігіт мені іздеп жүр екен, келді, амандасты, «Сіздің жазғаныңыздың бәрін қиып алып, оқимын, елге жеткіземін, арнайы сақтаймын, осында келді дегесін тек қолыңызды алып кеткім келді» деді. Шаршағанымның қайда кеткенін білмей қалдым. Сол тәрізді жақында Арқалық қаласынан бір ақсақал хабарласып, немересіне атымды беруге рұқсат сұрады. Осындай елдің құрметі көңілге нұрлы сәулесін құяды. «Текке өмір сүріп жүрмегеніңді» ойлайсың. Одан сайын өзіңе жауапкершілік үстейсің. Дұрыс жүруге, дұрыс тұруға, елдің сенімінен шығуға ұмтыласың. Осы.
-Әңгімеңізге рақмет!
Жадыра Шамұратова