Осыдан екі апта бұрын Qalamger.kz әдеби-танымдық порталы әдеби аудармашы Миргүл Қали аударған жазушы Бақытгүл Сәрмекованың әңгімелері АҚШ-тағы «PEN AMERICA» 2022 әдеби грантын жеңіп алғанын оқырманға сүйіншілеген еді. Ал бүгін дәл осы әдеби грант байқауы туралы аудармашы Миргүл ханымның аз-кем әңгімесін жариялап отырмыз. Мархабат!
- Бақытгүлдің әңгімелері бірінші кезде классикалық формасымен, ықшамдық, әзіл және күнделікті кездесетін кейіпкерлердің дөп бейнелеуімен ұнаған. Кейін бұл дүниелердің қазақ қоғамының тәуелсіздік кезеңінде өткерген күрделі өзгерістерді бейнелейтінін байқадым. Біз соңғы отыз жылда көбінесе мал шаруашылықпен айналысқан социалистік жүйеден капиталистік жүйеге көшкенбіз. Бұл үрдіс халқымыздың өмір салты пен мәдениетімізге қатты әсер етіп, қазақтың ой-санасын, көзқарасын түбегейлі өзгертіп жатырғанын кез келген адам байқамауы мүмкін. Құрдымға кетіп бара жатырған дәстүрлі қазақ қоғамы Бақытгүлдің әңгімелерінде ақыл-есі кемдеу Моника мен Тұрар немесе жарымжан Хабес және түбінде өлетін ит Ақтөс, нәзік Айым сияқты кейіпкерлер арқылы көрсетілген. Ал қазіргі сауда-сатуға негізделген жүйеге бейімделген кейіпкерлердің ішінде Итбай ақын, Түйебай, Ерден, Елтай, тіпті Қарагер тайды қайта әкетуге келген Сайлау да бар. Дегенмен ескі қазақ қоғамның тәуір де, шамалы тұстары да бар; Бақытгүл сол жақсы тұстардың жоқтауымен шектелмей, жамандарын әзілдеп сынайды.
Бақытгүлдің стилінің басты ерекшелігі – әзіл, мысқыл. Қазақ тілдің лексикасы бұл жағынан ағылшын тілден әлдеқайда бай, сондықтан кейбір сөздерді аудару үшін біраз іздену қажет болды. Мысалы, «Моника» атты әңгімесінде «тырбиған сұр жыңғылдар» немесе «салақ әйелдің көйлегіндей шоқпыттана қалыпты» деген сөйлемдер бар. «Тырбиған», «шоқпыттану» деген сөздер «аласа болып өсу», «тозу» деген негізгі мағыналармен қатар баяндаушының сыни, жағымсыз көзқарасын, көңілін білдіріп тұр. Сондықтан, жалғыз ғана мағынасына қарап, бұларды «low-growing» және «wore out» деп аударған дұрыс болмайды, оның орнына негативті бояуы бар «squat» және «squalid» деген сөздерді пайдаланған жөн.
Қазақтың өмір салты мен мәдениетіне қатысты кейбір сөз бен сөз тіркестерді толық мағынасын жеткізіп аудару қиын болды. Осылардың кейбіреуін тәржімаламай, сол күйінде жаза салдым: körimdik, körpe, toi, auyl. Бұл жерде менің мақсатым шетелдіктердің көздерін біздің тілдің өзгешелігіне үйретіп, оның түпнұсқа сипатында қабылдауға итермелеу болды.
PEN/Heim гранты көркем аударма саласына жаңадан келіп, қаржы жағынан демеу іздейтін, баспашылардың көзіне ілінгісі келетін аудармашыларды қолдау үшін арналған. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл байқауға қатысуды бірнеше жыл бұрын жоспарлағанмын. Бірақ лайықты дүние кездестіре алмай жүрдім. Екі жыл бұрын бір адам жолығып, қазақ қыздар жазушылардың бір-екі тәуір әңгімесін аударып, шетелде шығатын кітапқа енгізуді ұсынған. Сол кезде үш әңгіме таңдап (оның ішінде Бақытгүлдің «Түйебай» атты әңгімесі бар), солардың аудармасын жібердім. Неге екені белгісіз, бірақ ол адам аудармаларымды қабылдамады. Кейін Бақытгүлдің басқа әңгімелерін оқып, олардың PEN/Heim гранттың талғамына сәйкес (яғни кішігірім, көпшілік біле бермейтін тілде жазылған; жас, қолдауды қажет ететін дарынды жазушы, әсіресе әйел жазушы жазған; маңызды, әмбебап проблемаларды көтеретін және жазу стилімен ерекшелінген дүние) екенін көріп, аударам деп шештім.
Қазылармен жеке сөйлескен жоқпын, бірақ ПЕН-ның жариялауына сенсек, Бақытгүлдің дүниелері олардың көзіне ащы, өткір тілмен және көзге көріне бермейтін сезімді аса бір шеберлікпен бейнелеуімен түскен сияқты.