–Қазіргі қаламгерлердің жастардың, орта буынның даму деңгейі қандай?
–Негізі әдебиетке келгендерді жас, орта буын деп бөлу шартты дүние. Әдеби процесс өз дамуы барысында ешкімді сен бұрын, сен ерте келдің деп бөлмейді. Осыны өз басым сыншылар мен әдебиеттанушылардың салалық басылымдардағы пікір мен ойларына қарап бағамдадым. Әр кезеңнің өз әдеби биігі бар. Осы биіктер әлемдік, ұлттық және аймақтық деп іштей үшке бөлінеді. Прозашылар әлемдік биікті ақындарға қарағанда еңсере меңгерді деп те, ақындар прозагерлерге қарағанда жете меңгерді деп шорт кесіп айтуға болмайды. Кітап таралымының аздығы, әдеби агенттердің қалыптаспауы нағыз таланттың адымын аштырмай тұрғаны тағы бар. Қазіргі қазақ әдебиеті қытай мен жапон әдебиетінің нақылдық мәнерін қазақ топырағына бейімдей сіңіре бастағанын байқаймыз.
Поэзия әр түрлі бағытта жедел дамып, жетіліп келеді. Солай болуға да тиіс. Прозада да әр түрлі экспериментке барып жүрген жазушылар көзге іліне бастады.
–Қаламгерлерге қамқорлық жарасады ма? Шынымен жастарға қолдау керек пе? Жоқ, әлде шын талант бәрі бір жаза бере ме?
–Жастарға қолдау жасаудың бірінші жолы – оларға еш кедергісіз шығармашылық бизнеспен айналысуға жол ашу. Негізі қазақ тілді және орыс тілді жас қаламгерлерді екі түрлі ұстаныммен қолдаған ләзім. Орыс тілді жас қаламгерлер қазақ тілді жазушылардың ТМД танылуына жол ашады. Бұл енді бизнестің даңғыл жолы деген сөз.
Жас қаламгерлерді кино-теле аудармаларға тарту қажет. Істеген жұмыстарына мемлекет ақша төлейтін болса, бұдан көп нәрсе ұтамыз. Дау туғызатын Мүшәйраларға бөлінетін ақшаның бір бөлігін Қазақстан Жазушылар Одағының аймақтық бөлімшілеріне топтасқан жастарға бөлсе, нағыз қолдау болар еді. Аймақтарда тұратын жастарға баспа өнімдерін шығаратын кәсіпорындар ашылса, ресейлік шикізатты өзімізде шығарып, кітап құны мен қағаз бағасы түсер еді. Жастарға көмек оларға баспа бизнесін басы бүтін беру. Бізде баспа бизнесі дамыса, Орталық Азия нарығын жаулауға мүмкіндік ашылады.
Талант – Тәңірдің сыйы. Тас жарады немесе бас жарады. Талантты жазушыны қоғам тұншықтырмау керек. Керсінше тұмасын тазалап, тұманын сейілтін қолдау керек.
–Елбасының алдында әдебиет үшін мәселе көтергеніңізді көпшілік біледі. Қандай нәтиже болды? Жоспарлар орындалды ма?
–Жалпы, әдебиеттің дамуы мен қарыштауын бір адамның бұйрығы мен пәрмені шеше алмайды. Ел болып қолдау керек. Біз әлі шенеуініктердің оң қыры мен сол қырына ілігудің ілдебайымен жүрміз. Билік көзқарасы қазақ тілді жас қаламгерлеге оң қараған тұста бәрі өз орына келеді.
«Әдебиет академиясын» ашу жөніндегі ұсынысымыз әлі талқылау мен тартыс үстінде. Нақты нәтиже жоқ. Біздің елде әдебиетті кеңінен қолдау деген түсінік әлі қалыптаспаған.
–Біздің әдебиет Данте мен Гётені қашан туады?
–Бұл сұрағың «сенің сиырың неге қысыр қалды, өзгелердікі бұзаулады ғой?» деген сыңайда екен. Жалпы бізде қатып қалған еуроқұлдық түсінік бар. Сіз айтқан Данте де, Гете де Орталық Азия түркілері үшін, оның ішінде өзіміздің қазақ үшін ешкім емес. Себебі қаламгерлер ділдік, діндік және мәдени-рухани әлеміне қарай бөлінеді. Біз Шығыстықпыз, түркі мәдениетінің өкіліміз. Сондықтан жаңа Әлішер, жаңа Мақтымқұлы мен Абайлар қашан өмірге келеді деген ләзім.
–Қазіргі қазақ қаламгерлері шығармаларында неге сюжеттік поэзия жағы ақсап тұр. "Фауст" секілді немесе "Гамлет" секілді көлемді шығармаларға бара алмайды.
–Әдебиет жоқ, әдебиет өлді дегенді ХІХ, ХХ және ХХІ ғасырда да айтқандар баршылық. Олардың арасында небір ірі тұлғалар да, елеусіз әдеби пенделер де болды. Сіз айтып отырған "Фауст" пен "Гамлет" еуропалық әдеби-мәдени ортаға арнап жазылған туындылар. Еуропалық дүниетаным бойынша әлем әдебиетінің жауһарлары атанды. Бізде Қорқыт, Алпамыс, Ер Төстік т.б. әлемдік деңгейдегі туындылар бар. Бірақ олардың әлемдік ғылыми насихаттауы кемшін түсіп жатыр. Сол себепті, "Фауст" пен "Гамлеттің" Шығыс ғылымында мысы басым. Поэзия мен прозада әлемдік ой айтып, өзгеше өрілген дүниелер өте көп. Біздің жазушылар өз әдеби жаңашылыдығын енгізгенімен назардан үнемі тыс қала береді. Бұл аударма саласының да кемшілігі.
Сюжеттік поэзия жағы рас ақсап тұр. Әлі баяндау, әлі тамсану, суреттеу сияқты қағидаларды бұзып-жарып кете алмай жүргеніміз ақиқат.
–Қаламгердің «есік қағуына» кім кінәлі? Қаламгер ұстанымдарға бай, мүлде есік қақпайтын ұрда жық мінезді болуы керек пе, әлде билікпен етене араласа отырып жұмыстануы керек пе?
–Қаламгер – мемлекетшілік рухтағы жан. Сондықтан оның биліктен аулақ жүруі мүмкін емес. Билікке әсер етуші күш. Қаламгердің қазақ тілді билікпен, орыс тілді билікке жағу, жақпауы өзге бір әңгіме. Және қаламгердің сөзі өтетін шенеуінік бар. Жазушының мың шақырым аулақ жүруге тиіс шенеуінік бар. Осы мәселе кейбіреулерге дүдәмал ой туғызады.
Сондықтан сен айтқан «есік қағу» жазушыға жараспайды. Азаматтық ұстаным жазушы, ақын, әнші, палуан, көлік жүргізуші т.б. сияқты жіктерге бөлінбейді. Бар немесе жоқ.
–Жазушылар мен ақындар қазіргі біздің қоғамға керек пе? Меніңше, аса бір қажеттілік туындап жатпаған сыңайлы.
–Қаламгерлер қоғамның бір құрамдас бөлгі болғандықтан оқырманы тарпынан ешқашан қағыс қалмайды. Қазір қаламгерді кітабы емес, сайттардағы туындылары танытатын болды. Биліктің асығы болған жазғыш бар, биліктің ғашығы болған жазушылар бар. Қалам ұстағандықтан біздің қоғамға керек, керексіздігіміз пәлсапалық «тауық бірінші ме, жұмыртқа бірінші ме?» сауалдың тонын айналдырған түрі.
–Жазушылар Одағы мен Жазушылар Одағының филиалының функциясы қандай? Қазір неге қаламгерлердің бір ауыз сөзі мінбедегілердің зәресін алмайды. Жазушылар шынымен өз азаматтық ұстанымдарынан айырылды ма? Қоғамда салмағы жоқ па?
–Жазушылар Одағы мен Жазушылар Одағының филиалының функциясы қандай?-деген орынды сауалыңа айтарым. Негізгі функцияналды қызметі бір. Әдебиетке қызмет. Филиалдардың міндеті – аймақтағы әдеби үрдістің дамуына үлес қосу.
Жазушы-ақындар азаматтық ұстанымнен айырылды деп еш айта алмаймын. Мысалы, Қазыбек Иса ағамыз депутат ретінде көкейдегі көп ойды биік мінберден жұртқа ашық айтып та, жазып та жүр. Қоғамдық процестен аулақтаған жазушыларға қарап, оған белсене араласып жүрген Дулат Исабеков сияқты небір пробемаларды көтеріп жүрген қаламгерлер бар кезде ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Қаламгердің тірлігі кеудемсоқтық Қодарлық жасап елді қорқытып үркіту емес, барды бар, жоқты жоқ жүрген жерінде өз ойын ашық айту.
Әңгімелескен
Әлихан Жақсылық