МАҚПАЛ МЫСА: «Қазақ әдебиетінің әлемге ашылуына өз үлесімді қосқым келеді»


Соңғы кездері әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен әңгіме ақын Мақпал Мысаға бағытталған еді. Сананы нарық, одан бері материалдық құндылықтар жаулағалы әдебиет өз дәрежесінде бағаланып жатқан жоқ.  Әдебиетті оқитындар аз. Ақынды танымаймын деп жатқандардың көбісі осы санаттағылар. Оқырмандар үшін ақын жайлы дерек пен сұхбатты, әрі поэтикалық кешінің көрсетілім нұсқасын арнайы салып отырмыз. Мархабат!

-Мақпал, көзі қарақты оқырман үшін әдебиет өлкесінде атыңыз бар, жолыңыз қалыптасқан, қасиетті қаламды жаныңызға серік етіп келе жатқан жансыз. Қазіргі қоғамда әдебиеттің рөлі қандай?

-Бір ойшылдың «Үлкен мәдениеті бар халық – үлкен халық» деген сөзі бар еді. Әдебиет, ең алдымен ұлт беделі. Сөз өнері мәңгі жасайды. Тіпті, қоғамды өсіретін де, өшіретін де - сөз десек, артық айтпаймыз. Ауыз әдебиетінен бастап, жыраулар поэзиясы, проза, драматургия, тіпті қазіргі кино мен анимациялық фильмдердің өзегінде де сөз өнері жатыр. Заманға байланысты жеткізу формасы мен форматы өзгергені болмаса, сөз қадірі қай заманда да өзектілігін жойған емес. Бабалар сөзінен бастап Абайға дейінгі тағылымды жәдігерлер - халқымыздың өзін-өзі тану жолындағы айнасы.

Әдебиеттің туып, өсіп кемелденуі, жаңарып жаңғыруы заңды құбылыс. Әдебиет қашан да керек. Қоғам үшін рухани жарымжан болу қауіпті.

-Әдебиетке келіп жатқан жастар жайлы не айтасыз?

-Мағжанның «Толқынды толқын қуады» деген сөзі бар. Әдебиетке келген мен білетін жастардың көбі азат ойлы, еркін, талантпен қоса жоғары интеллектуалды зерек жастар. Олар көп оқиды, көп ізденеді. Өзіндік стильмен танылып жүр. Ал, олардың шығармашылығын таныту мақсатында өздерің сияқты әдеби басылымдар, сайттар жұмыс істеуде. Көптеген байқаулар өткізілуде. Әр облыста шығатын кітаптар бар. Сахнада, театрда, кинода көрініс тауып жүр. Дегенмен жас деп көп жерде шеттетіліп қалып жүр. Олардың үлкен аренаға шығуы үшін, міндетті түрде қартайып, өліп қалуы керек емес қой.

 

-Бүгінде бес кітаптың авторысыз әрі басқаларын айтпағанда жылдың үздік шығармасын анықтайтын «Алтын тобылғы» байқауында топ жарып, тарихи тақырыпта жазған поэмаңыз бас жүлдені иеленген еді. Кейін кітап боп шықты. Шығарманың үш тілге аударылу идеясы қайдан туды?

-Бұл кітап – шығармашылығымдағы үлкен белес, салмақты қадам. «Шоған абыз» поэмасы тарихқа өткел төсеп, болашаққа бағдар берген шығарма. Үш тілге тәржімалау жеке қызығушылығымнан туды. Поэзия кеңістігін сезіну үшін, өзге де тілдерге аударған жөн. Аударма сәтті шықты. Кітапқа енген тағы бір туынды Ұлт азаттық көтерілісіне арналған «Рухымның білтесі» атты микропоэма. Қазақ даласындағы 1916 жылғы көтерілістен бастап одан бергі отызыншы жылға дейін ұласқан қанды қырғыннан 3 миллион қазақ қырылды. Толғауда бізді осы күнге дейін сақтап бар етіп келген сол бабалардың рухы мен тарихтың ақтаңдақ жолдарын жырыма арқау еттім. Бұл туындыны бабалардың аманаты, кейінгі ұрпаққа тағылым боларын жаныммен түсіндім.

 

 

-«Жүз жаңа есім» жобасында топ жардыңыз. «Бұл жеңісім - әдебиеттің жеңісі. Кез келген жобада руханият алдыңғы қатарда жүруі керек» деген едіңіз. Жобаға өзіңіз қатыстыңыз ба, әлде сізді ұсынды ма?

-Өзім Қапшағай деген шағын қалада тұрамын. Облыстық «Жетісу» газетінде Қапшағай қаласы бойынша тілшімін. Қалалық орталық кітапхана аталмыш жобаға мені ұсынған екен. Әдейілеп іздеп қатыспадым. Облыс, облыстан республикаға өтіп, жаппай халықтық онлайн дауыс беру жүйесімен алыс-жақындағы оқырмандардың қолдауымен мәреге жеттім. Қаншама біліммен қуаттанып, жетістіктерге жеткен жастарды көрдім. Олардың арасында тапшылық пен сынақтарға төтеп беріп, денсаулығының ақаулығына қарамай қайралған, өзін-өзі дәлелдеп шыққан қайратты жастар бар. Олардың әрқайсысы – тағдыр, тарих, үлгі, өнеге. Әрине, өз тарапымнан айтар болсам, ең әуелі әдебиетке көңіл бөлінгеніне қуандым. Әр саланың үздік жастарының арасында әдебиеттің өкілі ретінде сол жобада болғанымды маған артылған жауапкершілік деп қабылдадым.

-Астана төрінде өткен шығармашылық кешіңізді жаңалық деп қабылдадық. Әсерлі болды. Көріп көзайым болған көрерменге ерекше ұнады. Бұл кешті өткізу идеясы қайдан туды, қалай жүзеге асты?

-«Жүз жаңа есім» жобасынан кейін республика, облыс аймақтарында, аудандар мен ауылдарда көптеген кездесулер өткіздім. Мұның бәрі сол жобаның аясында жоспарлы түрде ұйымдастырылған еді. Жастармен ашық диалог жасадық. Олардың тарапынан өнер мектебін ашу жөнінде көптеген ұсыныс-тілектер түсті. Егер шынымен әдебиетті насихаттап қолдау көрсетілсе, поэзияны бүгінгі көрерменнің жүрегіне жеткізу үшін, елдің көзі үйренген қарабайыр кештен ауқымдырақ болғанын қаладым. Ал, мұны жүзеге асыру үшін арнайы мамандармен ақылдасып шештік. Осылайша мамандар барлық келісімдерді, смета мен қаражаттарды, форматын, режиссерлер мен сценариін ойластырып ұйымдастырды. Маған идеяның презентациясын көрсетті, ұнады. Ары қарай дайындыққа кірістік. Кеш үлкен ұжымдық жұмыспен жүзеге асты. Сахнада өнер көрсеткен өнерпаздардан бөлек әкімшілік әрі сахна сыртында арнайы мамандар жұмыс істеді. Бұл кеш бір күннің, бір аптаның жұмысы емес, бірнеше айдың жемісі. Үлкен жауапкершілікпен міндетімізді атқардық. Ең бастысы халыққа ұнады. Анасы бар да, анасы жоқ та «Құрақ көрпе» өлеңі арқылы аналарымыздың қадірін ұғып, қолдан тіккен әрбір бұйымында қасиет барын түсінді. Алаш арыстары мен өмірден озған саңлақтарымызға жасалған тағзым жырлардан күш-қуат алды. Қаншама мектепте тағылым сабақтары жүрді. Кеш өткен соң, кешті телеарнада көрсеткеннен кейін де талқылау, ой бөлісу, ризашылық лебіздер көптеп айтылды. Менің ақын ретіндегі басты мақсатым мен міндетім - оқылатын өлеңдерді іріктеп, кештің ішкі мазмұны мен құрылымын айқындау еді. Оны сахна шеберлерінің және заманауи техниканың көмегімен көрерменге жаңаша форматта жеткізу - продюсерлер мен режиссерлердің кәсіби тобының еңбегі. Кештің өз миссиясы орындалды деп есептеймін.

-Өлеңді өмірінің басты бағыты деп қабылдаған ақынның бірісіз. Сөйте тұра "Праймеризге" қатысып, мәжіліс депутаттығына қарай бағыт алдыңыз. Ақынның саясатқа баруы қаншалықты маңызды?

-Праймеризге қатысу жөнінде көп ойландым. Жүз жаңа есімнен кейін де, ақын ретінде өзіме жүктелген жауапкершілік екенін сезініп қатыстым. Көбі қолдап сәттілік тіледі. Жанашыр оқырмандарымның арасында қаламыңызды тастамаңыз деп алаңдаушылық білдіргендер де болды. Елдік мақсатта бастаған қадамым сынға ілігері сөзсіз. Ол заңдылық. Ең бастысы елдің сенімі. Шығармашылық жолым мен жетістіктерімді, адами қасиеттерімді білетіндер сенеді, үміт күтеді. Егер де өтпей жатсам, еш өкініш жоқ. Ал, өтіп жатсам – өз ұстанымым мен ар-ұжданым алдында жауап бере отырып міндетімді атқарам. Өзіңіз айтқандай, өлеңім - өмірімнің басты бағыты боп қала бермек. Өлеңім арқылы қызмет етіп жүрген руханиятқа мәжілістің мінбері арқылы да пайдамды тигізер мүмкіндігім болса, сол саясат жолын неге құрал ретінде пайдаланбасқа? Маған ой салған дүние тек сайлау кезінде ғана пайда болған жоқ. Ел жаққа барған сайын ауыл жайлы ойланатынмын. Ауыл жастарының ауылдан кетіп жатқаны жаныма батады. Оларды ауылда қалдыру үшін тек жалақы төлеп, үйін беру жеткіліксіз. Кешенді түрде шешілетін мәселелер бар. Ең бастысы - мәдени орта керек. Біздің қоғамға қазір мәдениетті сіңіру ауадай қажет. Оның шешімі біріншіден әдебиет арқылы насихат болса, екінші билік арқылы қозғау салу. Қай жақта жүрсем де осы мақсатқа қызмет ету - менің басты ұстанымым боп қала бермек.

 

-Қалай болғанда да өлеңнен, шығармашылықтан алыстамаймын деп қалдыңыз. Осы бағыттағы жоспарларыңыз бен ойларыңызбен бөлісе аласыз ба?

-Өлең – менің тынысым. Сондықтан, одан ажырау мүмкін емес. Жоспарларға келсек, көп қой. Қазақ әдебиеті әлі әлемге көп ашыла қоймаған, потенциалын толық көрсете қоймаған ғажайып мұра. Әлемдік кеңістікке шығу жайлы жоспарлар бар. Поэмаларым мен мен микропоэмаларымды экранға бейімдеу бойынша да ұсыныстар бар. Бұйырса, бәрін ретімен жүзеге асыра жатармыз.

-Сөз соңында, әдебиет әлеміне қадам басып жатқан жастарға қандай кеңес, тілек айтар едіңіз?

 -Қара арғымақ арыса,

Қарға адым жер мұң болар, -

немесе

Адамзат ердің баласы

Жабыққанын білдірмес

Жамандар мазақ қылар деп

Жамандар мазақ қылар деп, - деп жырлаған Қазтуған жыраудың отты сөзі ескірген жоқ. Әдебиетке қадам басқан жастар - сыни пікір мен қоғамның талқысына қалудан қорықпауы тиіс. Ондай дүниелер рухымызды шыңдамаса, төменшіктетпеуі керек. Қалам ұстау - Құдайдың берген бағы әрі үлкен жауапкершілік. Өмірің мен өлеңің, шығармашылығың, ондағы құндылықтар үйлесіп тұруы керек. Және сол құндылықтар үшін күресе білгенде ғана арың алдында жауап бере аласың. Жастарға мойымас табандылық пен қажымас қайрат тілегім келеді. Адам баласы өмірінде мақсаттан гөрі жолды дұрыс таңдауы маңыздырақ деп есептеймін. Сол жолдағы мақсаттар мен межелерді Құдай өзі көрсетеді. Тек, соны қабылдап, табандылықпен алға ұмтыла білу керек.

-Сұқбатыңызға алғыс білдіреміз. Шығармашылық табыс, бастамаларыңызда жеңіс тілейміз!

 

Айниса Серікқызы