МҰНАЙДАР БАЛМОЛДА: КІТАПТАРЫМДЫ НЕСИЕ АЛЫП, ШЫҒАРЫП ЖҮРМІН...

–Мұнайдар аға, әңгімемізді сіздің шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар болып жатыр, содан бастасақ?

Шығармашылық ақын-жазушының қанаты. Ол күнде серпіліп, қағылып, жазылып тұрмаса, қайырылып, майысып, мұқалып, жұқарып қалады. Өз басым күнде бір нәрсемен айналыспасам, тот баса бастағанымды сезем, үнемі үзілмейтін шабыт пен шығармашылықта жүргенді жаным қалайды. Әрине, бұл сөзім менің күнде бір шығарма жазамын дегенім емес, бірақ жазбаған күндерімнің өзі жазуға апаратын жол, ізденіс жолы дер едім. Бұрын өлеңге көп уақытымды жұмсадым. Кейінгі кезде прозаға көңілім құлап, әңгімелер, хикаяттар, роман жазуға уақытымды көп бөлетін болдым. Арасында өлеңдер, әнге сөздер жазылып жатыр. Мысалға, кейінгі әніміз «Әлди» деп аталады. Әні ақтөбелік жас композитор Ерхан Алданазаровтікі, сөзі менен, орындаушы Мәдина Садуақасова әншіміз. Ән әлі жарыққа шыға қоймады, шамасы, өңдеу жұмысы жүріп жатса керек. Сол сияқты басқа да әншілердің қолында өлеңіміз бар, қанат қағар сәтін күткен. Балаларға арналған әндеріміз де жазылуда. Балаларды ұмытуға болмайды. Олардың жасына сәйкес келетін өлең шығарып, оны әнге айналдыру дегеніңіз үлкен жұмыс. Думан Байтілеуов деген композитор досым екеуміз балалар тақырыбына қырыққа жуық ән жазыппыз. Бөбекжайлар мен мектептерде, халықаралық байқауларда шырқалып жүр. Жалпы, өзім бір жұмыстан екіншісіне көшу арқылы тынығып, күш жинап аламын. Түк істемей демалу деген менде жоқ. Демалысымда не кітап оқимын, не жақсы бір дүние көремін. Ал прозаға қайтып оралсақ, жақында екінші романымды жазып бітірдім. Алғашқы романым «Он төрт» деп аталатын, тарихи дүние болатын, Кейінгісі «Абадан» аталатын романым аңшылар мен малшылардың әңгімесінен және өзімнің жеке зерттеу, зерделеуімнен, қызығушылығымнан туған дүние. Бұл еңбекте бөрілер тірлігінен, олардың қайтпас қайсарлығынан мейлінше сөз тарқатып, түз тағыларын түсінуге тырысқан, адам мен қасқыр арасындағы бітіспес күрестің себеп-салдарын білуге ұмтылған әрекеттің жемісі хаталған. Болған оқиғалардың желісімен жазылған кітап. «Абаданның» кей үзінділерін «фейсбук» парағыма салып, жариялап көріп едім, оқырмандар қалай қабылдайды екен деп, қасқырлар тақырыбына сондай қызығушылықпен қарайтын, сүйіп оқитын, әр жазғанымды бірнеше рет оқып, келесісін тағатсыздана күтіп жүретін әр өңірден оқырман таптым. Олар әлі жарық көрмеген кітабыма тапсырыс беріп жатыр. Алған бағытымның дұрыстығына өзімнің де көзімді жеткіздім. Жалпы, бөрілер мен жылқылар туралы жазу жаным сүйетін тақырып. Маған олардағы рух ұнайды. Тектілік ұнайды. Жылқы мен бөрі және қыран қақында сағаттап әңгіме айтып отырып алатыным бар. Үшеуі қазаққа сондай жақын мақұлықтар. Бірі көк байрағымызда, бірі мінезімізде, бірі рухымызда. «Абаданды» баспаға әлі ұсынған жоқпын. Алғы сөзін жазуды жазушы, ғалым Құлбек Ергөбек ағамнан өтінген едім, сол үшін Түркістанға барып, ағаймен танысып, көрісіп қайттым, ол кісіні таңдауым бұрын бөрілер тақырыбындағы бір әңгімеме жақсы баға берген болатын, Құлбек аға «иә, жазып беремін» деп еді, алайда, ол кісі ғылымның адамы, қолы тимейтін шығар, көп күттім, бірер қайтара қоңырау шалған соң мазалауды қойдым, сірә, кітап өз сөзіммен басылатын болар.

 

–Бұрын Алматы әдеби ортаның ошағытұғын. Қолына қалам ұстағанның көбі сол ортаны бір көруге ынтық болатын кездер болды ғой. Қазір әдеби ортаның рөлін әлеуметтік желілер атқарып жатқан сияқтанады. Бәрі бір-бірінің шығармашылығын бақылап отырады дегендей. Қаламгерлер де ортаны аса қажетсінбейтін сияқты. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?

Уақыт – ағынды су, үлкен дария. Толқын-толқынымен жаңарып жатады. Иә, бұрын, осыдан он, жиырма жыл ілгеріде ақын-жазушылар Алматыда, әдебиеттің қара қазанында қайнап, пісіп жататындай көруші едік. Әлі де солайын солай. Жазушылар Одағының үйі сонда, құрылтайы өтіп тұрады. Алматыны ақын-жазушылардың кеніші санайтындар әлі арамызда бар, бірақ өмір өзгеріп кетті. Орта оттағы торта болып кетті. Қазіргі жас толқын ақын-жазушылар өз аймағында тұрып, айға ауыз білегендей ауылында жатып алып, өлеңін бұрқыратып жазып, әңгімелерін әлеуметтік желі арқылы жариялап, оқырман тауып, өз ортасын тауып жатады. Бұған жеке көзқарасым қандай болуы мүмкін? Жақсы қабылдаймын. Өйткені, мен журналистика саласына «ҚазМУ» бітіріп келмедім, мен үшін Алматы алыс болды, оқуға барғаныммен жолым болмады. 1985 жылы Алматыға барып, оқуға түсе алмай қайтқанмын. Түскенімде сөз жоқ 1986 жылғы оқиғаның бел ортасында болған болар едім. Ақындар мен жазушылардың қалың ортасынан жырақта өмір сүрдік. Өңірімізге ат ізін салып, келе қалғандарын болмаса, көбін көрмедік. Еңбектерімен ғана таныс болдық. Әлеуметтік желі жаман емес, бірақ шынайылығы кемшін соғады, ақын-жазушыны «лайктар» мен әр түрлі оқырман қалдыратын пікір-лебіздер пісірмейді, белгілі деңгейде әсері болады, әйтсе де ондағы пікірдің дені мақтаудан тұрады, ақын-жазушы тек соларды оқып, шын баға санайтын болса, онда қатты қателеседі, талғамы мықты оқырманның көбі ауылдарда, олар интернет құлағынан алыста, тіпті қырда қой бағып жүргенін естен шығармаған абзал. Өз басым әлеуметтік желіні пайдаланамын, оқырмандарым баршылық, барлығына ризамын, сынын да жылы лебізін де қабыл аламын, ал шығармашылығыма шын бағаны көбіне жүзбе-жүз көріп, сөйлескен оқырмандарымнан күтемін, өкінішке қарай ондай мүмкіндік туа бермейді. Алайда «Он төрт» романым жазылғалы бері кейінгі екі жылда БҚО-ның біраз ауылында болдым, қалада мектептер жиі шақырады.

 

–Қазір қос жанрға бірдей қалам тартып жүр екенсіз. Бұл қайбір жанрдан тұрақтылық іздеу ме, әлде?..

Жасымыз елуге келді. Ақыл тоқтататын жасқа баяғыда, қырықтың ауылында жүргенде кіргенбіз. Ендеше, жанр таңдау, оған тұрақтау мәселесінде де табанымыздың бүрі бар, поэзия мен проза шығармашылық кеңістіктегі қос қанатым деп білемін. Өзіме екеуі де жақын, бөле-жармаймын. Жүрегім өлеңге де, прозаға да адал, қос жанрды да сүйемін. «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген нақыл өнер сүйген, осы өнеріммен ұлтыма қызмет етемін деген азаматқа жүрмейді деп ойлаймын. Мысалы, кешегі буырқанған жиырмасыншы ғасырда өмір сүрген алаштың айбоз ұлдары әртүрлі жанрда жұмыс істеді, бір саламен тоқталмады. Бір өзі бірнеше міндетті атқарып, ұлтқа қызмет етудің өнегесін көрсеткен Әлихан, Міржақып, Жаһанша, Халел, Ахмет, Мағжандар мен үшін ұстаз, пірімдей. Ешқайсысы да уақытпен санаспай, еңбегіне ақы тілемей, жанкештілікпен еңбек етті. Маған солардың өмірі мен қызметі үлгі-өнеге. «Өлемін деп еңбек ет, өлтірмейтін Құдай бар» демекші, адам талантты болса, қолынан «осы-осы» деген істер келетін болса, соны өзі білсе, несіне тартынады, сыртынан айтылатын сөзден бе, басқалардың ой-пікірін тыңдай берсең, онда шөп басын сындыра алмай қаласың. Энштейннің тамаша сөзі бар, «Адам бақытты болғысы келсе, адамдар мен нәрселерге тәуелді болмасын, мақсатқа тәуелді болсын» деген. Асылы, алдыңа зор мақсат қойып, соған талпыну керексің.

–«Түбінде өзің еститін, Өлең жазам...» дегеніңіз бар бір ғазалыңызда. Сол өлең жазылды ма, сіз «естісе» дейтін кейіпкер музаңыз ғой?!

 

Менің саған бар-жоғым да бәрібір,

Табаныңа тиген жердің бәрі гүл.

Зор шаһарда жүріп жатсың, мен болсам,

Сені есімнен шығарғам жоқ әлі бір,деген іңкәр сезім балалықта қалай жоқтан бар болып, жаратқанның қалауымен жан-жүрегімде туса, сол күйі, сол қалпы әлі кеудемді күйдіріп, махаббат деген құдіретке идіріп, бар әлемді сүйдіріп, көкейіме сұлулықты сыйдырып тұр. Бір сұлуға деген сезімнің ғаламат күші тұтас ғаламды сүюге, иллаһи махаббатқа ұласарын білмеппін. Түбінде ол еститін өлең жазылады, қазірдің өзінде жазылды деуге болады. Және бір емес бірнешеу, олар әнге де айналып, әуелеп, әлемді шарлап жүргені де бар. Ақын мен жазушыда муза болмаса, оның шығармашылығында лирикадан түк те қалмайды деп ойлаймын. Мен музама айналған сұлуды қатты сағынғанымда түсімде көрем, немесе онымен кездесемін. Екеуміз әлемнің екі шетінде, яғни екі қалада тұрсақ та, аралықта қанша шақырым жол жатса да, сағыныштың жолы ұшырастырмай қоймайды екен. Екі-үш жылда бір сәт көрсем, сол маған бір ғасырлық азық! Соңғы жүздескенімде, осыдан бірер жыл бұрын, мен журналистикаға қатысты Астанаға оқуға бардым, үйге қайтатын уақыт та таяған, сол оқуға барудағы мақсатым оны бір көріп қаламын ба деген ой еді, алайда оның мүмкіндігі туатын емес, күн зулап жатыр. Ертеңіне кетемін деп жүргенде, енді іштей оны көрмесем де ол тұратын шаһарда болдым, көшесінде жүрдім, осыған шүкір айтып, іштей бұйығы күйге түсіп, сабыр сақтап, сабағыммен отырғанымда, мәссаған, ол, менің музам, біздің журналистер отырған аудиторияға кіріп келе жатыр! Өз көзіме өзім сенбедім. Құдай-тағала одан аумайтын сұлуды жаратқан екен, енді осыған «ғашық болып қалмасам, жарар еді» деп жүрегім аузыма тығылып, отырған орнымда тапжылмай, қатып қалыппын. Аздан соң біз бір-бірімізге қарсы жүрдік. Өзі екен! Амандасып жатырмыз. Міне, керемет! Алла сұрамай-ақ менің жүрегімдегі тілеуді берген. Ол бір сағаттай біздің сабаққа қатысты да, үзілісте өз қызметіне (оның қызметінің журналистикамен мүлдем байланысы жоқ) кетіп қалды. Дәріс берушіміз босаған оның орнына мені отырғызды. Жұпар хош иіске мас болып, ғажап күйге бөлендім! Алланың осы еркелеткені аздай, сол күні кешкісін онымен қайта жүздестім. Оқиға былай болды. Оның зайыбы маған қоңырау шалды. Мен осы қалада екенімді айттым. Сөйтіп, кешкісін кездесетін болып шештік. Кездестік. Ақ жүзін бір көруді армандап едім, Алла екіншісін нәсіп етті. Бақыттан басым айналды. Мейрамханада үшеуміз отырмыз. Муза бізге үстелден емес, өзінің сөмкесінен шығарып, дымқыл майлық қағаз ұсынды. Сондағы менің әрекетім ақылдың ісі емес енді, оның қолынан алған жұқа ақ қағазды ерніме тигізе беріп, оң қолым жанқалтама салып жіберіпті. Бұны артынан білдім. Бұл ақылдың емес, таза жүректің ісі! Сол болмашы ақ қағаз сақтаулы тұр... Мәжнүнге Ләйлінің тұрған көшесіндегі ит те қадірлі болған ғой, сол секілді бізге музамыздың саусағы тиген қағаз да қасиетті. Міне, осындай сезім мені журналист қылған, ақын һәм жазушылықты қатар алғызып жүруге күш-жігер беретін.

 

–«Махаббат бер, маған...» әні қазір әлемдік сахналарда орындалып жүр. Сіздің тағдырыңызға бұл әннің қандай әсері болды?

«Махаббат бер, маған, тағдыр» әні жайлы көп адам маған сұрақ қояды. Алғаш орындалғанда қандай сезімде болдыңыз деп. Әннің қытайда, не еуропа мен ресейде, өзімізде жиі шырқалуы, сол алғаш әуелеуі де маған бір ғана сезім сыйлайды. Ол ана тіліме деген махаббат! Қазақ тіліндегі осындай сұлу ән Димаштай тума таланттың арқасында әлем халқының аузында жүр. Алла осы бақытты бізге, қазаққа нәсіп етті. Өзім қазақтың перзентімін, елмен бірге қуанам. Ал, ән менің тағдырыма қалай әсер етті десеңіз, жаратқанның жақындығын, жүрегімізден шыққан шын сөзді қабыл алатынын айқын сездіріп, рухани деңгейімді көтерді, танымалдығымыды арттырды, алайда, мен мақтанбаймын, олай етуге ұялам әрі ол адамдыққа жатпайды. Ән Аллаға, пайғамбарымызға (с.ғ.у.), Отаныма, отбасыма, адамдарға, музама деген алғаусыз ақ махаббатымды одан сайын әуелетіп әкетті дер едім. Тәңірден махаббат сұрадық, тап-таза, ешкімде, ешжерде болмаған, соны берді, бұйырса, алда шексіз, мәңгілік махаббатқа бөлейді деп үміттенемін. Ол үшін жүрегіміз кіршіксіз таза болғай!..

 

–Бір сұхбатыңызда осы әнге байланысты Димаштың шетелдік тыңдармандарынан көптеген хаттар келетінін айтыпсыз. Ең көңіліңізді қозғаған, есіңізде қалған хатты айта аласыз ба?

Иә, ол рас. Бірнеше хат келді. Мадрид қаласында тұратын Dany Art (Даниэла) есімді 15 жылдан бері аталған шаһарда тұрып жатқан әйелден әсерлі хат келді. Ұлты болгар екен. Екеуміздің орысшамыз енді, әйтеуір бір-бірімізді ұғысуға жарады. «Махаббат бер, маған» әнінің авторы екенімді біліп алып, мені өзі тауып алған екен. Димаштың миллиондаған тыңдарманының бірі. Әннің сөзі үшін екі-үш күн сайын алғыс айтты. Одан мені Димаштың концертіне, Лондонға шақырды, өздері Димашты сүйіп тыңдайтындардың фан-клубын құрып алған, Мадридке де шақырды, мен «қолым тимейді» деп құтылдым, бізде баратындай жағдай қайда?! Даниэла әлі де хабарласып тұрады. Мен не жазарға білмей, тиылып қалдым.

 

–Бірнеше жыл бұрын «Махамбеттер тірі екен!..» атты деректі фильмді жарыққа шығардыңыз. Шыны керек, «Орал оқиғасы» туралы деректер аз айтылады, аз жазылады. Не кедергі деп ойлайсыз?

Басты кедергі біздегі кеңестік бұғаудан босаған жүйе, сол жүйедегі жекелеген адамдардың қасаң көзқарасы, қорқасоқтауы, іштерінде отырған үрей дер едім. Осы үрей, құлдық сана көп ісімізді ілгерлетпей отыр. Өкінішке қарай, бұл шындық. Сол деректі фильмді түсіріп, монтаждауға кірісемін деп ішкі саясат орындарына кіріп шықтым. Шошып кетті. «Ескертпеді деп жүрмеңдер, алдарыңнан өттім» деп, хат түрінде де ескеруімді қалдырып, Астанада фильмнің тұсауын кестім. Әйтпесе, біздің Оралда қиын болатын еді, тұншықтыра салады. Мен аздап айлаға бардым, Астанада тұсауын кесіп, оған бүкіл телеарналардан журналистер шақырып, айқайлатып, шулатып тұрып көрсеттік. Есесіне, кейін Оралға келгенімде, біраз оқу орындары мен ұйымдарда кездесулер болып, фильміміз көрсетілді. Әлгі кеңестік қорқынышты сөйтіп жоқ қылдық. Фильмнің шығуы, шындықтың айтылуы да «1991 жылғы Орал-қыркүйек оқиғасын» халыққа жеткізу мақсатынан туған. Иә, оқиға жайлы өте аз айтылады, жазылуы да солай. Екі-үш адамбыз, жыл сайын қоламтаны қозғап, қалам-көсеумен қопарып, шоғын қоздатып қоятын, әйтпесе, ол оқиғаның болғанын ұрпақ білмейді.

 

–Мұндай деректі фильмдер дәл қазіргі кезде бізге өте қажет. Журналист ретінде тағы қандай дүниелер жасалуына ықпал етіп жатырсыз?

Көркем фильмді де түсіріп көрдік. Бір емес, үш бірдей көркем фильм түсірдім. Бірі толық метражды «Қағаз ұшақ» атты дүние, екеуі қысқа метражды фильм. Қаражатсыз түсірдік. Деректі фильмді де, көркем фильмдерді де бір тиын ақшасыз бүтіндедік. Өте қиын. Достықпен, таныстық-білістікпен, қазаққа бір нәрсе істейік деген ниеттен туған дүниелер. Ал алдағы уақытта ой-жоспар көп қой. Менде «Күй атасы» деген деректі фильмнің сценарийі дайын жатқалы он бір жылдың жүзі жаңғырды. Алаш зиялысы Ахмет Мамытов қақында деректі фильм түсірсек деген ойды достарыммен жақында ғана әңгіме еттік. Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет қой. Қазақ үшін қыруар іс тындырған азамат. Оның жасағанындай еңбекті ғылым докторлары әлі атқара алған жоқ. Фильм түсіру үшін Татарстанға, Ғалия медресесіне, ол қызмет істеген бірнеше қалаларда болып, түсіру жұмысын жүргізу керекпіз, ал оның барлығы қаражатқа келіп тіреледі. Өз басым бір тиынсыз көп нәрсені істей берем, бірақ жол шығыны, жаныңдағы адамдардың жағдайы бар, соныдықтан, бес-он минуттық дүние түсірсең де капиталдың болғаны жақсы. Іс өнеді әрі сапалы болады, біздей қара су мен қара нанға шүкір етіп жүре беретін журналистердің тылы, яғни отбасына жағдай туса болды, бала-шағаны асырау, күнделікті жұмыс, ырық бермейді, сөйтіп, ойға алған көп шаруа бітпей, арман болып қалатыны тағы бар...

–Биыл елімізде «Жастар жылы» жарияланды. Осы жылда маңызды, жүзеге асыру керек деген қандай үш істі айтар едіңіз?

Ең әуелгісі – жастарымыз бас болып мемлекеттік тілімізді қоғам тіліне айналуына күш салса, ол үшін жалаулатып, науқандық іс-шаралар жүргізуден бұрын нақ осы жылы «Біз мемлекеттік тілде сөйлейміз» деген сияқты шараны қолға алып, өздерінің жұмыс орындарында, қоғамдық жерлерде, бүкіл салада соны жүзеге асыруға талаптанса деймін. Солай істесе, біздің тіліміз әлдеқайда жақсарып қалар еді. Жыл сайын тіл үшін қыруар ақша жұмсайды, ол ақталмайды, ал жастардың жігерін осыған пайдаланса, ол қоғам өмірінен көрініс береді, мейлінше тез арада нәтижесі байқалады. Ал екінші іс – жұмыссыз жүрген жастарымыз көп, қазақ жастарын айтам, қалталарында дипломдары бар қаншама жас бос жүр, солардың тізімін жасап, жұмысқа орналастырса, жұмыс орындарын ашса, керемет болар еді. Мамандығы жоқ жастарымызды оқытып, тоқытып, оларды да еңбекпен қамтамасыз етсе деген тілек бар. «Болашақ жастардікі» дегенді жиі айтамыз, алайда, сөз жүзінде қалып қояды. Сол көп сөзді нақты іске айналдыратын күн келді. Ал үшінші атқарылар іске келсек, жастарымыздың арасында жат ағымға кетудің алдын-алу үшін түсінік жұмыстарын кеңірек жүргізуді қолға алса, өзіміздің дәстүрлі дінімізді насихаттап, шатақ діннің жетегінде кетпеулері үшін қолдан келгенді жасаса, әйтпесе, ел іргесінің бүлінуі жастың ой-санасының бұзылып, жат діннің ықпалында кетуінен болады.

 

–Бүгінгі таңда ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау қажет деп ойлайсыз ба? Жоғарыда әлеуметтік желі туралы айттық, насихат жұмыстары артық етпей ме?

Қазіргі ақын-жазушылардың кітаптары сирек шығып жатыр. Мәселен, өзім несие алып қана шығаратын болдым, оны банкке қайтаруың керек, отбасың бар, әрі шығарған кітабыңның тиражы 500, әрі кетсе, 1000 дананың ол жақ, бұл жағы. Бұл өте аз. Өзіміз тұрған өңірден басқа жаққа ауыспайды. Сондықтан ақын-жазушылардың шығармасын насихаттау да, оларды қолдау да қажет деп ойлаймын. Бұрын қолдаған. Иә, идеологияға айналдырған. Арасына партия туралы айтқызып қойған. Қазір тәуелсіз елміз. Баяғыдай мәжбүрлеу жоқ. Бірақ сонымен бірге ақын-жазушыларын ел кәдесіне қажетсіну де жоқ болып тұр. Бұл да қауіпті. Шығармашыл адамдар елін, жерін жырламағанда, соны суреттемегенде нені айтады? Ендеше қолдауға тұратындарын қолдап, еңбектерінің қомақты тиражбен шығып, халыққа таралуына жол ашу керек деп есептеймін. Елдің рухын оятуда, тарихи жадын қалпына келтіруде зиялы қауымның, оның ішінде әдебиетке қызмет етіп жүрген адамдардың еңбегі зор, тек сол еңбек өгей баланың күнін кешіп жатқандай сезінемін. «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген Ахаңдардың сөзі біздің ішімізді де өрттей кернейді. Мемлекеттік тілімізді өз мән-маңызымен тұғырына көтерсек, бүкіл салаға жан бітіп сала береді. Біз оның аяғын тұсаулап отырмыз. Хан Кенесарының: «Кезенген жаумен кескілесіп тұрып өлісуге шыдайтын ұл болмаса, сондай ұлды туғызатын елі болмаса, қазақтың қай ісі өрге басар дейсің?» дегені жүрегімді оттай қариды. Ондай ұлдар, қыздар бізде бар, бірақ қолдау жоқ. «Алдымен, экономика, сосын барып өнер мен мәдениет, руханият» деген саясаттың өзі ескірді, ендігі күні адамзат үшін, алдымен ұлтымыз үшін не құнды, не маңызды соларды жалаудай желбіретіп, бүкіл саланы дамытуға күш салуымыз қажет. Мемлекет үшін адамнан артық байлық, адамнан асқан маңызды нәрсе болмауы керек қой, сондай қағиданы ұстансақ, онда біздің еліміз тез дамып, көп мемлекеттің алдына түсуіміз анық. Мен осыған сенемін.

–Әңгімеңізге көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан:Нұртілек Риянбек