КЛАССИКТІҢ ҚОҢЫР КҮЗІ

Әдебиет әлеміндегі ұлылар мен алыптардың ізін басқан халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері Әбдіжәміл Нұрпейісов осы күзде 95 жасқа толмақ.

 Шығармалары әлемнің 35 тіліне аударылып, миллиондаған тиражбен жарық көрген аңыз-адам, классик жазушыға Нұр-Сұлтанда ем алып жатыр дегесін сәлем бере барып, мерейлі сәт алдында сұхбат алсақ деген ниетімізді жеткіздік. Аудармашы Анатолий Кимнің бір жазбасында «Нұрпейісовті аудару үшін шығыс адамының ерекшелігін түсіну керек, әдеби идея мен мазмұннан бөлек, ішкі ырғақ, әуен керек» дегені ойға оралып, бір жағынан классикпен әңгімелесу үшін қандай өре керек деп жүрексініп, бұрынғы жазғандарына іштей көңілі толмай, қайта оралып жөндеп, ұстартып отыратын талапшыл да талғампаз, кірпияз ақсақал меселімізді қайтарып тастай ма деп қылпылдап та тыпыршып отырмыз. Үнсіздік ұзаққа созылды. Абыз үнсіз қалған соң амалсыздан қоштасып кетуге ыңғайландым. Осы кезде классик басын көтерді.

 

 – Не туралы сұрайын деп едің?

 

(Бізде сұрақ аз емес-ті, романдарын аударған Юрий Казаков туралы, Герольд Бельгер, т.б. тұлғалар туралы «Әбе» деген үлкен кітапта айтылған. Өзі де Чехов, Горький, Хикметті аударған адамның бүгінгі аудармаға көңілі тола ма; егер Жәдігер, Әзім, Бәкизаттар туралы осы қазір жазылса ол шығармада да адам, табиғат, экология деген үштағанды ұстап отырып, Арал апаты сөз болар ма еді, жазушының Одақ құлағанда ордендері мен компартия билетін жыртып лақтыр­ғаны рас па…)

– Негізі мен туралы білгілерің келсе, Еуразия университетіндегі тәуір аппаратқа кезінде менің бүкіл ауызекі әңгімем жазылып алынған еді. Бірде Иманғали екеуміз университетке келдік, Жолдасбеков ректор болатын, Иманғали айтты: «баяғыдағы шалдардың кезінде мұндай жазып алатын тамаша аппарат болған жоқ, енді аппараттарың жақсы, мына Нұрпейісовті жазып алсаңдаршы» деп, содан ректор Ақселеу Сейдімбековті шақыртып, үш күн соған жаздырып алды ғой. Енді қолдарыңнан келсе соны қағазға түсіріп алсаңдар, бір экземплярын маған берсеңдер. Мен сонда тұтас айтқанмын, «Әбеке, сізді мұндай ауызекі сөзді былай айтады деп ойламап едім, керемет айттыңыз» деп Ақселеудің өзі таңқалған. Біреуді жұмсап «осыны жазып ал» десе бұзады. Кейін Мырзатай университеттен кеткесін бір студентті жіберген, бірақ, онысы сондай быламық, адам көретін нәрсе емес, ондайдың керегі жоқ, тек сөзбе сөз, қағазға түсіріп алған болу керек. Мен ол кезде жасырақпын, ондай қылып қазір айта алмаймын.

 

(Мен осы жерде «Казправдаға» шыққан Бигелді Ғабдуллиннің «Наш Абе», Елена Брусиловскаяның «Осень патриарха» мақаласын оқығанымды, ғалым Серік Негимов­тің қолындағы сонау 1959 жылы Айқын Нұрқатов жазған Нұрпейісов шығармашылығы туралы мақаланы кіріспе жазып біздің газетке беретінін айтқанда ақсақал елең еткендей болды. «Сен сол Айқын Нұрқатовтың мақаласын маған жеткіз» деді. Бұдан әрі классикпен әңгімеміз төмендегіше өрбіді).

 

Әуезов, Мұқанов, Тәжібаев, Мұстафиндердің қамқорлығын көріпсіз, ағаларыңыз туралы жазғаныңызды «Әбе» деген үлкен кітаптан оқыдық та, алдыңғы толқын ағаларыңыздың ерекшелігі туралы оқырманға қайыра айта аласыз ба?

 

– Қарағым, мен ағалар туралы сұрағыңа ойланайын.

 

– Өмірде адамдар арасынан Еламанды, Сүйеуді, тіпті Тәңірбергендерді жиі кездестіреміз…

 

– Әбіштің айтқаны бар, өзінің ауылынан бір досы бар еді Сайын деген, көк базарға жақындаған кезде Сайын айтады екен: «Қазір мына көк базарға кірсек болды, «Қан мен тердің» бар басты геройларының бәрін тауып алуға болады» деп. Ой, Әбіш деген керемет еді ғой… (Осы кезде жазушы ұзақ ойланып кетті).

 

Еламанның балықшыларға көрсетпегені қалмаған «тентек Шодырға» қарсы тұрып, қайрат қылатыны, әділдік үшін Мюлгау­зенмен төбелесетін жері бар еді ғой, «осы қазақ неге көнгіш» деген ойға тірелетін Еламан образы қазір де керегіп тұр, сіз оған сондай қайрат пен рух дарытқанда бірі би, бірі батыр болған аталарыңыздың мінезін алыпсыз.

– Қыдырбай атам би болған, оның бірге туған інісі Тойқожа батыр, қалмақпен бір соғыста балтырына садақтың оғы тиеді. Біздің ауылда өлең болатын, сол кезде жазып алу керек еді, қазіргі жастар білмейді, баяғыда екінің бірі білетін, «жау марқайып кетеді деп, қанжығаға қайырып байлап тастап соғысқан» деп келетін. Сөйтіп батыр соғыстан кейін ана садақтың оғын алып жұлып тастаған ғой, оқ аяғының ұшына тиген, асқынған, күп болып ісе бастаған, ағасы Қыдырбай би бір тәуір сынықшы әкеледі, оңаша сөйлескенде «мына сынықшы кесіп тастамаса өледі деп отыр, кесуге келісім берсе аяқ жағына екі қазық қағу керек, бас жағынан екі қазық қағып, арқанмен қол-аяғын керіп сол қазықтарға байлап тастау керек деп отыр» дейді. Ол кезде қазіргідей анестезия жоқ қой, «батыр адам қиналған кезде мені қағып жіберіп, зақым қылар, кеудесіне қайратты екі жігітті отырғызу керек» депті сынықшы. Мен батыр дегеннің қалған адамдардан ерекшелігі – тек қайратты, мықтырақ, қолы қатты болу керек деп ойлайтынмын. Тойқожа батыр сонда: «Ешқандай қол-аяғымды байлатқызып тастамаймын, көзім тіріде көкірегіме адам мінгізем деп жүрген жоқпын, керегі шірік аяқ па, кесіп ала берсін» депті. Содан келіскен ғой. Мен өзі біздің ауылда аяғы-қолы сынған шал-кемпірлерді білем, әуелі түйенің мойнындағы салбыраған шудасын қырқып кесіп алады, оны үш рет қайнатып суын төгеді, соңғы қайнатқанда басып тұз салады, қайнатып соны төгіп тастайды да кептіреді, таза шүберекпен ұстайды. Сол шудамен кес­кен жерді орайды.

 

Неге? Ол антисептик сияқты болған ба сонда?

– Солай ыңғайлы екен, сөйтсе мик­роб болмайтынға ұқсайды. Атамыз Тойқожаның сырма қара тақиясы бар екен, соны тісіне басып, екі қолын желкесіне қойып, Алласына сиынып жатады, менің батыр дегенді мойындайтын жерім осы арада, мына тізе емес, тізенің арғы жағы балтыр, аяқтың басы, соны кесіп алып тастап, шудамен орап, сосын таза шүберекпен байлайды, енді бәрі болды десе батырдың аузы ашылмай қалыпты. Тістеніп жатқан ғой. Содан қылышының ұшымен тісінің арасына салып батырдың аузын ашқан кезде манағы тақия қиылып қалыпты дейді. Содан батырға ағаш аяқ бірдеңе салады да, содан ол Ақсақ бөрі атаныпты. Мен жетінші ата деп сол Тойқожаны Еламанға бердім. Ал ана «Соңғы парыз­да» Қыдырбай ата деп Жәдігерге бердім.

 

Қыдырбай атаңыз да мінезді адам болған ба?

– Саған айтайын, «Соңғы парыз­да» Жәдігердің әйеліне ренжіп, қатты қаһарланатын кезде өзінен-өзі Қыдырбай атаны еске алатын жері бар. Қыдырбай бидің оқиғасы былай болған. Алыстағы бір ауылға билік жасап қайтып келе жатып, күн ыстық, шөп күйіп кеткен, терең сайға кезігеді. Қырық деген сан тегін емес қой негізі. Қарақалпақта «Қырық қыз» деген бар. «Қырық батыр» деген бар. Қырыққа келу де жігіттіктің әбден ширап, пісіп, кемеліне келген кезі. Қыдырбайдың алдынан қырық нар шығады. Содан Қыдырбай сайға келсе қырық нарды көріпті, қырығы да жүні қысқа бұйра, қызғылт, кәтепі қызыл нар. Шөгіп жатыр дейді, жанында тең-тең жүктер. Тігілген шатырдың саны да қырық, 39-ы – ақ шатыр, біреуі ғана жасыл көрінеді. Келіп амандасып, «бұл кім?» десе «Арыстан правитель» дейді. Біздің жақта Арыстан, Мәмбет деген правительдер өткен. Арыстан правитель елден салық жиып алып келе жатыр екен, қырық жігітімен, қырық нарымен, қырық үй тігіп… Жасы кіші болғанымен, елді басқарып отырған аға сұлтан ғой, сәлем берейін деп кіріп келсе, астында құс төсек, басында құс жастық, аяғын аяғының үстіне салып жатыр екен, «Ассалаумағалейкүм» деп бұл қолын созып ұмтылса, правитель: «Адамның бойындағы мүшенің бәрі бір ғой, аяғымды ала қой» деп аяғын ұсынады ғой. Сонда бұл атамыз Қыдырбай: «Сенің шуаш сасыған аяғыңның ішін…» деп боқтап, правительді қамшымен тартып-тартып жібереді. Анау қолын бір-біріне соққанда қырық жігіттен екі жігіт келіп, сүйреп алып шығып дүре соғады. Содан есі танып қалған, көзін ашса қасында аты тұр, бәрі кетіп қалыпты. Атына сүйретіліп шаққа мініп, ауылға жетіп, намыс бар, ауырып келдім деп жатады. Өлуге қарайды. Өлуге қарағанда манағы Ақсақ бөрі інісін шақырып: «менің ауырған ештеңем жоқ, осындай жағдай, дүре салып еді, енді әлсіреп кетіп барам, дүре салып жатқан кезде жаным қиналғанда: «осыдан өлмей тірі қалсам Ақсақ бөріге бір талаттырармын деп ойлап едім, сол есіңде болсын» дейді. Тойқожа батыр өзіне қараған төңірекке «правитель біздің жерден өтіп бара жатса маған хабар беріңдер» деп, түсте терлеп шай ішіп отырса, «правитель мына қырдың астында кетіп бара жатыр» деп шауып келіп хабарлайды. Белдеу­де тұрған атына ер салмай мінеді, найза-садақ алмайды. Сен ауылдың баласысың ғой, диірменді білетін шығарсың. Біздің жақта жиде деген ағаш бар, жиде ағашы темірдей қатты, анау-мынау­ға сынбайды, соны диірменнің тасқа тіреп айналдыратын жеріне салғанда найзаның ұшындай болады, содан қолына жиде ғана алып, нөкерлерін қуып жетеді. «Жігіттер жиналып қалды, ешкімге жазығы жоқ, олардың қанын төгіп қайтеміз, менде міне, қылыш та, найза да жоқ, қадамен келіп тұрмын, атымда ер-тұрман да жоқ, бір аяғым болса кеміс» деп жекпе-жекке шақырады. Қанша айтқанмен соғысып қалған батыр ғой, ананың қылышы ма, бірдеңесін қағып жіберіп, жидені езуіне салады да, өзін аттың артына сырып бара жатқанда екі жақ «сау­ға-сауға» деп ұмтылып, арашалап алады. Екі жақтың шалдары бас қосып, бірі – правитель, екіншісі – батыр, бұларды татуластырмаса түбі бір шайқас болады деп, екеуін татуластырады, Қыдырбай атамыздың бойжетіп отырған қызы бар екен, правитель соған үйленеді.

 

 Балықшы Мөңкенің прототипі де өзіңіздің туысыңыз көрінеді. Әсіресе,  Сүйеу қарттың орны біз үшін бөлек.

 Нұрпейіс екі сайлауда болыс болған, екінші сайлауда Торжынбай Шыбынтай деген екі ру қуыршақ ойнап жүрген қызын менің асық ойнап жүрген әкеме атастырған. Атамыз екі-ақ жыл болыс болып, 53 жасында қайтыс болған. Оның әкесі Сыланбай өте қайратты кісі болған, кедейден байыған. Біздің жақ бір ағаш отырғызбаған, қара жерге бір дән сеппеген ел ғой. Сыланбай Орынборға, Орскіге кірешілермен барғанда Жем өзенінің бойындағы қазақтардың арпа, бидай тары егетінін көрген. Сыланбайқазған деген болды, қазір оны ешкім білмейді, ұмытып қалды. Қазған ештеңесі жоқ, менің естуім, ыңғайлы жерін тауып, қардың суын бөгеп тоқтатып, арпа, тары еккен, жылқы, түйе, аздап сиыр, сосын қонақтарға соятын қойы бар, бай адам болған. Сол Сүлей Сыланбайдан сөз қалған, мен көбін ұмыттым, сол кезде жазып алу керек еді, Нұрпейісті өте жақсы көрген, ешуақытта Нұрпейіс демей, Нұрпейісжан деп сөйлейді екен. Сексеннен асқанда кемпірі өліп, содан Нұрпейіс болыс әкесіне келіп, «Әке, кемпірің қайтыс болды, дәрет суыңды дайындап беретін адам алып берсем қалай қарайсың?» депті. Сонда ол: «Нұрпейісжан, өзің солай ойласаң, келісем ғой, тек есіңде болсын, жаскөгі тапталмаған жас адам болсын» депті, содан он тоғыздағы қызды айттырып, екі бала көрген. Шоқыман деген үлкені 1978 жылы қайтыс болды. «Қан мен тердегі» балықшы Мөңке деген бар ғой, осы Шоқыман прототипі. Ал, Сүйеу қартты бір ақ рет, онда да кешкісін көрдім.

 

– Жазғандарыңыздың бәрінде Беларан айтылады, жиі ойлайсыз ба?

– Беларан деген аласа тау бар, қатпар-қатпар тас, алқа бел ұзын, бір тұмсығын теңізге сұғып жатады… Біздің ауыл Аралдың ең батыс жиегі, Маңғыстаумен тіреліп жатыр, алыс, қара жер жағалап жеткенде Арал қаласынан біздің ауылға дейін 375 шақырым. 1931-де мен ауылда мектеп ашылып, он шақырым жердегі Кеңқора деген үлкен ауылда оқыдым. Шалдар айтып жүрді, оқу бір ай кеш басталды деп, Нұрпейіс, Сыламбай бай төңірегіне малын бағатын, бір жерде екі үй, бір жерде төрт үй туыс­тарымен отырды.

 

(Осы кезде классик жазушының Алматыдағы туысы келіп кіріп, әңгіме үзілді).

 

P.S. Кетерде жазушы «осыған хабарласарсың» деп келіні Әйгерімнің телефон нөмірін ауызша айтты. 95 жасқа келген абыз ақсақалдың жадына таңғалдым. Керісінше, мен ұмытып қалмайын деп нөмірді мұқият жазып алдым. Жазушының досы Мұқан Иманжанов туралы мақаласын оқығанымыз бар еді. Жасы тоқсанға жеткен жазушы Виктор Шкловскийдің «Мен дос­тарымның аты-жөні мен телефон нөмірлерін қойын дәптеріме жазып жүретінмін, бірақ, соңғы кезде олардың бәрі сызылды» деген сөзін келтіріп, «естелік, жалпы адамның жады жоғалады дегенге мен сенбеймін, сенгім келмейді» деп жазған еді. Иә, жадыны жоғалт­пау – зерденің мықтылығы, дегдарлықтың белгісі ғана емес, сонымен бірге өміршеңдік те. Әрбір қазақ алдымен «Қан мен терді» одан кейін «Курляндияны» және «Соңғы парызды» оқыса, өзінің тарихи жадын жоғалт­пайтыны анық.

 

Жадыра ШАМҰРАТОВА