«Карантин елордалық қаламгерлерге қалай әсер етті, не жазды, не жазуда?» деген оқырмандар сұрауы болуы әбден заңды. Осыған орай ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершуге біраз сұрақ қойған едік.
-Маржан, өзіңізді көзі қарақты оқырман тәуелсіздіктен кейінгі белді қаламгерлердің бірі деп біледі. Карантин жағдайы кім-кімге де оңай соқпағаны анық. Қарантинде шығармашылық жағдайыңыз қалай болды?
- Осы онлайн байланысымыздың өзіне шүкірлік етіп жүрміз. Карантинде кітаптар оқып, жазуымыз көбейген сияқты. Кітап жаздым. Кітабымның аты: «Шығармашылық лаборатория» деп аталады. Шығармашылық лабораториясы қаламгердің басынан кешкен қилы-қилы оқиғалардың жиынтығынан туатын шығармашылық процестер, жаңа шығарманың дүниеге келу тарихы. Бұл тек қаламгердің өзі ғана сезініп түсіне алатын дүниелер. Әр шығарма шығармашылық лабораторияда әбден қызып қайнайды. Оны қалай қайнату қаламгердің өз еркінде. Яғни, ми мен жүректің қызметі. Сондай-ақ, одан басқа әр шығармашылық адамының өз цехы, яғни лабораториясы бар. Бір ақындар асүйді, бір ақындар жазу кабинетін не саяжайын лабораториям деп есептейді. Менің лабораториям шағын ғана мекенжайым. Менің шығармаларым осы жерде жазылды, жазылып жатыр. Сондықтан бұл ұямды мен құтханам деп есептеймін, әрине ол, біреулер үшін шағын бір құжыра болып көрінер. Бір қызығы, басқа жерде мен ештеңе өндіріп жаза алмаппын. Тіпті жаза алмайтындай халде болам да, өз лабораторияма қарай жүгіремін. Білмеймін, бұл да бір тылсым шығар. Сонымен бұл кітап не жайлы десеңіздер, бұл кітап өзім жайлы, өлеңім жайлы, шығармаларымның өмірге келуі жайлы. Өлеңім-өмірбаяным. Менің жазған шығармаларым белгілі бір себептермен жазылған екен. Әрқайсысының өзіндік қызық хикая-тарихы бар. Демек, өмір мен көңіл маған әсер еткені ғой.
Шынында солай. Қадыр Мырза Әли «Жазмыш» кітабында: «Кейде ақын-жазушылар өздерінің шығармашылық лабораториясы туралы сыздықтап бірдеңе айтады. Бірақ қатпар-қатпар құпияларын аша түсуге олар да құштар емес» деп жазған екен. Ақын табиғаты деген не?! Оның басқалардан айырмашылығы қандай? Осы сұрақтар кейде қойылып қалады. Дұрыс, қаламгердің шығармасы зерттелуі керек. Сонымен қатар қаламгердің жеке басының зерттелуі бізде әзірге жүзеге аспай жатыр. Ол үшін неден бастау керек? Мен карантинде осындай ойларды ойладым. Сондықтан бұл тақырыпты бірінші боп бастадым. Кітабым 30 тараудан тұрады. Кітабымнан кейбір үзінділерді фейсбук парақшамда «Шығармашылық лабораториясы» деген постпен жарияладым, көптің ой-пікірін байқау үшін. Бұл біреулер үшін жаңалық, ал біреулер менің болмысымды енді танып келе жатырмыз десе, енді біреулер жазу деген қып-қызыл өрт екен ғой дегендей пікірлерін айтып жатыр.
-Мұны біреулер жарнама деп ойлап қалмай ма? Сонымен, оқырман не жайында біле алады?
- Жарнама тәтті сөз. Бірақ, бұл тәтті сөз әдебиетті айналып кетіп жатыр. Жақсы қаламгерлер бар, жақсы шығармалар жазылып жатыр. Бірақ насихаты жоқ. Сын жоқ. Тек мақтау бар. Ақпарат бар. Мақтау мен ақпарат бізге шығарма туралы не автор туралы маңызды мағұлмат бермейді. Қазір ақындар арасында «қара пияр да пияр» деген пікір қалыптасып кетті. Қара пияр тек ат шығару болса, оның әдебиетке әкелер пайдасы жоқ. Әдебиеттің құралы, тақырыбы, мәні - адам. Оқырман санасын ізгілендіру, үмітін ояту, арманына асықтыру, көркемдік әлемін байыту бұл әдебиеттің ежелгі мақсаты емес пе?! Не болса соны тықпалап, әдебиет деген осы ғой насихаттау оқырманды адастыру. Сол тұрғыдан қарағанда, мен кітабымды жарнама үшін жазылды деп айта алмаймын. Өзімді өзім қалай мақтаймын. Шығармашылық оңай шаруа ма?! Жазғанның бәрі ғажап па? Талғам пен таным неге жетелейді? Тылсым сыр ақынға нені ұғындырады? Мен нені құрметтеймін және қандай талаптарға бағынамын. Осы мәселелер жазылды бұл кітапта. Бүгінгі қазақ әдебиетіне жаңа дүние, жаңа серпін керек. Біреуді жабылып мақтау не жабылып жүріп біреуді құлату ол санамызға күш бермейді.
- Ф. Достоевский «Подросток» романының негізгі сюжетін түсінде көрген. Ағылшынның ұлы жазушысы Чарльз Диккенс те әуелі түс көріп барып, жазуға отырған деседі. Мұндай мысалдар көп. Шынымен де ақындардың әр өлеңінің жазылуы тарихы болатын секілді, өзіңіз осыған бір мысал келтірсеңіз.
- Былтыр Санкт- Петербургте Әлия батыр қызға ескерткіш орнатылды. Бұл хабарға исі қазақ қуанды. Мен де қуандым. Сол қуанышпен супермаркетке кірдім. Ойланып келе жатырмын. «Неге бұл жаңалықты жырламасқа?» дейді бір ойым. «Елдің қызын түгендейтін тек мен бе, басқа бір ақындар жазар» деп бір ойладым. Дүкен ішінде келе жатқам. Ортада шөмеле боп шөлмектер жиналып тұрады емес пе, бір кезде жанынан өтіп жатқам, бір қорап жерге құлап түсті де ақтарылды. Шарап екен. Бұл қалай? Мен тиген жоқпын ғой деп ойлап қоям. Жан-жағымда адам жоқ. Кызметкерлер жүгіріп келді. Төгіліп жатқан қорапты ашты, виски сыныпты. Менің көзім бақырайып кеткен. Камера қараймыз десті, жабылып қарасақ, виски жиналып тұрған қорапты менің плащымның етегі қағып кетіпті, содан құлайды, сынады. Бұл қалай болғаны? Бұл мүмкін емес қой?! Сосын айттым: «Бұл вискиге қанша жыл болған екен, білесіздер ме, сонша жылға шыдамай шөлмек өзі сынып қалған болар, мүмкін, қисайтып жинап қойған шығарсыңдар?» дедім. Дегенмен, кінәлі мен. Содан кұжат толтырдық. Шығынын өтейсіз деді. Көп болса 7-8 мыңдай болар деп тұрғам, бағасы 32 мың теңге екен! Вискиді ішіп сындырсаң ештеңе емес қой, ішпей-жемей қиын екен. Үйге келе жатырмын. Әрі ойлаймын, бері ойлаймын, қалай, не боп кетті деп. Әлия ескерткіші туралы ойларым есіме түсті. «Елдің қызын түгендейтін мен бе?» деп нем бар еді?» деп бір ойласам, «осы менің мұсылманшылдығым да шамалы, Құран оқытуды да білмеймін» деп қоям іштей. Жас кезімде: Қайран, Әлия, Мәншүк! Мини юбка дегенді кимедіңдер ау, дискотека дегенді білмедіңдер- ау! Енді мен сіздер үшін бір билеп келейінші» деп айтатын сөзім есіме түсіп, қысыла бастадым.Тірі жүргеніме кінәлі жандай жаныма бір мазасыздық кірді. Қатты қапаландым. Вискидің салмақ-бағасы да қинап бір жағынан. Қой, жазайын, болмас деп қалам алдым. Содан осы өлең жазылды. Ертесіне Ошта өтетін түркітілдес халықтар поэзия форумына шақырту хабар келді. Бұл жақсы хабар көңілді қуантты. Оштан келген соң, «Әлия ескерткіш» деген өлеңімді фейсбукка шығарып қойып ем, Ошта танысқан қырғыздың ақын қызы Алтынай Темирова өлеңімді қырғызшаға аударып, парақшасына салып қойыпты. Өзі де таңғалып, өзінен-өзі тез аударылды деп қояды. Алтынай Әлия туралы өлеңімнің демімен менің жырларымды қырғызшаға аударды. Аударма өлеңдерім Бишкекте «Жүрегім» деген кітап болып жарыққа шықты. Алтынайға аударма үшін осы «Әлия – ескерткіш» өлеңім баспалдақ болыпты. Өлең деген қызық құбылыс. Кейде жылатады, кейде жоқ жерден сенің жолыңды ашады.
- Қадыр ағамыз «Жазмыш» кітабында: «Шынында автордың өзі жан-жақты зеттелуі тиіс. Мінез-құлқы қандай? Қандай қағазға, немен жазады? Көп түзете ме? Ол қалай тамақтанады? Қалай демалады? Киімді қалай киеді? Аяқ киімі қалай тозады? Байсалды ма? Күйгелек пе? Тағысын тағы, толып жатқан сұрақтар. Бұл сұрақтарға қайтарылған жауаптардан ақын-жазушының табиғаты, болмысы ашылмақ?» деп жазған ғой. Мысалы Агата Кристи детектив шығармаларын жазар алдында ваннада отырып, қылмыс болған жерден түсірілген фотосуреттерге қарап, алма жеп отырады екен. Бұл таңғаларлық, бірақ, жазушының осы біртүрлі мінезінен қаншама шығарма туды...
-Қадыр аға дұрыс жазған. Мен ол кісіні ақын ғана емес, философ деп бағалаймын. Өйткені, ол өз заманынан елу жыл бұрын жүріп, озық ойларын айтып кетті. Әр ақын-жазушы жеке адам. Өз көзқарасы, танымы бар. Бірақ, бұл күнде біреудің көзқарасымен қарап, біреудің танымымен өлшейтін қаламгерлер көбейіп барады. Бұл жақсы емес. Әдебиет үшін жақсы емес. Өзіндік мінезі жоқ қаламгерде өзіндік көзқарас қалыптаспайды. «Бәленшекең не айтып жатыр, мен де осылай ойлаймын ғой» дей салады. Мінезі жоқ ақыннан оның табиғаты мен болмысын іздеп шаршаудың керегі жоқ шығар. Мінез қолға таяқ ұстап алып, айқайлап шабу ма, жоқ олай емес. Мінез - мінезден. Қазір кейбір ақындар, «мен жазушымын, оқырман емеспін ғой» деген сөзді көп айтады. Модный сөз деп, дәреже көтеретін сөз деп ойлайтын шығар олар, білмеймін. Ал осындай ақындарға Қадыр аға айтып кеткен сұрақтарды қойсаңыз, әдемі жауап аларсыз деп ойлаймын.
- Әдебиетті насихаттау жоқ дей алмаймыз, «Қазақ әдебиеті» газеті, түрлі әдеби порталдар бар. Олармен байланысыңыз қандай, жиі жарияланасыз ба? Әдеби агенттер туралы ойыңызды білсек?
- Әдебиетте насихат болған жақсы ғой. Мен жиі жарияланбаймын. Үнемі шығармаларымды ұсына беруге, тек маған қарап отырыңдар деуге құмар емеспін. Басқалар да бар. Оларды да оқиын деп отырам. Әдеби агент деген тіркес өмірімізге енгелі біраз болды. Бағыттары жақсы, бірақ олардың жұмысы күнкөріске бағытталған. Неге бізде әдеби агенттіктер құрылмайды? Мемлекет жәрдем берсе, жағдай туғызса жақсы болмай ма?! Ол күнге де жетерміз деймін. Менің бұл кітапты жазғандағы мақсатым да сол жақсы күндерге деген құлшыныстан туған еді.
-Жаңа кітабыңыз қашан шығады деп жоспарлап отырсыз?
- Кітапты жазу бар, одан кейін жарыққа шығуы да көп шаруа. Реті болар деп ойлаймын. Менің «Шығармашылық лаборатория» кітабым оқырманын әдемі әсер мен әдемі ойларға жетелесе, ойдың орындалғаны, мақсаттың діттеген жерге жеткені деп білер ем. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
-Әңгімеңізге рахмет!
Qalamger.kz