Гүлнар САЛЫҚБАЙ: Күйзелістен жақсы өлең туады деп ойламаймын...

Гүлнар ақын өткен ғасырдың 90-жылдары қазақ поэзиясына әкелген тосын жаңалығымен өлеңдегі өзгеше өрнегімен, формалық ізденістерімен поэзия әлеміне батыл енген ақын. Оның мәңгілік махаббат, мәңгілік аңсар – шексіз дүниені арқау еткен поэзиясы өзіне тән кеңістік қалыптастырып, қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейтті.
Қазіргі таңда «Қазақстан» телеарнасында Бас редактор болып қызмет атқарады. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

 

Таяуда «Қазақстан» Ұлттық арнасынан сіздің сценарийіңіз бойынша түсірілген «Күй-ғұмыр» атты телехикая көрсетілді және ол көрермендер тарапынан түрлі әлеуметтік желілерде өте жоғары бағаланып жатты. Жалпы бұл идея қалай туды? Әлде арнайы тапсырыспен жазылды ма? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Жеңіс Тұматаев деген дарынды режиссер, продюсер азамат бар. Кейбір бауырларымыз сияқты бір жерден тапсырыс алса, жарты ақшасын қалтасына сүңгітіп, қалғанына күлдібадам бірдеңе түсіре салмайды. Адал, талантты жігіт. Сол азамат домбырашы туралы телехикая түсіргісі келетінін айтып, көмек сұрады. Менің дәстүрлі музыкадан аздап болса да хабарым бар екенін білген шығар. Кезінде «Ел» продюсерлік орталығы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырыспен шығарған «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» антологияларының жұмыс тобында жетекші болған едім. Бір көркем, бірнеше деректі фильмнің сценарийін жазғаным бар. Бірақ телехикая дегенмен мүлде айналысып көрген жоқпын. Жеңіс қолқа салып қоймаған соң Ғалым ағамен (Ғалым Доскен) сөйлестім. Ол: «Неменеге жүрексінесің? Арқадағы шертпе күйшілердің тағдырын білесің. Дәулетбек ақсақалды да білесің. Сценарийдің негізгі лейтмотиві ретінде сол тұлғаны алып жазып шығуға болады ғой…» деді. Ағамыздың осы идеясымен Жеңіс екеуміз кірісіп кеттік. Бірақ қазіргі заманмен байланыстырып жасамақ болып шештік. Берілген уақыт та тығыз болды. Асығыс жазылған соң, әрі алғашқы қадам болғасын кемшіліктер де бар шығар. Көрерменге ұнап жатса, қуаныштымын.


Сұхбат беруден бойыңызды аулақ салып жүресіз. Неге?
– Менің бір жақсы көретін, сыйлас сіңілім бар. Кездесе қалсақ, жарты сағатта кемінде 30-40 сұрақ қояды. Сондықтан оған «Қызыл сұрақ» деген ат қойдым. Менде бір өңірге тағатын түйреуіш-сұрақ белгісі бар. Өзі соған қызығып жүр. Өте қызық сұрақ қойып, мені састырсаң, осыны саған сыйлаймын деп ем, тіпті сұрақтың астында қалдым. Кейде осы сұхбат беруден қашқаным үшін құдай сені маған жаза ретінде жіберген шығар деп қалжыңдаймын.
Маған жалпы сұраққа жауап берген және өзім туралы айтқан ұнамайды…


Не оқып, не жазып жүрсіз?
– Соңғы кезде кітап оқымай кетіппін. Жұмыс, үй деп жүре бересің, оның үстіне алды-артыңа қаратпастан қаңбақтай ұшырып бара жатқан заманымыз кітап дейтін киелі нәрсенің бар екенін де ұмыттырып бара жатқандай. Былтырғы жылдың соңына қарай өзімді қолға алайын деп, қайта оқи бас­­тадым. Оқиын деген адам уақыт табады екен. Қазір ХХ ғасырдағы әлем­дік прозаны қайта оқып жатырмын. Керемет! Мүлде басқа әлемге еніп кеттім.
Анда-санда өлең жазам. Бірақ әлі жариялауға ерте сияқты. Суытып, қарап жүрмін. Болашақта пьеса, киносценарий жазсам деген жоспарларым бар.


– «Өмір деген үңгірлерге үңілу, Содан кейін түңілу» дейсіз. Түңілген сәттеріңіз көп болды ма? Кейбір ақындар жақсы өлең күйзелістен туады деп жатады. Рас па?

– Көп болды деп айта алмаймын. Бірақ болды. Мен негізі өте оптимист адаммын. Бүкіл дүние сенің ойлағаныңдай болуға міндетті емес қой. Рас, кейде қатты сеніп қаласың. Рас, жақсылық күтесің. Кейде өмір бойы сенген адамың мүлде басқа боп шығады. Сол кезде түңілмеске шара жоқ…
Бірақ күйзелістен жақсы өлең туады деп ойламаймын. Жақсы өлең туу үшін сәл болса да сәуле, жылылық керек.


– Бір өлеңіңізде «Доссыз өмірмен таныстым…» деп жырлапсыз. Мұны досқа балап жүрген адамдардың кенеттен теріс айналғаны деп қабылдаған дұрыс па?

– Бұл – достың теріс айналғаны туралы өлең емес. Жалғыздық әлеміне оралу туралы өлең. Жалғыздықпен табысу туралы десе де болады. Жалғыздық әлемінде ешқашан дос болмайды, меніңше…

– Сіз кешірімшілсіз бе? Адамдардың кейбір мінездерін кешіре білесіз бе?
– Мен өзім тұспалдап айтқанды түсінбеймін. Сондықтан кейде ойымды дүңк еткізіп айта салатын кездерім болады. Егер сөзім ана адамға ауырлау тигенін байқап қалсам, міндетті түрде кешірім сұраймын. Байқамасам, амал жоқ. Жасы үлкен бе, кіші ме оған қарамаймын. Үйде баламнан да кешірім сұрап жүремін. Қателеспейтін адам жоқ. Тек дер кезінде қатеңді біліп, кешірім сұра. Дүниенің үйле­сімін бұз­ғың келмесе, кешірім сұрап, кеші­рімді болу керек. Менің ұстанымым осы.

– «Айдың аппақ сәулесіне оранып, Мен бақытты бола салам бір күні!» дейсіз тағы бір өлеңіңізде. Бақытпен кездестіңіз бе?
– Бақытпен күніне неше рет кездесеміз. Бірақ байқамаймыз. Сосын бақытсызбыз деп жылаймыз. Өмірдегі бір болмашы сәтсіздіктерге налимыз. Бірақ біраз уақыт өткен соң сол сәтсіздіктердің қандай бақыт екенін түсінесің. Менің түсінігімдегі бақыт – қарапайым ғана қуаныштардың жиынтығы.

– Фариза, Ақұштап, Күләш ақын­дар­дан кейін сіздер келдіңіздер. Сіздерден кейінгі толқында да қалам ұстаған нәзік жандылар аз емес. Сіңлілеріңіздің шығармашылығын бақылап жүресіз бе? Беталыстары қалай деп ойлайсыз?
–Ешқандай елде ақындарын осылай кемсітпейтін шығар… Бізде «еркек ақын» деген тіркес жоқ. Ал «әйел ақындарды» әдебиеттің төріне шығарғысы келмей, осылай бөлектеп, сұрыптап, ас үйге қарай ыңғайлауға құмар. «Фариза, Ақұштап, Күләш, Марфуға апайларының жолын қуған», «қазақтың дарынды ақын қыздарының бірі»… Мен әдебиетті бұлай жынысқа бөлмеймін. Жастардың жазғанын шамам келгенше оқып жүремін. Олардың ішінде қыздар да, ұлдар да бар.

 

– «Көктем-сіңліңізден» не күтесіз?
– Бұл өлеңді жазған кезде көктем «сіңлім» еді. Қазір «қызым» болған шығар. Көктем жаңару, жаңғыру мезгілі ғой. Жақсылық күтеміз. Аналарды, сіңлілерімді, қыздарымды көктем мерекесімен құттықтаймын!

– Танымалдық дегенді қалай түсінесіз? Жалпы атақ-даңққа қалай қарайсыз?
– Қазақта «Атың шықпаса, жер өрте» деген бар ғой. Бүгінгі күні танымал болу қиын емес. Аса таяқ ұстап алып, анда-санда аттандап қойсаң да атың дүркіреп шыға келеді. Әлеуметтік желілер арқылы даңқы шығып жататындар да бар. Жылтыңдап, әр жерден көріне берсең де біраз жерге барып қаласың. Жарайды, той арқылы күн көретін әншілер танымалдыққа ұмтылсын. Тапсырыс көбейеді. Ал жазушыға оның керегі бар ма? Олар шығармасымен танылуы керек емес пе? Жазушының сахнасы ақ қағаз ғой. Адамның еңбегімен аты шықса жақсы, ал атын шығару үшін ғана жанталасу деген мен үшін түсініксіз…


– Сіз шырайлы Шығыстың қызы екеніңізді білеміз. Қандай ортада туып-өстіңіз? Бала Гүлнар, бойжеткен Гүлнар қандай болды?
– Әкемнің қолынан кітап түспейтін. Партия қызметінде болды, ел басқарған адам. Қиын кез ғой. Соғыс кезінде колхоз басқарып жүргенде әйелдерге «қырмандағы орылған егіннің қалдығын білдірмей алып кетіңдер» дейді екен. Соны біреулер жеткізіп, «халық жауы» ретінде сотталғаны да бар. Ілияс Омаровпен бірге оқып, жас кезінде дос болған екен. Тағдырына араша сұрап сол кісіге арнайы хат жазыпты, ол кісі құтқарып та алған көрінеді. Шешем балалар үйінде өсіп, орысша тәрбиеленген. Ол дүниежүзі классиктерін жас кезінде орыс тілінде оқып шығыпты. «Человек который смеется», «Война и мир» деген фильмдерді көргенде «Кітабында бұлай емес, бәрін өзгертіп жіберіпті, мынаны көргенше кітабын оқы» деп ренжіп отыратын. Өзі керемет әнші еді. Татар, орыс, украин әндерін керемет орындайтын. Мен де әнді жақсы көретінмін. Есіктің алдындағы бұзылған, көне тракторға кіріп алып, айқайлап ән сала беретінмін. Жазды­гүні маңайдағы өзім құралыптас ұл-қыздарды жинап алып, ауылдың адамдарына спектакль, концерт ұйымдастыратынмын. Режиссері – өзім. Кейін әнші боламыз деп талпынып та көргем, анам «көптің бірі боп қайтесің, сенен жарқырап тұрған әншілік дарын көріп тұрған жоқпын» деген соң, қойдық.
Үйдің кенжесі болған соң өте ерке болып өстім. Ерте хат таныдым. Бес жасымда әскерде жүрген Жекен деген ағама ауылдағы бүкіл жаңалықты жеткізіп, хат жазады екенмін. Тіпті өзім қатарлы қыздар бой түзей бастағанда шашымды тақырлап алғызып тастаған кездерім болған. Бір досымның шашын «бір себептермен» қысқартып алып тастаған ғой, сол «дос екенің рас болса, сен де алғыз» деді. Сосын атама (әкемді ата дейтінмін) келіп, «мен де досым сияқты тақырбас болуым керек» дедім. Ол ары-бері үгіттеп көріп еді, көнбедім. Сосын ал ендеше керек болса деп, ұстарамен жалтыратып тұрып алып тастады. Шаруаға қырсыздау болдым, бірақ сабақты жақсы оқыдым. Қыс болса, аяғыма шаңғы байлап алып, дала безіп кететінмін. Жаз бойы «алтын балық» ұстаймын деп өзеннен шықпайтынмын. Біздің жақта ол кезде қыста 40-45 градусқа дейін аяз болатын, сабақ тоқтап қалатын. Сонда да үйден қашып шығып, далада ойнап жүрем. Жұрт «алпыс градус аяз болса да Сейітжанның қызына бәрібір» деп күледі екен. Кейін студент кезімде аудан орталығында кездесіп қалған өзіміздің ауылда тұратын бір апаға сәлем берсем, танымайды. Кім екенімді айтып едім, «Е-е, сен де адам болдың ба?» деп әбден күлді. Қандай болғаным осыдан да белгілі ғой…


– Ауыл туралы «Ауыл, ауыл тәтті елесім, Мәңгі оралмас ақ кемесің, Алыс­тасам сағынасың, Жақындасам жат көресің» деп келетін өлеңіңіз бар ғой. Ауылға жиі барып тұрасыз ба?
– Менің жүрегімдегі ауыл басқа, қазіргі ауыл басқа. Маған қымбат адамдардың көбі бүгінде жоқ. Бала кездегі достар да өзгерген, олардың өз өмірлері бар. Мен бала кезімдегі ауылымды сағынам. Тіпті көшенің басынан аяғына дейін – кімнің үйі қай жерде, олардың түрлері, мінездері, балаларының аттары – бәрі есімде. Шешем марқұм қолымда болды ғой, екеуміз әңгімелескенде соның бәрін айтып берсем, қалай ұмытпағансың деп таң қалатын. Анау бір жылдары жер сілкінгенде көп үйлер құлап, ауыл өзеннің арғы бетіне көшкен. Қазір мүлде басқа. Жиі барудың да сәті түсе бермейді. Реті келсе барып қайтуға тырысам. Өйткені әкем де, анам да сонда жатыр ғой…


– Сіз мәңгілік махаббат, аңсар арманды жырлайсыз. Үздіксіз ізденісте жүретініңіз де байқалады. Сіздің ұғымыңыздағы өлең деген не? Өлеңді қалай, қандай сәтте жазасыз?
– Мен үшін өлең – өмір сүрудің құралы. Өйткені мен қуансам, қатты қуанатын адаммын, ол да оңай емес. Қиналсам, қатты қиналам. Табаныңды сәл де болса жерден көтере алсаң, жазасың. Өлең деген негізінен эмоция­дан туады ғой. Сондай бір кездер болады. Өлеңді проза сияқты жоспарлы, жүйелі түрде жазу мүмкін емес.


– Ақын Гүлнар Салықбай қандай адам?
– Білмеймін. Жұрт күйкі тірліктен шаршадық десе, маған бірқалыпты өмір ұнайды. Меншікті әлеміме аяқ астынан ешкім баса-көктеп кіріп кетпесе… Күнделікті ыр­ғағым бұзыл­маса. Өзіммен өзім жүрсем. Үй­­реншікті соқ­пағымнан адасып қалмасам.
Біреуге қатты кектенген жерім жоқ, бірақ ұнатпайтын адамдармен кездеспеу­ге тырысам. Тіпті өзім құрметтейтін адамдармен де тұрақты түрде қарым-қатынас ұстап, аралас-құралас болу үшін себепсіз хабарласа бергім келмейді. Қонаққа, тойға және әр түрлі адамдар көп жиналатын жерлерге өте сирек барам. Өйткені, барлығы ұқсас. Қысқасы, өзіме ұнайтын нәрсемен ғана айналысамын. Ал үйіме ең жақын адамдарым ғана келеді. Осы кісінің түбі бір пайдасы тиіп қалар деп, ретін тауып, біреулермен жақындасқанды да білмеймін. Іштар емеспін. Соған шүкіршілік етемін. Жұрттың жақсылығын көре алмау деген қиын ғой, өмірің азаппен өтеді. Жаман жақтарым да толып жатыр. Бірақ ол туралы айтқым келмейді. Шәкәрім атамыздың:
«Біреудің мінін тергенше,
Жамандығын көргенше
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше!» деген ақылын тыңдасақ, қателеспейтін шығармыз деп ойлаймын…


– Орыс ақыны Марина Цветаеваны тәржімаладыңыз. Орыс поэзиясында айрықша із қалдырған ақынды қазақша сөйлету оңай болмаған шығар? Қазір кімдерді аударып жүрсіз?

– Орыс поэзиясын университетте жүргенде оқи бастадым. Сонда Цветаеваның өлеңдері ерекше әсер етті. Тосын ойларымен. Сосын кейбір өлеңдерін аудара бастадым. Кейіннен осыны естісе керек, «Аударма» бас­пасынан төрт баспатабақ аударып берсеңіз деген ұсыныс түсті. Қатты қиналдым. Өзің үшін анда-санда аударып жүрген бір басқа да, арнайы тапсырыспен отырған мүлде басқа екен. Оның бәрі бірдей сәтті шықты деп айта алмаймын. Жұмыста жүріп, арасында аудардым ғой. Бұйырса, кейін бір осыған қайта оралсам ба деп ойлаймын.
Қазір аудармамен айналысатын уақытым жоқ. Жұмыс…


– Өміріңіздің қандай сәтін жиі еске аласыз?
– Осыдан біраз жыл бұрын ауруханада отадан кейін біразға дейін оянбай қалыппын. Дәрігерлер де қатты сасыпты. Сап-сау адам, неге оянбайды деп. Сонда түс көрдім. Түсімде бір терең шұңқырда жатыр екем, жоғарыға қарасам, ұзын, ақ сақалы бар аталар қоршап тұр. Алыстан бір сәуле көрінеді. Аталар ұзын жеңдерін түсіреді, мен содан ұстап, шығуға тырысамын, бірақ қолым талып кетеді де, айрылып қаламын. Олар күбір-күбір сөйлейді, бірақ не дегендерін ұға алмаймын. Осылай қиналып, ұзақ жаттым. Бірақ мына қараңғыдан тезірек шығып, ана сәулеге қайтсем де жетуім керек деп, бар күшімді салып, аталардың жеңіне қайта ұмтыламын. Ақыры шықтым. Осы жағдай бір нәрсеге қиналған сайын есіме түседі. Мен үшін өмір деген осындай бір күрес. Бірақ айналадағы адамдармен емес, анау бір сәуле үшін күрес. Ол күресте жеңімпаз жоқ, бірақ сол сәуленің қандай қымбат, бағалы екенін түсінесің.


– Сіз өтпелі кезеңге тап келген ұрпақтың өкілісіз ғой. Алғаш кітап шығару да қиынға түскен шығар?

– Иә, сондай қиын кезеңге тап келгеніміз рас. Ақшаның құны жоқ, жалақы жоқ. Бірақ жаспыз ғой, әлде мен санасыз болдым ба, содан бір қайғы жасамаппыз. Бір нәрсе есімнен кетпейді. Ақсайда екі бөлмелі үйім бар. Бірнеше ай бойы жалақы алмадық. Бір тиыным жоқ. Қарақан басым үшін жақындарымнан ақша сұрауға ұялып, жата бердім. Үйде жарты бөлке нан, кішкене бал, шай ғана бар. Жатып ап кітап оқимын, үйде аздаған бал бар екен, арасында соны қосып шай ішіп, бір түйір нан жеп қоямын. Қаншаға дейін шыдайтынымды көрейін деп бекіндім. Бір апта өтті. Ашыққан деген қызық болады екен, сыртқа шықсам, мұрныма тек тамақтың исі ғана келеді. Қай үйде не істеліп жатыр, соны ғана сезесің. Сөйтіп жүргенде Ғалым ағамның (Доскен) үйіндегі жеңгей қонаққа шақырды, балалардың бірінің туған күніне. Барайын десем, тіпті автобусқа да ақшам жоқ. Жақсы көретін ағамның баласының туған күні. Бармауға болмайды. Басым айналыңқырап, үйден шықтым. Өмірімде бірінші рет билетсіз отырып ем, ұстап алып, бір кеңселеріне алып барды. Ол жерде біраз әуреге салды. Ақыры жеттім. Жеңгем бәліш пісіріп жатыр екен. Қонақтар әлі келе қоймапты. Ғалым аға да бір шаруалармен сыртқа шығып кетіпті. Жеңгемнің бәлішінен ауыз тигенім, сосын кішкене демала тұрайын деп диванға жантая кеткенім есімде. Қатып ұйықтап қалыппын. Аш өзегіме түсіп кетсе керек. Кейін осыны айтып бергенде Ғалым ағам ақшаң бітіп қалғанын айтпадың деп, қатты ренжіді.
Ойлап қарасам, өзімнің белсенді­лігім төмен болғанмен, өмір бойы жақсы ағаларым өрге сүйреп келіпті. Шерхан ағаның тұсында «Қазақ әдебиеті» газеті жылына бірнеше рет өлеңдер топтамамды беріп отырды. Мұхтар ағаның (Мағауин) тұсында «Жұлдыз» журналына жарияланды. Төлен ағаның қамқорлығын көп көрдім. Жазушылар одағында жұмыс істеп жүргенде газеттегі өлеңдерімді оқып, Сейдахмет аға (Бердіқұлов) «Жалын» баспасынан «Бір жұтым ауа, қызыл күн» деген алғашқы кітабымды өзі сұратып, кезексіз шығарып берді. Ал «Жан» деп аталатын екінші кітабымды сол қиын кезеңде осы баспадан Бексұлтан аға (Нұржекеев) шығарды.

– Сынға қалай қарайсыз?
– Егер сын орынды болса, жаман қарамаймын. Жас кезімде, онда Жазу­­шылар одағында жұмыс істеймін, фойеден өтіп бара жатсам, бір топ жазушылар жиналып қалыпты. Ішінде өзім құрметтейтін ағалар бар. Барып сәлем бердім. Сосын бір жасы үлкен ақын ағамыздың: «Гүлнәр, бұрынғы топтамаларыңа қарап, сені көктен ғана көріп жүр ем, кешегі газетке шыққан өлеңдеріңде жерге түсіп қалыпсың» дегені. Мен не дерімді білмей, сасып қалдым. Үлкен кісі. Мен баласындай адаммын ғой. Айтып тұрған сөзін қара. Бірақ өзім сыйлайтын ағаларымның тұрғанын көріп, арқаланып кеттім ғой деймін, мен де қалжыңдап: «Аға, сіздерге де анда-санда сәлем беріп тұру керек қой» дедім. Бәрі күлді. Бірақ артынан бекер айттым-ау, одан да үндемей, кете беруім керек еді деп, қатты өкіндім.
Сын айтылса, бұртаңдап, өкпелеген жерім жоқ. Жалпы жазғанымның бәрі алтын деп ойлаған дұрыс емес. Оны біраз уақыттан кейін қайта оқысаң, өзің де түсінесің.

Достарыңыз көп пе? Сіз үшін ең қастерлі сезім не?
– Досшыл еместігімді жаңа айттым ғой. Бірақ бұл жападан жалғызбын деген сөз емес. Менің де көңілі жақын, рухтас аға-бауырларым, сіңлілерім аз емес. Олар жаны таза адамдар деп ойлаймын. Адам болған соң кемшіліктері де бар шығар. Ол кімде жоқ, өзімізде де толып жатыр.


– Қаламгер ретінде бақыттымын деп ойлайсыз ба?
– «Бақыттымын» деп асқақ сөйлемей-ақ қояйын. Бірақ жолым болғаны анық. Алғашқы өлеңдерім шыққаннан бастап, әдеби ортаның назарына іліктім. Бүгінде арамызда жоқ көп ағалардың көзін көріп қалдым. Хамит, Ғафу, Сырбай, Бердібек, Сайын ағаларды көрдім. Сырбай аға маған өлеңдерін әкеп тергізіп алатын. Біразға келіп қалған кісі ғой, бірақ өлеңдері жас адамның жазғанына ұқсайтын. Соған таңғалушы едім.
Бірақ бір өкініштісі, жұмыс істеп жүріп, өлеңге бұрыла алмай қалған кездерім көп болды. Өзім аянышты болғанды, біреуден бірдеңе сұрағанды жек көрем, бала-шағам көштен қалмасын деп көп жұмыс істеуге тура келеді. Оған қоса тапсырыстар аламын. Бұл енді қазір бәрінің басындағы жағдай ғой.


Оқырмандарыңызға қандай тілек айтасыз?
– Адам баласының қай-қайсысы да Алла тағаланың ерекше туындысы ғой. Сол ерекше адамдарға ерекше бақыт, қуаныш, шаттық тілеймін!

– «Ана тілінің» дәстүрлі сауалы: бүгінгі қоғамдағы қазақ тілінің мәртебесі туралы не айтар едіңіз?
– Шығыс Қазақстан облысы Зай­сан ауданы Жамбыл ауылындағы мен оқыған сегізжылдық мектепте марқұм Алпысбай деген ұстазым болды. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін. Ол кісі не «бір», не «бес» деген баға қоятын. Сабақ айтқанда, шығарма жазғанда сәл ғана кемшілік кетсе, кешірмейтін. «Бір» аласың. «Өз тілі мен әдебиетін білмеген адам – адам емес» дейтін. Сондықтан басқасын қайдам, әйтеуір қазақ тілі мен әдебиетіне дайындығымыз керемет болатын. Ол кісі оқытқан адамдар ұйықтап жатқанда оятып, қазақ тілінің ережелерін, жалғау, жұрнақтарын сұраса, жатқа айтып береді. Қазір осындай патриот мұғалімдер жетіспейді. Біз қазақ тілінің мәртебесі туралы айтқанда алдымен тілдің сапасына көп көңіл бөлуіміз керек. Қалай жазып, қалай сөйлеп жүрміз? Қалай аударып жүрміз? Көше толы қате аударылған немесе өзге тілден тікелей аударылған орашолақ жарнамалар. Теледидар, радио, интернет, әлеуметтік желідегі сауатсыздық жайлап газеттерге де ене бастады. Тіпті жас ақын-жазушылардың шығармаларында да қате толып жүреді. Болашаққа осылай барсақ, «дұрыс сөзімізді ешкім түсінбей қалмай ма?» деген сауал көп мазалайды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі өзімізге, әрбір қазаққа тікелей байланысты. Мысалы, менің балам орыс тілінде, шетел тілдерін де өте жақсы білсе де басқа ұлт өкілдерімен тек қазақша сөйлеседі. Ең қызығы ешкім оған қарсы болмайды. Бәрі жақсы сөйлейді деп айта алмаймын, бірақ бәрі түсініп, жауап беріп жатады. Көп жағдайда біз өзіміз орысшалап, алдыға түсіп, жортып кетеміз де, сосын «біздің тілімізге шекеден қарады» деп ренжиміз. Ана тілімізге басқалар құрметпен қарасын десек, алдымен өзіміз ардақтайық.

– Ақжарылып берген сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан

Сержан СӘРСЕНБАЙ

(Тақырыбы өзгертіліп берілді.

Түпнұсқадағы тақырып:

Дүниенің үйлесімі – кешірім!)