ГҮЛІМАЙ ӘБІШҚЫЗЫ:...ӨЛЕҢ МЕНІ КЕШІРЕРДЕЙ ХӘЛГЕ ЖЕТКІМ КЕЛЕДІ

 

Сіздің әлеміңіздегі мұңның түсі неге «күрең»?

– Көкжиектегі күлгін, көк, сарғыш, сұр бояулардың легі қара қошқылдың көмейіне жұтылып бара жатқанда, күрең түс  жанұшыра заулай қашып, еспе ағынмен тұп-тура көзіме кеп құйылатын. Кеш сайын көкірегіме күрең мұң қондырып келем содан. Бірақ өзім ақ түсті жақсы көрем. Күн ұясына отырар шақта үйме құмның төбесіне шығып ап, тапжылмай ұзақ тұратынмын. Әлденеден көз жазып қалардай, қымбатымды жоғалтардай мазасыздық. 5-6 жасар кезім сол. Әлі сол түс, күрең мұңым аяулы...

 

Ақын болып қалыптасу үшін де мінез керек деп жатады. Ақындар сонда қандай мінезді меңзеді екен?

– Тірі жанға мінездің бәрі тән, жақсысы, һәм жаманы бойымызда. Қажетіңе, жаныңа, тәніңе қорған боларлық ретіне орай жүгінгенде, көпке жағымсыз мінездің өз иесіне тиімді келер тұстары болады. Көбірек баптағаның молынан өсіп қалыптасады. Ақын жыры өлмеске, табаны тура жолдан тайқымасқа қай мінез жолдас боларлығын, ақыры, өзі ғана табады. Мінезге болмысты меңгертіп қоймай, шыдам, білім, ізденіс арқылы өзіңе сыни талапқа сүйеніп қалыптасу – аманатыңды адал әлемге мәңгі қоныстандырудың (жазып өтудің) кепілі деп топшылаймын.

 

Сізді қолыңыздан жетектеп ұстаздық жолға ертіп апарған анаңыз екен. Міне, бүгінде сол кісінің ақ тілегі қабыл болып сізді «Гүл-апа» деп атап екінші анасындай жақсы көретін шәкірттеріңіз өте көп. Шәкірт тәрбиелеуде не нәрсені басты назарға аласыз?

– Иә, чемоданым  екеуміз анама еріп, Ақтөбеге келдік те, көңілім құм кезе қашып, әкемнің көк тракторының ішіне тығылып, қалып қойған...

Жырламақ  жүрекке жаратылыстың өзі-ақ, тағдыр да, пенде де әсерші ғой. Әйткенмен, ақын ақынның шәкірті дерлікке мен пікірлес емеспін. Тәңір берген қасиет, құдіреттің жолында сапарлас, жанашыр, көзеуші, әрі кетсе шын дос шығар ақынға ақын. Бастысы, ең бастысы-адалдық! Өзіңе де, өлеңге де, өзгеге де. Жоқтан да бар жасамақшы материалдық құндылық әлемінде поэзия  қалай да паң, еңсесі биік, аспани. Көкірекке сыймастай, үзілмес  әуендей, абзалдың, адалдың жібіндей... пәктікке жете алмасаң да, тазарынып ұмтылу керек-ау деймін. Сонда ғана жүрек қылын шертер жыр туар.

 

 

Сіздің «Рухнама» атты шығармашылық ұйымыңыздың барын білеміз. Жалпы бұл орталықты құрудағы негізгі мақсатыңыз қандай болды? Орталықтың қазіргі жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Бірер жылдай облыстың әмбебап-ғылыми кітапханасында жұмыс жасадым. Онда әдеби, мәдени, қоғамдық шараларға, кітап оқуға  талантты  жастар көп келеді. Шығармашылық топ бірікті. Өлеңге әуес, күй шығарып, сахна өнеріне талаптанып, өнерге, жақсыға талпынып жүрген өспірімдер жатырқаспай, қайта бірін-бірі толықтыра, ауқымды әдеби эстафеталар, лирикалық мюзикл, кездесу, кештер, қайырымдылық шаралар өткізуге бар ықыластарымен жұмылатын. Өмір, құндылық, кітап, болашақ т.б. туралы ой бөлісуге, өлең талдауға төрт-бесеуден, үздік-создық, күні бойы кеп жататын. Сенбі, жексенбі бәріміз түгелденер, ұсыныстар ортаға тасталар, идеялар жүзеге асар ерекше күндер-тұғын. "Рухнама" ешкімді ешнәрсеге міндеттемейтін, еркін, ерікті, сәулелі жастардың ортасы. Арманшыл, ширақ, мақсаттары да жетерлік. Қала ішінде әр түрлі мәдени орындарға, аудан, ауылдарға да жыр керуені жол тартып тұратын. Әлемдік қозғалысқа шектеу сала келген індет бізді де сабырға шақырғандай, әліптің артын бағулымыз.

Кеше ғана "Анаға тағзым" орталығында жолығысып, жаңа өлеңдер оқылып, пікір алысып, сергіп, жігерленіп тарқастық. "Рухнама" тек шығармашылық орта болғандықтан не қаржы, не айрықша талап, не мекеме емес, тек өлеңге, өнерге құштарлық біріктіреді. Осы әдеби көштің легі үзілмей, болашаққа ұласса, үдерістерге әсер етсе, ертеңгі  қаламгерлерге қол бұлғап, соңына ілестірер болса, мақсат – сол.

 

Көкжиекке көз тастап өскен ақынның бірісіз. Сол аспан әлеміне ғашық болып өткен Мұқағали да бес күндік жалғанды «Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой...» деп жырға қосып өтті. Көкжиекте қарапайым адам түсіне бермейтін не құдірет бар?

– Күннің де, көздің де барып тірелер тұсы – көкжиек. Алыстығымен, жұмбақтығымен, сұлулығымен сиқырлайды, ынтықтырады. Жердің күнді айналарын да, көкжиектің арғы жағындағы көп көңілдің тап өзіңдей боп, бері қарай телмірерін біле тұрсаң да ақынға өз ертегі әлемі, қасиеті, құдіреті жасаған ғажайып әлемі қымбат. Сезім үшін қарапайымдық жоқ қой. Тек жеткізер тіл, өрістетер қиял кеңістігінің аясы әр түрлі.

 

Бүгінде әдеби ортадағы жас қаламгерлердің көбісі постмодернизмдік бағытты ұстанып, түңілу мен шарасыздыққа ерікті түрде басымдылық беретіндей көрінеді. Біздің жас ақындардың бойында неге Жұмабаевтың, Айбергеновтың, Шахановтың жігері жоқ?

– Сананың өзгеруі, еліктеу, "әр нәрсеге ұрыну", қалыптасқан қағидаларға сыймау, шарасыздану, түңілу, әрине жастарға тән. Заманауи ағымдағы әлемдік құбылыс-постмодернизм, қалағандарға да, қаламағандарға да өзін  "көрсетіп жатыр". Ұлттық идеологиясы мықты, мазмұндық формасы аса берік мемлекетке айналмаққа жанкештілікті былай қойғанда, табанды бағыттар болу керек. Біз сусындаған әдебиет "басқа ұрып, көзге шұқудан", сынау, талдаудан өткен-тін. Қарсылық, қарама-қайшылықтың өзі жаңаны туындатады. Өзгеше ойлаймын, ерекше жазамын дегенге тосқауыл жоқ-ау, тек рух өлмесе, барға тигізер залалы да болмаса. Қытай тек орталық Азияны зерттеу үшін ғана жиырмадай институтын жұмылдырып отыр. Біз де әр нәрсеге үрке қарамай, қолға түскеннің  "ішек-қарнын" ақтара бастауымыз керек сияқты. Ф.Ницше сынды бір жүйелі бағытқа жол ашпаса да көште ортадан ілгерілеу, алдыңғы жағына таман, маңдайлары жарқырап көрінер күні болса қаламгерлердің. Жігерлі жастарды мен көп көретіндеймін қайта. Жақсыға сенгім келеді.

 

 

Бір сұхбатыңызда «Тіршілік деп жүріп 20 жылымды жоғалттым»,- деген екенсіз. Сонда қолыңызға қайта қалам алу үшін сізге 20 жыл қажет болды ма?

– Солай боп тұр ғой, енді... Бұл жақсы болмаса да, өтеуіне сақтап, қорғап қалғандарым медет.

 

Біз сіздің бойыңыздан әрдайым нағыз қазақ әйеліне тән биязылық пен  тәрбиенің үлгісін көріп келеміз. Әрі өзіңіз де екі қызғалдақ өсіріп отырған анасыз. Осы орайда заманауи қазақ қыздарының болмысына көңіліңіз тола ма?

– Балалардың кейбірі  сүйкімді, адал, жомарт, мейірімді қалпынан өспірім шағында айни бастайды. Оның таным, түсінігіне сыртқы әсер көбейген сол шақта ата-ана қамқорлығы, бақылауы кемшін қалмау керек. Жанына үңілсең әр бойжеткен тек жақсыны қалайтынын көресің. Бірақ сол жақсының қай жақсы екенін таппай қалмаса. Сыртқы кейіп көбіне еліктеу, қорғаныш қана. Біздік қоғам өркендеудің қай тармағына құлаш жайса да, қыз тәрбиесін сахналанған "қыз сынынан" ұзата алмай жүр. Әйтпесе, қазақ қыздары ғажап жаратылыс. Кешегі қыз жаман болса, бүгінгі инабатты келін, 4-5 баланың анасы қалай жақсы? Есесіне, қыздарға ел болып, ата, әже, әке, ана болып, бере алмай жүргеніміз көп сияқты.

 

Қолымнан келгенше «жоқ» деп айтпауға тырысамын дейсіз. Алайда, өмір жолыңызда «жомарттық қолын жоқшылық байлаған» кездер болған шығар?

– Өзіме жетпеген кездер болды. Ол айтулы тоқсаныншы жылдар. Жаспын. Тұңғышым шетінеді. Баспана жоқ. Ол кезде мұқтажды көретін көз менде және жоқ.

Қазіргі мұқтаждықтың жөні басқа. Адамдарда мейірімге зәрулік, өз-өзіне ыза, рухани қуатсыздық басым. Көңіл тоқтығы, ынсап пендені іштей өсіреді де, қанағатшылға Тәңірдің өзі-ақ береді ретімен. Ашкөздік, ұяттың азаюы, еңбектен қашу сұраншақ алақанды соза салуға итермелейді, соған ары да барады. Ал біреуді сырқаттың құрсауынан құтқаруға ел жиылып жатқанда, қомақты қаржым болғанда ғой деп, қынжыласың, әрине...

 

Шәкірттеріңіздің арасында соңғы жылдары Республикалық деңгейде танылып жүрген жас ақындардың бірі Дәурен Тілеухан. Дәуреннің айтуынша 2017 жылы өзі қатысқан мүшәйрада сіз қазылар алқасында отырған екенсіз. Сол сәтті тағы бір еске алайықшы, бала Дәуренмен сіз қалай таныстыңыз?

– Әдетте, жас ақындар мүшәйрасында ұйымдастырушылар алдын ала жазылған өлеңдерімен балаларды алдымызға әкеледі. Мен сол жерде қосымша уақытты молынан алып, тосын 2-3 тақырып беремін. Сол кезде тұңғиық көздері мұңдана, терезеге қарап отырған баланың  жазғаны! Дәуренге  "жалт қарадым" со күні. Содан бері құлыншақтарымның бірі.

 

Өзіңіз де әдеби ортамен біте қайнасып жүргендіктен бұл сұрақты айналып өтуімізге болмас. Ақтөбе өңіріндегі әдебиеттің бүгінгі хәл-ақуалы туралы айта кетсеңіз?

– Жақсы дерліктей.

 

Туған жеріңіз Аяққұмның құмына аунап, көкжиекке көз тастап еркіндікте өскен сәттеріңізді жиі еске аласыз ба?

– Құдайдың құтты күні ойлаймын Аяққұмымды. Көз алдымнан кітапханашы Әбдіраш ата өтіп бара жатады. Соңынан еріп, бүкіл ауылды шарлап кетем...

 

Өмірлік жолдасыңыз сіздің алғашқы оқырмандарыңыздың бірі болған деседі. Демек, ол кісі сөз қадірін өз қадірім деп түсінетіндердің қатарынан болғаны ғой? Жарыңыздың тарапынан шығармашылығыңызға қолдау жиі бола ма?

– Қолдауға қол жеткізуге жиырма-ақ жыл кетті.

 

Ақын болу бақ пен сорды қатар алып жүру деседі. Бар қазақтың аяулы ақыны Фариза анамыз «Өлең мен сені аялап өтем» деген сертіне өмірінің соңына дейін адал болып өтті. Ал сіз өз өлеңіңізді аялай алып келесіз бе?

– Өкпелетіп қоятын кездерім бар екенін мойындаймын. Тіпті көп сияқты. Ақындық – аманат. Ақтық демім біткенше тек өлең мені кешірердей хәлге жеткім келеді.

 

Сіз мойындайтын ақын?

– Мойындау деген  тәнті болу, сүйсіну, құрметтеу, бағалау десек, көпті мойындаймын. Тамаша жазып жүрген жастар көп. Т. Әбдікәкімұлы, Е. Раушанов, Ж. Нәжімеденов, Т. Айбергенов жаныма аса жақындары. Қазір "менікі, сенікі" деп, шалғайына өзіміз жармасып жүрген Ли Бо ғасырлар бойы әлемді мойындатып, әлі келеді. Мойындату деген үлкен іс. Біреуден гөрі өзіңді мойындату қиын.

 

Өлеңдегі қателіктерді түзетіп, таза параққа қайта жазуға болады. Ал өмірдегі қателіктерді қалай түзете алып жүрсіз?

– Қателіктер өзі тап келген әр күннің бедерінде сүріліп кетеді ғой. Аңғал қателік мықты бір дұрыстыққа апарып, арқаңды сүйеп кетуі де мүмкін. Кейде бір дұрысыңның да қате екенін кейін байқайсың. Өткенді түзетуден гөрі келердің дұрыстығын қамдау тиімдірек сияқтанады.

 

Есенғали ағамыздың «Әйелден ақын шықпайды» деген пікірі күн бүгінге дейін қызу талқыланып келеді. Бұған ақын әрі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ретінде сіздің алып-қосарыңыз бар ма?

– Менің жиырма жылға оқшаулануымның өзі де соның дәйектемесі боларлық. Классик  "әнші, не биші болмаса" дегенде, ақын тағдырының алмақ-салмағын меңземей ме? Әйел өмірден көшіп, өлеңі өлмей қалса, демек, одан ақын шыққаны...

 

Әңгімелескен

Назерке Серікқызы