– «Ақын болу үшін әлемнің қасіретін бойыңа жинауың керек деген екен Т. Айбергенов. Ал сіз өз жырыңызда “Құсқанаты – төгілген жыр қауырсын, Біреулерге тым жеңіл, тым ауырсың...” депсіз... Өзіңізге қалай, ақындықтың “жүгін” алып жүру ауыр емес пе?
–Егер, ақын жүрегі – әлемнің бар ғаламатын, оның қасіреті мен қайғысын, сұлулығы мен әдемілігін сезіне алмаса, бәрі далбаса, ондай жүректің тіпті соқпағаны абзал. Меніңше, ақындық – екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақ. Өлең, сөз – кие. Бақтың қадірін біліп, ұстап тұру, өлең киесін үркітіп алмау – үлкен сын.
Маған кейде мына әлем – титтей шар тәрізді елестесе, кейде менің өзім құм-топырақтың бір түйіріндей болып, ұшып жүргендей күй кешемін.
Бір сәтте ғаламда орын алып жататын алапат дүниелер, адам ақылына сыймайтын орасан зор күштер, әлемнің бар кереметі – менің алақанымда тұрғандай бір құдіретті сезінсем, бір сәтте менің жаным қауырсындай қалықтап, жаңбырдың бір тамшысын, тіпті ақ мақтаның бір түйірін де көтере алмайтын халге түсемін.
Бір мезетте біреулер үшін асып өте алмайтын биік шыңдарды мен құшағыма алсам, бәз біреулерге “көбелектің қанат қаққанындай” да әсер етпейтін болмашы нәрселер жанымды ауыртып, азапқа салады. Сол сәтте маған араша түсетін – Өлең. Байқап қарасам, мен өмірге көбіне “ақын көзімен” қарайтын сияқтымын.
Ақынның “жүгін” – ар жүгі, адалдық жүгі деп ұғам. Сондықтан да арды кірлетпеу, адалдықты биік көру – оңай емес шығар. Кейде жүрегің ақылыңа, ақылың жүрегіңе бағынбайтын кездер болады. Өз ақылың адастырып, тұйыққа тірелетін шақтар болады. Сол кезде маған ақындық күш дем беретін сияқты. Барынша адамдық болмыс пен ақындық болмысты тең ұстауға тырысамын.
– Тағы бір өлеңіңізде “Мына өмірге қайта келу бұйыртса, Ең бақытты ақын болып туар ем” депсіз. Өлеңнен бақытыңызды таптыңыз ба?
– Жұматай ақын:
“Бізге бақтың қолы бүгін жетер ме,
Мұқағали, Төлегенге жетпеген?” дейді ғой.
Негізі бақыттың бағасы тұтас ақындық ғұмырмен өлшенбейтін сияқты. Ақын Гүлнәр Салықбаеваша айтсақ, бір сәтте бақытты бола салу – ақынның ғана қолынан келетін шығар. Бір өлеңім мыңдаған жүректерге жетіп жатса, мен бақыттымын. Байқауымша, менің бақытым ақындық ғұмырымда тұрғандай.
–Аймақта жүріп жыр жазып, әдеби ортада танылу оңай емес. Еленбей қалудан қорықпайсыз ба?
– Әр қаламгердің әдебиетте өз орны бар деп ойлаймын. Елену, еленбеу деген ұғым менің өмір сүру қағидамда жоқ сияқты. Сондықтан, менде қорқыныш жоқ. Жалпы, Жетісу – әдебиет пен өнердің киелі бесігі. Оның үстіне өзім де әдеби ортамен, белгілі қаламгер аға, әпкелеріммен, талантты жастармен үнемі байланыстамын, пікірлерін тыңдап, жақсы дүниелерді назардан тыс қалдырмай оқып отырамын.
– “Жар астында дос пейілді жау жатты” деп жазасыз...Досыңыз бар ма? Әйелдер арасындағы достыққа сенесіз бе?
– Мен өзі ешкімді жатсынбай дос көретіндер қатарынанмын. “Біріңді қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос” деп Абай айтқандай, барша адамды құшағыма сыйдырғым келеді, бауыр-дос болғанды қалап тұрамын. Алайда, бақай есеппен достасып, байқатпай “ту сыртыңнан пышақ ұратын” жандар болатынын білдім.
Десе де, жақсы жандардың бәрі – мен үшін дос. Маңайымда жақсы жандар өте көп, яғни достарым да көп. Мен қандайда бір биікке көтерілсем, бәрі жақсы адамдардың ақ жүрегі, таза көңілі деп білемін. Достықты бағалаймын, құрметтеймін.
“Әйелдер арасындағы достыққа сенесіз бе?” деген сұрағыңыз қиын екен. Шынайы достықта сенімсіздік орын алғанда, бәрі бекер...
– Өзіңізбен-өзіңіз қалып, ішіңіздегі өз жалғыздығыңызбен бетпе-бет келгенде не ойлайсыз?
– Ең алдымен, бәріміз пендеміз ғой, өлімнің бір келері хақ, “бір күні ажал келсе, мына өмірде қандай жақсы амал жасадым, кімді ренжіттім, пайдалы іс бітірдім бе, еліме не бере алдым” деген ой мазалайды. Шәкәрімнің:
“Ғибрат алар артыңа iз қалдырсаң –
Шын бақыт‚ осыны ұқ,
Мәңгiлiк өлмейсiң!” дегеніндей, ғұмырымда бір сәулелі із қалдыруға, Алланың разылығы үшін жақсылық жасауға ұмтыламын. Тым болмаса адамдарға бір ауыз жылы сөз айта алдым ба, кімнің көңіліне қаяу салдым деген ойлар да үнемі миымда тұрады.
– Өлеңді қай кезде жазасыз?
–Өлеңді көбіне өзі ойыммен оңаша қалғанда жазамын. Ұзақ жолға шыққанда сол жолдың бойында “өмірдің жолаушысы болып, керемет табиғат аясында “сұлулықтың тұтқыны” сезініп, тымық түнде “ғарыштың қонағына” айналып дегендей. Көңіліме қандай дүние әсер етсе, сол жүрегіме қозғау салады. Өлең болып төгілген сәтте қолыма қалам аламын.
– Жетісудың әдеби өмірі бір қарағанда қайнап жатқандай көрінеді. Қай бір жылдары “Тамшыбұлақ” әдеби-клубын аштыңыздар. Қазір бәсеңдеп қалғандай ма?
– Қазір біздің Жетісудың әдеби өмірі көпті қызықтырады. Әдеби-мәдени шаралар, облыс әкімінің қолдауымен шығарылатын кітаптар, дарынды жастардың шығармашылығына көңіл бөлінуі – мақтанарлық істер.
Иә, бір кезде белгілі журналист, қаламгер Қалмағанбет Мұқаметқалидің ұсынысымен ақын құрбым Сағыныш Намазшамова үшеуміз “Тамшыбұлақ” әдеби-бірлестігін құрып, Талдықорғандағы бұйығы жатқан әдеби ортада азда болса қозғалыс жасалды. Ақын-жазушылардың кештері ұйымдастырылып, әдебиеттегі ізденіс бағытында пікіралмасу шаралары өтті. Алдыңғы буын мен жастар арасында әдеби байланыс орнады. Осы бірлестік арқылы аз уақытта біз Жетісудың әдебиет айдынына титтей болса үлес қоса алдық деп айта аламын. Кейін Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалы ашылғанда, қатты қуандық. Біздің мақсаттың бір ұшығы осында жатыр еді. Оған басшы болып, талантты ақын Ерлан Жүніс бауырымыз келді. “Тамшыбұлақ” тұтас жоспарымен осы филиалға қызмет етіп, бір сөзбен айтқанда біте қайнасып кетті. Себебі, Қалмаханбет жұмыс барысымен Алматыға кетті, Сағыныш екеуміз мемлекеттік қызметте жүргендіктен бұл әдеби-бірлестікті алып жүру – үлкен жауапкершілікті қажет етті. Ерланның басшылығындағы филиал – біз ойлаған, армандаған істі жандандырды. Бір кездері “шіркін, Жетісуда әдеби өмір болса ғой, танымал ақындар Әбен Дәуренбеков, Жұматай Жақыпбаевтай ақындардың ортасы қалыптасса” деген армандарымыз жүзеге асып жатыр. Сондықтан, бірлестіктің аты үнемі аталмағанымен, негізі жұмысы әдемі жалғасын тауып келеді.
– Астанада өткен “Азияи елдері қаламгерлерінің l форумы” жайлы не айтасыз? Кейбір қаламгерлер шақырту алмағанына ренжулі. Ал сіз ше?
– Форумға шақырту алмағаныма еш ренжіген жоқпын, қаламгер үшін әдеби шаралар – ортақ дүние. Қайта елімізде осындай әдеби форумның өткеніне қатты қуандым.
Себебі, Елордамызда саяси, экономикалық форумдар жиі өтіп тұрады ғой. Бұл Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткен форум – тәуелсіздік алғалы бергі қазақ әдебиетінің туын биікке көтерген шара болды. Тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форумның Азия құрлығында орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды нығайтуда қосар үлесі мол. Төл әдебиетіміздің рухани құндылықтарын дәріптеп, әдеби үдерістің дамуына қатысты Азия елдерімен тәжірибе алмасу – біздің қазақ қаламгерлері үшін үлкен олжа болды деп білемін.
Әлеуметтік желі, баспа беттерінен форум туралы өзіміздің қаламгерлердің, Нобель сыйлығының номинанттарының, Букер және ASEAN сыйлықтары лауреаттарының сұқбаттарын оқып, тыңдап өзіме қажетті ақпараттармен қанықтым.
Алдағы уақытта форумнан үлкен нәтижелер күтемін.
– Ақындық жолда ер азаматтардың өзі мехнат шегіп жүргенде әйелге ақын болу ауыр емес пе?
– Бір өлеңімде:
Сезбеймін “сиқырын” ғаламның,
Тағдырым – ұшында қаламның.
Тұтқыны боп өтем Өлеңнің...
Жарымын Жыр атты қағанның, – деп жазыппын.
Мен үшін Тәңірдің ақын етіп жаратуы – үлкен сый. Ақындық тағдырыма ризамын. Әрине, адам болған соң, мына өмірдің ақ пен қарасы, жақсылығы мен жамандығы, бақ пен соры бір басыңа қатар келеді. Сондай сәтерде жүрегімді мейірімге толтырып, ар мен намысты қалқан етіп, тағдырдың тартуына қарсы тұруға тура келеді.
Көп жағдайда маған дем беретін – ақындық жүрегім, ішкі “менім”.
Менің де бір басымда үлкен сындар, қиындықтар болды. Кейде, ер жігіттің қолынан келмейді-ау деген істерге жаным нәзік болса да, бел шешіп кірісіп, қол ұшын беруге араласқан жағдайлар болады. Сонда қайран қалатыным, мені үнемі Алланың құдіретімен бір күш қолдап тұрады. Өмір айнасының алдында нәзік Гүлбақыт емес, ақын Гүлбақыт тұрғандай әсерде боламын.
Ақындық деген осы шығар, бәлкім.
– Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық жолда үлкен табыс тілеймін.
Әңгімелескен Гүлжан Амангелдіқызы