ЕРБОЛ БЕЙІЛХАН: ӨЛЕҢ МЕН ӨНЕРГЕ ШЕКТЕУ ҚОЮҒА БОЛМАЙДЫ...

 

Qalamger.kz әдеби-танымдық порталының жаңа сұхбаты  ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық поэзия академиясының Академигі, "QUNDAQ" қоғамдық қорының директоры Ербол Бейілханмен өтті. Қаламгердің әдебиет, ұлт, руханият жайында айтқан ойларын назарларыңызға ұсынамыз!

 

- Әр саладан санаға төңкеріс жасайтын дарындар шығып жатыр, біздің қоғамда. Неге "жеңіл өнердің" салмағы басым? Мәселен, Димашты ел мойындаса да классикаға бет бұра қойған жоқ.

- Соңғы 20-25 жыл бойы жалған ұран мен мадаққа елтіп, көгілдір экранымыз бен сахнамызды эстрадалық ән мен сайқымазақтарға берген елміз. Сан жылдар бойы салмақты дүние тыңдамаған халықта рухани ашаршылық пайда болады. Бізде де дәл сондай күй. Төңкеріс жасайтын дарындар шығып жатыр дейміз. Шықса шығып жатқан болар. Бірең-сараңы болмаса оларды менде танымаймын. Оларды мемлекет қолдап, жалпы жұртшылыққа дәріптеп, экран мен газеттен орын беріп жатқаны шамалы. Сондықтан да халық біле бермейді. Жастар еліктемейді. Үлгі алмайды. Біз бойымызға дендеп кіріп кеткен жеңіл өнердің, пыш-пыш өсектің, тренинг өткізуші блогерлердің шырмауынан әлі шыға алмай келеміз. Өзің айтып отырған Димашты алдымен шет ел мойындады. Шет елден биік баға алып, үлкен қолдауға ие болды. Ғасырдан қалған саф алтындай ерекше дауысына кейін таң қалып, жалпы елдің тыңдайтын әншісіне айналды. Сүйте тұра классикалық өнерге, музыкаға толық бет бұрдық деп айта алмаймыз. Оған карантиннен кейінгі өтіп жатқан тойларымыз куә. Соған қарап отырып ештеңе өзгермегенін, жуықта өзгере көрмейтінін бағамдайсың. Сана өзгермей, қоғам өзгермейді.

 

- Қоғамда жастар мен қарттар арасында "майдан" жүріп жатыр. Қарттық ой мен жаңа заманның мәдениеті. Сіз біздің мәдениеттің, дәстүрдің өзге мәдениеттерге жұтылғандығын мойындайсыз ба?

- Мәдениет пен дәстүрдің жұтылғандығын, бір кездері жоғала бастағанын мойындаймын. Әсіресе, Кеңес үкіміметі кезеңінде ұлттық құндылықтарымыздан көбірек айырылдық. Қазақтың ұлттық дүниесін қазақ менсінбейтін заман болды. Дәстүрге берік, тіл мен ділден ажырамаған адамдарды "колхозбай, ауылбайский" деген кемсітулер пайда болған. Бұндай кемсітулер әлі де бар. Дегенмен, Тәуелсіздік алғалы ұлттық құндылығымыз артты. Қазақ болу қор болу емес, мақтан екенін ұғынған жан көп. Сең қозғалды. Тіл жағы ақсап тұр. Ана тілімізді 30 жылда өз тұғырына қондыра алмағанымызға өкінесің. Бұл ұлттық идеологияның осалдығы және тікелей ел басшыларының кінәсі.  

"Қарттар мен жастар арасында майдан жүріп жатыр..." біртүрлі естілетін сөз. Естімесек деген сөзіміз. Қиын. Қарттарда қартқа сай тектілік, кемеңгерлік, көргенділік, қанағатшылық, мейірім, өнеге болмаған елде осындай комплекстер болып тұрады. Бізде қарттықты мойындамау бар. Тыраштанып, ілбіп, жағымпазданып жүре берсек деген қарт көп. Осы күнге дейін кресло мен сөлкебайдан бас тартқан зейнеткер естідіңіз бе? Бірең-сараң болмаса жоқ. Неге?-деген сұрақ мазалайды. Осы сұраққа жауап табу қиын. Ескі заманның адамы ескі ойлайды, оны өзі мойындамайды. Есті ойладым деп ойлайды. Жаңаша ойлы, жаңа көзқарасты, креативті ойлайтын жастарға жол бермейді. Ақылды қарияны жақсы көретін ел едік. Соңғы кезеңдер "осы шалдар шаршатты, қашан кетеді өзі..." деген жастардың кейіген сөзін көп еститін болдық. Абыз қария бұл сөзді естіртпесе, естімесе керек-ті. Жалпы адам көп дүниеден бас тартып, қанағат ете білуі тиіс. Қанағатсыздық ең жаман әдеттердің бірі.

 

- Бізде өз қоғамын жаңа ойларға, құндылықтарды қайта қарауға дайындайтын қаламгерлер бар ма? Неліктен әлі күнге жылқының кісінегенің жазған жазушылар құрметті?

- Соңғы уақытта "Балалар жазушыларымен" біршама жұмыс жасадым. Балаларға арнап шығарма жазып жүрген қаламгерлердің көбі жастар. Ойлары соны, бағыттары заманауи, жазбалары бөлек. Ұлттық құндылықты заманауи бағытпен үйлестіре біледі. Сезеді, сезінеді. Оқырмандары да бар. Міне, біз осындай жастардан үміт күтеміз.

Біз қазақ деген ұлтпыз. Сан ғасыр қалыптасқан дәстүріміз, танымымыз, ата тарих жолымыз бар. Оларды мансұқтап тастау, жоққа шығару дұрыс емес. Қазақтың байырғы қараөлеңінде қаншама тағдыр, философия, психология, өмір тынысы жатыр. Керек болса осы қараөлең тұнып тұрған постмодернизм, модернизм. Тек, оны сезіне, зерделей білу керек. Модернизм деген қазір онша жаңалық емес, ол бұрыннан бар бағыт. Ақын "жылқының кісінегенін, құстың қайтқанын" жазса да оқырманға жететіндей дүние жазу керек. Өлең мен өнерге шектеу қоюға болмайды.

- Олай болса аттың шабысы мен Канттың пәлсәпасын, Сартрдың жаңа құндылықтарға ұмтылысын қалай байланыстыра аламыз?

- Сол Канттың әкесі ат әбзелдерін жасайтын шебер болған. Бала Кант шебер жасаған дүниелерге көзі қанып өсті. Философиямен қатар математика, физика, астрономия, география, медицина саласын жетік меңгерді. Кейін немістің, сосын әлемнің ұлы философияна айналды. Француздың атақты жазушысы, философ Сартрдың да басынан қилы тағдыр кешті. Адамзаттың мұңына ортақтасты. Сартрдың заманы адамзат қоғамының түлеу, дәуірлеу, жаңашылдыққа бет бұру дәуірі. Әсіресе Еуропа елдері осы шақтарда танымастай өзгерді. Ғылым мен білім, техника, технология, қоғам дамыған сайын құндылықтар да өзгере беруі шарт. Кант пен Сартрдың адамзаттық тұлғаға айналуы өркениетті мемлекетте өмір сүруі, көп тілде насихатталуы дер едім. Біз, Абайдың өзін әлемдік деңгейде толық насихаттап үлгерген жоқпыз. Рухани бай қазынамызды әлемдік деңгейге көтеру үшін сол тілге аударған шығармалар сапалы, шынайы болғаны дұрыс. Соңғы жылдарға дейін жасалған аудармалардың сапасы сын көтермейді. Мынау бауырлас түрік тіліне аударылған Абайдың шығармаларына қазақша-түрікше толық білетін, түркиялық жазушы достар сын айтып отыр. Мемлекеттік үлкен идеология, ұлттың мерейін асырсам деген азаматтардың жанашырлығы керек-ақ.

 

- Гёте мен Дантені тек Еуропа үшін әлемдік ақындар деген қазақ қаламгерлері болды. Келісер ме едіңіз?

- Гёте болсын, Данте болсын әлемге танымал, есім сойы белгілі ақындар. Екеуін де Еуропалық ақын деген гөрі, әлемдік деген жөн деп ойлаймын.

 

- Кез келген қаламгер бізде "Алпамыс" бар, бізде "Қорқыт" бар деп неліктен "Фауст" пен "Құдіретті Комедияны" ысырып тастайды. Жалпы, біздің жазушы-ақындар адамзаттық деңгейге қашан көтеріледі? Неге, қазақ шекарасын туған туындылар мықты да, сыртта туған шығармаларды қабылдай алмайды? Оқырманды айтпағанда...

- Өзінің ұлттық құндылығын өзгелерден биік қою, оны ұлы санау әлемдегі көптеген ұлттарға тән қасиет. Менің пайымдауымша қазақ халқы әлі ұлт ретінде толық қалыптасып үлгерген жоқ. Рулық, жүздік шеңберден шыға алмай келеді. Әлі күнге дейін ортамыза Абайды тобықтының ақыны, Мұқағалиды албанның ақыны деп бөлетіндер, бөсетіндер көп. Екеуі де қазақтың ұлы ақыны деуіміз керек еді. Өзінің туған ауылы мен ауданының шеңберінен шықпаған жандар, сол көлемде ғана ойлайды. Оларға ренжіп қажет жоқ. Рухани байлыққа ден қойған, арғы-бергі дүниені оқыған көзі ашық азаматтар әлемдік үздік туындыларды кемсіткенін көрмеппін. Салыстырмалы түрде сын, пікір бірде ұшқары, бірде дәл айтылуы заңды.

 

- Қазіргі қазақ "философтары" неге Абай мен Шәкәрімге көкбауырша, талақша, тас кенеше жабысып алған? Әлде ізденбейді ме? Әлде қазақты алдауға Абай таптырмас құрал ма?

- Абай  -  қазақтың бренті, бағыт бағдары, ұлы философия, данышпаны, ақыны. Қанша дәуір өтсе Абайдың айтқаны заманмен бірге жаңарып, жаңғырып келеді. Құндылығы да осында. Шәкәрім Абайдың ізбасары, дәстүрін жалғаушы ойшыл. Екеуі де кемеңгер тұлға. Биік тұлғаларды биік тұлғалы ғалым, философ, жазушы жазғаны, зерттегені дұрыс. Әуезов Абайды да биіктетті, өзі де биіктеді. Қандай керемет. Абай мен Шәкәрім арқылы атын шығарғысы кеп жүрген "аласа философтар" бұл кісілерді де аласартып алама деп алаңдауың орынды. Аттарын шығарғысы, ақылдырақ көрінгісі келетін болар. Қазақ ақыл айтудан жалықты. Енді құрғақ ақылдан гөрі көбірек әрекет, іс керек секілді.

 

- Бізді байлық пен атақ, мәнсап қызықтырады да, неге экологиялық апаттар, табиғатпен адамның ажырауы сынды күрделі тақырыптар қызықтырмайды?

- Атақ пен байлыққа ұмтылмайтын қазақты аз көрдім. Бәрі де бірдене алсақ, байысақ деп жүр. Әрекет етіп, таза еңбегімен байыған қазақтарға қуанамын, қолдаймын. Атақ пен мансапқа жағымпаздықпен, өлермендікпен ұмтылатындар да аз емес. Олардан жиркенесің. Адам атаққа, атақ адамға лайықты болса.

Елде экологиялық апаттар, табиғатты, қоршаған ортаны адамзаттың ластауы асқынып тұр. Өзекті тақырып. Күнін әзер көріп жүрген қарапайым халықтың мұны ойлауға, араласуға мұршасы жоқ. Зиялылардың көбі бұндай тақырыптардан қашады. Үнемі айтып, жазып жүргендер де бар. Бірақ, құлақ асып, нәтеже шығарып жатқан құзырлы мекеме, үкіметті көрген жоқпыз. Сіз байқайсыз ба? Мемлекеттің кемшілігін айтқан, ұлттық құндылықтарды көтерген қаламгерлерді билік жек көреді. Қоғамнан аластата бастайды. Көп айтылған дүниенің, көп айтқан адамның қадірі кетеді. Айтылған сыннан нәтеже шыға бастағанда, айтушылар да көбейе бермек.

 

Сұхбаттасқан Әлихан Жақсылық