ЕНДІГІ ТІЛЕК, АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ ЗЕРТТЕУ ЕҢБЕКТЕРІ ТОПТАСТЫРЫЛҒАН МЫҚТЫ БІР КІТАП ШЫҚСА ДЕЙМІЗ...

 

Өткен аптада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Абай және оның рухани мұрасы» атты халықаралық онлайн-конференция өткен еді. Оған Түркия, Венгрия, Ресей, т.б. елдері мен қазақтың белгілі ғалымдары мен қаламгерлері қатысқан болатын. Осы іс-шарадан кейін Түркияның Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қарадан пікір сұраған едік.

 

-Әбдіуақап аға, кешегі «Абай және оның рухани мұрасы» онлайн-конференциясына спикер ретінде қатысып, мағыналы баяндама жасадыңыз. Жоғары деңгейде өткен осы бір іс-шараның әсері сейілмей тұрып, ойыңызды білгіміз келіп еді.

-8 сәуір күні халықаралық көлемде ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы онлайн өткізген Абайдың 175 жылдығына арналған ғылыми практикалық конференциясы керемет болды. Шебер ұйымдастырылған бұл іс-шарада шетелдік ғалымдардың да қатысуына мүмкіндік берілді. Бұл бас қосу жоғары деңгейде өтті. Онлайн конференция өтіп жатқанда фейбук пен инстаграм әлеуметтік желілері де бір мезгілде тікелей эфир беріп отырған. Сол мезетте үш мың адам тамашалаған. Егер біз мұны онлайн емес, кәдімгідей залда өткізгенде, көп болса 100-200 адам қана тамашалар еді.

-Жаңа технологиялар соңғы жетістіктерінің елдегі мәдени  бағыттың дамуына бұлайша дендеп енуін қалай бағалайсыз?

-Әрине жоғары бағалаған дұрыс. Бүгінгі таңда технология өмірдің шындығы және ажырамас бір бөлігі болып кетті. Бұл күні ересек адамдар түгіл жас балалардың қолында да бір-бір қалта телефон бар. Өзім жас кезімнен технологияға жақын болып өстім. Тіпті менің тарихшылықтан бұрынғы мамандығым электроника еді. Сондықтан жасым үлкен болса да, жаңа технологияларды іздеп, дамуын бақылап отырамын, әрі әріптестеріме, шәкірттеріме насихаттап жүремін. «Компютердің, қалта телефондардың тілін біліңдер, сурет өңдеу, афиша жасауға қажетті фотошоп, видео монтаждау үшін «адобе про премиере» бағдарламаларын білу керек. Кәсіби маманы болмасаңдар да, өз қажеттеріңді өтейтіндей хабардар болыңдар» деймін. Көбі құлақ аспайды. «Иә, иә» деп өте береді. Бірақ мына коронавирус осы орайда бетбұрыстық ескерту жасады. Технологиясыз күніміз жоқ екенін соқырға таяқ ұстатқандай көрсетті.

«Мен технологияны түсінбеймін, маған не керегі бар?» дегендер қазір қашықтан оқыту қажет болғаннан кейін жаппай соны үйреніп жатыр. Коронавируске байланысты карантин біткеннен кейін де бұл тәжірибе жалғасады. Енді вирус таралуы тоқтаса да, қашықтан оқытудан алыстау жоқ. Өйткені бұл келешектің оқу жүйесі. Біз келешектің тілін, технологиясын білуге мәжбүрміз. Оны білмеген адам әр нәрседен құр қалады, тіпті жұмыссыз қалады. Кеше қалам, қағаз қандай болса, келешекте ғаламтор мен сайттардың да қажеттілігі сондай болады. Сіздің жеке блогер сайтыңыз жоқ, ю-тубе каналыныз, әлеуметтік желілерде атыңыз, парақшаңыз жоқ болса, ешқандай мақала мен кітабы жоқ ғалым ретінде есептелеріңіз хақ.

-Кешегі өткен халықаралық онлайн-конференция сынды іс-шаралардың мұндай түрі бізге не береді?

-Бізге жаңа көкжиектер ашады. Онлайн конференция оңай және шығыны аз. Бұдан алдын мен талай рет Ұлттық Академиялық Кітапхананың мәдени іс-шараларына қатысып жүрдім. Оларға қатысу үшін кемінде бір апта жолыма кететін. Ыстамбұл-Нұр-сұлтан арасы бес мың шақырым, ұшақпен 5 сағаттай жол жүресіз. Барғаннан кейін дереу қайта алмайсың. Екі-үш күн аялдау керек. Екі күнің әуежай мен ұшақта өтеді. Сонда бес күндей уақыт жұмсау керек. Оның үстіне қомақты шығындары, атап айтқанда, жол ақысы, қонақ үй, тамақтану дегендері тағы бар. Қаншама шығын?! Ал өткен онлайн іс-шара не уақытты, не қаржыны шығын қылмады! Үйде отырып-ақ қатыса бердік. Өз кезегімде баяндамамды оқыдым. Оны тікелей үш мың адам тыңдады. Арада өзгелер баяндама жасап жатқанда, қалта телефоннан үйде шәйімді ішіп отырып тыңдап отырдым. Өйткені тәңертеннен қашықтан оқытқан сабақтарым болып еді. Конференциядан кейін де сабағым бар болатын. Түскі шай ішуге сол күні басқа уақыт жоқ еді. Өйткені сабақта үнемі ұстаз сөйледі емес пе? Ал конференцияда менен кейін қаншама адам сөйледі. Тек оларды тыңдауым керек. Қалта телефонның камерасын өшіріп, шәй үстелінде конференцияны бастан-аяқ тыңдап шықтым. Қандай рахат! Өз-өзіме таң қалдым.

 


-Мұндай халықаралық онлайн басқосулар Абай шығармашылығының зерттелуіне қандай әсері болады деп ойлайсыз? 

-Әрине, оңды әсер болады. Жоғарыда айттым, мұндай кездесулердің шығыны аз. Көбірек ұйымдастыруға болады. Бірақ оны шебер ұйымдастыра білу керек. Тақырыпты дұрыс қоя білу керек. Сонда мақсатқа жетеді. Әйтпесе, тек онлайн конференцияның құр өзі ештеңе өңдірмейді. Ол құрал. Егер сіз құралды тиімді пайдалансаңыз, ол пайда әкеледі. Дұрыс пайдалана алмасаныз, ол құр әурешелік болғаны.

-Конференцияда Абайды зерттеудің жаңаша бағыты туралы сөз болды. Бұған не алып-қосасыз?

-Ол жерде Абайды тек қазақтың ұлттық тұрғысынан ғана емес, адамзаттық, халықаралық тұрғыдан қолға алу мәселесі көтерілді. Өте дұрыс. Менің де баяндамам осы бағытта еді. Абай тек қазақ қоғамын ғана ой елегінен өткізіп, тілге тиек етіп  отырған жоқ еді. Ол қазақ қоғамы арқылы бүкіл түркі мұсылман халықтарының қоғамына ой салып отыр. Өйткені, барлығының жетістіктері мен проблемалары ортақ. Сондықтан Абай тек қазақтың қана емес, бүкіл түркі дүниесінің де ұлы ақыны, ұлы ойшылы.

-Абайды әлемге таныту жұмыстары туралы ойыңыз, ұсынысыңыз?

-Абай бұған дейін тек қазақ ұлттық ғылыми зерттеу шеңбері аясында қолға алынуы себепті әлемге таныту жұмыстары әсерлі болмады деп ойлаймын. Мәселе Абайды өзге тілдерге аударумен бітпейді. Сонымен қатар, Абай шығармаларының адамзатқа не беретінін де ашып көрсете алуымыз керек. Абайдың өзге тілдерге дұрыс аударылып жатқанынан да күмәнім бар. Ол ағылшын, француз, неміс, тіпті орыс тілдеріне де дұрыс мағынасында аударылып жатыр ма? Мұны тексеру керек. Мен бүгінге дейін түрік тілінде жасалған аудармаларды қарап шықтым. Екі халықтың тілі де, мәдениеті де өте жақын болуына қарамастан, көптеген қателіктерді байқадым. Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен әлемнің он тіліне аудару іс-шарасында түрік тіліне аудару жұмысы менімен қатар, бірнеше түрік ғалымдарына берілді. Сол кезде біз бұрын жіберілген қателермен жұмыс жасап, дұрыстап қайта аударма жасадық. Өлеңдерін аудару кезінде түріктің бір мықты ақынымен жұмыс істедік. Себебі аудармашылардың бәрі ақын болмайды, сондықтан  өлеңді өлең түрінде аудара алмайды. Өлең құрылысы дұрыс болмаса, оның эстетикалық мәні мен ләззеті жоғалады. Сол себепті, түрік ақыны біздің жолма-жлол мазмұндауымыз арқылы Абай   өлеңдерін қайта өлеңдетті. Бүгінге дейін түрік тілінде жасалған аудармалардың ішіндегі ең сәтті аударманы жасап шықтық деп ойлаймын.

Түрік тілінде Абай аудармаларының кемшіліктері болса, демек, ағылшын, француз, неміс, орыс тілдеріне аударылған нұсқаларда қателіктер жоқ деп ешкім айта алмайды. Сосын Абайдың тілін түсіну де оңай емес. Көп сөздері тікелей айтылмаған, астар мен тұспал басым. Кейбір сөздерінен бірнеше мағына табуға болады. Сонда қай мағынаны алған дұрыс? Ол үшін Абай заманын да жақсы білу керек. Тарихты, сол кездегі қазақ және өзге де түркі халықтарының мәдениетін білу керек. Сонда дұрыс аударма шығады. Мен аударма барысында бұған толық көз жеткіздім.

-Іс-шараны ұйымдастырушылар туралы не айтасыз, қандай тілегіңіз бар?

-Ұйымдастырушыларға алғыстан басқа айтарым жоқ. Бұл әлемдік деңгейде өткен іс-шара болды. Әлеуметтік желіде Түркия бастап, көптеген елдерден ғалымдар қатысып, тамашалады. Олар да жоғары бағалап жатыр. Енді мұның кітабын да осылай мықты етіп шығарса деген тілегім бар. Кітабы шықпай бұл іс-шара бітті деп есептелмейді. Өйткені, әлеуметтік желідегі мақтаулар бір апта, он күн ішінде ұмыт болып қалады. Ал кітап мәңгілік. Ұйымдастырушы – кітапхана, яғни кітаптың ордасы ғой, сондықтан онлайн-конференцияға қатысқан ғалымдардың қыр соңынан қалмай мәтіндерін сұрап алып,  Абай шығармашылығы жайлы зерттеу еңбектері топтастырылған мықты бір етіп кітап шығарады деген сенімдемін.

 

Сұхбаттасқан Анар Қабылқақ, әдебиеттанушы.