– Аға, сіздердің әдеби кеңістікте бой көрсетулеріңіз еліміздің КСРО құрамынан шығып, тәуелсіздік алуының алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келді. Сол шақтағы әрқилы қиындықтарға, саяси-әлеуметтік шиеленістерге қарамастан, әдебиетке адал болып қалғандарыңыз үшін сіздерге «Алтынкөпірліктер» деген әдемі теңеу де телінді. Ал осы «Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет» десе, сіздің ойыңызға ең әуелі не келеді?
– «Литературная история Соединенных Штатов Америки» деген кітаптың «Литература и конфликт» деп аталатын бөлімінде «Многие писатели к этому времени утратили влияние, а то и умерли – Эмерсон, Готорн; другие, как Лоуэлл и Уитьер, на время предоставили свою энергию и мастерство решению жизненно важных задач» дейтін дерек бар. Тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиет десе, менің көз алдыма ең бірінші «қайтсем жан бағам?» деп жанталасқан жас ақын-жазушылар мен бұрынғы атақ-абыройы көзден бұл-бұл ұшып, екі формацияның ортасында не істерін білмей абдырап қалған аға буын өкілдері келе қалады. Еліміздегі 2000 жылдарға дейінгі хаостың барлығын 90-жылдардағы экономикалық дағдарыстың салдары деп ақтап алуға мәжбүр болсақ та, одан кейінгі жиырма жылға жуық кезең де әдебиет пен мәдениеттің ренессансы болуға асықпады. Қаламгер ретінде қалыптасу кезеңі еліміздің дербес ел ретінде қалыптасу кезеңімен тұспа-тұс келген өз басым әдебиет пен мәдениеттің тәуелсіздік тұсындағы 28 жылын егер бір ауыз сөзбен суретте десе, оны толық стагнациялық кезең деп суреттеген болар едім.
– Яғни Қазақстанның дербес ел ретінде әдебиет пен мәдениетінде ешқандай ілгерілеу, дүмпу болған жоқ дейсіз ғой?
– Стагнация, яғни тоқырау болған жерде дүмпу қайдан болсын?! Тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ экономиканы бірінші орынға шығарған билік әдебиетті кеңестер кезіндегі кеңсе жиһазымен бірге қоқысқа шығарып тастағандай әсер қалдырды. Қарапайым жұртты былай қойғанда, мемлекеттік қызметте отырғандардың өзі кімнің ақын, кімнің жазушы, я болмаса қай қаламгердің тірі, қайсысының о дүниелік болып кеткенін білмейтін және онысы үшін еш ұялып-қызармайтын күн туды.
- Ақын-жазушыларды ешкім танымайды демекші, бүгінгі қаламгер қауымның жалпы жағдайы қалай? Қоғамдық-саяси дағдарыс белең алған кезде кітап саудасы, оқырманның сұранысы, қаламгерлер көтеретін тақырып турасында не айтасыз?
- Өкініштісі, дәл осы трансформациялық кезеңде қазақтың классикалық әдебиетін оқу түгілі, қазақша кітап оқу, жалпақ тілмен айтқанда, қазақ тілін тұтыну деңгейі бұрын-соңды естіп-білмеген деңгейге дейін құлдырады. Кітап дүкендеріндегі қазақ тіліндегі контент жетім қыздың күйін кешіп, орыс тіліндегі әдебиет армансыз салтанат құрды. Қазақ тілі сөлсіз, нәрсіз кеңсе тіліне айналды. Ақынның деңгейін поп музыка, жазушының деңгейін кино айқындайтын болды. Әкесі әкім, көкесі коммерсант кемталанттардың барлығы Америка, Еуропа мен Азиядағы түсініксіз түрлі жазушылар ұйымына мүше болып, кітаптары қазақ тілінен бұрын ағылшын, француз тілдерінде бұрқырап шыға беретін болды. Ақысын берсе, дәлдүріштің де кітабын шығарып беруден арланбайтын баспагерлер саңырауқұлақтай қаптады. Осының салдарынан онсыз да саны аз оқырманның деңгейі төмендеп, талғамсыздық жаппай етек алды. Өз басым «Могиканның соңғы тұяғы» есептейтін ғаламат ақын Өтежан Нұрғалиев бұл турасында «Жас қазақ үні» газетіне берген бір сұхбатында «Қазір біз қорқынышты кезеңде өмір сүріп отырмыз. Әдебиеттің рөлі нөлге тең кезеңде» деп бекер айтпаған болса керек.
– Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өткен елдің қаламгерлердің әлеуметтік жағдайы мен қаламақы мәселесіне қандай да бір оң ықпалы болды ма?
– «Интеллектуалдық меншік құқы» деген мәдениет қалыптаспаған, жазушыға қаламақы төлеу дегенді қорлық көретін елде қаламгерде не абырой қалсын?! Біздің әлдеқандай қып жүрген Жазушылар Одағының мүшелік билетімен ҚазҰУ-нің жатақханасына кіре алмай қор болғаным есіме түседі осындайда. Білдей бір Одақтың ресми құжатын жатақхананың вахтеры құжат деп есептемегесін, өзгесінен не сұрайсың? Ол ол ма, жазған өлеңімізді авторын өзгертіп, оны мектеп оқулығына кіргізіп жіберген сорақылықты да көрдік ақыр аяғы. «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деп ол мәселені де Қазақстан Авторлар Қоғамына барып індетпек болған талпынысымыздың барлығы аяқсыз қалды. Аяқсыз қалған себебі, «ол кітапты «Бөбек» қоры шығарған екен, ал оның артында кім тұрғаны белгілі, өзіміз сотты боламыз» деп құтылды заңгерлер. Қарап отырсам, мен осы 28 жылдың ішінде мемлекеттік тапсырыс арқылы (жеке қаржыға шығарған бір кітапты есептемегенде) шығарған төрт кітабыма бар-жоғы 20 мың теңге қаламақы алған екенмін. Қаламақы дегеннен шығады, қайсыбір жылы қайсыбір баспа маған поэзия кітабын аударып беруімді өтінді. Сізге өтірік, маған шын, сондағы олардың маған ұсынған қаламақысы менің телеарнадағы бір фильмді аударғандағы еңбекақымнан да төмен еді. Әдебиетке деген көзқарас осындай мемлекетте қандай сапа болады? Біздегі шығып жатқан саны бар, сапасы жоқ кітаптардың өтпейтіні, өткен жағдайда оқылмайтыны шымбайына батып отырған адам көрген жоқпын мен осы уақытқа дейін. «Мемлекеттік грант», «президенттік стипендия» деп алаулатып-жалаулатып жатады жыл сайын. Оны теледидардан көріп отырған бейкүнә халық «е, мыналардың жағдайы жақсы екен» демегенде не дейді?! Ол аз десеңіз, кіріп кеткен кабинетінен миллион құшақтамай шықпайтын «абызымызға» президент, прокурор атаулы жік-жаппар болып жататыны бар. Осылардың бәрі өнер атаулы мемлекеттің қамқорлығында деген «видимость» жасайды. Берген түгі жоқ, қабырғасы қирап қалған кеңестер заманында шыққан бір шығармасы үшін әлі күнге дейін еркелеп жүрген осы шалдарды көргенде әдебиеттің ардың ісі болғанына кәдімгідей күмәнданасың. Бұларды көрген жастар қайтып оңсын, олардың пысықтығы бұлардан да асып барады. Осыдан бірер жыл бұрын Лондондағы атақты HSBC банкі «Poet In The City» деген ғаламат конкурс ұйымдастырды. Егер Ұлыбританияда тұратын Паскаль Пети атты ақын сол конкурсқа менің атымды ұсынбаса, мен ондай керемет жобаның бізде өтіп жатқанын тіпті естімегендей де екенмін. Ұзын сөздің қысқасы, «ағылшынша білетін, кітабы шығып, өз ортасына танылған» ақынның грантын сол кезде кітап түгілі, аты белгісіз, әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бір студент қыз (ұмытпасам, аты Ақбота болуы керек) ұтып алды. Оның біреудің рекомендациясы арқылы өткені белгілі ғой, соны білмек болып банктің Алматыдағы бөлімшесіне барғанымда ондағы қызметкерлер оны көрсетуден бас тартты. Ал менің ресми орган ретінде Жазушылар Одағының басшысы Н.Оразалин мен бейресми қаламгер ретінде Е.Раушановтан алған ұсыныс хаттарымның көк тиындық құны болмады. Мен Лондонға несін ренжимін, Алматыдағы тілін бұрап сөйлеп тұрған банк қызметкерлерінің өзі «мы не знаем и не слышали про такую организацию, какая разница кто дал рекомендацию» деп тұрса. Мұндай қараулықты көрмеген басым, сол күні есімнен танғандай болып жүріп көлігіммен ашық тұрған құдыққа да түсіп кеттім. Ал қазақ әдебиетін мұхиттың ар жағында насихаттайтын Ақботамыз алты айға Канадаға барып, тілін ұстартып, ел көріп, жер көріп, ендігі бір мекемеде білдей бір специалист болып отырса да таң қалмаймын. Бұл жердегі айтпағым, тәуелсіздік дәуіріндегі әдебиеттің несібесін әдебиетке ешқандай қатысы жоқ пысықтар әбден жеп бақты. Марқұм Әшірбек Сығай ағамыз айтпақшы, қазір іші пысқандардың бәрі жазушы болды ғой. Нарықтық экономиканың қызығын қазір өмірбаян жазғыш тележұлдыздар мен қайтіп пысық болуды үйрететін коуч мамандар көріп жатыр.
– Мұндай жағдайларға қарамастан, әдебиеттің туын шынайы биіктеткендер болды ғой...
– Әдебиетке адал жандар Одаққа мүше болмай-ақ, ешқандай стипендия алмай-ақ, ешқандай форумға я мерейтойларға шақырылмай-ақ жазатындарын жазып, бірі ішкіш, бірі қайыршы, ендібірі оппозиционер «атағымен» о дүниеге аттанып жатты. Ел үшін шын қуанып, жер үшін шын жылаған ол бейбақтарды өлгеннен кейін құрметтедің не, құрметтемедің не! Ертеңін ойлайтын кез келген мемлекет ұлт руханиятына үлес қоса алатын дегдарларды өз уағында тани білсе – лазым. Оларды танып қана қоймай, сақтау – мемлекеттің ең бірінші қасиетті борышы саналса керек еді. Бізде әл-әзір бәрі керісінше болып тұр. Гомерді емес, Гуверді оқығандар төрге озып, тамадалар театр басқарып, моралы жоқ адам министр болған Қазақстанда мен жақын арада бәлендей өзгеріс бола қояды деп ойламаймын. Отыз жыл бойы жалтақтық пен жағымпаздықты өмір сүру салтына айналдырған ел енді оңайлықпен Толстойды оқып тебіренбес.
– Аға, ұлт руханияты мемлекеттік қолдауға қаншалықты тәуелді болуы мүмкін?
– Бірде Британ Кеңесі мерекелік открыткаларына басу үшін менен Бенджамин Зефанайяның өлеңін қазақшаға аударып беруімді өтінді. Ол уақытқа дейін Зефанайяның шығармашылығынан мен бейхабар едім. Оның әйгілі Британ Империясы Орденінен бас тартқанын оқып-білген мен Британ Кеңесінің өз патшайымына қарсы шыққан эмигрант ақынды дәріптеп жатқан мына ерлігіне қайран қалдым. Шыны керек, адам құқы мен демократия құндылықтары барынша сақталатын Батыс елдері үшін қалыпты саналатын бұл жайт мені сол кезде қатты толқытты. Бір пікіріміз үшін сотқа, бір пікіріміз үшін отқа айдалып жүрген біздер осы күнге дейін барды бар, жоқты жоқ деп айтамыз деп кімге «сұмырай» атанбадық. Көзбояушылық есебінде өткізіліп жатқан форумдар, шалажансар жасалып жатқан аудармалар, атүсті құрастырылып жатқан антологиялар адамды айтпасына қоя ма?! Әйтпесе осы қалам мен қағаздың ортасында жүрген мен де өзімді әдебиеті озық, мәдениеті жоғары елдің өкілі сезінгім келетіні өтірік емес. Кеңес аға Юсупов армандап кеткен аударма институты құрылып, ол жер Ғалымжан Мұқанов сияқты аудармашыларды тәрбиелеп, поэзия антологиясын Жорж Помпиду сияқты президенттердің өзі құрастырып жатса, нағыз рухани жаңғыру дегеніміз сол болар еді ғой?! Қаптап жатқан экономист пен заңгер, мұнайшы мен саясаттанушыны лек-легімен шет елде оқытып жатқан үкіметтің байғұс жазушыларды құрып кеткенде Мәскеудегі Әдебиет Институтына жіберуге ақылы жетпей қалды дегенге кім сенеді? Мемлекеттік сыйлық алатын жазушысы мүттәйім, президенттік стипендия алатын ақыны одашыл тәуелсіз елдің отыз жылы ұтқанымыздан ұтылғанымыз, жұтқанымыздан жұтылғанымыз көп екенін анық көрсетіп берді деп ойлаймын. Антисфен айтпақшы, «Мемлекет ненің жақсы, ненің жаман екенін парықтаудан қалған кезде құрдымға кетеді». Біз тыныштықты көп айтамыз, бірақ оның іргетасы қандай қиянат пен өтірік арқылы қаланғанын ұмытып кете береміз. Оны ақын құрдасым Талғат Ешенұлының «Этномазохизм» атты өлеңі өте дәл берген:
«Бостандық!» десең,
Айтары:
«Арандатпайық!»
«Аш қалдық!» десең,
Айтары:
«Арандатпайық!»
«Жер берсін!» десең,
Айтары:
«Арандатпайық!»
«Ел келсін!» десең,
Айтары:
«Арандатпайық!»
«Тіл өлді!» десең,
Айтары:
«Арандатпайық!»
Кім өлді десең де,
Айтары:
«Арандатпайық!»
«Арандатпайық!» деп жүріп, арам қатпайық!..