- Кез келген салаға бет бұрған жас буын үнемі жаңалыққа құмар, өзгертуге бейім болады. Поэзияда қазірде ерекше атап айтарлық поэмалар, балладалар бар ма? Жастарда.
- Әдебиетке, жалпы өнерге сілкініс әкелген XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы ойшылдар, ақындар мен жазушылардың орны бөлек. Модернистік сипаттағы шығармалар бірінен соң бірі жарияланып, аз уақыттың ішінде әдеби процесс – бұрын-соңды болмаған деңгейге шықты. Содан бері әдебиет философиямен, психологиямен, физикамен тығыз байланысқа түсіп, әртектілік алдыңғы планнан көрінгенін білеміз. Эксперимент жасаудың шебері Франц Кафканың бір ғана «Процесс» шығармасындағы басты кейіпкердің шындықты іздеуге талпынысы, күңгірт түстерге «малшынғаны», жауабы жоқ сұрақтарға «жұтылғаны» – бір қызық құбылыс. Дәл сол сәтте поэтикалық өмірде де сондай «адасушылықтар» орын алып жатты. Дел-сал күйге түскен еуропалық ақындар бұрынғы классикалық туындылардан алшақтап, формалық һәм мағыналық ізденістерге бет бұрды. Міне, осы толқынның сарыны XXI ғасырдың поэтикалық атмосферасынан да сезіледі. Егер уақыт кезеңдеріне сырттан баға берсек, өткен ғасыр – «табан астында тұр». Біздің қазіргі жас ақындарымыздың еңбегі мен ізденісін бағалайтын, соны сынайтын уақыт келді. Бір қызығы, Е.Жүніс, Қ.Сарин, Ұ.Нұрғалымдарды жас ақынның санатына қосып жүргендер бар. Бұл қате түсінік. Олар – орта буын өкілдері. Ал қазіргі ақындардың үнін кім естіп, кім сынап жүр? Мәселе сонда. Мысалы, Е.Дүйсеннің «Қалалық құстар» кітабына, А.Сүлейменнің «Шөл» аудармасына әлі ешкім жөні дұрыс баға берген жоқ. Біздің әдебиеттегі селқостығымыз – қаншама туындылардың «тірідей» көмілуіне себеп болып жатыр.
- Руханиятқа қай тараптан да бет бұрыс жасалып жатқан жоқ. Оқырманнан да мемлекеттен де. Бұл үрдіс қауіпті ме, әлде жалпы тоқырау, өтпелі кезең бе? Қазақ әдебиетіндегі осы кезең жайлы ой-пікіріңіз қандай?
- Айдынның тұнығын лайлаған сияқты, егер әдебиетке саясат араласса, әу бастағы миссияның қадір-қасиетін жоғалтамыз. Онда біздің әдебиет – кеңестік кезеңдегі секілді цензураның құрсауында болып, таза қалпынан айырылады. Қазіргі әдеби байқаулардың көбі сол арнаға бет бұрғаны шындық. Өмірі көрмеген адамның атын мадақтау, мекен-жайлардың тарихын жырлау, белгілі бір арнаулы датаға арнап өлең шығару – сол жыр бәйгелерінің басты шарты. Осындай шартты дүниелерге шырмалған жас ақындар, әрине, қолына қалам алғысы келмейді. Мұның шешімі – әдеби кітаптардың сатылымын жүйелеу. Автор – тек қана жазушы, арнайы әдеби агенттіктер кітапты басып шығарушы, ал оқырман – тұтынушы, яғни рухани мұрадан ләззат алушы болу керек. Өкінішке қарай, қазіргі таңда осы жүйедегі рөлдер ауысып кеткен. Яғни, автор – жазушы, кітапты басып шығарушы, насихаттаушы болып жүр. Тағы бір шешімі – әдеби сайттарды қомақты деңгейде қаржыландыру. Сонда автор өз шығармасын (еркін тақырыпта) сайтқа жариялау арқылы қаламақы алады. Солайша, әдеби процестің жандануына септігін тигізеді.
- Біздің экранға жаңа фильм шықса, не кітапханаға жаңа кітап келсе, киноны көрмей жатып, кітапты оқымай жатып сынайтындар жетерлік. Бұл шынымен оқырманның деңгейіне ақынның жетпеуі ме, әлде қазақтың ажырамас бөлігіне айналған әшейін сөз бе?
- Қазақта «көпірме сөз», «лепірме сөз» деген тіркестер бар. Жоғарыдағы сын – соның маңайындағы мағына. Мұндай олқылықты жою үшін сапа алға шығу керек. Сапа емес, санға иек артқан жазушыдан да, оқырманнан да ешқандай үміт күтудің қажеті жоқ. Бір жағынан, сіз айтып отырған «сыншылар» кәсіби маман емес. Кәсіби маман – кез келген істің байыбына бара отырып мәтінді, киноны т.б. шығармашылық құндылықты талқылайды. Сіздің не айтқыңыз келгенін түсіндім. Шыны керек, кейінгі жылдары түсірілген сериалдардың дені сапаға емес, санға жұмыс істеді. Істеп те келеді. 15 бөлімді сериалды созу үшін режиссер қандай қитұрқы әрекетке бармады десеңізші. Эпизодтарды мейілінше созып, тау, дала, табиғатты көрсетіп тұрып алады. Ал оқиға, тартыс, кейіпкерлердің шиеленісі қайда қалды? Біздің көптеген фильмдеріміз бен шығармаларымыз ең біріншіден табиғатты, жазира даланы, көсіліп шапқан жылқыны, тауды, бұлтты, жапанда тұрған жалғыз ағашты суреттеуден басталады. Сөйтіп, 1-2 бетті суреттегеннен кейін «Қажыбай сыртқа шықты» (мысал) дейді. Әрине, осындай көпбейнеліліктен кейін оқырман да, көрермен де жалығып, 1 бөлімнен кейін-ақ шығарманы оқығысы келмейді.
- Жазушы дегенде, ақын дегенде бәріміз совет кезіндегі мықтыларды ойға аламыз. Бүгінгі күннің ақыны, жазушысы қандай болады, қандай болуы керек?
Чеховтың жазу мәнері, шығармалары, қысқа әңгімелері – бүгінгі ғасырдың адамдарына арнап жазылғандай. Толстойдың көптомдығынан гөрі Чеховтың бір ғана шығармасы қоғамның жон арқасын сыпырып, шындықтың қанын шығаруы мүмкін. Бүгінгі жас жазушылардан соны күтемін. Яғни, қысқалық, оқиғаның шиеленісі, қызықтығы, тақырыптың тың болғаны, ең бастысы көркем туынды болғаны маңызды. Біздің кейбір жазушыларымыздың шығармасы жеткілікті деңгейде емес. Шығармаға қажетті критерийлер толық сақталмаса да, ішінде эсселік мәтіндер «сүйретіліп» жүрсе де, өзін жазушымын деп әйгілейді.
- Жас ақындар, жас жазушылар атақ алу үшін, бір әдеби жүлде алу үшін «көке» жағалайтыны рас. Бұл жазушыларды өсіре ме, әлде әдеби жүлде әділ болмай әдебиет те өспей ме?
- Бұл жерде басын ашып, тарқатып алатын бір жайт бар. Әдебиеттегі ағаларын сыйлап жүрген жігіттердің барлығы жүлде, яки қандай да бір сыйлық үшін қасында жүрмейді. Сол аға буын қаламгердің есті әңгімесін, ерекше ойларын тыңдау үшін қасында болса, оның несі айып? Бұл – бір. Екіншіден, әрине, сіз айтқандай «әдеби жүлде алу үшін» жүрген жастар да бар шығар. Бірақ ондай жігіттердің есім-сойын да, тірліктерін де білмеймін. Ең басытысы – әдебиеттегі буындар жік-жікке бөлініп кетпей, бір мүдде үшін еңбек еткені дұрыс. Яғни, ұлы әдебиет үшін маңдай терін төгіп, еңбекпен жазылған шығарма елеусіз қалмайтынын ғана білемін. Мүшәйрадан гөрі қазіргі кезде әдеби фестивальдар, әдеби басқосулар жиі болғаны дұрыс. Мүшәйра – қаламгер талантының шынайы бағасын бере алмайды.
- Әлем әдебиетіндегі даңқты ақындардың шығармаларында қандай құндылықтар бірінші орынға қойылады. Несімен әлемдік ақындар атағына ие?
Сұхбаттың басында айтқандай, еуропалық әдебиет өкілдері адами құндылықтан гөрі күңгірт, түсініксіз, беймәлім ойларды көбірек жазды. Бұл – дұрыс та болар. Дегенмен, шығыстық сарында адамгершілік құндылықтары, оның ішінде ар, ұят, қайырымдылық концепциясы басым. Технократтық заманда бізге екіншісі ауадай қажет. Рухани құндылықсыз – адам роботқа айналады. Түбі салдыр-күлдір еткен қалбыр сияқты болады. Ондай адамнан әулие жасап, оған табынудың қажеті жоқ. Рухани «мүгедектердің» қаншалықты қауіпті екенін бүгін білмесек те, ертең сезінеміз. Сондықтан мемлекет таразы басын тең ұстап, техникалық бағытты да, гуманитарлық бағытты да қатар дамытуы қажет. Бұл – бір-бірінен ажырамайтын, біте қайнасқан, бір-бірін толықтырып тұратын алапат күш. Кадзуо Исигуро мұны менен жақсы біледі.
- Болашақта қазақ ақындары мен оқырмандарын қалай елестетесіз. Бізден әлемдік ақындар көптеп шығу үшін не жолға қойылу керек?
- Реалист болайық. Ендігі заманда әдебиетті насихаттау – бұрынғыдай болмайды. Іздене жүріп, сарыла жүріп кітап іздейтін оқырман да, таусыла жазатын жазушы да күннен-күнге азаюда. Қазіргі кезде «өнер – өнер үшін» деген тенденция алға шығып барады. Томдықтарды шаң басып, көлемді тарихи туындылар тасада қалып қоя ма деп уайымдаймын. Бүгінгі таңда сонау ауылда жатқан бір оқырман хат жазып, өлең туралы өз ойын айтса, соған қуанамыз. Шыны керек, біз болашақты емес, қазіргі кезді көбірек ойлауымыз керек. «2040 жылы оқылатын өлең» деп тақырып қойып, иллюзияға алдана беретін ақындарды түсінбеймін. Түсінгім де келмейді. Ақын – шын талант болса, бүгін жазсын. Ертеңгіні уақыт көрсетеді.
Әңгімелескен Әлихан Жақсылық