«Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің «Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша бірінші орын жүлдегері, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев атындағы стипендия иегері Бақытгүл Сәрмектің «Қаламгер» баспасынан жарық көрген тұңғыш жинағы «Кейіпкерді» оқырман жылы қабылдады. Бақытгүлдің жазуы шып-шымыр, кейіпкерлері шынайы, «Қарагер», «Итгершілік», «Ақторының халі», «Кеш батқан кездегі оқиға», «Түйебай» әңгімелерінен адамдардың мінез болмысы, өмірдің әрқилы сәттерін көреміз. Елордадағы Жазушылар үйінде өткен кітаптың тұсаукесері кезінде негізінен оқырмандар сөз алып, уақыт тығыздығына байланысты автордың өзіне кезек тимей қалғандықтан жас жазушы Бақытгүлді тұсаукесерден кейін барып әңгімеге тарттық.
-«Кейіпкердің» таныстырылымы өтті, белгілі жазушылар мен қаламгерлер келіп пікір білдірді, өзіңіз қандай сезімдесіз? Атырауда, Алматыда да оқырманмен жүздескеніңізді білеміз, осындай кездесулерден не ой түйдіңіз?
-Әр кездесу кезінде өзімнің тәп-тәуір жазушы екеніме көз жеткізіп келемін. Айтылған пікірлердің көбі оң, мақтаулар менің жеке басымды артық көргеннен немесе өзге біреулердің ықпалымен айтылып жатыр деп ойламаймын, себебі өзімді мақтату үшін ешқандай әрекеттерге барып көрмеген адаммын. Нұр-Сұлтандағы кітабымның тұсаукесерінде замандас жазушылардың бірі: «Кітабың шықпай жатып та шығармаларың бірнеше рет талқыланды, Сен негізі бақытты жазушысың ғой» деп айтып қалды. Шынымен де солай сияқты.
-Тұсаукесерде стиліңізге қатысты пікір айтылды, көпшілік үшін бұл нағыз қазақы әңгіменің үлгісі іспетті, дегенмен жаңашылдық көргісі келетіндер де бар екен. Сіз үшін шығармада ең маңыздысы не?
Шығарма қалай жазылуы керек, оның адамзат алдында қандай миссиясы болуы мүмкін деген сұрақтарға мен ойланбаймын. Оқырман талғамы да әртүрлі, сондықтан біреулерге жаңашыл бағытта жазылған дүниелер ұнаса, біреулердің оны қабылдамайды. Мен өзім жазған шығармада жан болғанын қалаймын. Шығарманың жаны дегеніміз – оқып отырып өз сезіміңмен арпалысу, өзіңді танып қалу, эстетикалық ләззат немесе азап сыйлау. Былай айтқанда өзің түсініп болмайтын таныс емес сезімдердің лап етіп етіп шыға келуі. Әрине, бұл мақсатты мен барлық шығармамда орындадым деп айта алмаймын. Жазушылық қуатымның әлі де жеткіліксіз екенін сеземін. Содан жазудағы мен үшін маңызды нәрсе - тым көркемдеуге де қарсымын, оқырман ыңғайына жығылып жазуға да келіспеймін.
-Постмодернизм дегенді қалай түсінесіз, мұның қазақ әдебиетіне үйлесетініне, кірігетініне мысалдар келтіре аласыз ба? Осы бағытта жазатын кімдерді атай аласыз, олардың ерекшелігі неде?
-Шынымды айтайын, мен постмодернизмнің не екенін әлі жете түсіне қойған жоқпын. Жобалуымша бұл әдіс – жаңалық. Ал жаңашыл әдіспен жазатын замандас жазушылардан Есбол Нұрахмет, Досхан Жылқыбай, Рахат Әлішер, Бақытбек Қадырды оқыдым. Темірлан Қылышбек деген медицина саласында оқып жатқан жазушы жігіттің де осы бағытта жазған шығармасы да жақсы бағаладым. Жалпы, жазушы жазуы керек, қандай бағытта жазып жатқанын нақты айыра алмаса да оны сөгуге болмайды, себебі міндеті тек жазу. Ал оны жанрларға бөліп, талқылау әдебиетшілердің ісі. Жазушы әдебиетшілікпен айналысып, шығарма зерттеуге кіріссе жазушылық қабілетін, өзін жоғалтып алуы мүмкін.
-Жазушы әдебиетшілікпен айналыспауы керек дейсіз ғой, мұныңыз ойланатын пікір екен. Енді мынаны айтсаңыз, мысалы біз сіздің шығармаңыздағы кейіпкерлердің бәрі дерлік өмірде бар адамдардеп ойлаймыз, олар өздерін танып жата ма?
-Кейіпкерлердің бәрі өмірде нақ бар деп айтқанға келіспеймін. Өзіме әсер еткен оқиғаның айналасына оймен салған кейіпкерлерді топтастырып, соларға тағдыр, мінез, келбет беріп те жазамын. Ол маған ұнайды. Кейде қолымда құдірет бар деп сезінемін. Кейіпкерлерімнің біреуін бақытты ете саламын, тым бақытты болып есіріп бара жатса орта жолда қылжита саламын. Өмірден алынған кейіпкерлер де жоқ емес. «Мөлдір» әңгімесі біраз шу болып, бұл оқиға көңіліме қатты тиді. Сол кезде сезінгенімді сол әңгіменің жалғасы етіп жазу ойымда бар. Әзірге бәрін ашып айта алмаймын.
-Өмірде ерекше образдарды жиі кездестіресіз бе, кейіпкерді қайдан қалай іздейсіз, бұл бағыттағы өз тәсілдеріңіз жайында айтып беріңізші.
-Әр адам ерекше образ, оларды іздеудің де керегі жоқ. Жаныңызда кофе ішіп отырған адамның іс-әрекетіне, болмысына назар аударып қарасаңыз да бір кейіпкер сомдауға болады. Жазушының байқағыштық қасиетіне, шеберлігін байланысты деп ойлаймын.
-Сіздің шығармаларыңыз қысқалығымен, аз көлемге көп дүние сыйғызуымен ерекше, келешекте көлемді дүние жазам деп жоспарлайсыз ба?
-Оқырманды жалықтырып алудан қорқамын. Көлемді шығарма жазуға демім, күшім жететініне әзірге сенімді емеспін. Бірақ ұзақ жаза алатын жазушыларға қызығамын.
-Сөйлемдеріңіз жұп-жұмыр, бөлек-салақ ештеңе байқалмайды, бір әңгімеге қанша уақыт дайындаласыз?
-Дайындалмаймын. Бір сағат ішінде жазылатын әңгімелер бар. Бір күн жазып, екінші күні қайта өзгертетін әңгімелер болады. Ойымда жүрген идеялар өзі піскен кезде жазамын. Қолым жүрмесе демек әлі дайын емеспін деп қоя саламын. Жалпы, шығарманы қалай жазасыз деген сұраққа жауап беруден қашамын. Маған бұл интимді сұрақ сияқты болып көрінеді.
-Бұл пікіріңізбен келісем, дегенмен, біртүрлі сұрақтың да өз мақсаты бар. Оқырман азайды дейді, бұған келісесіз бе, бүгінгі оқырман нені оқығысы келетінін зерттеп көрдіңіз бе?
-Бұл сұраққа соңғы кезде ойланып жүрмін. Жеке басты дамытуға, өзіңді қамшылатуға арналған мотивациялық кітаптар өтімді болып тұр. Менің жазатындарым оқиғасы мардымсыз, көбіне кейіпкерлерді суреттеуге кетеді. Көпшілік қабылдай алмайтыны сондықтан. Оқырмандарым аз, бірақ сапалы.
-Шығармашылық адамында әрқилы көңіл-күй болады, кейде өзіне өзі сыймай жүретін сәттері болады, бұл сізге таныс көңіл-күй ме?
-Жазу үстінде, содан соң әдеби орта адамдарының арасына келгенде ғана шығармашылық адамы сияқты сезінемін. Ал былайғы өмірде сабырлымын, қалай жүруге тиіспін, солай жүремін. Кейде ішім ойсырап, түсініксіз халім болады. Ондай кездерде тұрмыстық жағдайлармен толықтырып, өзімді қалпыма келтіріп аламын.
-Әлеуметтік желідегі жай жаза салған посттарыңыз «хит» болып, елдің назарын аударып, арты кәдімгідей пікірталасқа айналып жатады, кейде адамдардың пікірін білу үшін өзіңізді қаттылау, менмен көрсететін кездеріңіз бар, бұл оқырман реакциясын қызықтау үшін бе әлде өзіңізге сырттай қарағаныңыз ба?
-Иә, ондай жағдайлар жиі кездеседі. Біреулер осы қалпымды бағаласа біреулерге мүлдем ұнамайды. Негізі әдейі жасамаймын, қалпым сол, ойым да сондай болып тұрады. Менің жазғанымды жете түсіне алмай, даурығып қарсы пікір айтса, демек ол адам менің деңгейім емес. Сондықтан менмендік қалпым көрініп қалуы мүмкін.
-Драматург, жазушы Рахымжан Отарбаев атындағы стипендия иегері атандыңыз, пьеса жазу туралы ойлап көрдіңіз бе? Мысалы, мен оқырманмын, сіздің шығармашылық жоспарыңыз қызықтыратынын жасырмаймын.
-Жазушы Рахымжан Отарбаев атындағы стипендияның мен үшін салмағы ауыр болып тұр. Лайықтымын ба деген сұрақ әлі көкейімде тұр. Бұл марапаттың қарымтасы да осал болмауы керек. Пьеса жазу туралы ойлаған жоқпын. Нақты жоспарым да жоқ. Ең жалқау, енжар жазушы мен шығар.
-Атырауда шығармашылық орта бар ма, сізді оқып пікір айтатындар көп пе?
-Атырауда шығармашыл орта бар шығар, бірақ мен саяқтау жүремін. Пікір айтатындар аз емес, әр пікір мен үшін құнды, бірақ айтылған пікір, ұсыныстар менің болмысымды, жазуымды, жазушылық танымымды өзгерте алмайды.
Әңгімелескен
Жадыра ШАМҰРАТОВА