Аягүл МАНТАЙ: Әдеби ортаның жасандылығынан шаршаймын

 Жақында жазушы Аягүл Мантайға көкейімізде жүрген бірқатар сауалымызды жолдадық. Себепсіз де емес. Оқырманы ретінде Аягүлдің жаңа шығармасын аңсап, асыға күтіп жүрміз. Бір біз емес, әлеуметтік желіде Аягүлден әңгіме сұрағандардың қарасы көп. Жазушымыз неге жазбай жүр? Бұл сауалдың жауабын жаңбырлы күні алынған осы сұхбаттан табасыз...

 

–Аягүл, әлеуметтік желіден оқырмандарыңыздың «Аягүл неге жазбай кетті?» деген пікірін жиі байқап жүрмін. Өзіңіз бұған жауап ретінде қазір рухани тоқырауда жүргеніңізді айтыпсыз. Сол себепті де, жазғыңыз келмейді екен. Қалам суытып алудан, оқырманыңыздың сізден алыстап кетуінен қорықпайсыз ба?

– Шығармаларымнан оқырман болмысымды, мінезімді, «Менімді» көреді деп ойлаймын. Ал мені тани алған оқырман менен алыстап кетеді деп ойламаймын.  

Өткен жаз мен үшін ауыр мезгіл болды. Әкем, әкемнің қырқы өткесін жалғыз інім өмірден өтті. Осы ауыр қайғы бар, басқа да қиындықтар қосылып, басымды көтере алмай, жатып қалдым.  Жанымның  тым нәзік екенін бұрын да білетінмін. Бірақ рухым  мықты деп ойлаушы едім. Қателесіппін. Сынып кеттім. Әлде сындырып жіберді...

Қазір ауылда анамның қасындамын. Күнделікті анама қолқабыс жасап, малға қараймын, малдың астын тазалаймын. Бұрыннан осы өмірді сүріп жүргендей әсерде болдым.

Біраз уақыт бұрын «Парасат майданы» хабарынан Айгүл Мыңжасар хабарласып, бағдарламаға қатысуға шақырды. Бұрын да шақырған. Бірақ ол кезде уақытым болмай, бас тартқан едім.  Келістім. Себебі, Астанаға бармағаныма да он жыл болыпты. Ұшақпен ұшқанды жақсы көремін. Жан дүниемде бір тазару процесі жүріп жатқандай сезім болады. Сергитін шығармын деп ойладым. Астанаға барып келгенде, өзімнің қоғамнан бөлініп, оқшау өмір сүріп жатқанымды және ең қорқыныштысы – сол өмірге бойсұнып кеткенімді түсіндім.

 

 «Менің жазғаным біреуге керек пе? Оны біреулер оқи ма?» деген ой да бар екен сізде. Жақсы жазып жүрген, тамаша жазуға тиісті адамға керек емес-ау осы ой?..

Әлемдік деңгейдегі классиктер Бальзакты, Золяны, Драйзерді оқымайтын, іздемейтін қоғамға керекпін бе? – деп ойға бататыным рас. Кейде мүлдем ештеңе жазғым келмейді. Кейін ешкім үшін емес, өзімді құтқару үшін, жан дүнием тыныштық табу үшін  жазу керектігімді түсіндім.

 

Өзім «репрессияға ұшырап», бір әдеби басылым мені сегіз жыл  шығармады...

 

–Ақын-жазушылар әлеуметтік желі арқылы өз шығармашылығын жарнамалап жүр. Ғаламтордағы мұндай дамылсыз жарнамалар оқырманның талғамын адастырмай ма?

Қазір кім оқырманның талғамы туралы ойлайды дейсіз? Өзім біраз жыл  әдеби басылымда жұмыс істегенмін. Сол жерде де біреудің оқырманның талғамы туралы бас қатырғанын көрген емеспін.

Сосын қазір газет-журнал оқитын оқырман аз ғой, осы себепті, ақын-жазушыларды да түсінуге, ақтап алуға болады. Өзім «репрессияға ұшырап», бір әдеби басылым мені сегіз жыл  шығармады.  Кейбір басшылар газет-журналды өзінің қалтасындағы ақшамен шығарып жатқандай сезінеді. Негізі менің орнымда басқа біреу болса, аттарын атап-атап, әлеуметтік желіге  жазатын еді. Бірақ оған ішкі мәдениетім жібермейді. Қазір ақын-жазушыларда бұрынғыдай өзін «жарты құдай» сезінетін редакторларға деген тәуелділік жоқ. Жақсы редактор, жақсы ақын-жазушы шығармашылыққа келгенде жеке бастың араздығынан биік тұрады. Бұл шын таланттың ғана қолынан келеді.

Оқырманның көкірек көзі ашық болса, кімді оқу керектігін, нені оқу керектігін біледі. Оқырманда қашанда таңдау бар.

 

– Сіз шығармашылық адамының еркіндігі туралы жиі айтасыз. Өзіңіз еркінсіз бе?

«Еркінмін» десем, өтірік айтамын. Еркін болмауымның бірнеше себебі бар. Қазақы менталитетке байланысты, тәрбиеге байланысты миымда  «цензура» бар. Цветаева, Бодлер, Байрон секілді ешқашан еркін бола алмайтынымды білемін және олай еркін болудан қорқам.

Сосын шығармаларымның қаржылық пайда әкелмеуі – еңсемді басып тұрады. Жақын құрбым «Сен қағуға тиіс есікті қақпадың, қаға алмайсың» дегенді жиі айтады. Бәлкім, «қағуға тиіс» есікті қақпағаным да – еркіндігім шығар?!

Менің танымымдағы еркіндік – ой азаттығы мен болмыстың тәуелсіздігі. Осы тұрғыдан келгенде, көп адамнан еркінмін.

 

Шығармашылықта жан дүниемнің төртінші қақпасына дейін ашамын...

 

–Жақында қатысқан  «Парасат майданы»   атты бағдарламада «Жан дүниемде жеті есік болса, жан құрбыма соның алтауының ғана есігін ашамын, жетінші есіктің кілтін бермеймін» дедіңіз. Ал жазуда ше? Шынайы шығарма тудыру үшін жан дүниеңіздің нешінші қақпасына дейін ашасыз?

Жоқ, жазуда жандүниемнің алты есігіне дейін ашпаймын және бұған  әлі дайын емеспін. Шығармашылықта жандүниемнің төртінші қақпасына дейін ашамын. Жақсы шығарма тудыру үшін болмысымды жалаңаштап көрсету керек екенін  білем, бірақ өзімді өзге түгілі, өзім танудан қорқам.

 

– «Біз өзімізді тануға ұмтылу арқылы ғана өзгелерді тани аламыз» депсіз ілгерідегі бір сұхбатыңызда. Соңғы уақытта өзіңіз бен өзгелерді қай қырынан танып жүрсіз?

Бұрын өзімді кекшіл адам санайтынмын. Бірақ, қазір де  сол кекшілдігімнен арылып кеткенім шамалы. Кекшілдіктің жаман қасиет екенін білем. Тағдырдың сынақтарынан соң сол қасиетімнен түбегейлі арылып кетпесем де, бұрынғыға қарағанда өзгергенімді байқадым.

Адамдармен қарым-қатынаста дистанция ұстаймын. Тәкаппарлығым емес, бұл – табиғатым, болмысым. Кісікиікпін. Соңғы кезде адамдарға жақындай бастағанымды сездім.

Өзгелерді қай қырынан танығаным туралы айта алмаймын, олар – менің кейіпкерлерім. 

 

Біздің қоғамда шындықты мәмпәсидің сыртын қағазға орағандай айту керек...

 

–Ашық диалогты жақсы көретін жазушының бірісіз. Әдеби ортадағы нендей мәселе жаныңызға батады?

Ашық диалогқа әрқашан дайынмын, бірақ, біздің қоғамның ашық диалогқа дайын емесін түсіндім. Біздің қоғамда шындықты мәмпәсидің сыртын қағазға орап берген секілді айту керек екен. Жүйе бізді соған әкепті.

Әдеби орта туралы ештеңе айтқым келмейді. Ол ортаның жасандылығынан қатты шаршаймын.  Әдеби ортамен мүлдем байланысым жоқ және саналы түрде ол ортаға мүлдем кіргім келмейді.

 

–Оқыған-тоқығаныңызбен бөлісіп, әдеби әңгіме айтатын  адамдарыңыз жоқ па сонда?!

Бану есімді жақын құрбым бар. Әдебиетке қатысы жоқ. Бірақ өте сауатты қыз. Мәскеуде аспирантурада білім алып жатыр. Және Мәскеуде әдеби білім алған құрбым Жазирамен әңгімелесемін. Сондай-ақ, Ресей Халықтар Достығы университетінде бірге білім алған мәскеулік қыз-жігіттермен оқыған кітаптарымызды бірге талқылаймыз.         

 

–Қазір Мәскеуде емес, елдесіз. Мәскеу дегенде сіздің көз алдыңызға келе қалатын керемет әсер қандай? Және алда қандай жоспарыңыз бар?

Байқағаным, Мәскеудің  кейбір артықшылығын айтсаң, біздің кейбір қазақтар «орысты мақтап жатыр» деп тыржия қалады. Жоқ, біз мұндай түсінікпен ешқашан өспейміз. Бұл адамдарда өзін төмен санау комплексі бар. Интеллектісі, білімі терең адам мұндай пікір айтпайды. Олар өзге ұлттың артықшылығын айту арқылы өзі бір нәрсе үйренеді және құлдық санадан әрқашан биік тұрады. Өзбектің жақсы қасиетін көрдің бе, мойында! Қырғыздың қандай да артықшылығын байқадың ба, өзіңе сіңіруге тырыс.  Тәжіктен де біз үйренетін нәрсе бар. Ал Мәскеу дегенде, менің көз алдыма Мәскеудің театрлары мен музейлері келеді. Өзім Мәскеудің театрлары мен музейлерін аралағанды ұнатамын.

Алда әкем мен інімнің жылдық асы өткен соң Мәскеуге қайта кетемін. Сондықтан, өзім білім алған, өмір сүрген, өмір сүретін қала туралы өткен шақпен айтқым келмейді.

Сұхбаттасқан: Қарлыға ИБРАГИМОВА

Сұхбатты көшіріп басуға тыйым салынады!