ТІРШІЛІГІМДЕ ҚАНША БЕЙНЕТ КӨРСЕМ ДЕ БАҚЫТТЫМЫН
- Қалихан аға, пайымдауымша сіз өзін аса дәріптегісі келмейтін, көп көріне беруді қажет санамайтын жан секілдісіз. Көпшілік сіздің түр-тұлғаңыздан бұрын еңбектеріңіз бен «Қалихан Ысқақ» деген атыңызды жақсы білетін сияқты. Керісінше, жазушы адамға танымалдылық қажет емес пе дегенім ғой...
- (Аға ұзақ күліп алып байыппен әңгімесін бастады. Автор). Менің кейбір замандастарым, оның ішінде қазір көзі тірілері мен көз жұмып кеткендері де бар, солардың салтанаттарда, жиын-тойларда біреулер суретке түсіп жатса, жүгіріп барып жанына тұра қалатындары, теледидарға түсіре қалса, бажырайып алдына барып отыра қалатындары да бар. Мен өзім ондайды онша жақтыра бермейтін адаммын. Екіншіден, мені біреулер көзімше мақтап жатса, сол жерден қашып кетемін. Адамның табиғатында кейіп-кескіні, ішкі дүниесі – бәрі көрініп тұрады. Сондықтан табиғатқа зорлық жасауға болмайды. Пастернактың:
«Цель творчества – самоотдача,
Не шумиха, не успех.
Позорно ничего не знача быть причей,
На устах у всех», - деген бір өлеңі бар.
Осы өлең менің жазу үстелімнің астында жатушы еді. Онсыз да қысқа ғұмырында адамдардың тіршілікті ғана ойлап, адамгершілікті ұмытып, қу дүниені ғана қуалай беруіне болмайды. Асықсаң да, асықпасаң да, маңдайына не жазылады сол болады. Талқаның таусылған күні өлесің. Ал тіршілік бар кезде қыбырлап шаруаңды жасайсың. Қазір мен, бірнеше жыл болды, елден бір үй салып алғанмын. Алты ай жаз сонда жатамын. Тек қыста ғана осында келемін. Бірақ елде жатып, ең болмағанда бір жол ештеңе жазбаймын. Жалпы мен ел туралы елде тұрып жаза алмаймын. Елден ұзаңқырап шығып кеткеннен кейін, сағынып отырып жазатын адаммын. Адамның өзін-өзі қыстай бермей, бір сәт демалатын сәті болады. Кең тыныстайтын сәті болады. Тыныш жатып, тыныш жүріп «Біреуге не жақсылық жасадым, не қателік жасадым? Не жамандық көрдім?» деп өз-өзіне баға беретін кезі болады. Бұл жерде соның барлығын өлшеп, салмақтау ғана емес, адам өзін-өзі есіне алуы керек. Адамда жазылып кеткен пленканы қайта аударып оқу деген болады. Оның ішінде жасы ұлғайған кездері, өткен өмірі, балалық шағының балалық дәуренін аңсау, соларды былайғы өміріне медет тұту бар. Соның барлығы адамға рухани азық болады. Жалпы мен маңайымдағы адамдардың жақсысын да, жаманын да сөкпеймін. Жаман адам болса, жазушы үшін ол да мінез. Оны да сүйсініп отырып жазу керек. Жақсы адам да солай. Сондықтан тіршілікте әртүрлі жағдайлар бола береді. Менің шешем өлерінде мені шақырып алып: «Құлыным, менің саған айтар үш тілегім бар. Біріншісі – әлі бала болсаң да еркек кіндіксің. Сондықтан мен өлгенде жыламайсың. Екіншіден, мен өлген соң, бұл орында бір күн де тұрмайсың. Оқуыңды іздеп кет. Қай жерден түтінің шықса, әкеңнің қара шаңырағы сол болады. Үшіншісі – тұқымымыздан дуалы ауыз едік, ішіңнен болса да ешкімді қарғамайсың. Ал саған қиянат жасаған адамдар болса, Құдайдан өз жазасын алады», - деді. Шешем өлгенде жылағаным жоқ, кей-і-ін өзім алпысқа келгенде барып, шешемнің зиратының басында отырып жылағаным бар. Шешемнің қырқын бергеннен кейін 1948 жылы елден кеттім. Онан кейін осы уақытқа дейін қаншама қиянат жасаған адамдар болса да, ішімнен қарғап немесе ғайбаттап көрмедім. Бірақ, сол қиянат жасаған адамдардың, әй оңғандары жоқ-ау. Оңған адам болса, жазықсызға қиянат жасамайды ғой.
ЖАЗҒАН ӨЛЕҢДЕРІМДІ ТҮК ҚОЙМАЙ ӨРТЕП ЖІБЕРДІМ
- Аға, 60-70 жылдары жарық көрген шығармалардың көбісіне қарап отырсаң мақтау-марапаттау, арнау, ода жазудан ары аса алмаған. Сол шақтарда сіздің «Қоңыр күз еді» атты лирикалық повесіңіз әдебиет айдынында жарқ ете қалып, жұртқа кәдімгідей бетбұрыс жасатты дейді білетіндер. Оқырман әлі күнге тамсана оқып жүр. Сол еңбегіңіз туралы жазған Асқар Сүлейменовтың керемет мақаласы бар екен. Жалпы осы туындыңыз туралы айтыңызшы?
- Бұрнағы жылы Мәскеуден менің повестер жинағым шықты. Сол кітабымның орысшасын баспада қызмет істейтін бір қарындасым оқып шықты. Оқып біткен соң маған: «Аға, сізді оқу өте ауыр екен», - деді. Мені 1963 жылы сынап жазды. Онда: «Қалихан қай заманда өмір сүріп жүр өзі? Мұның жазғандарының ішінде Кеңес үкіметінің ең болмағанда кәсіподағы да жоқ қой», - деді. Мен соларды жазбаймын дегенім жоқ. Мүмкін сол кезеңдерде бір қайшылықтар да болған шығар. Оны да жасырмаймын. Мен төртінші сыныптан сегізінші сыныпқа дейін өлең жаздым. Сегізінші сыныпта өлең жазуды тоқтаттым да, бәрін түк қоймай өртеп жібердім.
- Неге?
- Оған себеп – Бейімбет Майлин болды. Әпкем мектепке 1938 жылы Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісін» қойды. Ол кезде Алтайдың түпкіріндегі ауылға Бейімбеттің «халық жауы» болып кеткендігі туралы хабар жетпеген ғой. Әпкемді «халық жауы» деп айдап кеткенде, артында біраз кітап тастап кетіпті. Ол кітаптарды әпкем киізге орап көміп тастаған екен. Мен соны тауып алдым. Қарасам Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллиннің кітаптары бар екен. Бірақ, анам барлық кітаптарды өртеп жіберді. Соның ішінен бір кітапты тығып алып қалдым. Қарасам Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» атты повесі екен. Бастан-аяқ оқып шықтым да: «Ей, менікі құр сандырақ екен ғой. Әдебиет деген осы екен ғой» - дедім. Сонан бүкіл жазған-сызғанымның барлығын өртеп жібердім. Менде: «Алматыға барсам, Бейімбетті көрсем» деген арман пайда болды. Бейімбеттің 1956 жылы атылып кеткенін естігеннен кейін көңіл-күйім түсіп кетті де «Қоңыр күз еді» повесін жазып шықтым. Сізге өтірік, маған шын, мен оны бір түнде жазып шықтым. Ол кезде Алматыдағы «Сайран» көлінің орнында бір орыс кемпірдің үйін жалдап тұратынбыз. Сонда күнде таңертең қызыма сүт алып қоятынмын. Сол күні күндегідей сыртта бір келіншек «Молоко, молоко!» деп айқайлап жүрді де, әне-міне деп жазып отырғанымның соңғы қатарын бітіп, сыртқа шықсам, сүт сатушы флягын төңкеріп кетіп қалыпты. Повестің жазылу тарихы осындай. Бұл сағыныштан туған дүние еді.
- Аға, сіздің басты-басты роман, повестеріңізді, бірнеше толық метражды фильмдеріңізді айтпағанда, жиырмаға жуық пьесаларыңыз республикалық, облыстық драма театрларының репертуаларына еніпті. Осылардың ішінде жаныңызға жақын, жеке өміріңізден алынғаны бар ма?
- Өзімнің өміріме тікелей қатысы болмаса да, мені қатты ойландырған нәрсе тәуелсіздігіміздің алғашқы кездерінде кешегі халыққа қадірлі деген адамдар, оның ішінде өнер адамдары, ғалымдар айдалада қалып, қайыршының күйін кешкендігі сол менің жаныма батты. Аздаған жинаған ақшалары бар еді, оны қазіргі билік басында отырғандар жеп қойды. Одан бір айрылды. Қазақстан үшін қаншама тер төгіп, тынбай еңбек еткен адамдар далада қалды. Осыған байланысты «Қыл көпір» деген пьеса жаздым. Басты кейіпкер – үш-ақ адам. Бұрынғы профессор, бұрынғы атақты дәрігер, сосын Әзірейіл. Спектакльдің соңында Әзірейілдің: «Мен Жаратушының бұйрығын ғана орындаушымын. Ендеше сендерге қастығым да жоқ, достығым да жоқ», - деген сөзі бар. Сонда Әзірейіл періште: «Дайындала беріңдер, адамдар өзгеріп бара жатыр. Заман өзгеріп бара жатыр. Сендерге заман ақырды Алла орнатпайды. Заман ақырды өздерің тілеп аласыңдар», - деп аяқталады.
Менің Бейімбеттен кеткім келмейді. Бейімбеттің бір әңгімесін, иә болмаса повесін бөліп қараған адам емеспін. Кейін «Саботаж!» деген пьеса жаздым. Сонда Бейімбеттің кейіпкерлерінің атын ғана алдым. Соларды алып басқа ситуацияға – Бейімбеттің заманына салдым. Бейімбетті зиялы қауым ішінде тек жазушылар мен журналистер, зиялы қауым ғана оқитын болды да, қарапайым жұрт оқи бермейтін еді. Бейімбеттің кейіпкерлерінің барлығы бекерден бекерге Мырқымбай, Құрымбай деп қойылмаған. Бейімбеттің жауы - жан жағындағылар болған. Оның кейіпкерлерін оқығанда, жақсы көріп, разы болып қана оқымайсың, күліп отырып оқисың.
ЖАҚСЫ АДАМДАРҒА КӨП ЖОЛЫҚТЫМ
- Аға, мен бүгінгі сұхбат арқылы сіздің адами қалпыңызға барынша үңілгім кеп отыр. Қалай ойлайсыз, әр адам өзін-өзі зерттей білуі мүмкін бе? Сіз зерттеп көрдіңіз бе?
- Жалпы өз-өзіне баға беретін адамдардың қылығын мен мақтаншақтыққа балаймын. Өзіңе-өзің неге баға бересің? Өмір сүріп келе жатырсың? Жаманды да көрдің, жақсыны да көрдің. Жамандыққа да, жақсылыққа да душар болдың. Соның барлығы сенің адам болып қалыптасуыңа септігін тигізді. Өмірімде қанша бейнет көрсем де, мен өзімді бақыттымын деп санаймын. Он жылдықты бітіргеннен кейін айдалада қалдым. Өзім болсам жетіммін. Сонда бір ағам мені сүйрелеп жүріп аудандық партия комитетіне алып барды да, қаражат алып берді. Өзі бұрынғы КазПИ, қазіргі Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген болатын. Менің де сол оқу орнына барғым келіп еді, ағам: «Оттама, көп болса мен сияқты боларсың. Сен журналистика факультетіне түсуің керек!» - деді. Ол кезде менің мақалаларым облыстық, аудандық газеттерде ептеп жарық көріп жүретін. Сосын шешемнің үйретуі бойынша, біраз дүниелерді жатқа білетін едім. Содан қолыма қаражат беріп, Алматыға жіберді. Мен келген бетте, баяғы өзім аңсаған Каспий Университетіне тарттым. Табалдырығынан аттай бергенімде, алдымнан ағам шыға келді. Сөйтсем, ол кісі менен бұрын ұшақпен ұшып келіпті. Содан мені ҚазМУ-дің журналистика факультетіне ертіп алып барды. Емтиханның үшеуін де беске тапсырып шықтым. Бақытыма орай, мен жүрген ортада жақсы адамдар көп болды. Кілең жақсы ағалардың ортасына түстім. Зейнолла Қабдолов, Тахауи Ахтанов, Қалтай Мұхамеджанов, Сапарғали Бегалин, Әбу Сәрсенбаев, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбжаппар Әбішев және өнер адамдарынан Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин секілді жандардың қолына бір-ақ түстім. Олар менің кішкентай дүнием жарыққа шықса, іздеп жүріп оқып отыратын. Ол бізге қанат бітіретін. Реті келген сайын біздерді өздерімен табақтас етті. Білмегенімізді бетімізге басып айтпайтын. Отырғызып қойып, көлгірсіп ақыл айтқан жоқ. Өздерімен замандастай көріп, тереземізді тең ұстайтын. Бірақ біздер бәрін іштей сезетінбіз. Міне, сондай ағалардың әңгімесін тыңдап өстік. Менің ол ағаларға ешқандай өкпем жоқ. Әрине әрқайсысының деңгейі әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ адамгершілігі өте жоғары болды.
Қазір біздің сөзіміз бар да, ісіміз жоқ. Кейінгі буынды жетелеу, жолға салу бізде жоқ. Таланттыны таңдай білу, соларға үміт арта білу, солардың тәрбиесін ұштау жөнінде ол кісілер бізден көш ілгері тұрды. Ақыл айтпаса да, өздерінің жүріс-тұрысымен, сөзімен, ісімен кім екенін дәлелдеп кеткен адамдар. Бірақ ол адамдар қазір ортамызда жоқ.
Менің кино саласына қалам тербеуіме тікелей себепкер болған жандар Мәжит Бегалин мен Шәкен Айманов болды. Елу алты жасында Шәкен Айманов қайтыс болды, елу алты жасында Мәжит Бегалин өмірден өтті, елу алты жасында Абдолла Қарсақбаев өмірден қайтты. Сонда Олжас Сүлейменов: «Ребята, дворец поэзии, прозы пустует. Теперь
по домам! Ендігі жерде сценарийдің әулиесін жазсаң да, оны түсіретін адам жоқ», - деді. Онда біз Олжас, Сайын Мұратбеков, Әкім Тарази, Асқар Сүлейменов бәріміз сонда болдық. Біздің Жазушылар одағына келуімізге, біріншіден, Олжастың жоғарыда айтқан сөздері себеп болса, екіншіден, одаққа келгенімізде бізді құшақ жая қарсы алып, осында қалуымызға ұйытқы болған жан – Әнуар Әлімжанов себепші болды. Ол кісі көп жылдар бойы Жазушылар одағын басқарды. Жалпы, мен қайталап айтайын, жақсы адамдардың ортасында көп жүрдім. Оның басы сонау Семейден бастау алды. Өмірімде жетімдік көрсем де, рухани қысым көрсем де, тіршілікте жақсы адамдарға тап болып отырдым.
ӨМІРДІҢ МЕНІ ЖАРЫТҚАНЫ ШАМАЛЫ
- Аға, туған жер жайлы... Қай топырақта дүниеге келдіңіз? Балалық шағыңыз қайда, қалай өтті?
- Балалық күнімде қаншама қиындық көрдім, қаншама азапқа түстім. Алты жасымнан өгізге мініп, жер жырттым. Тоғыз жасымнан бастап қолыма шалғы ұстадым. Ал бүгінгі ұлғайған шағымда соның барлығы маған сағыныш болып елестейді. Бала кезімізде, жастық шағымызда біздің жарытқанымыз да шамалы, өмірдің бізді жарытқаны да шамалы. Бірақ мен оның біріне де өкінбеймін. Мен 1935 жылы 14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келдім. Бір жасқа толмай жатып, әкем қайтыс болып кетті. Ауырмай-сырқамай, таңертең малдан келген бетте, мені құшағына қысып ұйықтап жатып, өмірден өтіп кетіпті. Шешем таңертең шай ішуге оятса, қимылдамапты. Шешем маған үнемі: «Сені әкеңнің құшағынан зорға суырып алғанбыз. Адам дүниеден өтер шағында бойындағы қуатын біреуге тастап кетеді дейтұғын. Құлыным, сен ұзақ өмірсүруің керек!» - дейтін. Әкем 1936 жылы өлмей қалғанда, бәрібір 1937 жылы айдалып немесе атылып кетер еді. Қайта туған жердің топырағында қалды. Анам Күләш 1948 жылы қайтыс болды. Ол кісі қатал, бірақ өте қайырымды кісі еді. Жұрттың барлығын қабақпенен жұмсайтын. Егінші деген түйелі байдың қызы екен. Бүкіл жарлы-жақыбайлылар біздің үйде жүретін. Солардың барлығының жанашыры болды. Таңертең қолына сиырдың бір кесе ең соңғы иінді сүтін алып келіп бас жағыма қойып тұрып: «Құлыным, тұра ғой, ел көшіп кетті», - деп мені оятатын. Орнымнан тұрып, бір кесе кілегейді ішіп алып, сиырды табынға қосуға кететінмін. Әлі есімде, үйде үлкен сары самаурын болатын. 1868 жылғы самаурын. Үйде әлі сақтаулы. Таңертең дастарқан жайылғанда самаурынның қасына жеті кесені айналдыра қойып қоятын. Мен: «Апа, мынауың не?» - десем, ол: «Мынау Нұрзағиланың, мынау Қырмызының, мынау Зағидың кесесі», - дейтін. Мен қызығып: «Ал, анау кімдікі?» - десем: «Құлыным, бұл – әкеңдікі», - дейтін. Сосын шеткі кесені көрсетіп: «Анау- қазір шай үстінде келіп қалған біреу-міреу болса, соныкі», - дейтін марқұм анам. Күндегі әдеті сол, айныған емес. Көрші балалар менің кешке қарай үйге қайтқанымды күтіп отырады да, менімен ілесе үйге кіреді. Анам марқұм бүкіл тыққанын соларға шығарып беретін.
- Аға, бауырларыңыз туралы?
- Бауыр дегенде ұл перзенттен жалғызбын. Үлкен әпкем былтыр тоқсан жеті жасында өмірден өтті. Екінші әпкем ертеректе қайтыс болды. Артында бір ұл, бір қызы қалды. Үшінші әпкем тоқсанның төртеуінде, қазір елде тұрып жатыр. Мен оқып жүрген кезде үшеуі үстіндегі жалғыз көйлегін сатса да, кезектесіп, маған ай сайын ақша жіберіп тұратын. Университетті бітіріп, қызметке тұрған кезімде де елге барған сайын бірнәрсе тапса, маған тықпалайтын. Осылай жүріп үшеуі мені биік астауға жеткізді. Мен оларға бір сыйлық алып бере қояйын десем: «Бізге түк те керегі жоқ. Не байдың қызығын көргеніміз жоқ, не баланың қызығын көргеніміз жоқ, бізге енді не керек? Тамақ бар, киім бүтін. Сен бізге ешнәрсе әкелме. Өзіңді өзің асыра», - дейтін.
- Қалаға, сіз қазір қай оптада болса да құрметті адамсыз. Бірақ, сол абырой-ықылас сізге оңай жолмен келе салған жоқ. Мүмкін, сіздің тұлға болып қалыптасу жолыңызда бір кездегі бала Қалиханның арман-қиялының да үлесі болса керек-ті. Бала күніңізде кім болсам деуші едіңіз?
- Бала кезімде түс көретінмін. Түсімде ылғи аспанға ұшып жүретінмін де: «Ойпырмай, құлап кетем-ау, құлап кетем-ау», - деп жатқанымда оянып кететінмін. Жастыққа басым тисе болды, екі құлағымнан аққудың сыңсыған даусы естілетін. Солай жатып ұйыйтап қалушы едім. Бұл балғын бала кездегі түс қой. Қазір де түсімде аяғым жерге бірде тиіп, бірде тимей ұшып жүремін. Балалық кезде кім болсам деп армандау менде болған жоқ. Бірақ менің өлең жазуыма көрген түстерім себепкер болды. Ал, өскеннен кейін жазушы болуыма Бейімбетке деген сағынышым жетеледі. Бала кездегі арман, ол – машыққа айналмаған, балалық талпыныс қой. Бірақ, іштей бірнәрсені сезуші едім. Қыздар менің үстімнен арыз айтатын. Бізге қазақ әдебиеті пәнінен мұғалім еркін шығарма жаздыратын. Мен ылғи терезенің түбіндегі партаны таңдайтынмын. Шығарманы терезеге қарап отырып жазушы едім. Сыныптас қыздар: «Мұғалім, Қалихан барлығын терезеден көшіріп алады. Сіз оған неге бес қоясыз?», - дейтін (күліп). Сол әдетім әліге дейін бар. Бір нәрсе жазсам, терезеге қарап отырып жазамын. Бірақ, арғы жағынан түк көрмеймін. Менің тағы бір әдетім, менде «черновек» деген болмайды. Черновек маған өтірік жұмыс жасағандай сезімде қалдырады. Ойымды бірден таза параққа түсіремін.
- Жалпы қаламгерлік абыройға қылау түсірмей алып жүру де оңай іс емес. Оның ішінде адам жанына жақын дүниелер жазып, оқырманын табу – үлкен еңбекті талап ететін іс болса керек. Жазушылыққа келу сапарыңыз қалай басталып еді, аға?
- Тіршілікте оңай кәсіп жоқ. Жазушы да сол кәсіпкердің бірі. Әңгіме, адам бойындағы қуатын неге, қалай жұмсайды, неге бағыттайды? Табиғат берген бір қасиеттің нышанын сезсең, соны ұштай білу керек, өмірлік тәртіпке, мақсатқа айналдырған жөн. Оған жүрексінудің қажеті қанша?!
- Отбасын қай жылы құрдыңыз?
- 1957 жылы. Жарым Дәметкен екеуміздің отау құрғанымызға биыл елу жылға толады. Мамандығы – педагог. Жиырма бес жыл ұстаздық қызмет етті.
- Жарыңыз Дәметкен апайға қарап отырып сүйсінесің. Баладай жан екен? Сіздің жүректі қозғаған да осы қасиеттері болса керек?
- Ақжүректігі мен адалдығы.
- Балаларыңыз туралы?
- Қызым Самал – заңгер. Ұлымның үлкені Абылай – менеджер, кішісі Әлихан – өндіруші-кәсіпкер.
- Отбасылық өмірде жолы болған ер-азаматтар қатарына жатқызуға бола ма?
- Әрине, болады.
- Өмірде қаншама жан болса, соншама ой-пікір, түсінік бар. Біреулер астындағы көлігін бақыт санаса, ал біреулер қызметін, ал бірі денінің саулығын бақыт деп санайды. Жалпы, бақыт дегеннің өлшемі бар ма?
- Бақыт дегеннің өлшемі бар ма екен?! Мен өзімнің тірі жүргенімді, әкемнің жалғызы едім, соның ұрық-шарқын көбейткенімді, ақыны жазушы деген жұрағаттың қатарына қосылып, ұлтымның мәдениетіне тинәмдай болса да үлес қосқанымды бақыт санаймын.
- Шығармашылық адамдары сезімге бай келеді емес пе, аға? Қалихан Ысқақтай жазушының шығармашылығына әсер еткен махаббат хикаялары болды ма?
- Махаббат – философиялық ұғым. Ол сезім деген түйсікке симайтын категория. Біз «сүйіспеншілік» деген сезімге тән нәрсені «махаббат» деген кең ұғымға сүйреп әлек болып жүрміз. Сүйіспеншілік – мезгілдік сезім.
Ол әуелі жақсы көруден туады да одан жауапкершілікке ауысады, оның аяғы жанашырлыққа ұласады. Бір қызды жақсы көрсең, ол саған жар болады. Жарық дүниеге ұрпақ келсе, оны өсіріп-жеткізуге жауаптысың. Ұлғайған соң, бас ауырып, балтыр сыздағанда жанашыр керек. Жар деген – күндіз көңіліңнен, түнде төсегіңнен кетпейтін жалғыз жанашырың. «Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны балаңдар» дегенде Абай тек сүйіспеншілікті ғана айтқан емес, ақыл-ойсыз, сезімсіз, санасыз рухани бітеулікті меңзеген.
- Ғұмырыңызда бір жанды құлай сүйіп көрдіңіз бе?
- Көрдім. Оған мінеки елу жыл болды!
БІРЕУ МЕНІ МАҚТАСА, ЖЕРГЕ КІРІП КЕТЕ ЖАЗДАЙМЫН
- Аға, әуелі өзін қадірлеп, құрметтей алмаған адам өзгенің қадіріне жете алмайды. Сізді құрметтейтіндер көп. Атақ-абыройдан да кенде жан емессіз. Алайда бізде өзіне көрсетілген сый-құрметті басқаша түсініп, даңғазалыққа салынып кететін ағалар бар. Сіз өзіңізді осындай қауіптен қалай сақтай білдіңіз?
- Мен атақ-абыройды ел-жұрттан күтемін де сол көппен бірдей болуға тырысамын. Көптің бәрі маған ағайын сияқты болып көрінеді, ағайын алдында шіренуден ұят нәрсе жоқ. Біреу мені көзімше мақтап жатса жерге кіріп кете жаздаймын.
- Асқар Сүлейменовтың «Шындық көп, ақиқат жалқы» деген өткір сөзі бар екен. Біздің қоғамда қысылып-қымтырылмай, қандай істе де ақиқатын айтатын адамдар аз. Сіз ретті жерінде ақиқатын айта алып жүрсіз бе?
- Жеткен жеріме шейін адал болуға тырысамын. Мінберде – обьективті болсын, субьективті болсын бар шынымды айтып саламын. Жазғанымның бәрін ақиқат деп санаймын.
- Қандай тамаша! Аға қандай адамдарды ұнатпайсыз?
- Қиянатшыл, өсекшіл, міндетшіл адамның маңына жолағым келмейді.
- Ұлт болудағы негізгі тірек не аға?
- Қазақ – түркі халқының ішіндегі эпикалық этнос. Беріден санағанда 1500 жылдық тарихы мен мәдениетін сақтап келеді. Қазақта архаизмнің жоқтығы да осыдан. Эпикалық этнос ешуақытта өлмейді. Қазақ өзінің менталитетін сақтай білсе, ұлттық негіз деген осы. Эпикалық этностың дами беруіне мүмкіндік мол, арты да, алды да кең, ашық, заман қиянатына қарсы тұра білсе болды.
- Шветтердің «Бәрімен жылы шырайда, достық қалыпта бол. Бірақ мыңнан біріне де сенбе. Әрине, жауларың сенен аулақ жүрсін, бірақ достарыңнан да сақ бол» деген сөзі бар екен. Сол айтқандай, сізде осының қайсысы көп?
- Өзі де ұмтылып тұрмаса дос болайық деп мен ешкімге сүйкенген емеспін. Ішімнен болса да ешкімді қарғаған емеспін. Қиянатшыл дұшпан болса, Құдайдан өзі жазасын тартады.
- Денсаулығыңызды қалай күтіп жүрсіз?
- Кезінде көп ауырдым, операцияға да түстім. Денсаулық сақтаймын деп ерекше режим ұстаған емеспін. Көктем шыға алты ай жазға туған ауылыма тайып тұрамын. Менің бар сақтығым осы.
- Жазғанда күй талғайтын жазушылардың қатарынансыз ба?
- Күй талғамауды «Лениншіл жас» үйретті. Қолыма қалам ұстасам бұрын іштей бір әуенді ыңылдап кеп отыратын едім. Ертеңгісін тұрғанда көкейіме бір ән оралса, кешке дейін содан құтыла алмайтын әдетім бар. Қазір жақсы болды: компьютерге классикалық музыканы баяу қосып қоямын да жазуымды жалғастыра беремін – Моцарт, Шопен, Бетховен, Вангер, Бизе, Чайковский тағы басқалар. Классикалық музыка прозаға лирикалық тон, ритм береді, сөзбен салып отырған суретімді, сезім мен түйсігімді әуенге орап, жіберемін... Жаңбырлы күзде терезеге қарап отырғанды, қарап отырып ойға шомғанды ұнатам. Осы кезде өткенің еске түсіп, өшкенің қайта жаңғырады.
- Қазақ қаламгерлерінен кімдерді сүйсініп оқисыз?
- Ағалардан қалған мұраны ақтарғым келіп тұрады.
- Тілегіңіз?
- Раббана атина фид дуния хасаната, уа фил ахирати хасаната, ва қина ғаззаббанар! (Раббым, біздерге екі дүниенің – фәнидің де, бақидың да рахатын бер деген сөз).
Сұхбаттасқан Әлия ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА
Жұлдыздар отбасы,
2007 жыл.