АБЗАЛ БӨКЕН: КЛАССИКТІК ОРНЫН ҚОЛДАН ЖАСАП АЛҒАНДАР ДА АЗ ЕМЕС

-Қайнар Олжай ағамыздың: «Қазіргі заманның Қадыры кім?  – деп сұраса, біз ойланбастан Абзал Бөкен дер едік», – деген пікірін көзіміз шалып қалды. Өзіңізді оқырман тарапынан шынайы бағасын алған ақын деп есептейсіз бе?

-Мен өзімді шығармалары аз жарияланған қаламгерге санаймын. Және бұған, тек, сыртқы фактор себеп болды, – дей алмаймын. Өйткені, жазуын жаза тұра, оның жарық  көруіне көп жағдайда құлықсыз болдым. Жалпы, өзімді өзім іздемейтін жанмын. Бірақ қанша жерден жариялануға өзім  ұмтылмадым десем де, өлеңдерім «ұмтылып»  әжептеуір жарық көргені, және оқыған жандардың оң ықыласына ие болғаны өтірік емес. Дегенмен, өлең семіз болғанымен, жарнамам арық болғандықтан мені оқитын жандардың қарасы көп, – деп ойламаймын. Ендеше, оқырманның бір бөлігі болмаса, баршасының бағасын алдым, – деу артығырақ болмақ.

      Ал бүгінгі күннің аз интеллектуалдарының бірі Қайнар ағаңның пікіріне келсек, ол басым жағдайда мені әлі де болса қанаттандыра, қайраттандыра түсу үшін айтылған сөз, – деп білемін. Қадекеңдер дария болса, мүмкін, біз соның қасынан құдық қазуға ғана жарайтын шығармыз.

 

-Жас кезіңізде есімі исі қазаққа белгілі Сафуан Шаймерденов, Қалтай Мұхамеджанов, Мұзафар Әлімбаев, Әлжаппар Әбішев сынды қаламгерлердің көзін көріп, ақ батасын да алған екенсіз. Осындай біртуар тұлғалардан өзіңізге қандай өмірлік тәжірибе ала алдыңыз?

-Тұлға тұлғаның қалыптасуына әсер етеді. Мұны сіз қасында жүргенде байқай бермейсіз. Тек, әлгіндей алыптар алыстап кеткенде ғана сезіне бастайсыз. Олардан көп оқу, көп білу, көп еңбектену керек екенін үйрендім.

Кесек турайтын іріліктері, кешірімшіл келетін кеңдіктері, келелі істегі кемелдіктері керемет мектеп еді. Осы қасиеттерінің қаншасын бойға дарыттық, қаншасын дарыта алмай арыттық, оны өзімізге білу қиын. Білетініміз – «болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дегендей, өнегесін үйреніп, үлгісін ұстануға тырыстық.

Қазір сол данагөйлердің орнын дәлдүріштер басқан. Кезінде хас таланттардың қолына су құйып күн көрген біреулердің даңқы қазір сол сүлейлердің өзінен асып кеткенін көзіміз көріп жүр. Кем дарынының қуысын лауазымды қызметінің буымен «кемелдендіріп», классиктік орнын қолдан жасап алғандар да аз емес. Ұлы Абайдың «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» дейтін ұлы өлшемін ұмытқан жұрт, кім атқа мінсе, соның шашбауын көтеріп, «сөзіне қарап кісі алуды» мүлде естен шығарған. Сондағы көкейін тесіп жүргені – «жақсыға» жағына жүріп, сылдырмақтар мен сыйлықтардан үлес алып қалу. Осымен  әдебиет оңа ма? Жоғарыда біз айтқандай ақсақалдар болса, шын классик өз орнында, оның қолына су құюшы да өз орнында жүрер еді-ау. Қазір бәрінің орны ауысып кетті. Шын дарынды көрсе де көрмегенсіп, білсе де білмегенсіп, елейтін жерде елемей, атайтын жерде атамай  үндемей өлтіру ойыны бүгін де жүріп жатыр.

-Өміріңіздің көп уақыты Қарағандыда емес, Алматыда өтіп келеді. Алғаш рет алмалы Алматымен қалай таныстыңыз? Туған жердің топырағын аңсап, ауылға қарай тартып отыратын кезіңіз жиі бола ма?

-Алматымен алғаш рет баяғыда КазГУ-ге оқуға түсеміз деп келгенде жүздесіп едім. Балымыз жетпей, кері қайтқанбыз.  Бірақ оны үлкен қаламен шын таныстыққа санамаймын. Алматымен шын таныстық жылына бір рет әкеміздің ала өгізшесін сатқызып, астанаға қолжазбамызды қолтығымызға қысып келуден басталған. Ал, атажұрт мәселесіне келсек, менің ауылым Қарасу баяғыда адыра қалған. Тұрғындары тоқсаныншы жылдардың тозғынына ұшырап, мектебі тасқын сумен құлап, елдің көбі Балқаш қаласына көшіп кеткен. Бауырларым да сол кепті киді. Көп жылдар болды менде ауыл жоқ... Әрине, елің болған соң, әр себеппен ат басын бұрып тұрамыз ғой.

 

-Әдеби ортада ақындарға «музаңыз кім» деген сұрақ жиі қойылып жатады. Алайда, мен бұл сұрақты басқаша түрлендіріп қоюды жөн көріп отырмын. Муза – ол жай ғана ақындар ойдан құрап алған қияли құбылысы, – деп ойламайсыз ба?

-Сіздің оймен келісуге болады. Ақын да жұмыр басты пенде. Алып бара жатқан айрықша ештеңесі жоқ. Әрине, жақсы жыр туындату үшін белгілі бір қабілет-қарымының болуын жоққа шығаруға болмас, бірақ оны өзіміз ойлап тапқан жалғыз муза ұғымына теліп қою жеткіліксіз. Ол қатып қалған нәрсе емес. Менің ойымша, ақын жүрегін не тебірентіп, жыр жазуға не жетелесе, сол – муза. Ал, ақын көңілін алаңдататын құбылыстардың шегі бар ма, жоқ қой. Қалыптасып кеткен «муза»  өзінің тылсым ұғымымен өмір сүре береді, әрине. Бірақ шабыт қай тақырыпқа шапса, қай нәрсе оң жамбасқа келсе, соны муза десек адаспаймыз.

 

-Бір сұхбатыңызда: «Тұрмыстың алғашқы қиындау кезеңінде Мұзафар ағам «Қазақ елі» газетінде маған арналған арнау өлеңін бастырып, онда: «Бүгін Алматы саған пәтер бермей жүрсе, ертең саған қаланың атын беретін болады», – деп жазды деген екенсіз. Артынша 2009 жылы сізге Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы» деген атақ берілді. Демек, Мұзафар ағамыздың аузы дуалы болғаны ғой?

-Солай десек те болар. Өйткені, өзің айтып отырған атақтың соңын ала Қалтай көкеміз жаңа салынып біткен үйден кең сарайдай пәтердің де кілтін ұстатты ғой. Неге екенін өзім де білмеймін, жастайымнан аға буынның алдында еркелеу болдым. Сонда Бас редакторым Қалағаң төрт бөлмелі пәтерді ұсынып, мен үш бөлмелігі де жарайды деп, ол кісі маған ойлануға  уақыт беріп, мен пақыр да өз айтқанымнан қайтпай, ақыры, «жеңіске» жеткенім бар. Үлкен кісілердің көлеңкесінің өзі пана еді ғой біздей көкөзектерге. Қазір ондай кісілерді қайдан табарсың?!

 

-Өзіңізбен қатарлас қаламгерлер сізді көбінесе Жұмекен ақынға ұқсатып жатады екен?..

-Ол кезде елде тұрып жатқандықтан, мен Жұмекеңді көріп қалғаным болмаса, жақын араласа алған жоқпын. Ол кісімен қызметтес әрі іні дос ретінде тығыз қарым-қатынаста болған Темірхан, Байбота секілді бірқатар шәкірттері ақын мінезінің сабырлы, салмақты болғанын айтады. Ап еткенде ішін алдырмайтын тұйықтау да болса керек. Жұмекен өз буынында да, оның әр жағындағы мықтылар арасында да оза шауып, оқшау тұрған тұлға. Біздің арғы, бергі заманда өткен дарындарымыздың көпшілігі-ақ бір кезеңнің кереметі болса, Жұмекен Нәжімеденов бар кезеңнің кереметі бола алатын сирек құбылыс. Оның ой тереңдігі мен образ қимылын кәнігі сыншылардың өзі сөзбен сипаттап беруге жүрексінетіндей. Мұның сыры ақынның ойлау жүйесінің күрделі қалыптасқан жаратылысында жатыр.

      Сондықтан өлеңде мұндай ақынға ұқсау түгілі, маңайлап барудың өзі аспандағы айды ілумен бірдей. Небәрі жиырма тоғыз жасында Ленинмен алты сағат бойы айтысып, қазақтың қазіргі қалпындағы жерін қорғап алып шыққан Әлімхан Ермеков туған жері Тоқырауын өзенінің бойындағы Ақтоғайына барғанда, осы ауданның тағы бір ұлы тумасы Әлихан көсемді аузынан тастамайды екен. Сонда өзіңіз де осал емессіз ғой дейтіндерге: «Ойбұй, Әлихан Көкше теңіз болса, біз көктем суы тасығанда оған бірде құйып, бірде жете алмай жолда қалатын Тоқырауын сияқтымыз ғой», – деген екен. Біздікі де осының кебі шығар. Ұқсасақ ұлы ақынның пенде баласы ретіндегі сабырлы да салмақты мінезіне ұқсайтын шығармыз. Басқа жағын айту қиын.

 

-Байбота Қошым-Ноғай ағамыз сіз жайлы пікірінде: «Оқырмандары ақынын төбесіне көтерді, алайда,  ол билік тарапынан лайықты бағасын әлі алған жоқ. Дегенмен, бір бағалануға тиіс ақынның Абзал Бөкен екенін біз жақсы білеміз», – деген еді. Бұл пікірге біз де толықтай қосыламыз. Өлеңдеріңіз оқырман жүрегіне жеткенімен, биліктегілерге жетпей жүргеніне налыған кезіңіз болды ма?

-Биліктегілер де өзіміз сияқты пенде. Олардың әдебиеттен басқа да қыруар жұмыстары бар. Оларға білдіріп, естеріне түсіріп, ұсынатын марапатына ұсынып отыратын өзіміздің бергі жақтағылар ғой. Бұлар ұсынып жатса, биліктегілерге Абайың кім, Абзалың кім, бәрібір емес пе? Сондықтан, билікке өкпелеуді білместікке балаймын. Оны айтасыз, мемлекеттік тапсырыспен кітабым шықпағанына да он екі жылдың жүзі болыпты. Кеңес кезеңі кезінде жұрт қатарлы шығып тұрушы едік. Қазір қойдың маңырағаны қасқырға жетпейтін заман болды ғой. Биліктегілердің маған берері таусылса да, өзімнің елге берерім таусылмасын, – деп отырған жағдай.

 

-«Аяқ басу», «Уақыттың қоймасы», «Жасанды» және басқа өлеңдеріңіз арқылы саяси мәселелерге көңіліңіз толмайтынын астарлап жеткізіп жүргеніңізді байқадым. Осылай сіз сияқты әдеби ортада бас көтеріп, өз ойын еркін білдіретін қаламгерлер қатары неге сирек?

-Оның әртүрлі себептері болуы мүмкін. Мүмкін, ел тағдыры толғандырмайтын шығар. Толғандырмаса ондай өлеңдер қалай тумақ? Мүмкін, бір бәлеге ұшырап қалармын, – деп қорқатын шығар. Мүмкін, билікпен жағаласамын деп, сылдырмақ-сыйлықтардан қағылып нем бар, – дейтін шығар. Тіпті, сол «ақын» деп жүргенің ақын емес, «жазушы» деп жүргенің жазушы емес шығар. Өзі өмір сүріп отырған қоғамның ащысы мен тәттісін ашып айта алмаса, оның несі қаламгер?!

      Иә, ұлттың уайымын шегіп әр кезде аталы сөзін жасқанбай айтып жүрген кешегі Шерағаң мен бүгінгі Қазыбек, Мұхтар (Мағауин) мен Қабдеш, Дулат пен Темірхан, Смағұл мен Мырзан секілді үркердей топ бар. Ал, біз ұзын саны сегіз жүз жазушы едік қой. Мақсат – ерлік жасап, ел көзіне түсу емес. Мақсат – Конституцияда көрсетілген құқығымызды пайдалана отырып, ата заң аясында ел көшін түзеп жіберуге септесу ғой. Біздің де кейбір дүниелеріміздің тұзы татыңқырап кетіп жатса, сол ұлы мұратқа уыстай болса да үлес қосуға талпынудан шығар.

 

Ақындар өмірде өтірік айты мүмкін, бірақ өлеңде өтірік айта алмайды», – деп жатады. Жалпы, өлеңге адалсыз ба?

-Ақынның да ақыны бар ғой, қарағым. Мәселен, қазір Мемлекеттік сыйлық берем, – десе, өмірдің өңін айналдырып, «өлеңде де өтірік айта алатын»  кемі жүз «ақынның» шыға келетініне мен кепіл. Өлеңде де, өмірде де өтірікті судай сапыратындар жетіп артылады. Ал, тастаған сүйекке сатылмайтындардың саны сирек-ақ...  Қадыр ағаңның «Бұлбұл бағында» болар, «Менше сүйсе, бүкіл дүние кетпес пе еді құлпырып», – деген жыр жолы бар. Сол айтпақшы, барлық ақын өлеңге менше адал болса, бүкіл ақын кетер еді-ау мына менше құлпырып, – дер едім. Менің әдебиетте мақтансыз жүре алмайтын маңқалар қатарынан емес екенімді біраз жұрт біледі. Айтқаным – шындығым. Өтірік десе, өлеңіме ревизия (тексеріс) жасасын. Жырымның «соқыр тиыны» орнында болмаса, жауабы өзімен.

 

 -Құдай әуелде ақындарды өзіне тәу етіп, мадақ жыр жазу үшін жаратқан, –  деседі. Ал, сіз құдайшылсыз ба?

-Егер шынында да, сол үшін жаратқан болса, күнәһар болатыныма қарамастан, дауласқым келеді. Бүкіл дін-мұсылман әлемі Аллаға мадақ айтамыз. Соған үстемелеп ақынға ондай миссия жүктеудің қажеті қанша? Олар да сол мінәжаттың ішінде емес пе?! Мен Құдайға құлшылық етемін, бірақ әсіредіншіл емеспін.

 

-Әулетіңізде ақындық қасиетіңізді бойына дарытқан немерелеріңіз бар ма? Олардың ата жолын жалғап, ақын болуына қалай қарайсыз?

-Ұрпағының ақын болуын ақындыққа жеңіл-желпі қарайтын, оны бүгінгі кейбіреулердей атақ-әуезе көретін адамдар ғана қалайды. Шын ақын болып өмір сүру дегеніңіз – жанып тұрған тозақ! Өз қалауымен қоймай барып жатпаса, ондай тозақтан баланы құтқару жөн. «Ақын боп өмір сүру дегенің оңай деймісің, қарағым», – деп Төлеген ақын неге тебіренді? Ұрпағым ақын болмай-ақ қойсын, – деп Қасым ақын неге күңіренді? Себебі, олар сол тозақты басынан кешкендер еді. Бұл – өмір бойы  өзіңді-өзің жеу, өмір бойы өлеңімді тірілтем, – деп, өзіңді «өлтіру». Бұл кімге керек? Заманы ең керексіз қылған нәрсені (өлеңді) керек қылған біздейлерге ғана керек.

      Менің ұрпағым ақын болам деген күнде де өзімнен төмен болатын сияқты. Егер ол менен төмен болса, менің өзім біреуден төменмін, ондай ақындықтың қажеті бар ма?! Ақындық жөнінде менің білгенім осы. Мұнымды басқаларға таңа алмаймын, әрине. Жеке пікірім. Ал, кім қалай ойлайды, өз еркі...

 

-Көбісі ақынға өлең жазу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ, – деп ойлауы мүмкін. Десе де, әр мықты ақынның артында отбасының ұйытқысы болып отырған мықты әйлдің тұратыны анық. Өмірлік серігіңізден «ақын жары» болудың қандай сезім екенін сұрап көрдіңіз бе?

-Менің өмірлік серігімнің филологиядан жоғары білімі бар. Содан да жалпы әдеби процесс жөнінен хабардар болып отыру оған қиын емес. Ал, «ақын жары» болудың қандай әсерге бөлейтінін сұрамаппын, ол өзі де айтпапты. Өйткені, мен үйде емес, түзде ғана ақынмын. Күнделікті тұрмыста қатардағы қарапайым адаммын. Менің киімім бүтін, тамағым тоқ, кредитім жоқ, басымда панам бар. Жазу адамына осы жетеді деп ойлаймын.

                                                                                

 

Әңгімелескен

Назерке Серікқызы.

Qalamger.kz әдеби-танымдық порталы