4 наурыз күні Бішкектегі Манас және Шыңғыс Айтматов атындағы Ұлттық академиясында Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігі, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Қазақстан мен Қырғызстан Жазушылар Одағы, Манас және Ш.Айтматов Ұлттық Академиясы, сол сияқты, Атырау облыстық Әкімдігінің қолдауымен ақын-аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудың қырғыз тіліне аударылған «Жүрегім» атты жыр кітабының тұсаукесері өтеді деп жоспарлануда.
Осынау маңызды іс-шара қарсаңында назарларыңызға Маржан ақынның шағын сұхбатын ұсынып отырмыз.
- Маржан, Халықаралық Әйелдер мерекесі қарсаңында қырғыз тілінде жарық көрген "Жүрегім" кітабыңның тұсаукесері өткелі отыр екен, құтты болсын! Кітапты қырғыз тіліне аудару идеясы қалай туды?
- 2019 жылдың мамырында Ош қаласында өткен түркітілдес елдер ақындарының форумына Қазақстаннан белгілі ақын Саят Камшыгер екеуміз қатыстық. Негізі, Ош қаласы Түркісой тарапынан "Түркі елдерінің рухани астанасы" болып саналады. Сол жолы Қырғызстан Жазушылар Одағы Бішкекте аяқ астынан қаламгерлермен кездесуімді ұйымдастырып, арасында жас ақындар бар, өте бір жылы әңгіме болған еді. Қазіргі ақындар фейсбукке риза шығар, себебі, бір-біріміздің шығармашылығымызды осы әлеуметтік желі арқылы танып жатамыз ғой. Мені де фейсбук арқылы оқитындар бар екен, сол кездесуде жастар жағы "махаббат, сезім туралы өлең оқысаңыз" деп, қолқалап қоймады. Өз шығармашылығымда махаббат тақырыбына жазылған өлеңдер көп емес-ті, сондықтан сол жолы мені атыңнан айналайын Қадрия құтқарды. Өте бір әдемі сыршыл ақын ғой, өз аудармамдағы Қадрия жырларын оқып бергенде, байқаймын, тыңдап отырғандарға ұнаған сияқты. Артынан: "Қырғызша аударылған өлеңдерініз бар ма?"- деген сұрақтар қойылды, ал мұндай сұрақтардың бәрі жаңа идея, жаңа жобаға жетелейтіні рас екен. Нәтижесі, міне, Бішкек қаласында кітап тұсаукесері - үлкен іс-шара өткелі отыр.
- Аудартуға бірден келісім бермепсің?
- Ол рас. Басында ұжымдық аударма болады деген соң, ойланып қалдым. Бірнеше аудармашы өлеңдерді өзара бөлісіп алып, аударса, сапасы қалай болар екен деген күмәнім болды.
- Белгілі ақын Алтынай Темирова аудармасы ойыңнан шықты ма?
- Алтынаймен де Ошта танысқанбыз. Өзі де қырғыздың белгілі ақыны ғой, бірде хабарласып, бірде маған хабарласып, аударуға ниет білдірді. Аудармасы ойымнан шықты.
- Кейінгі кезде салмақты тақырыптарға барып жүрсің ғой, қырғыз аудармашылары неліктен тек лирикаңа қызықты?
- Бұл Қырғыз Жазушылар Одағының төрағасы Нурлан Калыбековтың өтініші еді: "Біз өлеңдерді аударамыз, кітабыңды шығарамыз. Бірақ бір ғана шартымыз, бұл кітапта тек махаббат, сезім туралы өлеңдер болуы керек", - деді. Себебін қырғыз оқырмандарының лирикаға сұранысының жоғарылығымен түсіндірді.
- Аударма қаламгердің шығармашылық танылу өрісін кеңейтеді ғой, алда тағы қандай жоба-жоспарларың бар?
- Алда жоспар көп. Қазір өлеңдерім орыс тіліне жолма-жол аударылып жатыр. Осы кезге дейін аударылуға мән бермей келіп едім. Әлемдік әдебиеттің көшіне ілесу аударылу арқылы жүзеге асады. Сондықтан бұл іске аса мән беруіміз керек екен. Бұл қазіргі әдебиет жүйесінің де де талабы.
Әңгімелескен Анар Кабдуллина