ЖАЗУШЫ-ДРАМАТУРГ, ӘДЕБИЕТТАНУШЫ, СЫНШЫ ӘЛІБЕК БАЙБОЛДЫҢ «ҮН... ТҮН...» АТТЫ МИКРО-ӘҢГІМЕЛЕР ЦИКЛЫНАН ҮЗІНДІ

 

Жоқ пен Бар

– Жоқты Жоққа қоссақ не шығады, балалар?

– Жоқ шығады, апай!

– Ал, Жоқтан Жоқты алсақ ше?

– Жоқ қалады, апай!

– Барды Барға қоссақ, не шығады, балалар?

– Бар шығады, апай!

– Бардан Барды алсақ ше?

– Бар қалады, апай!

 – Бір сұрақ қояйыншы! Барға Жоқты қосып, одан кейін Бардан Жоқты алсақ қалай болар екен, апай?

Балтаның кінәсі жоқ!!!

Мен өз қолымды шабамын, балтамен. Оң қолым өссе, сол қолмен, сол қолым өссе, оң қолмен... Бір ғажабы, қос қолым қайта-қайта өсіп шығады, қайта шабам, аямай... шаба берем, шаба берем, шаба берем... өзімді-өзім балталаған ұнайды, осы.

 

Ақиқат

 

– Ақиқат дегеніміз не? – деді бір жігіт сағыз шайнап тұрып. 

– Ақиқат дегеніміз бе? Қазір, қазір... күте тұршы. Ақиқат дегеніміз... ақиқат дегеніміз... Мә, оқы! – деп манағының қолына Құранды ұстатты. 

І...

 Тыныш. Іштен сөйле. Ішке бүк.

 

Күңгірт

Бойдағы серотонин мен дофамин мөлшері азайып барады.

 

Жүрекпен диалог

 

– О, ұлы Жүрек! Қалың қалай? Соғып тұрсың, ақырын!

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

– Тоқтама, Жүрек, тоқтама!

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

– Мен сені құрметтеймін, о, Жүрек!

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

– Мен Саған сенемін, о, Жүрек!    

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

– Әр нәрсеге бір алаңдама, о, Жүрек!

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп.

– Өзіңді-өзің тыңда, о, Жүрек!

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп. – Мен... тасқа айналдым, қап-қара. Мен – таспын!

– Тас та жібиді ғой.

– Тш-ш-ш-ш-ш! – деді Жүрек сұқ саусағын ерніне сүйкеп. 

Көктем...

 

Екі есік алдында тұрмын, ОЯНСАМ.

 Күлкі

Әлемде алуан-алуан күлкі бар. Ең жағымсызы – ӨЗІМДІКІ!

 

Кітап

Кітапты сілкілеп қалып еді, ішіндегі әріптер шашылып түскені бар емес пе. Біразын таппай қалды. Сүлейсапа-сүлесоқ қалпы сол Кітапқа ұзақ қарап тұрды...

 

Қағида

 

Бәрі оған Өмірді былай сүр, бүйт, солай істе, былай істе деп ақыл айтты, жан-жақтан. Тыңдап отырды, үнсіз. Сонда ғана, нағыз ұстаз – Үнсіздік екенін ұқты.   

 

Киіз үйдегі Кекештің монологы

 

 

 Ме-ме-ме-мен сө-сө-сөй-леп тұ-тұ-тұрмы-мы-мын ба?

– Тоқта! – деді Абыз. – Басынан баста.

Отырдым, күтіп. Күттім, отырып. Мен ешкімді іздеген жоқпын. Іздемеді, мені. Ешкім. Де. Сұрадым. Құдайдан. Тіледім. Құдайдан. Сұрадым. Мен. Тіледім. Құдайдан. Мен. Тіледім. Құдайдан. Сұрадым. Құдайдан. Мен. Алладан. Тәңірден. Құдайдан. Құдайдан. Алладан. Адамның күнәсін. Кеш. Деп. Сұрадым. Мен. «Кешемін». Деген. Дауыс. Естілді. Бір жерден. Қайдан. Екенін білмедім. Алыстан. Немесе. Жақыннан. Айыра алмадым. Рас айтам. Мағдиды көрдім. Түсімде. Түсінбей қалдым. Әуелде. «Әй, кімсің?». Дегенімде. «Мен ғой». Деген дауыс. Естілді. Естілді. Дауыс алыстан. Ғой деймін. Сүйкімді едік. Бала. Кезде. Сүйкімсізбіз. Қазір. Біз. Ақылымыз. Сезіміміз. Сүйкімді. Бізден. Гөрі...

Дөкей

 

 – Мені танисың ба-ей? – деді Дөкей.

– Жоқ!

– Неге танымайсың-ей? Мен атақтымын ғой. Қазір ішке кіргенімде, маған кім, қалай қарағанын байқап тұр, – деп тапсырма берді.

Құрмет

Өзін сұмдық жақсы көреді. Нарцисс сияқты ма? Ол кім, тағы? Құдай қосқан көршім ғой.

                                                        

Басеке

Ұятсыз боп ұйықтап, басеке боп оянды.

 

X

Байқаусыздан көп адамды жұтып қойдым. Бастарын мүжідім. Кінәсіз адамдарды жұттым. Аждаһамын. Жо-жоқ, аңмын. Жо-жоқ, құбыжықпын. Мен өзімнің кім екенімді білмеймін. Мен түннен, Күннен қорқамын. Қорқақпын. Адамдар менен қорқады. Мен адамдардан қорқамын. Мен өзімнен-өзім қорқамын. 

 

Қоштасу

 

 – Кешірші, жаным! – деді жігіт.

– Кешірдім! – деді Көз.

– Кешірдім! – деді Мұрын.

– Кешірдім! – деді Ауыз.

– Кешірдім! – деді Құлақ.

– Кешірдім! – деді Қол.

– Қимаймын! – деді Жүрек.           

Ауыз

 Шындықты айтайын десем, сол қолым аузымды көлегейлей береді.

 

Өмір ғой

Үй телефонына қоңырау шалып:

  – Сәлеметсіз бе? Сәкен бар ма екен?

– Сотталып кеткен!

 

Ми

– Қайда бет алдың, бала? – деді соқыр шал.

Ол:

– Митануға! – деді де, есікті тарс жапты.

 

Естелік үшін

Екі оттың ортасында қалған, шыбын жаны шырқыраған кісіні сүгіретке түсіріп...

 

Есінеуік

 

  ... Көп есінейді. Мешітте де, театрда да, кітапханада да, үйде де, түзде де...

Дәретханаға кірсе болды, ән айтады. Ариеттаға әуес. Және есінейді. Түнде қорылдамайды, бір жақсысы. Тек есіней береді, есіней береді, есіней береді...

Өлең оқыса, әлгі сүйегіне біткен қылығы пышақ кескендей тыйылады. Ал, ғылыми кітапқа ден қойса, ұйқының ұйығына түсіп кетеді. Ол білдей бір орталықтың басшысы боп тағайындалып, тамам жұрттың алдына шығып сөз сөйлерде де рақаттанып тұрып есінеген-ді... Ол дүние салғанда жаназасына кілең есінеуіктер жиылды. Кейіндеу, қаланың қақ ортасына есінеп тұрған адамның еңселі ескерткішін орнатты, қалталы туыстары.

Жоқ

 

Дені дұрыс жұрт шақалақ күйінде дүние есігін ашып, уақыт озған сайын өскен үстіне өсе түссе, ол бірден алып боп туып, кейін кішірейе, кішірейе жоқ болуға айналды.

 

Арыстан мен Тышқан

 

Қартайған Арыстан жайына жүрмей Тышқан аулағысы келді, бірде. Артынан қуып еді, жете алмады, алайда. Тышқан «Аң патшасының» осы қызықты қылығына әбден күлді.

– Басыңа келсін! – деп қарғады Арыстан.

– Шау тартқан шағымда сен секілді шыжбақтамай, тып-тыныш інімде жатам, жастарға үлгі-өнеге көрсетемін, оқыған-тоқығаныммен, білген-түйгеніммен бөлісем, – деді Тышқан паңданып.

 

Арыстан ақырды да... артынша қатты ыңғайсызданып, ұялып қалды, істеген ісіне, айтқан сөзіне...

 

Уақыт

Уақыт – уақиғалар жиынтығы. Уағызды жақсы айтады, Уақыт мырза. Уағызының дені: «Тарихпен дос бол!». Тарих Уақыттың ел арасында аса атақты, танымал боп кеткенін көре алмай, қызғанып, өзегіне өрт түсті.

 – Сенсіз – Мен, Менсіз – Сен жоқ! – деді Уақыт сырласының қап-қара мөрі бар, тілім-тілім болған арқасынан қағып.

 

Қазақша түс

Бірде, таң атар алдында түс көрдім. Қазақша түс. Аян ғой деймін. Соған қатты қуанып қалдым. Өзді-өзіме таң қалып. Неткен ғажап! Өйткені, поморша, майяша, аймарша, сығанша, гуцулша, шумерше, кхмерше, хазарша, саамша, айнша, халдейше, баскша, калашша, макуаша, абеламша немесе тіпті болмағанда немісше де түс көруім мүмкін еді ғой, әйтсе де қазақша көрдім, түсті. Қазақпын ғой, себебі. Күндердің күнінде испанша түс көрдім. Үйдегілер «шекара асқанымды» біліп қойса, ұрса ма екен деп сыр шашпадым, сыртқа. Ал, олар естігенде ерекше риза боп, көрші-қолаң, дос-жаран, туыс-туғаннан сүйінші сұрады. 

Тазалық

Күмісхан Жазуды қолына алып ап, Ар атты мөп-мөлдір суға малып-малып, айналадағы кір-қоқысты жуып-шайды.

Жұмақ

Жұмақ деген көшені іздеп жүрді, Қасқыр. Тапты, ақыры.

Құрекем-ай!!!

Құралай дүниені дүр сілкіндірер ғылыми жаңалық ашамын деп жүргенінде із-түссіз жоғалып кетті.

 

Қанағат жайлы

«Қағанаттан» ауқаттанып шықтым. Ас болсын! Қарын тойған сияқты. Бірақ, әлі де қанағат жоқ.

 

Академик

Саналы ғұмырын философия тарихын зерттеуге сарп еткен академик арнайы шақыртумен лекция оқып, әңгімені арыдан бастап, өткен-кеткенді сөз етті.

Академик:

– Мына нәрсеге миым жетпейді...

– Қайсыған?

 – Мынаған да...

– Қайырымдылық қой, бұл! – деді студент орнынан қалай тұрып кеткенін аңғармай. Үнсіздік. Ақсақал тіл-ауыздан айырылды. Шеке тамырлары көгеріп, көзі аларып, кіріптар пішінмен жан-жағына жалтақ-жалтақ қарады да, жүрек тұсын ұстаған күйі жерге құлады... Ғалымның ары қарайғы тағдырынан бейхабармын.

Емделеді

Айдардың махаббат сезімі «жаман ауруға» шалдықты.

 

Рух

– ...

– Кімсің-ей? – деді еркек дүкеннен шығып, қараңғы көшемен келе жатқанда оқыс естілген дауыс жаққа елеңдеп.

– Мен ғой... Рух!

 

Бай мен Кедей

Бай жолдың жиегінде қайыр тілеп отырған Кедейге барып:

– Үш сұрақ қоямын! Жауап берсең – ұтасың, жауабын таппасаң... жауабын таппасаң... і-і-і-і... жауабын таппасаң, ештеңе де өзгермейді, – деді.

– Құлағым сенде.

Кедей үш сауалға жауап берді де, Байдың қымбат көлігіне отырып, Меккеге тартты.  

 

Он жыл

Ғани бір күні түсініксіз ауруға душар болды. Дәрігерлер диагнозын қоя алмай дал. Әлсіреді, әуелі. Содан кейін жүруден қалды. Содан кейін комаға түсті. Он жылдан кейін оянды. Оянды да... сөйлей алмай қалды.  

 

Түн

Түннен үрейленбеңдер, бұл – бар болғаны Күннің уақытша көзден тасалануы ғана.

 

Үзік-үзік...

Өмірбақи жалғыз-ақ кітап оқыпты, есінде қалғаны екі-үш-ақ жол. Қай жиынға барса да соны қайталап айта береді екен. Ел-жұрт оны асқан білімдар санап, тәжім қылатын ұқсайды. «Сүйегі асыл дүр еді // Құдайдың өзі біледі // Он төртінші айдай боп // Түседі кімнің қасына» («Қамбар батыр»).  

 

Ит

– Әке, әке, анау аф-аф деп жатыр ғой, – деді баласы.

– Ит?

– Иә.

– Не дейді, ол?..

 

Экватор

Сіз бен Біздің арасы – Мағриб пен Машриқтай.

Терезе

Біреу терезелерді кезек-кезек ұрғыштап шықты. Үй иесі дыбыстың қайдан шыққанын ұқпай да қалды.

 

4

Ақжүрек те аңғал Серік – Секебай Қарға, Құзғын, Тасбақа мен Тоты төртеуін қонақ етіп, ұзақ жасаудың сырын сұрады. Ас ішілді... 

Анна

Бәденді әрі кетіктісті келіншек оны Анна дейді. Ж-сы ауа екпінімен тіс арасынан ыршып шығып, аса естілмей қалады. Сөйтіп, келбет-кеспірі сап-сары болғандықтан да көбісі орыс деп қабылдады.

 

Қыз

Қыз:

– Анашым, мен гүлге су құйдым.

– Кімді жақсы көресің?

– Сізді, әкемді, атамды, апамды, інімді, әпкемді, көкемді, жеңгемді... Бәрін. Өйткені, менің жүрегім ө-ө-ө-ө-те кең. Ішімде кейуана отыр! – деді. Ата-анасы шошып кетті. 

Дезертир

– Не көрмеген кәстөм, бұл. Менімен бірге қан майданға да қатысты. Оттан да қорғады, оқтан да қорғады.

Кәстөмге тіл бітіп:

– Өтірік бөспе!.. – деді ол кірпік астынан көз тастап.  

Сыйлық

Сыйлық сыйлайын дегем, Сізге. Жоғалтып алдым, алайда.

 

Реніш

Миы ренжулі...

Ақпарат

 

Бүгіндері ақпарат Мұсаның асасындай, Сүлейменнің жүзігіндей, Дәуіттің қоржынындай қасиетке ие.

 

Бас

 

Басын жу, бірақ шашына тиіспе.

Дос

 

Адам бір-біріне – дос. Әлем бір-біріне – дос. Жан бір-біріне – дос. Шекара-шектеу жоқ, санада.

 

1 теңге

– Құдайеке! Кешірші, мені! – деді жерден 1 теңге тауып алған арлы саудагер.

 

...

 – Өз еркіммен тәж-тақтан бас тарттым! – деді томашадай Әмір әлі де өз атақ-дәрежесін қия алмай.

– «Айтылған сөз – атылған оқпен тең!» – деді оның Ұлы Уәзірі.

 

Мүбада

 

Томырықтау жігіт ағасы еңіске қарай түсіп бара жатып, жоғалған затын тауып алса...

Пырақ

Жұлдыз жорамалы бойынша...

Алла

Алла өзінің сүйікті құлдарын...

Топ қарға

 

Топ қарғаға қарады. Ұзақ қарады. Әлеуметті көрді. Көзбен ұзатып салды, алысқа. Ол мылтық гүрсілінен топ қарғаша жалп-жалп етіп жан-жаққа ұша жөнелген ойын жазып үлгермеді...

Жарайсың!!!

Қыз жуылған ыдыс-аяқты орны-орнына реттестіріп қою үшін әкеле жатты. Сындырды.

Анасы:

– Молодес [ц]!

Ол да адам ғой

 

Бір өте мәдениетті кісі сіңгірініп, түкірініп, қақырынды. Бәрі оған жақтырмай қарады.

 

Жамал

 

Жамал өмірден сәл қиналса: «Өлемін, өлемін!» – деп қорқытып-үркітетін, барлығын. Бір күні расында да ажал құшты.

Ешкім сенбей қойды. Көк жүзін тіле бір жұлдыз ағып...

 

 Шіркін

Дариға. Шіркін. Әттең. Шіркін.

Өлең

Нәзік өлең иесі – үр жаңа Өлең.

 

Әріп

Әріп кіндік тұсында, әріп көкет тұсында, әріп кеңірдекте, әріп ерін жиегінде, әріп тіл ұшында, әріп әуеде, әріп...  

Тәпішке

 Тәпішке:

– Мені бәрі таптай береді, таптай береді! – деп бір бұрышта жылап отырды.

Қожайын арқасынан сипап, төрге оздырды, дәл сол күні.

 

Ъ

Орыс тіліндегі «қатқыл белгі» [ъ] секілді ешқашан үні естілмейтін адамдар болады, өмірде. Олар өз үнінен айырылған. Біреудікі. Өзінікі емес екені айдай айқын. Сөйтіп, жүріп ұмытылады. Олар көпке ілескіш. Сол арқылы өз ерекшелігін қалай жоғалтып алғанынан да бейхабар.

Екінші Ой: даусы аса зор болмаса да Әлемдегі, Ғарыштағы өзіндік орынға ие жандар бар...   

 

Студент

– Бірінші Материя жаралды ма, әлде Сана ма? Тауық па, жұмыртқа ма? – деді философ аудиторияда отырған жастарға сұрақ қойып.

 – Талай өткелектен өттік қой, – деді студент естілер-естілместей ғана күбірлеп.

 

Төбеде отырған...

– Қазіргілер ашық-шашық киінеді. Әдепсіздік! – деді паранжы киген әйел.

  – Тәннің жалаңаштануы – сезімнің жалаңаштануы, – деді автобустың төбесінде отырған Әулие.

 

Анти-тавтология

 

Хирург қолындағы сағатына бір қарады-дағы: – Оның Сағаты бітті! – деді.

 

Тұғыр

 – Бармаймын! – деді сазбеттеніп.

– Бармасаң, онда осында қал!

Салымды

Салымды, несібелі жігіт саф алтын тауып алды да, ломбардқа өткізіп жіберді. 

Сық...

Үйіне сүренаттап әзер жетті.

Сық-сық-сық, сық-сық-сық... сық-сық, сық-сық, сық-сық, сық етіп сықылықтаған қыз-қырқын, әйтеуір.

 

2 сұрақ

Кек – жады мықтылығының көрінісі ме?

Желдің өтіндегі және көштің к...дегі кісінің айырмасы қандай?  

77

Тақыр кедейдің өңі: ішімнің қанша рет құрылдағанын есептеп жатырмын. 77.

 

Лирикалық кейіпкер

 

«Өлімнен қорықпаймын! Өлім – ләззат қой. Жердің демі бар. Ол мұны көктемде шығарады», – деді лирикалық кейіпкер.

 

Комплимент

Қабырғадағы сүгіретке қарап тұрған жігіт аз-кем бөгелістен соң:

 – Әжеңіз неткен ғажап жан! Иманжүзді!

Бойжеткен:

– Тоқсанға қараған шағында дүние салды.

Жігіт Көкке қарап:

 

– Жатқан жері жайлы болғай!

 

Миллиардер

 

Бір миллиардер дандайсып, менменсіп, астамсыған сайын молаға барады екен...

 

Флатус

 

 – Жел шығаруым неге жиілеп кетті екен? – деді бойжеткен мәдениеттілік сақтап.

Гастроэнтеролог:

– Көп ос... ба?

– Енді... солай деуге де болатын шығар.

– Жігіт бар ма?

– Болған!

– Бі-і-і-ірақ... иә... иә... Тексерген соң: – Панкреатит! Емделу керек. Керекті дәрі-дәрмекті жазып берем...

(жалғасы)

Желдің пиғылы: маған тең келер ешкім жоқ. Мен ұлы құбылыспын, өзгеріс пен жаңаның бастауымын!