ЖАНТАС ЕРКІН. ПЫШАҚ

Студентпін. Студент деген аты болмаса, тоғызыншы сыныптан қуылған, "әйтеу қайда жүрсең де аман жүрші" дейтін балалардың бірімін. Алматыда бірінен кейін бірінің есігін тоздырып жүріп әрең дегенде бір колледжге іліктім. Қандай колледж, нені оқытады, қандай мамандыққа түстім, құдай білсін... Есіктен бізді жапа-тармағай күтіп алған жұқа шашты мұғалім "түстіңдер!" дегенде ғана қыбырлап сөйлей бастадық.
- Ее мен білгем түсетінімді - деді бір сары шіреніп. Бағана алғаш келгендегі бүрісіп тұрғанын ұмытқан.
- Не взятка беріп қойып па едің? - деді жанында тұрған қолы шолақ куртка киген қара.
- Әрине, онсыз бола ма? Бәрің де солай келдіңдер емес пе ?- деді бәрімізді сығыр көзімен бір шолып. Байқап қалдым, көздері қутыңдап тұр. Дәу де болса, дауды бастайтынның бірі осы шығар.
- Кеттік шегіп қайтайық сол үшін - деді өзімен сүйретіліп жүрген екі досына. Аналар да соны күтіп тұр екен, лезде бас шұлғысты.
Мені кілең ұлдардың түскені таң қалдырды. Қыз атаулыдан үшеу ғана. Оның өзі де риясыз түскен. "Мама түскім келмейді", "мама келесі жылы дайындалып түсем", "мама қойшы, пышақ ұстаған ұлдармен қалай оқимын?". Қыздың шыр-пырынан байқадым, жаңағы үшеуінде де сол кездегі бұзық жастар көп қолданатын "бабочка" дейтін пышақ бар екен. Қолдарында иіріп барады. Екі сағат жалбарынса да иегі имек қыздың анасы өз айтқанынан қайтпады. Ақыры олар да бізбен бірге "түсті". Анасы қуанышты болды, қызды білмедім...

Қыздың есімі Жадыра екен, кейін білдім. Мен тұрған жатақханада тұрды. Ол 111-бөлмеде, мен 113- те. Ұл-қыз араласып тұра бердік. Жатақханамызда біз ғана емес, жұмыс істейтін өзбек еркектер, документі жоқ қандастар, менттер іздеп келе беретін алқаштар да тұрды. Түнгі он екіден кейін коридормен жүріп өтсең, неше түрлі түтіндерді иіскейсің. Қорылдатып, шорылдатып жатқан халық. Сабаққа бару - жұмыс істемейтіндердің ғана мәселесі. Күнделікті қалтасы қампиып жүргендер бір рет оқуға бас сұқты ма, білмеймін. Группада он алты бала оқысақ, алтауы ғана сабаққа келеді. Біреуі - мен, біреуі - Жадыра, қалған төртеуі кілең кедей-арықтың балалары. Автобусына да ақшасы жоқ, үш шақырымды жаяу жүріп келетін бейбақтар. "Төртеуің бірігіп, бір "оңай" сатып алмайсыңдар ма?" деп әзілдеп қоятынымыз да бар.
Жадыра басында тұйықтанып жүрді. Араласа келе арманшыл, әрі жайдары қыз екенін аңғардым. Группада есі дұрыс, сөз түсінетін мен ғана болған соң ба, өз мұңын маған шағуға құмар. Өзін үйдегілер де түсінбейді деп кейіп отырады (оны бірінші күннен-ақ байқадым ғой).
- Мен өнер университетіне түскім келген - деді терезеге қарап толғанып отырған Жадыра.
- Енді неге түспедің?
- Балым жетпей қалды. Оның үстіне ол жақта да артқы есікпен кіретіндер көп екен. Бізде ондай қауқар болмады.
Жанарында бір шарасыздықтың сұлбасы көріне қалды. Кірпіктеріне айқасып, сол бір шарасыздық мына біз отырған алба-жұлба кабинетті бәріне кінәлі ететін сияқты. Қиқараңдап тұрған ескі партадан "Жадыра+Сары" деген жазуды оқыды да, еріксіз күліп жіберді.
- Мынаны Сарының өзі жазған ғой иә, айтшы?
- Білмедім-.
Негізі Сарының өзі жазған. Мен одан қорқатын едім. Соным бойыма құт болып, "солай" деуге аузым бармай, тартынып қалдым.
- Жасырма, айта берсей. Сол ғой - деді бастырмалатып. Мен үндемедім.
- Сен естисің бе, ол әр түн сайын менің есігімді қағады. "Ашпасаң пышақтап өлтіремін" деп қорқытады.
- Иә, достарымен түні бойы бәріне маза бермейді әйтеу...
- Сондай айқайды естіп тұрып, қалай ұйықтайсыңдар?
Мен тағы үндемедім.
-Ол маған жүрейік деп сөз салды -. Бетіне таңданыспен қарасам керек, жүзін бұрып әкетті.
- Мен келіспедім.
Араны басқан сәттік үнсіздіктен кейін:
- Қашанға дейін келіспей жүретінімді білмеймін - деді күрсініп. Жадыраның бас қайғысы осыдан басталды.


***


Қалтырап жүріп қаңтар жетті. Басындағы ауыз ашып, аңырап жүру жоқ, әккіленіп алғанбыз, оқудан тыс анда-мында жұмысқа шығып кетеміз. Тапқанымыздан бөліп, сабағымызды жабамыз. Қазір ойлап отырсам күлкілі-ақ; 16 мың теңгелік шәкіртақы үшін 50 мың теңге ауыз бастыртқы.

Қалай келіскенін білмеймін, Жадыра Сарының ұсынысын қабыл алыпты. Сары мәз. Екі күннің бірінде Жадырамен сөйлесе қалған жігіттерді бық-пыртын шығарып ұрып-соғып жүргені. Қызды бәрінен шектеп, өзіне әбден меншіктеп алды. Тіпті менің де Жадырамен сөйлесуім қиынға айналды. Сабақта отырып, парта астынан хат алмасып болмаса, хәл сұрасу да мүмкін емес. Жадыраға жаңа жылға деп групасынан ақша жинап берген бір баланы өлімші етіп сабапты. Басқаша түсінген ба, жоқ әлде басқаша түсінгісі келген бе, араша түскен Жадыраны да қағып жіберіпті. Осыны естіп, қанша жерден қаным қарайса да, Сарыға сөз айтуға батылым бармады. Мен ғана емес, еңгезердей еркектер де Сарының алдында басы салбырап, жерге кірердей болып жасып тұратын. Қанша қорлық көріп, көкала болып жүрсе де ешбір студент Сарының атына арыз жазған емес. Сарыдан бәрі сонша қорқардай ол кім?! Алып бара жатқандай сұсы жоқ, сыидиған сирақ, салпақ ерін, шошқа танау біреу. Жүрісі далиып, өзінде жоқ кеудені көтеріп, қолына пышақ иіріп, кердең басып жүргені... Шын атын да ешкім білмейді. Кім ол сонша?!

Метроға кіреберісте бір түрік дәмханасы бар. Соңғы оншақты жылда осындай дәмханалар көбейіп кетті. Жұмысшылары – біз сияқты көксирақ студенттер, басшылары – жалбыр бет түріктер. Самсасы тиын тұратын. Сол дәмхананың алдынан өте бере, ойлы жанарын жерге қадап, өз азабына өзі сүйсініп, күліп тұрған Жадыраны көрдім. Танымайтын адам жынды деп ойлар. Өз-өзімен күледі, ары-бері өткен адамдарға қарап, аппақ тістерін ыржитады.
- Жадыра! – дедім сенімсіз. Ол менің даусымды ғарыштан естігендей алдымен аспанға қарап, сосын барып оң жағына назарын бұрды.
- Мен самса күтіп тұрмын – деді бейқам. - Сен жейсің бе?-. Жүзі нарт қызылданып тұратын Жадыра бұл маңнан көрінбейді. Менің қарсы алдымда әлдебір бақытты іздеп шығып, өзін жоғалтқан көп пенделердің бірі ғана тұрды. Күліп тұр. Бірақ жылап тұр. Кейде күлген жылаған сияқты. Жүдеу. Үнсіз.
Қолымызға бір-бір самса ұстап, метроға қарай жылжыдық.
- Сен Сарыдан қорқасың ба? –деді ол самсасын бір тістеп. Мен жөпелдемеде не дерімді білмей қалып;
- Жоқ – дедім.
- Онда неге мені одан құтқарып алмайсың? -. Ол үшін бұл сұрақты қою сондай оңай болса, мен үшін бұл сұрақты есту сондай қиын болды.
- Енді...енді... -. Кібіртіктеп қалдым. Не айтуға болатын еді? Әлі күнге дейін жауабын таба алмай келемін.
- Оның бар болғаны пышағы бар. Бәрі содан қорқады. Жарып тастайды деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде ол өз пышағынан өзі де қорқады -. Самсасын құшырлана иіскеп, маған қарап, еріксіз тағы бір жымиып қойды. Қандай түлен түртті екен, үш жүз теңгеге арнайы барып, базардан сатып алған «бабочкамды» қалтамнан суырып алдым да;
- Менде де бар ондай –дедім жұлқынып. – керек болса мен де оны жарып тастай аламын.
Түрім аянышты көрінді білем, Жадыра одан сайын күліп, жертөлені жаңғырып жіберді. Ол сөз айта алмай ұзақ күлді. Айналамыздан өткен адамдар бізге жалтақ-жалтақ қарап, бастарын шайқап барады. Мен қысылып тұрмын. Әлдене уақыттан кейін Жадыра есін жиып;
- Мынаңды апарып қоқысқа таста, әйтпесе қазір метроға кіре алмайсың – деді.
- Сол үшін күлдің бе?
- Сол үшін десе де болады.
Мен қалтамдағы қара бәкіні қимай-қимай қоқысқа лақтыра салдым. Бір жағынан құтылғаныма қуандым.
- Қызық – деді Жадыра ішке енгенімізде. – Заң бізге пышақ ұстатқызбайды, бірақ бізді сол пышақтан қорғап қалғысы жоқ... бірақ сен уайымдама, есесіне Сары метрода жүре алмайды. Ол өз пышағын тым жақсы көреді– деді тістерін шықырлатып. Мен Жадыраны көбіне түсіне бермейтінмін. Мүлдем түсінбедім десем де болады. Бірақ маған оны тыңдаған ұнайтын. Жай ғана тыңдаған. Екеуміз метрода, әлемнің астында, үстіндегілерден алыс жақта осылай мұңды мұңға қосып бар жаттық. Жердің үсінен гөрі асты тыныш па деймін. Бәлкім сондықтан адам өлгенде жерге көміледі. Біз шын мәнінде бақытты емес, тыныштықты аңсайды екенбіз ғой. Ал, тіршілікте тыныштық жоқ. Жадыра жұмысына түсіп қалды, мен әрі қарай кеттім...



***


Біздің бөлме терезесі даңғыл көше жаққа қарайды. Астыда автобустар, көліктер күні-түні шұбап жатады. Тек сағат таңғы бестерде ғана қозғалыс сап тиылады. Сол сәттегі жым-жырт меңіреу күй менің әлі есімде. Ерте тұрып, әлі адамның аяғы баспаған аппақ қарға қараймын. Қараймын да, осы бір тылсым тыныштықты мәңгі ішімде сақтағым келгендей көзімді жұмамын. Кейде жан-дүнием алай дүлей боп, уайымға салынса көзімді жұмам да, жаңағы сәтті елестетімін. Сосын іштей күбірлеп, "бәрі жақсы болады" деймін. Қарды жақсы көру - бақытыңа ұмтылу сияқты.

Дәл сол түні қар ертерек жауды. Түнгі сағат он екілерде басталып, толастамай тұрған. "Аттаныңдар!" деген ащы айқай астыңғы этаждан талып жетті. Дауыс Сарыныкі. Жатақхананың біраз жігіттері оянып, сырт киімдерін іле тысқа лап қойысты. "Пышақтарыңды бірге ала шығыңдар!" деген қатаң үн де қабаттасып естіліп жатты. Керекке асығып бара жатқан біреуін тоқтатып, "не болып қалды?" деп едім анау асығыс "ЕТК-лар келіпті" деді. Жағдайдың шеті түсінікті болды. ЕТК-сі көрші жатақхананың балалары. Екі күннің бірінде қырылысып жатады. Бұл жолы олар Сарыға соқтықса керек. Әлде керісінше... Ештеңе етпес деп тұрғанда желбегейін жамылып жүгіріп бара жатқан Жадыраны көзім шалып қалды.
- Жадыра?!
Жалт қарады.
- Қайда барасың?
- Сары жаралы дейді. Дәрі апарамын.
Көзінде лап етіп жанған ұшқын менен тайды да, есікке қарай беттеді. Мен бұл жолы тағы Жадыраны түсіне алмадым. Ішімде алаңсыз жатқан бір қызғаныш сезімі де қоса бас көтерді. Бәлкім мен осы сәтте ғана Жадыраны ұнататынымды түсіндім бе екен. Бұған дейін бұл сезім бұғып жатып, өзі жек көретін Сарыны уайымдаған Жадыра қыздың жан-ұшыра жүгіргенінен пайда болды ма, білмеймін. Әйтеуір көңілімді ауыр мұң басып, сүйретіліп бөлмеге келіп, қайта жастыққа бас қойдым. "Ол Сарыны жек көреді" деймін ішімнен. Өзіме қыстығып айтқаным. Шын мәнінде олай болмауы да мүмкін. Қандай қатігез, жексұрын адам болса да, оның бойынан бір жақсы қасиет көре алсаң, ол сенің жақсылығың емей немене. Бұл Сарының жақсылығы емес, бұл Жадыраның әйбат мінезі. Осылай ойлап жатып ұйықтап кетіппін. Қар қапалақтап әлі жауып тұр.
Мен түс көріппін. Түсімде Жадыра мені өзіне шақырып тұр екен. Мен ұйықтаймын деймін. Ол мені оята алмай әбігер.
Қолыма тиген суық қолдан селк етіп ояндым. Жанымда Азамат дейтін ұйғыр бала жататын. Сол оятып тұр екен.
- Тұр! Бәрімізді полиция учаскесіне шақырып жатыр - деді қабағы қатулы.
- Жай ма?
- Жай емес ғой сол. Кеше түндегі төбелестен төрт студент қайтыс болыпты. Біреуі қыз екен...
Мен жұтынып, оған жалынышты қарадым. Ол саспастан;
- Анау сенің құрбың, кім еді... иә Жадыра сол да пышаққа ұшыпты...
Төбемнен біреу суық су құйып жібергендей дір еттім. Құлағым ештеңе естімейді. Қалған сөздер вакум ішінде адасып, жоғалып жатқандай.

Біз мең-зең полиция учаскесіне барғанда бізден бұрын қырық қабат кезекке үш колледждің студенттерін жиып қойыпты. Куәлік беру кезегімізді күттік. Мұнша көп адам куәлік берген қылмысты мен өмірімде көрмеген шығармын. Кімге және не үшін береміз, ол жағы да түсініксіз. Бәрі аянышты. Қоғамнан қорғанам деп қара пышақ ұстаған бұзақы балалар да, оларды тергейміз деп жік-жапар болған заң да, солардың құрбаны болған Жадыра да - барлығы аянышты. Бір жақта қайтыс болған балалардың ата-анасы зар илеп, қарғап-сілеп жатыр, ал енді бір жағында кінәлі тараптың адамдары бастарын салбыратып, жерге кірердей мүләйіп тұр. Алқымын ағытқан директор ұйқысынан енді ғана оянғандай, көздері қызарып, артындағы біздерге алақ-жұлақ көз тастап қояды. Тек бір адам ғана үнсіз. Жадыраның мамасы. Қоқыс шәшігіне таяу бір орындықта моп-момақан кейіпте отыр. Айналасындағы шудың оған қатысы жоқ сияқты; ешкімге ренжулі емес, ешкім де оған шағым айтып жатқан жоқ. Дәл бір қызын алғаш колледжге әкеп, емтиханға кіргізіп жіберіп, тілеуін тілеп, күтіп отырған ана сияқты. Сәлден кейін қызы езуіне күлкі үйіріп шағады, бұл болса оның маңдайынан иіскейді. Өз шешіміне өзі мақтанады. Жанашыр ана екеніне, қызының болашағын ойлайтын ана екеніне өзін кәміл сендіреді. Тек бұл жолы бәрі басқа сияқты ма қалай...?
Менің кезегім келіп, тергеуші кабинетіне кіргенімде сәске болатын. Күн шуағы бөлме ішін қуалап, жақ түктері енді тебіндей бастаған жас тергеушіні маужырата бастаған. Оң жақта ұзыннан ұзақ парта тізіп, үстіне бабочканың неше түрлісі қойылған. Арасында өткенде мен метрода қоқысқа тастаған қара бәкі сияқтылары да кездесіп қалады. Неге екенін білмеймін, бұл пышақтардың біреуі Жадыраны өлтірді деген ой санамды шарлап кете барды. Сөйтті де бойымды ыза кернеп, сол пышақты тауып, күл-талқанын шығарып, сындырып тастағым келді. Бірақ бұл арада пышақтар тым көп еді. Менің ішімде де бір пышақ жүрегімді тілгілеп жатыр.
- Отыр- деді тергеуші құлықсыз. - Мынаны танисың ба?- деді алдында жатқан төрт суретті нұсқап.
- Мынау Сары, қалғандарын танымаймын - дедім суретке аса зер салмай.
- Сары дейсің бе? Вот значить Сары. Сол Сарың бәрін бастап, өзі қашып кеткен. Шын аты - Мұхит Шербаев. Қызды пышақтаған да осы. Екеуі жүрген дей ме?
- Иә, ондай болған...
- Болған ба, әлде болып жүр ме еді? - деді анау шатынап.
- Болып жүрген -. Даусым құмағып, өзіме де естілмей қалды.
- Ясно. Боссың бала. Бар бер. Келесі - деді менен құтылғысы келгенін жасырмай.
Жерді солқ еткізіп ойып жіберердей ауыр басып, тергеуші кабинетінен шыға бердім. "Мұхит" дейді құлағым шуылдап. Көз алдымнан қатар-қатар тізілген пышақтар кетпей қойды. Сабы қысқа пышақ, басы үшкір пышақ, кнопкасы бар пышақ, кнопкасы жоқ пышақ, әйтеу толған пышақ. Солардың біреуі менікі сияқты сезіліп, "мені тастап барасың" дегендей басымның ішінде сықырлап жатыр. Шынымен солардың біреуі менікі сияқты. Қашан біреуге сұғып алар екем, білмеймін.

Соңы!