Пролог орнына
"Мен адам өлтіріппін..."
***
Күнделікті әдет бойынша қараңғы бөлмеде, телефон экранының жарығымен жанарым шағылысып, мең-зең қалыпта таң қылаң бере ұйқыға жаттым. Ұйқылы-ояу, түсім әлде өңім екені белгісіз, даурыққан дауыстар ұйқымның шырқын бұзып, оятып жіберді.
Үйреншікті дағдымен (қалыптасқан ережені бұзбастан) смартфонның бетін сипалап, не болғанын түсінгім келді. Бірақ әдеттегі "жұлдыздар" өмірінің "бақытты шағын" тамашалап, телефон ішіне сүңгіп кеткенімді өзім де байқамаппын. Бір уақытта терезе артынан тағы күбірлеген дыбыстар естіле бастады. Үшінші қабатта орналасқан үйімнің терезесін ашып төменге көз тастағанымда қарақұрым адамның легі жиналып қалғанын көрдім. Жедел жәрдемі бар, қалпағы жоғары қайырылған сақшысы бар, барлығы дерлік осында. Подъезд алдындағы орындықтың жанында белгісіз біреу сұлап жатыр. Дене бітіміне қарап таныс адамға ұқсаттым, жүзін кепкасының алдыңғы бөлігі жасырып тұрғандай... анықтап көре алмадым. Оқиғаның басы-аяғы белгісіз күйде қалды.
***
Қалада жалғыз тұрамын. Қазір еңбек демалысы болғандықтан еркін көсілуге мұрша да көп, уақыт та жетерлік. Ата-анам ауылда, бірақ оларға баруды жөн көрмедім, қалада аяқталмаған бірнеше шаруаларым бар, оның үстіне ауылдағы интернеттің жағдайы да қолбайлау болып тұр.
***
Шаңқай түс. Есік қағылуда. Жанында тұрған қоңырауды басуды жөн көрмей, қара темірді ұрғылап жатқан кім екендігін білуге асықпадым. Бәлкім, қоңырауға қолы жетпейтін көрші пәтердің балалары шығар. Бірақ, дауыс үдей түсті. Есік тарсылымен бірге жүрек қағысым да күшейгендей қалыпта.
-Бұл кім?
-Аға тергеуші, Шалабаев, есікті аша қойыңыз! Бойымдағы үрейді буып ұстап, сыртқа шығармауға тырыстым, бірақ есіктің құлпын бұрарда қолым дірілдей ме, қалай өзі...
-Қайырлы күн! Аға тергеуші Шалабаев - деп екінші қайтара қайталап, төс қалтасынан қызыл қаптама ішіндегі құжатын алып, бетіме тосты.
-Иә, қандай мәселе?
-Әлгінде ғана, сіздің подъезд алдында болған адам өліміне қатысты оқыс оқиға бойынша бірер сұрақ қойсам. Өмірден озған азаматты тануыңыз бар ма?
-... жоқ.
-Қалайша, осы үйдің ол да үшінші қабатында тұрған-деп, ашаң жүзді жас жігіттің фотосын қолыма берді.
-Жүзі таныс... бірнеше рет көргенім болмаса, аса таныстығым жоқ.
-Жарайды, рақмет, басқа таныс-білістен сұрайын.
-Ааа... оған не болған екен?
-Денесінде соққы да, жарақаттың да ізі жоқ, шамасы жүрек тоқтаған болуы керек. Осы мәселе бойынша, бәлкім, біреулер тарапынан қысым болды ма немесе түйіні қиын мәселер болды ма деп білгім келген. Әйтпесе, сенен басқа көршілердің айтуы бойынша күнде таңғы уақытта жүгіруге шығатын, спортшы деп естідім. Жүрек әлсіздіктен тоқтамауы мүмкін деп ойлаймын. Жарайды, рақмет, аман болыңыз!
Басқа жұртшылықты білмеймін, бірақ өз қазағым сақшыны қорғайды емес, қорлайды деп ойлайтын сияқты, әйтпесе жаңағы қорқыныш бекер емес шығар.
***
Бөлме ішінде ойға шоматын, сілтідей тынған, тыныштық. Миығыммен таңның жарығын сезініп жатырмын. Алдағы мақсаттарды ойға алуға шамам жетпей, тыпыршып атқып тұрдым. Қиялға ерік берудің де ауылы алыс. Бір ғана жүйелі ой ойлауға әлім жетті, оның өзі қуанарлық дүние емес. Атқарып жүрген ісімнің барлығы да ойсыз қам-қарекет екендігін түсіндім. Еркіндік дегеніміз осы ма еді?!
Жұмбақ қазаның артынан іле-шала, көп уақыт өтпей тағы бір оқиға болды. Бұл жолы мешіт ауласында жансыз дене табылды. Алланың дәргейінде болуы үшін әдейі барып мешіт ауласында сұлаған шығар деген ой санамда сап ете қалды.(Жүгенсіз ойларды ойлау жағынан жүйріктігім біраз адамды шаң қаптырары анық).
Кешқұрым интернет жаңалықтарынан мән-жайдың анық-қанығын білдім. Әлгінде ғана маған келіп кеткен аға тергеуші Шалабаев бұл істен шеттетіліп, республикалық тергеушілер бұл тергеуге бас сұғуда. Өйтпегенде, бұл біздің аудандағы, оның үстіне бір домдағы бір аптада белгісіз күйде орын алған екінші жайт. Қайтыс болған азаматтардың да жастары бірдей, жүздері де, дене бітімдері де келетін сияқты ма, бұл істе бір шикілік бары анық.
Келесі апта, тағы бір өліммен қаралы үй деген атқа теліндік. Абыр-сабырдан тынышсыздық туды. Подъезд алдына екі сақшыдан он екі сағат бойы қарауыл қойылды. Кірген, шыққан адамды тергеп, анығына көз жеткізіп қана барар тұсына жол сілтеп жібереді. Бірақ, кетуші қайтып оралуды жөн көрмеді, ал келушінің аяғы үзілді. Жаңалықтың барлығын есік алдындағы отырғыштың үстінде отырып, күні-бойы шүйіркелесетін екі орыс кемпірден, тереземе құлақ түріп естумен болдым. Үлкейген сайын қорқыныштан ада ма, әлде соған көндіге ме,әйтеуір әжейдің дауысынан үрей байқалмайды.
-Өлген үш жігіттің де тұратын үйі бір болғанымен қоса, олардың жастары да бірдей екен. Барлығы 24 жаста. Сол жастағы біреулерге қарақшының өштесіп алғаны анық... -дей беріп еді, арғы жақтан біреу:
-Әжелер, үйлеріңізге кіріңіздер, мұндай әңгіме айтуға болмайды-деген сақшылардың үстінен бақылап кететін орта жастағы кісінің дауысы аса бұйрықпен шықты.
Қап, әттеген-ай, енді қызып келе жатыр еді, мына қара бәленің әңгімені бөліп жібергенін көрмейсің бе?! Жоқ. Енді әңгіме ауаны басқа бағытта өрбіді. Бұл жолы сақшылар арасында.
-Бәке, расымен осы домның тұрғындары ма барлық қайтыс болғандар?-деп, бақылаушыдан жас сақшының біреуі сұрады.
-Иә, біреуі дәл осы жерде таңғы жүгіруге шығып бара жатқанда. Екіншісі таң ауа мешіт ауласында, таң намазына барған болуы керек. Мәйітін кешірек таптық, сірә мешітке кіріп-шығатын адам аяғы аз болған соң, оның үстіне таң намазын иманнан басқа кім оқыр дейсің. Үшіншісін, кітапханада кітап ашып отырған жерінен. Алғашқы екеуі белгісіз күйде, оларды ешкім көрмеген, байқамаған, ал кітапханадағы оқиға түс ауа болса да ешқандай дерек жоқ. Ех, бұл бір шешуі жоқ мәселе болайын деп тұр. Жақсы, мен жүрдім, қазір екі сағаттан басқа топ келеді, оған дейін барлығын көзден таса қылмаңдар.
-Құп болады!
"Өлген үш жігіттің де тұратын үйі бір болғанымен қоса, олардың жастары да бірдей екен. Барлығы 24 жаста. Сол жастағы біреулерге қарақшының өштесіп алғаны анық..." Қызық. «Менің де жасым 24-те емес пе» деп өзіме-өзім сене алар емеспін. Бұлай болуы мүмкін емес, неге менің жасым 24-те?! Ойлануға мұрша жоқ. Дереу жеке куәлігімді тартпаларды ақтарып шарқ ұрып іздей бастадым. Жоқ, мен ол жаста емес шығармын деген күбір басылар емес. Куәлікті табуын таптым-ау, бірақ өзімнің құжатыма қарап, дағдарып біршама тұрып қалдым. Расымен қай жасқа келгенімді есептей алар емеспін. Ақылсызға ақыл қосар смартфонымның калкульяторын ашып есептей келгенде, расымен жасым 24 болып шықты. Енді қазамды күту ғана қалды...
***
Сол түннен бастап ойланумен болдым. Миым ештеңені де қорытар емес. Мүсін қалпында қатып қалғандай. Не істеу керек? Таңға дейін тағы да көз ілмей, бір байламға келгендей болдым. Қылмыскердің алдын орап, ол емес, оны мен бірінші табуым керек деп шештім.
Ең алдымен, бірінші қазаның себебін өзім анықтауым керек болды. Қайтыс болған жігіттің кейпіне еніп, спорттық киіммен, жүгіретін сыңай танытып, есік алдына шықтым. Қарауыл болып тұрған сақшылар орнында жоқ, бұл одан сайын менің үрейімді ұлғайта түсті. Қарақшының оңай олжасы болып жүрмейін деп кәлимамды айтып, қайда барарымды білмей бірер сағаттан үйге қайта оралғанымда, таң атар атпастан есік алдында отқан әлгі қос әжейді көрдім.
-Балам, сен үйде ме едің? Бұрындары күнделікті өзіңді көретін едік, қазір жоғалып кеттің ғой. Біз сені ауылға кетіп қалған болар деп ойласақ. Үйіңнен өмір сүріп жатқан адамның қимылы байқалмайды ғой. Қайда болдың?-деп, маған қос кейіп бедірейіп қарап отыр. Бұрын бұл кісілермен мәміле құрып көрмеген сияқты едім, бүгін де оның реті жоқ сияқты деп, үнсіз үйге кіріп кеттім.
Өзімше жүргізілген тергеудің алғашқы күні аса жаңалыққа толы болмай, күмәнді жағдай орын алмады. Бірақ, әлгіндегі екі әжейдің маған айтқан сөздері біртүрлі. Мен ол кісілерді аса танымаймын да, бірақ сауалдарына қарасам менімен жақсы таныс секілді. Ол да маңызды емес, мен тездетуім керек, кешікпеуім қажет. Ертең екінші оқиға орын алған жерге барамын.
***
-Мешітке келер жолды ұмытып кетті ме деп ойлаған едім - деп жымыйды имам, сәлдесін киіп жатып. Көзімді тырнаған күйде абдырап тұрып қалдым. Бұл жерге соңғы рет қашан, қалай келгенім, бұл имамды танитыным да есімде жоқ.
Үнсіз ғана имамның істегенін қайталай бердім. Подъезд алдындағы сақшылардың басшысы айтқандай, мешітте таңғы уақытта ешкім болмайды екен, бәлкім түс ауа да, кешкісін де солай шығар, келіп көрмегеннен соң шешім шығарып айту да қиын.
Қым-қуыт тірліктен басыңды суырып, деміңді терең алған адамдай жеңілдеп қалдым. Қорқыныш та сейілгендей. Имамға артық сұрақ қоюды қажетсінбей, дереу шығып кеттім.
Неге қылмыскер оларды өзінің құрбаны санады екен деген сұрақ қана мазалай берді.
Түс ауа үшінші қылмыс болған кітапханаға бардым. Есіктен аяқ басқан бойда, шашын орама қылып төбесіне үйген ақ-сары әйел, көзілдірігінің үстімен барлай:
-Бір жыл бұрын алынған кітаптарды тапсырмай, сізге кітап жоқ!-деді. Не айтарымды білмей, қатып тұрып қалдым...
-Апай шатастырған боларсыз, мен осында болған қылмысты оқиға туралы білгім келген, сол үшін келдім. Расымен де осында болды ма сол оқиға?
-Қылмыс дейсің бе? Бұл жерге адам баласының аяқ баспауынан бастап, сен сияқты кітап тапсырмай кететіндердің қылмысын көріп жүрміз-деді...
***
Күн де батуға таяу. Пәтерге келіп, түрлі ашық түске боялған аспанға терезеден көз тастай отырып ойға шомдым. Бұл жолы ойымның жүйріктігі бабына келгендей. Қылмыс болған орынның барлығына бардым, тіс жарып айтылған ақпарат та болмады. Мен үшін бұл да көңілге медеу болғандай, өйткені енді қылмыс орын алмайтындай сезілді...
Түн ортасында біреу алқымымнан алып жатқандай ояна кеттім. Қорқыныш болған жоқ. Кеудемді қуаныш кернеді. Ажалмен бетпе-бет келуді өзім де соңғы шақта қалағаным анық, бірақ олай болмай шықты. Тірі екенмін, неге дейсіз ғой, себебі нағыз қылмыскер өзін-өзі өлтірер ме еді?! Өлтірілген адамдардан кейін менде ажал құшар тұлғалық та қалмағандай, тек құр сүлдерім ғана ғұмыр кешуде.
Мен адам өлтіріппін, өз-өзімді, тұлғалығымды, адамдығымды.
Пайдасыз дүниеге тұншыққан әрбір адам өз-өздеріне қол жұмсап жатыр. Даралығы құмға көмілген пенденің тірі өліктен айырмашылығы бар ма еді?!
Эпилог орнына
Адамдық кодесктің заңнамасы бойынша әрбір пенде – қылмыскер...