Айна жиырма жасында қалыңдық болу бақытын, жігіт сезімін білдірер ғажайып сәтті өз қиялында елестетуден жалықпайтын. Міне, көз талатын жерге дейін көлбей созылып шалқыған теңіздің жағасын ірілі-ұсақты толқын ұрып, бір шетте жақпар-жартастары арса-арса болып биік тау төне қарап, Айна болса асыл матадан тіккен ақ көйлегінің шілтерлі етегі желбіреп, таңсәріде шық түсіп үлгерген көк шалғынды кешіп келе жатар еді. Әлдеқайдан ғажап әуен естіліп, бір кезде ақ боз ат сынды аппақ бұлт арасынан пайда болған, өткір жанары қыз жүрегін шоқтай қарып өтетін тұлғалы да сымбатты жігіт бұны көтеріп алған күйі жер-әлемді жасандырған алуан түрлі гүлдер арасындағы айналасына майда-майда күміс шашқан субұрқақтың түбінде жүрек сөзін айтып, мұның қолына неке жүзігін салар еді. Айнаның қиялындағы жігіт романтик болатын.
Ал, Фарухтың үйленейік дегенді тым қарапайым, тіпті қарабайыр жеткізгенін көрмейсің бе? Кездесуге келген мезетінде қыздың аяқ астынан жалдайтын пәтер іздеп жатқанын білген жігіт тамағын кенеп:
–Айна, не ғой... өзің де сезіп жүрген шығарсың, сені... өзің де түсінесің ғой... саған үйленгім келеді... бірақ... тап қазір той жасайтын жағдайым жоқ. Егер қарсы болмасаң... мен тұратын үйге көшіп кел, бірге тұрайық, үй досымдікі, досым Тәшкенде, әзірге келмеймін деді.
Осы сөздерді тебіренбей, толқымай-ақ айта салды. Қалай болса да жігіттің «саған үйленгім келеді» дегені жүрегін бүлк еткізгені рас. Жасы жиырма алтыға қараған шағында күйеуге шығуға да қарсы болмас еді. Тек жігіттің ұлты басқа екенін естігенде ауылдағы шешесі не дейді дегенді ойлады.
Фарухпен өзі жұмыс істейтін дәмханада танысқан, жігіт осы жерге жиі келетін, келетін де Айнаны көзімен іздейтін, тек бұған тапсырыс беретін, оның елжірей қарап қалатынын байқаған сайын Айнаның ішінен жылы толқын жүріп өтетін. Бірте-бірте сөздері жарасып, кездесе бастады. Мойнындағы қымбат алқаны да Фарух сыйлаған. Қасындағы құрбы қыздар асыл бұйымның әдемілігіне тамсанып, қызығып қарап қалғанда Айнаның кеудесін мақтаныш кернеген.
Бірақ, бәрі осылай тез болады, үш-ақ ай бұрын танысып, 3-4 рет қыдырған жігітпен аз уақыттың ішінде бір шаңырақ астында табысам деп ойламаған. Әуелі төрт қыз болып тұрып жатқан пәтерден бір қыз елге кетем деп, тағы біреуі «туысым көшіп келді, сонда тұрамын» деп шығып кетті. Айына жүз елу мың теңгені бөліп төлеуге даяшы болып жұмыс істейтін екі қыздың шамасы келмейтін болғасын қастарына бірге тұратын қыз іздеп көрмек болды да, айналымға келмейтін тар, жиһазы ескі пәтерде өздерінің де қалғылары келмейтінін ұқты. Хабарландыру бойынша пәтер іздеп көріп еді, жұмысқа жақыны қымбат, ал арзаны қашықта болып шықты. Қасындағы қыз заттарын жинап кетіп қалды, Айна да тезірек басқа пәтер табуы керек. Шешесі жастай үй тірлігіне жұмсап, шаруаға пісіріп тастаған қыз тазалықты жақсы көретін, осы жолы да ескі пәтерді жуып-тазалап, кілтін иесіне тапсырды. Фарух түн ішінде таксимен көшіріп әкетті. Ол даңғарадай үйден түкпірдегі оңаша бөлмені таңдап алды. Жігіт бірінші қабатта екен.
***
Екі қапталында кейбіреуі ақ, кейбірі қызыл кірпішті екі қабатты жеке үйлер қатар тізілген кең көшенің бір шеті әрі-бері көлік ағылған үлкен жолмен қиылысып, екінші шеті өзенге барып тіреледі. Өзеннің бергі жағындағы стадионға жүз қадам тиіп тұрған әдемі үйдің сұр түсті қақпасы да ерекше еңселі, есігінің қай тұста екенін айырып болмастай, тұтас құйылған. Айнаның бұл үйге келгеніне оншақты күн болды. Ауланың ішіне бірыңғай сарғыш тақтатас төселген, бір шетінде гараж бар, жуан бағандар екі қабатты үйдің кіреберісіне әжептәуір салтанат беріп тұр. Үйге сегіз қатар баспамен көтерілесің. Терезелері кең. Айнаға үй қатты ұнады, жарқырап тұр, қайда қараса да бір үйлесімді, әдемілікті көрді, кең үйге жететін ештеңе жоқ екен. Бәрінен бұрын тегін болғанын айтсайшы. Кафедегі жұмысынан шаршап жеткенде жаны қуанатын болды. Жердің бетіндегі жұмақ мекенін тапқандай болып, кей күндері жұмысқа барғысы келмейтін. Тып-тыныш. Ешкімнің даусын естімейсің, ешкім ауладағы орындыққа аяғымен шығып отырмайды, ешкім былш еткізіп түкірмейді. Бұл үйге тез бауыр басты. Төменгі қабаты үлкен кіреберістен, ас үй мен қонақбөлмеден, ал үстіңгі қабаты төрт бірдей жатын бөлмеден тұрады. «Өзімізге бір-бір жатын бөлме жетіп жатыр, қалғанын жалға берсек, мысалы әр бөлмені отыз мыңға жалдаса» деп ойлады Айна.
Осы үйде екі жастың бір-біріне құштар көңілдерімен байланған алаңсыз күндері басталды. Көп сыр көзбен айтылады. Фарух көп сөйлей бермейді. Бірақ, қолы ашық, екеуіне мол жететін азық әкеледі. Айнаның да көп айтатын әңгімесі жоқ. Қатар отырып ас ішсе, біреуі инстаграмды ақтарып, екіншісі футбол көреді. Ел ұйықтап жатқанда кетіп, таң ата келетін Фарух кейде біреулерден көкөністі көтерме бағамен алып, екінші біреуге сатып жіберіп пайда таптым деп келеді, көбіне күзетші болады. Кейде Айна түн ортасында қақпа сыртынан көліктің гүрілдегенін естісе, Фарухтың такси шақырып жұмысқа кетіп бара жатқанын біледі.
***
Күздің таңы ерініп атты. Жаймен бірқалыпты себелеген жаңбыр тамшылары қонған терезе әйнегінен көріп отыр, бір қолына қолшатыр ұстап, екінші қолымен чемоданын сүйреген қыз көзімен такси іздейтін тәрізді. Үстіндегі жұқа плащы да, аяқ киімі де қара екен, қызғылт, сырғыш, жасыл сияқты ашық түсті бояуларды араластырып үстіне төге салғандай көрінетін әдемі қолшатыр көшенің келбетіне бөлек ажар бергендей. Қара «тойота» сырғып келіп қыздың тұсына тоқтады.
– Такси керек пе, қарындас?
– Ия, Нұрсәтке дейін қанша аласыз?
– Отырыңыз, келісеміз ғой
Қыз ұяла күлімсіреді:
– Алты жүзге келісесіз бе? .
– Сіздей сұлуды тегін апарса да болады, отырыңыз.
Қыз қолшатырын сілкіп жинап, таксисттің қасына отырды.
Оның үстіне сепкен нәзік жұпары бұның танауын қытықтап өтті. Уыздай болып бұлтиған екі бетінің ұшында жұқалтым қызғылты бар, ажарлы-ақ екен. Қыздың бет-әлпетіне сұлулық беріп тұрған оның қалыңдау ұзынша біткен қасы мен пісте мұрны тәрізді. Шашын бос жібере салған. Мойны мен иығы жұп-жұмыр, әсіресе көтеріліп тұрған кеудесі көз тартады.
–Осы қыздар қолшатырды не үшін ұстайды?
Қыз таксистке таңырқай қарады. Сосын оның сөзін қалжыңы деп ұғып ақырын жымиды.
–Енді... көшеде су-су болып жаурап жүрмейміз ғой.
–Біз, мысалы, жүре береміз. Әне, ана жігіт те кетіп бара жатыр.
–Сіздерге болады, сіздер жігітсіздер. Ал қыздарға болмайды.
–Неге?
–Өйткені, бояуы езіліп кетеді.
–Е-е, олардың бүкіл сұлулығының күші бояуда демексіз ғой.
Қыз күліп жіберді. Ол күліп отырып, өзінің қай бағытта келе жатқанын аңғара алмағандай. Жігіт музыка даусын көтере түсті. «Мен шахзода, кулма, кулма қара, козим сенга козгу менга қара...», бұл әнге қыз да іштей тебіренетіндей.
Бір кезде тас төбесінен бір қатты күш соғып өткендей болды, ар жағы есінде жоқ.
***
Айна көптен күткен демалысында үйді жақсылап тазаламаққа ынта-шынтамен кірісті, көптен әйел қолы тимеген бе, бірталай қоқыс шықты. Бір аяғы былғаңдаған табуретка, үлкен ала сөмкелерге салынған иесіз ескі киімдер, ескі төсектер, екі литрлік банкілер, босаған гүл құмыралары орын алып, бөлмелердің сәнін бұзып тұр. «Бұларды қайда апарса болады?» деп ойлады да, гараж есіне түсті. Бұл заттарды лақтырып тастаса иесі іздеп жүрер, ал гаражда тұрса, сол жерден табады.
Айна құлағындағы музыкасына елтіген күйі шаршайтын емес. Гараж ыбырсып кетіпті. Үйден шығарған керексіз заттарды орналастырмас бұрын бұрыштағы ескі қораптарды реттеп қайта жинап, бұрын су қорын жинақтап қою үшін алынса да пайдаланылмай қалған пластик бөшкенің ішіне дейін тазалап шықты. Оның ішіндегі бірнеше қолшатырды көргенде таңғалғаны да бар. Үй иесінің әйелі сәнқой шығар деп ойлады, қолшатырды аяқ киімі мен сөмкесінің түсіне қарай ала берсе керек, жиналмалысы керек пе, таяқ сияқтысы, қамыстан, шілтерден жасалғаны керек пе... шетінен әдемі қолшатырлар.
Шағын бос қорапты есікке қарай лақтырып жібермекші еді, онысы алысқа түспей, бергі жаққа қонжиды, аяғымен итере салмақ болды да, әуестік билеп ішін ашты. Оның ішіндегі тағы бір қорапшаны ашып ішегін тартты, қорапта алтын сақиналар, сырғалар, алқалар бар екен. Айнаның аузы ашылып қалды. Осынша алтында гаражға сақтаған несі? Үй иесінің әйелі көшем деп асығып жүргенде алтын бұйымдарын қорапқа салып, артынан таппай қалған болды деген ой басына бірінші келді. Оны Айнаның қоқысқа тастай жаздағанын көрмейсің бе?
Фарух кеште жұмыстан келген кезде үйдің тап-тұйнақтай болғанын бірден байқады.
–Жаным, бәрін жарқыратып қойыпсың ғой! Мына құмыраны қайдан алдың?
–Жоғарыдағы бөлмеден.
–Диванды мына бұрышқа қойған үйлесімді екен!
–Саған ұнай ма?
–Ұнағанда қандай! Жігіт сүйіктісіне әкелген тәттілерін ұсынып жатып, оны құшақтай алды. Демі күйдіріп барады. Оның тегеурінді құшағынан босап шыққан қыз жаңалығын айтқанша асық.
–Досыңнан сүйінші сұра! Мен оның әйелінің алтындарын тауып алдым!
Фарухтың қабағы көтерілді.
– Жөндеп айтшы, ештеңе түсінбедім.
–Үйді жинап болып қарасам, құр босқа тұрған керексіз заттар көп екен, сосын оны қайда қойсам екен дедім де, не болса да гаражға қояйын дедім. Онда барсам ол жақ та шашылып жатыр, жинап жүріп, қаншама қоқыс шығардым. Содан бір қорапты бос қорап деп ойлап қоқысқа тастай жаздадым, қарасам... іші толған алтын, қарашы!
Айна балаша мәз болып қораптағыны әкеліп төсектің үстіне шаша салды. Жарқыраған алтын бұйымдар көздің жауын алады.
– Сен гаражда не істеп жүрсің? Қалай аштың? Фарухтың даусы өзгеріп естілді.
–Жинадым. Кілтін тауып алдым.
–Үйді жинасаң жетпей ме? Гаражда не шаруаң бар?
Жігіт аяқ астынан ашуға мініп, қою қастарының ортасы қосылған күйі қыздың білегінен қатты ұстап сілкілеп жіберді.
–Неменеге тіміскілеп жүрсің? Кім рұқсат берді саған?
Айна оның ашуынан қорқып кетті. Көз шанағына жас жинала қалды.
–Қолымды ауырттың ғой, не болды сонша? Гаражға кірсе не болады екен? Айтып тұрған жоқпын ба, артық заттарды апардым деп. Шашылып жатқан нәрсе көрсем шыдай алмаймын.
–Ендігәрі гаражға кіруші болма! Ұқтың ба? Гаражға кірме мүлдем.
Жігіт алтын сақиналарды көз ілеспес шапшаңдықпен жинап қорапқа салды.
«Өзінше болғаны несі, қолын қысып ауыртып жіберді ғой, дөрекі! Гаражға кірдің деп соншама ашуланып...». Айна көңілі түсіп, жабырқап әрі күні бойы үй жинап шаршағаны бар, өзіне тиген оңаша бөлмеге кіріп ерте жатып қалды. Бір сағат өтпей Фарух есікті тықылдатты.
– Өкпелеп қалдың ба? Болды, ренжімеші, кешір, жай айтқаным ғой.
–Қолымды ауырттың... сенімен сөйлеспеймін.
–Кешірші енді... Айнаш... Біреудің гаражы... жинап қайтесің... әрі шаршап қаларсың дегенім. Жаным, кешір... шай ішейік. Сен жақсы көреді деп қуырылған тауық қанаттарына тапсырыс бердім, тұршы.
–Мен ертеңнен бастап басқа пәтер іздеймін.
–Мені тастап па? Жоқ, олай демеші, қойшы, кетпейсің, осы үй жақсы емес пе, саған ұнап еді ғой, әрі... біз қосыламыз дедік қой. Ренжітсем кешірші. Кетпеші. Мені тастап қайда кетпексің?
Осы жолы шешіле сөйлеген сөздердің құдіретінен бөлменің есігі ашылып кетті. Сол күні үйдің іші ысып кеткендей болды Айнаға. Сол күні терезеден түскен айдың сәулесі де ерекше жарық болатын.
***
Бір күні кеште жұмыстан келгенде Фарух орнынан тұрмай қойды. Бетін әрі бұрып бүркеніп жатып алған күйі қозғалмады. Қасына келген Айнаны «ана жаққа бар, мазамды алма» деп қуалай берді. Арада екі күн өткен кеште Айна төмен қарап тамағын жеп отырған Фарухтың бетінің қатты тырналғанын көріп қалшиып қатып қалды. Екі-үш қатар түскен сызықтың тырнақ ізі екені көрініп тұр. Кей жерінің тыртығы жазыла бастапты.
–Неменеге қарайсың сонша?
–Бетіңе не болған?
–Жай... бір жынды клиент...
–Тырнаған ба, немене? Ақша бермеу үшін бе?
Фарух осы кезде ашуға мінді. Қолындағы қасығын есік жаққа лақтырып жіберді.
–Баршы ана жаққа! Есікті сыртынан жауып кет, – деген ызбарлы дауыстан Айнаның тұла-бойы тоңып кеткендей болды.
Одан бері де күндер өтті. Байқайды, бастапқыдай емес, қыз бен жігіттің екеуінің де бір-біріне деген алып-ұшқан сезімі басалқы тартқандай. Тіпті бұрынғыдай бір-бірін көргенде қуанбайтындай, бір-бірінің қасына жақындауға да ынтықпайтындай... Айнаға қасындағы адам өзі танығанынан бөлек адам сияқты көріне беретін болған ба... алғаш танысқан кездері жайдары мінезді сияқты көрініп еді, жоқ, оның қабағы көбіне қатыңқы жүреді. Ал қоқыс жәшігінен бір шетіне қан жұғып, умаждалып жатқан жібек шарфты көргенде бойынан бір діріл жүріп өткендей болды. Әйелдің шарфы қайдан жүр дегенді ойлағанда бір жағы көңілін қызғаныш билегендей.
***
Айнаның бұдан бойын аулақ ұстай бастағанын байқағалы көңілі тыншымайды. Бастапқыда мұның махаббатына ол да құштар көңілмен жауап беретін. Ол да бұны жақсы көретіндей еді. Ашық-жарқын қазақ қызы жанары жарқырап жымиғанда мұның кеудесін бір көңілді күй билейтін. Қыздың мінезі өзбектің құйқылжып төгілген бойы еріксіз үйіріп әкетер көңілді әуеніне ұқсайтын. Жалдайтын пәтер іздеп жатқанын білген бойда өзі тұрып жатқан үйге шақырғанда ішінен бас тартпаса екен, келіссе екен деп тілеп тұрған, қыз келісті. Отыздағы жігіттің болжамы дұрыс екен, Айна шынымен де менің жарым болсын дейтін қыз болып шықты, үйді таза ұстайды, тамақтың да бабын біледі, палауы да өзбегіңнен кем емес. Тек соңғыдағы оқиғадан кейін бұған сенімсіздікпен қарайтындай. Бұдан көңілі суығандай. Жанары да бұрынғыдай жарқырап тұрмай, әлдебір үрей жасырынған ба... Қай жерден сезік тудырды екен? Қай кезде секем алып үлгерді?
Ол оқиғаның болғанына да жарты айдай болып қалған еді.
Күн таңмен бұлттанып, жаңбыр жауып тұрды. Көшеде қолшатырлар пайда болды. Жоқ, бұл күндері оның қияли біреулер сияқты мұңға батып, не езіліп төсектен тұрмай жататын мінезі жоқ. Бұлтты күн оған әлдебір құпиясына ынтықтырып, алда болатын бір қызықтан үміттендірер еді. Бұл күні оның жаны қуанады, жаңбырлы күндер өзіне жағымды болса ашық күндерді сағынудың не керегі бар? Осындай күні көлікпен көшеде жүргенді ұнатады. Әсіресе, күзде тамшы бүркіген терезеден салқын мен жаңбырдан қорғанған жұртты тамашалап келе жатқанның өз рахаты бар. Бұндай күні жерге жиналған қақты да, жаңбырға малшынған адамды да бір реңкте көруге болар еді.
Жұқа күрте киген әйел сөйлемпаз екен, өзінің кеше ауа райы болжамын қарамағанын, пәтеріне қайта кіріп қолшатыр ала шыққанын, жолға шығып бара жатып бірдеңені ұмытып кеткенде қайта кіргенді жаман ырым деп санайтынын ауыз жаппастан айтып жатты.
«Шынымен де жаман ырым болуы мүмкін» деп ойлап отырды жігіт. Осы адамдар алдындағысын қалай болжап біледі екен? Көлігін қала сыртына қарай бұрған кезде музыканы бақыртып қойды. Телефонын шұқылап отырып қай бағытқа кетіп бара жатқанын байқамаған әйел бір кезде басын көтеріп, жігіттің бетіне қарады.
–Сіз қай жаққа жүріп кеттіңіз?
–Алаңдамаңыз, апарамын. Ана жақтағы жолды жөндеп жатыр. Айналып өтеміз. Әйел оның жүзіне таңырқағандай бір қарады да қайтадан телефонына үңілді. Телефоны өте қымбат еді. Жігіт бір сәтте бір қолымен әйелдің желке тұсынан алып, екінші қолымен аузын жаба қойды.
Заты әйел болғанымен қайратты екен, алыса кеткенде бұған әл берер болмады. Арпалысып жатып ызадан әлде қорыққаннан жылағанын көрді. Бұл өзі жылаған адамды жек көреді. Жылайтындарды қорқақ, әлсіз адамдар деп ойлайды. Жылайтын адамдарды одан сайын ұрса, айызы қанғанша сабаса, азаптаса обалы жоқ деп білетіндіктен жалынып, жылаған әйелді аяусыз ұра берді. Мұның бала күнінде қол-аяғы сіресіп, сал болып қалған әкесі дәл осы әйелдей жалынышты жылайтын, сол кезде шешесі оны сабайтын. Оған тамақ берерде «аузыңды аш» деп ақыратын. Әкесі аузын ашқанда шешесі дәмсіз, құрғақ ботқаны үсті-үстіне тыққылап, ғаріп адам оны жұтып үлгермей қақалып жатса да шешесі «же, же» деп қасықты оның өңешіне тыға жаздайтын. Сол кезде әкесі көзінен жасы парлап үнсіз жылайтын. Оның осы ұсқынын көрген сәтте баланың жаны түршігіп әрі жүрегі қатты дүрсілдеп не істерін білмейтін. Сол кезде шешесі жылағаны үшін әкесін мұның көзінше тағы ұрып-соғып, тепкілейтін. Әкесінің жылағанын көрген сайын бұл одан алыстайтын болды, келе-келе жылайтын адамдарды жек көріп кетті. Жылайтын адам көрсе шешесі сияқты сабағысы келіп тұратын болды.
Бұл бар күшін салып әйелді өз шарфымен буындырғанда байғұстың жаны шықпай тыпырлап, қорқырап барып әрең дегенде жан тапсырды. Қолдары құрысып қалғандай болды, әрірек барып лоқсып алды. Жансыз денені жол жиегіне итеріп түсіріп кеткен кезде аласұрған көңілін қайғы басып, әлдебір қасірет сезінгендей ащы өксігі кеудесін кернеп кетті. Әкесі қол-аяғы сал боп қалған жарымжан адам еді, енді мұның өзі де жастайынан жүрегінің күл-паршасы шыққан мүгедек адамға айналды. Бұл қашан болып еді? Шешесі үйге сантехник Толик ағаны әкелген күннен бастап па? Әйелінің қорлығына үнсіз көнген әкесінің үнсіз кемсеңдеп жылайтынын көрген күннен бері ме? Оны өзі де білмейді, әйтеуір іші жаралы екені анық. Тек сыртқа білінбейді. Сыртқа бұл мұңсыз адам болып көрінеді. Көз алдына мұның әкесін де, мұның өзін де бақытсыз қылған шешесінің бейнесі, бұған күйеуге шығып, бұл алыс сапарға кеткенде ақ төсегін арамдаған бұрынғы келіншегінің бейнесі кезек-кезек елестеп, көліктің рулінен айырылып қала жаздады. «Осымен бесінші қолшатыр...» деді ішінен.
***
Таңғы ауа жанға жайлы. Самал соғып, тынысты аша түседі. Тергеуші үйіне кеш қайтып келе жатып та көшеде кездескен қара түсті «мерседестерге» қараумен болды, үйінде тамағын ішіп отырып та ойлана берді. «Қара мерседес, қара мерседес» деп айта бергеннен бе, ол бір ән секілді көрінді. Қара мерседес, жүректі өртемеш... қара мерседес...
Бір тойға барып екі ән салып қырып ақша тауып кететін жас балалар мағынасыз әнді осылай шығара салады екен ғой деп ойлады да, өз ойына жымиып қойды. «Бірақ бұл күлкілі нәрсе емес, тіпті арқа-басыңды түршіктіретін жағдай ғой» дегенді қайта ойлап кетті. Соңғы кездері қала халқының арасында әйелдерді өлтіретін маньяк пайда болыпты деген сөз желдей есіп жүр. Әртүрлі жастағы төрт әйел жоғалды. Полиция кісі қолынан қаза болған әйелдердің бірінің денесін тапқанымен, бұл әйелді танитындар табылмады, әйел басқа жақтан қыдырып келген болып шықты. Екінші әйел жоғалды деген қоңырау түсіп, іле-шала оның да мәйіті табылған кезде бұл әйелді де алдыңғы әйел сияқты буындырып өлтіргені белгілі болды. Сол бойда қаладағы бүкіл таксистерді тіркеуге алып, саусақ ізі де алынды, бірақ, олардың бәрінің таза болып шыққаны полицияны айран-асыр қылды. Қаза болған әйелдердің жоғалған уақыты бір-бірімен сәйкес келетін-келмейтінін анықтау оңай емес еді, бірақ, қызы із-түзсіз жоғалып кеткен әйел оның Астанадан келген бойда такси ұстағанын, сол бойы байланысқа шықпағанын айтты. Астана пойызы Шымкентке таңғы алтыда келеді. Демек, қыз да таңғы алтыда такси ұстаған. Оның вокзалдан ұзап шығып қара «мерседеске» отырып кеткенін көрген таксистер де бар. Шешесі қызым жоғалды деген бойда полиция іске кіріскенімен екі күн нәтижесіз болды, ал үшінші күні қаланың шет жағынан қыздың денесі табылды. Оны екі адамның зорлағаны анықталды, және оны өз сөмкесінің бауымен буындырып өлтірген. Сарыағаштан жоғалып кеткен қыз да қара «мерседеске» мінген... Қара «мерседесті» көргендер бар, бірақ номері ешкімнің есінде жоқ...
***
Бұл жерден аялдама қашық. Қатары созылған жеке үйлердің арасымен біраз жүріп барып оңға бұрылып, тағы біраз жүргенде жалғыз өзі қалқиған аялдама көрінеді. Айна күнде жаяу шығады. Бүгін де жұмысқа жиналып жатқанда Фарухқа көлік келгенін аңғарды.
–Мені аялдамаға дейін ала кетші.
–Өзің бара бермейсің бе? Жарайды, тез бол, асығыспын.
Рульдегі қара көзілдірікті жігіт бас изегендей болды. Оның сақалының қалың екенін көрді. Қара көзілдірік айнадан бұған суық қарайтындай. Әлде бұған солай көріне ме...
Бір көшені айналып, қоқыс контейнерінің тұсынан өтіп бара жатқанда Фарух тоқтап, багажниктің артынан қара қапшықты алып лақтыра салып, орнына келіп отырды. «Бұл не болуы мүмкін?» деп ойлады Айна екі көзін алдынан аудармастан. «Қоқыс емес, қоқысты кеше шығарғанбыз». Қанға боялған шарфты көргелі, Фарухтың есігін жауып алып әлдекіммен құпия сөйлесіп жүргенін байқағалы көңілінде күмән көп.
Алда кездескен аялдамаға жақындағанда «болды, осы жерден түсемін» деді. Фарух «кешке кездескенше» деп оның бетінен өпті де, көлік қасынан зу ете түсті.
Айна көліктің қарасы ұзағанша аялдамада тұрды да бір кезде кері қарай жүгірді. Жүгіріп келеді, жүгіріп келеді. Фарух қоқыс жәшігіне тастап кеткен не нәрсе болуы мүмкін? деген сұрақ миында тұр. Тезірек үлгерсе екен, тезірек, тез, тез. Аяғын асыға басамын деп сүрініп те кете жаздады. Сағат 9-ға таяу мезгіл, қоқыс тиейтін мәшине келіп үлгермесе екен, егер ол келіп қоқысты тиеп кететін болса, ол қара пакетте не барын Айна өмірі білмей кетеді. Ол алқынып, үстіндегі киімі ауырлап, қолтық тұсы терлеп жүгіріп келеді. Көптен жүгірмегесін денесі ауыр тартып қалыпты. Екі көшені қиып өтіп, қоқыс жәшігінің қарасы көрінгенде көңілі жайланайын деді. Айдаладағы қоқыс жәшігінің қасына жеке үйлер жақтан келе жатқан жеңіл көлік аялдап қоқыс салды да әрі асып кетті. Оңаша. Айнаға да керегі сол. Жетіп келгенде әуелі үш үлкен контейнердің қайсысы екенін айыра алмады. Үңіліп көрмекші еді, биіктеу екен, бойы еркін жетер емес. Амал жоқ, аяқ астына тас қойып қарауға тура келді. Бұлардың ішінде қара пакет көп екен. Айна үсті бүлінеді демей алға қарай қаттырақ ұмсынып, қолына іліккен таяқпен бір бұрышта жатқан пакетті іліп алды. Бұл сол! Сол болу керек!
Ішін ашқанда қоңыр сөмкені көрді. Неге екенін, түйсігі алдамағанын сезді. Фарух лақтырып кеткен қара пакет осы екеніне еш күмәні болмады.
***
Сөмке әдемі екен, бір жанында әдемі жылтыр темір әшекейі бар, былғарысы жасанды болса да сапалы, еш жерінде сызаты жоқ. Айна сөмкенің ішін ақтара бастады. Ерін бояйтын помада, тарақ, үлкен қара әмиян жатты. Қара әмиянның ішінде дисконттық карталардан бөлек жеке куәлік болды. Жасы 50-дегі әйел екен. Айнаның көптен бері көңіліне ауырлық беріп жүрген күмәні сейіліп сала берді. Он сегіз-жиырмадағы қыз болса бірсәрі, елудегі әйелден қызғанғаны шынымен ақымақтық болар еді. Фарухтың шешесіндей адам ғой.
«Сонда бұл кімнің сөмкесі болды? Фарух оны неге қоқысқа салады? Өзінен сұраса ше?» Жоқ, олай етуге болмайды, - деді ішкі түйсігі. Бәрібір жарытымды жауап бермесі анық, әрі соңғы кездері мінезі өзгеріп кеткенін байқап жүр. Бірдеңе сұрайын десе тоң-торыс, ол бұны бұрынғыдай жақсы көрмейтіндей, екеуі сөйлесіп те жарытпайды. Айна қоңыр сөмкені не істерін білмей тұрды да, қоқысқа лақтырып жіберді. Ал құжатты қалтасына салды. Не үшін олай еткенін ойланып жатпады.
Ол Фарухты ұнатқан көңіліне бірдеңе болғанын ұқты. Оны бұрынғыдай жақсы көре алмайтынын да, оның кейбір мінезінің оғаш көрініп, кей қылығын түсіне алмағанын ойлады. Өткен жолы бұған сақина тақты, онысы бір өлшемге үлкен болып шыққанда «ұнамаса, ломбардқа барып өткізіп жібер» деп күңк етті. Ол өзі ұрлық нәрсе емес пе екен, қағазы да жоқ, ұсталған дүние секілді ме... Анау қасындағы сақалы қауғадайы кім? Ол неге бұған суық қарайды?
Тезірек бұл үйден кету керек деді ішінен. Бүгін. Жоқ, бүгін кете алмайды, заттары да жиналған жоқ, пәтер табу да бір жұмыс. Оның үстіне Фарухқа ешқандай сезік тудырмауы тиіс. Кім біледі... Ертең міндетті түрде кетеді бұл үйден. Айна өзінің жүк сөмкесіне заттарын жинақтап сала бастады.
***
Ұйықтап жатқанда өзінен-өзі оянып кетті де, өзіне бет-аузын қалың сақал басқан біреудің тесіле қарап отырғанын көріп бақырып жіберді. Бұл өткен жолы көлігімен аялдамаға жеткізіп салған жігіт болатын.
–Кім... неғып отырсың?
Жігіт миығынан күлді
–Сенің ұйқыңды күзетіп отырмын, ханшайым!
–Сен қалай кірдің? Фарух қайда? Фарууух!!.
Даусы шығып кетті
–Неге шошыдың? Байқауымша, сен батыр қыз сияқтысың? Мынау не?
Ол алақандай бірдеңені мұның көзіне тақап ұстағаны сонша, қыздың көзі қылиланып кете жаздады. Бұл мұның сөмкесінде жатқан бейтаныс әйелдің куәлігі еді.
–Қайдан алдың деймін? Айт!
–Т...тттауып алдым. Қыз тұтығып қалды.
–Өтірік! Сөмке қайда?
–Қайдағы сөмке?
–Қыз орнынан тұрмақшы еді, жігіт оның екі иығынан басып тұрғызбай жауаптай берді.
–Сен біздің артымыздан аңдып жүрдің бе?
–Жжжоқ!
–Аңдығансың. Біз бұны қоқысқа лақтырғанбыз. Неге аңдып жүрсің, айт!
Қыз қорыққаннан әрі әлдебір қауіпті сезіп дірілдеп кетті.
–Жібер, тұрамын. Иығымнан баспашы.
Ол шыңғырып жатты. Оны еститін ешкім жоқ еді. Бұл үйден шыққан дыбыс сыртқа естілмейтін...
***
Тергеуші тырнақ іліктірер ештеңе таппай, толып жатқан болжамдарынан да тиянақ таппай жүргенде арада тағы екі-үш апта өтті. Бұл жолы елу жасар шамасындағы әйел вокзалдан түскен бойда жоғалып кеткені хабарланды. Көрдім, білдім деген бір адам жоқ. Көп ұзамай марқұмның денесі табылды. Оны да өзінің жібек шарфымен буындырыпты. Көргендердің айтуынша ол да вокзалдан қара «мерседеске» отырған.
Тергеуші Сағатов әріптесімен сөйлесіп отырды. Өз болжамдарынан ауыр тартып отырды ма, көңіл-күйі онша емес еді. Оның әріптесі капитан Қуаныш есімді жігіттің тәжірибесі молдау. Ол әріптесін мұқият тыңдап алды да, маңдайын қасыды.
–Бүкіл таксистті есепке алдық дедің бе?
–Ия, бәрін тексердік.
–Қала бойынша қара «мерседес» нешеу екен?
Сағатов таңданған кейіппен қарап қалды. Ол қалада қанша мерс бар екенін шынымен де білмейтін.
–Жә, ойнап айтым. Сен неге оны осы жақтың таксистерінің арасынан іздей бересің?
– Енді...
Мүмкін, ол басқа жақтан келген шығар. Мүмкін, мына жақтан әлде ана жақтан...
Сағатов Өзбекстандағы қызметтес жігіттерге хабарласты. Өздерінде болып жатқан жағдайды айтып бастап еді, ана жақтағы әріптесі өздерінің елінде жеті бірдей әйелді өлтірген адамды іздестіріп жатқанын айтты. Осы кезде көптен бері бұлардың мазасын май ішкендей қылып жүрген сұрақтың түйіні шешілгендей болды. Шымкенттік полиция өзбекстандық әріптестерінің берген анықтамасына сай әрекетке кірісті. Көп ұзамай отыз жасар жігіт қолға түсті. Оның үйін тінткен кезде қайтыс болған әйелдің қымбат әшекейі оның қалыңдығында болып шықты. Ал, орамалды шешесіне сыйлапты. Және гараждан бірнеше қолшатыр шықты. Бірінен-бірі өткен әдемі қолшатырлар...