ЖӘУДІР НАРТАЙ. АҚЫН БОЛҒАН ЖАЗУШЫ

Қас қарайып, ел орнына отырған мезетті біздің ауылдың адамдары апақ-сапақ уақыт деп атайтын. Сондай апақ-сапақ уақыттың бірінде тракторшы Елтайдың әйелі Тұмаркүл кіреберіс бөлмеде жез құмғанмен Елтайдың басына жылымшылап су құйып тұрып, әйелге тән нәзік қылықпен күйеуіне еркелеп, Елтайдың жалаңаш бүйірінен  түрткілеп назданып тұрған. Елтай да басын көпірте жуып жатып, самбыр-самбыр етіп сөйлеп, арасында қарқылдай күліп әлденені сөз етіп, құмғаннан аққан жылымшы суды жағалай шашып жуынып жатты.

-Асссала-а-а-а-у-мәлейкө-ө-ө-ө-м!- деп есіктен еңгезердей  бір кісі кіріп келді осы кезде. Тұмаркүл сасқанынан "Ойбай , көтек!"- деп қолындағы жез құмғанды тастай салды.

- Ассала-а-а-а-у-мәлейкө-ө-ө-м,- деді ана кісі қайталап.

Қараң-құраңда есіктен төбедей боп кіріп келген кісіге шлапшыннан басын көтеріп қараған Елтай зәуде өзіне таныс адамның  келбетін шырамытқандай бажайлай қарап тұрып қалды. Қолтығына кітап қыстырған  адам бұған қарап ақсия күліп тұр екен.

 - Әлікі-і-і-сәлә-ә-м! -деп дағдарып қалған Елтай су сабыннан ашыған көзін уақалап жіберіп, әлгі кісіге қайта бажырайып қарады да:

 - Кәк, Кәкее, Кәке-е-е-е-ен!  Оооо, әкең! Әй, мынау өзіміздің Кәкен ғой, ей!-деп жас баладай жүгірген Елтай су-сілемік қалпы әлгі кісіні құшақтай алып, сілкілеп арқасынан қағып амандасып жатты.

 - Дәп соның өзі сенің Кәкенің - деп кеңк-кеңк күлген  еңгезердей кісі салалы саусақтарымен Елтайдың  қолын қыса тартып, ол да арқасынан қағып көрісіп  жатты.

 - Сенің Кәкенің бүгінде жай ғана Кәкен емес, Кәкімжан Оспанов деген даңғайыр жазушы, міне, сенбесең кітәбімді оқы, мә-ә-ә! - деп әлгінде қолтығына қыса келген екі кітапты Елтайға ұстата салды. Біреуінде Жұматай Жақыпбаев “Ләйла” жыр жинағы болса, екінші кітап шынымен де Кәкімжан Оспанов “Ақынның әңгімелері” деп жазулы тұр.

-Оппоной, ай, ақыным,  сенің түбі атақты ақын болатыныңды біліп ем, Тұмаркүл көрдің бе,  міне, менің ақын кластасым бар деуші едім ғой, қане,  қазан көтер, мұндай ақын күнде келе бермейді үйге, ойпыр -ой, сен мұның өлеңдерін оқыған жоқсың ғой... қандай еді әлгі...

Жан сәулем-ау, жан сауғам,

Арыз айтсам айға сан,

Жұлдыздарын аспанның,

Жинап алам мен қашан.

Сен үшін...

Сен үшін ғой...

Сен үшін мына жарық ғаламның мұңымен де шері үшін…

 Елтай досының сонау жастық жылдарында жазған өлең шумақтарын асқан ықыласпен дауыстап оқи берді.

-Ееее, Елтай, мен бұрын ақын едім ғой, қазір жазушымын. Прозайк - деген халықты естуің бар ма еді, а-а-а-а? - деді Кәкен Елтайға танауын көтеріп қоқырая қарап.

-Ай, тәп-тәуір ақын едің ғой... а-а-а-а, жан сауғам-ау, жан саудам...

-Ақындық маған қол емес екен, әәә... тастадым әкең-ң-ң… Оралхан сияқты жазушы болам деп шештім. Оның үстіне 20 жасыңда өлең жазып, 40 жасыңда проза жаза бастасаң сөзсіз - классик боласың деген тәмсіл бар әдебиетте…

-А-а-а-а, солай ма еді, ал 50 жасыңда өлең жаза бастасаң ше? - деді Елтай да сүлгімен басын сүртініп жатып қағытып:

- Жүре-е-е-еп,  жүре-е-еп  кеп, түк бітірмей, 50 жасыңда бірдеңе шимайлай бастасаң сөзссіз - халтүршік боласың да соны да білмейсің ба?- деген Кәкен Елтайды иығымен қағып қалып, қос иығы селкілдей  күле түсті.

-Өткенде түнделетіп Ақселеу Сейдімбектің үйіне барып, арнайы сәлем беріп шықтым, Ақселеуді білесің ғой…дария ғой, шіркін, ағе-е-е-п тұрған. Өз кітәбімді сыйлап, Ақселеудің кітәбіна автогроф жаздырып алдым. «Ә, бала, түнделетіп қайдан жүрсің?»- деді Ақселеу, сізге түнде келмесем, түн түн бола ма дедім, хаһ, ха -ха... -деп қарқылдай  тағы күлді Кәкімжан.

-Ой, қыртым- о-о-о-йй, сойған екенсің да сендағы ,-деп Елтай да қосыла күліп, Кәкеннің арқасынан қақты.

Тұмаркүл аң-таң, көзі жыпылық -жыпылық етіп күйеуіне бір, апақ-сапақта  келе қалған қонаққа бір қарап жүріп дастарқан жайды.

-Тұмаркүл, ештеңеге әуре болма, мен қазір кетемін, жолай кластасыма сәлем бере кетейін деп келдім, - деді Кәкен наннан ауыз тиіп жатып сыпайылап.

-Ееее, қайда асығасың, ақыры келген екенсің қонып кет, - деді Елтай қылқи мойын шөлмекті тарс еткізіп дастарқан үстіне қойып. Осы кезде Тұмаркүлдің көзі бағжаң етіп күйеуіне жалт қарады. Елтай әйеліне “бәрі жақсы” дегендей бір көзін қысып ишара білдірген болды.

-Әәәә, солай ма?- деді Кәкімжан мөлдіреген шөлмекті көріп, көзі жайнап, көңілденгендей танауы делбең етті.

-Сендей даңғайыр жазушы күнде келіп жатқан жоқ қой, қонағым бол, мына төрімде жазушы Кәкімжан Оспанов деген қырт жатқан деп айтып жүрейін,- деді Елтай да қалжыңдаған боп.

-Ә-ә-ә-ә, мейлі  ендеше, ышыныменде и-и-и... үйіңе күнде келіп жатқан жоқпын ғой, ый, -деп қопаңдап қалған Кәкен бұл жолы Тұмаркүлге бұрылып:

 -Әкелетіңді әкеле бер, Тұмаржан,- деп өзі бұйрық беріп, еркінсіп құс жасттықты бауырлай, екі аяғы серейіп, төргі көрпешеге жантая түсті.

Дастарқанға буы бұрқырап семіз серкенің қуырдағы келгенде, қылқи мойын шөлмек те орталанып қалған еді. Бағанағыдай емес, арқа басы кеңи түскен Кәкен қызара бөртіп,  шешіліп емін-жарқын жайланып сөйлей бастады.

- Ауылға кеше келгем деп бастады әңгімесін. Ерігіп жүрген ешкім жоқ әңгіменің ұзын ырғасы сол қатын іздеп келгем ,-деді.

-Ееее, Сәулең бар еді ғой, тыныштық па? -деді Елтай Кәкеннің аузына қарап аңырайып.

-Сәуле ма-а-а-а... -деді Кәкімжан ұзақ ойланып барып, Сәуле кетті,- деді сосын жұлып алғандай. Кетті! Ақтөбесіне... Баламды да ала кетті, әке-е-ең. Жұрт болмадық, қысқасы. Менде қайбір жетіскен мінез бар дейсің үйлеспедік, ақыры ажырасып тындық! "Сен ақын да емес, жазушы да емес, алқашсың сені жазушылар одағы қайтсін, жолы болмаған бишара хәлтуршик, түк әптаритетің жоқ" деп бажылдай бергенде жағынан бір рет шапалақпен салып қалдым. Рас! Мойындаймын. Бір-ақ рет! Бар жазығым сол. Шыдамадым. Жыл сайын одаққа өте алмай жүргенімді, қызметте жолым болмай жүргенін бетіме салық қып баса берсе, қай еркек шыдайды, өзің айтшы, а-а-а-а, құрдас?!

-Құйшы,- деді рөмкені  төңкерген Кәкен күжірейген қалпы тіске басарды асығыс асап жатып.

- Бір жылдан соң Сәуле қайтып келді. Бір жыл бойы жоғалған қатынға қалай ішің жылиды? Өзі нетіп, сыланып, шашын бұйралап реңделіп, сойған түлкідей ыржиып қапты, бәтшағар. Ішім біртүрлі мұздап қалды. "Бай керек болса бір жыл бойы қайда жоғалдың?"- деп дүрсе қоя бердім. Бұл жолы мені азғырып, Ақтөбеге жүре қал дейді. Әкесі театрға жұмысқа тұрғызыпты-мыш, үй әперіпті-мыш, күйеубала келсе қызмет те тауып берем, ана баланы тірі жетім қылмасын деп қайынжұртым дұғай сәлем жолдапты. Бармадым, шшсс, Ақтөбесіне.  Теріскейдің баласы Ақтөбе асып кетіпті дегенді естіп пе едің, мен лишно естігем ж-о-о-қ, арысы Қаратау мен Алатаудың ортасында басымыз кең дүниенің ноқтасына сыймай аласұрып жүргенде, қияндағы Ақтөбеге барып, құса боп өлсін дейді  ма мені? Мұрнын тесіп жетектейтін адамды тапқан екенсің, Ақтөбеңе кетсең өзің кет дедім. Басымды кесіп алсаң да  күшік күйеу болар жайым жоқ деп бірақ кестім.  Қаным қайнап кетті әкең… Кетті...сосын қайқайып, соңдарынан мен де іздеп  бармадым. Обалына не керек, бір- екі рет жылап ызбанд-а-д-ы-ы, соңғы ызбандағанында "күйеуге тиемін" деді. - Жалғыздығың ұзаққа созалмаған екен, сорлы қатын, бағың ашылсын - деп телефонды үзе салдым. Көп ұзамай Сәуленің ақтөбелік бір театр режиссеріне күйеуге тигенін естідім. Содан мен күйіктен ішіп кеттім, не керек екі -үш жылдай боп қалды салт басты, сабау қамшымын. Әйдә, еркіндік! Содан еркек емеспін бе, әр қатынға бір сүйкеніп жүріп берекем қашты, әкессс, қашанғы бүйтіп  жүре  берем, жүнжіп кеттім. Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды екен, бас құрайын деп шештім. Кететін қатын кетті, әке керек болса, есейген соң ұлым өзі тауып алар, еркек емес пе, аааа?-деп гүр етті Кәкен, стакан соғыстырып жатып.

Соңғы жылдары әкей түсіме жиі кіре берді, соңғы көргенімде жападан жалғыз ескі жұртта теріс қарап отыр екен деймін, отырған жері баяғы Қоңыратарықтың шаңы шұбатылған құм төбесі екен деймін, у-у-у у-у-у деп батыстан шығысқа қарай Бетбақтың бораны ұлып, жер дүние көз аштырмайтын әлем тапырақ, әкей бері қарамайды, жарықтық, маған өкпелі сияқты сырт берген қалпы міз бақпай, тоң-торыс болып қозғалмай отыр. "Көке-ау!" деп арсалаңдай басып құшақтайын десем, қолымен қағып жіберді. "Қаңғып қайда жүрсің, иттің ғана баласы, қыз- қырқын жағалап, шала кәйіп боп өлең оқып жүрсің ба, елге қайт есің барында"-  деп дүрсе қоя берді, ұйқымнан  су тер боп шошып ояндым. Содан ауыл жаққа аңсар ауды емес пе, пүсе таки кіндік қаным тамған жер ғой, е-е-й, әсіресе баяғы анау Қоңыратарық еске түсті. Бала кезде Қоңыратарықтың шаңы шұбатылған қоңыр төбесінде  мал бағушы едік қой есіңде ме, Елтай? Менің әкем де жаз - жайлау, қыс - қыстау сол  төбеде отыратын, е-е-е-е жарықтық. Есімде, танауымның түбіне мұрт тебіндеп қалған бала жігітпін сонда, бірде әкем бишара -"Әй, жүгермек, кітапқа шұқшиып отырғаныңда он сегізге келгеніңді білесің ба?-деді. Ие, білмегенде ше,- демеймін ба мен қасқа. -Ие, Білсең сол, мен сені мына көрші  Мырзаның екінші қызы Бәтимашқа атастырып қойдым, ары кетсе сенен үш-төрт жастай кіші, Үш -төрт жылдан кейін үйленесіңдер демей ме?  Төбемнен жай түскендей болды. Қайсы, анау Мырзаның тәмпіш танау, мұрынбоқ қара қызын айтасың ба, ойбай -ау, оны қайдан таптың көке-ау, әрі-беріден соң үйленгені нес, мен әскерге бармаймын ба, Казгуградқа оқуға түсіп, ақын болмаймын ба, кәнсе де кәнсоп, өмір көрмейін ба?-деп ем, әкем құлақ шекеден бір қойды. -Ақынмын дейді ғой, жарымес, немене танауыңнан маржан төгіліп жатыр ма еді, ел кезіп, өлең оқып, қыз- қырқын жағалап шала кәйіп боп жүрмексің ғой, иттің ғана баласы.  Мә, саған ақын боласың, жоныңнан таспа тілермін, сүмелек! Мә,  саған Казгуграб- деп қамшының астына алып, үй айналдыра  сабады- ай кеп, у-у-у-у-у. Сол кезде ақын емес, жазушы боламын деп айта салшам нем кетеді, ей, ай, сорлы басым- ай, өзіме де обал жоқ, әкем бишара ақындардан гөрі жазушыларды жақсы көруші еді ғой, жазушының барлығын Мұхтар Әуезовтей жайсаң  көруші еді ғой жарықтық, хаһ, һа-һа...- деп Кәкен сөз арасында көзі жасаурап, басын шайқай күліп алды.

Қойшы, содан не керек, көрші Мырзаның қызы Бәтимашқа жігіт көзбен қарайын десем, о байғұстың ойында дым жоқ, етегі далбаңдап, "ағалап" соңыңда мал қайырып жүреді, біресе түбі тесік қаңылтыр шелегін даңырлатып, тірсегі тірсегіне соғылып,  су тасып жүреді. Мұрнын қорс-қорс тартып, шекесіне жабысқан бес тал  шашын біресе өріп, біресе босатып, қолы босай қалса тоқал ешкі құсап күллі бала-шағамен секектеп, "соқыр теке" ойнап, зыр жүгіреді. Түріне қарасам көңілімнің хошы келмейді. Үйіндегілер "болашақ байың" деп айтып қойған ба, бетіме қарап ыржиып күле беретінді шығарды. Бірде көгенде қозы жайып жүріп: "Осы сен Оралхан Бөкейді танисың ба?"- дедім.

-О, гім,- дегендей бетіме бедірейе қарап,  тілін таңдайына тақ еткізіп, басын шайқады...

-Ал Жұматайды ше, танисың ба?- десем,   - Қайсы, анау көк жигулиі бар селсәбет Жұматай ма? - деп мұрнын қорс еткізіп бір тартты.

- Әй, есуас!- дедім. Жұматай Жақыпбаев деген ақын бар Алматыда. Ай десе аузы, күн десе көзі бар Ләйлә деген сұлу қызға ғашық болған. Барлық өлеңдерін бір Ләйлаға  арнаған. 

Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,

Мойныңа жұқа ал қызыл шарф байлап ап,

Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрыңмен... тфу! Ай, бірақ сен не түсінуші едің, саған өлең оқып тұрған мына мен де ақымақ,- деп астымдағы көк дөненге қамшыны бастым да, бетім ауған жаққа қарай тартып отырдым. Бетбақтың жал-жал құмды төбелерін артқа тастап, иен далада қорлана жылап келем. Ішімнен әкейге ызалымын, әкем де қызық адам осы Мырзаштың жаман қызын маған тең көріп, атастырғаны несі, қазіргі заманда жастар өз теңдерін өздері таппай ма? Қалыңдығың Бәтимаш дейді бұ байғұстың көзін ашып көргені мал бір кітаптың бетін ашып оқымаған. Бұнымен қосылып малдың соңында бір жола мал боп кетсін дей ма екен мені, селсебет Жұматай дейді ғой күйік, Құдай менің маңдайыма бір Ләйланы жазбаса, мына дүниеде ақын болып не керек деп бір түнде жиналып, Тұмаштың баласына ілесіп, Алматыға қарай тартып отырдым. Содан Сәуле кезікті емес пе өмірімде. Жатақханада таныстық, құдая тоба, бетіндегі меңін көргенімде құлап қала жаздадым, құдды Ләйла дерсің, менен бір курс жоғары оқиды екен. Дәл мен армандаған ару, ай десе аузы, күн десе көзі бар. Онымен қоймай филологияда оқиды. Оқымаған кітәбі жоқ. Ақын- жазушылардың бәрін таниды. Ал олар Сәулені таниды. Өзі сұлу, алғыр. Бір бойында асаулығы да, ерке қылығы да жетіп жатыр, несін айтасың, Сәуле мені баурап алды. Тіл -ауыздан айрылып, басым айналды да қалды, әкең…

Алғаш рет 8 мартта мойнына ал қызыл шарып салып, алдында көсіліп өлең оқыдым. Жан сәулем-ау,  жан сауғам, арыз айтсам айға сан деп ақтарылдым, пхх… Оның алма өңі алаулап, танадай көзі жасаурап, мені тас қып құшақтай алғаны сонда… эх, жер бетінде менен бақытты адам болсайшы деп ойладым сонда.

  Қысқасы не керек, әптігіміз басылмай жатып, екінші курстың соңында-ақ үйленіп тындық. Оқуды аяқтаған соң Алматыда қаламыз деп шештік. Анығы Сәуле солай шешті. Әкей жарықтық кейіді, білем, бір жыл бойы сөйлеспей қиын қылды. Елге барайын десем, Сәуле де аттап баспайды.  Екі оттың ортасында қалдым. Сөйтіп жүріп Алматыда бір жола қалып қойдым. Сәуле мектепке мұғалім болып жұмысқа тұрды. Мен радио, газет жағалап біраз жүріп қалдым. Дүниеге ұлымыз Жұматай келді. Сол екі ортада әкей дүние салды. Еее, қайран әкем. Бұрынан бауырдан кеселі бар екен, оны қайдан білейік, айтпай жүріпті. Әкейдің қырқына келгенімде шешем  әкемнің ежелгі досы Мырзаштың да қылтамақтан қайтқанын естіртті, сөз арасында шешей баяғы Мырзаштың қызы Бәтимаш кітапханашының оқуын бітіріп келгенін айтты. Қара торы демесең келісті қыз боп бой жетті, ееее, әкең бишара... деп шай үстінде көңілі босап, қабаржып қалды.

-Болды, шеше! Маңдайға жазылғаны, Сәулешпен ортада бала тұрғанда қайт дейсің маған, доғар!- деп тыйып тастадым. Десе де баяғы тәмпіш танау қара қыз Бәтимаштың қалай сұлу қыз болғанын көзіме елестеде алсам-шы. Саған өтірік, маған шын мен  кейде  Қоңыратарықтың қоңыр төбесінде мал қайырып жүрген, өлеңге ғашық бала жігітті, оның жанынан бір елі қалмайтұғын тәмпіш танау қара қыз Бәтимашты ойлайтынмын. Ол да бір бақытты жылдарым екен-ау, әәәә… Әкем бишараның тілегі еді, бәлкім арманы ма еді. Мырзаш үйінің бір қызына ақ жаулық салып келін ету, Мырзашпен төс қағыстырып,  құйрық-бауыр асату арманы еді. Енді бүгінде Мырзаш та, әкей де жоқ өмірде... екеуі де қоңыртөбел тіршілігін доғарып, қоңыр төбеде қарайып қос төмпешік боп қатар жатыр... қайран әкелердің зираттарын көрген сайын жер болып қайтам. Кейде армандар орындалмаса, оның барар жері қу төбелер мен қарайған молалар ма деймін... екеуінің бейітін көрген сайын бір түрлі күнәлі күй кешетін едім.

Осы келгенімде шешем бишара:

 - Жазған балам-ай, сен де бір білмейтін елдің қызына ұрынып, шала тағдыр болып қалдың-ау, әкең байғұс Мырзаштың қызын келін қылмадым деп арманда кетіп еді, маңдайыңа рас жазылған сол шығар, Бәтимаш әлі күйеуге шыққан жоқ,  байғұс қыздың бағы байланып, оң босағада отырып қалғанына да біраз жыл болды, іштей сені күтіп жүр ме, кім білсін, мүмкін тамырын басып көрерсің – деді.

 -Еее, мейлі,- дедім. Қызды бірінші айттыруым емес ғой, оның үстіне Бәтима менің болмай қалған жарым емес пе, менің Сәулемен дәм -тұзымның жараспауында Бәтимаштың обалы жатқан болса, оның заһар-зәрін аз тартпаған шығармын, кім білсін деп ойлайтынмын. Ал кей күндері ж-о-о- жоқ –ау, менің Бәтимашқа қай қиянатым тиіп еді, мен Бәтимаштың бала жүрегінде қозы-лақ бағысқан ағасы, ары кетсе жанашыр ауылдасы ғана емеспін ба, одан беріде Бәтимаш жүрегін жаулаған, бәлкім жаралаған бір адам болған шығар, кім білсін, оның жалғыздығына менің қандай қатысым бар... жалғыз дейді...

Баяғы Бәтимаш аудандық кітапханада жұмыс істейді деген соң, бар жақсымды үстіме ілдім де, шашты артқа қайырып жіберіп, дәл үштің кезінде кітапханаға кіріп бардым.

 -Иииие, содан көрдің ба? - деді Елтай Кәкеннің аузына қарап ентелей түсіп,

 -Құйшы!- деді Кәкен рөмкесін Елтайға қарай ысырып. Шімірікпей аузына ақтан лақ еткізген Кәкен бір жапырақ нанды үзіп алып, ұзақ искеп қаужай салды да, жеңінін мұрнына апарып тұрып:

 -Үх... көрдім...-деді танауы делбең етіп.

 -Ииие, содан... қандай болып кеткен екен?- деді Елтай да сығырая күліп. Басын ұзақ шайқаған Кәкен:

 -Әй, өзі де қаншырдай қатып қалған екен... танымай қала жаздадым.  Көзілдірігі мұрнының ұшына түсіп, тарамыс тартқан ұзын арық саусақтарын иегіне тіреп қойып, өлі тыныштықта ойға батып, кітап оқып отыр екен.  Бәтимаш деп едім, жалт қарады. Жанарын- ай, анау жанарын-ай! Суық ақылмен қабаттасқан мұңдылау жүдеу көзқарас жалт қарағанда жүрегім кенеттен дір ете түсті. 

 - Мен ғой ағаң, Кәкімжанмын таныдың ба?- деп едім, бетіме тесіліп ұзақ қарап тұрып:

 - Ә-ә-ә-ә, сәлеметсіз бе, аға, әрине таныдым, келіңіз - деп бәйек болып қалды. Менің бойымды өзім де жөндеп ұқпайтын бір беймағұлым сезім билеп:

 - Айналайын-ай, келші бері құшақтайын!- деп Бәтимашты бас салып қапсыра құштым- ай кеп. Қапелінде не дерін білмей, менің алып құшағымда еліктің баласындай бүріскен бір уыс Бәтимаштың иығынан түскен шашынан иіскеп құштым-ай кеп, оның да  самайына ақ араласыпты. Өмір-ай, кешегі кішкентай ғана Бәтимаштың шашына да өмір өзінің ақ бояуын жағып үлгеріпті.

 - Кәкен аға, мұныңыз не, жіберіңіз!- деп құшағымда бұлқынғанда барып, селк етіп есімді жидым. Екеуміз үнсіз ұзақ тұрдық, ол маған аз уақытқа өкпелегендей көрінді.

- Мен ақын емес, жазушы болдым ғой, Бәтимаш, әзірге бірақ жазушыдар одағына өткем жоқ, ол үшін үш кітабің баспадан шығу керек екен- дедім. Бәтимаш жауап қатпай, теріс айналды.

 - Кешір, айналайын, Бәтимаш… ағаң ақымақ, ағаң кеще, қалай сөксең де жарасады.  Ай бірақ кеще де болса сол ағаң саған құр қол келмеді, саған кітабімды әкелдім, Бәтимаш, әзірге бір-ақ кітабым жарық көрді, екі кітап деген сөз ба екен, азаматпын ғой, жазған-сызғаным екі баспа табақ болып қалды бұйырса ол да шығып қалар, әзірге бар байлығым осы,- деп қойныма жасырған пышақтың қырындай кітабымды шығарып, Бәтимаштың қолына ұстаттым.

 - Білем, аға, құтты болсын, публицистикалық мақалаларыңызды  газеттерден үзбей оқып тұрамын, жақсы жазасыз,- деді Бәтимаш кенет кітапқа қарап түсі жылып. Қуанып қалдым. Мені оқып тұрады екен.

 - Анау әлгі Әмірханды оқыдың ба? – деппін қуанғаннан не айтарымды білмей қалбалақтап.

 - Қасқыр құдай болған кезін оқыдым,

 - Оййй, мықты жазады ол сойқан.

 - Ақселеу ағаңды да оқыған шығарсың…

 - Аға, мен кітапханашы емеспін ба? - деді Батимаш кенет жымиғандай болды. Жымиғанда бір түрлі алабөтен есейіп, мұңданып кетеді екен.

Сопайып қашанғы тұра берейін, қазақ әдебиетінің соңғы нөмерілерін сұратып ем, Батимаш:

 - Қазір, аға, күте тұрыңыз -деп аяғын жылдам басып, оқу залына кетті. Осы кезде жан дүниемде қуаныш араласқан бір тыныштық орнағандай болды, ол тыныштық адам аяғы сиреген кітапхана ішінің мүлгіген өлі тыныштығы секілді көрінгенімен,  бір сәтке орнаған жанымның тыныштығы еді. Кенет әлгінде Бәтимаш бас алмай оқып отырған үстел үстіндегі кітапқа көзім түсті, қолыма алып қарап ем, ооо, тоба-ай, мына өмірдің келемежін көрмейсің бе, Елтай… Бәтимаш бар ғой, Бәтимашты айтам, Жұматайдың  "Ләйләсін" оқып отыр екен. Сенесің бе, Елтай, Батимаш баяғы Ләйләні оқып отыр екен. Мен сүйген Ләйләні, мен табынған Ләйләні, мен жерінген Ләйләні, мені ақын еткен Ләйләні маған да, саған да, күллі қазақтың баласының қиялына айналған Жұматайдың Ләйләсін оқып отыр ол. Құдай-ау,  тұтас дүние төңкеріліп, бір Бәтимаштың басына ақ жаулық салмай безеріп отырса, ол ақ сәулелі үмітін үкілеп, баяғы Ләйләні оқып отыр. Ол неге  Ләйләні оқып отыр, бұл неге Ләйлаға табынып отыр деп өз-өзімді ұстай алмай, көзімнен пырт-пырт жасым домалап, кітапты кеудеме басып, еңкілдеп кеп жылайын. Неге жылайтынымды өзім де жөндеп ұқпаймын. Жұматайдың кітабын қойныма жасырған қалпы кітапханадан атып шығып, басым ауған жаққа қарай кете бердім...

Қасы да керік, қара алмас көзді, ай қабақ,

Мойныңа жұқа ал қызыл шарф байлап ап,

Алаулап жүзің аса бір асқақ нұрменен,

Алыстан тұрдың көз қарасыңмен аймалап- деп Жұматайдың ғашықтық ғазалын Шу өзені бойында балықшыларға бар даусыммен айқайлап оқып тұрғаным есімде, бір оянсам әкейдің бейітінің басында жатыр екем, онда қалай барғаным есімде жоқ. Шешем мына түрімді көрсе қамығып жылап қалады, білем, содан міне жел айдаған қаңбақтай қалбалақтап алдыңа келіп қалдым. Сөкпе, ертең аудан орталығына жүрмекшімін аудандық газеттің редакция алқасы жұмысқа шақырып жатыр, "сенен тәуір жазушы жоқ, өскен өлкеңнің әдебиетін түлет, жорналист бол, өсесің, өнесің"- деп жатыр. Бірақ қалтамда соқыр тиын қалмапты әкең…. Редакцияға қай бетіммен барамын? Елтайжан, ер жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді, өмірден көресіні аз көрмедім өзім де, түзелем деп еліме келдім, маған бір үш-төрт мың  теңге қараса тұр, азаматпын ғой, ей, ертең-ақ алғашқы зарплатамнан салып жіберем, ішпеймін, ант су ішейін! Осы бәлені аузыма алсам арам қатайын әкеңңң, бүгін соңғы ішкенім болсын,- деді Кәкімжан рөмкесін қос қолдап көлегейлеген қалпы Елтайға сұраулы кескінмен қарап.

Сол күні  орталық базар маңында мастығы тарқамаған Кәкімжан қатқан қара қайыстай сатушы келіншекке қарап:

- Бес жүз теңгені қарыз деп жаза тұршы енді, айналайын, қайтарамын деймін, Құдай ақы, әкеп берем, мен деген танымал жазушы Кәкімжан Оспанов емеспін бе, разве менің алдауым мүмкін бе, а-а-а-а? Ә, жоқ, мүмкін емес,- дегені сол еді, қайыстай қара келішек те бетінен түгі шыға долданып:

 - Қойшы, айналайын, ақын болсаң қайтейін, қарызыңды өлең оқып қайтарасың ба сосын? Алсаң ал, алмасаң әйдә жоғал - деп кеудесінен итерді.

- Әй, мен деген ақын емес, жазушымын деп тұрмын ғой саған, не деген әдебиеттен жұрдай адамсыңдар, ей!- деп, қойны- қонышын  қарманып, әбден тозып умаждалған бес жүз теңгені сатушының алақанына салып жатып:

- Мм-ә, ал! Қызыл емес, ағынан бер, қызылының шсс, ағын бер деймін саған, қызыл түсін обще көзіме көрсетпеңдерші, ей,-деп сатушының қолындағы ақ түсті жібек орамалға жармасып жатқан Кәкімжанды ауылдастары сыртынан көріпті дейді. Ол енді Жұматай ақынның өлеңдерін оқымайтын болыпты.