Есiкпе-есiк көршi отырған Азаматтың әйелi жайраңдап келiп кетсе-ақ, үй iшiнiң шырқы бұзылатынына Жарасбектiң көзi жеткелi қашан. Әшейiнде үйге бас сұқпайтын ол – күйеуi оралса бiттi, Жадыраға жетiп келедi. Әр жол сапардан қоржыны тоқ қайта ма, Азамат дейтiнiң әйелi мен бала-шағасына базарлықты үйiп-төгiп тастайды. Бүгiн үйiне немере iнiсi Iлдебай келiп отырғанда, көршiсi сол командировкасында жүре тұрса екен деп тiледi. «Бұл әйел деген жарықтық, жылтырағанға неге сонша құмар?» деп бiр ойлап қойды. Тамақ қамына кiрiскен Жадыраның ыңылдап салған әнi емiс-емiс естiледi. Бөлме iшiнде әрi-берi сенделiп жүрген Жарасбек арагiдiк Iлдебайдың кескiнiне танымаған кiсiше одырая қарайды. Кенет есiктiң қоңырауы тынымсыз безiлдедi. Қалт тоқтаған Жарасбектiң санасында «Дәу де болса бұл әлгi Азаматтың әйелi» деген ой қылаңытып өттi. Есiктi ашуға тапырақтап жүгiрген баласының соңынан аңырып қарап тұрып, көңiлi кәдiмгiдей қоңылтақ сыды. «Әке жүрегiндегi түйткiлдi бала деген өмiр бойы түсiнбей кететiн шығар?» – дедi.
– Арманчик, мамаң қайда? – деп Азаматтың әйелi қашанғы әдетiнше баса-көктеп келдi. Өзiне тосырқай қараған Жарасбекпен ернiнiң ұшымен ғана амандасып, ас бөлмеге сып берiп кiрiп кеттi. Екi әйел әуелi әлденеге сықылықтап күлiп алды да, сыбырға көштi. Орнында тап-жылмай тұрып қалған Жарасбек «Бәлкiм, Азамат әлi командировкасында жүрген шығар?» деп ойлады. Кенет бұған Жадыраның даусы ышқынып шыққандай естiлдi.
– Жiбек-ау, саған қазiр бере қоятын байғазым болмай тұр. Ертең тура өзiм барып көремiн.
Жарасбек ешкiммен iсi жоқ түксиiп отырған iнiсi Iлдебайға көз қиығын ерiксiз тастады. Iлдебай үйге келгiштегелi берi Жадыраның қабағында кiрбiң бар. Сол кiрбiңнiң түбi неге әкелiп соғарын кiм бiлсiн. «Әй, мен көрген Жадыра болса, бiр сойқаны дайын тұр-ау» дейтiн қаупi де жоқ емес. Өзiне салса, iнiсiнiң осы үйде тұрғанын қалай-ды. Алды-артын танығанша бас-көз болып жүргенiм дұрыс қой дейдi. Осындай көлденең ой килiгiп, ойланып тұр ғанда Азаматтың әйелi қалай шығып кеткенiн байқамапты. Есiк қоңырауының тағы бiр беймаза шырылынан селт еттi. Қорқынышы Азаматтың әйелi едi, кiм болса ол болсын деген сүлесоқтықпен Жарасбек орындыққа сылқ етiп отыра кеттi. Тағы да тапырақтай жүгiрген баласының есiк ашуды өзiнiң мiндетiне алғанын ойлағанда манағыдай қынжылыс емес, езуiне болымсыз күлкi үйiрiлдi.
– Көгершiнiм әншейiн, кiсi ғой бұл, кiсi, – деп жоғарғы қабатта тұратын Шырақбайдың әйелi маңдайынан сипап, сүйсiнген райда Жарасбекке қабағын кере қарады.
Бiреулердiң қандай көңiл күйде екенiнде түк iсi жоқ, ешбiр тосылып-тосырқамай емiн-еркiн сөйлесетiн әдетiне бағып:
– Қайным, ағаларың ауылдан қой алып келiптi. Соның бас-сирағын асып жатырмын. Үй-iшiңмен түгел жүрiңдер, – дедi.
Азаматтың командировкадан келуi мен мына кiсiлердiң бас-сираққа шақыруының қабаттасқанын қарашы деген Жарасбек нышанында қынжылыс бар.
–Жеңгей, күнде сiздерден болғанша, бiр күн бiздерден болмай ма? – Ел аузында жүретiн осы сөздi ойламаған жерден орайын келтiрiп айтқанына Жарасбек қарқылдап күлiп жiбердi.
– Ендi бiздерге тамақ есептесу ғана қалған екен, – дедi Шырақбайдың әйелi. Әңгiме үстiне кiрген Жадыраның бұған бағыштаған көз қиығынан: «Ой, шiркiн, неменеңе мәз болып отырсың, ауаныңды қазiр-ақ басып тастаймын ғой» дейтiн астамшылықты аңғарды.
– Мына сенiң күйеуiң... – деп көршi әйел сөзiн бастай бергенде, Жадыра дереу iлiп алып кеттi.
– Тәте, бiздiң күйеуiмiз баяғы заманның мырзасы ғой, бiлмеушi ме едiңiз. Елдiң бәрi мұны тамаққа шақыруы керек. Елдiң бәрi мұның алдында құлдық ұрып тұруы керек. Ал бұл ешкiмдi тамаққа шақырмайды.
Бiр iлiк тапса бiттi, содан тас болып айрылмайтын Жадыраның қазiргi қалпындағы ұстамдылықты неге жорырын бiлмей Жарасбек дал болды. «Апыр-ай, мына Iлдебай бiр келгенде осы тығырықтың таялғанын қарашы» деп ойлады. Бетiнiң ұштары сәл қызарып, танауы қусырылып бара жатқан Жадыраның әлпетiн байқаған бұл бәрiн басталдыға жорыды. Дүниенiң мән-жайын терең түсiнетiн, тек затым әйел ғой, әйтпесе бар ғой дейтiн шарасыздыққа ұрынатын Жадыраның жорта сынықтығы мұның қитығына тиiп жүргелi қашан. Ал, Шырақбайдың әйелi жаңағы өзiмсiген райынан қайтып, әлденеден тосыла, бiресе Жарасбекке, бiресе Жадыраға таңырқай қарап:
– Ал, тез келе қойыңдар, – деп есiкке қарай бетте генде, Жадыра:
– Жоқ, тәте, бара алмаймыз, рақмет,– дедi. Қалт тоқтаған Шырақбайдың әйелi:
– Қашан болса да өститiндерiң не, осы сендердiң! – деп Жадыраға көзiн төңкере қадады. Жадыраның сыр бергiсi келмей iшiнен тынған қалпына ұрлана қарап, осы бiр қолайсыздықты әзiл-қалжың мен жуып-шаюға тырысқан Жарасбек:
– Жеңеше, бiзге кейiнгi кезде жас сорпа жақпайтын болып жүр, – дедi. Осы сәтте Жадыраның қабағын шытып, әлдебiр нәрседен жерiнгендей тыжырынғанын аңғарса да елемеуге тырысты. Бұдан арғы сөзге бармай Шырақбайдың әйелi шығып кеттi. Жадыра столға шынтағын тiреп, көзiн жерден алмай түксиiп отырған Iлдебайға ұзақ бар лай қарады. Қашан ас бөлмеге кеткенiнше өзiне бiр назар ауда-рып қоймағанының астарын мұны қолма-қол кiсiлiк санаттан шығарып тастағанға жорыды. «Қандай елдiң баласы ың-дыңсыз тамағын iшiп, тыныш ұйықтайды екен» деп ой лады. Терезенiң тұсына барып, сыртты шолды. Алаңдағы ойын балалары ұрқырап-шұрқырап жүгiрiп жүр. Күн ұясына қып-қызыл боп батқан сәтте таң атар алдындағы алакөбең уақыттағыдай шымырлап ымырт қонақтады. Ерлi-зайыпты екеудiң серуенге шыққанын көрдi. Бейуақытта жұптары жазылмай қалатын бұлар баяғы Мұрат пен Мәрзия ғой. Ертең немесе арғы күнi бiр жаққа аттанамыз дейтiн қонақ тәрiздi, шiркiндер. Күнделiктi тiр-шiлiктiң де екеуiне еш қатысы жоқтай. «Осы Мәрзияның не кереметi бар?» деп ойлады. Әйел болып бiр илiксешi. Үй мен түз шаруасын тындыратын тек Мұрат. Әне, ол тағы да дедектеп келген бойда подъезге сып берiп кiрiп, қайта шықты. Қолындағы жеңiл киiмдi Мәрзияның иығына апарып жапты. Кәдiмгi қызын әлпештеп, еркелеткен қамқор әке сияқты. Өзiн-өзi ұстай алмаған Жарасбек мырс етiп күлiп жiбердi. Сонысынан ыңғайсыздана артына жалт бұрыла бергенде Мәрзия мен Мұратты көз алмай бақылап тұрған Жадыраны көрдi.
– Мырс-мырс еткеннен басқа не бiлушi ең? Мұраттай күйеуi бар әйелдiң не арманы бар?!
– Арманының зоры-ай, – дедi Жарасбек зiлдене.
– Зор! – деп шаңқ еттi. – Азамат бiр жаққа барса әйелiн елеп-ескерiп жүргенi. Шырақбай балаларын қызылсыз қалдырмайды. Көзiңдi шел басса да көрмейсiң бе, елдiң еркегiнiң не iстеп жүргенiн?! Iлдебайдан қатты қысылып барады. «Бала неме көңiлiне әлдененi түйiп қалмаса екен» дейдi. Сонда да ләм демедi. Жадыраның опаланған бетiнiң бiр қабат терiсi сылынып түскендей бұрынғы өңiн жоғалтыпты. Қалай байқамаған, тiксiнiп қалды.
– Неменеге бағжиясың, – дедi Жадыра шатынаған күйi, – Бiреудi аға, бiреудi iнi деп жалпаңдамайсың. Үйiң де үш кiсiнiң басы қосылып көрген жоқ. Ұқым-тұқымыңмен бiр қалыптан шыққансыңдар.Әңгiменiң қайда сайып бара жатқанын жақсы бiледi. Қарсы тiл қатса, одан әрi өршеленiп кетерi кәмiл. Үстiңгi үй иесiнiң есiмi ауызға тағы алынады. «Береген қолым алаған» дейдi. Тышқан мұрнын қанатып көрмегенiн бетiне салық қып басады. Iлдебай үйiне келiп жатқалы берi қайдағы бiр туыстық сезiм жан-жүйесiн босататын болды.
– Тамағымызды жөндеп iшкiзшi, – дедi әйелiн мәмiлеге шақырғандай басыңқы үнмен.
– Қатықсыз қара көжеңдi iше бер!
– Кел, Iлдебай, бұған дауа болмас! – деп дастарқан басына әуелi өзi жайғасты. Бiр шетке сүйретiлiп келiп Iлдебай отырды. Iнiсiнiң қалпындағы селт етпес бейғамдыққа Жарасбек кәдiмгiдей қобалжулы. Жадыраның қайткенде көңiлiн аулап, жылы-жылы сөйлесе ол да адам – жiбидi. Кiм не десе дүлей кейiптенiп, түйiле қарағаннан басқа iсi жоқ. Әйелiнiң ұрыншақ мiнезiне iштей ашынады. Ақыл сарабына сал ғанда кiнәнiң бiр ұшы өзiне келiп тiрелетiнiн де бiледi. Сондықтан өзiн арашалап ақтамайды. Жадыранiкi жөн бе дейдi. Құс екеш құс та шама шарқынша шырылдайды ғой. Намысын қанша қоздырғанмен, бұлбәрiбiр басқа Жарасбек бола алмайды. Мына бейбақ осыны неге түсiнбейдi. Бiртiндеп жайдарылыққа көштi. Оңашадағы көрiктi ойлары аузынан шықса әрiнен таяды. Жадыраның сарабдалдығы да шамалы. Айтқан сөзiң құмға сiңген судай зым-зия жоғалып жатқаны.
Жадыра санасының қырық құбылуы на не түрткi болды? Тамақ батпады. Ақырын көтерiлiп, сыртқа шықты. Ерсiлi-қарсылы көп жүрдi. Ойласа, бұрынғы-соңғының жөнi деп ұстанар ештеңесi жоқ «Осындай әлетке жеткенiм бе?» дедi. Әйелiнiң қас-қабағындағы манағы кiрбiң жазылған ба, бұған қарап, суық жымиды.
– Мына Iлдебай айтып отыр. Ағаңның қырық қойы бар екен. Жарасбек күйiп кеттi. Бұл дүниеде «қой, базарлық, елдiң еркегi» дегеннен басқа сөз құрып қалған ба дей жаздап барып тыйылды.
– Шиеттей бала-шағалы, ырымдап-жырымдап жиған малығой. Әйелiнiң өңi қайта қатуланды. Көкейiне не келсе соны iрiкпейтiн дағдысынша:
– Сенiкi «байдың малын байғұс қызғанатынның» керi. Әйтпесе қалада тұрып жатыр, қызылсыраған шығар деп бiр қойдың басын қиятын жөнi емес пе, – дедi.
Бұл Iлдебайға, Iлдебай жерге қарады. «Әкеңнiң қойының санын айт деген кiм саған?!» деп зекiп тастағысы келдi. Әрең жүрген баланың берекесiн алмайын деп тағы ойлады.
Жаңағы бiр мезетте шығып кеткен Жадыра қайта келдi. Жүзiндегi жайдақтық па, жайдарлылық па, айырып болмайды. Әйтеуiр, салқын езу тартты.
– Дүние ақыры сатулы, әркiмнiң тiлеуi өзiнде екен. Ендеше бұл проходной двор емес, – дегенде Жадыраның даусына шаңқыл араласты. Жарасбекке мұныма не дейсiң дегендей тесiле қарады. Жарасбектiң шекесi оқыс дың еттi. Көз алды қарауытып, өне бойы шымырлап барады.
– Туысқаннан, елден, жұрттан бездiрмекшi екенсiң ғой ендi, – деп ашу шақырды.
– Сенiң туған-туысқаныңды көрсем көзiм ағып түссiн!– Жадыра бұл жолы шаптықпады,байсалды қалып ұстады.– Ағып түссе ағып түссiншi! – деп ақырып жiбердi. Дүниеде қызметке түзу барып, түзу келуден артық қызық жоқ деп бiлетiн. Қараса, онысы түкке де тұрмайды екен.
Түн баласы дөңбекшiп, көз iлмедi. Көңiлiнiң күптi болатын не жөнi бар? Бiр орнында тапжылмай он бес жыл iстеген қызметiнде сен былайсың деген сөздi әлi ести қоймапты. Жаңсақ баспадым деп те айта алмайды. Кiсi бәрiн өз пиғылынан табады демеушi ме едi ауылдағы үлкендер. Көз жұмардан бұрын әкесiнiң өзiмен бiр оңаша сөйлескенi есiнде. «Тауда туған құлынның екi көзi таста, ашаршылықта туған құлынның екi көзi аста» дейдi екен бұрынғылар, балам. Мына Беделбай жаманшылық уақытта туып едi. Қарманып, қамданып қалғанынан қорқамын. Көзiм тайған соң бет-бетiңе кетесiңдер-ау, шамасы. Үйдiң дәулетiн бiр кiсi ұстайды. Анау-мынау кiсiге дүние құралмайды. Тоқ болып бара жатсаң, мұның аштығы бар деп ойла, жоқ болып бара жатсаң, бiр тоқшылығы бар деп, шүкiршiлiк ет».
Айтылған сөздi сол күйiнде ұстанып қалғанмен, Беделбайды да жамандыққа қимайды. Таңертеңгiсiн асып-сасып жұмысқа жиналған Жарасбек пен Жадыраға Iлдебай алма-кезек таңырқай қарады. Кеше түнi бұл бiр ыңғайсыз әңгiме болмағандай аға мен жеңге қалыптарындағы тосаңдықтың жоқтығына таң. Ары-берi жайнаң қағып жүрген Жадыра кенет жаутаң-жаутаң етiп отырған Iлдебайға көз қиығын тастады.
– Iлдебай, бiздiң кешегi әңгiмемiзге таң қалып отырған шығарсың, – дедi күлiмсiреп.
Iлдебай ләм деп тiл қатпады. Немере iнiсiнiң бiтiмсiз болмысына, селт етпес тұйықтығына Жарасбек iштей тағы да қынжылып қойды.
– Ондай-ондай ханның қызында да болады. Iлдеке, Жадыра жеңгеңнiң өзiнен-өзi ұрынатын шақтары бар, – дедi. Қараторы жүзi ашаң тартып, қысыңқы қой көздерiн қунақ жылтыратып, әйелiне назарын бұрды.
– Өзiңе кiр жуытқың келмейдi-ау, Жарасбек, – дедi Жадыра жайдары райда. – Елдiң өзiңдей еркегiн қарасаң бәрiн тындырады.
«Елдiң еркегiнен» басталатын сөз Жарасбектiң шымбайына батып қана қоймайды. Жадыраның кеселiне айналып бара жатқан тәрiздi көрiнедi. Қолындағы кесесiн шиыра төңкерiп, атып тұрды.
– Өлетiн ауқат жоқ қой, зарламашы осы, – дедi.
Әлдене деп тiл қатқан Жадыраны тыңдамастан апыл-ғұпыл киiнiп, сыртқа шықты. Тiршiлiктiң кейде жалғанға ұқсап кететiн тұстары көп. Өзi ұнатып, сүйiп қосылған әйелi анау. Бiраздан берi жүрегi сыздап ауыратынды шығарып едi. Қызметiнде де тағат тауып отыра алмады. Басы солқылдап, асқазаны бүрдi. Көзi қарауытты. Ауру әбден меңдеген адамша әлi бiттi. Ақыры болмай қойған соң үйiне келiп бүк түсiп жатып қалды. Ыстығы көтерiлiп, тұла бойы күйiп-жанып барады. Санасынан шатаса бастады ма, iлiк-шатыс бiрдеңелер көз алдына келдi. Университетте жүрген кезi ме дейдi. Кiшкене қартамыс кiсi лекция оқып тұрғандай көрiндi. «Мизантроп» деп аудиториядағы әрбiр студентке шүйiле қарайтын сияқты. «Мизантроп» деп Жарасбек те әлденеше рет қайталады. Жүрегi алқымына тығылып, алқын-жұлқын соқты. Дүние бiр қарбаластыққа толып кеткендей. Әлдекiм машинаның багажынан қойды маңырата түсiрiп, үстiңгi қабатқа сүйрелеп барады. Ендi бiреулер жасыл желек шыршаның бұтақтарын сындырып, жалаңаштап жатыр. Осындай жайсыз көрiнiстерден құтылғысы келiп, үстiндегi жамылғыны әрi ысырып тастады. Маңдайы тершiп, қызуы сәл басылайын дептi. Бiр кездеүйге балалары мен әйелi келдi.
– Ендi қалған өнерiң бейуақытта шалжиып жату екен ғой, – дедi Жадыра қаперсiз.
– Iлдебай келген жоқ па? – деп Жарасбек талмаусырай үн қатты.
– Бауыр етiң езiлiп бара жатса келер қазiр. Ауырып қалғанбысың? Құдай сақтасын, қанша қиналсақ та бiлдiрмеймiз ғой.
– Ұрыспайықшы, – деп Жарасбек үздiк-создық айтты. Базыналыққа жорып, Жадыра асықпады. Ас үйдегi шаруаларды реттеп, Жарасбектiң қасына қайта келдi. Күйеуiнiң аласұрып жатқан кейпiнен кәдiмгiдей шошынып:
– Скорый шақыртайын, – деп жүгiре жөнелдi. Жарасбектiң ауруханаға түскенiне де екi апта. Әйелi мен бала-шағасынан басқа қызметтес жолдастары да келiп-кетiп жатыр. Бiрақ құрғыр көңiлi Iлдебайдың бет-жүзiн көрмейiнше орнықпайтын сияқты. Жадырадан сұраса «бiлмеймiн» деген жауапты қысқа тұжырып қайырады. Беделбай естiмеген ғой, естiсе қайтiп шыдасын деп ойлады.
Балаларын көргенде жүрегi езiлiп кетедi. Үшеуi де момақан. «Өзiм сияқты ұя бұзбас болып өседi ғой, аман болса» дейдi. Сабақтарың қалай, қарындарың ашпай жүр ме дегенге дейiн сұрайды.
– Ой, шiркiн-ай, өзiң барда төрт түлiгiмiз сай едi. Ойсырап қалдық, айтпайын десе де айтқызасың. Кеше ағаңа барып қайттым. Балаларға, саған да көже-қатық керек болған соң бардым. Ел құлағы елу –ауруханада жатқаныңды естiптi. Сорпалығы татитын мал жоқ деп қайнағамыз аузын қу шөппен сүртiп отыр. Iлдебай да шекеңдi қыздырмапты. «Бiр Iлдебай үшiн от жағып, бiр Iлдебай үшiн қазан көтермейсiңдер, үйлерiңнiң бiр бұрышын қимағандарың ба» дейдi. «Ағам бар деп аңқылдап барып, аузы аңқайып қайтты» дейдi, кiсiнiң жынын келтiрiп. Әлi күнге дейiн тышқақ лағыңды қимаған Жарасбек те жетiлумен келедi. «Қуыс үйге құр барма» деген, бiр қойыңды арқалатып жiберген үлкендiгiңдi көрген жоқпыз дедiм.
Жадыраның өңiне қан жүгiре бастады. Келген заматта-ақ әйелiнiң әлденеден тығылып тұрғанын сезiп, неге жорырын бiлмей күдiктенiп едi.
– Жөн сөздi сен айтыпсың, – дедi кекесiнмен.
– Айтпағанда ше! – деп Жадыра шап ете қалды.
Жарасбек одан әрiге бармай палатасына беттедi. «Беделбайдың бауырмалдық ыңғайы осы ғана ма? Әйелге тоң-торыс өкпесiн бiлдiргенi несi?» Осы бiр түйткiлдiң күрмеу түйiнiн жаза алмай дал болды.
Жолы түсiп ауылға бара қалса, ағасының сызданған мiнезiн елемеушi едi. Көңiлi нiлдей бұзылды. «Жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң көре алмайды» дейтiн қазақшылыққа жүгiнер-жүгiн бесiн де бiлмедi. Шеке тамырлары бiлем-бiлем адырайып, ұясы тереңдеген көз жанары салқын тартты.
Iлдебай мұның, бұл Iлдебайдың керiн құшқаннан сау ма өзi? Аңқалақтаған екеуi де аңқау болып шықпаса қайтсiн.
Шiлдей боп тоз-тозы шығып бара жатқан ынтымақты ойлағанда жүрегi сыздап ауырып кеттi. Бiрақ мұның мекен-тұрағында өмiр сол қалпы едi.
Жарасбек ауруханаға жатқалы берi Шырақбай тағы бiр қой сойды. Азамат кезектi командировкасына аттанды. Мұрат пен Мәрзия кешке серуендеудi әлi бiр рет те қаза жiберген жоқ.