«Аққу құс ұшты көліне-е-е...
Ақсұңқар ұшты шөліне-е-е...» - Сай-сүйегін сырқыратқан зарлы жоқтаудан Күлшаттың тұла бойы түршігіп кетті. Қос құлағын тас қып басып, маң далаға тұра қашқысы келді. «Ажал айтып келмейді» деген рас екен. Бәрі де күтпеген жерден, тіпті ойда-жоқта болды... Әкесі кенеттен көз жұмды. Ауырмай-сырқамай. Қақ-соқпен ісі жоқ, өз шаруасына мұқият, ешкімнің ала жібін аттамаған адал адам еді. Ұйықтап жатып, тұрмай қалыпты. Ауырса да ыңқыл-сыңқылын білдірмей, аяқ үсті жүре берді ме кім білсін...Әлде мінезі тұйық адам, күйкі өмір, күйбең тірліктің күйзелістерін жұдырықтай жүрегіне жиып жүрді ме екен..
Байыпты күйеуіне өмір бойы арқа сүйеп, сыртқы шаруамен ісі болмаған байғұс шешесі есеңгіреп есінен танып қалды. Тап бір ашық күнде төбесінен жай түскендей...Үйінің төрт қабырғасы төрт жаққа құлап түскендей. Азынай соққан суық желдің өтінде шиеттей бала-шағасы панасыз қалған жаннан бетер. Енді қайтсын... Күлшаттан басқа бас көтерер ешбірі жоқ, оның өзі – студент. Университет табалдырығын аттағанына әлі жарты жыл да толмаған. Байғұс әйелдің бар қолынан келері – күндіз-түні келген-кеткенмен көрісіп, зар еңіреп жылау... Тіпті соңғы күндері аш күзендей бүгіліп, бас көтермей жата береді. Тіпті жылай-жылай дауысы да шықпай қалды. Қасындағы талайды көрген туыс кемпірлер: «Күнтай, қарағым, құр жылай берме, дауыс салып жоқтау айт. Шеріңді шығар, ішіңде тынып қалса, кейін қиын болады. Ертең жұрт есіл азамат жоқтаусыз кетті деп сөз қылар... Былай деп айт...»деп кісі аяғы сәл саябырлап, өзді-өзі қалған сәтте қаумалап жатқан.
Күлшат үйдегі баланың тұңғышы болатын, титтейінен кемпір-шалдың бауырында өсті. Ата-әжесінің көзі тірісінде Күнтайды анам-ау демей, атымен атайтын. Әкесі марқұмның кәде-қауметін атқарып болып, қалаға қайтар күні аяныштан ет-бауыры сұмдық езіліп тұрса да, сол бұрынғы әдетіне салып:
- Күнтай,-деді қатқылдау үнмен, - Мен сені тым-тәуір әйел ғой деп жүрсем...жаман біреулер құсап, мырқылдап жылай бердің ғой. Болды, жетер енді. Мынша баланы қалай жеткіземін деп уайымдама. Құдайдан аман жүрсем, бәрін өзім өгіздей өрге сүйреймін! - деді ол тәуекелге бел буған, кесімді үнмен. Тік мінезді, адуын енесі тіріліп келгендей селк етіп ес жиған Күнтай жылай-жылай ісіп кеткен көзін әзер ашып:
- Тентек қыз-ау, сен – жолы жіңішке қыз баласың ғой. Қайтып өрге сүйремексің? Кейін күйеуің, ата-енең не дейді? -деді қарлығыңқы үнмен... Күлшат екі қолын айқастыра құшақтап, қасқая қарап тұрды да:
- Саспа! Күйеуге шықпаймын!-деді де есікті сарт жауып, темір жол стансасына апаратын салдырлақ сары автобусқа мініп, қалаға тартып кетті. Жаманат хабар құлақтарына тиісімен, қаралы шаңырақтың қайғысын бөліскелі, үздік-создық жан-жақтан ағылып келген ағайын-жекжат дастархан басында тым-тырыс шәй сораптап отырған. Қаршадай қыздың сертке бергісіз сол сөзін естіп, бәрі тегіс жағасын ұстады...
Құдай-ау, сонда әлі он сегізге толмаған бала екен ғой тіпті. Міне, содан бері де қанша жыл өтті. Күлшат ешкімге салмағын салмай, оқуын жақсы бітірді. Өзінің ет тірлігімен. Тырмысып жүріп. Сүт бетінің қаймағындай кілең игі жақсылар бас қосқан үлкен қалада қызметке қалды. Жатақханадан орын алды. Жас маман ретінде. Соның жалғыз бөлмесі өмірі адамнан арылмайтын. Адам болғанда... бөтен біреу емес, үйелмелі-сүйелмелі өзінің інілері ғой. Бірінен соң бірі, араға жыл аралатпай, ауылдан кеп жататын. Бәрі де өз білімдерімен оқуға түсті. Сосын араға жылдар салып, дипломдарын алып, қайтадан елге кетті... Солардың тамағы да, киімі де қашаннан Күлшаттың мойнында еді.
Қандай қиналса да сырт көзге сыр бермейтін. Былай қарасаң, төрт құбыласы түгел адам сияқты. Кигені – жұртта жоқ былғары қара плащ. Жасанды тері емес, кәдімгі былқылдаған таза былғары. Етегі төгілген елтірі тон. Шіркін, елтірі болғанда қандай! Сарғыш сұр, алтындай құбылған тасбұйра қаракөл. Ойпырмай, дүниенің бәрі қат, заман ауысып жатқан аласапыран жылдары ондайды киген де арманда, кимеген де арманда. Қайдан алды дері бар ма?!.
Бірде Күлшат жолы түсіп, нағашы ағасының ауылына барған. Ол кісі құм ішіндегі қойшыларға автодүкенмен тауар сататын. Бұрын кеңес үкіметі кезінде. Барса, үйінде тұмсығы қайықтай үлкен-үлкен былғары мәсілер мен қазанбас генералдарға шақ қаракөл папахалардан көп нәрсе жоқ екен. Бәрі шаң басып, қоймада жатып қалған тауарлар ылғи...
Кезінде бастықтар ғана киген, қазір сәннен қалған, тіпті ауылдың мыжырайған шалдары да бастарына сұқпайтын қаракөл бөріктер мен кішігірім кемпірлер ішіне қолп етіп түсіп кететін кең қонышты мәсілерден Күлшат мол ғып сатып алды. Болар-болмас тиын-тебенге. Шешесі Күнтайдан жұққан тым тәуір ісмерлігі бар еді. Күлшат сол әкелгендерінің бәрін сөгіп, қайта пішіп, содан өзіне сырт киім тікті. Тым-тәуір. Тал бойына құйып қойғандай жараса кеткені. Сол киімдеріне қызықпаған адам жоқ шығар. Қызықпағанда ше?! Қолы ұзын, қалталы біреулер болмаса, сол уақыттағы кез-келген қыз-келіншектің түсіне де кірмейтін қымбат дүниелер ғой. Бұның «арығын білдірмей, сыртқа жүнін қомпайтқан бөрі» екенін кім білсін?!.
Қала ауыл емес, іздеген жанға қосымша жұмыс көп. Күлшат іштей: «Есектің артын жу да мал тап!» деп өзіне-өзі «бұйыратын» да, кез-келген іске белін буынып, жеңін түрініп, кірісіп кете беруші еді... Жиіркенбей, ауырсынбай, қиналмай. Кей-кейде шаршап кеткенде: «Осы інілерімнің өз қолдары өз ауыздарына жетсе, содан басқа арманым жоқ»,- дейтін. Енді, Құдайға шүкір, қасында қалғаны тек әкесінің «соңғы оғы» - кенже інісі. Ол да қазір студент.
Таяуда ауылдан шешесі хабарласты. Бұл шешесіне Күнеке деуге көшкелі де бірталай уақыт болған. Бұрынғыдай бажырайтып атын айтпайтын.
- Ойпырмай, жайшылық па, Күнеке? Не болды? Мен телефон соқпасам, өзің хабарласпаушы едің ғой, - деді ішкі уайымын жасыра алмай. Шешесінің орынсыз мазалап, жиі-жиі телефон шалмайтыны да рас. Қызы емес, арқа сүйер бауыры сияқты, бұған әбден сеніп кеткен ғой... Сөзді неден бастарын білмей, сәл тосылып тұрып қалған Күнтай:
- Аманшылық, аманшылық...Тентек қыз, жәй, бір ақылдасатын шаруа бар еді,- деді сасқалақтап.
- Айта бер, құлағым сенде, Күнеке.
- Айтқанда не ғой... Әлгі анау...
- Күмілжімей айтсаңшы.
- Әлгі Мұратжан үйленемін дейді... – (Мұратжаны үйдегі ұлдардың үлкені).
- Үйленсе, үйленсін. Жасы жиырма бестен асқан жоқ па соның? Жас емес қой... Ол түгілі анау сүт кенжең де ерік берсем, қазір үйленетін түрі бар... Тек менен қорыққаннан жүр-ау деймін. Шашын сипалап, айна алдынан кетпейді. Телефонына да тыным жоқ.
- Солайы солай ғой... Бірақ..
- Не «бірақ»?
- Жұрт сөз қылатын көрінеді... «Үйінде күйеуге шықпай отырып қалған апасы бар» деп... Інілеріңнің бетіне сол шіркеу боп жүр...
- Қызық екен. Елдің бізде не шаруасы бар? Жұрттың сөзін қайтесің?! - Бұл бұрқан-талқан ал кеп ашулансын.
- Жарайды, ашуланбашы. Жұрт айтты демесең...олардың да сөзінің жөні бар сияқты. Сенен жаман қыздар байға тиіп, бала сүйіп, ақар-шақар үй боп отыр ғой... Сен кімнен кемсің? Тіфә, тіфә, тіл-аузым тасқа. Білім десең білімің, қызмет десең қызм...
Күлшат телефон тұтқасын тарс еткізіп стол үстіне тастай салды. Көзін бір нүктеге қадаған қалпы, тас мүсін құсап, тапжылмастан ұзақ отырды. Іші алай-дүлей. Япырау, сонда бұл қалай болғаны? Бұның күйеуге шықпағаны өзінен кейінгі інілерінің бетіне шіркеу болар деп бұрын-соңды ойлап па?! Біреу жұдырықтай жүрегін парша-парша тіліп,
арасына тұз себелегендей, шыбын жаны шырқырап кетті. «Осындай бауырмал, қамқор апасы бар, қандай бақытты жігіт!» деп жұрт қайта бұлардың сыртынан қызығатын шығар деп ойлап жүрсе... Неткен аңғалдық!
Әйтпесе, бұдан бес-алты жыл бұрын жүрегін қолына ұстап,бұның ізінен жүгіріп жүргендер жыртылып-айрылатын еді ғой. Ал қазір солардан маңында кім қалды өзі? Бәрі де шетінен үйленіп, үйлі-баранды боп кеткен.
Анда-санда бұның жұмыс орнына іздеп кеп, аман-саулығын біліп кететін ұшқыш жігіт ше?.. Былайынша, көрер көзге тым жақсы азамат сияқты. Бұрын бір әйел тастағаны болмаса. Екі иығына екі кісі мінгендей. «Баламыз болмағасын ажырастық» деген...Рас-өтірігін бір Алла білер. Соған тиіп алсам қайтеді?
Қой. Болмайды. Оған тисе, жұрт: «Ешкімді менсінбей жүріп-жүріп, ақыры, қатын тастаған біреуге барды» деп тағы пыш-пыштар...
Одан басқа, бойдақ жігіттерден кім қалды өзі? Күлшат басын қанша қатырғанмен, есіне түсіре алмады. Е, айтпақшы, анау жүдеу өңді, орта бойлы жігіт... тергеуші ме, адвокат па, кім еді? Жарайды, мамандығын қайтеді? Анда-санда іздеп кеп жүретін. Қашан, қалай танысқандары есте жоқ. Кезінде дұрыстап мән бермегесін, ұмытып та қалыпты. Әлде соған тисем бе екен? Дәм-тұзым жараспаса, ажырасып кетермін. Әйтеуір, «отырып қалған», «кәрі қыз» дегеннен гөрі, сол дұрыс болар. Ажырасып, байдан қайтып келу дегенге қазір жұрттың көзі үйренген жоқ па?!.
Сол арық жігіт қазір қайда жүр екен өзі? Талай рет келгенінде, «Мені жоқ деңдер», деп тілдеспей, тығылып қалғаны тағы бар. Келдің-ау, кеттің-ау деп бұл өзі онша елемегесін, ол да таяғын сырттан салуға көшкен бе?..- Бұл өз ойымен отырып, есіктің тықылдағанын естімей қапты.
- Күлшат апа, сізге келіп тұр,- деді інісі, иегімен есікті нұсқап.
- Кім?
- Кім болушы еді, баяғы... Әділбек қой!.. - Інісінің келген адамды жақтырмағаны немқұрайлы сөзі мен тыржың ете қалған түрінен-ақ көрініп тұр. Қызғанғаны ма. Әлде Күлшаттың өзі оң қабақ бермей жүргесін, ол да соның ыңғайымен айта салды ма, кім білсін.
- Немене, Әділбек сенің құрдасың ба еді? Аға деп неге айтпайсың? Оның тап саған жасаған жамандығы жоқ еді ғой, – деп інісіне қатаң ескерту жасады да, Күлшат орнынан тұрып, ұзын дәлізге беттеді. Иә, ол екі иығынан ентіге демалып тұр екен. Жоғары қабатқа жүгіріп шыққаннан сау ма өзі?..
- Сәлем, Күлшат! Сыртта машина күтіп тұр еді, бол, тез шықты! -деді де, бұның жауабын күтпестен, дереу төмен қарай асығыс түсіп кетті. Түкке түсінсе бұйырмасын... Күлшат та іле-шала сыртқа шықты. Тап осы жігіт күні кеше амандық жоқ, саулық жоқ, «шық та шықтың» астына алып, бұйыра сөйлесе, бүйтіп ізіне ермек түгілі, есігінен қаратпай, қуып жіберер еді. Амал жоқ, уақытша болса да күйеуге шығатын біреу керек. Не істеймін деп басы қатып отырғанда Құдай айдап өзі келді... Енді оны қайдан кеудесінен итере қойсын?!. Әділбек шақыруын шақырғанымен, бұны сыртқа шығар деп мүлде күтпесе керек, сәл абдырап қалды.
- Ал, күтіп тұрған машинаң қайда? Қайда барамыз?- Жігіт күмілжи, төмен қарап, шекесін қасып, сәл қипақтап тұрды да лезде бойын жиып, шынын айтты:
- Қайдағы машина? Қайтер екен деп саған жай айта салғам... Осы жолы да қырсығып сыртқа шықпайтын шығар десем...
- Түу, не деген қызық жансың өзің?!. Көзге шыққан сүйелдей боп, енді осы жерде тұра береміз бе? - деді бұл кекесінмен.
- Онда анау қалың бақтың ішінде ел көзінен таса бір кафе бар, соған барайық?
- Мейлі...
Сауылдаған сары ала, қызыл ала жапырақтарды кешіп, екеуі тал түсте бақ ішімен үн-түнсіз жүріп келеді. Жазға бергісіз мизамшуақ. Лүп еткен жел жоқ. Аспан да шайдай ашық. Дегенмен, ауадан дымқыл күздің иісі аңқиды...
- Бұрынғы киноларда жігіт пен қыз түн қараңғысында, айлы аспан аясында қол ұстасып қыдырушы еді. Шаңқай тал түсте біздікі қызық болды-ау!- деп Күлшат мырс ете күлді.
- Неге біз жұрттың істегенін қайталап, дайын сценарийі бойынша өмір сүруіміз керек?-деді жігіт таңғала. («Ал мен жұрттың сөзіне бола, сенімен сөйлесуге шыққанымды білмейсің ғой!» деп ойлады Күлшат.) Түрі тым жүдеу екен. Жағына пышақ жанығандай. Киімі де жұпыны сияқты ма қалай?!. Күлшат оған басынан аяғына дейін байыппен, асықпай қарады. Тұңғыш рет бүгін көріп тұрғандай. Ол да көз алмай қарап қапты.
- Негізі, саған осылай киінген жақсы жарасады екен. Жас қыз сияқты көрінесің! -деді Әділбек сүйсіне. Үнемі классикалық стильдегі, қоңыр, қара түсті киімдер киіп, білектей бұрымын тастай ғып төбесіне түйіп, хан қызындай қақшиып жүретін Күлшат бұл жолы ұзын шашын желкесінен бір буып, жеңіл спорттық киімімен шыға салған.
- "Жас сияқты" көрінетіндерді қайтесің? Жап-жас қыздар маңайыңда толып жүрген жоқ па? - деп Күлшат оның көңіліне келген сөзді тежемей, лақ еткізіп айта салды. Қарап тұрмай, тілінен қағынған өзінен көрсін!..
- Иә, жас қыздар толып жүргені рас. Жолап кетсең, бірден: «Пәтеріңіз бар ма? Машинаңыз бар ма? Айлығыңыз қанша?» деп жаныңды алатын жас қыздар аз емес әрине.... - деді ол байыпты үнмен, - Тіпті ауылда тұратын алпыстағы әкеме де бір жап-жас қыз тиіп алды. Шешеміз қайтыс болған бетте. Егде тартқан жасына да, он шақты баласы барына да қарамай. Өгей шешеміз менен екі жас қана үлкен. Туған ағаммен түйдей құрдас.
- Бала кезден тұрмыс таршылығын көп көрген біреу шығар, сірә...
- Екеуінің арасында бір жылы сезім болғасын, бас қосты деп өзім де ойламаймын...
Бұлар бас сұққан кафенің тұтас бір қабырғасы айнадай жарқыраған үлкен терезе екен. Содан сол маңай тегіс көрінеді. Бақ ішіндегі жап-жасыл алаңқайда адамдар футбол ойнап жүр екен. Шуылдай қарап тұрған жанкүйерлер қарамы да әжептәуір.
- Бір доп қашады, жиырма шақты ақымақ қуады, оларға отыз-қырық ақымақ есі кете қарап тұрады...Осыған жұрттың неге қызығатындарын түсінбеймін? -деді Әділбек ойыншыларға сыртынан көз сап.
- Неге? Миллионер боп кеткен футболшылар бар ғой әлемде...
- Ақыл-ой сайыстыратын шахмат болмаса, дөрекі спорт түрлерін спорт деп мойындамаймын. Түптің түбінде, күш жұмсап, біреудің мұрнын сындыратын бокс сияқтының бәрі қалуға тиіс. Өткен ғасырларда Еуропада болған дуэльдер сияқты...
Күлшат оның ешкімге ұқсамайтын тың пікірлерін әлі де ести түскісі кеп, әңгімеге тамызық тастады:
- Штанга көтеріп жүрген, чемпион қыздар ше?
- Ол енді әйел затының табиғатына мүлде келмейтін кереғар нәрсе ғой, -деді Әділбек сәл қызбалана, сосын: - Жақсы әйелдің бойында ерге тән қайрат пен жігер, қызға тән иба мен нәзіктік болу керек...-дегенді қосты. Екеуі қалықтай жерге қонып жатқан сары, қызыл жапырақтарға сырттай қарап отырып, үнсіз тамақ ішті. Кешкісін бұл жер азан-қазан, у-шу музыка, темекінің көк түтіні болатын шығар. Күндіз тып-тыныш екен. Жанға жайлы тыныштық. Бұл жерде уақыттың өзі тоқтар-тоқтамас боп, жүрісін баяулатқандай тіпті.
- Экраннан дыбыссыз кино қарап отырған адамдар сияқтымыз, - деді Күлшат.
- Иә, бәріміз де «Өмір» атты киноның жағымды, жағымсыз кейіпкерлеріміз ғой...
-Әділбек, сен өзіңді қандай кейіпкермін деп ойлайсың?
- Сірә, мен жағымсыз кейіпкер шығармын.
- Қызық екен...Неге?...
- Анамыз қайтыс болғасын, қарындастарым жан-жаққа тұрмыс құрып кетті. Менің жүрісім - мынау...салт басты, сабау қамшылы.Әлі күнге ешкім сол байғұс қыздардың бірде-біреуінің артынан іздеп барған жоқ. Әлі бірде-біреуінің төсек-орыны берілген жоқ. Әкеміздің өз қызығы өзінде. Қолдан келер қайраным жоқ, соған намысым келеді...
- Өзің неге оларды іздеп бармайсың?
- Қарындастарымның бетіне шіркеу болып, құр қалай барамын? «Сүр бойдақ ағасы екі қолын қалтасына салып, сопа басы жетіп келді» демей ме жұрт?!..(Бауырларына ұят келмеуін ойлаған тура мен сияқты!» деп түйді Күлшат...) - Тым тәуір айлық аламын, алайда, соның түк берекесі жоқ. Сірә, баяғы заманда сүйектері қурап қалған дана шалдар «бас екеу болмай, мал екеу болмайтынын» мен сияқтыларға бекерден бекер ескертпеген болар?!.
- Ал аға-жеңгең неге қарындастарының артынан бармайды?
- Оларға өкпе жоқ. Бала-шағасы жас. Студент кезімде ағам ауызынан жырып, тапқан-таянғанын маған салып тұратын. «Сен қатарыңнан қалмай, киініп жүр, қарның ашып қалмасын» деп. Өзі де мектепте жақсы оқыған. Бірақ, мен алаңсыз оқысын деп, жастай қара жұмысқа жегілді. Ағамның сол жақсылығын қалай,қашан қайтарамын деп те уайымдаймын.
Күлшат Әділбекпен екеуінің арасынан іштей біраз ұқсастық тапқандай болды. Бәріне қабырғасы қайысып, бойына ас сіңбей жүр екен ғой. Қайтсын-ай!.. Жүдеу жігіттің жүрегінде жатқан үлкен мұңды жан-тәнімен сезінген ол, бір сәт осынау жалған дүниеде өзінің содан жақын ешкімі жоқтай сезінді... Бірақ сырын сыртқа шығаруға қымсынды.
- Біздің Күнтай, шешемді айтамын: «Әкесіз бала шала жетім, анасыз бала таза жетім» дегенді кей-кейде айтып қалатын...-деді Күлшат үнсіздікті бұзып, - Ол өзі жастай жесір қалса да, бар баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді. Әлі күнге жарғақ құлағы жастыққа тимей шапқылап жүр... Қайтсем ұлдарды аяқтандырамын деп...
- Өйткені ол кісі – кеме ғой. Және анау-мынау емес, нағыз мұзжарғыш кеме! – деді Әділбек. Күлшат әуелі оның не айтқысы келгенін ұқпай да қалды.
- Апаң өлсе, жездең басқа әйел алады, әкең де солай. Ал, ана... қанша баласы болса да, бәрін шашау шығармай, соққан алапат дауылға да, төпеп тұрған жауынға да қарамай, миуасы мол, шөбі шүйгін, шуақты арал іздеп, алға тартып кететін кеме емей не?..
Күлшат өзі де «Әке – жезде, шеше - кеме» дегенді бала кезден естіп өсті ғой. Дегенмен, ақыл тоқтатқан жігіттің албырт бала құсап, таныс мақалды сонша тәптіштей түсіндірген түріне қызыға қарап қалды да:
- Иә, рас айтасың,-деп, еріксіз басын изеді...
Екеуі сап-сары сағыныш тұнған сары ала бақтың ішін үнсіз аралап, қас-қарайғанша жүрді. Тек әйтеуір жатақхананың тұсына келген кезде:
- Күлшат, бүгін сені бар шаруаңнан қалдырған шығармын. Асығыс жұмыстарың жоқ па еді? - деп Әділбек оның бетіне сынай қарады.
- Інімнің киімдерін үтіктеуім керек еді. Ертең сабақ қой...
- Бәрін неге өз мойныңа ала бересің? Жігіт емес пе, үтіктеп үйренсін...Ертең сен кеткенде не істейді?
- Мен қайда кетеді екем?
- Қанша уақыттан бері мен неге сенің ізіңде жүр деп ойлайсың?
- Сонда не, «Аңдыған жау алмай қоймайды» демексің бе?
- Жауың не? Мен өмір бойы жау емес, жанымды ұғар дос іздеп жүрген адаммын. Менің іздегенім ерге - ер, серіге серік болуға жарайтын сен сияқты жан...
- Жас қыз алғаның дұрыс қой. Кейін өкініп жүрмес үшін...
- Сол жас қыздардан сенің жолың да, жөнің де бөлек. Айналып-үйіріліп, қайта-қайта неге саған келе береді дейсің?!.Болды, ертең ЗАГС -ке өтініш береміз!- деп Әділбек Күлшаттың қолынан аялай ұстап, алақанына салды.
Жігіттің мысы басты ма, Күлшат не дерін білмей, көзін төмен салып, үнсіз тұрып қалды. Тұла бойынан жып-жылы бір сәуле жүгіріп өткендей болды. Тіпті не боп, не қойғанын түсінер халде емес еді. Қанша жыл ширығып, ширап, өзінің заты нәзік қыз екенін ұмытып, нар көтерер ауыр жүкті арқасына салып ап, тағдырдың асу белдерінен жалғыз асып келе жатқан ол, жігіттің мойнынан тарс құшақтай алып, көз жасына ерік беріп, еңіз-теңіз егілгісі келді...Бірақ жылдар бойғы қалыптасқан әдетімен сырын сыртқа шығармай, өзін-өзі ұстап қалды.
- Шынымды айтсам...бүгін менің саған ең соңғы келуім еді. Қашанғы сандалып соңыңнан жүре беремін, не де болса, айтарымды жасырмай айтып, бір жағына шығайын деп ойлағам,- деп күлді Әділбек қоштасар сәтте...
Күлшат жатақханадағы жалғыз бөлмесі – «жарты патшалығына» кірер-кірместен:
- Ал, Күнеке, тойға дайындала бер! - деп телефон тұтқасына жабысты...
***
Күлшат өзін алда абыр-сабыр қызу тірлік күтіп тұрғанын: келін боп түсе сала, өзінен бұрын күйеуге тиіп кеткен қайын сіңлілерінің көрпе-төсегін дайындауға білек сыбанып кірісетінін.., сосын Әділбек екеуі төркінін сағынған сол мұңлықтардң артынан іздеп барып, бұрын көрмеген құда-жекжаттардың құрметіне бөленетіндерін, көп ұзамай қошқардай қос ұл тауып, кең пәтерлі болып, сол құтты шаңырақтарының іші күлкі мен шаттыққа толарын, төрінен өмірі қонақ арылмасын, жалғыз қайын ағасының бар баласын оқытып, ол ол ма, жастай жесір қалған өгей енесінен тараған бар баланы аяқтандыратындарын қайдан білсін?!