Рой Лихтенштейн. «Плачущая девушка»
Көгілдір Дунай кілкіп ағады. Каналға жақын тас жолдан анда-санда машиналар жүйіткиді. Жан-жаққа самарқау қарап, жағалауда ілбіп келем. Әріректегі ауылдың түтін саны молайып, бас-аяғы ұзарыпты. Зәулім үйлер көбейіпті. Мұнда келмегелі де ширек ғасырдан асыпты. Ұзақ жыл көрмеген бір туғандарыма да соқпай, келген бетім, жеткен жерім осы – Көгілдір Дунайдың жағасы. Шынын айтқанда ешкімді, еш нәрсені сағынып, аңсап келгенім жоқ. Бәрін ұмытып, дүниені шайқаған, қонышынан басқан жанда ондай адамгершілік қайдан болсын. Жасыма жетпей қажып, қалжырап, ғұмырдың соңғы сәтін сүріп жүргендей күйге түскен соң ғана келген секілдімін.
Жағалауда ілбіп басып жүріп келем. Сенің ізгі, адал күзетші хақында айтқан аңызың ойыма оралды.
– Асау ақжал толқындар қиратқан алып кеменің қу тақтайын құшақтап, көк шүңет судың бетінде қауырсындай қалқиды. Ес кетіп, жан шыққанда жеткен жері – иен аралдағы маймылдар патшалығы. Маймыл да болса хан көтеріп, қадір тұтқан – қарғысқа ұшыраған қайран қауым. Ит мініп, ирек қамшылаған күндері қапа қылып, ханзада қан жұтты. Ақыры бір күні сабалақтарды удай мас қылып, қашып шықты... – деп бастап едің ғой. Әңгімені жақсы айтатынсың. Оның қай дастан екенін де ұмыттым. Тек нобайы ғана қалыпты жадымда.
– Сәлеметсіз бе, әпке! – деп қарсы алдымнан жолығып, сыпайы амандасқан бейтаныс, аққұба бала ойымды бөліп жіберді.
– Амансың ба, айналайын.
– Құлпытасты іздеп келдіңіз бе?
– Оны қайдан білдің? – дедім таңғалысымды жасыра алмай.
–Жүріңіз, мен ертіп барайын. Ана жақта, – деп ол қолымнан жетелей жөнелді. Қолы жұп-жұмсақ, сүйексіз тәрізді, қатты ыстық. Өн бойымды ыстық жалын шарпып, балқып кеттім.
– Жағдайыңыз жақсы ма?
Аққұба баланың қадала қараған, мейірім төгілген қос жанары жүйкемді одан бетер босатты.
– Тәуір емеспін. Тәуір болуды тілемеймін де... Сәлем, сәлем айт! – деп еңіреп қоя бердім. Ішімде булыққан шерім көзімнен ып-ыстық жас болып домалады. Жастығымның астынан орамалымды алып, көзімді сүрттім. – Жазылып керегі не? Бәрібір мен бақытты бола алмаймын. Әкем аяса, менің дертім жаныма батқан соң аяп отыр. Ертең сауықсам, қайта күйсеуден тайынбайды. Өлем деп арман қылмаймын, жалғыз-ақ арманым бар. Түнеугі келгенде оған бір ауыз сөз айта білмедім. Бір көріп сөйлесіп, жаным шығарда, «Жаным!» деп бетіме бетін тигізсе, бар арманым бітіп, дүниеден армансыз өтер ем... Әй, жоқ қой! – деп ауыр күрсініп, ұмсынып орнымнан тұрдым. Шағын зал ішін ду-қол шапалақ көміп, айқайлап, ысқырған дауыстар басты.
– Жарайсың, Зағипа! Жарайсың, Зағипа!..
Мұңлық қыздың образын сомдаймын деп өзімнің құпия сырымды көпке жайып алғандай бетім бір ысып, бір суып қызарып кеткенімді сезіп тұрмын. Ыңғайсызданып, қайта-қайта басымды иіп, көптің қошемет-құрметіне ізет жасадым. Көрермен болып, қақ ортада отырған әкем өңі сұрланып, сыртқа шығып кетті. Залдың шығар жақ есігінде қабырғаға сүйеніп, Манар қарап тұр. Көзіне лықсып келген жасты бар қуатымен тосып, тура сол сәтте тынысы үзіліп, бүкіл жан-дүниесіндегі арпалыс жүзіне ұйып қалған әйкел тәрізді.
– Зағипа, орныңа қайт! Қойылым әлі біткен жоқ! – деп айқайлады сахна сыртындағы жетекші. Сахна ортасына қойылған ағаш кереуетке барып қайта жаттым. Екі жақтан оюлы қамзол, қос етек көйлек киген қыздар қаздай тізіліп шықты да, мен жатқан кереуетті шеңбер пішінді қоршап, айнала бастады. Бәрі бір уақытта:
Не мұңлық, бұл дүниеде қыздар мұңлық,
Атадан болып мұңлық неге тудық?
Атадан мұңлық болып тумас едік,
Бұрынғы ата-баба жолын қудық, – деп сыңсыған әуенге басты. Зал ішін қайта шапалақ кернеп, айқайлап, алқаған дауыстар басты. Жаңылып, орнымнан ертерек тұрып кеткенімді біліп, ыңғайсызданып жатырмын. Десе де екі ай дайындалып, ауылдың шағын клубын өзімізше безендіріп, сахналап шыққан қойылым жаман болмаған сыңайлы. Жетекшіміз бізді бір қатар ғып тізіп, өзі алға шықты.
– Құрметті халайық! Биыл жазушы Бейімбет Майлинның жүз жылдығы республика көлемінде аталып жатқанын жақсы білесіздер. Өзіміздің осы Көгілдір Дунай ауылындағы мектепке де сол кісінің есімі берілген. Біз мектептегі шығармашылыққа бейім, талантты оқушыларды іріктеп, жазушының “Шұғаның белгісі” шығармасынан шағын қойылым сахналадық. Уақыт бөліп келгендеріңізге рақмет! – деп, басын иіп, ізет жасады. Біз де оң қолымызды кеуде тұсымызға қойып, басымызды идік. Зал ішін тағы ду-қол шапалақ, айқай, ысқырық кернеді.
Пальтомды киіп, үйге жиналғанда барып бойымның мұздай бастағанын сездім. Екі ай дайындалып, бүгін нүктесін қойған қойылымға қатысушылармен қоштасып, сыртқа шықтым. Мырзашөлдің қарсыз қара суығы одан бетер қалтыратып жіберді. Пальтомның жағасын қысып ұстап, орталық көшені бетке алдым. Алыстан есектің аңыраған дауысы естілді. Әкемнің сұрланып орнынан тұра жөнелгені есіме түсті. Жалма-жан жағамнан қолымды түсіріп, сұқ саусағымды ортан теректің үстіне айқастыра қойып, екі қолымды алға созып жүріп келем. “Есек аңырағанда осылай істесең әке-шешең ұрыспайды” деп кішкентай кезімізден осылай жасайтын едік. Көшенің екі шетіндегі зәулім-зәулім үйлердің терезесінен әлдекім қарап тұрғандай бұл қылығымнан ыңғайсызданып та келем.
– Зағипа!
Алға созған екі қолымды тастай бере, артыма жалт бұрылдым. Сонадайдан бойы сорайып, тез-тез басып Манар келе жатыр. Жүзі алабұртып, жымиғандай болды.
– Үйіңе қайтып барасың ба?
– Иә.
– Елдің бәрін жылатып, тірі Шұғаны көрсеттің ғой бүгін.
– Рақмет! Мен жүре берсем бола ма? – дедім оның қадала қараған көзінен жүзімді тайдырып.
– Неге менен қаша бересің?
– Қашу болғанда... Өзің білесің, сөзге қаламыз, – дедім. – Сау бол.
Соңымнан оның қарап тұрғанын сезіп келем. Қанша қашсам да тұңғиығына тартып, тұншықтыра жөнелетін екіұдай сезім. Оның қасында қалғым келмейді, бірақ, кетуім де еркіммен емес сынды. Ауыр басып, алыстаған сайын оған жақындай түседі екенмін. Отты айналған пәруанадай тәуекелім жоқ бейбақпын. Өткен қараша айында Көгілдір Дунай жағасына серуендеп барып, кешті батырдық. Оныншы сыныпта оқитын біз – екі құрбым, сен досыңды ертіп алдың. Ауыл шетінде ғана тынып аққан Көгілдір Дунайға қарап отырып әрнені айттық. Көгілдір Дунайдың арғы беті – шетсіз де шексіз мақта атызы. Жазық даланың бір тұсына қызарып құлап бара жатқан күнге қарап, сен гитараңды қолға алдың. Қазақша-орысша бір-екі ән орындадың да, бізге жат бір әуезді әуелеттің. Теңіз жағасында отырғандай күй кештім. Шарбы бұлт арасында бір көрініп, бір көрінбей батып бара жатқан қызыл күн де теңізге сүңгіп бара жатқандай. Мұңлы, сазды әуеннің қайталанатын бір жолы бір естігеннен көкейімде қап кетті. “I Am Sailing...”. Тәтті ән, мейір қандырып орындап шықтың. Қас қарая ауыл жаққа қайттық. Үш жүзге жуық түтіні бар ауылдың өрістен қайтқан сиыры мөңіреп, азан-қазан. Екеуіміз қыз-жігіттерден арқан бойы артта қалып әңгімелесіп келе жатқанбыз. Сен оқыс тоқтай қалдың. Екі қолымнан тас қып ұстап өзіңе тарттың да:
– Сені жақсы көрем, ғашықпын, – дедің.
Денем тоқ соққандай дір ете қалды. Қолыңды сілкіп жіберіп, жүгіріп, құрбыларыма жетіп алдым. Әрнені сылтауратып маған келгіштей беретініңнен көңілің бар екенін сезіп жүргем. Өзімнің де төбеңді көрсем, оң-солым толыққандай хәл кешетінім рас. Бірақ, бұл сезім бізге жат, жат болуы керек. Оны сен де, мен де жақсы білеміз.
Орталық көшені өрлеп үйге бұрылатын тар көшеге жеттім. Еріксіз артыма бұрылдым. Қаққан қазықтай орныңда әлі тұрсың.
– Ей, қыз! Келдің бе?!
Қақпадан кіре бере шешем айқай салды. Қолындағы жуындысын есік алдындағы дәу шелекке төге салып, қолын білеп-білеп қойды.
– Таң атпай кетіп ең, не істеп жүрсің?! Күн батты.
– Клубта шара болады, түстен кейін келем деп айттым ғой, мама!
– Осы шара біткенге сен қатыспасаң, Дунайды су алып кете ме?! Кір үйге, бол! Сен үшін мен күйіп жатырмын мына жақта!
Бөлмеме кіріп, киімімді ауыстырдым. Есікті тарс-тарс ұрып шешем кіріп келді.
– Сен, немене, байы өлген қатын құсап шырыштай елдің алдында дода боп жылағансың! Бетіммен жер басып, кірерге тесік таппадым деп әкең келіп, маған ұрысты. О несі-ей, қағынып!
– Рөл ғой ол, мама! Шұғаның рөлінде ойнадым.
– Ой, ессіз қағыр! Шұға-пұғаңмен құрып кет! Әкеңнің не дегенін білесің бе, сен қыз! – деді шешем долданып. – Көрінген көз сүзетін біреу болмайын десе, мұндайын қойсын деп маған тебітті. Әруақ құсамай баттасқан бетіңді жу барып!
Есікті тарс жауып, шешем шығып кетті. Төсекке етпетімнен құладым. Қос алақанымды бетіме тостым, ыстық жас құйылды. Жапанда жалғыз қалғандай жан-дүнием жалаңаштанды. Мені мақтан тұтып, аздаған жетістігіме мерейі өсетін пенде жоқ екен мұнда. Бәрі өзгеріп кетті. Ана жылы ақша ауысқанда жиған-тергені сабанға айналып, түкке жарамай қалған әкемнің мінезі сол қазір – ештеңе жақпайды, болмайтын нәрсеге қыржиып-тыржиып жүреді. Әйтпесе, ауданның базарын басқарып, дәурені жүріп, сый-құрметтің бәрін көрген базарком кезінде мені жиын-тойдан қалдырмай, талай алып барды емес пе өзі. Алып барып қана қоймай, ән айтқызып, би билетті. Сыйлық алмай кеткен жерім жоқ. Өнерге әуестігім болса, солай қалыптасты. Жаңағысы не сөз? Өкпе-назымды шешеме айтып, әділетсіз қаралауға жол бергім келмеді. Бірақ, оған батылым жетпеді. Шалқамнан аунап түстім. Көзіме ұйқы тығылды.
– Тамаққа!
Селт етіп ояндым. Бөлме іші күңгірт тартып, қараңғылана бастапты. Холдан ыдыс-аяқтың сылдыры, ары-бері сырп-сырп басқан аяқ дыбысы естілді.
– Тамаққа келіңдер!
Асқа шақырған шешемнің дауысы тағы шықты. Орнымнан атып тұрып, есіктен сығалап қарадым. Ұзын қоңыр үстелге әлі ешкім отырмапты. Шешем ас үй жақта жүр. Сыртқа шықтым. Күн батып, ақшам кіріпті. Баяу соққан суық жел қалтыратып жіберді. Көгілдір Дунайдың қысын жек көрем. Мұздайсың да жүресің.
– Бір жерің ауырып отыр ма, өңің бозарып кетіпті? – деді шешем. – Сорпаны ыстықтай іш.
Үстелдің қарсысында отырған шешем үлкен кесеге жартылай құйылған сорпаны алдыма қойды. Қашанғы әдетінше әкем үстелдің төргі басында отыр, жанында досы әрі көрші Рүстем ағай. Бақыт ағам Рүстем ағайға қарама-қарсы жайғасыпты. Менен Бақыт ағама дейін төрт орын бос. Шешем мен Рүстем ағайға дейінгі аралық та сондай. Үлкен ағам Дәулет бөлек отау тігіп, екі апайым ұзатылып кеткелі ұзын қоңыр үстел ортайып, сәні кеткендей көрінеді. Баяғыдай емес, жиі келетін қонақтардың да қатары сиреген. Мен төменгі сыныптарда оқып жүрген кезімде радиодан атын естіп, теледидардан дидарын көріп қалатын әйгілі әнші, әртістерді де осы үстелдің басынан талай көргем. Солардың алдында ән салып, тақпақ айттым. Дастарханда ине шаншыр жер жоқ, тәтті-дәмдіге толып, самсап тұратын. Қоңыр үстелдің қазіргідей жұпыны, таздың басындай кезін көргем жоқ. Бұған да көз үйрене бастады. Бір жолы лиро-эпостық дастандағы зұлым кейіпкердің рөлін сомдап, танымал болған кино актері келді. Әкем атағы дүрілдеп тұрған әртістің алдына апарып, аузыма түкіртті. Таңдайым көң татып, сыртқа ұмтылдым. Актерді бір көріп қалу үшін аулаға топырлап жиналғандарды тиіп-жарып, үйді айналып үлгердім. Тамағым бірнеше күн ауырып жүрді.
– Тамақтың алдында бір алып қоялық онда, – деп, әкем қырлы хрусталь стаканға шөпілдетіп құйған арағын қолына алды.
– Алайық, – деп Рүстем ағай стаканды кеңірдегіне төңкере салды.
– Бұлардың да дұрысын таппайсың қазір, – деп, әкем ашырқанып, тұздалған қиярды кірш еткізіп тістеді.
– Қым-қуыт заман болды, – деп, Рүстем ағай да күтірлетіп қияр шайнады. – Сәбет тарайды деп кім ойлаған. Маған салса, бұрынғы өміріміз жақсы еді. Не болды, ал?
Әкем баяу басын изеп, қолына қасық алып, үрлеп сорпа ұрттады.
– «Үш күннен кейін көрге де үйренесің» демей ме, үш жыл да аз уақыт емес. Үйренген ештеңем жоқ. Мен енді сен құсап жалғанды жалпағынан баспасам да, маған сол өмір ыңғайлы еді, – деді Рүстем ағай. – Қанша жыл трактор айдап, жер аудардым. Қазір саусылдап бос жүргеннің көбін Мырзашөлдің даласы асыраушы еді. Жасыратыны жоқ, кейде жылағың келеді.
– Кеше Алматыда бес арысты ұлықтаған жиын өтті. Сондағы президенттің сөзін естідің бе? – деп, әкем екі стаканға арақ құйды. – Шүкір етесің кейде.
– Мен енді сен құсап газет-журналдың бәріне жазылып, хабар-ошардың бәрін жібермей тыңдайтын әдетім бұрыннан жоқ екенін білесің. Еңбек адамымын. Колхоз-совхозды таратып, талан-таражға түсірмей, сақтап қалуға болмады ма? Соны түсінбеймін.
– Тамақ іш, Рүстем. Айтпақшы, әлгі үйіңе жиі келіп тұратын грек тамырың көрінбей кетті ғой, – деді шешем.
– Көшіп кетті.
– Олар да кетті ме? – деді әкем. – Вин совхоздағы мен танитын орыс-немістің де көбі көшіп кетті. Шараптары тіл үйіретін еді.
Әкеме еріп ол совхозға талай барғаным есіме түсті. Жүзім піскен кезде жайқалған жүзім бағын аралап, қалағанымызша теріп алып кететін едік. Әкем әр жолы күйеуі жол апатынан қайтыс болған Мирабелла деген жас неміс әйелдің шаңырағына бір соқпай кетпейтін. Газ-24 «Волга» машинасының жүксалғышын ашып, ол үйге бірдеңелер қолтықтай кіретін. Ұзын бойлы, арықша келген ақсары әйелдің әкеме деген ықыласы да алабөтен. Барын алдымызға тартып, бәйек болатын. Түп жағы домалақ, ауыз жағы жіңішкелеу, сыртына сары түсті гүл бәдізделген ақ фарфор құмыраны ортаға қойып, әкем екеуі сыздықтатып шарап ішетін. Мирабелланың менен жасы кіші бір ұл, бір қызы бар. Біз жүзім бағына, кейде ауыл іргесіндегі көлге тартамыз.
– Мұның да Мирасы көшіп кетіп, жығылғанға жұдырық болып жүр, – деді шешем.
– Жынды ма, бала-шағаның алдында не айтып отыр?! Кел, Рүстем! Алып қояйық! – деп, әкем қырлы стаканына қол созды.
– Давай!
Әкем босаған стаканын үстелге қойып жатып маған алая қарады. Сасып қалдым. Әкеме қарамауға тырысып, тамаққа бас қойдым.
–Осы, Мәке, сізге бірдеңе айтайын, – деді Рүстем ағай тамағын кенеп. – Не жетісіп ақыл айтып отыр демессің, ойға келген сөз ғой енді. Талай жыл базарды басқардың, ол жақтың жағдайын әбден білесің. Таныс-білістерің де көп. Қазір жұрттың көбі Қырғыздан тауар тасып жатыр.
–Тәйт ары! Маған енді ала дорба арқалап, қатындармен бірге Қырғыз ас деп отырмысың?! Қап арқалап, қоңыз теретін күйге түсе қойғам жоқ әлі! – деп, әкем үстелді бір ұрды. Ыдыс-аяқ сылдыр етті.
– Ой, Мәке! Жай сөз ғой, сонша ашуланғаның не?! – деді Рүстем ағай.
– Жай сөз болса да, айтпа! Мені бейшара деймісің?!
–Мас болдың ба, қойсаңшы?! Рүстем әшейін айтып отыр ғой, – деді шешем.
– Айттым ғой, маған ақыл айтпаңдар! Өз ақылым өзіме жетеді!
–Тамағыңды ішіп болсаң, бөлмеңе бара бер, – деді шешем. – Ыдысты сосын жуасың.
Төсегіме келіп жаттым. Үстел басында әкем мен Рүстем ағай ғана қалған секілді. Әредік екеуінің жаймашуақ сөйлесіп отырғаны естіледі. Манар есіме түсті. Не істеп жатыр екен? Әлдебір әуезді жан-жүрегіммен сезіп, шүңетіне шым батып бара жатқандаймын. Зәу де болса ол да бір шер көкірек бейбақтың жан баласына айтпаған сырының ғазиз жүректен зарлы әуен болып қалқып ұшқаны шығар. Қалай еді өзі? А-а... Иә, “I Am Sailing...”, “I Am Sailing...”.
Көз жеткісіз жап-жасыл мақта атызы. Көгілдір Дунайдың ернеуі кең, жайылып ағатын осы тұсынан жайқалған мақта майсалары тіптен әсем көрінеді. Ол шеті мен бұл шеті бұлдырап жатқан жасыл теңіз іспетті жазық далада маңдай тері сорғалаған бейнетқор шаруалар жүр. Жыл сайын мамырдың мамыражай күндері жағалауға келіп жайғасып, көкке шығатынымыз өзіме ұнайды. Маған ғана емес, жағалауға келетіндердің бәрі жақсы көреді мұны. Қатты ыстық та жоқ. Жайлы маусым, жасыл дүние.
–Күн кешкіріп қалыпты, қайтайық. Мені іздеп қалады.
–Қайтайық, қайтайық, – деп, отырғандар оны-мұнысын жинастыра бастады.
–Біздікіне барып, біраз отырайық.
Көңілді отырысты бұзғандай қылығыма қысылдым ба, ойда жоқ ұсынысты ортаға салдым.
–Давай, давай!
Көктен іздегені жерден табылғандай бір топ қыз-жігіт шу ете қалды. Асығыс-үсігіс жиналып, иек астындағы ауылға тарттық. Дос-жарандарды үйге шақырып, қонақ етуге әке-шешем ешқашан қарсы болған емес.
Шешем екеуіміз сықитып дастархан жайдық.
Қонақтар келді. Әрқайсымыз әрнені айтып, мәре-сәре болдық. Манар ән айтты, би биледік.
– Жақында бір керемет дастан оқыдым. Соның хикаясын айтып берейін, – деді Манар түннің бір уағында.
– Сенің білмейтінің, оқымайтының жоқ қой, – деді қыздардың бірі.
Манар ұзақ, сюжеті шым-шытырық ғашықтық дастанды баян етті. Қорқынышты, аянышты жеріне жылап та алдық. Кино көргендей қызығына әбден баттық.
– Теңізде қарық болып, тақтайға жабысып аман қалып, иен аралдан бір-ақ шықты. Маймылдар еліне патша болды, одан қашып үлкендігі мысықтай қаптаған құмырысқаға жем бола жаздады. Одан да аман құтылды. Қысқасы, небір қиындық көрсе де мұқалмады. Бірақ, қапияда бір көріп, өзегіне от түсірген перінің қызын айтсаңшы. Соның алдында ғана дәрменсіз, бейшара пендеге айналды. Ауыр, өте ауыр дерт тапты. Күйетінің сол ғой, ол қызға қолы жетіп, еліне алып қайтқан жолында қайран ару жолбарыстың жемі болды. Бүкіл дүниені тәрк етіп, қыз моласы жанынан өзіне де көр қаздырып, ажалын күтеді. Ақ қырау шал болғанша ұлы сезімнің адал күзетшісі болып, айдалада өмірі өтті. Қалай тебіренбейсің?! Алғаш оқығанда мен де жыладым, – деп, Манар сәл жымиып қойды. – Бәріміз де бір-бір күзетші шығармыз. Бәлкім, ол – бүкіл ғұмырға татитын бір сәт немесе басқа нәрсе. Не қастерлі, не ұлы? Соның жоқшысы, соның күзетшісіміз. Моласы мына жерде.
Манар оң қолымен жүрек тұсын басты. Бөлме ішін өлі тыныштық жайлап, үнсіз қалдық. Терезеден рауандап атқан таңның нышаны байқалады.
–Әй, данышпан! Әңгімеңнің аяғын түсінбедік, – деді қыздардың бірі.
–Таң атып қалыпты, қайтайық, – деді тағы бірі.
Топырлап далаға шықтық. Әркім әр жаққа кетті. Жол бойында Манар екеуіміз ғана қалдық. Ол иығына асқан гитарасын түзеп:
–Бүгін бір жақсы күн болды, саған рақмет, – деді.
–Несін рақмет айтасың, әнің де, әңгімең де күшті болды.
–Жұлдыз аққанда тілеген арман-тілегің орындалады дейді ғой, менің әр түні не тілеп жүргенімді білесің бе? – деп, Манар аспанға қарады.
–Қайдан білейін.
–Өліп қалсам екен деймін.
–Қойсаңшы жаман сөз айтпай.
–Зағипа!
–Ау.
–Сені сүйем.
Ол мені қапсыра құшақтап, ернімнен сүйді. Буын-буыным дірілдеп, оның мойнына қалай асыла кеткенімді өзім де түсінбей қалдым. Тіл жеткізе алмас ләззатқа батып, Манардың құшағына тығыла түстім. Гүрілдеген машина дауысынан екеуіміз де есімізді жиып алдық. Ескі, шағын автобус жанымыздан зу етіп өте шықты. Автобус толы әйел. Кір басқан терезеден үңіліп, күн сала қарағандары да болды.
–Мына Қырғызға кетіп бара жатқан қатындар қайтып келген соң ауылдың әңгімесі екеуіміз боламыз енді, – деді Манар.
Бойымды қорқыныш билеп, үй жаққа жүгірдім. Манардың айтқаны келді. Бір аптадан соң ауыл іші дүрлікті. Әкем бүк түсіп жатып қалды, шешемнің тілі екі метр ұзарды.
–Байсыз қалам деп жүрмісің сен қаншық! Елдің бетіне қараудан қалдық! Тапа-тал түсте көшеде жігітпен сүйісу деген не масқара! Бір атаның балалары емес пе мұндағылардың бәрі! Неге соны ойламайсың?! Қалай дәттерің барады азғындар!
Сыртқа шықпай, үйде қамалдым. Манарды ойлаймын. Жағдайы не болды екен? «Жолдан шыққан азғын» атанып, Манардың өлімші болып таяқ жегенін де естідім. Маусымның үшінші жұлдызы, түс қиған мезгілде Манардың қайтыс болғанын естідім. Өзін Дунайға атыпты. Жағалауда қалған бас киімі мен гитарасын көргендер каналды сүзіп жүріп, сүйегін тауыпты. Өң мен түс секілді бұлыңғыр өмірдің есігіне енгендей есеңгіредім. Шешемнің жаны қалмады. Күндіз-түні мені күзетіп жүргенін байқаймын. Гүлдей солып, әруаққа айналдым. Күн мен түнім ауысып, беймезгіл ұйықтаймын, беймезгіл оянам. Кейде жылап, кейде айқайлап атып тұрам. Шіліңгір ыстық басталған маусымда ептеп ес жия бастадым. Сыртқа шықсам, шешем көлеңкеде білегін түріп, тау болып үйілген кірді жууға кірісіпті.
– Айналып, біраз жүріп қайтайын.
–Сөйте ғой, құлыным! Жата берген жақсы емес.
Әуе айналып жерге түсердей аптап ыстық. Қақпадан шығып, Көгілдір Дунайға тарттым. Манар суға кетіп өлгенде әкесі сол маңға құлпытас қойғанын естігем. Естігелі көргім келген. Ілбіп келем. Әр нәрсені ойладым.
–Сәлеметсіз бе, әпке! – деп қарсы алдымнан жолығып, сыпайы амандасқан бейтаныс бала ойымды бөліп жіберді. Өңі күнге күйіп, қап-қара болып тотығыпты. Бір жерден көрген секілдімін, бірақ, есіме түсіре алмадым.
–Құлпытасқа барасыз ба? Жүріңіз, мен ертіп барайын. Ана жақта, – деп, ол қолымнан жетелей жөнелді.
Қолы түрпідей, тікенек қадалғандай алақаным дызылдап кетті. Қадала қараған өткір көзі өңменімнен өтіп кетті. Бойымды үрей билеп, қолымды жұлқа тартып, әзер босатып алдым. Алды-артыма қарамай, үйге зыттым. Аулада темекі тартып отырған шалдауыт кісі сүріне-қабына қақпадан кірген маған аңтарыла қарады.
– Кімді іздеп жүрсің, қызым?
– Ешкімді, өз үйім ғой бұл.
–Өй, Сен Зағипамысың? Амансың ба, айналайын. Ауылға ат ізін салмағаныңа не заман? Әке-шешең қайтыс болған соң бұл үйді біз сатып алғанбыз. Иманды болсын о кісілер. Одан бері де жиырма қанша жыл болды. Әттең, зырлаған заман-ай! – деп, шалдауыт кісі темекісінің күлін қағып, күрсініп жіберді.