Архивтің білдей бір директоры бола тұра Самал бүгін жұмысқа әдеттегіден кешігіп келді. Бәрібір күйіп-жанып жатқан ештеңе жоқ, жылдар бойы жылжымай, қозғаусыз мелшиіп тұрған қағаз қораптарды жау алар деймісің деп ойлады іштей. Кейінгі кезде Самалды күн ұзақ айналдыра беретін қол диірменнің қыша тасындай мұрағаттағы бірсыдырғы жұмыс жалықтырып жүр. Жұмысын мұншалықты жұпыны сезініп жүргеніне не себеп болғанын өзі ғана біледі. Анығында қызметтері жайлы шалқып сөйлеп, қасындағыларды әңгіменің қызығына елітіп отыратын журналист, әнші құрбыларымен кездесуден кейін көңілі біртүрлі пәсейіп, жұртта қалған бір құшақ отындай оқшауланып қалатыны бар. Осындай әңгімелерден кейін оған архивші деген көнеден жеткен архаикалық кәсіп сияқты көрінеді. Содан болар, соңғы кездері өзін «архивариуспін» деп таныстыратынды шығарды. Самал бұрын-соңды көп қолданылмайтын бұл сөз бүгінде сәнге айналған блогер, мобилограф сияқты сиқырлы әуезімен елді еліктіруі мүмкін деп топшылады.
Таласа айтатын тартымды оқиғалар легі өздерінен асып-артылатындықтан, құрбылары да архивариусты кәсіби тақырыпқа онша жетектей қоймайды. Бірде қызды-қыздымен кеңселік лепірмеге кеңінен араласып кетіп, өзінің де әжептеуір шешілгені тұсы бар. Әңгімесін әсерлі етіп жеткізгісі келді ме, әйтеуір, архивтің құжаттар қоймасында саяси қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жапа шеккен адамдардың рухтары оқтын-оқтын кезіп жүретінін біреу естіп қоймасын деген секеммен сыбырлап айтып берді. Жалғыз қалғанда құлағына олардың дем алғаны мен аяқ тырсылы естіліп, ара-тұра алакөлеңке бейнелер байқалып қалатынын аз-кем әсірлеп келтірді. Тіпті ғалымдар сол кезеңдегі тарихи деректерді іздегенде, болмаса олар жайлы жазылған құжаттарды өңдеу кезінде рухтар әлемі дегбірсізденіп, ақырында су құбыры жарылып, ойда-жоқта жалп етіп жарық сөніп қалу сияқты мистикалық жағдайлар кездесіп тұратынын ынты-шынтысымен айтты. Менің білуімше, сол архивтік құжаттардағы жансыз деректер мен тергеуде болған адамдардың аспанға ұшып кеткен жадылары арасында беймәлім тылсым байланыстар бар, деді сөзінің аяқ жағын жұмбақтай түсіп. Қасында отырған журналист келіншек түкке түсінбеген ыңғай танытып, жын ұрғандай екі иығын селкілдете күлді, әнші құрбысы да қарап отырмай «үрейлі фильмдерді көп көре берме, жүйкеңе зияны тиеді» деп өзін келеке етті. Самал түсініктері әлеуметтік желілердегі әлем-жәлем жаңалықтардың аясында қалып қойған қос сұлудың әпербақан қылықтарына біртүрлі ренжіп қалды. Бастапқыда бұлқан-талқан болып екеуін енді көрместей болып, үйіне қайтып кеткісі келген. Бірақ көтеріле тұрып кетуге ерік-жігері жетпеді. Мұндай танымал құрбыларды енді қайдан табасың деп тұрғандай болды ішкі дауысы. Сосын марқұм анасының осындай сәттерде ұдайы айтатын «битке өкпелеп тоныңды отқа жақпа» деген сөзін есіне алды да, өзін сабырға шақырды. Енді басымыз тағы қосыла қалса бұларға архив жайлы ләм-мим деп жұмған аузымды ашпаспын деп іштей өзіне уәде берді.
***
Самал кабинетіне кірген бойда әдеттегідей бір кесе кофесін ішті де, кеше кешкісін төртінші қабаттағы қойманың төбесінен су ағып тұрғаны есіне түсіп, жасалған жұмысты тексеріп қайтқысы келді, артынша бұл ойынан бас тартты. Отыздан жаңа асқан орынбасары, шаруашылықты жақсы меңгерген зіңгіттей жігіт тұрғанда әйел басымен ұсақ-түйек жұмысқа араласа беруді оғаш көрді. Үстел үстінде жатқан қағаздарды аударыстырып, Норвегияның әлемдік арктикалық архивінен келген хатты оқи бастады. Мәтіннің аударма бөлігін екінші қайтара оқи отырып, таяуда Самарқандта өткен халықаралық конференцияда өзбек әріптестері сөз қылған «Ақырзаман архиві» осы екен ғой деп ойлады. Хатта норвектіктер Қазақстаннан аса құнды құжаттар мен өнер өнімдерінің көшірмесін өздеріне ресми түрде жолдаған жағдайда, мұзбен құрсауланған мұрағатта мың жыл сақтауға кепілдік беретіндерін жазыпты. Мың жыл... Не деген ұзақ уақыт...
Кенет құрбыларының әнеукүнгі архивті әжуаға айналдырған оқиға ойына қайта оралды. Сол кездесу оның ми қатпарларында міз бақпай жатқан қара тасты қозғап жіберген сияқты көрінді. Соның әсері ме, соңғы уақытта санасы сан-саққа жүгіріп, әрнені ойлай беретін боп жүр. Жадысы құдды компьютер программаларын қайта форматтау үдерісін бастан кешіп жатқандай балалық шағының кей бір келеңсіз, көңіл жабырқатар сәттерін де көз алдына келтіретін тәрізді ме?. Келемеждеп күлетіндей архив соншалықты сорлы жұмыс емес қой, деді зығырданы қайнап. Бір сәт мың жылда майыспайтын мық шегедей аяулы архиві көзіне ыстық көрініп, шаң басқан қағаз қораптары алтын салынған сандықтай елестеп кетті. Өздері не жетістіріп жүр екен? Әнші құрбымның тойларда хит болып жүрген әні енді бір-екі айдан соң құмға сіңген судай ізім-ғайым жоғалып, құрдымға кетеді. Журналист келіншектің де елді елең еткізетін сенсациялық жаңалығын ел ертең-ақ ұмытады. Қолындағы бір бума қағазға қадала қарады да, мекемелердің мұрағатқа құжаттар тапсырудың жылдық кестесіне көз жүгіртті. Міне, мына құжаттардың бәрін парақтап санағанда ішінде мыңдаған ақпарат жатыр. Егер, деді ол, өзімен-өзі сөйлесуін жалғастырып, бүкіл елді он екі мүшесі сау, екі иығының ортасына қауашағы қадалған адам деп елестететін болсақ, архив сол адамның мыйындағы өмірбақи көрген-түйгенін жинақтайтын жадысы емес пе? Адамның жады жоғалса, ол кеуекбас жынды боп кетпей ме? Самал мұндай ғылыми пәлсапалық ойлардың өзіне қайдан кеп жатқанын толық түсінбеді. Жақында ғана адамның бұрын көрген, білген, естіген нәрселерін ойында ұзақ сақтап, қажет кезінде қайта жаңғыртып тұратын архетип жайлы психологиялық кітап оқып шыққаны есіне түсті. Соның әсері шығар деп түйді. Одан ұққаны архетип адамның есінің терең түкпірінде жатқан мыңдаған ақпараттар архиві. Иә, солай. Елдің архиві - естің архиві. Қандай қисынды ұқсастық. Самал осы ойлардың жетегімен түпсанасында құпия жатқан жеке архивін ақтарып жатқанын өзі де аңғармаған еді.
***
Таң бозынан құдықтан су тасып, үй жинасып, анасына біраз қолғабыс жасаған Самал қабырғадағы сағатқа қарап еді түскі он екіден асып кеткен екен. Сабақ уақыты таяп қалған соң ол апыл-ғұпыл киініп, арқасына сөмкесін іле сала мектепке қарай зымырады. Мектеп ауласына аяқ басқаны сол еді жез қоңыраудың үні сыңғырлай жөнелді. Қарсы соққан желден жүгерінің шашағындай шатысып кеткен кекілін қолымен түзеп сыныпқа асығыс кіріп келгенде мұғалімнің әлі келе қоймағанын көріп көңілі жадырап қалды. Самалдың кірпік қағар уақыттағы жаңағы кідірісін құр жібермей қыршаңқы Кәдірбек оның озат оқушылар отыратын алдыңғы қатардағы күнделікті орнына жайғасып та үлгеріпті. Самал мүйізі жаңа шыға бастаған бұқашықтай одырая қараған бұзақы баламен тәжікелесіп тұрғысы келмей оның оң білегінен тартып, қастарын қозғап орнымды босат деген ишара жасап еді, үнемі шатаққа ілігіп жүретін Кәдірбек шыбық тимей шыңқ етер мінезіне салып, сөзбен төпелей жөнелді.
- Кетші әрі, бұл сенің сатып алған орның емес. Біле білсең алдыңғы партада тек біздің ауылдың балалары ғана отыруы керек. Ал сені Жамалкүл апа қаладан тауып алған, деді көзі алақ-жұлақ етіп.
Қапелімде состиып үнсіз қалған Самал оқушылардың дүр етіп орындарынан тұрып жатқанынан сырт жағынан мұғалімнің сыныпқа кіргенін сезді де, сотанақпен салғыласып тұруды жөн көрмей соңғы партадағы бос орынға барып отыра кетті. Кешкісін үйге келгенде Самал анасына сабақ басталар алдындағы жайсыз әңгімені бастан-аяқ айтып бергенде Жамалкүл біресе қызарып, біресе бозарып отырды да «ол жүгермек сенің жақсы оқитыныңды көре алмай көки береді, әйтпесе әкең екеуіміздің көзіміздің ағы да қарасы да сенсің ғой» деді біртүрлі жұмбақтап. Бұдан кейін бұл әңгіме кілт үзіліп, есінде үздік-создық қалғанымен ойын баласы Самал көп ұзамай болған оқиғаны ұмытып кетті.
1984 жыл. Түс әлетінде мектеп бітірушілердің қызыл аттестатын қолына қысып, қуаныштан жүзі бал-бұл жанып үйге кірген Самал ауызғы бөлмеде тұрған анасын қапсыра құшақтап, «апа, аттестатымның көрімдігін дайындай беріңіз» деді. Ғұмырындағы алғашқы жетістігіне сәбише шаттанған ол, анасын мейірлене қысып, кіршіксіз көңілмен жүрек түбіндегі ақ тұма тілектерін риясыз ақтарды.
- Апа, әкем екеуіңізге айтар алғысым шексіз. Менің жүрегім де, тірегім де сіздерсіздер. Өмірге әкеп, мәпелеп өсірген өздеріңіздей ата-анасы бар мен бақытты жанмын.
Көптен күткен қуанышқа анасы да шыдай алмай көзіне жас алды. Сүйінші жаңалықты сырттан естіп даладан дабырлап сөйлеп кірген әкесі үшеуі ішкі бөлмеге еніп, алдын-ала жасап қойған дастарханға жайғасып, ертең Самалдың оқуға құжат тапсыру үшін Қарағандыға жүретін жол қамын сөз етісті. Кешкісін анасы қызымен бірге төргі бөлмеде жолға алып кететін киім-кешектерді жинастырып, көйлектерді бүктеп чемоданға салды. Кенет Жамалкүл қарсы алдында отырған қызына үнсіз қарап, бұрын-соңды айтылмаған сырдың тиегін ағытқысы келетін ыңғай танытты. Ымыртта сыздықтата басталған бұл әңгіменің соңы күркіреген күндей әп-сәтте Самалдың жаздай жайнаған көңілінің күл-талқанын шығаратынын әуелде ешкім бағамдамаған болатын. Бала күнінде бір естіп, кейіннен көңіліндегі күдік енді сейіле бастағанда мұндай әңгіменің дәл анасының ауызымен айтылғанына төбесіне жай түскендей есеңгіреп қалған ол жылаған күйі беті ауған жаққа қарай жүгірді.
Маусымның жұлдызы жамыраған тымық түнін жаңғырықтырып, жарыса айқайлап, Жаратқан берген бір тал қыздарын өкпелері өшіп іздеп жүрген Есен мен Жамалкүл шөп қораның жанына сәл-пәл аялдаған-тын. Жамалкүл ептігін баспастан шалының алдында кінәлі баладай ақталып, тоқтамай сөйлеп жатыр. Арадағы сүт пісірім уақытта екі көзі бұлаудай болып ісіп кеткен Самал жаңа біразда шөп қораның бір бұрышына келіп тығылған болатын, енді екеуара әңгіменің бәрін үнсіз естіп жатыр.
- Мен бейбақ, былай боларын қайдан білейін? Құрып қалғыр қу ауызым, өстіп әрнәрсені бір лағып кететіні бар. Бекер-ақ айттым ба дейін десем, қызымыз бойжетті, ақыл тоқтатты, енді бұйырса алысқа оқуға кетіп барады. Құдайдың шындығын қазір айтпағанда қашан айтамыз? Біздің жасымыздың ұлғайып тұрғаны мынау. Алда-жалда олай-бұлай боп кетсек, арғы дүниеде Алланың алдында не жауап береміз?
Есен әйелінің сөзін әуелгіде үндемей тыңдап тұрды. Аңғырттығына ашуланып, еркектік мінезге салып бір-екі рет ашумен сыбап алғысы келген, бірақ айтып тұрғаны айдай ақиқат болған соң өзін сабырға шақырып, тілін тістеп тұрып қалған-тын. Бірақ бәрін түсініп тұрса да ішіндегі дүлей күш түсінгісі келмегендей, түсі түнеріп, ақыры түйінді сөзін тарқатты.
- Соңғы демің қалғандай соншама асығыс айтатындай не көрінді саған? Тіпті, екеумізге ғана ортақ сол сырды айтпай-ақ өліп кетсек, құдай тағала қыздарыңнан жасырғандарың үшін берген жазам деп бізді бірден тозақ отына тастай қоймайтын шығар?
Есен ай сәулесімен жердегі жыпырлаған жұлдыздардай мұнартып көрінген ауылдың шетіндегі шошақ күмбезді бейіттерді иегімен нұсқап сөзін жалғады.
- Анау молада қаншама адам мәңгілік мекенін тауып жатыр. Сенің ойыңша, солардың бәрі бұл жалғанда біліп, білмей жасаған күнәларының бәрін арғы дүниеге аттанарында жақындарын жинап алып жіпке тізгендей жариялап кетті дейсің бе? Әрине, жоқ. Бірақ дәл содан тіршіліктің тынысы тоқтап, дүние төңкеріліп кеткен жоқ қой?
Есен тағы үнсыз қалды. Көз алдына Жамалкүл екеуі осыдан он жеті жыл бұрын Целиноград темір жолына қарасты перзентханада дүниеге келген шақалақты жөргегіне орап жасырын сыртқа алып шығып, барымтадан қайтқан баукеспе ұрылардай түн ішінде ауылға әкелгендері келді.
***
Екеуі отасқалы біраз жыл өтсе де Жамалкүлдің құрсағына құлып салып қойғандай бойына бала бітпей қойған еді. Ертеңгі күннен үміті бар пенде болғаннан соң екеуі шығынсынбай үш жүз шақырым шалғайда жатқан облыс орталығына арнайы келіп, дәрігерлерге үзбей қаралып жүрді. Дәрігер біткеннің бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай «белгілеген емді бұзбай уақтылы қабылдасаңыз, алдағы екі-үш жылда белгі беріп қалады» деп алдарқатып қояды. Сөйтіп, салақұлаш қағазға сантүрлі дәрілерді сойдақтатып жазып береді. Енді міне, емексіте айтқан үш жылдары да өтіп барады. Бұл жолы абысыны мақтауын жеткізген Целиноградтағы мынау деген мықты гинекологқа бара жатыр. Не дейсің, бұл дәрігер дәстүрлі ем-доммен бірге жасырын түрде халық медицинасының тәсілдерін қолданып, шөппен емдейді екен деген соң шипасы табылса осы жолы табылып қалар деп жорамалдаған болатын жолға шығарда. Ол кезде Жамалкүл баласыздық дертінің «емі» мүлде басқаша жағдайда табылатынын тіпті ойламапты. Есен қалаға кірген бойда қалтасына ауылдан шығарда құнттап салып қойған Елена Викторовнаның жұмыс орнының мекен-жайы мен қызмет телефоны жазылған қағазды алып, алғашқы кездескен аялдамада автобус тосып тұрған қауғасақал орыстан теміржол перзентханасына қалай бару керектігін тәптіштеп сұрап алды. Темір жол вокзалына екі оралымдай жерде орналасқан перзентхананың сырты бір қарағанда еңсеңді басып тұратын қоңырсарғыш түспен боялған екен. Екеуі ішке енісімен анықтама бюросында отырған әдеміше келген ақ құба өңді қазақ қыздан гинеколог дәрігердің кабинетін сұрады. Қазақша сөйлеп тұрған ауыл адамдарын кездестіргені көзіне ыстық көрініп кетті білем, бірден орнынан атып тұрып «сәлеметсіздер ме, ол кісі кабинетінде шығар, мен қазір біліп келейін» деп қағылездене дәлізге шығып, бірінші қабаттың соңындағы кабинеттің есігін қағып, соңынан жұлқа тартып көрді. Артынша орнына қайта оралып, сол бөлімнің қызметкерлеріне телефон шалып, мән-жайды анықтап жатты.
- Аға, апа, айып етпеңіздер, сіздер қабылдауына келген Елена Викторовна бүгіннен бастап ақысыз демалысқа шығып кетіпті. Жақында Ресейде тұратын туысы қайтыс болған екен, енді бір аптадай жұмыста болмайды деп жатыр.
Жамалкүл бұл қыздың жаңа дәлізде кетіп бара жатқанында ылдым-жылдым қимылдағанына қарамастан аяғы ауыр екенін сезіп қойды. Сыртынан іші жартылай толған айдай біршама доғаланып қалғанын байқаған. Жүкті болған соң Елена Викторовнаның ақыл-кеңесін алып жүрген шығар, қолының шипасын бір білсе осы қыз білер деген үмітпен суыртпақтап әңгімеге тартып көрді.
- Әй, сіңлім, қазақта «айлас әйел мұңлас» деген сөз бар. Байқауымша екіқабат сияқтысың. Осы жерде жұмыс істеген соң әлгі гинекологты жақсы білесің ғой. Мен біраздан бала көтере алмай, әйелдердің ауруына ем іздеп жүр едім. Жұрттың бұл кісіні шөппен емдейді дейтіні рас па?
Қыз қысылыңқырап, жауап берудің орнына төмен қарап, онша шешіліп сөйлескісі келмей тұрған сыңай танытты. Бірақ көкейінде жатқан сырды бөлісетін адам іздеп, бірдеңе айтқысы кеп тұрғаны мұңға толы жанарынан аңғарылады. Түскі ас ішетін уақыт таяп қалған болатын. Жамалкүл кезекші қыз жұмыс орнында ондай мәліметтерді беруге қорқақтап тұрған шығар деген оймен, перзентхана жанындағы кафеге шақырды.
- Айналайын сіңлім, Целиноградқа келгенде қазақша сөйлейтін адам кездестірсек туысымызды көргендей мәре-сәре боп қалатынымыз бар. Түс кезі ғой, жүр, екеуіміз көшенің арғы бетіндегі асханадан шәй ішіп қайтайық, деді жылышырай танытып.
Кезекші қыз бәлсінбей ишарамен бас изеді де, «күте тұрыңыз, қазір шығамын» деп үстіндегі ақ халатын шешіп, қабырғаға ілінген қара түсті пальтосын киюге ыңғайлана бастады.
Екеуі кафенің шеткі терезесінің тұсындағы екі адамдық бос орынға келіп жайғасты. Онсыз да біраздан ой қаужап, торығып жүрген қызға жаңа танысының өзгеше аналық бейілі қатты әсер етіп, орындыққа отырған бойы еңкілдеп жылап жіберді. Жамалкүл күтпеген жағдайға ә дегенде дағдарып қалғанымен, ойын тез жинақтап, жұбатып, неге қамығып жүргенін сұрады. Қыз көзінің жасын тыйып, соңғы бір жыл бедерінде басынан өтіп жатқан шым-шытырық оқиғаны жасырмай жайып салды. Айтуынша, медицина институтының үшінші курсында оқиды, қазір темір жол перзентханасында оқу-тәжірибе курсынан өтіп жүр. Шіркін, жастық шақта адамдар жаңылыспай тұра ма? Осындағы инженерлік құрылыс институтында оқитын біраздан сөз байласып жүрген жігіті өткен жылы әскерге аттанған екен. Әскери бөлімше жауынгердің үлгілі қызметі үшін биыл қысқа мерзімді демалысқа жіберген болатын. Содан не керек, қос ғашық ғазиз сезіммен қауышып, біраз күн жүректердегі махаббат оты маздап жанып, сағынысқан жандар бірнеше түн мауқыларын басады. Көзді ашып жұмғанша демалыс уақыты тәмамдалып, жауынгер жігіт әскерге қайта аттанады. Сүйген жұп қоштасарда енді бір жылдан соң үйленіп, отбасы құратын болып уағда жасайды. Жігітінің аттанып кеткеннен кейін бір аптадан соң оқу корпусының оң жағында орналасқан пошта бөлімшесінен «аман-есен жеттім» деген жеделхатын алып, тілдей қағазды сүйіп, ғашығын құшағына қысқандай сезімді бастан кешірген. Арада бір айға жуық уақыт өткенде таңертең төсектен біртүрлі жүрегі лоблып оянды. Алғашқыда студент атаулының бәріне тән гастрит шығар деп ойлаған. Басылатын түрі байқалмады. Келесі күні керісінше өршіп бара жатқан тәрізді көрінді. Кешкісін шылаужын құшақтап құсып жатқанын көрген құрбысы өзінің көңілінде жүрген күдігін жасырмай айтты. Ертеңінде таңертең екеуі дәрігерге барып, анализ тапсырды. Егделеу келген дәрігер әйел көп күттірмей, өзіне қайта шақырды да студент қыздың аяғы ауыр екенін айтып, жас аналардың күтімі бойынша кеңестерін асықпай айтып берді. Гинекологтың консультациясы құлағына еміс-еміс естіліп жатқанымен оның ойы мүлде басқа қиырды шарлап кеткен еді. Көз алдына ауылдағы әке-шешесі келді. Бір жапырақ қыздарын екі көздері төрт болып күтіп жүрген қос қарияға байқаусызда некесіз жүкті болып қалдым деп қай бетімен бармақ? Жігітіне жеделхат жолдаса ше? Жоқ, ол да болмайды. Жігітінің сыры өзіне мәлім. Сырт көзге сыпайы көрінгенімен өте қызғаншақ адам. Былтыр әскерге кетпей тұрғанда жатақхана жанында курстас жігітпен оқу жайында сөйлесіп тұрғандарын көріп, екі күн тергеп-тексергені бар. Мына күтпеген жағдайды естісе ол сенбек түгілі, керісінше тулап шығуы мүмкін деп ойлады. Мұңайып отырып, әскери тәртіп қатал ғой, бірдеңге ұрынып қалса қайтем, деді өзінің бейшара халіне қарамай сүйіктісін мүсіркеп. Бір уақ жігітінің ата-анасына барып, мән-жайды бүкпесіз жайып салғысы келді. Осы тоқтамын құрбысына айтқанда ол жұлып алғандай, «мәә, сен оларға не деп бармақшысың? Саған кім сенеді? Баламыздың атына кір келтірмей, аулақ жүр деп үйлерінен қуып шықса өзің қарабет боп далада қаласың ғой» деді. Сол әңгімеден бері де алты ай өтіпті. Өзін-өзі мүжіген байғұс қыз соңғы күндері барар жер, басар тау қалмағанын анық ұқты.
Жамалкүл қыздың әңгімесін бөліп-жармай, бастан-аяқ сабырмен тыңдады да, оның қаздың балапанындай сүйірлеу келген нәзік қолының сыртынан қысты.
- Қарағым, менің саған шынымен жаным ашып отыр. Қарап отырсам болар іс болып, бояуы сіңіп қойған екен. Енді сен жастыққа салынып, бірдеңе ұрынып қалмашы. Мен саған мынаны айтайын, сен тыңда. Екеуімізді құдай жолықтырып тұр. Өзің айтқандай барлық жолың тығырыққа тіреліп тұр екен. Баланы алдырып тастайтын уақыттан баяғыда асып кеткен сияқты. Ашығын айтайын, ақылың болса баланы бізге, анау тұрған ағаң екеуімізге бер. Обал-сауапты білетін бір қазақтың балаларымыз ғой. Алла көріп тұр, егер келіссең, келешекте дүниеге келетін нәрестені қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өзіміз мәпелеп өсіруге құдай алдында уәде беремін.
Қыз ойланып қалды. Ертең осы уақытта екеуара қайта кездесейік деп келісті. Келесі күні перзентхана ауласындағы орындықта қыз түні бойы ұйықтамай дөңбекшіп ойланып шыққанын, ақырында басқадай ешқандай жол таппағанын еңкілдеп жылап отырып жеткізді.
Уәделі әңгімеден кейін Есен мен Жамалкүл араға үш ай салып қыздың босанады-ау деген болжамды уақытына туралап Целиноградқа қайта келді. Бастапқыда қаладағы таныстарының үйінде үн-түнсіз екі-үш күн жатыңқырап қалған-тын. Бүгін сәске кезінде қыз алдын-ала келіскен телефонға қоңырау шалды. Өзінің алдыңғы түнде аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алғанын айтты. Дүниеге періштедей қыз келген екен. Нәрестенің анасы дауысы дірілдеп, бүгін дәрігерлер қағаздарын дайындап жатқанын, келісім бойынша түстен кейін өздерін әпке-жездесі ретінде перзентханадан алып шығуларын сұрады. Екінті шамасында екеуі қолдарына гүл шоқтарын ұстап, перзентхана алдына келді. Жас ананы сәбиімен сыртқа алып шыққан медбике қыздарға гүл мен торт сыйлап, алғыстарын аямай жаудырып, төртеуі машинаға қарай беттеді. Жамалкүл көлікке отырысымен, нәрестені қолына алды да, алдын-ала кішкентай бөтелкеге құйып алған қайнатылған суды аузына тамызып көрді. Есен ләм-мим деместен машинасын үйреншікті жолға бұрып, келесі көшенің бойындағы жатақхана маңына жас босанған ананы қалдырды да, артқы орындықта шырылдап жылап жатқан шарананы кеудесіне қысқан жұбайын алып ауылдарына тіке тартты.
***
Елудің етегіне аяқ іліктірсе де Самал құлын мүсінімен отыздағы ойнақтаған келіншектей жұтынып тұр. Келісті кейпімен жігіт-желеңді желпіндіріп, желіктіріп жүретін оған сырлас әйелдер сырттай қызыға қарайды. Күлім көз, оймақ ауыз, қынама бел қалпын сақтауының сырын сан-саққа жүгіртеді. «Е, күйеуі жайлы болса, әйел деген өстіп оттай лаулап, шоқтай маздап жүреді ғой» деп төмен етектілерге тән қылықпен тамсанатындары бар. Айтса, айтқандай-ақ Аққозы Самалдың бағы да, бары да, нары да болып кездесті. Алтыншы сыныпта атақты «Артек» лагеріне барар жолда танысқалы бері арада қырық жылға жуық уақыт өтсе де сол баяғы аңғал бала көңілінен еш айнымаған. Отасқалы бері тіл безеп, дөңайбат қылық жасап көрмепті. Атына заты сай, қозыдай қоңыр мінезімен сүйкімді қалпын бек сақтап келеді. Әлі есінде бүкілодақтық балалар лагеріне арналған ауданға бөлінген жалғыз жолдама белсенділігімен танылған үздік оқушы Самалға берілгенде ауыл-аймақ түгел шулаған-тын. Тіпті аудандағы кейбір дөкейлер балаларын арнайы тізімге қоса алмағанына опынып, айдаладағы ауылдың тұлымшағы желбіреген құртақандай қызының жолдамасына жағаласып, сапарға кедергі жасағылары келгенін де кейіннен естіген. Не керек, «жүгірген жетпес, бұйырған кетпес» дегеннің керімен анасы екеуі діттеген күні Целиноградтың темір жол вокзалына келді. Лагерьге жиналған кілең орыс, неміс балаларды көргенде анасының «ойбуй, енді не істедік?» деп бетін шымшығаны бар. Бақса, көзін ашқалы қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда өскен Самалдың орысшасы онша емес екенін олар ескермеген екен. Кенет бір топ жирен шаш, аспанкөз балалардың қатарында шеткерірек тұрған көзілдірікті қаракөз баланы көздері шалғанда қуаныштары қойнына сыймай, жанына жетіп барғандары есінде. Сол сапар екеуіне алғашқы тағдыр жолы болып бұйырыпты. Ширақ туған Самал лагерьде қысылмай қазақша ән айтты, домбыра тартты, би биледі. Аққозы да аманатқа қиянат жасамай, бір ай бойы Самалдың қасынан бір елі қалмай, кәнігі аудармашы қызметін мінсіз атқарды. Ауылға қайта оралысымен екеуі үзбей хат алысып тұрды. Тағдыр екеуін арадағы он бес жылдан кейін ерлі-зайыпты ретінде табыстырды.
Жарықтық ата-анасының дүниеден озғандарына бірнеше жыл өтіп, өздері де орта жасқа бет түзеген бертінгі тұста оған «биологиялық анаңды архивтерден іздеп көрейік, ішіңе сақтап жүре берсең күндердің күнінде айықпас ауруға шалдығасың деп жанашырлықпен қолқа салған да осы өмрлік серігі Аққозы болатын. Самал бастапқыда бұл сөзді жирене қабылдап, тыжырынып тыңдап келді. Айдаладағы белгісіз адамдарға құнсыз затын тегін беріп кеткендей өзін өмірбақи бір іздемей, осыншама уақыт ат ізін салмаған бейтаныс жанға деген ашу-ызасы үнемі өршіп тұратын. Күйеуінің бұдан кейін де бірнеше рет жасаған өтінішіне біраз уақыт келіспей келсе де, сол бір кештегі уақиға оның жедел ыңғай танытуына себеп болды.
Самалдың қырық бес жасқа толған туған күніне әдеттегідей отбасылық достары жиналған-тұғын. Дастархан басында курстас досы туған күн иесін өмірге әкеп, бағып-қаққан бақилық ата-анасы үшін арнайы тост көтерулерін ұсынды. Курстасы Есен аға мен Жамалкүл апаның өмірде өте жақсы адамдар болғанын, әсіресе, Самалдай аруды тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, толғатып дүниеге әкелген марқұм анасының орны ерекше екенін тебірене еске алды. Сөзінің соңында қызын осындай биік дәрежеге жеткізген кейуананың Алланың алдында жүзі жарық екенін қосып қойды. Қонақтар тарағаннан соң оңаша қалған Самал санасының түкпірінде жатқан сол баяғы аттестат алған күнгі оқиға оралды. Шөп қораның бір бұрышында тығылып жатып тыңдағанда, ұмытпаса, анасы жарықтық: «Алда-жалда олай-бұлай боп кетсек, арғы дүниеде Алланың алдында не жауап береміз?» демеп па еді? Шындығын айтқанда, сол түнгі келеңсіздіктен кейін үшеуі бұл тақырыпты қайта қозғамаған екен. Студент шағында ауылға каникулға келгенде анасының бет-жүзінен толық айтылмаған іштегі сырын іріңдей жұтып жүретін шарасыз кейпін анда-санда байқап қалатын. Самал ойлана келе, ақырында, өзін өсіріп-баққан марқұм анасының әруағы үшін ақиқатты анықтауым керек деген берік байлам жасады.
Бағамдап бақса, өмірдің өрлі-құзды соқпағы Самалды архивке тектен-текке алып келмеген тәрізді. Қарағандыда бес жыл оқып, педагог мамандығын алып, туған өңірі Целиноградқа қайта оралғанда алға қойған мақсаты жоғары оқу орындарының біріне оқытушы болып орналасу-тұғын. Әуелі өзінің біліміне сеніп біраз әрекеттеніп көрді, алайда күн өткен сайын ешқандай нәтиже шықпайтынын аңғарып, мықты таныс болмаса институттың босағасынан аттау мүмкін емес екеніне соңыра көзі анық жетті. Қайтсем де облыс орталығынан жұмыс табам деген үмітпен жүргенде бірде жергілікті газеттен қалалық архивке маман іздейтіні жөніндегі хабарламаны оқыды. Уақытты көп созбай, ертеңінде қалалық архивке соғып, құжаттарын ұсынып көргенде мұрағат басшылығы сөзге келместен сол күні оны жұмысқа қабылдап жіберген еді.
Енді міне, неше жыл табалдырығын тоздырған сол архивтен бұған дейін ойына кіріп-шықпаған тек өзіне қатысты тағдырлық мәні бар анықтаманы сұратқалы отыр. Самал келесі күні көп жылдардан бері етене жақын болып кеткен әріптесіне хабарласты да, қажетті құжатты ешкімге жария етпей жасырын түрде тауып беруін өтінді. Кенет Жамалкүл анасының ақырғы сөзі есіне түсті. Төсек тартып жатып қалған анасы қайтыс боларын сезгендей, өткен-кеткенді сөз етіп, бақұлдасқандай сыңай танытқан еді. Анасы сол жолы алдарқатпай, оны ауылға алғаш алып келген күндері қатты қиналғанын ашық айтты. «Үйге алып келген сол түні сен ауыз жаппай таңға дейін жыладың. Арасында үздік-создық талықсып ұйықтап кетесің де, ояна сала қайта шырқырайсың. Жазатайым өлтіріп алам ба деп, жаман қорықтым. Тек үшінші түнге ауғанда ғана жылауыңды сап тыйдың. Жүзіңе сезіктене қарап едім, үлкен адамша монтансып «енді, жаныма жата бер» дегендей белгі бердің. Таңға жуық тұрсам сол түні сенің кіндігің түскен екен. Мен сол түні құдайдың құдыретімен сен өз тағдырыңа мойынсұнып, бізді ата-ана ретінде қабылдағаныңды ұқтым». Анасы талықсып бара жатқанын сезді ме, апыл-ғұпыл бойын тез жинап, сөзін жалғастырды. «Қызым, есіңде болсын, мен сені ауылға әкелгеннен кейін туу туралы куәлігіңді бір айдан кейін ауылдық кеңестен алғанымда құжатыңа сен дүниеге келген күніңді өзгертпей жаздырттым» деген ақырғы айтарым осы дегендей әлсіреп.
Әріптесі сол күні-ақ өздерінің мұрағаттық жинақтау көздері саналатын медициналық мекемелердің барлық ведомстволық архивтеріне сұрау салдырып, құпия жағдайда туу туралы анықтаманы іздеуге кірісіп кеткен-тін. Аптаның соңына қарай бұрынғы қызметтес құрбысы телефон шалып, жақсы жаңалық бар екенін айтып, сүйінші сұрады. Сөйтсе, әлгі перзентхананың архивінен дәл сол күні дүниеге келген сәбилердің ішінде жалғыз ғана ұлты қазақ нәрестенің дүниеге келгені туралы анықтама жазылған журнал табылған екен. Самал ертеңінде анықтаманың көшірмесін қолына алып, өмірінде мүлде көріп-білмеген шын анасының толық аты-жөнін оқығанда белгісіз күш жүрек тұсына ине сұғып алғандай өткір шаншу қадалып қалғанын сезді. Қос қызы талшыбықтай таралып өсіп, сұлу қайыңдай бойжетіп, әне-міне дегенше өзі де әже атанғалы отырған Самал ғұмырында тұңғыш рет бірі қанын берген, екіншісі жан жылуын төккен қос анасының қайсысы жүрегіне қастерлі, жанына жақын деген сұраққа жауап іздеп көрді. Тағдырдың торына қамалған торғайдай шыр-пыр етіп жүріп өзіне өмір сыйлаған алғашқы мұңлық анасы ма, әлде түн ұйқысын төрт бөліп, мұздай бесік таянып, бала күнінен бар тауқыметін тартқан Жамалкүл анасы ма? Санасының тұңғиығында тұмшаланып жатқан естеліктер легі тағы да көңіл көлінің бетіне қалқып шыққандай болды. Бірде мектептен келгенде Жамалкүл анасы көрші әйелдермен шәй ішіп отырып, ешкім естіп қоймасын дегендей күбір-сыбыр әңгімеге көшіп, аяқ жағында «е-қойыңдаршы, еңбек менікі ғой, бала тапқандыкі емес, бағып-қаққандыкі» деп кейістік білдіргені есінде. Сол кезде бұл сөздің не үшін айтылғанына ден қойып, мән бермесе де, өшпестей болып жадына жатталып қалғанына таңқалды. Безбендей келгенде, өзі ес біліп, етек жинаған шағында Жаратқанның бұйрығымен осы күнге жетуіне себепкер болған жарықтықтардың әруақтарын жайсыз қозғай беру енді әбестік екенін түсінді.
Бұл жолы уақыт оздырмай биологиялық анасын енді өзі іздеуге бел шеше кірісті. Бірнеше жылдардан бері жұмыс бабымен біте қайнасып кеткен республикалық, облыстық архивтердегі әріптестеріне күнде телефон соғып, тағатсыздықпен жаңалық күтіп жүргенін айтады. Арада айға жуық уақыт өткенде ғана Семейден хабар келді. Әріптесі Аягөз архивінен анасының фамилиясы мен әкесінің аты сәйкес келетін ер адамның құжатын тапқанын айтты. Артынша сол азаматтың үй телефоны мен тұрғылықты адресін оңай тауып берді. Самал кіріскен ісін кідіртпей орындайтын кіді мінезіне салып, бейтаныс ағайға шұғыл телефон шалды да, анасының туған бауыры екенін анықтағаннан кейін Аққозы екеуі ертеңіне Аягөзге тартып кетті. Екеуін қаланың қақ ортасындағы мейрамхана алдында жұқалау келген ақсары өңі егде тартып қалған ер адам күтіп алды. Бір көргеннен жаңа танысқан кісінің кескіні өзіне ұқсап тұрғанын байқады. Самал шәй үстінде өмірінде өткен уақиғаны шежіре тармақтарын таратқандай түгел баяндап шықты. Ер кісі қапелімде дымға түсінбей, міз бақпай үнсіз отырып қалды.
- Марқұм Марал менің туған қарындасым екені анық. Бірақ мына оқиғаны, құдайақы, бірінші рет естіп тұрмын. Көзі тірісінде неге айтып кетпегеніне таңмын? Қарындасым қайтыс болғаннан кейін бір жылдан кейін жол апатынан күйеу баламыз да қайтыс болды. Арттарында бір ұл, бір қызы қалды.
Ер кісі үстел басында күбірлеп қарындасы мен күйеу баласының әруақтарына бағыштап дұға оқыды да, бетін сипап болған соң әңгімесін одан әрі жалғастырды. Оқиға былайша өрбіген екен. Қарындасы өзінің сөз байласқан сол сүйген жігіті әскерден келген бойда оған тұрмысқа шығады. Екеуі оқуларын бітіргеннен кейін Аягөзге жұмысқа орналасып, қаладан үй алып, қатардағы көп отбасының бірі ретінде біреуден ілгері, біреуден кейін қарапайым өмір сүріпті. Бұл тағдырдың шеберлігін қойсайшы-ей, Самалдың биологиялық анасы Аягөздің ауруханасында біраз жыл гинеколог дәрігер болып қызмет етіпті. Ағасының таңқалатын себебі де бар, қарындасы өзі сүйген қосағынан аяғы ауыр болып, кейіннен дүниеге келген ортақ нәрестелерін бөтен адамдарға қалдырып кеткенін күйеуіне ешқашан айтпаған екен. Тіпті, туғандарына да, балаларына да сыр ашпаған. «Е, қайран қарындасым, барлық құпияңды ішіңе сақтап өмірден өткен екенсің ғой» деді бейтаныс ағай күрсініп. Сөзінің аяғында ағасы қарындасының Аягөзге көшіп келген кезде мінезі мүлде өзгеріп, тұйық боп кеткенін, баяғы қыз кезіндегі ерке де жайдары мінезінің жұқанасы да қалмағанын байқап жүретіні айтты. Самал туған анасының неден қайтқанын сұрағанда «неден болушы еді, жүректен ғой» деді көмейіне өксік тығылып.
Самал Аққозымен бірге сол сапарда кіндіктес қос бауырымен қауышты. Үшеуі әке-шешесінің басына барып дұға жасады, мал шалып, құран оқытты. Сөйлесе келе білгені, өзінен кейін дүниеге келген інісі үйленгеніне бірнеше жыл өтсе де әлі күнге перзент көрмей келеді екен, сіңілісі қырыққа келсе де кәрі қыз атанып оң жақта отырып қалыпты. «Тағдыр неткен қатал еді, адамның жасаған әрбір қателігі ешқашан сұраусыз қалмайды екен ғой» деп ойлады Самал Аягөзге барып келгеннен кейін. «Бірақ мен ол кісіні кештім ғой» деді оңаша отырып. Осындай торыққан сәттерде оның көз алдына үнемі марқұм Жамалкүл анасы келеді. Жарықтық бұл ғұмыри сұрақтың жауабын баяғы көзжұмар алдындағы бақұлдасуында айтып кеткен тәрізді көрінді оған. «Пенде шіркін, байқаусызда жаза басса оны орнына келтіру өте қиын екенін өз өмірімнен көрдім. Сен де бейшара анаңды енді жазғыра бергенді қой. Әр адам құдай алдында өзі істеген ісіне өзі жауап береді. Мен де сені ауылға алып кеткеннен кейін көп жылдар бойы бекер қылдым ба деп қатты қиналып жүрдім. Арымның алдында өзімді ақтап алатын менің бір ғана айғағым бар еді. Мен сол жолғы кездесуде сені асырап алатынымды айтпасам анаң көп ұзамай өзіне-өзі қол жұмсайтынын көз жанарынан байқадым. Қараптан-қарап қапа болғанымда, ең болмаса екі адамға өмір сыйладым ғой деп дәтке қуат қылатынмын» деген болатын.
***
Самал бүгін жұмысқа әдеттегіден ерте келді. Жақында Парламенттегі халық қалаулысы министрлікке депутаттық сауал жолдап, тоқсаныншы жылдары шет ел асып кеткен тастанды қазақ балаларының көбісінің тағдыры беймәлім күйде қалып отырғаны туралы дабыл қаққан болатын. Әлеуметтік ділгір мәселені жұртшылық та іліп әкетіп, қоғамдық ойға біраз қозғау салды. Көп ұзамай министрлік бұл мәселе бойынша арнайы комиссия құру жөнінде шешім қабылдады. Балалардың өмір тарихын архив құжаттары арқылы табу үшін Самалды жауапты комиссияның жетекшісі етіп бекітті. Бүгін әріптестерімен бірлесіп баспасөз мәслихатын өткізіп, комиссия жұмысының алғашқы қорытындыларын журналистерге таныстырғалы отыр.
Тілшілермен кездесуге он минуттай уақыт қалғанда кабинетіне елбе-делбесі шығып баспасөз хатшысы кіріп келді де, Самал оқитын баяндаманың жобасын қолына ұстатты. Сөйлейтін сөзінің тезистерін кеш кіргізгеніне жекіп тастағысы кеп тұрды да, алқалы жиынның алдында көңіл-күйін түсіргісі келмей, «неге осылар ертерек бермейді екен, дұрыстап оқып та үлгермейтін болдым ғой» деп ойлады ішінен.
Самал залға кірген бойы журналистерге бас изеп амандасты да, бірден мінберге көтерілді. Қолындағы қағазға енді үңілді. «Құрметті журналистер!», деп басталатын баяндамасын оқып бастағаннан-ақ мәтіннің комиссия қай күні жұмысын бастап, қанша елге сұрау салдырғаны, неше құжат ақтарғаны жайлы кілең сықиған цифрлардан тұратын жансыз сөйлемдер тізбегінен құралғанын ұқты. Залда отырғандарға көз жүгіртіп көріп еді, көпшілігі телефон шұқылап, енжар тыңдап отырғандарын байқады.
Енді бір сәт қағаздарын мінбердің жанындағы үстелге қойды да, басын көтеріп «Менің аяулы әріптестерім, енді ойымды өз сөзіммен жалғастыруға рұқсат етіңіздер» деді дауысын екпіндете шығарып. Бей-жай отырған тілшілер жалт қарады. «Архивті бәзбіреулер айтып жүргендей ешкімге керегі жоқ жансыз қағаздарды сақтайтын меңіреу мекеме деп ойласаңыздар мүлде қателесесіздер. Біз кеше ғана мұхит асқан қаншама мұңлықтың тағдыр жолын тек архив құжаттарының арқасында ғана анықтай алғанымызды айрықша айтқым келеді. Архивтің әрбір қоймасында әлі де жұмбақ күйінде қаншама мыңдаған беймәлім тағдырлар мен бейкүнә ғұмырлар жасырынып жатыр. Ол сіздің тағдырыңыз, оның тағдыры, менің тағдырым...
Самал қағазсыз айтқан әсерлі сөздерін жылғадан аққан көктемгі қарғын судай қуалап, журналистердің жетесіне жебе қадағандай дөп жеткізе алғанын парықтады. Тілшілерге қарама-қарсы қаз-қатар қойылған орындықтардың шеттеу тұрған біреуіне жайғасып, орынбасарының жаңа ғана ұялы телефонына жіберген хабарламасын оқыды. «Мүмкіндігіңіз болса, баспасөз мәслихатынан сұранып шығып, төртінші қабатқа көтеріліңізші. Кешегі төбесінен су тамшылап тұрған қоймадағы құжаттардың біразы түні бойы дымқыл тартып, ылғалданып қалыпты. Сыртқа шығарып, кептіру керек шығар?». Жүргізуші жанында отырған әлеуметтанушыға тастанды балалар жайлы жазған зерттеулерін жариялау туралы сөз берер алдында Самал тұруға ыңғай танытты да, жиналғандардан кешірім сұрап, жедел басып есікке беттеді. Баспалдақ арқылы төртінші қабатқа асығыс көтеріліп келе жатып, соңғы уақытта тоғыз қатынның толғағындай қабаттасып кеткен оқиғалар тізбегі санасын қымырандай сапырып жатқанын бағамдады. Көз алдына архивтен ақиқат іздеп аласұраған жазықсыз жапа шеккен жандардың жанталасқан рухтары, шет ел асқан тастанды балалардың бейкүнә бейнелері, алыстан қол бұлғаған қос ананың жанарларын мұң шалған мұңлық кейіптері келді.