* * *
– «Ақсерек, Көксерек,
Бізден сізге кім керек?»
– Қуаныш керек!
Қыр астынан жетеді дауыс кенет.
– Мұндамыз! – деп және бір қол бұлғайды,
Бір қауым ел түр-түсі таныс-бөлек.
Анау – көкем. Таныдым.
Анау – атам,
Әжем анау – мейірімге толы алақан.
Екі өкпемді қолға алып солай қарай,
Солай қарай асығып бара жатам.
Мазасыз ой жанымды жегідей жеп:
«Бұл – өлгендер...
Өлгендер елі ғой» – деп.
– Барма! – дейді,
– Қайт! – дейді артымда анам,
Тасқа аяғы шалынған еңірей кеп.
Аспан да сұр,
Қалды артта далам да сұр,
Алда кілем жаюлы маған жасыл.
Өлгендерді қимаймын – қайтам десем,
Қалам десем – қимаймын анамды асыл.
Екі дүние тұр ашып тең есігін,
Құшады анам тілазар емес ұлын.
Өлгендермен «Ақсерек» ойнап жүрміз,
...Келесі кім?
* * *
Туған жер!
Сен дегенде дара шауып,
Көргем жоқ алды-артыма қара салып.
Бір тентек қиядан тас домалатса,
Биігің қала ма деп аласарып,
Шарқ ұрам кеткендей-ақ құдай безіп,
Дұғамды күбірлеймін түн, ай кезіп.
Әлгі тас жанарыңнан домалай кеп,
Менің дәл жүрегіме құлайды езіп.
Шап-шағын болмысыма сыйып кеткен,
Өзіңді бұлай сүю биік неткен!
Өзіңді бұлай сүю биік неткен!
Тұрмын мен теңестіріп иық көкпен!
Жол жүрсем, қимастықпен бара жатып,
Қараймын отты көзді саған атып.
Білмеймін, сені аңсасам, тас па, жас па,
Отырам әлденені домалатып...
* * *
– Аға, әкем қайда?
– Тауда-а-а...
Сейіл құрып бейуақта «тауға кеткен»,
Сағынып жүр әкесін ол да көптен.
Шың басына бұлт шөксе қуанады ол,
Қарс айырам кеудемді «Алла!» деп мен.
Қайғы маған бұлттан да бұрын шөгіп,
Бірін сөгіп тастаймын, бірін сеуіп.
Бұлтқа қарай береді...
«Менің әкем
Тау басында отыр, – деп, – шылым шегіп.»
Ерттеп мініп қиялдың тарланбозын,
Сезінеді бақытты жалғанда өзін.
Енді аз күтсе, әкесі «менмұндалап»
Қол бұлғардай алмайды таудан көзін.
Тауға қарай жайылса әсте қолы –
«Кел, әкешім! Бауырыңа бас!» дегені.
Шыдай алмай ақ нөсер төпелейді,
Түсінеді балақай жас деп оны...
Бала алдында сөз таппай айтар өңге,
Сора-сора болып бұлт қайтады өрге.
Бұлттар жайлы шындықты мен де айтқам жоқ,
Сен де әкесі өлгенін айта көрме...
ҚОШТАСУ
Тоқта!
Бөліп алайық:
Алматының жарты бұлты – сенікі,
Алматының жарты бұлты – менікі.
Біздің жаққа бұлт аумайды деуші едің,
Ала жаздай бір тамбайды деуші едің.
Кетіп бара жатырсың ғой ақыры,
Ал, ала кет... құзырыңда ол сенің.
Жадырасын аспан да сұр,
Жер де сұр,
Бар, нөсерлет,
Гүл біткенді шөлге өсір.
Екеуміздің қайғымызды той қылып,
Екі жақта ел қуансын көл-көсір.
Көш, көше бер, керуеніңді тоқтатпа,
Мұнда – шуақ,
Онда – нөсер жоқтатпа...
...Менің бұлтым желді күні –
Жел жаққа,
Күн көзіне төселеді – аптапта.
Менің бұлтым –
Қалса ашылып етегі,
Аруларды киіндіріп өтеді.
Анда-санда сағынғанда өзіңді,
Алматыны жылатуға жетеді.
* * *
Ұшамын десең, қазір ұш, тотым,
Райыңнан ерте қайт, көкем.
Саған кеп мендей дәруішке кім,
Тағдырлас бол деп айтты екен?
Үздігіп менен, сормаңдай құсым,
Күтесің бекер таудай бақ.
Сенің жаныңның арман-қайғысын,
Түсіне алам ба мен бейбақ?
Сайрай бер, тотым, армансыз күн-түн,
Әніңді еркін айт әсем,
Торыма түсіп аңдаусыз бір күн,
Сорлап қалмашы байқа сен.
Ішқұса болып, құлдығым, онда,
Көзіңе тұнар уайым – көл.
Алтын тор емес, тым құрығанда,
Біздікі қарабайыр тор...
Назды әніңді айтып жүректі аймалар,
Сайрай алмайсың мұнда еркін.
Айналаң тастай түнекке айналар,
Ал, кімге керек бұл дертің?..
Ұшамын десең, қазір ұш, тотым,
Бағың ашылсын... не дейін?
Ал, мен осынау дәруіш, жетім
Күйімде қала берейін...
* * *
Саған күнді жібердім, жаным,
Алты қырдан әрі асып,
Жеті қырды тағы асып,
Елемедім алда не бар – тау, құм ба,
Айлық жолды екі-ақ аттай салдым да,
Сарайына бардым да,
Ұйқысынан ерте оятып алдым да,
Асықтырдым еркем күтіп қалды деп.
Жүзін жуды дара шық –
Шыға келді мөлдіреп.
Үлбіреген күміс шашын тарасып,
Әлсіз еді – әл бердім,
Сәнсіз еді – сән бердім,
Жүрегімнің әр талшығын суырып,
Сәуле ілдім.
Көкірегімнің отын құйдым – ол бейбақ
Жанып кете жаздады.
Саған деген сағынышымнан аумай ғап,
Маздады.
Ала бұлтты – Оңтүстікке,
Қара бұлтты – Солтүстікке,
Қақ айырып бөлдім де,
Жолын ашып бердім де,
Саған күнді жібердім, жаным,
Күліп атты ол. Көрдің бе?
ҚОС ЖАПЫРАҚ
Таптың, бәлкім, басқа тұрақ,
Кеттің, бәлкім, тіпті, алшақ?
Бәрі үзілді... қос жапырақ,
Сені ғана күтті аңсап.
Ойран салып мына басқа,
Небір долы түн өтті.
Бірі – менде, бірі – ағашта,
Қос жапырақ дір етті.
Қос жапырақ... жалғыз үміт...
Кешті тағдыр ойранын.
Ағаштағы қалды үзіліп,
Мендегі ше?..
Беймәлім.
* * *
Қарағым, айналайын, бүлдірген көз,
Сені де сағынта ма бір жүрген кез?..
Еркелеп сен күлімдер,
Мен «күнім» дер,
Кез ғой ол!
Жүрегімді сол тілімдер.
Сыңғырлап, ой-хой, күміс теңгелері,
Дариға-ай, қайда кетті шолпы-күндер?!
Соны іздеп қарсы жүздім толқынға көп,
Толқындар жарға соқты...
Жел:
– Тыңда! – деп,
Жеткізді бұлақ үнін,
Елең еттім,
Сыңғырлай күлген күміс шолпың ба деп.
Шашыңа жарасатын еді шолпың,
Күлкіңмен таласатын еді шолпың.
Шолпың бір, күлкің екі сыңғыр қағып,
Әлі де оятады мені сол күн.
Қайтейін, өзім едің, жаттай болдың,
Шолпыңды неге солай тақпай келдің?
Жоғалтып алдым дейсің.
Шолпыңды емес,
Күлкіңді тонап кеткен,
Сақтай гөр!
Кім?
Ойымда ештеңе жоқ ала бөтен,
Көзіме көз алмастан қара, көкем,
Тоналған күміс күлкің ғана ма екен,
Жоғалған күміс шолпың ғана ма екен?..
Қарағым, айналайын, бүлдірген көз,
Сені де сағынта ма бір жүрген кез?
Шолпыдай сыңғырлаған қайран жастық,
Бізден де қалатынын кім білген тез?..
* * *
Ақ қурай, сары қурай, қызыл қурай,
Тоқтай тұр ескі әуенді сызылдырмай.
Жан қалқам кербез басып барады өтіп,
Маған да, саған да бір жүзін бұрмай.
Ал, тыңда, үйретейін мен бір әуен,
Ол әуен – тұнып жатқан мөлдір әлем.
Қобызбен зарын айтып жеткізе алмас,
Бере алмас қуанышын домбырамен.
Өйткені ол әуеннің өлеңі асқақ,
Тыңдаса жан қалқаның беделі аспақ.
Сол үшін дәл мендей ғып толғай білгін,
Әйтпесе жасап алғын менен аспап.
О, сонда жерге түсіп қыз көктегі,
Көңілі жібіп салар бізге өкпелі.
Төгілтіп осы әуенге қоя бергін,
Жан қалқам келген күні іздеп мені.
* * *
Сенің есімің –
Кешірім...
Өзгені қойшы, мен үшін, айнам,
Түспедің қандай отқа сен?
...Төгілтіп алдан жемісін жайған,
Ұқсайсың иран баққа әсем.
Жемісін, тіпті, қондырмай құс та,
Аманатыңа адал боп,
Үздірмей күзге, тоңдырмай қысқа,
Сақтайсың жалғыз маған деп.
Ал, мен ше?
Ал, мен... дәйім, о, саған,
(Берекемді алып бекерге,)
Құйынға айналып қайыра соғам,
Жел болып жортып кетем де.
Жүрегің азап шегеді қатты,
Көрсетпесең де еш кемдік.
Мен үшін жайған мәуелі бақты,
Төңкерем астаң-кестең ғып.
Жаныңды аяусыз жаралап, қарғам,
Кетсем де бәрін түсініп,
Тұрасың сосын аман ап қалған,
Жемісін маған ұсынып...
* * *
Сен келмейсің,
Сен келмейсің,
Жоқ өкініш, жоқ азап.
Мұңаюға жол бермейсің,
Қоштасарда, о, ғажап!
Билемейді жаңбыр сел боп,
Екеумізге малынып.
Атпайды енді таң бүрсеңдеп,
Күртешемді жамылып.
Қыдыртпайды екеумізді,
Күзгі Алматы көшесі.
Мен қарсы алам бөтен күзді,
Жазға кеткен есесі.
Сен келмейсің,
Сен келмейсің,
Маған, тіпті, өлеңге.
Енді өзің де сенгендейсің,
Бәрі бітті дегенге.
Жол күтпеймін елеңдеп мен,
Күтпес бізді, сірә, жол?
Сен келмейсің.
Келер көктем –
Менікі емес бірақ ол...
БҰЛТ. ЕСЕНҒАЛИ РАУШАНОВ ЖӘНЕ МЕН
«Бұлт қой анау жылаған»
Есенғали
Мезгіл желі айдаған біз бір бұлт,
Бір күн жауа салатын, жүз күн тұрып.
Кеберсіген даланың таңдайына,
Тамызар деп... сұр аспан, сізге ынтығып,
Анау жерде жатып ап қой баққанмын,
Анау жерде жатып ап ой баққанмын,
Күркіреген өлеңнің аспанына,
Найзағайын шабыттың ойнатқанмын.
Далам, сонда ақ жаңбыр төктім саған,
Ақ жаңбырдай маржан жыр төктім саған,
Тақырға орман,
Тасқа гүл бітіргім кеп,
Өзім бұлтқа айналып кеттім содан.
Қарт Алатау шақырды белеске көп,
Мендей бұлтты Алматы, о, не істемек?
Сұр аспандай безеріп тұрдым:
– Онда
Есенғали көкем бар емес пе?! – деп.
Қия шыңдар жармасты шаужайға кеп:
– Бар, бара ғой,
Көшіңді алға айда! – деп...
– Мен бір жауып,
Ал, көкем екі жауып,
Алматыны сел басып қалмай ма? – деп,
Тұрған шақта ой билеп бойды биік,
Қойдай үріккен секемшіл ойды иіріп,
Мезгіл желі кетті айдап, әкелді де,
Алатаудың басына қойды үйіріп...
БАСЫ ЖОҚ МҮРДЕ
Алмас Биғазыұлына
Күрсіне берем, күлемін де, ауыр,
Жаралдым, бәлкім, шерден мен?
О, досым, менің жүрегім – қабір,
Басы жоқ мүрде жерленген.
Батпан да батпан азапты күн-ау,
Батады екен, әй, қашан?
Ойласам болды қазақты мынау,
Қазақты мынау ойласам:
Алай да дүлей қасірет күнге –
Дала шаңына көмілем.
Басы жоқ мүрде, басы жоқ мүрде,
Күңіренеді менімен.
Көміліп жатып дала шаңына,
Басы жоқ мүрде кім деймін.
Кейкі ме, әлде, Кенесары ма,
Махамбет шығар – білмеймін.
Азаттық үшін азапты жолда,
Қаншама ерлер өтті ұлы.
Таптатып қойған қазақты жауға –
Ауызбірліктің жоқтығы.
Сондағы жасым тыйылса, қані,
Еңірей берем, еңірей.
Астына бір ту жиылса бәрі,
Ел болып кетер еді ғой.
Ұйыса алмады саяма келіп,
Алауыз болып нендей дүр.
Қойшы көп болып, қой арам өліп,
Тоз-тозы шыққан ел ғой бұл.
Келді де сосын есіріп күшпен,
Қол салды дұшпан жағама.
Әзиз де басы кесіліп түскен,
Кенесарылар ғана ма?
Кері тартқан кері заманның мұңы,
Жанына батып шерленген.
Қапыда кеткен солардың бірі,
Кеудеме менің жерленген.
Қысылсам содан жәрдемді күтіп:
Қолдай гөр, – деймін, – батыр, ер!
Бойымды ыстық қанмен жылытып,
Рухымды қайрап жатыр ол.
Көміліп жатып дала шаңына,
Басы жоқ мүрде кім деймін.
Кейкі ме, әлде, Кенесары ма,
Махамбет шығар – білмеймін.
Тақырға сіңген судай дерегі,
Мүрде деймін-ау,
Ол тірі!
Кеудемді неге тырнай береді,
Тырнай береді әр күні?
Басымды менің қайтар дейді ме,
Қайтар дейді ме кеудеме?
Қараша жұртқа айтам дейді ме,
Айтам дейді ме әлдене?
Тыңдашы, рухтас, үміттес елге ол,
Кеудесін нұсқап басы жоқ:
Айтқалы тұр ма:
– Бірікпесеңдер,
Көретін күнің осы! – деп...
Неге осы қазақ даулауға бейім,
Не жетпей жатыр, не жетпей?
Басы жоқ мүрде болғанға дейін,
Қырқысып өту керек пе-ей?!