Бес қабатты зәулім үйге қоныс тепкендер дөңгелек жүзді, қысық көз, бетінен күлкінің иірімі кетпейтін осы бір жігітті сондай жақсы көреді. Сөйлегенде ұртында үйіріліп тұрған шұңқыры - оның әзілі мен әжуасы, тіпті, сені мазақтап тұрғандай боп көрінсе де, жан сарайын жайып салғаны өзіне сондай жарасымды. Шын күлкіде шындық бар. Портрет салудың бір шебері біреудің жымиған сәтіне тәнті боп, соңынан қалмай жүріп суретін салып, көрмеге қойып, атағы аспандапты дегенді де естігенбіз. Бұның қалжыңының зілі жоқ, қазақша сөйлеп, қожанасырлық мақаммен кімді де болса қайтарып тастайды, езуің ыржиып, еңкілдеп күлгенмен былай шыға бере ойланасың, осы менің болмысымды бейнелеп тұрған жоқ па деп. Таза, таза болғанда сұрама, ауладағыларды тазалыққа тәнті еткен біреу болса – осы Ким. Бір тұрғын: «Сен жүрген жерде жапырақ жатпайтын болды ғой» деп еді, «Жапырақ біткен сатылып кетті, кезек жапыраққа келгенін білмейсіз бе?» деп қайырып тастады. Бұрын міністір болған аспан-көкірек адам ә дегенде сөз қарғыбауы өз мойнына ілінгенін білсе де, тартыншақтап тұрып, кеңкілдеп күліп жіберді. «Тура сөзде туған жоқ», әділ сөзге әкең де басын иеді. Ол шындықты күлкімен көмкеріп кетіп бара жатты.
Иә, бұл үйде кілең зиялылар тұрады, бірақ аристократ емес, «элита» деген тізімге ілінгендердің әшейін бір жерге жиналған шоғыры. Қалада бес қабатты үйде лифт жоқ еді, бұларға «күштінің дүмі диірмен тартып», тұрғын үй құрылысы ережесін аттап кетіп, лифт орнатты, енді ешкім де биікке қарай ентікпейтін болды. Төмен түсуге де ерініп, лифтінің қызыл түймесін басып, пойыз күткендей күтіп тұрып алатынын қайтерсің.
Аула сыпырушыны осы маңдағылар түгел Ким деп атайды, оның есім-сойы бір-ақ сөз, әкесінің атын ешкім де алға тартпайды. Дөңгеленген аула жылан жалағандай тап-таза. Таңғы алтыда Кимнің сыпырғышы сыр-сыр етіп асфальтті тырмалап жатса, қоқыс салғыш дүңкиген жәшік те сол мезет аузын ашып жұтынып тұрады. Тіпті, әр есіктегі «Үй ауыстырамыз, пәтерді жалға аламыз, есік-терезе жөндейміз, компьютер, қалта телефон сатамыз, әсемдік әлемі – сұлулық салонына шақырамыз, танго үйреніп, вальс үйірмесіне келіңіздер» деген алба-жұлба жарнамалар да Ким келгелі есікке ілінбейтін болды. Өйткені, қағаз-жарнама бір-екі күннен кейін желімінен ажырап, есік алдында желпілдеп жатады. Зиялының табаны қағаз басқан сайын кіржиіп, «осы аула сыпырушы не бітіреді екен?» деп кейістік білдіреді. Үй бұрышындағы төртбұрыш үйшікте өмірін өткізген күзетшіге «Жарнама жапсыратындар келсе, жіберме, көнбесе маған айт» деп ескертіп қойды. Сонан бері есік те таза, аула да тап-тұйнақтай, артық зат жоқ, тіпті, күздің сәні – жерге түскен сары жапырақ та сағынышқа айналды.
Осы 75 пәтерлі үйдің тұрғындары түгел жақсы көретін аула сыпырушыны 13-пәтерде тұратын академик Власов ғана ұнатпайды, Ким де кездескен жерде «Васяның жағдайы қалай?» деп түйреп өтеді. Вася үйде ұстайтын үш жасар иті, соны жалғыз перзентінің орнын басар ұябасар ғып асырап отыр. Бір ғажабы, осы кісіні ешкім құрметтеп, өз аты мен әкесінің есім-сойын қосып атамайды, сырықтай бойына, сұп-суық жүріс-тұрысына қарап тек Власов дейді. Қолға қондырған жалғыз ұлы Қазақ Елі тәуелсіздік алғалы Мәскеуде, өзі де солай қарай бет бұрсам ба деп іштен тынады, бірақ Алматының жұпар ауасы мен қызыл алмасын, үй түбіндені жайқалған саябақты, сол жерден басталған сарқырап аққан Кіші Алматы өзені бойындағы жаяу соқпақ – терренкурды қимайды. Ең әуелі, тұрғылықты халқы қарапайым, көнбіс. Сосын «Вася Мәскеуге үйрене алар ма екен, ол жақта ит ұстамайтын орыс жоқ, ит те бір, адам да бір» деп өзіне-өзі күмәнмен қарайды. Перзенті телефон соққан сайын: «Вася қалай, Васяны сағындым, келсе үйреніп кетер еді, мен оны ит үйретушілер үйірмесіне бірден кіргіземін, Алматыда не бар, ол бір деревня ғой» дейді. «Алматыда « ер туған жеріне, ит тойған жеріне» деген мақал бар. Мәскеу итім түгілі мені не қылсын» деп жіңішке даусын шиыршықтап жіберген. «Әкесін емес, итін сағыныпты, ит неме. Сол жерде итке Алматыдағыдай жағдай бола қойса, көптің бірі, қолдың кірі боп көрінген бұралқыға таланып жүреді де, сен соны білем дейсің бе? Мектеп бітірдің де тайып тұрдың. Бұл жер жанның жұмағы, адамдары көнбіс, өзіне болмаса да өзгеге болса екен деп тұрады, ақ азулардың ортасына барғанда итім түгілі өзімнің күнім не болмақ» деп баласын алыстан кінәлап, басын ұстап отырып қалды. Сол сәт терезеден жирафтай сорайған 25 қабат қонақ үйдің төбесі көзіне шалынды. «Осының алды қазір шабаданын қолға ұстап, қапшығын арқалаған Ресейден келген, Украинадағы соғыстан қашқан босқындар. «Пәтерге алмайсыз ба, ақысын екі есе төлейміз» деп жүргізбейді-ау, жүргізбейді адамды. Саябақта да жөндеп серуендей алмайсың. Менімен бір әкеден туса да неге осыларды шекарадан өткізеді екен. Қазақтың Мәскеуді қорғағаны аздай-ақ?» Есік алдына шығып, тиіп тұрған тал-терегі майысқан саябаққа барып сәл серуендеп, өзен бойлап биікке өрлегісі келді. Тау өзені өзіне тартады да тұрады, майда толқындар ұлына деген ренішін азайтып, көңілін сергітетіндей солай қарай ала қашты, қарғыбауын ұзын ұстаған үш жасар Васька да өзенге қарай ентелеп, тұмсығымен жер иіскелей жөнелді. Су ағысын тежеп тұрған арбиған тоғаннан өтіп, енді ғана су сылдырына құлағы елти бергенде қарсы алдынан «Ужас!» деп шар еткен дауыс шықты. Васька іші томпиып көріне бастаған аяғы ауыр әйелдің жіңішке сирағын жалап тұр.
–Ужас! Почему так! Неге итіңіздің қарғыбауын тартып ұстамайсыз? – деді аяғы ауыр келіншек әрең сөйлеп. – Я буду жаловаться!
Власов итіне қарап миығы тартып, көзілдірігі астынан күлімсірей қарады.
–Ештеңе етпейді, ханым! Бұл сүт іздеп жүр ғой. Сіздің бойыңызда жас ананың сүті бар. Соны сезіп тұр ғой, - деп әзіл айтқан болды.
-Жауабының түрін қара. Мен демалып, ішімдегі болашақ сәбиімді де демалдыру үшін шықтым ғой терренкурға. Енді менің сәбиім қандай болады? Жарық дүниеге қорқақ боп шықса ше? – келіншек жыламсырап тұр.
–Қам жемеңіз, Васькаға ұқсаса қорқақ болмайды. Васька сияқты алғыр болады, - деп жүре беріп еді, қарсы алдынан аула сыпырушы Ким шыға келді.
–Сен қайдан жүрсің? – деді абдырап.
–Маған терренкурда жүруге болмай ма? Күрек пен сыпырғы ұстаған адам демалуға болмай ма? Бері жүр! – Сидам денені қолтықтап алып, өзеннің басталар тұсындағы қазыққа жапсырылған тақтайшаға қарай сүйрелей жөнелді. - Мынаны оқуға академиктің сауаты жететін шығар. Әлде мемлекеттік тілде, қазақша жазылмаған деп оқымайсыз ба? – Қазақ арасында өскен Кимге бәрібір, орысша да, қазақша да ағып тұр, кәрісшесі туған тілі. – Әлде Власовқа немісше жазу керек пе? – деп бетінің иірімі үйіріле қарады. Анау көзі шатынап, дөңес көзілдірігінің астынан жеп жіберердей боп шүйіліп тұр. Кішірейе салуға ұлылығы жібермейді, бірақ мына кәріс жан-жебіріне жетіп барады. – Міне, қара, терренкурда жүру ережесін оқыңыз. «Терренкур – неміс пен француз сөзінің қосындысы, яғни соқпақ жол, адамды емдейтін шипалы жол».
–Ученый, дворник, - деп күбірледі.
–Генерал Власов, - деп Ким көкірегін бір тырнап өтті. Оның сөзінің астарында Отанын сатқан қолбасшы тұр еді. – Мынау ережені оқи алмай тұрсың ғой, бірақ құлағың сау емес пе? Тыңда! «Терренкурда итпен қыдыруға болмайды, өйткені бұл жерде адамдар су сылдырымен емделеді. Биікке қарай қадам басқан сайын адам бойындағы артық ауа сыртқа шығып, жаның жадырайды». Сенің де бойыңда артық заттар аз емес.
–Пошел! – деп күбір етті Власов.
–Мына әйел сотқа берсе куә боп қатысам, - деп жаяу бүлкілге басып, төмен қарай жөнеп кетті.
Ким жаяу соқпаққа күнде кешке шығып, түн баласына сергіп қайтушы еді, бұл түні ұйқысы шала болды. Аяғы ауыр әйелдің шар еткен даусы мен Власовтың маңғаз тұрып айтқан жауабы миында қайта-қайта жаңғырып, мазасы кетіп, ары-бері дөңбекшіді. «Қандай қонақжай, көнбіс халық. Жүргінші жолына дейін өздері демалмай өзгелерге беріп қойған. Бұл елде заң мен ереже сөз жүзінде ғана екен». Өзі туып-өскен өзбектің Бостандық ауданында өткен балалық шағын еске алды. Өзгенің жерінде отырса да қазақтар нанын өзбекше жауып, қазан-ошағы мен дастарханын қазақша ұстайды, ұл-қызымыз жат жерде жатбауыр боп кетпесе екен дейді. Кәрістер аз болса да қалың ортада өзбекше, оңашада кәрісше сөйлейді. Күнбағыс егіп, үкіметке шемішке өткізіп күн көріп жүр еді, Алматыда «Ленин кичи»-дің ( «Ленин жолы») меншікті тілшісі боп істейтін жамағайыны «Біреуден екеу жақсы, келсейші» дегесін жер ауыстырып кеп қалған жайы бар. Ұзамай өзіне ұқсайтын, бетінде шұңқыры бар қызбен көңіл жарастырып, Қазақ Елінің көне астанасында қалып қойды. Күндіз көрген аяғы ауыр әйелдің шар еткен жан даусы құлағына қайта естілді де, атып тұрып балконға шығып, темекі шекті. «Тәшкеніме қайта кетсем бе екен? «Қайта шапқан жау жаман». «Ленин кичи» де жабылды. Жолға да алатаяқ тартылды. Қос перзентім енді қай тілде сөйлеп, кім болар екен?» Ким ащы темекіні үсті-үстіне сорды да, балконның бұрышындағы кенеп қапқа қол сұғып, бір уыс шемішке алып, шырт-шырт шаға бастады. Темекіден кейінгі жанына дауа осы шемішке. Шырт-шырт еткен сайын көңіл шіркінде бір көрініс көлбең ете қалады. Қуырылған қара қабықты алақанын толтырып ап қоқыс салғышқа тастады. «Тазалық – табалдырықтан басталады». Жерде қылау көрсе жаны тыншымайды. Ким сауатты, Ким зерделі, оқымайтын кітабы, көрмейтін киносы жоқ, тек басқалар сияқты үністет бітіріп, диплом алып, кәсіп қумаған. «Жұрттың бәрі бастық болса қара жұмысты кім істейді» деп білгісі келгендерге қолмен қойғандай ғып жауап береді. «Қой, бұл жердің тазалығы менен басталады. Кірісейін». Ол сыпырғышын алып, тысқа шықты. Сібірлеп таң атып қалыпты. Сыр-сыр етіп Кимнің сыпырғышынан шыққан үн музыка дерсің. Бұны Власовтан басқаның бәрі біледі. Таң алдында ұйқылы-ояу жатқан тұрғындардың бойын бір жіңішке сезім билеп, көз алдарына Ким көлеңдеп кетеді.
***
Ауру айтып келмейді, індет бұғып жатып бас салады. Коронавирус індеті де Алматыға солай келді. «Наконец, келді!» деген елдің бас эндокринолог дәрігері абдырап айтқан сол сөзі үшін тағынан түсті. Біреу «Көшеге індет қоздырған су бүркіпті» десе, енді біреу «Сіріңке қорабына салып, насеком таратыпты» дейді, әйтеуір әлемдік кесел біздің ауылға да айқайлап келіп, адамзатты баудай түсірді. Осының бәрін аула сыпырушы күнде 75 пәтердегі 300 жұмыр бас пендені көріп жүріп, бұл адамзаттың ниеті бұзылғаннан келген нәубет пе дейді. Бәрі тойымсыз, бәрі пайдасы бар тесік көрсе кіріп кетуден тайынбайды, пайдасыз жерге бас сұқпайды. Власовқа ешкімнің керегі жоқ, Ресейдегі жалғыз перзентінен гөрі иті қасында болса, көңілі тоқ. Ит сойып жеу – кәрістің дәстүрі. Жылда күрең күзді өткізіп, суық қыс жақындағанда коңды итті жуып-шәйіп, бір апта бойына тек биыл орған жаңа күрішті суға бөктіріп беріп, алдына қояды. «Жеті қазынаның бірін» бауыздағанда ішегі топ-толық боп шұбатылып, дайын шұжық тәбетіңді тартып тұрады. Бұл жерде соғымға соятын ит те жоқ, ауылдас ағайыннан ажырап, қалаға көшкелі кәріске тән дәстүрлі соғым сою дегенің көзден де, көңілден де бұлбұл ұшып кетті.
Кеше ғана Үлкен Үйде істейтін бір дәудің үлде мен бүлдеге оранған әйелі 54 пайыз індеттен көз жұмды, сонда бас изесіп, сәлемдесіп жүрген кісілігінен кішілігі басым көзтанысқа кіріп көңіл айтқанда, «Ішкені алдында, ішпегені артында, менің қатыным неге өледі?!» деп өкініш білдіріп, өмірге деген өкпесін жайып салды. Аурухананың есігін ашпастан үйге дәрігер шақырып, қымбат дәріні тауып алып, «ауру бізге не қылар дейсің», «келсең кел» деп кеселмен ұстасып, жайбарақат жата беріпті. Есеңгіреп ес-түстен айрылғанда ғана жан сақтау бөліміне жеткізіпті. Бір күн бұрын аулада кездесіп қалғанда: «Әйел жатыр, жағдайы орташа» деп еді мұңайып. «Көке, - деді үлкенге көрсетер ибамен, - ішпесе де бір кесе ақ арақты иіскеп, демін ішіне жұтсын. Сонда өкпедегі микроб өлмесе де өлімші болады», - деп еді, «Сен де айтасың-ау, кәріс Ким», - деп сөзін жүре тыңдады. Кеше жауырыны жерге тимеген әлем чемпионын да ажал шіркін соңынан ертіп кетті, көңіл шіркін ажалға ара түссе, бір күн бұрын қала әкімі үлкен басын кішірейтіп палатасына кіріп, көңіліне құс қондырып шыққан екен. Еш дауа болмапты. Оны да жедел жәрдем «жоқтау айтып» үйге алып келді. «Көшедегі қаңғыбас өлмесе, ол ащы-тұщыны айырып тамақ талғамайды, қолына түскеннің бәрін аузына салғасын микроб та соның жағына шығады, микробты маңдайынан сипасаң басқа шабады, оны өлтіру үшін далада жортып жүрген төрт аяқ пен асқазанды алып түсер ащыдан дәм тату керек» деп ой қорытқан Ким бес қабат үйдегілердің қайғысына іштей ортақ боп есік алдын қыл-қыбырдан ада ғып, үйді қоршаған қызыл жіптен сескенбей көңіл айтып келгендердің көзін тазалықпен аулады.
Дүкен біткен жабық, бұрыш-бұрыш толы қиғаш шәпкесін қисайта киген полисай мен алабажаққа малынған жас жауынгерлер. Тек анау «Хачапури» деген грузиннің нан дүкені ғана ашық, оларға ешкімнің тісі батпайды, жұрт сол «Хачапуриге» тығылып барып қолдарына нан ұстап қайтады, кей-кейде грузин қожайын есік алдына «Джиппен» келіп, айқайлап жүріп нан таратып кетеді.
Ким кішкентайлар доп тебер алаңқайды сыпырып болып, белін жаза бергенде «Мама!» деген әйел даусы құлағын жарып жіберді. Анасын шақырып, дауыстап тұрған бойжеткен қазақ қызы екен, қолындағы дорбаға Власовтың Васькасы бас салып, қағаз дорба дал-дұлы шығып жыртылып, үш жасар ашқұрсақ ит ыстық нанға түк көрмегендей ауыз салыпты.
–Мама! – деді бойжеткен. – Помогите!
Власовтың Васькасы әй-шәй жоқ қағаз дорбаны тартқылап, жұмсақ нанды қылқ –қылқ жұтып, тілі салақтап тәбеті тартып тұр. Ким үй жаққа қарап еді, үшінші қабаттың балконынан көзілдірік киген мұрны қолағаштай сидам бейне өздеріне қарап, қол бұлғағанын байқады. Власов итін шақырып тұрған тәрізді. Академик сәл бұрын өз күніңді өзің көріп қайт деп ашқұрсақ итін есіктен ытқытып жіберген.
Ким ашу қысып, арқасы ұстап келді де, пәрше-пәршесі шыққан қағаз дорбадағы жұмсақ нанға бас салған итті мойнынан қылқындыра ұстап, бойжеткенге қатты зекіді.
–Наныңа ие болмайсың ба? – деді қазақшалап.
–Невозможно! Я пожалуюсь ... – деп өршелене жауап қайырды ебіл-дебілі шыққан қыз.
Ким итті мойнынан қылқындыра ұстап ап, салақтатып алып келді де, жол шетінде тұрған өзінің тайқар «Москвичінің» жүк салғышын ашып, топ еткізіп тастай салды. Есеңгіреп қалған итте ес жоқ. Пар етіп оталған «Москвич» қала шетіндегі жер үйді бетке алды, жүк салғыштан тұншыққан иттің қыңсылаған үні шығады, рөл ұстаған Кимнің құлағына әлгі бойжеткеннің «мамалаған» жалынышты үні мен ай бұрын жаяу соқпақта «Ужас!» деп аһылап-уһілеген аяғы ауыр әйелдің зорыққан үні қабат естілді. «Соғымға сойып, басын өзіңе ұстатамын. Көптен дәмді ет жемеп едім. Власовтың итінің дәмі тәтті шығар әрі ем болсын»". Ол шарбақпен қоршалған жер үйге кіре бергенде алдынан шыққан үлкен ұлына «Жылы су дайында» деп пәрмен берді. Жүк салғышты ашып, таза ауа тілеп, тілі салақтаған итті мойнынан қылқындыра ұстап, жертөлеге алып кірді. Жуындырып-шәйіндіріп болғасын қазақы сарынға салып, «Жаның құдайы, жануар!» деп өткір пышақпен алқымнан орып жіберді. Сауылдап аққан қаны сарқылып, оң аяғын қатты серпіген кезде иттің жан шығар тыпыршуын көріп тұрып, қорғансыз қос төмен етектінің жалынышты үні де құлағына қайта естілгендей болды.
***
Сот басталды. Иттің иесі Власов жәбірленуші де, нанын ит тартып жеген қазақ қызы куә, залда екі жақтың жақын-жұрағаттары қатысушы боп төбе көрсетіп отыр.
–Иттің басын кесіп ап иесіне әкеп бергеніңізді мойындайсыз ба? – деп сот төрағасы Кимге орнынан тұрғызып сұрақ қойды.
–Мойындаймын. Қазақ басты ең қадірлі адамына ұстатады.
–Сізге ескерту жасаймын, - деді сот төрағасы. – Сот әзіл айтатын орын емес. Сіз, айыпкер Кимнің итті мойнынан қылқындырып ұстап алып кеткенін растайсыз ба? – деп куә бойжеткенге сауал тастады.
–Растаймын. Өз көзіммен көрдім. Ит менің нанымды тартып жеді ғой, - деп қыз бетін басып, солқылдап қоя берді.
Қатысушылар арасынан сылқ-сылқ күлкі естілді.
–Залда тыныштық сақтаймыз. Бұл – театр емес, - деп төраға тағы да ескерту жасады.
–Сот мырза, қылмыстың негізін салған мен емес, Власовтың иті ғой, - деп Ким орнынан ұшып тұрғанда төраға ағаш балғамен алақандай үшбұрышты тық-тық ұрып тұрып алды.
–Айыпкер Ким, сізге сөз берілген жоқ. Айтарыңызды соңғы сөзіңізде айтасыз, - деді де, - итті сойып жегеніңізді мойындайсыз ба? – деп шұқшия қарап, таңғалыс сезімін тежей алмай тағы да сауал тастады.
–Енді басын кесіп ап иесіне әкеп бердім ғой, - деді Ким тайсалмай.
–Демек, мойындайсыз, - деп төраға ақ қағазды қалам ұшымен түртіп қойды.
Сот тергеуі ұзаққа созылмай айыптаушының сөзінен соң сот айыпкерге соңғы сөз берді. Ол орнынан тұрды. Көңілі көтеріңкі, айыпкер емес, ақиқатты айтып, жұртты иландыру үшін аренаға шыққан майрампазға ұқсайды. Ұртында үйірілген күлкісі, кере-қарыс маңдайын тыржитпай, қабағын түймей еркін сөйледі.
–Сот мәжілісі өмір сүріп отырған тұрғылықты мекенімізге орай мемлекеттік тілде өтуі керек еді, мен де өз ойымды қазақ тілінде жеткізсем деп едім. Өйткені, менің мемлекеттік тілім – қазақ тілі, мектепті қазақша бітірдім, - деді де, - басқаларға ыңғайлы болсын дейсіздер ғой. Мейлі, орысша сөйлейін, тілімде кедір-бұдыр болса айыпқа бұйырмаңыздар, - деп айтар ойын бастап кетті. - Ит бейкүнә бойжеткеннің нанын тартып жеді. Мен ара түстім. Бұдан бұрын да терренкурдың бойында дәл осы ит аяғы ауыр бір әйелге шабуыл жасаған кезде ара түскем. Оған Власов куә. Власовтың иті бетімен кеткен, ешқашан қарғыбауын тартып ұстамайды. Ал бұл жолғысы, тіпті, сорақы, біреудің нанын тартып жеді. Қасында иттің иесі жоқ.
–Мен итті жіберген жоқпын, өзі қарны ашып, қашып шықты, - деді жәбірленуші Власов. – Білесіңдер ғой, дүкенге де шыға алмай қалғанымызды.
–Сізге сөз берілген жоқ, - деп төраға Власовқа қарап ағаш балғаны тықылдатты.
–Итті машинамен үйге алып келдім. Әрине, адамға жасаған әрекетіне деген ызам да бар. Иесі ит ұстағанмен ережені сақтамайды.
–Ол тамағын тауып жеп жүрген нағыз ит қой, - деп дауыстады қатысушылардың біреуі.
–Тишина в зале, - деп сот төрағасы ағаш балғаны алға ұстап, сызданып қалды.
–Қазір індеттің ауыр кезі, - деп сөзін жалғастырды айыпкер Ким. – Жұрт қырылып жатыр. Емге дәрі жоқ. Аспирин сататын Көкбазардағы жекеменшік жалғыз дәріхананың алдындағы кезек жыланша ирелеңдеп тұр. Қолдан дәрі сатқандардың аспирин дегені аналгин боп шығып жатыр. Бізге бас ауруды жазатын дәрі емес, қанды сұйылтатын дәрі керек емес пе?
Сот төрағасы көзі күлімдеп, басын изеді.
–Бұл ауруға арақ мың да бір ем. Имамның өзі спіртті уақытша халалға жатқызамыз деп жар салған жоқ па,- дегенде залды гу еткен күлкі көмкерді. – «Өмір-жасың ұзақ болғай, спірт жарықтығым» деп бір ақын сол күні жырға қосқан жоқ па?, - деп еді, зал тағы да көңілді күйге түсіп, гу ете қалды.
–Жалғастырамыз, - деді сот төрағасы қабағын түйіп.
–Мұндай кеселге иттің еті мен борсықтың майы мың да бір ем. Оны қайдан табасың, жейтін нан таппай жүргенде... Сөйтіп, қолайлы сәт туғанда итті союға бел байладым. «Басын арулап көм» деп иесіне тапсырдым. «Итті иесімен қинасын» демей ме қазақ. (Бұл мәтелді қазақша айтып, тұспалдап орысша аударып берді). Итті мәдениетсіз әрі ережеге сай ұстамайтындарға өмірлік сабақ болсын, дедім. Міне, сол иттің етін жегесін денім сау, сот орындығында отырмын.
–Айтып болдыңыз ба?
–Болдым.
Төраға үкім шығару үшін сот залынан шығып кетті де, іле қайтып келді. Зал селт тұрып үкімді тыңдады.
–Үй жануарын қасақана өлтіргені үшін айыпкер Ким 3 жылға бас бостандығынан айырылып, сот залында тұтқынға алынсын, - деп үкімді жариялап, орнына отырды.
–Сот мырза, айтар сөзім бар. Осы сот мәжілісін телевизордан көрсетіп, газетке жазу керек. Жұрт білсін, біздің індетке де, соғысқа да қарсы тұрар қауқарымыз жоқ екенін. Мен ит жеп аман қалдым, ал, ит жемей, дәрі таба алмай жүргендер қайтеді? Үш жылда амандық болса қайтып келем. Сонда, ең әуелі, тірі болсаңыз өзіңіздің келіп қолыңызды алам.
Сот төрағасының қызылшырайлы өңі қарақошқыл тартып, сидам денесіне біткен сүйір иығы селкілдеп, қалш-қалш етіп әрең сөйледі.
–Сот төрағасын келеке қылғаны үшін сотталушы Кимге 6 ай жаза мерзімі қосып берілсін. Жалпы бас бостандығынан айыру мерзімі – 3 жыл 6 ай, - дегенде, полисай жәй басып кеп білегіне кісен салды. Власов ирелеңдеп орнынан тұра бергенде Ким кісен салынған қос білегін көтерді. Бұл өзін қимай сотқа қатысқан ауладағы таныс-білістерімен қоштасуы еді.
***
Шілде өтіп, індет сәл саябырсыды. Аула бұрынғыдай емес, қоқысқа толып, күздің сары жапырағы жиналмай аяқ астында ыбырсып жататын болды. Жаңа келген аула сыпырушы ішеді екен, қай кезде көрсең де серіктерін жиып ап серілік құрып отырады, арқалы орындықта арзан арақ пен кока-коланың бөтелкесі домалап жатады, қасында консервінің аузы ашылған қалбырын шұқып, қатқан нанның қиқымына таласқан қара торғай мен көк көгершін үймелеп жүр. Жарнама жапсырушыларға жүдә жақсы болды, Ресейден келген көңілді концерт пен сән салондарына, санқилы үйірмелерге шақырған жарнама кірер есікте шақыртушы боп ілініп, көз бен көңілді қоса баурап жұтынып тұр.
Ауладағылар бас қосқан жерде әркімге күлімдеп қарайтын анадан таза боп туған кәріс жігітті сағына сөз қылады, кейбіреулер оны соттатып жіберген Власовтың қарасын көргісі келмейтінін, сол тезірек Мәскеуіне көшсе екен деген тілеуін айтып та қалады. Иті өліп, жалғыз қалған Власов болса, Мәскеуде мен кімге керекпін деп жылы жерден кеткісі келмейді, академик дегенің Мәскеу Академиясының алдында шұбырып жүрген шығар деп, Алматыда көрген күніне көңілін тоқ санайды. Жалғыз перзентінен жырақта қалып, итінің шәу-шәу еткен даусын аңсап, бойын үрей билеген сәттерде балконға атып шығып, итін мойнынан қылқындырып әкеткен аулаға қарайды, сонда неге қуып барып ара түспедім деп ойлағанмен өзін-өзі сөкпейді, «анау менің сөзімді құлағына ілер ме екен» деп бір үрей бойын билейді. «Үш жылдан кейін амандық болса қайтып келем, тірі болсаң, ең әуелі, сенің қолыңды алам» деді ғой сотқа қасқайып қарап тұрып. « Маған да келіп сәлем беріп жүрмес пе екен?!». Ол қалш-қалш етіп, балконға бір кіріп, бір шықты.
Дәл осы сәтте бас бостандығынан айырылған Ким Қапшағай қаласындағы еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүріп, қалтарыста жан-жағына қарайламай, бұқпантайлап отырып, қара сияға малынған иненің ұшымен көкірек тұсын шым еткізіп шұқып алды. «Енді қалған үш жылда күніне бір рет көкірегімді шұқысам дөп-дөңгелек Күн бейнесін салып шығам. Ар жағында сотқа тіл тигізіп алған алты айым тағы бар, көкірегімді шұқып, Күнді бейнелеуге толық жетеді. Сонда өзім де қапастан Күнге шығам» деп көңілін тоқ санады.
–Тұтқын Ким, не істеп отырсың? – деді бақылаушы офицер қасына жақындап,
–Білесіз ғой, не істеп отырғанымды. Күн жерді айналмай ма?
–Әзіл өмірді ұзартады. Мерзіміңді де ұзартып алып жүрме...
–Қайда жүрсек те біргеміз ғой. – Ол көкірегіндегі иненің жасуындай қан дағын алақанымен сипап тастап, тұтқынның қара жейдесін түймелеп, қолын артқа ұстап, қарауылдың алдына түсті.